Атыңнан айналайын, Азаттығым!

Бөлісу:

16.12.2023 8214

Нұрлан Мәукенұлы. Бостандық

Бостандықта сүрдiк пе бiз көп ғұмыр?

Азғана күн сəулелi үмiт төктi нұр:

Əлсiз шуақ қарт қазақты жылытып,

Жас қазақ сол бəсең отты сөктi бiр...

 

Жасамыс жан «шүкiр», дедi бүгiнге,

Жас арыстан, жан ашумен бүлiнбе,

Жаңғырамыз, дедi, түптiң түбiнде...

Парасаты тұнып тiл мен дiлiнде.

 

...Парқы жетсе, нарқы кетпес сөздi ұқты.

Жастық жалаң қолмен алмас кездi ұқты...

Ұмытпауды ескердi алға басқанда,

Ту сыртынан қадалатын кездiктi...

 

Бұл Қазақпен танысыңыз əуел, Сiз.

Қазақ қазақ болғалы шын тəуелсiз.

Ел мен жерге еге, бүгiн көрiңiз,

Сүйiнiңiз, дос елсiз я жау елсiз.

 

Мекенiндей көңiлi кең халықтың,

Аспанынан нұрын құйды жарық күн.

Еш жарлығы жүрмейдi ендi Мəскеудiң,

Iске аспайды қулығы Ханбалықтың.

 

Егемен ел – жасыл туы жайнаған.

Егемен ел – қонаққа түс шаймаған.

Тағдырыңа «шүкiр» деуiн десем де,

Тiрлiгiңе түйiлiп, көп ойланам...

 

Несіпбек Айтұлы. Отан

 

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,
Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!
Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,
Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Туған жұртқа тірек болу ерге – сын,
Құлдықты енді құдай басқа бермесін.
Атаң өлсе, өзің ата боларсың,
Ешқашанда Отан өле көрмесін!

Әкең өлсе, шешең өлсе жыларсың,
Балаң өлсе, бір жығылып тұрарсың.
Отан өлсе, опырылып түскенің,
Күңіреніп көрге бірге құларсың.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген,
Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.
Опат болған ерлер рухы оянар,
Отан деген лебіз шықса тілімнен.

Отанменен аспандағы Күн егіз,
Екеуінің амандығын тілеңіз.
Жас азамат, бұл Отанның қадірін,
Отансыз боп көрген біздер білеміз!

Керек қылса жолында оның құрбанбыз,
Бәріне де белді бекем буғанбыз.
Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді,
Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

 

Ұлықбек Есдәулет. Қазақия

 

Қазақиям - азат ұям,

Қоңыр жұртым, ұлы елім.

Қаңқылдаған қаз атынан

Сөз саптаған сүлейім.

 

– Қанға қан! - деп,

– Жанға жан!- деп,

Атам қазақ үйреткен.

Өтті ғасыр сандаған көп

Ақ сойылын сүйреткен.

 

Шыңбысың сен – Хан-тәңірім,

Әлде Бетпақ – шөлмісің,

Қаңсыса да қан тамыырың

Қыңқ етпейтін көнбісім.

 

Тасыдың да жуасыдың,

Түпсіз арнаң толсашы,

Дүниенің күнәсінің

Жуылатын моншасы.

 

Аялаған азаттығым

Бұл бұл ұшса басымнан,

Кімге керек қазақтығым

Мақтан еткен жасымнан?

 

Төбеңдегі Айды мына

Тұмарыңдай көремін.

Қапалы да, қайғылы да,

Қоңыр елім, өр елім.

 

Топырақтың табын сездім,

Жүгірдім де жығылдым.

Отан деген назым сөздің,

Мәнін сенен ұғындым.

 

Аспандай кең атамекен,

Иі қанбас көн дала,

Сені сүю – қате ме екен,

Сүйіп өтем сонда да!

 

Темірхан Медетбек. Қуат жыры

 

Еңкіп-еңкіп соққанда

Таудың денесінен

Тастар бұршақ боп құйылды,

Серпіп – серпіп соққанда

Үзіп жібердім

Шынжыр боп шырмалған

Бұғау боп күрмелген түйінді.

Күсінгенімде –

Күн күркіреді.

Сілкінгенімде –

Жер тітіренді.

Хахахулап

Жар салғанымда

Аспандағы бұлттар

Жерге қонды.

Ахахулап

Ән салғанымда

Аспандағы құс біткен

Көлге қонды.

Еңкейгенге еңкейдім

Шалқайғанға шалқайдым.

Асқанның орманын

Отындай өртедім,

Тасқанның көлдерін

Астаудай төңкердім.

Қысқанда қу ағаштан бу шығардым.

Сыққанда

Қара тастан су шығардым.

Атанды асықтай аттым

Қарсы келгенді

Қазықтай қақтым.

Алшайып жүрдім.

Талтайып тұрдым.

 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Отаным

 

Отаным,
Мен Сенің ел-жұртыңды да,
Шер-құртыңды да сүйген бір титімдей араймын.
Шекараңдағы мола да болғым келеді - дұшпанға қарсы зор айбын.
Ит екеш иттеріміздің де сені ғана күзетіп үргенін қалаймын.
Иә, мен солаймын.

 

Қорғансыз қалам деп алаңдайсың текке Сен.
Мен бұлт болсам да, құшағыңнан ешқашан ауып кетпес ем.
Құшағымда саған орын жоқ! - десең,
Жасырынып, тіпті Сендегі боқта өсем.
Егер, жауға бір тал тікеніңді сатып жіберсе де,
Ертең өкініштерінен өледі көп көсем.

 

Отаным,
Мен құлқынсәріден құстарыңды да тыңдаймын,
Әр қошақаныңды да тыңдаймын...
Өйткені, өзім де құсұйқылы, қошақантаңдайлы, тірі сырнаймын.
Айдаладағы адам дұға етпес көріңде жатсам да,
Бір түйір тозаңыңдағы дертке де дауа іздейді
Көзі – қара Аспандай мұң-қайғым.

 

Құдай тынысы Сенімен ғана өлшенер.
Өзіңді өзгеден қызғансам, өзімді де жарып тастар семсер ем.
Менен не қалайсың, жасырмай айт қашанда,
Жынданайын, жынданғаным керек болса егер.

 

Менің сертім осындай, нанбасаң да, нансаң да.
Топырағыңда да жүрмей-ақ қояйын алшаңдап.
Онсыз да, бар ақыл-есім - Өзің үшін сарсаңда.
Риза болар ем -
- тым құрымаса, ғұмырымда бір рет
"Ей, сорлым!" деп, төбемнен нұқып қалсаң да.

 

Күләш Ахметова. Отанды сүю

 

Отан!
Басайын сенің барлық жолдарыңды,
Қосайын құстар салған хорға әнімді.
Бұлбұлдың әуезіне араласып,
Бұл әнім араласын орманыңды.


Қалдырмай байтақ елдің сай-қырларын,
Тарасын май айында майда ырғағым.
Шөптерің шөпілдесіп, бұл ырғаққа
Билесін бұлақтарың, айдындарың.


Қарасам, қазынаның табам түрін,
Күнбағыс – табақ-табақ сары алтының.
Әр тасың жай тас емес, гауһар маған,
Жақсы әтір – жалбызың мен қалампырың.


Жоқ дегем сүюімде демалыс түк,
Бағынар сағынышқа бар алыстық.
Сүйкімді құмың, шыңың, шыңырауың,
Бар бедер, бар дидарың маған ыстық!


Бар ма екен кәусарыңды қанып ішкен,
Айтамын іңкәрліктің әнін іштен.
Әрбір тал шөбіңді де, шөліңді де
Сүйемін сағынышпен, сағынышпен.


Өзіңнің келбетіңнен күнді көрем,
Мен үшін өзеніңнің сыңғыры – өлең.
Көкте емес, көкірегімде көшеді әсем
Бұлттарың үлбіреген, үлбіреген.


Үп еткен еркін самал лебің – өлең,
Өңімде, түсімде де сені көрем.
Гүлдерің, жұлдыздарың – жүрегімде,
Біргесің меніменен, меніменен!

 

Гүлнар Салықбай. Азаттық!

 

Қаншама ағаш егілді екен сен үшін,

Қаншама дән себілді екен сен үшін.

Қаншама ақын қара жерге тірідей

Көмілді екен сен үшін...

 

Қанша қылыш сермелді екен сен үшін,

Қанша батыр жерленді екен сен үшін.

Қара жауын, қара тастың сызында

Тергелді екен сен үшін...

 

Қаншама ұлды тор алды екен сен үшін,

Арылмайтын сор алды екен сен үшін.

Қанша бұрым білегіне жауыздың

Оралды екен сен үшін..

 

Қаншама жан сөгілді екен сен үшін,

Қаншама қан төгілді екен сен үшін.

Мөлдіреген көк аспанды ту еткен

Менің алтын жеңісім!

 

Сенің атың - жаздың жайлы желінде,

Тыныштықта балқыған жер демінде.

Алма ағашы сияқтанып гүлдейсің

Атыңды айтып, күбірлеген ерінде.

 

Өлеңдесің қаламымнан құлаған,

Өзімдесің - түсінбейтін бір адам.

Үніндесің шырылдаған сәбидің

Қол-аяғын босатуды сұраған.

 

Сен - күнімсің, жарып шыққан бұлтты,

Сен үнімсің бұзған қара құлыпты.

Биіктікке құмары бір қанбаған -

Сен - бағымсың, қыран болып самғаған.

 

Ұлы армансың, алты алашты тербеген,

Ұлы айқайсың, көкіректі кернеген.

Жебеушісі - желді сүйген жанымның,

Сен - шуақсың, өлтірсе де өлмеген,

Азаттық!

 

Светқали Нұржан. Тәуелсіздік толғауы

 

Ереуіл күнді еске алдық,
Қоңыр да салқын төске алдық.
Көз жазып қалды көшімнен –
Кезеңнен мені тосқан жұт.
Күнеске қосын қондырды,
Беймезгіл шошып босқан жұрт.
Жеті қат тоңды жібіткен,
Жеті тоғыс боп деміккен –
Аңсатып жеттің, Бостандық!
Шаршатып жеттің, Бостандық!


Арылып жаным зар-мұңнан,
Тазарып тәнім зәр-жыннан,
Қайтардым есе, ес жиып
Қапымды тапқыш Малғұннан.
Сарсаң боп санам, санды ұрған
Көзіме тұман таңдырған,
Бергімнен белгі біле алмай,
Ала алмай дерек арғымнан –
Кезімде танды таңға ұрған –
Қарғып бір өтіп қарғыннан,
Алаулап асып жал-қырдан,
Ақ таңның қызыл қаны боп,
Азаттық! –
Шықтың алдымнан! –
...Сайлардан сүйрік суырып,
Көлдеуден тарттым балдырған.


Алдыңнан шықтым той тойлап,
Алақайладым айқайлап.
Реңі қашқан түр-өңім –
Түледі, қаны қайта ойнап.
Аттандық Ұлық Сапарға
Өзіңе жолды бастатып,
Бастырып қаз-қаз, тәй-тәйлап.
Аңдап бас әрбір қадамды,
Қыр – құрғақ болса,
ой – тайғақ.


Көтеріп алып басты асқақ,
Жөнелдің өзің көш бастап.
Сүріндірмек те болады –
Кейбіреу көзі қан сасып,
Тісінен улы Зәр шашып,
Жолыңа сенің тас тастап.


Жат қабақ тұрса түйіліп,
Кетеді жүрек жиі ұрып.
Қояр ма жанды шоршытпай,
Нұр жүзді, шекең торсықтай
Күндейді Дұшпан күйініп...
Тамырым кеуіп талығып,
Созылып сіңір салығып,
Зарығып көрген, Жарығым! –
Қыршыннан кетпе қиылып.
Тілеуің тілеп жатамын –
Пірлерге бағзы сиынып.


Жүзіңе тұрған нұры аңқып,
Қараймын қанбай құмартып.
Көзіңнен көшіп жатады
Жырақтағы Арман Мұнартып.
Қайыстырдық па беліңді –
Қабырғаң қатпай зіл артып? –
Шындықтың шырқау шыңына
Жұртыңның жүгін шық артып.


Көтерілгесін еңсе тік,
Жол шетін қиялға өлшетіп;
Болашақ деген өлкеге
Барамыз сені елші етіп.
Жолыңды кеткен Бабалар
Қанымен сызып көрсетіп.
Наласын, мұңын, қайғысын,
Байрағын, жырын, бәйгісін –
Тастапты саған енші етіп!


Толғатып таптық мың жылда,
Көгімнен енді жыр жырла. –
Бәйтерек - елдің бұтағын
Қыламыз ұя бұлбұлға.
Құрықсыз құлан үйретіп,
Тарпанды тағы – құр-құрла!
"Күнінен безген құлғанақ,
Айынан безген айғанақ" –
Құлыбын салсын Ындынға.
Азаттық жолы тайғанақ,
Кетпегін құлап құрдымға!


Көктем боп келсең бұлтың бер,
Жаз болсаң жайнап нұр түндер...
Күз болсаң егер қоныс бер,
Жеміс бер менің жұртым жер.
Қыс болсаң, кәне, сілкін кел!


Түрленсін, айна - көлдерім
Тозаңын қармен сүртінген.
Тон киген тоңның түнегін
Бәйшешек жатыр түртінген.
...Сабылып тапқан Қонысты,
Талығып татқан Жемісті,
Сағынып көрген Жеңісті
Кетпесін жалмап Құлқын-Көр!


Тамырдан ақсын от қайнап,
Болмасын төсек жатқа аймақ.
Құсжолыменен жүйткісін,
Астыңа мінген Көкмойнақ.
Шашылып түссін жұлдыз - тер,
Жалына қызыл шоқ байлап.
...Аспанмен кеткей астасып –
Қолыңа алған Көк Байрақ!..

 

Есенғали Раушанов. Біздің егемендік хақында екі ауыз сөз

 

Жоқтық деген немене – барлық делік,

Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп.

Дүниедегі ең ұлы көрініс не?

Ол шідерін үзген ат қарғып келіп.

 

Мен қайрылдым, сендағы бұрылшы, інім,

Қалай не деп ұғамыз мұның сырын.

Аяғыма қараймын – шідерім жоқ,

Неге қақсай береді жіліншігім?

Бөлісу:

Көп оқылғандар