Қабдеш Жұмаділов - суреткер жазушы

Бөлісу:

28.10.2020 6942

Қазақ әдебиетін тақырыптық тұрғыдан алғанда, айдын шалқар көл іспеттідеген болар едік. Ежелден бергі ауызша әңгіме айту дәстүріне, бай фольклорға қоса, шығыстық хиссалар мен дастандар – қазақ қауымын прозалық шығармашылыққа бейімдеген үрдістер еді. Жаңа замандық қазақ әдебиеті қалыптасып, оның жанрлары салалана бастағанда, әдебиетімздегі проза жанры бірден әлемдік биікке көтеріліп кетті десек, артық айтпағандық болар еді. Себебі, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Бейімбет Майлин, олардан кейінгі Ғабит Мүсіреповтер бағындырған биіктері ешбір халықтың әдебиетінен кем емес. Олардың әлемдік деңгейде танылмай жатуы – ол басқа әңгіменің өзегі. Кеңестік дәуірдегі саяси қуғын-сүргіндер мен зұлматтар, идеологиялық шектеулер қазақ прозасының дамуына үлкен кедергі келтіргені анық. Мұны көптеген қаламгерлердің нағыз толысқан шағында жазықсыз жазаға ұшырап, өмірмен ерте қоштасуы, бір тобының қуғындалып, кейінгі шығармашылық ғұмырында тоқырауға түсуі т.б. жағдайлармен түсіндіре аламыз. Бірақ, қалай дегенмен де қазақтың қанында бар әңгімешілдік дәстүр мен заманауи әдебиеттің даму үдерісін еркін сезініп меңгерген, теориялық жақсы білім алған жас буынның Ұлы Отан соғысынан кейін әдебиетке келуі – қазақ прозасын жаңа сапалық деңгейге шығарған болатын. Бұл буынның жалпы шығармашылық дайындығы кемел болды деуге болады. Олардың көбісі-ақ бастабында поэзияға түрен салғанымен, кейіннен қарасөз жанрының хас шеберлеріне айналды.

Яғни өткен ғасырдың 60 жылдары ұлттық әдебиетімізге өзіндік үнімен, үлкен суреткерлік қолтаңбасымен, әлем әдебиетінің озық үлгілерімен сусындай отырып, өзіндік ой қорытып, тәжірибе алған, осы арқылы бұрын-соңды әдебиетімізде болмаған ерекше образдарымен келіп, жаңа серпін мен сипаттар әкелген қаламгерлердің үлкен шоғыры қалыптасты. Олардың қатарына Мұхтар Мағауин, Әбіш Кекілбаев, Дулат Исабеков, Оразбек Бодықов, Әкім Тарази, Дүкенбай Досжан, Төлен Әбдікұлы, Қалихан Ысқақұлы, Ақан Нұрманов, Сәкен Жүнісов т.б талантты прозаиктер бар еді. Олардың шығармашылығы сталиндік казармалық диктатуралық құрылыстан кейінгі, хрущевтік жылымық дәуіріне тап келді. Бұл кезде қалай болғанда да, отызыншы жылдарда аты аталуға тыйым салынған әдебиет қайраткерлерінің біразының есімі қайтадан халқымен қауышқан, ел үрейден аз да болса сейіле бастаған кез еді. Және бір тоқтала кетерлігі – өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары түрлі қоғамдық өзгерістер мен төңкерістерден, аштық пен саяси қудалаудан шетелге бас сауғалап кеткен қазақтардың үлкен тобы Кеңес Одағының шекарасынан бері қарай асып, Атажұртына келіп қосылды. Олармен бірге қазақтың мәдениеті, әдебиеті, тарихына қатысты қаншама құндылықтар қайта оралды. Ең бастысы – өз тағдыр жолын күллі қазақтың тарихнамасымен өре отырып, келешекте қазақ әдебиетінің қазынасына қомақты үлес қосқан ондаған шығармашылық иелері отанына оралғандығы еді. Жағда Бабалықұлы, Оразақын Асқар, Қажытай Ілиясұлы, Жәркен Бөдешұлы, Нүсіпхан Айтанұлы, Әлімғазы Дәулетханұлы, т.б. деп жалғасатын, толымды шоғыр. Бүгіндері дүйім қазаққа аты мәшһүр болған бұл шоғырдың алдыңғы қатарында Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қарымды қаламгер Қабдеш Жұмаділов те бар.

Қабдеш Жұмаділов – сонау елуінші жылдардың соңынан бері қарайғы алпыс жылдан астам уақытта қазақ әдебиетінде өнімді еңбек етіп, өзіндік ситилін қалыптастырып, өзінің және шекараның арғы бетінде өмір сүрген және сүріп жатқан миллиондған қазақтың өмірін шығармашылығымен өрнектеген жазушы.

Шығармалары арқылы көтерген тақырыбы, ондағы өзіндік қолтаңбалы образдар жүйесі, шебер тіл кестесі, қазақ тілінің қаймағын дерлік ерекше бейнелеу поэтикасымен дараланған жазушы Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы сонау алпысыншы жылдардың соңынан бастап баспасөз беттерінде көптеген әдеби-сын мақалалар жарық көрген екен. Демек, жазушы туындылары әдебиет зерттеушілері мен сыншылардың әрдайым назарындағы шығармашылық деген сөз. Қазақ әдеби сынының дәуірлеп тұрған тұсында небір қабырғалы сыншылар Қабдеш Жұмаділовтің әдеби еңбектеріне тоқталып, қаламгер шығармаларының көркемдік қырларына талдау жасап, өз бағасын берген екен. Бұл тізімнің өзі едәуір ұзын библиографиялық тізімді құрайтыны анық. Олардың қатарында Рахманқұл Бердібаевтың «Өмір сабақтары», Шерияздан Елеукеновтің «Тарих пен тағдыр» және «Тәуелсіздік жаршысы», Рымғали Нұрғалиевтің «Кемел кезең», Бақытжан Майтановтың «Тарих тағылымдары», Зейнолла Серікқалиевтің «Роман және біз», Нұрдәулет Ақыштың «Жаны күйген халқының тағдырына» және «Қазақ елінің қаһарман кезеңі» қатарлы мақалаларын атап өткен орынды.

Қазақ әдебиетіне шетелдегі қазақтар туралы тақырыпты әкелген жазушы ретінде аталатын Қабдеш Жұмаділов өзінің шығармашылық ғұмыры, ата-бабасы, ата-анасы, өскен ортасы, білім алуы, Қытай жерінен Атажұртқа өтіп қоныс аударуы мен бұл жақтағы өмір сүріп, өсу жолдары туралы «Таңғажайып дүние» атты мемуарлық романында жан-жақты баяндағаны белгілі. Жалпы алғанда жазушының «Таңғажайып дүние» мемуарлық романынан өзге, әр кезеңдері жазылған «Сарыжайлау» «Сәйгүліктер», «Бір қаланың тұрғындары», «Бір топ тораңғы» хикаяттары мен бірқатар әңгімелері, «Соңғы көш» дилогиясы, «Атамекен», «Тағдыр», «Дарабоз» романдары – қалың оқырман көпшілікке кеңінен танымал болған туындылар.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген қаламы қарымды топтың бір ерекшелігі – өздерінің алдындағы аға буынның үлкен құрмет, қолдауына ие болды. Және өз қатарластары да бірін-бірі оқып, жақсылығына қуана отырып, қажет жерінде сыни ескертулерін де айтып, әдебиетті биік деңгейге шығарғандығы. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы туралы да қаламгерлер мен әдебиет сыншылары, зерттеушілер молынан пікір білдіргеніін көреміз. Белгілі жазушы Әкім Тарази Қабдеш Жұмаділовтің әдебиетімізге қосқан үлесі, өзіндік орны туралы былай деген екен: «Бұл күнде орта буын аталып, қазақ прозасының ауыр жүгін арқалап жүрген бір қуатты шоғыр бар. Бойында бес қаруы сай, әдебиетке жан-жақты дайындықпен келген, білімді де беделді топ. Алпысыншы жылдардың басында әдебиеттің қара жарысына алғаш келіп қосылғанда, дәмелілердің қаралдысы аз емес-ті. Содан арада ширек ғасырдай уақыт өтіп, алды-артымызға көз жібергенде, алғашқы қара нөпірдің қатары селдіреп, үздік-создық күйге түсіпті. Ауыздықпен алысқан талай ұшқырлар тоқырау жылдарының тозаңына қақалып, көш соңында қалыпты да, тек ұзаққа шабатын шын жүйріктер ғана аламан бәйгеден алқынбай өтіпті. Қазір маңдайы жарқырап алда келе жатқан санасаң екі қолдың саусағы жетіп қалатын, сол талантты топтық қатарында бүгін сөз болып отырған Қабдеш Жұмаділов та бар». Расымен де сөреден шауып шыққан жүйріктердің аламан шабар жазықта біртіндеп үздік-создық күйге түсетіні іспетті, қаламгерлердің де шығармашылық шабысы бастапқы тебіннен баяулап немесе тебінге тебін қосып, арындай түспей ме? Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық өнімділігіне қарасаңыз, сексеннің бел ортасына келсе де, әлі күнге дейін әдебиеттегі өз үнінен жаңылмағандығына көз жеткізесіз.

Прозаик жазушы ретіндегі Қабдеш Жұмаділовтің машық, ерекшелігіне қарасаңыз – қай тақырыпқа қалам тарса да, бұрын ешкім шиырламаған тыңға түрен салуды ұнататындығы болса керек. Сонымен қоса, жазушының тілі бай да құнарлы, сөздің құдіретін, оның нәзік сиқырын тереі сезінетіндігін аңғарасыз. Жазушының әрбір шығармасында қазақтың ескілі-жаңалы қолданыстағы бай тілі ерекше бір бояумен құлпырып түрленіп қолданылғанын көріп, тұщынасыз. Қабдеш Жұмаділов прозасын оқығанда, ана тілінің өзге суаттардан жететін бұлақтардың қосындысымен бұлғанбаған тұнық қайнарынан сусындап, туған тіліңіздің осыншалық бай да оралымды екендігін сезініп, еркісіз риза боласыз.

Расымен де жазушының қай шығармасын алсаңыз дадәл берілген сурет, шынайы сомдалған образды көресіз. Мсыалы, жазушы «Шарайна» атты әңгімесінде дарынсыз бір жазушы туралы мынадай пікір айтатыны бар: «Сөйлемдері сөйлем емес, жәшіктен суырған бір дорба қисық шеге тәрізді. Оны нормаға келтіру үшін, әрқайсысын төске салып, бір-бірлеп түзету керек...». Шынында да «шала піскен киіздей, қарпылмаған» талай жазушының «туындылары» бар ғой, дәл осы суреттеудегідей. Жазушының бұл суреттеуін – өзіне өзі қоятын талаптың, талғамның аңғарындысы десек болады. Әдеби тілдің қыры мен сырын әбден жетік меңгерген, сөздің ең нәзік болмысына дейін ажырата білетін, өзі де қаншама жылдар бойы баспада істеген кезде талай-талай сапасыз «зауыттардан» шыққан қисық шегелерді төскен салып түзете-түзете машыққан шебер ғана қолапайсыздықты осылай суреттесе керек.

Жазушының көркем шығарма тудыру жолындағы жанкешті тірлігін, азабы мен тозағын, қуанышын айна-қатесіз суреттеуге құрылған «Шарайна» әңгімесінің қаламгерлік жолда талпынған жастар үшін тағылымдық мәні ерекше екенін атап өткен жөн. Аталған әңгіме былай деп басталады: «Алдында жатқан ақ қағаз кей сәтте оған қар жамылған шетсіз-шексіз қысқы дала тәрізді елестейді. Сол ақ шалқан далада жел үрлеп тастаған соқыр сүрлеуді қуалап, көз ұшында, жалғыз салт атты кетіп бара жатыр еді. Желе-жортып кетуге шама жоқ, біркелкі мимырт жүріс. Діттеген жеріне жетіп жығылу үшін, қалайда сол сүрлеуден адаспауы керек. Жер тағанынан шығып кеттім дегенше, қасатқа ұрынып, қарға малтығып, титықтап барып тоқтағаның ... Жазып отырған шағында Жарқын өзін сол жапандағы жалғыз жолаушыға ұқсатады ...». Иә, қар жамылған шексіз дала – ақ қағаздың бетіне қара сиямен (қазіргі күні аппақ экранға пернетақтамен қара ноқат салу болар сірә) «соқыр сүрледі» бойлап, қиял мен шабыт әлемінде маңып бара жатқан өкпек жолаушы діттеген мақсатына жете ме? Салған сүрлеуі даңғыл жолға айнала ма? Ол – оқырманға бара жолды тапқан жазушының ғана қолынан келетін іс. Қабдеш Жұмаділов – әр шығармасы арқылы соқыр сүрлеулерді даңғыл жолға айналдыра білген талантты жазушы.

Бұл «даңғыл жолға айналдыра білудің басты кілті жазушының ұстанған бағытында, яғни көркемдіктің бірден-бір критерийі шынайылық пен табиғилық деген қағидатты басшылыққа алуында болса керек.

Алпысыншы жылдар әдебиетінде, әсіресе, проза жанрында тыңнан түрен салып, өз қатарластарын немесе оқырмандарды таңдандыра қою оңай емес-ті. Арғы беттен асып келгенде Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Әбділда Тәжібаев т.б. әдебиеттанушы ғалым әрі танымал қаламгерлерден тәлім алған Қабдеш Жұмаділов әдебиетке өзіндік қолтаңбасымен, соны тақырыбымен, өрнек-айшығымен, дара тәсілімен келе отырып, қазақ әдебиетін тың тақырыппен, ерек образдармен, батыл ізденістермен байытқаны анық. Қабдеш Жұмаділов шығармашылығында адам жанының сан алуан қатпарлары, әрі тамаша ашылған, шыққан тегі жағынан бай да, бағлан да, хан да, қара да, батыр да би де, ақын да, ақылды мен сұм да – өзіндік айқын бейнесімен образдар галереясын құрайды.

Жазушы олардың әрқайсысының өзіне тән характерін ашу барысында қажетіне сәйкес әртүрлі көркемдік құралдарды, бейнелеу тәсілдерін қолданып отырады. Шығарманың сюжеттік желілеріндегі үлкенді-кішілі қаһармандар тобы өздерінің шынайы болмыс-бітімімен ғана көрініп қоймайды, сонымен бірге, оқиға өтіп жатқан уақыттың аясындағы аз ғана мерзім барысын көзге елестете, ойға жетелете отырып оқырманды заман, қоғам, адам жайлы белгілі бір тұжырым, пікір жасауға алып келеді. Міне, осы арқылы шығарманың арқау өріліп, сюжеті өткірлене түсіп, философиялық сипаты айқындала түседі. Жалпы алғанда, мынау өмірде адамдар бір-біріне қаншалықты ұқсамайды десек, Қабдеш Жұмаділовтің хикаяттары мен романдарындағы да образдар бір-біріне соншалықты ұқсамайды деген болар едік. Қоғамдағы осындай әр түрлі бейнелердің сан алуандығын, ала-құлалығын көрсету жолында үнемі ізденіске баратындығын сезіндіретін Қабдеш Жұмаділов романдарында алуан түрлі сюжеттік желілер, сол желілер арқылы ашылған, оқырманның жадында қалатын айқын характерлер бар.

Шетелдегі қазақтар тағдыры – Қабдеш Жұмаділовтің ең көп қаузаған тақырыбы болар. Бұл тұрғыдағы алғашқы туындысы – «Қаздар қайтып барады» әңгімесі. Қаншама қиыншылықтарды көре жүріп, шекарадан өтіп, туған жеріне оралған Байтас шалдың тағдыры баяндалатын туынды оқырманды бірден-ақ елең еткізгені анық еді. Себебі, бұл – замана құйыны шашыратып, шашып-шашып тастаған, өз елінде отырып та бодандық күй кешіп отырған замандағы қазақ жанының сыздауығы, көкіректегі шемен болған мұңы еді. «Қабдеш – өз ұлтының жазушысы. Енді, міне өмірден көрген, бастан кешкен сол ұланғайыр мол материал жазушының сарқылмас азығына айналып отыр. Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ер туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш ол сыннан сүрінбей өтті», - деп жазушы Әкім Тарази атап көрсеткеніндей, Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы – оқиғасы расымен екі бірдей елдің, жалпы алғанды бір қазақтың өмірі дегенімізбен, екі үлкен субмәдениет аясын қамтып суреттеуімен ерекше.

Қабдеш Жұмаділов өз туындыларында кейіпкерлер образын, олардың характерін жасауда алуан түрлі тәсілдерді сәтті қолданған. Жазушының қай туындысын алсаңыз да, олардағы портрет, монолог, диалог, деталь, штрих, т.б. әдеби көркемдік тәсілдерді молынан пайдалана отырып көркем суреттер жасайды. Әсіресе, адамның портретін жасаудағы суреткерлігі мен шеберлігі ерекше атап өтуге тұрарлық. Себебі, кез келген жазушының шығармаларында образды сомдауда, характерді ашуда портреттің атқаратын көркемдік қызметі зор екені белгілі. Бұл тұрғыда Қабдеш Жұмаділов туындыларында тұтастай бір сөзбен салған портреттер галереясы бар. Жазушының кез келген көлемді, кейбір шағын прозалық шығармаларынан портретті шебер өрнектеудің неше алуан түрлерін кездестіреміз. Шығармада үлкен тапқырлықпен, шынайы шеберлікпен жасалған көркем портреттерді жазушы түрлі мақсатта қолданғанын көреміз. Кез келген шығармасының негізгі идеялық мазмұнын қапысыз терең ашуға,ондағы кейіпкердің бейнесін есте қалдырарлықтай етіп айқын мүсіндеуге портреттердің тигізетін көркемдік әсері де мол дейтін болсақ жазушы шығарманың осы бір құрылымын шығармашылық үлкен зор қуатпен жаңғырта, жетілдіре, ұштай түсуге елеулі үлес қосқанын көреміз. Және де жоғарыда атап өткеніміздей, жазушының өзі сомдаған кейіпкерлері бірін-бірі қайталамайды, өзара жалпы бір нәзік ұқсастыққа ие болғанымен, олардың әрқайсысы өзгеше дара келбетке ие деуге әбден болады.

(жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар