Өркен Салубай. Әлмисақтан да ары, уақыттан да ескімін
Бөлісу:
Амалнамадан-1
Ықылым ымырасына өлқая нәпсімді сендірдім,
Аңыздан бұрын ескіріп қалам мен бір күн.
Көкжиектен көріп тамшылап тұрған от қанын,
Дүниенің жаратылмаған сәттерін жоқтадым.
Ғайыптағы қара нұрлардан тамып кеткен меңдерім,
Өзіңнен іздеймін жанымның жылдық шеңберін.
Әлемдік ерінудей ақынның жүрегі тым маңғаз,
Өлімде оны өзінен тағы қызғанды аз.
Қара тастардың жүрегіндегі іздердей қына,
Мен де өзіңдей әлмисақ адамымын бейкүнә.
Бұл дүние абақтысы еді Мағжанның,
Менде ертегіден бұрын ескіріп тағы қалғамын.
Жүрегімнің соғысына таласты мимырт үн,
Аңсаймын енді Тәттімбетімнің күй жұртын.
Ер Төстіктің темір таяғынан қалған тебенмен,
Жоғалған құрлықта топырақ іздедім көбемнен.
Ер Төстіктің темір етігінен қалған теңгемен,
Тәндерімді сатып алуға келген ем.
Пәни де мені қарсы алған мүлде жоқ тіптен,
Тәндерім онда келер деп мені көп күткен.
О, менің шекісіздікке ұмтылған кіші ғаламым,
Мен де ішмде жатқан біреудің түсі ғанамын.
Амалнамадан-2
Көне бесіктің басында оянған ескі ілім,
Мен сәбидің іңгәсін, ананың әлдиін естідім.
О, Хауа ата, Хауа ана, сен жаратылғансың, мен туылғанмын,
Сен ұжымақтан мен жер бетінен қуылғанымын.
Ұят пен опаның қасиетінен дарыған кезде үкі ырым,
Естілді анамның құрсағындағы алғашқы тыпырым,
Топырақпен жамап тәнімнің тесілген іреңін,
Уақыттан жасырынып әлмисақ түкпірінде тұр едім.
Шексіз қиял сызығына қойылды елестік нүктем,
Сосын жазықтықтарыма сіңіп жоғалды кеңістік біткен.
Қисық бұтақтар нажағайдың көлеңкесіне айналғанда,
Болмсымды түпсіз аспанның нілімен боядым,
Мен ықылым заманнан бері түсімнің өңінде ғана ояумын.
Дүниеге келгенде мынау жарық жылдамдығындай жыбырлап,
Шайтан мен періштелерім тұрды екі иығымда сыбырлап.
Жарықтан қашады адамдар өз көлеңкелерін өлтіріп,
Сосын мүрделерін алақанына жерлейді уысына топырақ толтырып.
Сол кезде маған Тәңіри болмысқа шексіз жақындап,
Үнсіздікке айнал деді меңіру жатқан тас ымдап.
Саналық қауышу
Қарғалар шоқып тескен денемнің арғы жағынан,
Өз топырағына көмілген қара жер көрінді.
Өңімде бәлкім көрген түсімде жорылды.
Бір мүмкінсіз ақиқат оятып жіберді,
Ғайыпқа деген мекіренген сәбилік санамды,
Үйткені мен тумай жатып-ақ танығам анамды.
Сосын теңізден терең көз жасымды да кептіргем,
Маңдайымды табаным ізіне жиналған судағы Ай сағымына өптіргем.
Бізге жатырқап қалған дүниенің пернесін тырмалап,
Өзімнен аумайтын біреу ішінде оның тұр қарап.
Көрмегем дәл мұндай тосырқап айнаның алдында тұрғанда,
Әлде ол рухым ба екен тәнімнен бұрын ұрланған.
Айтамын сосын өзіме, ол мүлде өзің емес деп,
Саусағыма қараймын тағы түрменің қабырғасы елестеп.
Оның дауысы маған ауасыз бостықпен жетіп тұр,
Айтқаны тек анамның ауызындағы бесік жыр.
Бақилық бояу
Аппақ жарықтың ішндегі жеті түрлі сәуленің,
Топыраққа жасырған жұмбағын іздеумен әуремін.
Әлемнің адасқақ нұрлары жанарыма сіңді,
Бір ырғақ мені меңдетті күйден де мұңлы.
Сәулелер қарашығымды түн екен деп қалған,
Аққан жұлдыздан адасып қалдым, ілесем деп жалған...
О, бояулар патшалығы, тамып тұратын бақидың көзінен,
Мен өзімнің ескірген сурет екенімді сезінем.
Қалғамын осылай пәнидің кеңестік парағында,
Жуындым сосын уақыт дейтін бар ағынға.
Есіме алдым меңіреу тастарға қашалған бәдіздерімді,
Іздедім тағы ежелгі заманда қалған әр іздерімді.
Һам табиғат ананың перзенті-тәңірлі көкбөрі тәрізді өңімді.
Менің де бір бояуым бар ешкім ажырата алмайтын түсін,
Жане бір түссіз әлемге бояған ішін.
Жер ана алақанымен көтеріп алған сәбидің,
Бақилық бояуын жұмақтық исінен танимын.
Сол бояу тағы дауысқа айналады іңгалап,
Перштелер оны орап қояды қанаттарымен мың қабат.
Мәңгіру
Балауыз шамның жалғыз тал білте жібімен,
Қараңғы түннің жарасын тігіп.
Жатамын сосын қап-қара бояудың ішінде қарашықтай бұғып.
Ол бәйтеректің басындағы жалғыз тал от жапырақ,
Өзінің діңінен кейін үзілетін.
Арбап тұратын қисапсыз көкжиектің де қызыл отын.
Бейуаз жарық, тынштықтан да тынштық іздейтін,
Ентелеген үнсіздік, үмітін мәңгі соққан жүрегімнен үзбейтін.
Осы балауыз шамға найзағайды тамыр етіп бергім келеді,
Осы жалғыз тал жарықтың өткен шағына ергім келеді.
Ұлы бір құлазу басталды тағы...
Доғалы тілім менің кемпірқосақ сөздерге толып,
Сәби рухым жаурады, сұқ тамырлы көздерден тоңып.
Мен киіз үйімді айналып ержеткем, ғарышта солай еді.
Ал, мен шеңбердің тілін меңгергем,
Кім маған түсімнің ішнде қасқағым өң берген.
О, өз тәніне жасырынып қалған адамдар,
Уақыт бізді Тастанды еткен, жөқ енді ештеңе алаңдар.
Көзімді жұмсамда қараңғылықты көріп қоямын,
Ұйықтамасамда түсімді жорып қоямын.
Тағы да көрінді жалғыз тал балауыз шамның от жапырағы,
Тағы да елестеді иесіз адамзаттың бос топырағы.
Мәңгіру…
Бір уыс топырақ
Менің тәнімнен де ауыр бір уыс топырақ,
Қара жердің кеудесіне батқан.
Түсімде түс көрем ылғи меңімнің ішінде жатқан.
Тұншығамын тағы теңізден терең бір тамшы жасыма,
Сосын толқындар шулайды, ай түнеп менің басыма.
Бұл топырақ жыбрлаған құмырысқаның да бауырын жылытқан,
Бұл топырақ бөрі жүрегімді де ұлытқан.
Көбелектің қанатын парақтап, оқығанымда табиғат тәпсірін,
Айтады маған әпсаналарын, аңыздан тірілген пәк пірім.
Ол мен үшін Тәңірдің қайда екенін де білетін адам,
Шексіз кеңістігімді жалғыз тал үкі қауырсынына ілетін адам.
Сол бір уыс топырақ көз сүйегіме де толмаған,
Сол бір уыс топырақ құм сағатта да болмаған.
Сол бір уыс топырақ ескендірдің бос алақанына да құйылмай,
Сол бір уыс топырақ жер қабылдамаған Перғауынға да бұйырмай.
Жүрегім болымсыз ғана соққанда, кеудеме аспан жақындап,
Мына дүние оянады қайта, есінде жалғыз ақын қап.
Тағдыр әпсанасы
Кеңістіктегі қиялға шыланған құс қауырсындары,
Сендерді ойлап, туылмай кеткен ақынның ауырсын жаны.
Ол менің өңсіз болмстарымның нәзік обыраздары,
Шексіздіктер ішнде, қып-қысқа ғұмырым созылар мәңгі.
Аспанның түпсіз шыңырауында суыған құс көлеңкелері,
Сендерді жылыту үшін де ықылым замандарда түс көрем тегі.
Бір шөкім бұлтпен күнәмді жауып, аспанның қалар төсі ашық,
Ертең мен оған жауап беремін еркіндігімді босатып.
Найзағайлар таңырқап өткенде сол аспанымнан қас-қағым,
Бір уыс топырақ ұялып қызарды, келместің сапарын бастадым.
Маңдайымнан өбеді дұғалар, жанарларыма нұр сүңгіп,
Тәңірсіз топырақтан тағы айқайлап оянады бір сұмдық.
Жеті ғаламшарым тұр құстардың тамған көз жасына сүйеніп,
Құлаған қауырсындай құлазып жатамын көкірегіме бір күй еніп.
Табиғат тіксініп қарайды адамзаттың исінен сескеніп,
Бесігінен түскен сәби ем бес күнгі жалғанға бес сеніп.
Бір жетімнің көз жасы тамса, бүкіл теңіздер шулайды,
Оның дауысын қасіретке батып періштелер тыңдайды.
Құдай туралы тұңғыш ойланған «Адамзат» мен едім,
Үсітінде тұрып Нұқ пайғампар жасаған кеменің.
Сол бір уыс топырақ үшін жерге тигенде саусақтарым созылып,
Оянамын қайта, Қорқыттың ең соңғы ұйқысына көз іліп.
Көсе құрлық күбірі
Ойыншығы үшін жараған сәбиге қуыршақ,
Ойыншық боп жүрмін менде пәниге бір сәт.
Молаларға толады аппақ Айдың сәулесі ліпілдеп,
Киелі жылуын шашады ғарыштан жеткен үкі үнді от.
Түсімде көрдім қауызға сыйған жер мен аспанды,
Қос алақанымда кілкіген өңдерім қалды Тастанды.
Табиғат ана, мен де бір жетім адамзатпын әлжуаз,
Құс ақын болдым мезгіл бұтағына қонған қалғуы аз.
Шымқай бір шимайға толған бұл менің қағаз дәуірім,
Жазмыштың ауызындағы соңғы сөз:-ажал, ауыр үн.
Төрімде отыр есігімде ес білген құлым,
Телмеңдеп өткен қайран күн! Тексзіге күнім.
«Ұстарасыз ауызыма түсті» қылмсты мұртым, күнәлі сақалым,
Көсе құрлыққа шүлдірлеп айтқан ұнады мақамым.
Ғасырдың қабағынан көрдім қайырымдылық һам қатаңдық,
Ақыры аңызға айналам, асығым шігесін апан қып.
Қой жылы құмалақсыз қалдырдым бақадай шулаған бақсымды,
Көп еркелеттім көбіктей жұқа көйлегін киген нәпсімді.
Кім тағы мынау тастанды топырақтан тән түзген,
Шұбырып келеді дүниеден өзіме ұқсайтын сансыз «Мен» .
Өмір «Өмірге» келгенде емес пе еді қойнымдағы ұяң үрпегім,
Өңімде оян деп қасымда жатқан өзімді-өзім түртемін.
Жан тоқырауы
Қараңғы түнімді көкжиектегі таң ырды,
Үн-түнсіз еске алдым, үн-түнсіз жатқан Тәңірді.
Әлди мен көрістің арасында, жұмбаққа айналды ес мүсіндерім,
Ескі құрлықта аяғым ізінен көрінді бет пшіндерім.
Құс ұясындағы сілекейленген жылқының қылы,
Ғарыштан шашыраған сәуленің қылпының нілі.
Жеткенде маған жалғыз тал жарыққа жасырынған желқабыз жеті рең,
О, жер ана, жетім адамзатқа шексіз махаббатыңмен мекірен.
Пәруәрім маған аян еткенде дүниенің жалған бес күнін,
Әлмисақтан да ары, уақыттан да ескімін.
Сөнгенде мынау ғаламның, қызыл тіліндегі әлемдік, киелі от,
Күн мен Ай батады, ағаш анамыздың бір бұтағында үйелеп.
Жылаған сәбидің алақан жылуынан қара жер жылынды,
Табиғат таң қалды, тылсым тынштықтарда тіліне ым ілді.
Сол киелі жылудан босағанда сәл әлемдік тартылыс,
Паниде қалдық мен, сен, ол… тән, өңдік артық үш.
Жөргегім жұпары жұққан, ықылым ішінде ілбиді иісім,
Бәдіздер бетінде ұйыйды мың жылғы сиқым.
Иіскегенімде кші бесігім-сәбилер шаһарындағы үкі иісін,
Мимырт дүние, миымның қыртысында мәңгірген мифімді мытисың.
Ежелгі топырағымда ұйықтаймын, түсімнен шымқай өң іздеп,
Бабам айтатын тағылым осы, «дүние ісі қоңыз» деп.
Сол мимырттар ішінде білседе өзін тозбасын уақыт.
Тұрады адамзаттың қара жер арқасына көз жасы батып.
Өркен Салубай.1984 жылы 4 тамызда Алтай аймағы, Қаба ауданының Көлбай ауылында дүниеге келген. 2011 жылы Нанжиң Ауыл шаруашылық университетінің "Электрлендіру және автоматтандыру" мамандығын бітірген. «Тас бояу» жыр жинағының авторы. Қазір Алтай аймақтық әдебиет-көркемөнер бірлестігінде «Алтай аясы» журналында редакторлық қызметін атқарады.
Көрнекісурет: Хуан Миро "Охотник"
Бөлісу: