Ардақ Нұрғазы. Бауыржан Майтайдың neopoema-сы

Бөлісу:

30.08.2019 5681

Әр бір ақынның өз әлемі болады. Ол сөзден тұрған өзгеше кеңістік. Ақынның әлеміне кіруден бұрын қақпа алдына аз аялдап, өзің бет келгелі тұрған дүниенің жол картасына үңілген абзал. Ол картаның мазмұны «ақын нені, қалай жазды?» деген қысқа да, нұсқа сұраққа барып саяды. Қазір бірқатар жас ақындар көзге түсті. Олардың шығармашылығы туралы ойлану қажеттілігі туындап отыр. Бастысы, жас ақындар нені, қалай жазуда? Сөздің ендігі беталысы осы.

«Әдебиет» парталында жас ақын Бауыржан Майтайдың бір топ өлеңі жарық көрген. Өлеңдер «Neopoema»-мен басталған. Назарыңды бірден жаңа ұғым тартады. Ақынның өзіне нені стильдік тұрғыда табан тірер тұғыр еткенін аңдататын ұмтылыс. Қалған өлеңдері сол ұмтылыстың түрлі деңгейдегі көрінісі. Бүгінгі қазақ поэзиясында, әсіресе, жастар шығармашылығында еркіндік басым. Оның бір көрінісі ретінде Бауыржан Майтайдың осы топтама өлеңдерін атауға әбден болады. Поэзиядағы еркіндік ұғымын шартты түсіну керек. Айталық, ол көбінде дәстүрік поэзияға байланысты айтылады. Дәстүрлік поэзияның көп түрлі төл ерекшелігі бар. Соның бірі өлеңдегі «меннің» болмысы. «Мен кіммін?» деген сұраққа дәстүршіл ақындар тура және жанамалай болса да «мен толық субъектімін» деп жауап беруге әзір. Аздап түсіндіре кетсек, дәстүршіл ақындар қашан да өзіне сенімді көрінеді, өзінің сезіміне, түйсігіне, түсінігіне, болжалы мен кесіміне күмән келтірмейді. Оның жігі жоқ біртұтас тұлға екенін содан да байқайсың. Гегельше айтқанда объекты дүниеге қашанда субъекті ретінде қарсы тұра алатын балама. Немесе «бірдің екіге бөліну» заңдылығының аясында өмір сүретін дүниеге көзқарас. Содан да дәстүршіл ақындар көбінде тұрғысын ғана ауыстырады, позициясын ауыстырмайды. Айталық, дәстүршіл ақындар сөз еткен тақырыбын қаузағанда не жақтайды (мақтайды) не болмаса терістейді (даттайды), сезім дүниесінде не шаттанады не болмаса күйінеді. Негізінен үшіншы жақ өмір сүрмейді. Осы екі түрлі күйде де ақын ретінде «мені» табанын нық басып, өзі бет келген дүниеге толық жауап беріп тұрады. Немесе қашанда ақиқатты меншіктеп алады. Бүгінгі жаңа буынның шығармашылығында өлеңдегі осы тұғырдың топсасы босаған. Б.Майтайдың «Neopoema» деп отырғаны осы түсінікке бастап барады. Шығарма көп түрлі ақындық «менің» дара-дара көрінісінен тұрады. Автор бұған саналы түрде барған. Бұл ұстанымның тасасында әлгі «бірдің екіге бөліну» дүниетанымынан мүле бөлең постмодернистік дүниеге көзқарас, эстетикалық талғам мен берік тиянақ тұр. Қазақ поэзиясында «постмодернистік» деген ұғым нақты анықталып, түрі мен түсі анық ажырап кетпеген дүниеге жатады. Шала сауатты әдебиеттанушылар көбінде бұл жағында «бірінің қалпағын біріне кигізіп» келсін-келмесін кесіп-пішуге құмар. Бұл сауатсыздықтың белгісі. Олар үшін атау аталып, қосақталса болды, сол «постмрдернист» болы шыға келеді. Негізі әдебиетте постмодернизмді анықтау онша қиын шаруа да емес. Бір нәрсені анық түсінсең де біраз дүниеге кесім жасай аласың. Айталық, ақынның шығармашылығында әлгінде айтқан «мен» қалай өмір сүріп тұр. Әуелгі сөзге қайтып оралсақ, поэтикалық дүниетаным тұрғысынан Б.Майтай бірден өзін постмодернистік тұрғыға анық, нық қойған. Оның өлеңдері осы тұрғыда тұрып, дәстүлік поэзиядан мүлде бөлеу кеңістікке ұмтылады. «Мүлде жаңа кеңістік» дейтініміз, бұл жерде қатып қалған дүние жоқ. Дәстүршіл ақындар сияқты «меннің» көлеңкесін қумайды. Оның орнын қозғалыстағы, шартты құндылықтар басқан. Содан да ақынның «мені» көп негізде өмір сүреді. Оқырман субъекті мен объектінің шексіз мүмкіндіктерімен ұшырасады. Ақын дәстүлік талғамдағы өзін «ақылдың иесі» етіп көрсететін ақылмандықтан бас тарта отырып, сені екінші бір талғамға бастайды. Ол дүниенің көп негіздігі туралы болжам. Дүниенің көп негіздігі туралы болжам өлеңдегі «меннің» көп негіздігінің түпкі тиянағы. Аздап тақырыпты тереңдетсек, ақын екі жақты негізде дүниенің көп жақтылығына бет келеді. Әуелі ақын мен тілдің қатысында. Соңғы философиялы зерттеулер бойынша тіл мен сөздің (жазудың, одан ары таңбаның) қатынасы дәстүрлік түсініктегідей «тіл алдында, сөз соңында» қайдасы бойынша емес, қайта дәл соның керісінше болады. Дәстүрлік танымда тілді алдыға шығарудың басты себебі адамның өзін әйгілеуіне бір шама тұрақты орта мен негіз қалау үшін болған. Адам тіршілігінде тынымсыз өзін әйгілеуге ұмтылысымен ерекшеленеді. Айталық, өмір сүрудегі барлық іс-әрекеті, туылудан өлуге дейінгі аралықтағы іс-қимылы, объектив дүниедегі қам-қарекетінің бәрін адамның өзін әйгілеуі деп қарауға болады. Оны біз адамның өзінен мән-мағына, құндылық іздеуі, тұлғалауы деп айта аламыз. Осы ізденістің ішіндегі ең бір күрделі әрі ерекше жасанпаз түрі, ол адамның тілді пайдалануы. Адам тілді пайдалану арқылы өзін әйгілеуде өзге еш нәрсе орынын баса алмайтын биікке көтерілді. Шағын бір мысал келтірейік, бір адам өмір бойы еңбек етіп, бала тәрбиелеп, солар үшін барын арнап, солар үшін тер төгіп, қиналып, соңында балалыр үшін бәрін жасап беріп, өз мұратына жетсін дейік. Әлгі адам өткен өмірі туралы ойланғанда, өзінің ойлаған мақсатына жеткені, арманын орындағанын аңаруы, өзіне ыриза көңілде болуы мүмкін. Бұл да адамның өзін әйгілеуінің бір көрінісі. Бірақ, сөз болса адамға жоғарыдағы көңіл-күй мен өзін әйгілеуін бір сәтте және әлгіндегіден әлде қайда қуатты, анық, тебіреністі деңгейде бере алады. Сөз адам жандүниесінің ең терең қатпарына бойлай алатын бірден-бір объектив түр. Мағынасыз, құны жоқ дүние, жоққа тән дүние. Сөзде мағына туындататын, құн тұлғалайтын қасиет бар. L.Wittgenstein-нің «тілдің шет-шегі өмірдің де шет-шегі» дейтінің сесебі осында. Сондықтан адам баласы мәдениет жаратып өзіне өркениеттің қазанын асқанынан тартып тілге ерекше назар аударып, бөлекше құштар болып, оған барынша ден қойып келген. Бұл барысты адамның тілге тәуелді болуының тарихы деуге де болады. «Тіл алдында, сөз соңында» деген қағида да осы тарихтың туындысы. Бірақ, ол ақиқат емес еді. Тілдің өз заңдылығы бар болатын. Тіл адам еркіне бағына бермейтін объектив дүниенің бірі еді. Тілді адам пайдаланады, бірақ, толықтай меңгеріп, өзіне біржола бағындыра алмайтын болмыс. Ендеше «сөз алды, тіл соңында» деген нені білдіреді? Ол адамның тілді тек пайдаланушы екенін, оған қожайындық жүргізе алмайтынын білдіреді. Адам тілді өз еркіне бағындырғанда объектив дүниенің шекті бөлігін ғана түсініп, сезіне алатынын, тек тілдің төл табиғатына ерік беріп, заңдылығын игеріп, соның айдынына шыға алғанда ғана үлкен объектив дүниеге бет келе алатынын әйгілейді. Онда да ғылым тілі, философия тілі, тарих пен қоғамтанудан туған тіл емес, тек поэзия тілі – жанның, рухтың тілі ғана осы шарытты орындай алған. Поэзияда ғана адам табиғатының, болмысының түп-тамырына бойлай алатын ерекшелік бар. Ендеше дүниенің көп негіздігі дегеніміз тілдің, онда да поэзия тілінің түп ерекшелігін толық пайдалана алу дегенді білдіреді. Поэзияда ерекше маңызға ие түпкі поэзия (metapoetry) ұғымы осы тұста төбе көрсетеді. Ол қайшылықтың болмысын өмірге сілтеме жасап емес, қайта тілдің өз мүмкіндігімен көрсете алу деген сөз. Оған бастап баратын жолдың басы дүниенің көп негіздігіне бой үйрету, соны сезіну, сезінгенде поэзия деңгейінде сезуге барып саяды. Бұл түйін негізі жол айырық сияқты. Сен дүниені бір негізді – өз таным әлеміңнің аясында түсінесің бе, ақиқатты меншіктеп аласың ба, әлде дүниенің көп негіздігіне бойсынасың, соның аясында өлең жазасың ба? Сенің дәстүрлік танымда, дәстүрлік поэзия кеңістігінде немесе жаңа түйсік, жаңа талғам, постмодернистік поэзияның кеңістігіндесің бе, әне соны анықтайды. Осы тұрғыдан келгенде Б.Майтайдың өлеңдері өзінің кім екеніне жақсы жауап беріп тұр. Ол қазақтың постмодернистік поэзиясының көгінде жарқырап шыққан жарық жұлдыздың бірі. Б.Майтайдың поэзияны сезіну түйсігінің уақыт кеңістігімен, заман талғамымен үйлесім табатыны өз алдына, оның сол түйсікке сай тілді сезінуі, меңгеруінің өзі ерекше атауға болатын қасиет. Қазақ поэзиясында Б.Майтай жеткен осы түйінді орындау үшін қаншама авторлар еңбек етіп, тер төкпеді. Соңында бәрібір оны іс жүзіне асыра алмай, қайта айналып дәстүрлік талғамға мойын ұсынып, өз жүрен жолымен қайтып кетпеді. Бүгінге дейін қазақ поэзиясының толықтай дәстүрлік талғамның шеңберіне шыға алмауы соның бір аяғағы. Қалыптасып қалған дүниенің тұтқынынан босау, жаңа дүниенің табалдырығынан сәтті аттау оңай шаруа емес. Ол үлкен түлеуді, талантты қажет етеді. Дәстүрлік талғамның аясынан шыққысы келген сол ақындардың біразы жаңа түйсікте жете алмаса, енді біреулері жоғарыдағы тілді жаңаша сезінуде, игеруде ақсап жатты. Оның үстіне дәстүрден тыс қазақ поэзиясы енді-енді төбе көрсетіп келеді. Оның тәжрибе жинақтап, өзін сұрыптап, кем-кетігін толуықтауына әлі көп уақыт қажет. Осы тұрғыдан келгенде жастығына қарамастан, дәстүрлік поэзияны көп шиырлағанына қарамастан жаңа поэзия тілін меңгеруде Б.Майтайдың өзіне тән әуен мен ой құрау заңдылығын игеріп әкетуі таңдай қақтырарлық нәрсе. Бастысы бұл ақын түйсігінің түп ерекшелігіне байланысты екені анық.

Б.Майтайдың өлеңі тепе-теңдігі шайқалып кеткен дүниенің сөздегі тепе-теңдігін іздеудегі талпыныс деуге болады. «Жеткізуші» деген өлеңін оқиық.

Шағылған құмыра, сынған жапырақ,

Әлде көбелектің сыңар қанаты,

Оларды бүтін көргім келеді,

Бала кезіңде кемпірқосақтың жартысын іздегенім сияқты.

Әкем әкесінен қалған сынған заттарды қайта жасап,

Шешем әжесінен қалған өнерімен жыртық шекпен жамайтын.

Екеуіне де қызыға алмадым,

Олар үйреніп алуымды жиі айтқан.

Мен оларға тартпадым,

Олардың жамап-жасқап қалдырған дүниесі тозған,

Расы - уақыт уыстап шашып жіберді.

Балаларыма шешем тіккен шекпен және

Әкем жасаған ескі мылтықтың суретін ғана көрсете аламын.

Олар мен мақтауын асырған соң ғана суретке қызыға қарайды.

Соңғы кезде түсімде

әкем мен шешем

ауылдағы көпірден өтпекші боп жүргені...

Көпірге сенбейтіні,

Ренішке толы көздеріне сызылғаннан...

Бірде көпір жоқ сияқты,

Бірде көпір мен боп елестейді.



Өлең бірден тұрақсыз, өзгерістегі, қозғалыстағы объектив дүниені берумен басталады. Онда да қарапайымдылықтан күрделі барысқа қарай өрбиді. Шағылған құмыра материя, сынған жапырақ одан бір дәреже жоғары тіршілік, көбелектің сыңар қанаты рухқа көтерілу. Ақынның айтпағы қозғалыстағы барлық дүние сәт сайын өзгеретін дүние. Мұнда мәңгілік, қатып қалған ештеңе жоқ. Өзгеріп тұратын, сәт сайын құбылатын дүниені «тұрақты» деп түсіну, одан мәңгілік ақиқат жасау, қала берді оны біртұтас дүние, деп түсіну жиып келгенде өзіңді алдау, өзіңе таным тұрғысынан шеңбер сызыу, өзіңді жаттанды түсініктермен құндақтау деген сөз. Ақын бұл түсінігін «бала кезімде кемпірқосақтың жартысын іздейтінім сияқты» деп жеткізген. Соңғы обыраздың салмағы басым, ақын кемпірқосақтың жеті түсінің ара-жігін іздемейді (басқа біреу болса соны сөз етер еді) қайта оның (негізі кемпірқосақ шеңбер күйінде елестейді ғой) көзге көрінбеген бөлігін сөз етеді. Ақын өз ойына өте тартымды әрі тұнық образ тапқан. Кемпірқосақтың жартысының жоқ екені белгілі нәрсе. Сол сияқты адам көбінде өз түсінігінң аясынан шыға алмайды. Жоқтан бар жасап жатады.

Өлең келсі жолдарда жоғарыдағы ойдың ара жігін аша түскен. Әкем мен шешем бабалардан жалғаған «өнерін» қанша үйретсе де, мен оған «қызыға алмадым», дейді ақын. Бұл жерде ақын дәстүрлік дүниетаным мен постмодернистік дүниетанымның өз алдына екі әлем екенін жеткізген. Адамзаттың дәл қазіргі таным-түсінігі жарылыс кезеңіне өтті. Дәстүрлік дүниетанымның шеңбері әлдеқашан бұзылды. Тек өткеннің ойлау дағдысына үйреніп қалған адамдар ғана оны сезіне алмауда. Сезіне алмағаннан кейін, барлық жағынан өзіндік еркшелігі бар жаңа дүниені түсіне алмайтыны, қабылдай алмайтыны да белгілі нәрсе. Ал сезіне алсаң, бәрі басқаша. Қатып қалған, жаттанды ештеңе жоқ, басқаны қойғанда өзіңнен туған ұрпақтың да өмірі сенен басқаша болатынын анық. Оларға сен өз танымыңды, өз түсінігіңді тықпалауыңа, өзіңді өлшем етуіңе болмайды. Себебі, дүние үздіксіз өзгереді, жаңарады, жаңару барысында қайшылық, қақтығыс туындайды. Осының бәріне анық түсінік керек. Олай істей алмасаң, дағдарысқа, қайшылыққа ұрынғаның. Ақын әкем жасаған ескі мылтық пен шешем тіккен шекпенді балаларыма «мақтап көрсетсем» ғана қызыға қарайды, дейді бірде. Өмірде қызығу көбінде балалыққа тән болады. Оның тасасында ақыл-ойдың өз деңгейінде болмауы да тұр. Таным-түсінігің, ақыл-ойың өз деңгейінде болмаса, сен де баласың деген сөз. Енді бір сөзбен айтқанда бұл жерде келер ұрпақ өткенді басқаша, өздерінше түсінеді деген тұжырым бар. Ақын дүниенің өте тез қарқында жаңарып кеткенін ескерткісі бар. Ұрпақтар ара таным-түсінік те жер мен көктей парық орын алуда. Өлеңде ақын осы өзгерісті, жылдамдықты «көпір» деген сөзге жинақтаған. Ол көпір «жоқ сияқты» немесе біреулер «мені» көпір сияқты елестетеді, дейді ақын. Өлеңдегі «көпір» ұғымын көп қырынан, тереңнен түсінуге болады. Ол берісі адамдар ара ой-талғамның ұқсамастығын меңзесе, арысы үлкен қоғамдық сипат алады. Қоғамның өркениеттік, мәдениеттік деңгейі барынша жоғарлап, жабайлықтан, мәдениетсіздіктен, талғамсыз, қарабайыр түсінктен қаншалық арылса, соншалық тұрақты болады. Ондай қоғам дияолкқа, келісімге оңай барады. Немесе ондай қоғамда «көпір» бар. Қайшылық пен дағдарыс ушықпайды деген сөз.

Б.Майтайдың бұл өлеңі ішкі келісім тұрғысынан классикалық деңгейлегі біртуар туынды деуге болады. Мұндағы аздаған мәселе, сөз саптауда тұр. Ақын әлі де өзіне тә сөз мәнерін іздеуі керек. Ішкі келісімнің үніне құлақ түруі, соны поэзия тіліне айналдырға жұмыс істеуі тиіс. Мұны енді сыншы ретіндегі менің ақын ініден күтер үкілі үмітім деп түсінугейсіздер.

Бөлісу:

Көп оқылғандар