Дана Абайдан Даниярға дейін

Бөлісу:

30.03.2020 5124

Осы біз ұлы Абайдың ұрпақтары жөнінде не білеміз? Асылдың сынықтары қайда жүр? Не істеп жүр? Бұл сауалдарға келгенде көпшілігіміздің күмілжитініміз рас.

Біле-білсек, ұлының ұрпағы болудың өзі – жауапкершілік. Сол жауапкершілік жүгін кімдер арқалап жүр? Ақиқатын айтсақ, асылдың сынықтары бүгінде ат төбеліндей аз қалды. Саусақпен санарлықтай ғана. Олар кімдер? Айтайық.

Қазір Абай атамыздың бес ұрпағының көзі тірі. Айдар Ақылбаев Ақтауда тұрады. Ол – Абай атамыздың шөбересі. Ақылбайдың Әлімқұл деген ұлының Бағфур деген баласынан туған. Ал Айдардың Данияр деген ұлы бар. Ол – дана Абайдың шөпшегі, бесінші ұрпағы, еркек кіндіктіден қалған жалғыз тұяғы, соңғы үміті.

Күлзипа Ысрайылқызы (1925 жылы туған). Қазір Зайсанда. Ол – Ақылбайдың ұлы Ысрайылдың қызы. Ұлы ақынның көзі тірі немерелерінің бірі.

Апалы-сіңлілі Ишағы (1922 жылы туған) мен Ғазел (1925 жылы туған) Жағыпарова. Бұл кісілер ұлы Абайдың өзіне тартып туған ақын ұлы, “Еңлік-Кебек”, “Медғат-Қасым”, “Абылай” поэмаларының авторы Мағауияның бел баласы Жағыпардан тарайды.

Абай атамыздың көзі тірі ұрпақтарының ішінде ең үлкені – Ишағы апамыз. Қазір Алматыда тұрады. 87 жаста. Біз апамыздың үйіне арнайы барып, хәкімнің ұрпақтары жөнінде, өз өмірі турасында әңгіме-дүкен құрдық.

Ишағы Жағыпарқызы

Құнанбай бабамның жасынан астым

– Ишағы апа, өзіңіз ұлы Абайдың ұрпағысыз. Ақынның төртінші ұлы Мағауияның Жағыпарының қызы, яғни Абайдың шөбересі боласыз. Биыл 87 жасқа келіп қалған екенсіз. Әңгімемізді ұлы тұлғаның соңында қалған ұрпақтарынан бастасақ.

– Мен Абай атамыздың төртінші ұлы Мағауияның немересі боламын. Әкем Жағыпар – Мағауияның кенже баласы. Ол кісінің үш қыз, екі ұлы болған. Соның бүгінде көзі тірісі – сіңлім Ғазел екеуіміз. Басқалары дүниеден ерте қайтты. 60 жасқа да жеткен жоқ. Бәрінен менің жасым озды. Қазір 87-демін. Құнанбай қажы атамыз 86 жасында дүниеден қайтқан екен. Менің қазір ұлы бабамның жасынан асқан жағдайым бар. Әкеміз 1934 жылы қайтыс болды. Мұғалім болып қызмет істеді. Оқыған кісі еді. Әкеміз дүниеден өткеннен кейін бастапқыда бір туыстарымыздың қолында тұрдық. Содан соң Семейдегі 11-ші мектеп-интернатта тәрбиелендік. Интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде соғыс басталды. Алдымен отбасымыздағы ұлдар майданға аттанды.

– Білуімше, ұлы ақынның әулетінен өзіңізді қосқанда 10 шақты адам майданға қатынасқан екен.

– Иә, біздің әулеттен оншақты адамның майданға алынғаны рас. Соның менен басқа ешқайсысы елге оралған жоқ. Бәрі хабарсыз кетті. Біздің үйден менің ағам мен інім де соғысқа қатынасты. Біреуінің аты Жошыхан Мағауин еді. Өзі ақын болатын. Соғыста жүріп қарындасы Ғазелге өлеңдер жазады екен. Соғыста жазылған шығармалар жинағына Жошыханның екі өлеңі енгізілген.

– Өзіңіз де соғысқа қатыстыңыз емес пе?

– Мен майдан даласына 1942 жылы мамырдың 2-сі күні аттандым. Бір топ құрбыларыммен бірге. Біз семейлік үш-төрт қыз майданға өз еркімізбен әскери комиссариатқа барып тұрып сұрандық. Ұлдар кетсе, біз де кетеміз дедік. Жаспыз. Аңғалмыз. Мен небәрі 20 жастамын. Жастықтың қызуымен майданға қалай сұранғанымызды да байқамай қалдық. Сол қыздардың ішінде көрнекті жазушы Әзілхан Нұршайықовтың жұбайы Халима да болды.

Содан қойшы, бізді вагонға отырғызып алып кетті. Қайда апара жатқанын да айтқан жоқ. Бірақ орта жолдан кері қайттық. Шамасы, бомбалады-ау деймін. Сөйтіп, бізді Ресейдің Хабаровск қаласына алып келді. Сол жерде кіші әуе мамандарын әзірлеу курсын оқып, қарушы-моторшы мамандығын алып шықтым.

Біз Германия жақта емес, Жапониямен, Манчжуриямен болған соғысқа қатыстық. Қиыр Шығыс шебінде жүріп жатқан соғыста самолет моторшысы, жұмысшысы болдым. Бізге бәрін үйретті. Ұшақты жөндейміз. Ұшаққа от алдырамыз. Ұшқыштарды дайындап, ұшағына отырғызып жібереміз. Олар сол кеткеннен мол кетеді. Біздегі ұшақтардың бәрі қираған, ескі болатын. Түкке жарамайтын. Сонда да жөндейтінбіз. Герман соғысы біткеннен кейін Сталин Жапонияға соғыс ашты. Әскердің барлығын сонда төкті. Бірақ ешкімге айтпады. Барлық генералдардың фамилиясын өзгертіп жіберді. Жуков Васильев болды. Жапониядағы соғыс 1945 жылдың тамыз айында басталды. Соғыс басталған күні түнде ұштық. Сондай биікпен ұштық. Жапонияға келіп тоқтап, ары қарай машинамен бардық. Сөйтіп жүріп жалғыз өзім бір экипажға келдім. Бір қазақ жоқ. Бәрі орыс. Мен орысшаға шорқақпын. Орысша сөйлеймін, бірақ қорқам. Жалғызбын. Сосын отырам да жылаймын. Елге қалай қайтсам екен деп.

1946 жылы 4 қаңтарда Алматыға келдім. Қалаға келгеннен кейін ҚызПИ-ге оқуға түстім. Одан кейін ол оқуды аяқтамай қазіргі Абай атындағы Алматы педагогикалық институтына сырттай оқуға тапсырдым. Өйткені әпкем мен сіңлім болды. Ешқайсысы жұмыс істемеді. Жан бағу керек. Сөйтіп, мен Алматыдағы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналастым. Сол жерде қырық жылға жуық кадр бөлімінде қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым.

Данияр Ақылбаев

Абай атамның шөпшегі Ақтауда тұрады

Мұхтар Әуезовпен қандай қарым-қатынаста болдыңыз? Ол кісіні көрдіңіз бе?

– Әрине, көргенде қандай! Ол кісіні көріп қана қойған жоқпын, аялы алақанының жылуын, ағалық қамқорлығын сезіндім. Мұхтар ағаның Мағауияның қызына қалай ғашық болғанын, қалай үйленгенін – бәрін-бәрін бес саусағымдай білемін.

Соғыстан соң Алматыға келгенде, ең алдымен түскен жерім де Әуезовтің үйі. Қалада Абай атамның Мағауиясының Уәсилә деген үлкен қызы тұратын. Соның қолына келіп тұрдым. Біз Мұхтар Әуезовтің үйінде көп болатынбыз. Сонда Мұхаң “мен Мағауиядан тарағандарға айрықша көңіл бөлемін” дейтін. Өйткені өзі Мағауияның қызы Кәмиләні алған ғой. Мағауияның Мұхаңа тиген Кәмиләсі ғана емес, Уәсиләсінің де, екі қызының да Әуезовке сіңірген еңбегі өте көп. Біз өле-өлгенше Әуезовтің үйінде бас қосып, кездесіп жүрдік. Әуезов Абай атамнан қалған ұрпақтарын жылына бір-екі мәрте үйіне шақырып қонақ қылатын, әңгімелесетін. Бізге айрықша қамқорлық танытты. Ерекше жақсы көрді. Бір жай есіме түсіп отыр. Айтайын. Мұхтар Әуезовтің “Абай жолын” жазып жатқан кезі екен. Соғыс уақытында Абай атамның бауырында өскен Уәсилә апайымыз Әуезовтің күйеу баласы Мұсатай Ақынжановтың үйінде отырса керек. Мұсатай сол уақытта университетте сабақ берген, профессор болатын. Мұхаң осы күйеу баласының үйіне бір шаруалармен келіп қалады да, қонақ болып отырған Уәсиләні байқап қалады. Мұхтардың 1927 жылдан кейін Уәсиләні көріп тұрғаны сол екен. Мұхаң сол жерде Уәсиләні көргеннен кейін үн-түнсіз кетіп қалады. Кетіп қалады да, бірден жаңағы күйеу баласына телефон соғады. “Мен Уәсиләнің алдында ұяттымын. Оның Кәмилә деген сіңлісін қатты ренжіттім. Уәсиләмен мен қалай кездессем екен, одан кешірім сұрауым керек” дейді. Мұсатай Ақынжанов Мұхтарға “Сен Уәсиләні үйіңе қонаққа шақырып, сосын кешірім сұра” деп кеңес береді. Уәсилә апайымыз сондай ақылды, байсалды, сабырлы жан еді. Сөйтіп, Мұхаң Уәсиләні үйіне шақырып, қонақ қылып, сіңлісін ренжіткенінің себебін айтып, арада қандай уақиға болғанын жеткізіп, кешірім сұрап отырып былай дейді: “Мен қазіргі уақытта Абай атамды жазып жатырмын. Абай атамның Кәмиләдай қызын ренжіткенім үшін қайтсем де жарыққа шығарамын. Сол арқылы өз кінәмді жуып-шаюға тырысамын” дегенде Уәсилә апамыз “кешірдім, әкемді жазып, шығарып жатсаңыз, кешірмегенде қайтемін” дейді. Мұхаң кешірім сұрағаннан кейін олар жақсы араласып кетеді.

– Абайды жұрт қанша жақсы білгенімен ақынның соңында қалған ұрпақтары жөнінен көбі бейхабар. Осы туралы кеңірек айтып өтсеңіз. Бүгінде Абай атамыздың ұрпақтарынан көзі тірі кімдер қалды? Қайда жүр? Қай жерде жұмыс істеп жатыр?

– Абай атамыздың ұрпақтарынан қазір көзі тірі бес адам қалдық. Соның ішінде үлкені – мен. Содан кейін туған сіңілім Ғазел. Қазір Алматыда тұрады. Ол кезінде Алматыдағы киноактер училищесін бітірген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқыған. Ғазелді тәрбиелеп, үлкен өмір жолына түсірген – Мұхтар Әуезовтің өзі. Біз бәріміз соғысқа кеткенде Ғазел мына жақта жалғыз өзі қалды ғой. Сол кезде ол Әуезовтің үйіне барады. Әуезов оны Қаскелеңдегі балалар үйіне орналастырады. Содан кейін университетке оқуға түсіреді. Университет бітіргеннен кейін біраз уақыт жұмысқа кіре алмай жүреді. Сонда Мұхтар Әуезов Шәкен Аймановқа айтып, оны көмекшісі қылып жұмысқа орналастырады. Біреу білер, біреу білмес, “Қыз Жібек” фильміндегі Қыз Жібек рөлінде ойнаған қызды менің сіңлім тауып берген. Оның Қыз Жібек рөліне лайық қызды іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Семей барады. Жамбыл барады. Не керек, еліміздің бірнеше қаласын аралайды. Ең ақырында Алматыдағы бір мектепке келеді. Сол мектептің 8-ші сыныбында оқып жүрген бір қыз көзге түседі. Оны Шәкен Аймановқа алып келеді. Сөйтіп, сол қыз киноға түседі. Ол қыз – қазір елімізге танымал актриса Меруерт Өтекешова. Ғазел саналы өмірін киностудияда өткізді. Ұзақ жылдар бойы киностудияның жанынан құрылған Ш.Айманов атындағы мұражайдың директоры болып қызмет атқарды. Қазір зейнеткерлікте. Абай атамыздың Мағауиясынан тараған көзі тірі ұрпағы осы екеуіміз.

Ал ұлы атамыздың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған екі ұрпақ бар. Оның бірі Ақылбайдың Ысрайылының қызы Күлзипа. Күлзипа ұзақ жыл Семей облысы, Абай ауданының Қарауыл ауылында тұрды. Мұғалім болып қызмет істеді. Қазір Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында тұрады. Зейнеткерлікте.

Ал Ақылбайдың немересі Бағфурдан өрбіген ұрпақтар қазір Ақтауда тұрып жатыр. Олар Айдар Ақылбаев пен оның ұлы Данияр. Айдар Абай атама шөбере болса, Данияр шөпшек болып келеді. Айдар 1949 жылы дүниеге келген. Мамандығы – мұнайшы. Ұзақ жылдар осы салада қызмет істеді. Әлі де ат үстінде. Бүгінде 60 жасқа келді. Данияр 1971 жылы өмір есігін ашты. Алты жыл Санкт-Петербургте оқыды. Мамандығы – мұхиттанушы. Елімізде мұндай мамандық алған жандар өте сирек. Сол сиректің бірі – дана Абайдың шөпшегі Данияр. Отбасын құрған. Екі қызы бар. Абай атамыздың ұрпақтары арасында бүгінде көзі тірі еркек кіндіктен қалған жалғыз тұяқ, жалғыз ұл осы – Данияр. Сондықтан оған артар сеніміміз мол. Ұлы атасының ұрпағын ғасырдан ғасырға жалғай берсін.

Шәкерім Құдайбердіұлы

Шәкәрім атам мені сары қыз дейтін

– Өкінішті болса да айтайық, Өскемен қаласында әлемге әйгілі Абай атамыздың ескерткіші жоқ. Осы мәселені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көтеріп жатыр. Алла сәтін салса, іс оңынан шешілмек. Абайдың ұрпағы ретінде сіз не айтар едіңіз?

– Абай атамыздың өзінің туған жері, кіндік қаны тамған алтын бесік атамекені Шығыс Қазақстан облысында, әсіресе оның орталығы – Өскемен қаласында еңселі бір ескерткішінің болмауы ұят нәрсе. Абай – қазаққа ғана емес, әлемге ортақ тұлға. Республикамыздың әр аймағындағы қалалардағы Абай атамның ескерткіштері, көше атаулары мен университет, мектептерді былай қойғанда, ол кісінің атында Германияның астанасы Берлинде көше бар. Осыдан бір-екі жыл бұрын Мәскеуде ескерткіш тұрғызылды. Сонда әлем құрметтеген Абайдың қадіріне өз жері, өз топырағы жете алмағаны ма? Абай атама ескерткіш баяғыда қойылып, көше аты ендігі берілуге тиіс еді. Облыс әкімі, белгілі азамат Бердібек Сапарбаев Абай атама ескерткіш қойып жатса, оған дән ризамыз. Азаматтың еңбегі жемісті болсын. Біздер енді қартайдық. Асарымызды асадық, жасарымызды жасадық. Абай атамызға көрсетілген құрмет – сол дананы дүниеге әкелген халыққа көрсетілген құрмет. Ендеше, игі іс оңынан болғай!

– Өзіңіз Абай атамызға қатысты шаралардың барлығына қатысып, басы-қасында жүретін шығарсыз?

– Қатысамын. Барамын. Үнемі шақырып тұрады. Семейге бірнеше рет бардым. Бәріне қатысамын. Барлық жерге шақырады. Қалдырмайды. Астанада неше мәрте болып қайттым. Мен туралы үш-төрт кітап та жазылған.

Былтыр Шәкәрім атамның басына барып қайттым. 150 жылдығы болды ғой. Мен ол кісіні көрген адаммын. Ол кісіні ГПУ атқанда мен он жастамын. Біздің үйге келіп тұратын. Үнемі кебіс, мәсі киіп жүретін. Шәкәрім атам мені сары қыз дейтін.

Жидебайға барып тұрасыз ба?

– Барып тұрамын. Әке-шешемнің сүйегі сонда жатыр. Ақшоқыға қойылған. Өз әкем Құнанбай қажының қасына жерленген. Әкемнің шешесі, қарындасы барлығы сол жерде. Бізге де олай-бұлай болып кетсек, сол жақтан топырақ бұйырар.

– Жыл сайын барып тұрасыз ба?

– Жыл сайын бара алмаймын. Денсаулық көтермейді. Олай-бұлай көп жүре бермейміз. 90-жылдары Мұхтар Құл-Мұхаммед “Атамұра” корпорациясын басқарып тұрғанда жаңа жылдың бірінде банкет ұйымдастырып, зиялыларды, бізді шақырды. Бір жолы сондай шақырудың бірінде Мұхтар былай деді: “Осында Абай атамыздың ұрпақтары, Мағауияның екі қызы, біздің апайларымыз отыр. Осы екі апайыма мен өзімнің корпорациямның атынан 20 мыңнан зейнетақы тағайындаймын. Ишағы апайға, Ғазел апайға”. Бір-екі ай өткенде өзі Астанадан арнайы келіп, бізді шақырып алып, қаулысын шығарып, өмір бойына зейнетақы тағайындады. Әлі күнге алып тұрамыз. Әуезовтен кейін бізге көмек қолын созған – осы Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырымыз. Ол көп кісіге қарайласады. Әлгі, тікұшақ құлағанда біраз кісі мертікті, ал Мұхтардың аман қалғаны да содан болар. Соның бәрі елдің алғысы, ақ тілегінің арқасы ғой. Қайда жүрсе де, аман болсын, айналайын! Елі үшін туған азамат қой. Айтпақшы, елімізге белгілі Сиязбек Мұқашев деген азамат бар. Сол кісі Абай атамызға шөпшек болып келеді. Абай атамыздың үлкен атасы Ырғызбай жағынан туыс. Өзі бір кеңпейілді азамат. Абай атамның, Шәкәрім атамның тойларын атаусыз қалдырған жоқ. Ас беріп, мал сойғызды. Қазір 70-те. Астанада тұрады.

Есіміңіз ерекше екен. Бұл есім қандай мағына береді?

– Бұрын мені Иісжан дейтін. Мен де өз атымды осылай екен деп ойлайтынмын. Бірде маған Мұхтар Әуезов «сенің атың Иісжан емес, Ишағы» деді. Мен «білмеймін» дедім. «Атыңды неге өзгертіп жүрсің?» дегенде, тағы да «білмеймін» дедім. Кейін білдім, Құнанбай атамыз Меккеге барғанда Ғабитхан молданы қасына ертіп барған екен. Ғабитхан Құнанбай атамыз дүниеден өткен соң Қарауыл мешітіне бас болып, Абай ұрпақтарын оқытады. Ғабитхан молданың інісі Махмұд деген молда менің атымды Ишағы деп қойған екен. Кейін бұл есімді Құран кітабының ішінен кездестірдім.

Публицист Азамат Қасымның "Ел - әңгімеші" кітабынан

Бөлісу:

Көп оқылғандар