Дидар Амантай. Кітап жолы: стиль және заман

Бөлісу:

05.07.2019 6353

(баяндама-эссе)

Жазушы, философ Дидар Амантай Нұр-Сұлтан қаласында өткен ЕУРАЗИЯ АСТАНАЛАРЫНЫҢ ҚАЛАМГЕРЛЕРІ тұңғыш халықаралық форумында әлем әдебиетіндегі стильдер тарихы жайлы баяндама жасаған еді. Сол ойтолғаудың толық нұсқасын жариялап отырмыз.

Нет человека, который был бы как Остров, сам по себе, каждый человек есть часть Материка, часть Суши; и если волной снесёт в море береговой Утёс, меньше станет Европа, и так же, если смоет край мыса или разрушит Замок твой или друга твоего; смерть каждого Человека умаляет и меня, ибо я един со всем Человечеством, а потому не спрашивай, по ком звонит колокол: он звонит по Тебе.

Джон Донн, “Мінәжат”, “Он жетінші жыр”

Бірінші бөлім. Кітап/заман

Көшпелі адамзат

Кітап атаулары

Тақта/папирус/пальма

Пергамент дәуірі

Кітапханалар

Қағаз

Баспахана

Екінші бөлім. Стиль/заман

Үштаған

Стиль дамуы

Түр мен сипат

Градация

Формула

Атмосфера және стиль

Пафос/фальш

Постмодернизм. Ақпараттық қоғам

Дыбыс пен белгі

Ұлы романдар

Ойшылдық

Бүгінгі жазушылар

Қуаныш кеңістігі

Бірінші бөлім. Кітап/заман

Көшпелі адамзат

Біз – көшпеліміз. Әсіресе, палеолит дәуірі – әлем халықтары көшіп-қонып жүрген толық көшпелі мезгіл.

Осыдан, тура он екі мың жыл бұрын, адамзат нәсілі Жер шарының барлық аймақтарына аз уақыт ішінде тарап үлгерді.

Сосын, мезолит басталды.

Неолит дәуірінде, технологиялық өркендеу қауымдарды ұжымдық бірлестік, қоғамдық топтарға бірігуіне алып келді.

Қоғамды абыздар биледі.

Алғашқы өркениеттер пайда болды. Ой еңбегі бөлініп шықты.

Нәтижесі – білім, таным туралы деректер топтастырылған кітаптардың алғашқы нұсқалары.

Кітап кісіліктің айрықша белгісі еді.

Кітап атаулары

Бүгінде, кітап әр тілде әртүрлі аталады, бірақ түп тамырына үңілсек, бүкіл ұғым-түсінік бір түпнұсқадан шыққандығын аңғарамыз. Латынша liber ағаштың қабығы дегенді білдіреді. Ағылшынша book деп қолданып жүрген сөзіміз, шын мәнісінде, солтүстік Еуропада өсетін ағаштардың бірінің атауы. Орыс тіліндегі книга көне түркілердің кюинг немесе кюин сөзінен шыққан, ол өз алдына қытайша цзюань, яғни орама (свиток) деген мағынаны береді.

Тақта/папирус/пальма

Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықта қытайлар шүберектен қағаз жасай бастады. Бірақ, көп жерде әлі папирусте жазатын еді. Тростниктен жасалған папирусті оқуға, пайдалануға қолайлы болсын деп парақтарын бір-біріне ұзынынан жалғап, орап-орап жинап қоятын.

Бұл ең алғашқы кітаптар еді.

Месопотамия мәтін түсірген балшық тақталар, Үндістан қалам тартқан пальма жапырақтары, бәрібір, папирустарға қарағанда, ашып/жазып оқуға, ұстауға ыңғайсыз дүниелер еді. Папирустар, негізінен, тек Мысырда өндірілгендіктен, құны, көрші елдерге тасымалдап апарғанда, қымбаттап кетті, сондықтан, халықаралық қарым-қатынас қағаздарын, аса маңызды құжаттар жазғанда ғана қолданылды. Бұл Еуропа тақтаға жаза бастаған тұс еді.

Жыл санауымызға дейінгі тоғызыншы ғасырда финикиялық Библ (Bibl-Bible) қаласынан басқа аймақтарға көпестер папирус тасып шығара бастады.

Көне Грекия заманында жыр жинақтары, пәлсапалық еңбектер, тарихи очерктер топтап жарық көрді. Ал Рим (Roma) дәуірінде романдар басылып шықты. Roman деген сөздің өзі римдік (римский) деген мағынаны білдіреді.

Кітап оқу сол кезде аса кең тараған дәстүр еді. Көшеде, далада, бақтарда, сәкілерде, тіпті, қонақта, моншада, кезекте кітап оқыла беретін. Сондықтан кітаптың оқуға жеңіл, түптеуге жақсы, қолға ыңғайлы түрлері іздестіріле бастады. Енді папирус жапырақтарын кесіп, теріден мұқаба жасап, оған парақтарын тікті. Сөйтіп, кітаптың бүгінгі формасы дүниеге келді.

Пергамент дәуірі

Христиан діні кітап өндірісін, тіпті, тездетіп жіберді. Бабылды жаппай көшіріп санын көбейткен жанкешті монахтар көшірмешілер мамандығын қалыптастырды.

Папирусты тасымалдаудың қиындығына байланысты еуропалықтар пергаментті пайдалануға көшті. Біздің жыл санауымызға дейінгі екінші ғасырда Пергам қаласында дүниеге келген пергамент жануарлардың терісінен жасалды.

Әдемі кітаптар қымбат тұратын еді. Бургундия герцогы жоғары талғам, асқан шеберлікпен әдіптелген бір кітап үшін бір шаһарды беріп жібергені бар.

Он екінші ғасырға дейін кітап ісі шіркеу ішінде жүргізілді. Діни әдебиет шыққан кітаптардың басты тақырыбы болды. Бірақ, рыцарь туралы романдардың жұрт қызығушылығын арттыратынын байқаған кітап өндірушілер проза, поэзия, тарихи кітаптарды көптеп шығара бастады.

Кітапханалар

Кітап шіркеудің табалдырығынан сыртқа аттады. Діни мазмұнға өнер туындылары қосылды. Байсалды тақырыптар қатарына ерлік, батырлық туралы, ермек, сауық мақсатында, белгілі бір кәсіптің насихаты тұрғысында жазылған шығармалар енді.

Ұрлықтың жаңа түрі қалыптасты. Орташа салмағы он келі тартатын кітаптарды ұрлап сататын алаяқтар шықты. Кітапханалар аса құнды, қымбат бағалы нұсқаларын ауыр шынжырлармен үстелдердің аяқтарына мықтап бекітіп байлап тастайтын.

Кітапханаға деген сұраныс артқан сайын қара таныған елдің қатары да көбейе түсті.

Қағаз

Еуропаны тағы бір жаңалық күтіп тұрған еді. Батыс мемлекеттерін дүрліктіріп Қытайдан қағаз келді. Бірақ, Қытайдан шыққан қағаз ең әуелі араб елдеріне жетті. Кресшілер жорықтары аяқталып, Таяу Шығыстан отандарына қайтқанында қағаз деген жаңалықты, жақсы хабарды өздерімен бірге үйлеріне ала келді.

Баспахана

Он бірінші ғасырда тағы бір техникалық революция жүзеге асты. Кітап басу технологиясы ашылды. Қағазды ойлап тапқан Қытай кітап басу өнерін де ашты. Бір мың қырық бесінші жылы Би Шэн (кейбір деректер бойынша Ши Пэн) ұзақ еңбек, ауыр бейнетінің жемісін татты, ол технологиялық табысқа жетті, тәуекелге барды, баспа ісі күрделене түсті, кәсіп жаңа мүмкіндіктерді игерді, өнер ілгері озды. Ол әріптерді жеке құя бастады.

Қытайдың ұлы жаңалығы Еуропаға толық, өз мәнінде, дер кезінде жете алмады. Тіпті, Еуропа қытайлық баспа өнерін түсінген жоқ десек те болады. Сондықтан, бір мың төрт жүз қырық бірінші жылы Иоганн Гутенберг барлық әріптерді қамтыған литердің бес түрлі көлемдегі нұсқаларын адамзат тарихында қайтадан тұңғыш рет, өз бетінше жасап шықты.

Ең алғашқы басқан кітабы жүз сексен таралыммен жарық көрген, жұрт “Гутенберг Библиясы” атап кеткен басылым болды.

Он жетінші және он сегізінші ғасырдан бастап, бәрімізге белгілі, бүгінгі әдебиет дәуірі басталды.

Қазіргі таңда оқырмандар саны жылдан жылға азайып, көркем шығармалар сатылымы төмендеп келеді. Алайда, түсініктемеліктер, энциклопедиялық сөздіктер, техника- технологиядан сыр шерткен кітаптар, бизнес-кеңес оқулықтары, керісінше, көбейіп жатыр.

Екінші бөлім. Стиль/заман

Үштаған

Ғадетінде, стиль – қолтаңба, адамның өзі деп жатады, меніңше, заманның өзі, қандай ғасырда өмір сүріп отырсыз, тура сондай әдіс-тәсілді қолданасыз.

Әдіс-тәсіл – уақыт перзенті, қашанда таным деңгейі қалыптастырады.

Жазу мәнері – үштаған қасиет: мәндік философия, өнерлік құндылық және технологиялық өндірістік үлгі одағы.

Стиль – бәрімізге таныс көркемдік талғам – зерттелген, зерделенген, танылған, реттелген, жүйеленген алгоритмдер. Қазір кейбір жоғары оқу орындарында Фолкнер мен Хемингуэйдің жазу талаптары жеке пән ретінде оқытылады.

Талант кәсіп болды.

Стиль дамуы

Біздің кітаби ұстазымыз көп. Бүкіл әлем әдебиеті – ұстазымыз. Сонау көне Шумер-Вавилон, аккад тіліндегі әдеби мұралардан бастап, бүгінгі замандастарымызға дейінгі аралықтағы әдеби-көркем туындылар тегіс не ұстаздарымыз, не әріптестеріміз, не серіктестеріміз, демек, бір-бірімізден үйренген жанашыр дос-жарандарымыз. Әлем әдебиеті ежелгі Шумер-Вавилон, көне Мысыр, көне Парсы-Иран, көне Йаһудей, көне Үндістан, көне Қытай, көне Грекия, көне Рұм, Орта ғасыр (патристика мен схоластика кезеңі), Ренессанс, XVII ғасыр немесе Жаңа Уақыт, XVIII ғасыр немесе Ағарту заманы, XIX ғасыр (романтизм, натурализм, реализм), XX ғасыр (модернистік ағымдар, экзистенциализм, жаңа роман, битниктер), XXI ғасыр (постмодернизм, кемелденген модернизм) шығармаларынан тұрады. Әр дәуірдің өз мәнері бар.

Бүгінгі әдебиет – қаншама ғасырлар бойы қоғамдық көркемдік талғамды, адамзат ақыл-ойын билеп-төстеп келген рыцарлық романдарды құлатқан Мигель де Сервантес пен Уильям Шекспир жасаған әдебиет. Біз – осы екі ғұлама қалыптастырған мектептің шәкірттеріміз.

Олар жанрлық тұрақтылықтан бой тартып, жазу мәнеріне көңіл аударған қазіргі түсініктегі алғашқы қаламгерлер болды.

Түр мен сипат

Тегінде, Сервантес пен Шекспирден басталатын стильдің үш даму кезеңі бар: классикалық, модернистік, постмодернистік, бірақ, бұл шартты түрде ғана, шын классификация немесе градация жүргізсек, романтизм, натурализм, реализм артынан түрлі модернистік әдіс-тәсілдер дүниеге келеді, сосын, экзистенциалистік көзқарас заманы туады, соңын ала жаңа роман дәуірі орнығады, Джек Керуак бастаған битниктер ту көтереді, ақыры сан қилы қолтаңба, талғам, жазу мәнері араласқан постмодерн туындылар сахна төріне шығады.

Градация

Мен проза жанрын мән/мазмұн, форма/атмосфера тұрғысынан бес түр немесе бес топқа бөлемін: әлеуметтік-антропологиялық, коммерциялық/детективтік, фэнтэзи/фантастикалық, метафизикалық/философиялық және ақындық.

Ақындық проза – жазба өнерінің шыңы. Бүкіл оқыған-тоқығаныңыз, іздеген-тапқаныңыз мәтіннің өзінен емес, жазба мәдениетінен көрінеді.

Өнер, әрине, форма. Әдебиетте форма дегеніміз жазу мәнері. Тек жаңа форма ғана жаңа мән-мағынаны паш ете алады, деп жазды Бертольт Брехт. Сіздің көп оқығаныңыз қажет. Бірақ, жазған кезіңізде оқығаныңыз мәтіннен көрінбеуі тиіс. Алайда, оқығаныңыз толық жоғалып кетпейді, әдеби сауатыңыз жазу мәнерінен көрініп тұрады.

Формула

Модернистер қандай жаңалық ашты? Біріншіден, лингвистикалық ауытқулардан бас тартты, екіншіден, шығармада әрекет көбейді, үшіншіден, сөз – нақты, сөйлем – ықшам, әрекет анық болды, төртіншіден, айсберг тәсілін қолданды, яғни, білетін нәрсені түсіріп кетіп отырды, бесіншіден, мәтінді тегістеп, кедір-бұдырын жойды, алтыншыдан, ақындық метафораны алға шығарды, жетіншіден, поэзия элементтерін қосты, эпиканы жаңалады, демек, жалпы текст мақсатсыз, күңгірт жазылды, алайда, детальдарға келгенде, әрбір зат, нәрсе, құбылыс өте дәл келтірілді.

Мәтін рақат табатын, ләззат кешетін дүниеге айналды.

Пафосты талқандап, фальшті жойған Сервантес пен Шекспирден кейін бұрын-соңды нақ осындай ұлы өзгерістер проза мен поэзияда болмап еді.

Сөйтіп, бейтарап жазу түпкілікті жеңіске жетті.

Атмосфера және стиль

Иосиф Бродский бір эссесінде: “Модернизм дегеніміз – логиканың салдары ғана – классиканың нығыздалған және ықшамдалған түрі”, – дейді. Бұл архитектуралық модернистік дербес ағым үш әлемдік бағытта дамыды: Джеймс Джойс, Марсель Пруст және Франц Кафка. Төртіншісі, меніңше, Эрнест Хемингуэй.

Кез келген өнердің мұраты – атмосфера. Модернизм асқан шынайылыққа ұмтылды.

Төл атмосферасын туғыза алмаған шығарма шынайы емес, оқырманды өзіне баурай алмайды. Атмосфера жазу мәнерінен туады, жазу мәнері болса, фальшсіз шығармадан жаралады.

Тәртіпсіз проза – мәдениетсіз проза. Стиль – тәртіп.

Әдебиет тарихы – стильдердің тарихы.

Стиль көп оқып, көп жазғаннан қалыптасады. Стиль – атмосфера авторы. Кез келген өнердің, өнерпаздың мұраты – атмосфераға жету.

Стиль – атмосфера тудырушы, атмосфера – шығарманың жаны.

Атмосферасыз кітап – өлі туынды. Атмосфера барда, кітап та тірі.

Пафос пен фальш

Негізі, белгілі, пафос – фальш.

Пафос әдемі нұсқада сөйлеймін деп, кейде фальшті айтып қалады.

Фальш – атмосфераның жауы. Әсері бірден сезіледі, нәтижесі шұғыл көрінеді.

Постмодернизм. Ақпараттық қоғам

Бұқаралық ақпарат құралдары әлемдегі ең ықпалды билеуші топқа айналды. Қазір барды да, жоқты да өздері жасайды. Медиагер тұлға ақпараттық технологиялар арқасында бизнестегі, қоғамдағы, мемлекеттегі ең көрнекті қараткерлердің бірі болды.

Постмодернизмді бұқаралық ақпарат көздерінсіз түсіне алмайсыз. БАҚ-ның қоғамға әсері – постмодернизм. Ақпараттық қоғам, постиндустриалдық қоғам, озық технологиялар заманы – аталмыш философияның жетекші ұғымдары.

Карлс Маркс пен Фридрих Энгельс енгізген қоғамдық формациялар туралы ілімде қоғамның деңгей-дәрежесі өндіріс құрал-жабдықтарының дамуынан байқалса, постмодернизм дәуірінде ақпараттық құралдардың сапасынан аңғарамыз.

Жалпы, постмодерн – тәуекел қоғамы. Бұл заманда бірінші орынға қоғамның, мемлекеттің қауіпсіздігі шығады. Себебі, қауіп-қатер көбейеді. Модерн кезеңінде бірінші орында тұрақтылық тұрған еді. Барша капиталистік ел дағдарыстан қорықты.

Дыбыс пен белгі

Сосын, де Соссюрдің лингвистикалық революциясы, яғни, дыбыс пен белгі арақатынасында белгінің үстемдікке қол жеткізуі бүкіл әлемнен мәтін жасады. Тіл дыбыстық қарым-қатынас құралынан таңбаларды оқи білу қабілетіне айналды. Демек, таңбалар белгілі бір информация сақтаған не арқалаған тіл дәрежесіне жетті. Сөйтіп, сандар және сандар құрылымы математикалық тіл, готика-барокко-классика архитектуралық тіл, экрандар ақпараттық бұқаралық тіл болды. Компьютер, принтер, көшірме аппарат, процесссор, смартфондар, клавиатура, ұялы телефондар, бәрін бір-бірімен жалғап тұрған интернет желісі, біздің бұл құралдарға деген тәуелділігіміз, оның салдары – бұл постмодернистік құбылыстар. Салдары қандай: білім жойылды, ақпарат алға ұмтылды, емтихандар қарапайым кроссвордқа, ән салу фонограммаға, әннің өзі түпнұсқасыз аранжировкаға, жазу-сызу технологияға, хат-хабар смайликтерге айналып бара жатыр.

Ұлы романдар

Қазіргі заманда қазаның жиілігі, қатігездіктің өрістеуі, немқұрайдылықтың көбеюі ұлы романдарды оқымағандықтан, ғұлама персонаждарды танымағандықтан, қамқор образдарды білмегендіктен туындап отыр.

Ұлы шығармалар адам бойына кісілік қасиеттерді егеді. Кітап адамды жанашырлыққа үйретеді. Кітап бала санасына жақсының ең жарқын қасиеттерін сіңіреді. Бүгінгі адамдар неге өзімшіл? Бір-бірінен жақсылық күтпейді. Өйткені олар материалдық игіліктің соңында жүр. Бар нәрсе ақшамен өлшенеді. Кез келген ойдың да, өлеңнің де, өмірдің де өлшемі – ақша. Бұрын кісі құнына ақша жетпейтін, қазір ақшаның құны адамнан артық.

Кітап, сонымен қатар, ой-қиялдың, ақыл-ойдың кеніші. Сөз қоры неғұрлым көп болса, соғұрлым ойды дәл жеткізудің мүмкіндігі де артады екен.

Жан-Люк Годардың бір сөзі бар: “Кино технологияға тәуелді, технология ескірсе, кино да ескіреді”, – дейді. Бізді, мысалы, қазір 1950-жылдары шыққан фильмдер көруге тартпайды. Бүгінгідей көп құрал-жабдықты, сан аспапты, жарқ-жұрқ еткен, еліктіретін оқиғалы кинодай әсер етпейді. Яғни, ескі кино деген түсінік бар. Бірақ, ескі роман, ескі кітап деген сөз естідіңіз бе? Әдеби туынды өлмейді. Ойшылдыққа, ерік-жігер еркіндігіне шақыратын кітап – адамзатқа қашанда замандас. Тұлға дегеніміз бостандық иесі. Адамның ақыл-ойына ешкім билік жүргізе алмайды.

Ойшылдық

Леопольд фон Ранке деген неміс ойшылы, тарихшы: “Дүние жүзі тарихы, негізі, Батыс тарихы еді”,– деген екен. Философия тарихы да, түсінігі де Батыстық өлшемде дамыды. Карл Ясперс философиялық ойлауды түп тегіміздің, сойымыздың оянуы, өз тағдыр-талайымызды өз қолымызға алуымыз деген дефиницияны алға тартты. Ол ой-санамыздың үш қайнары – таңғалыс пен таным, күмән мен анықтық (нақтылық), адасушылық пен қалыптасушылық – қашанда философияның сарқылуына жол бермейді, деп жазды.

Енді бір сөзінде, адам болмысы ойшылдықтан басталады, деді. Альбер Камю кемеңгер пікірді кемелдендіре түседі: пәлсапаға қызыққан қалың кітап, үлкен романға қол созады, себебі, көлемді жанр ойшылдыққа бастайды,

Философ – тәуелсіз, дербес тұлға.

Бүгінгі жазушылар

Қазіргі әлем әдебиетінен кімді тануымыз керек? Өкінішке қарай, Бруно Шульц, Борис Виан, Эдгар Лоренс Доктороу, Ален Роб-Грийе, Милорад Павич, Филип Рот, Джон Бэнвилл, Марио Варгас Льоса, Камило Хосе Села, Томас Пинчон, Мигель Анхель Астуриас, Рэй Бредбэри, Роже Кайуа, Жан-Мари Леклезио, Шамшад Абдуллаев, Леонардо Падура, Кадзуо Исигуро тәрізді соңғы алпыс-жетпіс жылдың ішінде әлем әдебиетінің көрнекті өкілдеріне айналған қаламгерлерді тани бермейміз.

Орталық Азиядан ше?

Мұқтар Әуезов, Мағжан Жұмабай, Мұқтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Халед Хоссейни жарқ етті.

Шыңғыс Айтматов тұтас бір дәуір болды.

Біз қоңсы отырған көршілеріміздің әдебиетін түгел дерлік емес, еларалық іс-шараларға қатысқан бірді-екілі өкілдері арқылы ғана білеміз. Сондықтан, орта азиялық басылымдар, ортақ бір қоғамдық ұйымдастырушы мекемелер керек-ақ.

Қуаныш кеңістігі

Бес миллиард жылдан соң, Күн де өзегіне құлайды, бірақ, ол біздің шаруамыз емес, Құдайдың ісі. Сондықтан, қуанып өмір сүру керек. Тіпті, қуанып жазу қажет. Әдебиет қуаныштың кеңістігіне айналуы тиіс. Оны тек жазу мәнері ғана жасай алады.

02-04.06.2019

Бөлісу:

Көп оқылғандар