«Абайдың інілері – қазақтың ірілері»
Бөлісу:
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, «Руханият» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай 28 маусым күні Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Абайдың інілері – қазақтың ірілері» атты рухани-танымдық кеш өткізді.
Қазақ әдебиетін жаңа көркемдік биікке шығарған қаламгерлердің түрлі жанрдағы туындылары мен сан салалы рухани мұраларының маңызын жаңа бір қырынан танып, ұлттық руханиятта өзіндік із қалдырған дарындардың шығармашылық тұлғасында тоғысқан ерекше қасиеттерін жаңа кезең биігінен зерделедік.
Рухани-танымдық кеште әдебиет алыптарының елдік мәселелермен сабақтас қайраткерлік тұлғалары, дәуір шындығын суреттеудегі қалам қарымдарына тән даралық сипаттарын көрсетті. Сәкеннің шығармашылық тұлғасы, ән мұрасынан Серік Оспан, Ілиястың сөз өнеріндегі асқақ тұғырынан Тұрсын Сыдықов, Бейімбеттің көркемдік әлемінен Қайырбек Кемеңгер сынды филолог ғалымдар, өнертанушылар баяндама жасады.
Тоталитарлық жүйе құрбаны болған тұлғалардың тағылымды өмірінен деректі бейнежазбалар көрсетілді. Зобалаң жылдары сталиндік қуғын-сүргінге түскен қайраткерлер жұбайлары Гүлбахрам, Фатима, Гүлжамал сынды қайсар да өжет мінезді қазақ әйелдерінің қилы кезеңдердегі қайғы-қасіреті, мұң-зары сахналанды.
С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің заман шындығы, уақыт тынысына терең бойлауға мүмкіндік беретін реалистік туындыларын белгілі өнер майталмандары мен жас өрендер орындады.
Болашақ тарихыңды білуден басталады. Тарихын танып, санаға салып сараптай білген жан ғана жан-жақты тұлғаға айналмақ. Қалың қатпарлы қазақ тарихының жүріп өткен жолы тіптен күрделі. Оның сарғайып, қаскүнемнің қолы жыртып, жауыздықтың желі ұшырып түсіп қалған беттері қаншама. Сондықтан да ақиқатына көз жеткізу өте күрделі. Бодандық сана мен көзқарастан азат шынайы қазақ тарихы тәуелсіздік алған тұстан бастап қана айтылып, жазыла бастады. Сол тарихпен жоғалған ұлттық рухымыз қайтадан оралды, намысымыз оянды. Алыстағымыз жақындап, Арыстарымыз тірілді. Ұлттық санамыз сілкініп, қазақ елі жаңа дәуірге аяқ басты. Тамырымызды кешегі Түркіден тартып, ата - бабамыздың қандай болғанын, Ұлы даланы қалай қорғағанын, бостандық жолындағы күресін, ұлттық құндылықтарын қалай қастерлегенін, тегіміздің мызғымас мықты екенін ұрпаққа ұғындырып, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыру жолында жанын пида еткен алаш ұлдарын еске алып, олардың рухына тағзым еттік. Солардың ішіндегі әдебиетіміздің үш бәйтерегі атанған - Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің орыны ерекше. Тәуелсіздікті ту еткен қазақ халқы осындай Арыстармен марқайып, ұрпағына үлгі етеді.
Ұлттық әдебиетіміздің қалыптасуына ықпал етіп, елдің қоғамдық өмірінің дамуына үлкен үлес қосқан, халқының жарқын болашағына жол сілтеген асыл перзенттері, көркем шығармаларымен адамдардың жаңа заманға сай, сауатты болуына, ой-өрісінің өсуіне ықпал етіп, елді оқуға, білім алуға шақырды. Заманалар өзгеріп, қоғамдар алмасқан аласапыран кезеңде өмірлері өтті. 1894-1938 жылдар аралығында қатар өмір сүрген Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин мен Ілияс Жансүгіров «тар жол, тайғақ кешу» кезеңіндегі ұлтының көшбасшысы болды. Биыл сол «Үш бәйтерегіміздің» туғанына 125 – жыл толып отыр.
Сәкен, Бейімбет, Ілияс! Қазақ әдебиетінің Үш биігі. Үшеуі де осынау Ұлы даланың төсінде туды. Біріне-бірі сүйеу, ұлтына тіреу болды. Өмірлері қысқа, тағдырлары тауқыметті болғанымен шығармашылық ғұмырлары ғибратқа толы. Олардың қаламдарынан қазақтың дархан даласы, заманның жаңаша сипаты мен қарапайым еңбек адамдарының тұрмыс-тіршілігі, өмірге деген құштарлықтары, болашаққа үміт – сенімдері кеңінен көрініс тапты. Ұлттық сөз өнерін азаматтық бейне, тұлғалық беделімен де, қайраткер қаламгерлігімен де биікке көтеріп кетті. Руханиятымызды бай шығармашылығымен, тақырып ауқымдылығымен, жанрлық жан-жақтылығымен, көркемдік әлемімен байытып, көкжиегін кеңейтті.
Олар қазақ әдебиетіне айтулы ақын, жалынды жазушы, қарымды қаламгер, дарынды драматург ретінде үлкен үлес қосты. Үш бәйтерегіміз теңдікті, қазақтың еркіндігін аңсады. Бай мен кедей арасындағы тартысты, өмірдегі әділетсіздікті жырға қосты. Жарқын болашағымыз үшін күресіп, арттарында өшпестей із қалдырып, жаңа күннің жаршысы болды. Тәңір жазған тағдыры тауқыметті болса да, ұрпаққа қалдырған тағылымы зор болды.
Елінің азаттығы жолында күрескен асылдары – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығына зер салып, оның сан қилы, қатпарлы тағдырларына куә болдық. Тұтас ұлтының тағдыры сынға түскен кезеңде өмір сүріп, шығармашылықпен айналысу, жүректің батылдығын қажет етеді. Қай жағынан алсақ та, қатал империяның ықпалы болмауы мүмкін емес жағдай еді. Ол заңдылық та...
Сол бір зұлмат кезеңде өмір сүрген қайраткер тұлғалардың атына сөз айтпас бұрын, әбден таразылап алған жөн. Әлбетте бұл өте күрделі де, нәзік дүние екені даусыз. Еліне ықпалды, беделді тұлғалардың саяси тұрғыдан да ауызына сөз салып, «айтпағанын айтты, істемегенін істеді» дегізген шақтардың да болғанына күмәніміз болмауға тиіс.
Халқының біртуар перзенті – Сәкен Сейфуллин тірісінде-ақ халық арасында «Сәкен сері» атанып үлгерген. Ол жайында Сырбай ақын:
«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,
Өлеңнің құшағына сыя алмайтын.
Қазақты көргің келсе, міне, осы деп
Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын».
Жаратушы бойына мөлдір сезім мен сырбаз көркемдікті қосып берген ақын шығармашылығы да, тұнып тұрған махаббат. Оның адал, кіршіксіз жанынан өріліп ғажайып шығармалар өмірге келді. Азаматтық соғыстың да ащысын татып, бала оқытқан ұстаз, өмірінің соңына дейін қасиетті ақындықтың жүректе жатқан отын сөндірмеді.
Сәкен өмірде де, өнерде де белсенді күрескер, жаңашыл тұлға. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында замандық проблемалар көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғаларды сынға алды. «Ақсақ киік», «Аққудың айырылуы», туындыларында өскен даланың тұма табиғатын, адам баласының ішкі сезім күйлерін бейнелейді.
Ақынның есімі ел арасында ревалюция жылдары және одан кейінгі кезеңде кең тарағаны белгілі. Қазақ ақындарының ішінде алғашқылардың бірі боп ревалюцияны жырлады, Кеңес өкіметі үшін күреске белсене араласты. Қызылдардың жағында жүріп-ақ, Қазақ үкіметіне басшы болған тұста «қырғыз» атын «қазақ» деп түзетуді ешкімнен жасқанбай көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жаза жүріп, ұлттық атауымызды қайтарып бергені тарихымыз үшін үлкен маңызға ие іс. Осыдан-ақ оның қатыгез биліктен ықпай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін анық тани аламыз.
Сәкен лирикасы өзіндік сыр-сипатқа ие. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң-құсты аялау, ана-бала сүйіспеншілігі – ақын лирикасының айнасы. Қоңыр дала, алып тау, табиғатты жан-жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырға қосты.
Оның әсем әндері бір бүтін бөлек әлем. Бүгінгі таңдағы зерттеулер нәтижесінде 15-әннің авторы екені мәлім. Осы тақырыпта өнертанушы ғалым Серік Кәрібайұлының «Сәкеннің музыкалық мұрасы» деген атпен ғылыми-зерттеу жинағы жарыққа шыққан болатын.
Қазақ поэзиясындағы көрнекті тұлғаны:
«Атыңнан айналайын қайран Сәкен,
Ұмытпан демім барда тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
- Сәбит Мұқанұлы жырға қосты.
1937-1938 жылдарда соққан дауылдай болған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, асыл тұлғаларын баудай жапырды. Өзіне қауіп-қатер төнгеніне қарамай, азаматтық келбетін сақтап, ақ жолынан таймаған асылдардың есімдері ел жадында мәңгілік сақталары анық. Орынсыз тағылған айып өлім жазасына кестірді, жалған жаланың құрбаны етті.
Бойына бекзада өнер қонған Сәкеннің өмірі ұрпаққа үлгі, оның азаматтық болмысындай асқақ та, нәзік жырлары келер ғасырларға жалғаса береді.
Қазақ поэзиясының көркем тілді, кең тынысты «Құлагері» – Ілияс Жансүгіров. Анасынан ерте айырылып, әкесінің өнегесін көп көрген ақын, ескіше хат танып, аңыз - әңгіме, бай шежіреге бала күннен қанып өскен.
Жетісудың сұлу табиғаты, дархан даласы, қазақы қаймағы бұзылмаған құндылықтары мен дәстүрлері Ілиястың өмірге, ізгелікке, сұлулыққа құштар болып өсуіне көп әсерін тигізген.
Алматы, Ташкент қалаларындағы ағарту ісіне қатысты курстарда оқып, фольклорлық экспедицияға шығып, баспасөзге араласқан. «Сағанақ» атты алғашқы кітабы 1928 жылы жарық көрді. Ілиястың ақындығы «Тілші», «Кедей еркі», «Арман», «Әншіге» деген шағын өлеңдерден «Дала», «Күй», «Күйші», «Құлагер» атты көлемді поэмаларға жалғасты. Ақын «Дала» поэмасында осынау кең – байтақ өлкені мекен еткен қазақ халқының өмір – тұрмысын, дәстүр - өнегелерін шалқар шабытпен жырлайды. Ал, «Күй» және «Күйші» поэмаларына тарих пен тағдыр ісі, халқымыздың басынан кешкен оқиғаларын арқау етеді.
1928 жылы журналистика институтын бітірген Ілияс қазақ баспасөзінің қалыптасуына үлкен үлес қосқан. 1934 – 1935 жылдарда Қазақстан көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімін басқарды.
Жазушының қаламгерлік жолы даңғыл, артына өшпестей із қалдырды.
Арман Шеризат
Фотоларды түсірген Алтай Чултуков
Бөлісу: