Жəлел Қуандықұлы. Поэзия дəстүрден ада болмауы керек.

Бөлісу:

12.07.2019 3927

Бозқараған үміттер бүр жарыпты,

Жапырақтың бетінде жыр қалыпты

Диуанаға бəрі өлең боп көрінер,

Сау адамға бəрі де бір қалыпты...

Иə. Жазарманға бəрі өлең. Жарысып вариация жасауда. Қаптап шығып жатқан кітап та көп. Оқылып жатқандары да шамалы. Əдебиетте көштен қалмасам болды деген түсінік болмауы керек. Жаз немесе жазба. Бір қалыпты тіршілік поэзияға керағар.

Жоғарыдағы өлеңнің авторы – Ерғанат Кеңесбекұлы. Ерғанат – азамат. Ерғанат – ақын. Ешқандай топқа жатпайтын ақын. Ол жалғыз. Өлеңдері де бір қалыпты тіршіліктен аулақ.

Мағжанның «Ақында адамзаттың дос болмайды, Тек қана мұңын шағар қаламына» дегенін білеміз. Шынайы шығармашылық адамдары көбінесе оқшауланып жүретіні анық. «Жастар топтасып жүреді, сондықтан жырлары бір-біріне ұқсас» деген ағаларымыздың пікірлерін де оқып жүрміз. «Жалғыздың шаңы шықпас» деп өздерін алдап жүргендер де бар. Уақыт өте өз жолдарын тауып кетсе құба-құп.

Ал, Ерғанаттың жалғыздығы-табиғатында. Тағдыры сондай мінез, болмыс бұйыртқан. Бітті. Шындықты бетке айтып салып, айтқанынан қайтпайтыны тағы бар. Осы жағынан көп адам оны ұнатпауы мүмкін. Қала берді біреу-біреуге ұнауға да міндетті емес. С Ақсұңқарұлы айтады: «жастарда бəрі бар, өлең техникасы, білім, тек бірдеңе жоқ. Ол-поэзия!». Нені меңзегенін түсінген боларсыздар.... М.Мақатаевтың , «Менімен сырласқыңыз келсе, өлеңдерімді оқыңыз» дегені бар. Топтан аулақ жүретін ақынның кісікиіктігінің астарын өлеңінен іздеп көрелік.

Назасына жиі ұрынған осалдың,

Бар жазығым илікпейтін асаумын.

Астамдығым-ақ көңілім шығар ол,

Қайда бастап барады екен мына жол...

Қолымызға қалам алдырған Ерғанаттың «Алиф» атты жыр кітабы. Ол отыз жасында орда бұзды. Жақында ғана жарық көрді. Ерекше қолтаңбасы ескеріліп, жанашыр ағалары тырнақалды кітабын «Парасат-М» баспасынан шығарып берген. Кітап екі бөлімнен тұрады.

  1. Зəм-зəм.
  2. Шырағдан.

Алғашқы бөлімнің атауының өзі жұмбақ. Оқырманды ынтықтыруы сөзсіз. Əрине, көкірегінде көзі бар оқырман Меккедегі қасиетті Зəм-зəм құдығы жайлы біледі.

Ақынның талғампаздығы күмəнсіз... Ол тағдырлы ақын. Өлеңдерінде өз тағдыры мен тағдырластары бар. Жалпы кітапта «Зəм-зəм», «Алхоры қыз» сияқты өлеңдер баршылық.

Екінші «Шырағдан» атты бөлімге аудармалары топтастырылған. Жастайынан жарқылдап, елді елең еткізген Кеңесбектің ұлы Мұзафар Əлімбаев, Фариза Оңғарсынова сынды поэзияның дүлдүлдерінен бата алған. Оқушы кезінде Мұзафар Əлімбаевтың Ерғанатқа жазған хаты да бар. Содан бергі ғұмыры өлеңге деген адалдықпен өтіп келеді.

Оның есімі республикада көзі қарақты оқырманға таныс. Шығармашылық жолын айтыстан бастаса да өлеңдерінде айтысқа тəн элементтерді көрмедік. Кітаптағы өлеңдердің тақырыптары əр алуан. Əр өлеңінде бір өзек бар. Бірақ идеяны ашық-шашық ұсыну жат. Шешімді көбіне оқырманға қалдырады. Əрине кемшілік-классик деген ақынның өзінде де бар. Мінсіз періште ғана. Ерғанаттың өлеңдерінде ерекшелік бірден көз тартады. Мына бір тақырыпсыз өлеңіне тоқталып көрелік.

Тарпаңдығын əсте қоймас тарлан ел,

Өйткені, оның рухы бекем, арманы өр.

Мен осындай һəм қатыгез, һəм аңғал,

Жалқы жұрттың мұраты едім əл-Жəлел...

Өз басым жақын арада осы сарындас өлең кездестіре қойған жоқпын. «Алиф» кітабын парақтап отырып, алғысөзді де, ақынның өмірбаянын да таппадық. Мұның өзі өлеңмен өмір сүре білу болар.

Ерғанатты ешкіммен салыстырмақ ойымыз жоқ. Себебі, ол қолтаңбасы айқындалған, қалыптасқан ақын. Өз тақырыбы, өз стилі бар. «Тақырыбы жоқ па, ақын да жоқ» дегені бар Олжас Сүлейменовтің. Бұл жердегі тақырыпты ақынның берік ұстанымы жағынан қарастырған жөн болар. Ұстанымы былай,

«Түйсіну»:

«Теріс қарап тыр жалаңаш жалғаннан,

Бəріне де бір сілтедім қолымды.

Ешбір адам арман қылмас арманнан,

Тапқан дұрыс жолымды!».

Күнделікті күйбеңге қолын сілтей алмаса, тапталған жолмен сылтып басса, алысқа қарай алмай, аяғының астына үңіле берсе одан ақын шықпасы анық.

Жоғарыдағы «Түйсіну» деген өлеңнің түйіні ақынның бұл сатылардан өткендігіне дəлел.

Дүрлігістерден,

сүрлігістерден,

Байқасам тірлік

сабыры қашқан.

Өлеңге орап

уата алам ба,

Қара жерді мен

Сағыныш басқан?..

Ал, сүйсінбей көріңіз. Ішкі арпалыс. Ішкі қатал сын. Жауапкершілік. Артық ештеңе таба алмасыңыз анық. Поэзия дəстүрден ада болмауы керек. «Шідер» деген өлеңінен үзінді келтерелік.

«Шұбар ауыл.

Шұбар бел.

Шұбар дала

Шұбар бұлттан күн күлді мұнарлана.

Шұбартауда жайылған шұбар айғыр

Шідеріне қарады күмəндана» – дей келе

«һақтан ризық тілеген жалбарынып,

Қала жаққа бастады алдағы үміт...

Қара базар ішінде қара қазақ,

Қара қазан қалыпты аударылып» – деп түйіндеген.

Нағыз бүгінгі қазақтың болмысы. Əрбір қазақ тамсанып оқыры сөзсіз. Өресі жетсе, əрине. Уызына жарыған деген осы болса керек.

Жастайынан ауыз əдебиет пен жыраулар поэзиясын санаға сіңіріп өскені анық. Шетел əдебиетін де жастанып оқитын ол, ұлттық қайнарынан ажыраған емес. Өлең тақырыптарында да ұлттық бояу басым. Кітапта бірен-саран жастықтың буымен жазылған өлеңдер де бар. Бірақ біз мұны тағы өлеңге адалдық дегіміз келіп отыр. Өйткені ақын жетілу, даму үстінде...

Өкінішке орай кейбір жастарымыз махаббат лирикасын тастап кеткен немесе қарамай кеткен ғашықтары туралы өлеңдермен екшеп жүр. Сезім деген жалпы өмірді сезіну болса керек-ті. Ерғанат махаббат тақырыбында былай көсіледі:

«Тапқанмен сарайыңның кілтін ептеп,

Бір мұңын ілестіріп бір күн өтпек.

Көзіңнен сүйгім келді о несі екен,

Түйсігім жұпарыңды түртінектеп».

Жалған мұң мен пафостан аулақ. Жылауық өлеңдер кітапта мүлдем жоқ.

«Сен де жалғыз, бұл күнде мен де жалғыз,

Бір мұң сыйлап кетеді керсағал күз.

Көзден аққан жасыңның құны қанша?

Елге көктем сыйлайтын кермарал қыз».

«Отызға келіп шығарған жалғыз кітап па?» деп қалмаңыз. Кітапта Ерғанаттың енгізілген аудармалары бір төбе. Франсуа Вийон, Анна Ахматова, Александр Блок сияқты əлемдік поэзия өкілдерінің жырларын қазақша сөйлеткен. Жалпы аударма жанры оң жамбасына келетінін байқадық. Аударма өте қырағылықты талап етеді. Аударатын ақының өзіңмен рухани тетелес болуы керек. Ерғанаттың талғамы мен талантына тағы да таңдандық. Өзі аударған ақындардан да өзін тауып алыпты. «Əдебиет-айқай емес» деген сөз тағы алдымыздан шықты.

Ж.Визбордан «Шырағдан»:

«Шырағдан күзеткен қараңғы түн:

Ол да біздің ғұмырдай қараңғы-тын.

Тағдыр мен тағдырдың басын қосып,

Сəуле болып санаңда жанам бүгін» – дей келе,

«Мен берген түн кілтінен сағым іздеп,

Қас қарайса кеудеміз жанын үзбек.

Періште көр түсіңде терезеден,

Пеш түбінде алаулар жалынбыз деп» – деп түйіндеген.

Иə. Аударма арқылы да оқырманға осылай ой салған ақынның тағы бір аудармасына тоқталайық.

В. Шимбрскаядан «Адасқақ»:

«Мезгіл -мезгіл өз бойыңнан алыстап,

Жаныңменен қауыш қайта адасқақ» – деп бастап:

«Өлерменнің қожайыны емес ол,

Көрерменнің көзайымы емес ол.

Жұбаныштың көршісіндей боп келіп,

Қуаныштың еншісіндей кетті еріп... – деп өрбіте түскен.

Не жазарыңды, қалай жазарыңды білгенге не жетсін! «Адасқақты» аударса да əзірге Ерғанат өз жолынан адасқан жоқ..... Əр қарай кеттік.

Жанына жақын ақынды

Балтық бойынан тапқан екен.

Поляктың ірі ақынының тағы бір «Түсіме мадақ» өлеңі:

«Өң-түсімде сурет жазам не түрлі,

Тура Вермеер ван Дельфт секілді.

Міне-міне таусылардай қағазым,

Ұлы-ұлы поэмалар жазамын» дей келе,

«Атлантида ашқанымда əредік,

Ессіз жұртта қалмас сірə зəре-құт.

Жауығуға міндетті емес жауыр мұң

Мен бейкүнə сəбиімін дəуірдің!» деп түйіндеген. Бітті. Осыдан артық қандай сəтті түйін керек. Біз Ерғанаттың не жазса да, қай құрлықта сапар шексе де, өз азаматтық ұстанымынан, ұлттық тамырынан алыстамай айналып соғып отыратынына көз жеткіздік. Мəреге де солай барарына сенім кəміл.

Ал, Қазақ өлеңіндегі бісміллəсін Алифтен бастаған Зəм-зəмдай татымды өлеңдеріне шөл қандырушылар көп болсын!

Мақаламызды Ерғанаттың «Шашылған шумақтар» деген өлеңімен аяқтағанды жөн көрдік. Қалғанын оқырман өзі бағамдап, бағасын бере жатар.

Біреудің көп естілді бұрнағы əні,

Ал біреу өзін-өзі бұрмалады.

Əлемді жалт қаратып үркітпесе,

Сенің өлең жазғаның кімге дəрі?!..

Бөлісу:

Көп оқылғандар