Біржан Ахмер. Пафостың күйреуі
Бөлісу:
Әдебиеттің кез келген жанрында пафос кездеседі. Пафостағы эмоциялық бояулардың көп болуы немесе керісінше мүлдем аз болуы, әлбетте, авторға байланысты. Автор өзі жазған шығармаға пафостың деңгейлерін шақтап беру арқылы шығарманың өн-бойына жан бітіреді. Сол құбылыстың нәтижесінде әртүрлі, стилі бөлек шығармалар дүниеге келері анық.
Пафос – өзгермелі ритм. Сондықтан көзі қарақты оқырман оны бірден байқап, өзіне тиісті дәрежеде қабылдайды. Тіпті, бір өлеңнің ішінде көтеріңкі және төмен тонда оқылатын бірнеше пафос болуы ғажап емес. Басқаша айтқанда, өлең – музыка десек, пафос – сол музыканың дыбысын зорайтып немесе азайтып тұратын «құрал». Проза мен драмада да солай.
Қазақ әдебиетінің дәуірлеу кезеңдеріне көз жүгіртсек, біздің сонау жыраулар поэзиясынан бергі заманымызға дейінгі пафосымыз біртіндеп төмендегенін байқаймыз. Бұрыңғы жауынгерлік рух, тайсалмайтын жігер, тәуекелге бел байлайтын асқақ мінез жыраулар дәуірінің еншісінде кеткендей. Ол – табиғи заңдылық. Себебі жыр-толғау – өлім мен өмірдің қыл көпірінде тұрған майдангер батырға рух бермесе, жанын асқақтатпаса, жеңіске жету неғайбыл еді. Мысалы, Махамбет Өтемісұлының: «Мен – мен едім, мен едім! / Мен – Нарында жүргенде, / Еңіреген ер едім», – деуі пафостың жоғары деңгейін көрсетеді. М. Өтемісұлы мұндай «менмендігімен» дұшпанның сесін қайтарып, өзінің биіктігін байқатып тұрғаны анық. Сондықтан да бұл жырды оқыған оқырманның арқасы қозып, ішіне алапат күш пен айбат кіргендей болады. Бұл – шығарманы жазған автордың табиғи болмысынан шыққан дауыс. Мұны ыңылдап немесе сыбырлап айту мүмкін емес. Дана халықтың «төбе құйқасы шымырлады» дейтін тәмсіліне негіз болатын осындай жырлардың эмоциялық күйі ақынмен бірге туып, сонымен бірге дамыды.
Поэзияның стильдік еректігі мен түріне тереңірек үңілсек, астарында автордың характері «менмұндалап» тұратыны анық. Буырқанып, бұлқынып шығатын сөз-жанартауын ақ параққа «сыйдыру» да оңай емес. Ол – бейне бір жолындағысын жайпап өтетін тасқын секілді. Бұған тосқауыл қою мүмкін емес. Біздің ауыз әдебиетіміздің айырмашылығы да осында болса керек. Сана түкпірінде сақталған сөздер тізбегі ұлттық сарынмен үйлесіп барып сыртқа шығады. Жады мықты жыршылар бір кітапқа жүк боларлық толғауларды, дастандарды көсіле айтып беретіні де соның әсері.
Жоғарыда сөз болған пафостың тағы бір түрі уақыт өте жаңаша сипат алып, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде өзіндік көрініс тапты. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы: «Өмір гүлін жаншып, таптап, / Шаштан сүйреп махаббатты, / Жерімізде жындай қаптап, / Найзаға іліп ар-ұятты, / Келе жатты сұм жендеттер», – деп басталады. Бұл шумақтағы динамикалық өрістің шебер болғаны соншалықты, оқырман соғыстың ортасына өзі түскендей күй кешеді. Мұндағы «жаншып», «таптап», «сүйреп», «іліп» сөздері оқиғаның поэтикалық дыбысын зорайтып, тым жаңғыртып жіберген. Міне, сол арқылы автор өзінің діттеген мақсатына жете білді.
Өлеңдегі сарынның түрлері көп. Бірақ солардың ішінде қазақы «әуеннің» біздің оқырманға жылы тиері белгілі. Таңсық ритмді бірден қабылдау қиын. Бірақ әлем өркениеті мен мәдениеті ілгері жылжыған сайын біз де жаңа сарындардың ақ-қарасын ажыратып, керегін алуымыз қажет. Егер, шынымен де, өлең – сарынға негізделсе, онда ұйқас пен бунақ та жоғалып кетуі мүмкін. Дегенмен, мұндай жорамал қазақ оқырмандарының арасында тиісті деңгейде қарастырылмағандықтан, әзірге бұл көзқарастың ауылы алыста.
Пафостың орта деңгейіндегі өлеңдерді XX ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясының дамуына үлес қосқан ақындар орнықтырып кетті десек, қателеспейміз. Бірақ барлығы емес. Төлеген Айбергенов секілді табиғи талант иелері жаңа буынның дауысын жалпақ жұртқа естірте білді. Оның: «Бір жетсе менің ажалым жетеді. / Адам қолы жасаған ұяттардан. / Қалыңдығы осынау сияқты орман, / Әйтпесе, пысықтыққа пысқырмайды, / Мендегі қуатты арман», – деуінен ақындық болмыстың шынайы бейнесін аңғарамыз. Айбергенов «Зар заман» дәуірінде үзіліп қалған үмітті қайта жалғап, жырау бабалардың қайсарлығын тағы бір танытқысы келгендей.
Осы орайда, Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығын да айта кету керек. Аталған автор жоғары пафостан көрі орташа сарынды құптап, нәзік лиризм мен табиғи болмыстың қосындысынан өзіндік өлеңдерді тудырған. Мәселен, «Дүниенің ағын да, қарасын да, / Мыңқ етпейсің қабылдап аласың да», – дейді ақын. Мақатаев бұрыңғы дәстүрді қайталағысы келмей, поэзияға жаңа сипат берді. Жырларына алып-ұшқан эмоциялық күй емес, сәл басыңқы, бірақ мағынасы зор, астарлы сарын сыйлап кетті. Хәкім Абайдан кейін дәл мұндай жолдың Мақатаев поэзиясында орын алуы да – заңдылық. Сондықтан бұдан кейін сөз – көңіл-күйге емес, зілді ақылға бағынды.
XXI ғасырда пафостың сипаты да, бояуы мен дауысы да мүлде басқа арнаға түсті. Көз көріп, құлақ естіп жүрген поэтикалық мектептердің біршамасы көлеңкеде қалып, жаңа түрдегі өлеңдер белең алды. Әрине, мұның көптеген себептері бар. Соның ішінде адамзат санасының мүлдем өңге бағытқа бұрылып, психологиялық күйзеліске ұшырауы поэзияға әсер етпей қоймады. Десе де, мұндағы күйзеліс – ойдың дамуының тежелуінен емес, әлеуметтік-экономикалық және т.б. факторлардың әсерінен пайда болған құбылыс деуге болады.
Соны бағыт – өзімен бірге соны иірімдерді әкелді. Мәтіннің маңызы артып, оқудың құндылығы түсті. Бірақ әр кезеңде емес, ара-тұра. Мәселен, Тыныштықбек Әбдікәкімұлының мына өлеңдегі дыбысты тыңдап көріңіз: «Жұмық көзім түрлі-түсті шиырлайды мың ізді.../ Түні бойы қобыз шалар терезем. / Есігім – сыбызғы». Немесе Бауыржан Майтайдың: «Біздің айналамызда бірін-бірі жасырған іздер, / Ауа дерсің бізді торлаған, / Сонымен тыныстап отырғандаймыз. / Аспанды жапқан, / Бізді де жасырады», – деген өлеңін оқып көріңіз. Қызық. Бұл жолдардан тасырлаған дыбысты есту мүмкін емес, тек құлақ тосып, тыныштықты ғана тыңдайсың. Мүмкін, пафостың 0-дік деңгейі осы шығар?..
Қорытындылай келе, әдебиеттегі мінездің, эмоциялық көңіл-күйдің, сарынның жиынтық бейнесі – пафос екенін аңғарғандай болдық. Пафоссыз туындыны – өлеңге жатқыза алмаймыз. Ол шығарманың лабиринтінде, түбінде шырқалған әуен іспетті. Оны есту қиынның қиыны және өте оңай.
Көрнекі сурет: mindomo.com
Бөлісу: