Қуандық Түменбай. Иттің тісін жұлған күн
Бөлісу:
(Әңгіме)
Зәулім үйдің кіреберісіндегі сыртқы есік қоңырауы «55» деген санды басқанда шоршып түсіп, шырылдап қоя берді.
– Бүгін жексенбі. Мынау подъезге у себетіндер ғой құлқын сәріден келіп жүрген. Осы коронавирус дегеннен қашан құтылар екенбіз. Әйтеуір біздің пәтерді тауып алады. Бізден басқа ешкім есікті ашпайды.
Қоңырау үсті-үстіне шырылдады.
– Олар емес. Олар әуелі орысша-қазақша «У себеміз, у себеміз, екі сағатқа дейін үйден шықпаңдар» деп біраз айқайлайды. – Күйеуі әйелінің жорамалын жоққа шығарды. – Ашайын не де болса. – Мылтықбай «Кто?» деп сұрау салмастан оймақтай нүктені басып қап ілгекті ағытып жіберді. Іле бесінші қабатқа қарай өрмелеген табан тықылы мен ырс-ырс етіп цемент басқышқа жұмсақ тиген жайлы дыбыс шықты. Біреу емес, екеу. Екі тірі жан жоғарыға қарай тырмысып келе жатыр.
– Әй, бұл Мергенбай ғой, - деді күйеуі жұбайына қарап.
Күлшәйдің жүзінде «бұлар жексенбіде де ұйқы бермеді-ау» деген өкініш аралас өкпе тұр. Коронавирус деген індет шыққалы оқушыларды үйде отырып компьютер арқылы қашықтан оқытып еді, құрғырың көзді жеп қояды екен. Ұйқысы да шала боп жүр. «Бұдан да «бет көрсе, жүз ұялып» жақыннан оқытқан жақсы еді» деп кеше оқу ісінің меңгерушісіне қалта телефонмен пікірін айтып та салған. Бірақ, ол бұның дауысын естігені болмаса түйілген қабағын көрген жоқ. Ерте жатып, кеш тұрып, ләззатқа бөккісі келген келіншектің көздері кіртиіп, ұйқысы қанбай тұр. Бірақ, қайнысының алдында қабақ түю оңтүстікте жеңгеге жат қылық. Ол жек көрсе де қабағын жазып, күлімсіреп тұру керек.
– Мергенбай ғой, - деді күйеуі. – Кеше итін алып келем деп еді. Келсін. Бір-ақ түн ғой.
– Итін дейді.
– Келгесін естисің. Анау өзі жататын бөлмеге кленка төсеп қой. Қондырам деп еді.
Жұбайы аң-таң. Күйеуі өзіне қарап күлімдеп тұр. Аржағына «жалғыз қайның ғой» деген жамау жапсырылған. «Қалада менен басқа кімі бар» деген жақындық желеу де қосыла көрініп тұрғандай.
Танауын жапқан ақ тұмылдырықтың астынан қызыл тілі салақтаған ит ашық есіктен кіріп келгенде әйелі түгілі күйеуі де тіксініп қалды. Өмірі ит ұстап көрмепті. Көршілері, әсіресе, орыс ұлтының өкілдері иттерін өздерімен бірге қыдыруға алып шыққанда сондай жиіркенеді. Тіпті, терренкурда да итпен қыдырады. Осыны аудан әкімімен болған кездесуде Мылтықбай именбестен айтып салды. «Терренкур дегеніміз, жүргіншілердің денсаулығын қалыпқа келтіретін орын. Тау өзенін жағалап, жалғыз аяқ жолмен тым-тырыс демалуың керек. Өзен жағасы қазір тола ит. Жиіркеніп, жүрегің көтеріледі» деп еді, жаңа сайланған жас әкім: «Қазақтар итпен қыдырмайды ғой», - деді ыржиып. «Қазақ дегенің жетіп-артылады, қазақтың зиялысының бәрі қазір ит жетектейді. Әкім мырза, жаңа келіп жатырсыз, осыған бір тиым болса», - деп талап қоя сөйледі. Ол кезде қыс айы еді, енді көктем басталды. «Орындалған талап жоқ, сөз бен істің бүгінгі бірлігі осы» деп өткенін ойлай бергенде, «Ассалаумағалейкүм, көке!» деп, иттің артынан салбыраған қарғыбауын алақанына шиыршықтай ұстап, көк тұмылдырық таққан Мергенбай кіріп келді. Бұл – Мылтықбайдың жалғыз ағасының баласы. Ағасы аңшы еді, колхоздың тракторын айдағаннан аң атқаны көп-тұғын. Аңшылық бұлардың қанында бар. Ағасының атын әкесі үш күн ішістен кейін құлағына айқайлап Дәлтиер деп қойыпты. Баласы ержетіп, мылтық кезенгенде айтқаны келіп, ол атқан қырғауыл мен қоян оқтан бұрылып кете алмайтын болыпты. Сол тұқым түгел аңшылық ныспыға ие болды. Өзі Мылтықбай, мынау Мергенбай, онан кейінгісін Автоматбек қоям деп әкелері біраз әуреге түсіпті. Шешелері көнбепті. Әкесі: «Соғыс бола қалса, автоматпен бәрін қырып салсын» депті кәйіп боп отырып, баласының бетіне үңіліп. «Жағын қарыссын, - депті шешесі. – Соғыстың әкелгені аз еді. Атқа да жөндеп міне алмайсың. Шойнақ аяғың үзеңгіге әрең ілініп... Соғыс деген бәлені аузыңа алма. Басқа ат табылмай қалғандай». «Анау екібас Мұса қызының атын Олимпиада қойды, Мәскеуде өткен Олимпиаданың құрметіне. Мен сол екібастан кеммін бе?!» деп, «Мәскеу айрықшасының» буымен арпалысып біраз отырыпты.
– Кемсің,- депті әйелі шаптығып. - Оның екі басы бар. Осы ауылдың светі мен кілт-кілт етіп қызыл жүгірген ушетшігінің бәрі соның қолынан өтеді. Сен бір басына ие боп ал.
– Мен аңшымын, не болса да мылтықтың маңайынан қоям, - деп буы тарқап, өзіне-өзі келгесін ауылсәбетке барып, Тапаншабек деп метрке жаздырып әкепті. Ең кенже қызды Бытырагүл қоям деп те біраз әуреленіпті. «Бытыра көзіне тиген қоян мен қырғауыл алысқа ұзамайды» деп дәлелдеп отырып алыпты. «Көке,- деді сонда Мылтықбай үністітетте оқыған білімділігін алға сап. – Ол қыз бала. Ертең бойжеткесін құрбылары күледі. Мен де жақыныңызбын ғой, осы қарындасымның атын өзім қояйын. Кенжегүл болсын қарындасымның аты». Ағасы үндемеді. Келіскен күйі қалды. Өмірге келген перзенттің де кенжесі сол қыз болды. Бұл әулет осылай өсіп-өрбіді.
– Неге түйіліп тұрсың? Не, көкем айтпады ма? – деді қайнысы қабағы сәл кіржиген жеңгесіне қарап.
– Айтқан жоқ. Бұның әр сөзі сатулы ғой.
– Өзің айтшы, – деді ағасы үш бөлмелі үйдің сыртқы есікке тақау бөлмесінің есігін ашып. – Мында кіргіз.
– Қорықпай-ақ қой, жеңеше. Бәрі таза. Жуып-тазалап әкелдім. Спіртпен жуылған. Бұл – иттің ішіндегі алабай деген тұқымы. Алты мың жыл бұрын Азияда пайда болған кәрі тұқым. Тек көшеде қаңғып жүргені болмаса... Анда-санда Алабай деп атап қоям. Бұл өмір сүрген заман да ала-құла боп тұр ғой.
– Неге көшеде жүр? – деп жеңгесі итке қорқақтай қарады.
– Менің қорғайтын кандидаттық диссертациям халыққа жақын тақырып қой. Сондықтан итті де халықтың арасынан алдым. Бізде тісі ауыратын қарапайым адамдар көп. Анада «тісім қақсап барады» дегесін өзіңнің де азу тісіңді бір минөтте қағып тастаған жоқпын ба? Егер өшірет күтсең, жағыңды таянып, кешке дейін отырар едің. Бізде медицина бар да, адамға қамқорлық жоқ. Кімде ақша бар, кімде таныс бар, сол тісін өшіретсіз жұлдырады. Менің тақырыбым да осыны қамтиды. Әдейі көшеде қараусыз қалған итті объекті ғып алып отырмын. Тегі мықты, бірақ қамқорлықсыз қалған адамдар да аз емес. Бұл – негізінен медициналық емес, қоғамдық-саяси мәселе.
– Көздегіш бала (келін боп түскелі қайнысын осылай атайды), неге лабораторияңда түнетпедің?
– Ә-ә, үйіңді қимай тұрсың ба? – деп жеңгесіне айбаттана қарап еді, ол ығып қалды.
– Онда бәрі бар емес пе? – деп жеңгесі жасқана қарады.
– Ондағының бәрін осында әкелдім. Тұмсығында тұмылдырығы бар. Спірттелген. Вирус көргеннен қаша жөнеледі. Бір түнге ештеңелерің кетпейді. Тек бір тәрелке күріш сорпасын берсеңдер болғаны. Таңертен дәм сызбайды. Тісі ауырып, жаны көзіне көрініп тұрған адам тамақ ішуші ме еді, - деп қайнысы бастырмалатып кеткенде жеңгесі еріксіз илана бастады.
– Тамақ бар ғой.
– Егер лабораторияға түнетсем, әкемнің бар жиған-тергенін сонда төлеймін. Қырғауыл мен ақбөкеннен тапқанының бәрі кетеді, - деп еді, ағасы ашық есікті нұсқады.
– Әкесімен де ойнайды, - деп күбір ете қалды.
– Көздегіш бала, - деді жеңгесі үстіне іле салған желеңінің төменгі түймесін салып тұрып. – Сонда, сенің қорғайтын тақырыбың қандай?
– Тақырыбым орысша ғой, - деді Мергенбай демалған сайын тұмылдырығы бүлк-бүлк еткен иттің басынан сипап. Қазақша нұсқасы шамамен былай, тек КТК-ның «Астарлы ақиқатынан» айтып жүрме. – Тәмпіш танауын көтеріп, аспанға қарап сөйлегенде көкірегін керіп, әрең демалды. – Шамамен былай: «Ота жасайтын күн мен одан кейінгі күндердегі тірі организмнің өзін-өзі қабылдауы және оның қоршаған ортаға тигізер әсері».
– Сонда, сен иттің тісін жұласың ба? – деді жеңгесі үрейленіп.
– Күні бойы не айтып тұрмын, Милаукүл. Ертең диссертациялық кеңестің алдында үш тісін бірдей жұлып, кандидаттық қорғамаймын ба?
– Ауыратын шығар?
– Сенікі ауырды ма?
– Сәл-сәл...
– Бұныкі де солай сәл-сәл. Бұл да кедей ит. Біз қамқоры жоқтарға шұғыл көмек көрсетуіміз керек. Бұл соның айқын мысалы. Тұқымы текті ғой, кешелі-бері мінез-құлқы бір өзгерген жоқ.
Інісінің сөзі мен аракідік шошаң-шошаң еткен балаң үйрек саусағына қарап риза болған ағасы тағы да «Мынау!» деп ашық есікті көрсетті. Жеңгесі бұрылып кетті. Қасына келген күйеуіне: «Итке гаршок керек шығар. Сұрашы, мен сұрасам бәлеге қалармын» деді бір нәрседен сескенгендей боп. Ағасы сұрап еді, «Түктің де керегі жоқ, кешке бір ауық сыртқа шығарамын, сонда оң аяғын көтеріп тұрып саңғытады», - деп нақтылап айтты. Күлшәй ит кіретін бөлменің терезесін сәл-пәл қисайтып қойып, қасынан өте бергенде сүмірейіп тұрса да өзіне қарап көзін шатынатқан иттен сескеніп, тез-тез басып сытылып кетті.
Мергенбай итке көз алмай біраз қарап отырды да, бір нәрселерді қойын кітапшасына түртіп қойды. Бір мезет өз-өзінен сөйлеп кетті.
– Үйге келгелі әлі бір рет үрген жоқ. Мен оған тіс ауыртатын укол салып әкелгем. Жылы үй, жайлы төсекке келгесін жаны рақаттанып жатыр. Анау көшеде жұмыссыз қаңғып жүрген бомждарды қаңғыбастар үйіне алып барғанда үндері шықпай қалады дейді. «Осыған да шүкір, ел-жұртыма ризамын» деп жата беретін көрінеді. Қазақ тәубашыл халық қой. Жеңеше, тамағыңды бересің бе? Маған да, итіме де күріш сорпасы болса жетеді. Күріш бұл үйде жалько емес шығар, - деп жеңгесіне қыр көрсете сөйледі.
Жеңгесі Күлшәй бұл сөзді естіді де, қолын ербеңдетіп, күйеуін ас бөлмеге шақырды.
– Мынаған тостағанға құйып береміз бе? Тағы да бәлеге қалармын, «тәрелкеңді аяп тұрсың ба» деп жүрер. Тәрелкеге құйып берейін, – деп «Обшепит» деген жазуы бар ортасы ойық көңелеу тәрелкені тігінен тұрған көп ыдыстың ішінен таңдап алды.
– Өзің біл, – деді де, манадан бері інісінің айтқан сөзі мен қимыл-қозғалысын қызық көрген ағасы тағы да қандасының қасына қарай тез шығып кетті.
Күлшәй тәрелке толы кілкілдеген сорпаны қолы дірілдеп ұстап, ит жатқан бөлмеге кіре бергенде Алабай арс етіп, жұтынып қалды.
– Жеңеше, немене, күріш сорпаны иттен аяп тұрсың ба? Бір рет ішеді де кетеді, екінші күні қонбайды. Мынау «Общепитіңмен» өзің ішсейші, - деді көлк-көлк еткен сорпадан көрініп қалған тәрелке шетіндегі жазуды оқып тұрып. – Үйде тостақ бар шығар, соған сорпасын аз ғып құй, күрішін көптеу сал. Мұғалім десем, өзіңе тиеді, мұғалім екенің көрініп тұр, – дегенде, кілт тұрып қалған келіншектің қолындағы тәрелке дір етіп, сорпа лықсып жерге төгілді, сосын шарт етіп сынған шынының даусы естілді.
– Ештеңе қылмайды, – деп жеңгесі өз әрекетін жуып-шая бергенде бұрыштағы ит арс етіп, кілк-кілк етіп еденге төгіліп жатқан сорпаға ұмтылды.
– Өлә! – деген келіншектің жан даусы шықты.
Тұмылдырығы сыпырылған жұп-жуас ит жерге түсіп, қақ айырылған тәрелкедегі күріш сорпа қалдығын шылп-шылп жалап, лездемде паркет еденді жылтыратып тастады.
– Аш қой, аш, бұны кінәлауға болмайды, – деп Мергенбай қойын кітапшасына тағы бірдеңелерді түртіп алып жатты. Сосын иттің иегін көтеріп, аузын ашып, көз-лупамен тісіне үңілді. Жеңгесі бір тостақ көжені әкелгенде иттің өзіне қарап шапыраштанған көзін көріп, «Мә, өзің берші» деп тостақты қайнысына ұстата салды. Ол тостақты алдына қойғанда иттің күріш көжені тағы да шылп-шылп жалағаны үш бөлмеге түгел естіліп жатты.
– Так, тамақ берген адамға көзін шатыната қарады. Демек, бұл ештеңеден тартынбайды. Аш адам да солай. Тамақ үшін ұрлық пен өлімнен тайсалмайды. Сондықтан қоғамда бұларды қараусыз қалдырмау керек, – деп сөйлеп отырып тағы да бір нәрселерді жазып жатты. Бір кезде: «Көке, бір мақал бар еді ғой, аштыққа байланысты. «Аш бала...» - деп сөзінің соңын жұтып қойды.
– «Аш бала тоқ баламен ойнамайды», – деді ағасы даусын баптап.
– Қалай дәл тауып айтқан, ә. Адам тісі ауырғанда бәрін ұмытып кетеді. Өзі аш болса... Аш адам иттің де алдына түсіп кетеді. Айырмашылығы – бәрін ақылмен шешеді.
– Сенікі иттің қамы емес пе? – деді ағасы күлімсіреп.
– Ит пен адамның айырмасы неде? Ит те ашыққанда ұрлық жасайды, ол көбіне көзге көрсетіп, ал адам оңашада жасайды. Ит жан ауруын жария ғып айта алмайды, сүйретіліп жүре береді. Жаны қиналған адам мен ит психологиясы бірдей, «адам – ит жанды», адамның бір артықшылығы – онда тіл бар, қай жері ауырғанын дәл басып айтып береді. Өз тілінде сөйлей алмай дәрігердің миын ашытатын аурулар да аз емес. Мысалы, есек денесі қышыса ағашқа барып сүйкеніп, қасынып, ақырында ағашты майыстырып кетеді. Біздің де тілімізге әркім бір сүйкеніп, майысып барады. Әсіресе, дәрінің атауын қазақша аударғанда бас ауруы мен жүректің дәрісін ажырата алмай қаласың. Оның қолдану ережесін қазақша оқысаң күлкің келеді. Біз дәріні қазақша атамай-ақ, жиналысымызды қазақша өткізіп алайықшы. – Мергенбай желпініп кетті.
– Сен білесің, – деді Мылтықбай інісін сөзден жеңе алмасын сезіп.
Шылпылдаған дыбыс сап тиылып, Алабай иесіне көзін аларта қарады да, салақтаған қызыл тілінің ұшын жылтыр паркеттің бір шетінде моншақ-моншақ боп түртиіп жатқан сорпаның қалдығына тигізді.
– Ә-ә, бұл су сұрап тұр ғой, – деген қайнысының сөзін естіп қалған жеңгесі: «Су әкелейін бе?» деп жанұшырып еді, «Жоқ, қазір далаға шығарып серуендетем. Ағын судан сіміреді ғой, Алматының суын кім былғамай жатыр» деп, қарғыбауды қолына орай бастады. – Жеңеше, шыда, бір түнге шыда, «ит – адамның досы», «ит – жеті қазынаның бірі», қазынаң молаяды. Ағам шыдап тұр ғой,- деп иттің басын бұрып ап есіктен шыға берді. Сидам жігіттің бүлкілдеп бара жатқан жон арқасы жартылай ашық есіктен көрініп қалды.
– Мергенбай, иттің біздің үйден шыққаның көрген көршілер не дейді. Бізді де «ит ұстайтын болған ба?» деп айтып жүрмей ме?
– Шыда деді ғой қайның, бір түнге шыда.
Күйеуінің жүзін күлкі көмкерді. Жұбайы «шыдамай қайда барамын» деген шарасыз кейіпте.
***
Таңертең ерте тұрған Мергенбай тар жерде тамаша боп тықырлап жүріп алды. Ұйықтап жатқан Мылтықбай көзін ашып, жартылай жалаңаш жұбайын түртіп қалды. Ол жасыл желеңін үстіне іле сап, жолай түймелеп, дәлізге шықты.
– Әй, Көздегіш бала, шәй ішпейсің бе? – дегенде, ашық есіктен өзін көрген ит шәу ете қалды. Үйде ит ұстап көрмеген әйел селк етіп, тез өзіне келді де, ұйқысы қанбаған шарадай көзін бір уқалап ап, қайнысынан жауап күтті.
– Өзім де, итім де ішпейді. Мен Алабайдың тісі сыздаған кездегі төзімін тексеруге бара жатырмын. Ауру жанына батса да, аурумен үнсіз арпалысқан иттің құлқынын анықтауға алып бара жатырмын. «Шәй іш» дейді тағы да.
«Осының өзі не боп барады?» деп жеңгесі жымың ете қалғанда есік ашылып, төрт аяқ тас басқышпен құйындай жөнелді. Соңында қарғыбауды шиырлай ұстаған қайнысы. Жатар орнына қайтып келген жеңгесі: «қорғап келгенше қобалжып жүр ғой» деп, қайнысының ексім сөзін елемеген болды...
Сонан араға күн салып бүгін кеп отыр.
– Қалай, аман-есен қорғап келдің бе? – деді ағасы інісін көргенде қуанып кетіп.
– Қорғадым. Енді бекіткеннен кейін дипломымды аламын.
– Итің қайда? – деді жеңгесі өз-өзінен үрейленіп.
– Жүрген шығар бір жерде. Ит түгілі адам пана таба алмай жүргенде...
Тағы бірдеңе айтып тастай ма деп жеңгесі қипақтап қалды.
– Бір күн үйіңе түнегенде өліп қала жаздап едің. Қаңғыбас иттердің бірі ғып КТК-дан көрсетеді де. Маған енді маза беріңдер. Мен ұйықтаймын, - деп, итпен бірге түнеген бөлмеде етпеттеп жатып ап, қорылға басты. Бір күн, бір түн ұйықтады. Таңертең әбден ұйқысын қандырып тұрып, жуынып-шәйініп, шәйға келген інісіне ағасы миығы тарта қарады.
– Ұйқың қатты екен.
– Иттің тісін жұлу оңай ма? Сіздер не көрдіңіздер. Түк көрген жоқсыздар. Иттің тісін жұлу адамның тісін жұлудан да қиын. Мен соның бәрін басымнан өткердім. Маған мединституттың студенттер жатақханасынан бір бөлме беретін болды. Бүгін соған көшемін. Мазаларыңды алмаймын.
– Осында жата бер.
– Жоқ, сонда барам.
– Көздегіш, итіңнің мінез-құлқы өзгерді ме? – деп жеңгесі сылқ-сылқ күліп, қолын созып еді, ол жіңішке саусақ, кішкентай алақанымен кесесінің бетін басты.
– Оны иттен сұра.
Шәй ішіп болғасын бөлмедегі ол-пұлын жылдам алып, жөнеп кетті. Жөндеп қоштаспады да.
Бір айда бір рет бас сұқты. Онда да бір бөтелке крахмал спиртін қалдырып кеткен екен, «соны алуға келдім» дейді.
– Тіршілігің қалай боп жатыр? – деді ағасы інісіне бір жыл көрмегендей шұқшия қарап.
– Иттің тісін жұлу оңай ма? Тәмам жұрт сын сөзімен қарап отырды. Енді соны брошюра ғып шығаруым керек. Соны реттеп жатырмын, - деді қабағын түйіп.
– Әй, Көздегіш, сен иттің тісін жұлған күні жеңгеңнің туған күні еді ғой.
– Қыздың жасын сұрамайды, сонда нешеге толдың?
– Арнайы келіп білмедің бе?
– Иттің тісін жұлу оңай ма? Тәмам жұрт сын сөзімен қарап отыр. Оның үстіне бұл қаңғыбас болғанмен алабай тұқымы. Небір тұқымы асыл адамдар да үйінде бұғып отыр, біразы қаңғырып жүр. Туған күндері естерінен шығып та кеткен. Қазір қалада қаңғыбастар үйін кеңейтіп, түрменің санын көбейтеміз деп жатыр. Қылмыскер көп, жартысы парақорлар, жартысы әкімдер. Қалдық іздеп жүрген қаңғыбас иттер де жетерлік. Алабай да соның біреуі боп жүред те.
– Сонымен, сенің итің қайда? – деп жеңгесі қайталап сұрады.
– Оны қайтем. Жүрген шығар бір жерде. Үйіңе бір күн түнеген екен, қимай отырсың ғой.
– Ең болмаса, алған жеріңе апарып тастамадың ба? – деді жеңгесі мұғалімге тән мейірбандығын көрсетіп.
– Жеңеше, қалай түсінбейсің. Мерзімі біткен депутат та кетеді. Мерзімі бітпей жатып қылмыспен қолға түсіп қалғандары да жетерлік. Менің итімнің де мендегі мерзімі аяқталды. Бұл – теория. Адамның тісін жөндеп жұлайық деген теория. Қазір бәрі жекеменшік, ауруларда ақша жоқ, ақша таппаған дәрігердің де қолы қысқа. Қай-қайдағы қаңғыбас итті сөз қылып...
– Көздегіш, сенің осы ғылыми теорияң іске аса ма?
– Аспаса қойсын. Мен теориялық жағынан дәлелдеп бердім.
– Платный оқудың бәрін жабу керек қой.
– Сен жаптырсайшы, - қолындағы крахмалданған спирт құйылған бөтелкені алақанымен қыса ұстап, тұмылдырығын тағып ап, үйден шығып кетті.
Бұған да бір ай өтті.
– Осы інің иттің тісін жұлғалы біртүрлі боп кетті. Не болды екен? Ұшты-күйлі жоғалды, - деді жеңгесі жақын көңілін білдіріп.
– Қолы тимей жүрген де.
– Сол... қай күні еді, иә, сол Көздегіш бала иттің тісін жұлған күні, біз де қашықтан оқытуды аяқтап, компьютерді өшірдік қой. Рахат болды, көзім демалып қалды, – деп әлі бояу жағылмаған танадай көзінің астын сидам саусағымен сипап қойды. – Қашықтан оқытқаны құрысын, жақыннан жөндеп оқымай жүргендерге маза болды. Өзіміз үшін бір «3»-ті қойып бере саламыз. Сұмдық-ай, үлкен жиналыстар да онлайнмен өтеді дейді. Азық-түлік дүкендерін жапты, тек үйдің түбіндегі грузин наубайханасы ғана жұмыс істеп тұр. Нанды солардан аламыз, оларға вирус жұқпайды екен. Енді грузинше шүлдірлеп жүрмесек.
– Шәй суып қалды, - деді күйеуі көзін алартып. – Иә, сол күні тағы не болды?
Жұбайы күйеуінің кекесінді сауалын түсіне қоймады.
– Сол күні... біздегі кәрі мұғалімді пенсияға шығарып салдық. Жетпіске жақындап қалды, кеткісі келмейді ғой. Артымнан ерген жастар бар-ау, солар күнін көрсін деп ойламайды ғой. Кетерінде бұрқылдап кетті, «отыр ғой анау, сексенге келіп селкілдеп» деп халық қалаулыларына тіл тигізді. Енді оның сағатын екі мұғалім бөліп аламыз.
– Оны білеміз. Тағы не болды?
– Сол күні... ит арс ете қалғанда жаман қорықтым. Тәрелке қолымнан ұшып түсіп, қақ айырылды. Анау ит те аш екен, сорпаны сарқып ішіп, паркетті жалап қойды.
– Оны да білеміз. Тағы не болды?
– Сол бала келмей кетті. Кандидат болса да итін жетектеп анда-санда келіп тұрмай ма?
– Иттен бұрын өзі келіп алсын.
– Мен бүгін сол бөлмені бастан-аяқ жуып шығайын, – деп жұқалтаң келіншек тәмпіш танауын тартты. – Мұрныма иттің иісі келе береді. – Іле жеңін түрініп, қолына суға малшынған шоқпыт шүберек алып, барынша еңкейіп, ит жатқан жерді сүрткіштей бастағанда тағы сөйледі.
– Мылтықбай, сендердің пенсияларыңа 7 теңге қосылды, білесің бе?
Мылтықбай жалт қарағанда барынша еңкейген әйелінің жұп-жұмыр бөксесі дөңгеленіп тұр екен.
– 7 мың шығар.
– Иә, 7 теңге деппін ғой. 7 мың да жаман емес қой.
– Сонда бұл қашаннан бері?
– Сол... Көздегіш бала иттің тісін жұлған күні алдым ғой. Дәл сол күні.
– Бәрі сол күні болған екен де.
– Сол күні мұнайдың бағасы да екі есе қымбаттады.
– Мұнайда жұмысың болмасын, - кірбіңсіз тұрған күйеуінің қабағы лезде қыртыстанып қалды.
– Иә, сонан бері де екі ай өтті, - деп келіншек жаңа жуылған дымқыл еденге жирене қарап, балконға ытқып шықты.
Ағасы іштей інісін іздеп тұр. «Ит ертіп келсе де, бір бой көрсетпей ме?» деп іші шым ете қалды. Жұбайының соңынан балконға ілесе шықты. Аула шетіндегі тамақ қалдығы салынған жәшіктің қасында бір ит шоқиып отыр. «Бір көрген жерін сағалап келіп жүрген сол Алабай емес пе?» деп мойнын соза түсті. «Ит болса да інімнің серігі ғой» деп тағы да қарады. Жоқ, тамақ аңдыған көп иттің бірі екен. «Көрген көзде жазық жоқ» деп көңілін суытып, кері бұрылды. Жылтыр еденнен дымқыл иіс аңқыды. Оны-мұны жөндеп еңкейген жұбайының дөңгелек бөксесі тағы да көз қиығына ілігіп қалды. Қайта балконға шықса, қалдық салынған жәшік маңайында қыбырлаған қара жоқ. Әудем жерде құйрығын бұлғаңдатып бір ит жөнеп барады.
Көрнекісурет: Густав Климт "Древо жизни"
Бөлісу: