Қуаныш Жұмабек. «Реалия» сөздерге өте мұқият болған жөн
Бөлісу:
Көркем аударма халықтың мәдени өмірінің және әдебиеттің кең арналы саласы екені белгілі. Аударма тілді жетік білумен қатар, терең білім мен асқан жауапкершілікті талап етеді. Шығармаларды аудару барысында түпнұсқаның көркемдік жағын, сөздердің бейнелік әсерін неғұрлым толық жеткізу қажет. Сонымен қатар әр ұлттың өзіне тән болмыс-бітімі, таным-түсінігі болғандықтан, оларды ескермей кетуге болмайды. Тіпті табиғат ерекшеліктеріне де мән беру керек. Олай болмаған жағдайда, сөзбе-сөз аудармаға әкеп соғады. Мысалы, түрік бауырларымыз көзі әдемі қызға «есек көзді» дейді. Бұл сөзді қазақшаға «бота көзді» деп аударуымыз керек. Мұндай мәселелер қазақ тілінен өзге тілге аударғанда да алдымыздан шығады. Әдебиеттегі аллегория, метафора сияқты троптар мен домбыра, қамшы т.б. «реалия» сөздерге өте мұқият болған жөн. Ұлттық колоритті сақтау – басты міндеттердің бірі.
Қазақ аударматану саласына өз үлесін қосқан Ғалымжан Мұқанов пен орыс аударматануында еңбек еткен Борис Карповты алатын болсақ, екеуін де өз істерінің мамандары деуге негіз бар. Себебі Ғ.Мұқанов қазақ, француз тілдерін, ал Б.Карпов орыс, француз тілдерін жақсы білген. Кейінгі кездегі «әттеген-ай» дегізетін бір жайт, қазақ шығармаларының орыс тіліндегі нұсқасы арқылы басқа тілдерге аударылып жатқандығы. Ана тілімізді білмейтін адамның қазақ халқының дүниетанымын жеткілікті деңгейде түсініп, шығарманың мазмұнын толық ашуы мүмкін емес. Өз құндылықтарымызды ең алдымен өзіміз насихаттағанымыз дұрыс деп есептеймін.
Бөлісу: