Есенгелді Сүйінов. Қазақтың Нұртөресі
Бөлісу:
Тағдырдың жазуымен 1996 жылдың ақпан айында «Жас Алаш» газетінің Қостанай облысындағы өз тілшісі қызметіне орналастым. Бұл қазақ газеттері үшін ауыр кезең еді. Алдында еңбек еткен «Халық кеңесі» газеті қаржы тапшылығына байланысты шықпай, жабылып қалған. «Жас Алаш» газеті де әупірімдеп жарық көріп жатқан. Еліміздің кілең марғасқа, жайсаңдары жұмыс істеген, әдебиет, мәдениет пен өнердің саңлақтары мен жампоздарын тәрбиелеген қазақ баспасөзі ұстаханасының жайы мәз емес болатын. Бұрын Қазақстандағы таралымы көп басылымның ел арасында таралуы да кеміп кеткен. Осындай сын сәтте «Жас Алаш» газетінің бас редакторы лауазымына елге танымал журналист Нұртөре Жүсіп келді.
ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген Нұртөре еңбек жолын қазіргі Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде тілші ретінде бастап, көлік және коммуникация бөлімінің меңгерушісі, бас редакторы болды. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің экономика бөлімінің меңгерушісі, бас редактордың экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Демек Нұртөре Байтілесұлы қазақ баспасөзінің қара қазанында қайнап, пісіп-жетіліп, еңбек баспалдақтарынан өтіп, биікке көтерілді.
Жаңа бас редактор келе сала іске құлшына кірісті. Тұралап жатқан «Жас Алаштың» экономикалық жағдайын түзетіп, жақсартты. Газетте өткір, жан-жақты талдау жасалған материалдар жарық көре бастады. Түрлі тақырыптағы материалдарда өзекті мәселелер көтеріліп, күрмеуі көп проблемалар ашып жазылып, оларды шешудің тиімді жолдары көрсетілді. Бас тақырыптарға қазақтың әсерлі, ұтқыр сөздері қойылатын. Көпшілік назары бірден ауатын мұндай материалдар бірінші беттен басталып, жалғасы ішкі беттерге берілетін. «Зу-зу» айдарымен қысқа жолдық хабарларда әртүрлі сипаттағы оқиғалар тізбектеліп, болашақта болатын кадрлардың ауыс-түйісі жайлы болжам айтылатын. Әкімі бар, министрі бар, бірталай лауазым иелері батыл сынға алынып, келеңсіз істер көпшілікке жария етіліп, кейбіреулерінің ашуын тудырғаны да есімізде.
Газеттің «Мыңнан бір мезет», «Ырғақ», «Ақ босаға», «Сүзеген сөз» секілді қосымшалары шықты. Басылым беттерінде құқық қорғау, мәдениет, әдебиет, спорт, т.б. тақырыптағы материалдар сапалылығымен, тартымдылығымен ерекшеленетін. Ақпарат, репортаж, корреспонденция, очерк, сұхбат дейсің бе, журналистика жанрларының бәрі қамтылатын. Бас редактордың озық ойлары, ізденгіштігі, табандылығы арқасында солардың мазмұны жақсарды, газетті безендіру жетілдірілді. Нұртөре Жүсіп ұжымды топтастырып, ортақ мақсатқа жұмылдырып, тың ізденістерге, жаңа жетістіктерге жетеледі. Ол өзін іскер басшы, қаламы жүйрік журналист, адамгершілігі мол азамат ретінде көрсете білді. «Жас Алаштың» түсіп кеткен еңсесін көтеріп, атын жалпақ елге дүркіретіп шығарды. Газеттің беделі артты, абыройы асқақтады. Жұрт енді «Жас Алашты» іздеп жүретін болды, қызығып оқитын болды, оған көбірек жазылатын болды.
Облыстардағы өз тілшілерін жинап, бас қосқанда бас редактор жылт еткен жаңалықтарды қалыс қалдырмай шұғыл беру, қоғамның ілгері дамуына кесірін тигізетін жағымсыз жайларды жасырмай, сын тезіне алу, қазақ мектептерін ашу, ұлттық әдет-ғұрыптарды сақтап жаңғырту бағытында тапсырмалар беретін. Мен алғашқы танысқан сәттен бастап Нұртөренің бойынан адамгершілік қасиеттерді байқадым.
Ол өз қызметкерлерімен тепе-тең сөйлесіп, өзара пікір алмасып, ұсыныстар білдіретін. Хал-жағдайларын сұрап, жанашырлықпен қарап, қолынан келгенше көмектесуге әзір тұратын. Майда қоңыр даусымен жиналғандарды ұйытып, өзіне тартатын еді. Осы уақытқа шейін Нұртөре жайлы бірде-бір жаман сөздер естіген емеспіз. Тек жылы лебіздер айтылады. Бойына адамгершіліктің асыл қасиеттерін сіңірген ақжолтай жігіттің былайша сырбаз азамат болуына асқар таудай әкесі Байтілестің, күріш өсіруші болып, «Батыр ана» атанған аяулы анасы Рабиғаның берген өнегелі тәлім-тәрбиесі әсер еткені ақиқат.
Нұртөре Жүсіп басқарған «Жас Алаш» газетінде мен үш жылдай жұмыс істедім. Осы жылдарда тілші ретінде Қостанай облысындағы өндіріс ошақтары туралы ғана емес, сонымен қатар демографиялық жағдай, өңірдегі халық арасында қазақтардың үлес салмағын арттыру, Монғолиядан келген бауырларымызға қамқорлық жасау, қазақ мектептерінің санын көбейту, ежелгі тарихи жер-су атауларын қалпына келтіру т.б. жөнінде көптеген мақалалар жазып, орынды мәселелер көтердім. Ел аралап, жер көріп, адамдармен жүздесіп, ысылдым. Сан алуан оқиғалардың куәсі болып, тіршіліктің сан қырлы жақтарын аңғардым. Көзбен көріп, көкейімде түйген ойларым газет бетінде «Боямасыз өмір» айдарымен шыққан мақалаларыма арқау болды. Басылымды ел арасында насихаттап, оны таратумен айналыстық. Ара-тұра сол үшін кейбір аудандар мен облыс басшыларымен жүз шайысып, бет жыртысып, жанжалдасып қалған кездеріміз болған. Жыл сайын күзге қарай жанашыр азаматтардың демеушілігімен «Жас Алаш» газетін Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызбасты адамдарға тегін жаздырып беріп жүрдік.
Бұрын Қазақ радиосында, «Халық кеңесі» газетінде жұмыс істеген маған «Жас Алаш» газеті одан әрі үйрену, жаттығу, шынығу мектебі болды. Бала кезімнен жазуға ыңғайым келіп, бейімделсем де осында сөз өнеріне төселіп, қаламым ұшқырланып, шеберлігім жетіле түсті. Бойымда өжеттік, еркіндік пайда болды. Білдірген пікір, ойларым газет беттерінде қысқартылмай, сол қалпында жарияланды. Бір топ өлеңдерім де жарық көріп, қуанғаным жадымнан кетпейді. «Жас Алаш» арқылы республика көлемінде танылып, атым елге жайылды.
Жалғыз мен ғана емес, басқалар да «Жас Алашта» еркін, қаймықпай жазуды, елең еткізетін тақырыптар қоюды, ұтқыр, әдемі теңеулерді қолдануды үйренді. Жан-жағына жалтақтап, айтар ойын қағазға түсіре алмай, «бастық не дер екен, сызып тастайды-ау, өткізбей қояды-ау» деген дүдәмал ойлар ежелден журналистер арасында қалыптасып қалған. Нұртөре Жүсіп осы жылдар бойы сіңіп кеткен күмәнді сейілтіп, құрсауды бұзып, қаламгерлерге тамаша шығармалар жазуға жол ашты, бәріне жол сілтеп, қанат бітірді. Егер әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің журналистика факультеті журналист кадрларын теориялық жағын даярласа, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы жалғыз өзі оларды практикалық жағынан әзірледі деген болар едім. Халықтың көкейін қандай мәселелер мазалайды, елдің тұрмысын қалай көтеру керек, билік сол үшін не істеуі қажет, мемлекет тарапынан белгіленген әлеуметтік шаралар жүзеге асып жатыр ма? Ол шығармашылық ұжымға осы және басқа да сұрақтар төңірегінде толғандыратын тартымды мақалалар жазуға бағыт-бағдар берді. Осындай татымды дүниелер тудыра білген тілшілердің көбінің есімі елге белгілі болды.
«Жас Алаш» редакциядағы қыз-жігіттердің ғана емес, сонымен бірге жазуға ыңғайы бар дарындылардың да бағын ашты. Бүгінде ақын-жазушылардың қатарында жүргендердің біразы өздерінің туындыларын осы газет беттерінде жариялап, әдебиет әлеміне біртіндеп қадам басты.
Мен «Жас Алаш» газетінде жүріп, 1999 жылы облыстық «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы қызметіне ауыстым. Бұл мен үшін ғана емес, күллі «Жас Алаш» газеті үшін үлкен қуаныш еді. Биік белеске көтерілуім беделді басылым киесінің, ең алдымен бізді тәрбиелеп, алға жетелеген бас редактор Нұртөре Жүсіптің жанқиярлық еңбегінің арқасы деп білемін. Біз енді «Нұртөре Жүсіптің шекпенінен шықтық» деп мақтанышпен айта аламыз.
20-шы ғасырдың басында қазақтың тұңғыш кәсіби журналисі Мұхамеджан Сералин қазіргі Челябі облысының Троицк қаласында «Айқап» журналын ашып, елді өнер-білімге, отырықшылдыққа шақырған еді. Өзі журналға басшылық жасап, редакторлық қызметтің қандай болатынын көрсетті, яғни жаңа редакторлық институттың іргесін қалап, келер ұрпағына мұра қылып қалдырып кетті. Мұхаңның осы мұрасын Нұртөре Жүсіп 21-ші ғасырдың басында қабыл алып, ілгері дамытты. Нұртөре жаңа ғасырда редактордың не істеу керектігін, қандай тұлға болу қажеттілігін іс жүзінде дәлелдеп берді. Ол редакторлардың заманауи мектебін ашып, іскер менеджмент басқару мамандарын даярлап шығарды десек артық айтқандық емес. Мысалы, «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл Смайыл кезінде Нұрекеңнің қарамағында қызмет жасап, ақыл-кеңесін тыңдап, тәрбиеленді, тұщымды шығармалар жазып, жұртшылық ықыласына бөленді. Олар қазір де ұстаз тағылымын өнеге тұтып, өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып келеді.
Нұртөре Жүсіп «Жас Алашты» осылайша биікке көтерді. 2000 жылы газет «Алтын Жұлдыз» сыйлығын алып, абыройы одан сайын асқақтады.
«Ақ жол Қазақстан», «Астана хабары» газеттерінің бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры болған Нұртөре Жүсіп одан әрі «Айқын» газетіне басшылық жасады. 10 жылдан аса уақыттан бері бас редактор қызметін атқара отырып, қаламы жүйрік журналист аталған газеттің республика көлемінде кеңінен таралып, беделінің өсуіне ықпал етті. Газет беттерінде алуан тақырыпта материалдар жарияланды. Экономика, құқық қорғау, білім, мәдениет, әдебиет, медицина, дейсіз бе, бүкіл салалар қамтылды. Басылымның әсем безендірілуі, макеттің шебер жасалуы, материалдардың ыңғайлы орналасуы, тақырыптардың тартымды қойылуы бірден көзге шалынады.
Нұртөре Байтілесұлы мұнда да журналистердің алаңсыз, еркін, батыл жазуына мүмкіндік берді. Қыран өзінің балапандарын қияға ұшыру үшін қалай баптаса, сол секілді бас редактор тілшілердің де шығармашылық биіктерден көрінуі үшін дұрыс бағдар көрсетіп, олардың жақсы жақтарын мақтап, алға жетеледі. «Айқын» газеті журналистерінің түрлі сайыстарда шаршы топты жарып, жүлде алуы да бәлкім содан шығар. Биыл партиялық жобаларды үздік насихаттағаны үшін газет шолушысы Гүлжан Рахман «Nur Otan» партиясының «Нұр Сұңқар» сыйлығын алды.
Сөйтіп Нұртөре Жүсіп «Айқын» газетінде де бас редакторлық қасиетін саф алтындай жарқыратып көрсете білді. Бас редактор ұжымды игілікті істерге, ортақ мақсаттарға жұмылдырып, соған жетуге ұйтқы болды. Соның нәтижесінде «Айқын» газеті Қазақстандағы бетке ұстар, белді басылымға айналды. Жалпы Нұртөре Жүсіптің бас редакторлық қызметін, дарынды қаламгер ретіндегі шығармаларын ғылыми тұрғыдан зерттеп, оның сан қырлы жақтарын ашып көрсету, жұртшылыққа жария ету қажет. Бұл жайлы көзі ашық, көкірегі ояу зерделі ғалымдарымыз арнайы еңбектер жазып, өзгелерге үлгі етіп ұсынады деген ойдамыз.
Нұртөре Жүсіптің алған атақтары мен сыйлықтарын, шыққан кітаптарын тізбелеп, баяндау қажет емес секілді. Қарымды қаламгердің қай жерде жұмыс істесе де істі дөңгелетіп әкетіп, өзі басқаратын басылымды бағбан сияқты гүл жайнатып, құлпыртып, қызықты етіп шығарып, елдің ыстық ықыласына бөленіп жүргенін айырықша атап өткеніміз жөн. Үлкенмен де, кішімен де шүйіркелесе сөйлесіп, бәрімен тіл табысып, жабыққанды жадыратып, қиналғанды демейтін адамгершілігін, бауырмалдығын айтқымыз келеді. Ол – әрқашан досқа адал, жолдастыққа сенімді, ағайынға құшағы ашық, уәдесіне берік жайсаң жан. Ұлтымыздың мақтанышына айналған академик Ақселеу Сейдімбек Нұртөре жайлы үнемі жылы лебіз білдіріп, оның есімін өле-өлгенше аузынан тастамай кетті. ҚР Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев «Өзіміздің Нұртөреміз» деп құрметтейді. Ақиық ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Тұрғынбекұлы «Нұртөрені өзімнің туған інімдей жақсы көремін» деп тебіренеді. Басқа да елге танымал тұлғалар сегіз қырлы, бір сырлы, өресі биік үлкен жүректі ардақты азаматтың атын ерекше бір ілтипатпен атайды.
Ұлт үшін, ұлттық мүдде, руханият үшін өлшеусіз қызмет етіп жүрген Нұртөре Жүсіпті біз еліміздегі бетке ұстар зор тұлға, көрнекті қоғам қайраткері ретінде мақтан етеміз. Жақында ғана қаламы жүйрік журналист ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды.
Егер шетелдегілер: «Елін сүйетін, халқына жаны ашитын, өз ісінің шебері болған танымал азаматтардың қатарында кімдер бар?» - деп сұрағанда, Нұртөренің есімін ұялмай, батыл айтуға болады. Өйткені, ол жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, ертеңіне алаңдап, мазасыз күй кешетін, сүйікті Отанын, кең даласын аялап, қадірлейтін қазақтың кәдімгі Нұртөресі, халқымыздың ардақ тұтар асыл перзенті.
Бөлісу: