Жанболат Аупбаев. Димаш ағаның дәрігері

Бөлісу:

24.06.2019 5411

Қапал – патшалық. Ресей кезінде де, одан кейін де Жетісу өлкесіндегі ірі əрі іргелі елді мекен болған жер. Онда əр кездері П.Семенов Тянь-Шанский мен Ш.Уəлиханов сияқты ұлы ғалымдар болып, атақты Алаш қайраткерлері М.Тынышбаев пен Б.Сүлеев осында жұмыс істеген. Меценат Е.Маманов іскерлік жұмыстарын өрбітсе, ақын І.Жансүгіров іздері де сайрап жатыр мұнда. Аталмыш қаладағы осындай саяхатшылар ғалымдар, көзі ашық зиялылар қатарына сол кездегі оқыған-тоқығаны мол ақсүйек – Мүліковтер əулетін де қосуға болады. Олардың патша заманында қарағайдан қиын салған оны екі бөлмелі еңселі ағаш үйі қала ортасында қазірге дейін тұр. Сонда туып-өскен. Екі ұлдың бірі Ғафур Əминұлы Мүліковтың 90-жылдардың басына дейін Қапал арасан курортында дəрігер болып жұмыс істегенін айтады журналист ағамыз Жанат Елшібек. Ал осы текті əулеттің одан кейінгі екінші перзенті ше? Ол Димекең – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың ұзақ жылдар бойы жеке дəрігері болған Ахат Əминұлы Мүліков болатын.

– Ахат Əминұлы, сіз Димекеңнің жеке дəрігері болғанға дейін қайда жұмыс істеген едіңіз?

- Алматы медицина институтын бітірген соң мен Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіне қарайтын клиникалық жəне экспериментальді хирургия институтының анестезиология-реаниматология бөлімінде жұмыс істей бастадым. Кейіннен бұл қадамыма еш өкінген емеспін. Өйткені, нақ сонда мен хирургия институтына есімі берілген Александр Николаевич Сызганов, Владислав Сергеевич Сергеевский, өзімнің тікелей тəлімгерім əрі жетекшім болған Владлен Константинович Чернов сынды талантты дəрігер-хирургтарды танып-біліп, солармен қоян-қолтық араласып, жұмыс істеу бақытына ие болдым. Анестезиология-реаниматологияның алғашқы əліппесін мен жоғары кəсіби шебер əрі аса талантты анестезиолог-реаниматолог дəрігер, доцент Владимир Алексеевич Чи-буновскийден оқып үйрендім.

Институттағы жұмыс – қым-қуыт, жауапкершілігі мол, сонымен қатар күнбе-күн пациенттердің өмір мен өлім арасындағы арпалысын шешуге тура келетін жан беріп, жан алысқан аса ауыр да қиын жұмыс болатын. Біздің біліктілігімізге, бір демде шешім қабылдау қабілетімізге, көбінесе тосын шешім қабылдау мүмкіндігімізге, оның ішінде пациенттің одан арғы денсаулығы ғана емес, басым жағдайда тағдыры да байланысты еді.

Институттағы жұмысым менің болашақтағы қызметіме көп көмегін тигізген жақсы мектеп те болды. 13 күн бойы жасанды жолмен дем алдырылып, өте ауыр халде жатқан: “Бұл адам болмайды”, – деген диагноз қойылып, болжам жасалған бір сырқатты біздің өмірге қайта оралтуымыз маған назар аударылудың басты себебі болды ғой деп ойлаймын. Əрине, бүгінде қажет деп табылса, өкпені жасанды жолмен жұмыс істету əдісі қатарынан бірнеше ай бойы үзіліссіз қолданылады, бірақ ол уақытта бұл тəжірибе республика медицинасында тұңғыш рет іс жүзіне асырылған-тұғын.

Осы оқиғаның соңын ала бере А.Н.Сызғанов сырқаттанып, біздің бөлімшеге түскен кезде маған оның емдеуші дəрігері болуым сеніп тапсырылды. Хирургия институтында жұмыс істеген жылдарымды мен ет жүрегім елжірей отырып еске аламын. Егер Д.А.Қонаевтың емдеуші дəрігері болып ауыстырылмағанымда мен мүмкін осы уақытқа дейін сол институтта жұмыс істеген болар едім.

– Өкімет басшысы Д.А. Қонаевқа қызмет етуге қай жылдан бастап бекітілдіңіз? Таңдаудың сізге түсуі неге байланысты болды деп ойлайсыз?

– 1974 жылдың тамызында мені институт директоры А.Н.Сызғанов шақырып алып, кандидатурам республиканың бірінші басшысы Д.А. Қонаевтың жеке дəрігерлігіне ұсынылғанын айтты. А.Н. Сызғановты институт жетекшісі ғана емес, білгір маман ретінде жəне қарапайым адами қасиеттері үшін үлкен құрмет тұтатындықтан көрсетілген бұл сенім мені қатты толқытты. Сондықтан кейінгі кездергі жұмысымда оның өтініштерін – хирургия институтының кəсіби арына дақ түсірмеу жөніндегі ақыл-кеңестерін екі етпей орындауға тырыстым. Əрине, бұдан соңғы əңгімелесулерде маған емдеу сеніп тапсырылған адамның қаншалықты ерекшелігі барлығы, оның қаншалықты жауапкершілікті талап ететіндігі талай мəрте атап көрсетілді.

– Димаш Ахметұлының өзіңізге алғаш қабылдауға келген сəті есіңізде ме? Қашан? Қай уақытта? Ол жай медициналық-профилактикалық тексерілу ме еді, жоқ əлде...

– Болашақ пациентім Д.А.Қонаевпен алғашқы кездесуім 1974 жылдың 23 тамызында болған еді. Мен сырқатқа мүлдем ұқсамайтын, салмақты, өзіне сенімді, данагөй əрі өте сезімтал адамды көрдім. Сырқат сырымен (история болезни) танысып шыққаннан соң барып қана шұғыл түрде ем-дом белгілеудің қажеттігі туындағанын ұқтым.

- Мемлекет басшысына дəрігерлік бақылау жасаудың Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігіндегі Төртінші Бас басқарма бекіткен сол кездегі тəртібі қандай еді? Енді, міне, осыны айтып түсіндірсеңіз.

– Бұрынғы КСРО-ның бұрынғы барлық республикаларындағыдай, Қазақстанда да Үкімет мүшелерін жəне елдің еңбек сіңірген адамдарын емдеу үшін ұсталатын жеке басқарма – Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Төртінші Бас басқарма бар болатын. Бір жағынан бұл мекеме озық үлгідегі диагностикалық құралдармен жəне дəрі-дəрмекпен жақсы жабдықталатын, қуатты материалдық-техникалық базаға да ие еді, ал екінші жағынан біздердің біліктілігіміз бен тəжірибемізге аса жоғары талап қойылатын. Қателесуге құқымыз жоқ еді. Тəртіп те өте-мөте қатаң болатын.

– Кəдімгі адам, пенде ретінде Димекеңде бұрыннан келе жатқан сырқат (ревматизм, бас сақинасы) түрлері болды ма?

– Бəрінен бұрын ол “жұлдыздар ауруынан” ада еді. Адамгершілігі мол, демократияшыл, тұрпайылығы мен менмендігі жоқ болатын. Ал сырқатына келсек... кез келген ет пен сүйектен жаратылған пенде сияқты оның да басы ауырып, балтыры сыздайтын. Бір ғана айырмашылығы – Димекеңнің босаңсуға ешбір мүмкіндігі жоқ еді. Өйткені, ол əр кез назарда, жұрттың көз алдында болатын. Бұл ерекшелік маған да аса жоғары талап жүктейтін. Бірақ менің негізгі міндетім – оның əрқашанда өзін жақсы сезініп, қалыпты жүруіне көмектесуім болатын.

– Ал, қызмет бабында кейін пайда болған аурулары (миокард, гипертония) туралы не айта аласыз?

– Жұмысым жеңіл болды деуге аузым бармайды. Жеке дəрігер болып тағайындалуымның өзі Димекеңнің ауқымды миокард инфарктісін басынан өткеріп, денсаулығы енді-енді түзеліп келе жатқан кезеңмен тұспа-тұс келді. Бірақ Димаш Ахметұлының күн сайынғы таусылмайтын əрі қым-қуыт жұмысы жағдайды одан əрі күрделендіре түсті. Егер күнделікті өмірде миокард инфарктісін басынан өткерген адамға қатаң шектеулер қойылып, арнайы ем-дом белгіленсе, Димаш Ахметұлы үшін бұл еш келмейтін жағдай еді. Жиі кездесулер, сөз сөйлеулер мен іссапарлар бұған мүмкіндік бермеді. Тіпті қарапайым ем-дом қабылдаудың өзін түскі үзіліс кезінде қызмет бөлмесінде, немесе ұшақта, тіпті болмаса еліміз бен шетелге сапарлары кезінде, мəшине ішінде іс жүзіне асыруға тура келді. Уақыт өте келе Димаш Ахметұлымен жақынырақ танысқаннан соң мен тамырының соғысын есептемей-ақ, жүрегін тыңдамай-ақ бет-əлпетінен, сөйлеу мəнерінен, жүріс -тұрысынан оның өзін сол сəтте қалай сезінетінін айтып бере алатын дəрежеге жеттім.

– Өзіңіз бақылаған 20 жылға жуық уақыт ішінде Дінмұхаммед Ахметұлының қатты ауырып жазылған кездері қай уақытта болды деп ойлайсыз? Жəне ол қандай оқиға, жағдайларға байланысты еді?

– Дəрі-дəрмекпен, хирургиялық жолмен емделетін аурулар бар. Бірақ мұның барлығының күші жетпейтін жағдайлар да кездеседі. Димаш Ахметұлымен 19 жылдай бірге болғанымда əр түрлі жағдаяттардың куəсі болдым. Ауыр да, соншалықты ауыр емес те кезеңдер бастан өтті. Зейнеткерлікке кетірілгеннен кейінгі кезеңде ол кісінің сырқатын дəрімен емдеп жазу мүмкін емес еді. Сондықтан да Димаш Ахметұлынан барлық жеңілдіктерді, оның ішінде жеке күзеті мен дəрігерін де алып тастап, біздерді басқа жұмысқа ауыстырғаннан соң да мен бұрынғы əдетімше Димаш Ахметұлына “қызметіме” келіп тұрдым. Димекең үшін адал көңілді, шын жүректі алғаусыз адами қарым-қатынас дəл сол шақтарда емдеуші-дəрігердің қарапайым ем-дом белгілеуінен анағұрлым маңызды еді.

– Дəрігер ретіндегі сіздің медициналық талабыңызға (диета сақтау, гимнастика жасау) Димекең қалай қарап, қалай қабылдап жүрді деп айта алар едіңіз?

– Жоғарыда айтып кеткенімдей, Димаш Ахметұлы үшін кейбір ем-дом қабылдаулардың, сондай-ақ, қалыпты өмір сүрудің, көңіл-күйін бұзбаудың, ештеңені уайымдамаудың, жыл сайын толыққанды демалыс алудың, белгіленген жұмыс уақытын енгізудің барлығы еш мүмкін емес еді. Алайда, ол жеке өз басына қатысты мəселеде кім-кімге де үлгі бола алатын. Мəселен, белгіленген диетаны мүмкіндігінше сақтауға тырысты, гимнастика жасап тұрды. Диетаға байланысты айтсам бұл əрине, оңай емес шаруа болатын. Нағыз қазақ сияқты Димаш Ахметұлы зайыбы Зухра Шəріпқызы дайындайтын етті, мантыны, палау мен басқа да тағамдарды сүйсініп жейтін. Оның үстіне, Зухра Шəріпқызы ас-суды өте дəмді əзірлейтін. Осы себепті менің Димекеңді диета сақтауға үндеуімнің оңайға түспегенін айтпай-ақ аңғаруға болады.

– Өзінің “Өтті дəурен осылай” атты естелік кітабынан біз ол кісінің 70-ші жылдардың басына дейін темекі тартқанын оқып, білеміз. Дінмұхаммед Ахметұлы бұл əдетін нендей жағдайға байланысты тастады деп ойлайсыз? Оған дəрігер ретінде сіздің ықпалыңыз болды ма?

– Бұл мəселеге байланысты қосарым – өмірде Димаш Ахметұлы өте тəртіпті жəне ұқыпты адам еді. Мен оның бір жаққа кешіккенін еш көрген емеспін. 1984 жылғы Жапонияға ресми сапары кезінде Димекеңнің жапон жағын осы қасиетімен таң қалдырғаны бар. Ол өзінің жұмыс күнін қатаң сақтайтын. Темекіні тастау туралы мəселе көтерілген кезде Димаш Ахметұлы бұл мəселені бірден шешті.

Шынын айтқанда, осы мəселеге қатысты мынадай бір қызық оқиға болды. Бірде əдеттегідей ертеңгісін Димаш Ахметұлының үйіне келдім. Ол салған беттен: “Ахат, мен темекіні қайта тарта бастадым!”, – деді. Мен: “Жақсы”, – дедім де бұрылып, кетуге ыңғайландым. Димаш Ахметұлы күтпеген болуы керек: “Қайда барасың?” деді аң-таң қалып. Мен бұл сұраққа темекіні тастамайтын адамға ем-дом жасаудың қажеті жоқ деп жауап қайтардым. Димаш Ахметұлы даусын қатты шығарып күліп алды да былай деді: “Саған мынаны айтуды ұмытып кетіппін, мен темекіні түсімде шегіппін!”.

Өмірде Димаш Ахметұлы қалжыңды жақсы көретін жəне бəрімізді əзіл-қалжыңның ортасында қалдыратын.

– Димекеңнен басқа сізге сол жылдары Үкімет басшыларынан тағы кімдер қаралды? Оларға (Лящен-о, Əшімов, т.б.) қандай дəрігерлік көмек бергеніңіз есіңізде ме?

– Барлық сапарларда мен жалғыз дəрігер болатынмын. Сондықтан қажеттілік туындаған шақта əсіресе, шетелге сапар кезінде барлығы маған қаралатын.

– 1987 жыл. 14 наурыз. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ҮІІІ Пленумы. Д.А. Қонаевты жаппай сынау... Сағат 17.00-де ол кісі үйіне қайтты. Қалай ойлайсыз, сол күн Димекеңе өте ауыр тиген жоқ па?

– Ауыр тигені айтпаса да түсінікті. Сынды кім-кімнің де ауыр қабылдайтыны белгілі жəйт қой. Ал, сын негізсіз болса, ол екі еселенеді емес пе? Əсіресе, жарты ғасыр өміріңді Қазақстанның өсіп-өркендеуі мен дамуына сарп етсең ше?

– 1994 жылғы 23 тамызда сіз Қазақ теледидарының ұйымдастырған хабарына қатыстыңыз. Дінмұхаммед Ахметұлының қайтыс болғанының бір жылдығына байланысты сөйлеген сондағы сөзіңізде ол кісінің екі арманын айтқан едіңіз. Ахат аға, айтыңызшы, Дінмұхамед Ахметұлының бұлардан басқа тағы қандай арман-тілегі болды деп ойлайсыз?

– Иə, біріншісі, Димекеңнің: “Жаңа реформаның аяғы не болар екен? Соның нəтижесін көріп кетсем”, – деген ізгі тілегі де, екіншісі: “ХХІ ғасырға жете аламын ба? 2000 жылмен жүздесуге тағдыр жазса, шіркін...”, – деген үкілі үміті еді.

Димаш Ахметұлы қарапайым адамдармен кездесуге өте үлкен мəн беретін. Жыл сайынғы егін орағы кезінде Қазақстанды аралаған сəтінде ол егіс даласына тоқтап, комбайншылармен, диқан, шоферлермен əңгімелесетін. Оның есінде сақтау қабілеті де айналасындағыларды таң-тамаша қалдыратын. Димекең бір, екі жыл бұрын əңгімелескен адамдарымен қайта кездескенде олармен аттарын атап сөйлесетін.

Оның атына əділетсіз сын мен қаралау толқыны қарша бораған кезеңде Димекең мұның барлығын өте ауыр қабылдады. Өзіне байланысты деген теріс көзқарасқа кезігіп қаламын ба деген күдіктен де болар, тіпті белгілі бір уақытқа дейін үйінен мүлдем шықпай қойды. Бірақ қарапайым еңбек адамдарымен кездесулер оның өмірге деген бұрынғы қызығушылығын қайта жаңғыртып, өзінің ісінің дұрыстығына сенімін арттыратын.

Бірде мынадай оқиға болған еді. 1987 жыл. Басына түскен небір қиын жағдайлар мен уайым-қайғыдан Зухра Шəріпқызының сырқаты асқына түсті. Димаш Ахметұлы оның қасынан ешқайда да кетпеді. Сырқатының беті аздап бері қарап, Зухра Шəріпқызы өзін жақсы сезіне бастаған кез. Ол кісі Димаш Ахметұлы екеумізге қаланың сыртына шығып, сергіп қайту туралы ұсыныс жасады. Біз жүргізуші үшеуміз жолға жиналдық.

Бұл оның қызметінен кеткеннен кейінгі сыртқа тұңғыш сапары болатын. Қалай екенін қайдам, күтпеген жерден біз Бақанас жағын – Димаш Ахметұлының туған жерін бетке алыппыз.

110-шы шақырымдағы будкадан, кəдімгі қойшылар дүкенінің жанынан өтіп бара жаттық. Кенеттен Димаш Ахметұлы сонда кіргісі келетінін айтты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінгі Н.С. Хрущевтің жағдайын еске алған мен тосылыңқырап қалдым. Бірақ қарсылық та білдірмедім. Күмілжіңкіреп болса да ол кісіні бастап дүкенге кірдім. Сөре жақтауында орта жастағы сатушы қазақ əйелі ғана тұр екен. Оның жылы қабақ танытқанын көріп, сабама түстім. Ізімнен Димаш Ахметұлының сұлбасы да көрінді. Амандық-саулық сұрасқан соң өмір туралы əдеттегі əңгіме жалғасын тапты.

Кетуге ыңғайлана бере Димаш Ахметұлы кенеттен: “Сіздер мені ендігі ұмытып та үлгерген боларсыздар?” – деп сұрады. Бұған əйел: “Димеке, мұныңыз қалай! Қазақстан үшін көп іс тындырған адамды ұмытуға бола ма екен? Республиканы көтердіңіз, Қазақтың атын шығардыңыз! Мына жолды салдыңыз. Сізді ұмытсақ бетіңізге қалай қараймыз?” – деді. Солай деді де үйіне шақырды. Жақын тұрады екен. Димаш Ахметұлы мұндайды күтпегендіктен, көңіл толқынысын аңғартты. Ол шақырғаны үшін əйелге алғысын білдіріп, қайтар жолда соғып қалуы мүмкін екенін айтты.

Қайтып келе жатқанда мен Димаш Ахметұлының уəдесін есіне салдым. Ол ойланыңқырап қалды. Аздан соң келісімін берді. Келсек, үй иесі бізді көптен күтіп отыр екен.

Димаш Ахметұлы табалдырықтан аттасымен манағы əйел құрметті жерде тұрған жастықты алып, оның аяғының астына қойды. Димекең аз-маз ыңғайсызданып қалды. Бірақ үй иесі əйел жастықты екі аяғымен басып өтуін өтініп, айтқанынан қайтпайтын сыңай байқатты. Димаш Ахметұлы үй иесін əзер дегенде райынан қайтарды.

Олар бізді өте жақсы қабылдап, көптеген жылы-жылы сөздер айтты. Көп отырғанды ыңғайсыз көріп, үй иесі əйелге алғысымызды айтқаннан кейін жолға жиналдық. Димаш Ахметұлы өзі танымайтын қарапайым қазақ отбасының соншалықты ықылас танытқанына қатты риза болды. Əйелдің аты-жөні – Ақжолтай Қоқайқызы Бұралқиева еді. Мəшинеге отырып жатып мен Димаш Ахметұлының жанарындағы жасты байқап қалдым. Ол ақырын ғана былай деді: “Халық мені ұмытпапты...”.

Үйге оралған соң Димаш Ахметұлы Зухра Шəріпқызына сапар туралы лепті көңілмен айтып берді. Ал, кешкісін өзін жақсы сезініп тұрғанын көлденең тартып, күнделікті қабылдап жүрген дəрісінен бас тартты.

Меніңше, осы оқиға – Димаш Ахметұлының ең үлкен арман-тілегін жақсы көрсетеді. Ол – оның ісі мен есімінің қарапайым адамдардың жүрегінде сақталуы еді.

2000 жыл.

Авторлық анықтама. Ахат Əминұлы Мүліков Алматы қаласында аман-есен тұрып жатыр. Өзі 40 жылға жуық жұмыс істеген , былайғы жұрт «Совмин» деп атап кеткен бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің орталық ауруханасында кеңесші болып жұмыс істейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар