Айгүл Үсен. Ақ, қара және көк өлең

Бөлісу:

03.09.2019 6026

Ерікті өлеңдердің тарихы тым тереңде. Жаңа дегеніміз ұмытылған көне деген сөзге сай, қазіргі қазақ өлеңінде сан түрлі сипатта көрініп жүрген ерікті өлеңдердің бойынан әр кезеңде түрленген ерікті ырғақтық құрылымдардың белгісі байқалады. Тәуелсіздіктің келуімен шығармалардың идеясы мен тақырыбы ғана емес, оның формалары да өзгеріске түсті, жан-жақты түрленуі ерекше көрінді. Қазақтың дәстүрлі поэзиясында ерікті өлеңдер қара өлеңдердің түрленуі арқылы жүзеге асты. Оны түрлендіруді Абай он бір буынды өлеңдеріндегі ырғақтық формулаларды араластыру арқылы жүзеге асырды. Бұл ерікті өлеңге жасалған алғашқы қадам еді.

Өлеңтану теориясында еркін өлең мен ерікті өлең деген ұғымдар бар. Осы ұғымдардың ерекшелігі мынада, орыс өлеңтанушылары ерікті өлеңдерді вольный стих, еркін өлеңдерді свободный стих деп атайды. Ерікті өлең туралы академик З.Ахметов толыққанды зерттеу жүргізгенмен, еркін өлең туралы А.Жовтистің еңбектері ғана белгілі. Еркін өлеңдерді верлибрлер деп атап, оның қазақ өлеңінде болмаған құбылыс ретінде оны тіпті қарастырмады.

Ерікті өлеңдердің құрылымдық негізі дәстүрлі 7,8,11 буынды өлшемдердің түрленуінен жасалса, еркін өлеңдер бұл ырғақтық заңдылыққа бағына бермейтін өзгеше құбылыс, ерекше үдеріс.

Көне түркі әдеби ескерткіштері халық санасынан, тарихи жадынан жасырылған кезеңде оларды зерттемек тұрмақ, айтудың өзі қылмыс болған кезеңде басқаша болу мүмкін де емес. Еркін өлеңдердің құрылымдық сипаты бізге басыст әдебиетінен келген емес, әрбір халықтың өз әдебиетінің тарихының қатпарлы қойнауларында жатқан асыл мұра деуге ендігі кезеңде негіз бар. Бұл әдеби ескерткіштердің метафорлық сипаты қазіргі еркін өлеңдердегідей жетілген сипатта көрінбегенмен, поэзияға тән ең басты белгі пафостық негізі мықты.

Абай 11 буынды өлеңдерінде ішкі жүйені түрлендіру арқылы, яғни он бір буынды өлшемнің екі түрін 4+3+3 және 3+4+4 түрлерін еркін, жүйесіз араластыра отырып, интонацияны түрлендірсе, кейін алты аяқтары мен сегізаяқтарында ырғақтық формулаларды өзгерту арқылы өлең интонациясын түрлендіріп, ырғағын құнарландырды. «Сен мені не етесің» өлеңінде ерікті құрылым күрделеніп, өлең мазмұнына сай интонациясын тапты. Абай өлеңдерінің ырғақтық құрылымының негізі дәстүрлі қара өлең болса, қазіргі жаңа ырғақтық құрылымдардың негізінде көне түркі ырғақтары деп айтуға негіз бар. Бұл туралы Шәкәрімнің «Ескі ақындық» атты өлеңінде жаңа өлеңге айтылған сын мен ескі өлеңге сүйсінген өлең жолдарының көп мәні бар еді. Абай қазақ өлеңінің ырғақ жүйесін жаңартуда көбіне орыс классикалық поэзиясын негізге алды. Дәстүрлі 11, 8, 7 буынды өлшемдердің ішкі мүмкіндіктерін толық ашу арқылы түрлі ырғақтық құрылымдар жасап, мазмұнға сай жеңіл түрлендіру ерекшелігін көрсет отырып, қазақ өлеңдерінің құрылымдық әлеуетінің күштілігін айқындады. Шортанбай мен Бұқардың өлеңдеріне сын айтқан атақты өлең жолдарының тарихына үңілгенде бұл жай сын емес, қазақ өлеңінің тарихында жатқан үлкен проблеманы меңзейді. Түркілерден тамыр тартқан көк өлең қоғамдық-саяси дамудың арқауында өзгерістерге түсіп, сол түркі империясының құлауымен тарих қойнауында, тарих беттерінің тасасында қалып қойды. ХІҮ ғасырда пайда болған қазақ мемлекетінің әдебиетін жасаушы жырауларда оның өте қатты өзгерген тіпті аздаған белгілері ғана көрінген толғауларды айта аламыз. Мемлекеттер мен ұлттар, ұлыстар өзгеріп жатқан тұста халықтардың сөз өнерінің, мәдениетінің де өзгеруі шарт. Тәуелсіздік алған кезеңде түркі рухы қайта жанданған шақта бұл рухтың ел саясаты мен мәдениетінен, әдебиеті мен өнерінен, рухани жаңғыруынан сезілмеуі мүмкін емес. Абайдың өзінен бұрынғы ақындардың поэзиясы туралы «бірі жамау, бірі құрау» сол тарихтың сан алуан белгісін, мазмұны мен формасының сипаттарын бойына жинақтаған ерекшелігін айтып отырғаны анық. Абай реформа жасаған өлеңдердің негізінде халық жырлары мен классикалық әлем әдебиеті үлгілері жатыр. Абайдың ерікті өлеңдерінің өзінде жүйе бар. Шәкәрім ақын бұрынғыдай түр сала алмай, еркін көсілмеген қазақтың бүгінгі өлеңінде от, жалын жоқ дейді. Дәстүрлі өлшемдер ән мен әуенге негізделсе, көне әдебиет нұсқаларымен жеткен еркін өлшемдер шешендік өнер мен авторлық әдебиеттің бастауы болғаны анық.

Академик З.Ахметов қазақ өлеңінде кездеспейді деген верлибрлер ежелгі түркі дастандарының негізгі ырғақтық-интонациялық жүйесі бола алады. Ырғақ пен өлшемге байланбаған ежелгі әдеби ескерткіштердің шешендік өнермен сабақтастығына орай декламативті сипаты басым. Және оны шығарушылар ақындар емес, қоғам қайраткерлері, шешендер, кеңесшілер болуы да мүмкін. Орхан-Енисей дастандарының авторы Иоллығтегін мен Тоныкөк өз қоғамының белсенді басқару құрамында болған. Ел мен ер туралы, қоғамдық маңызды оқиғалар туралы оның ішкі-сыртқы жағыдайы мен саясатын терең білетін, ел бағытын айқындауға қатысушы адамдар жазған, не жазуға қатысқан. Сондықтан ежелгі және орта дәуірдегі түркі және қазақ көркем сөзін жасаушылар қоғам қайраткері болған. Бұл халқымыздың терең түркілік тамырынан тартылған, он сегізінші ғасырға дейін жеткен үрдіс. Бұл туралы ғалым А.Қыраубаеваның пікірі мынадай: «Тонықұқ бейнесі қазақтың жыраулық дәстүріндегі Бұқар жырауды, Қорқыт атаны, «Оғыз қаған» жырындағы Ұлық түрікті еске түсіреді... Ежелден ұлы жыраулар ханның қасында отырып, ақылшы-кеңесші болған. Жорыққа бірге шыққан, әрі жауыргер, әрі білікті сөз қстаған адамдар еді. Тарихтағы Бұхар жырау, Қазтуған, Доспамбеттер де дәл осындай тұлғалар. Тонықұқ та Елтеріс, Қапаған, Білге - үш ханның тұсында ақылшы болды.» [1.23] Көркем ескерткішті жазушылар сол шығарманың авторы ғана емес қатысушысы, әрі жасаушысы болғандықтан оның эмоционалдық-экспрессивтік бояуы айқын, интонациялық - мелодикалық жүйесі құнарлы, декламативті сипаты күшті болатыны анық. Бұл айтылған сипаттар ерікті өлеңдердің негізгі қасиеттері. Қазіргі ерікті өлеңдердің жандануы, көбеюі, верлибрлердің пайда болуы ел рухының бостандығымен тікелей байланысты. Жыраулық үрдіс әлсіреп, ақындық үрдіс өрісін кең жая бастағанда ерікті өлеңдердің дамуы саябырсып, кейде тек сыртқы техникалық деңгейде ғана көрінген-ді. Сондықтан қазіргі кезеңде ерікті өлеңдердің дамуының, көрінуінің ерекше шарықтай дамыған кезеңі деуге болады.

Қазіргі еркін өлеңдердің негізі, ырғақтық-құрылымдық, мелодикалық-интонациялық бастауы көк өлеңдер және олардың әр кезеңде өзгеріске түсіп көрінген түрлері. Көк деген атауды зерттеуші Қ.Өмірәлиевтің мына бір тұжырымынан кездестіреміз: “'Алып Ер Тоңа'” дастаны – түркі тайпаларының байырғы поэтикалық өлшемінде “көг” өлшемінде туған. Бұл өлшем бойынша, жырдың алғашқы үш жолы өзара ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен ұйқасып отырады. Көне түркі поэзиясының көг өлшемі негізінен –а -а –а –б; -в –в -в –б; -г -г -г -б түрінде болып келеді:

Алп Ер Тоңа өлді му?

Есіз ажун қалды му?

Өзлек өчун алды му?

Емді йурэк йыртулур.

Ежелгі түркі жырларына тән ұйқастың мұндай түрі бертін келе қазақтың ақын-жыраулары поэзиясынан да кең орын алғаны мәлім. Мәселен, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау толғаулары мен Дулат, Абай сияқты ақындардың өлеңдерінде көг өлшемі жиі ұшырайды. Көне түркі ауыз әдебиеті тудырған мұндай жыр өлшемін ұлы Абай өзіне ғана тән шеберлікпен жазба әдебиетте көркемдік дәстүр ретінде жалғастыра түсті. Мәселен, Абай “Білімдіден шыққан сөз” деген өлеңінде:

Әділет басқан елер ме,

Сөзге жуық келер ме?

Түзу сөзге сене ме,

Түзелмесін білген ез?[2]

Бұл жырлар мен батырлық дастандардағы түйдектердің, ақындық тезге түскендегі жаңа сипаты. Бұл ұйқасқа қатыста алынып отырғfн өлшемнің түрі. Бұл ұғымның арнасын кеңейтіп, мағынасын тереңдетіп, сақ-ғұн дәуріндегі көк бөрі, ашина, көк түріктер ұғымдарына сай және бұл шығармалардың мазмұндық түрлік формаларының ұқсастықтарына сай ортақ бір көк өлең деген ұғымды қолдануға болады деген пікірлер айтылып жүр. Бұл ұғымның ежелгі және ерте кездегі әдеби ескерткіштердің көркемдік жүйесінің мазмұнын толық ашатын бұл ұғымды енгізу дұрыс. Қара өлең, ақ өлең, көк өлең деген қазақ өлеңінің дамуындағы кезеңдерді, тұтас бір жүйелерді айқындайтын арналар. Көк өлең қазақ руханиятының терең тамыры болса, қара өлең ақындық арнаның бастауы, ал ақ өлең жаңа қазақ өлеңінің дамуы ретінде қарастырылуы көкейге қонымды. Ақ өлең деген ұғым да тек ұйқас өлшеміне қатысты алынып жүр. Осы ақ өлең табиғатын да барынша ашып, ғылыми негіздеп, жаңа өлең ретінде айқындап алу керек. Өлең теориясын жаңарту, жалпы қайбір ғылым саласы болмасын теориялық тұрғыдан толығып, оның терминдік ұғымдары жетіліп отыратын үдеріс. Қазақ әдебиеттануының теориялық сипаты баяу жаңарып келе жатқандығын өкінішпен айтуға болады.

Ерте кездегі поэзиялық үлкен дастандардың өлшемі еркін ырғақтық-интонациялық дербес құрылымдар. Ерікті ырғақтық құрылымдар - көлемі үлкен тарихи жырлардың негізі. Сондықтан көне әдеби ескерткіштердің жанрлық табиғаты күрделі. Бұл оның екі сипатына байланысты. Бірі- оның тарихилығы, яғни бұл шығармалардың туу мақсаты оның тарихилығында, ел мен жер, халық пен билеушілердің жолы, халық тағдырын арқау етеді. Жырдың мазмұнында түрлі деректер, жылнамашы мен айтушылардың ой-пікірлері астасып сан қабатты, күрделі мазмұндық құрылым жинақталады. Мазмұндағы сан қырлылық, көпқабаттылық оның формасында да көрінеді. «В структурном отношении орхонские памятники сохраняли ту же многоплановость, что и в функциональном. Сознание автора - историка и литератора - было представлено в них неравномерно. Анонимный материал меморатов получил свое выражение в виде специфической литературной формы (структуры), которая лишь отчасти являлась продуктом осознанного авторства. Источником технических методов для создания такой структуры во многом послужили древние практики ораторского искусства. В остальной своей части эта форма (структура) была либо неосознанной, либо вообще не была отчетливо выраженной. В рамках жанра орхонских рунических памятников складывались условия для формирования со временем на его основе новых жанров авторской литературы и историографии.» [3] Ежелгі әдеби ескертіштер қазақ әдебиетінің де қуатты қайнар көзі. Сан ғасырлар саяси дамудың ықпалымен қоғамдық-әлеуметтік, рухани-мәдени жүйеде көрінбегенмен, халық жадынан ол кеткен емес. Қазақ өлеңінің көркемдік-құрылымдық негізі ретінде танылуы, поэзиядағы олардың белгісін тауып, ғылыми негіздеп, өлең дамуын бүтіндеу, табиғатын толыққанды тану мәселесінде өте маңызды. Ерікті өлеңнің ерекше түрі верлибрдің негізін көне әдеби ескерткіштер деп тануға мынадай негіз бар:

Көне ескерткіштердің мелодикасы қара өлеңнен әлдеқайда бай, сан түрлі, мүмкіндігі мол. Сондықтан бүкіл әлемдік поэзияда соңғы кездері осындай өлең түрі басым. Өлеңнің бұл түрінің қазақ поэзиясында дами алмауы, кең жайылмауы оның рецепциялық мүмкіндігінің аз болуына байланысты. Бұл туралы кезінде ақын Қ.Мырзалиев пікірі бұл себепті анық көрсетеді: «Ақ өлең бізде бұрыннан бар. Бірақ ойға, образға, екпін-ырғаққа ғана сүйенген ұйқассыз өлең күні бүгінге дейін оңбай-ақ келеді. Оны айтасыз, қазақ поэзиясы он бір буынды шалыс ұйқастың өзін баурына баспай-ақ қойды. Содан да болса керек, Абай орыстың он, он бір буынды шалыс ұйқастарын өзіміздің көне қара өлең формасымен аударған. Иә, қазақ поэзиясы түшіркенгіш поэзия. Ұйқассыз өлең жаза бастасақ болды, сәби жырымыздың өн бойын бөрткен басып кете жаздайды. Төл туындыларымызды былай қойғанда аудармашылардың өзінде осылай. Сондықтан біздің көпті көрген тәжірибелі тәржімашыларымыз Уитменді де, Таку Бокуді де, Пабло Неруданы да амалсыз ұйқасқа түсіріп жүр.»[4,242].

Жыраулар поэзиясының мазмұндық-пішіндік жүйесіне халықтық үлгі мен көк өлең сипаттары жинақталған. Көк өлең сипаты оның тақырыбы мен идеясы, көркемдік ерекшеліктерінен, авторлық және тарихилық сипаттарынан көрінеді. «Ескі ақындық» өлеңінде Шәкәрім оның түрлік ерекшелігіне атап, оның еркіндігіне сүйсінеді. Ежелгі әдеби ескерткіштер мен жыраулар поэзиясының фунционалдық сипаты сай келе бермейді. Олардың обьектісі бір болғанмен, мақсаттарында айырмашылық бар. Ескертіштердің тарихилық сипаты басым болса, толғаулардың философиялық-дидактикалық мақсаты айқын.

Өлеңге реформа жасаушы ұлы ақындардың барлығының мақсаты ойға сай түр табу. Өлеңді ой иірімін толық жеткізетін ырғақтық-интонациялық жүйе тауып, оны келісті тұтас туынды ету өлең реформасының негізгі қозғаушы күші. Қазіргі поэзияда ерікті өлеңдердің сан түрлі болуы мен оның қарқында дамуының алғышарты қоғамдық-саяси өзгерістер. Рухани жаңғырулар әкелген сананы жаңғырту, тарихты жаңаша зерделеу, батыс еуропа мен өзге әлем елдерімен еркін рухани-мәдени байланыстар поэзия дамуының маңызды арнасы құрылымына да соны сипаттар дарытуда. Бұдан поэзия өседі, өркендейді, алға басады. Осы өзгерісті қабылдап қорытуға оқырман дайын ба? Ұлы Абай кезінде: «Сөз түзелді, оқырман сен де түзел» - деп жұртқа бекер сөз арнамаған-ды. Жаңа поэзияны, еркін өлеңдерді қабылдау, түсіну туралы академик М.Гаспаровтың оқырманның бұл өлеңдерді қабылдауға әлі дайын емес екендігін, ол үшін оның интеллектуалық және эстетикалық талғамы да өсуі қажеттігін айтқан. Соңғы жылдары бұл өлеңдердің оқырмандары көбейгендігі, Т.Медетбек, Т.Әбдікәкімов, С.Рахметұлы, С.Ақсұңғарұлы, Г.Салықбай, Н.Бердалы, О.Айтанұлы, А.Нұрғазыұлы, А.Тәбәрәкқызы сияқты ақындардың поэзиясына қызығушылардың молдығынан көрінеді. Ақындардың барылығында бірдей шығармалары тұтастай еркін өлеңмен өрілмесе де, еркін өлеңге деген сәтті қадамдар айтуға тұрарлық. Қазақтың терең тамыры, руханиятының қайнары көк өлеңдер қара өлең сияқты жаңа поэзияның қантамырының біріне айналып, жаңа дәуірде Мәңгілік елдің асыл мұраттарын, қасиетті құндылықтарын жаңа көркемдік кеңістікте көрсетуде жаңаша өріс ашады.

Өлеңтану дамуының теориялық негізі кеңестік кезеңде қалыптасқандықтан оны ежелгі түркі әдеби ескерткіштерімен сабақтастықта зерттеу мүмкіндігі болмағаны белгілі. Кеңестік саясат түркі халықтарын тамырын қиып, ұлт ретінде жойып жіберуді мақсат еткен-ді. Сондықтан терең тарих қойнауындағы тарихи дастандар мен әдеби ескерткіштердің құрылымы ұлт әдебиетінің негізі ретінде қарастыру мүмкіндігі болмады. «Орхонские рунические памятники не являются произведениями фольклора, хотя стилистически могут быть весьма близки ему. Фольклорные произведения представляют действительность не в историческом, а в особом, художественно-обобщенном виде. Орхонские памятники, напротив, описывают действительность в историческом виде, пусть и идеализированном при помощи стилистики. У фольклорного текста есть исполнитель, но нет автора. У рунических текстов автор появляется. Фольклор наполнен элементами вымысла, которые часто составляют его основу. В орхонских надписях допустим лишь скрытый вымысел, имеющий идеологическую, а не мифологическую окраску.» Орхон-Енисей жазбалары алғашқы авторлық әдеби туындылар болғандықтан, оның көркемдік сипаты дара болды. Бұл тұрғыдан да авторлық әдебиеттің алғашқы үлгілері ретінде оның тарихилық, көркемдік негізі айқындалу керек. Көк өлеңдер авторлық әдебиеттің бастауы ретінде танылып, көркемдік, құрылымдық жүйесін қоғамдық-мәдени, саяси- тарихи арнада зерделеу қажет.

Қорыта айтқанда, көк өлең қазақ әдебиетінің ежелгі құрылымдық бастауы. Алғашқы авторлық дараланған дербес көркем туындылар. Ол ғасырлар бойы түрлі формалық өзгерістерге ұшырап, фольклорлық жанрлармен сабақтасып, тіпті әдебиетте ізін жасырғандай болды. Тәуелсіздіктің келуімен ежелгі көне рухани қайнарлардың көзі ашылып, әдебиетте олардың сипаттары көріне бастады. Шәкәрімнің қорқыт сарыны, Темірханның көктүріктер әуені, Тыныштықбек пен Сұрағанның еркін ырғақтары мен күрделі интонациялық иірімдері қазіргі әдебиетте көк түріктердің үні мен еркін сазын жаңғыртуда. Ең бастысы бұл шығармалардың рецептивтік мүмкіндігі мол, сондықтан жаңа рухани кеңістіктегі тәжірибиелік арнадан асып, танымдық-көркемдік бағыт деңгейіне көтерілді. Көк өлең жаңа әдебиеттің, жаңа поэзияның жаңа белесі болатыны айқын. Өйткені бұл еркін өлеңдердің жүйесі әлем әдебиетінде барынша дамыған, ал біздің поэзия бұл арнаны кеңіте алмады. Дәстүрлі өлең арнасын бұзу мүмкіндігін ешкім қабылдай алмады. Сондықтан ондай әрекеттер сынға ұшырап, оның еркін дамуын тежеді. Еркін өлеңдердің дәуірі жаңа басталды деуге қазіргі поэзиядағы олардың кең таралып, түрлі көркемдік ізденістердің көрінуі еркін өлеңдердің дәуірі басталды деуге негіз болады.

Әдебиеттер:

1. Қыраубаева А. Ежелгі әдебиет.- Алматы, Өнер, 2008,- 216 б.

2. Древнетюркские письменные памятники http://group-global.org/ru/publication/

3. Кляшторный С. Г. Древнетюркские рунические памятники. Prokhorova |https://kk.wikipedia.org/wiki

4. Мырза Әли Қ. Көкейкестi. – Алматы: Атамұра, 2003. – 275 б.

Сурет авторы: Саймон Кенни

Бөлісу:

Көп оқылғандар