Қоғам қысасы – құтпан құсасы
Бөлісу:
Зерттеу нысанына алынған келесі шығарма – белгілі жазушы Асқар Алтайдың «Қаладағы құтпандар» хикаяты. Бұл шығарма қазақ әдебиетінде бұдан бұрын талданып жүрген хикаяттардан мүлде өзгеше. Мұның да негізгі кейіпкерлері иттер, дұрысырағы, қаңғыбас иттер. «Тазының өлімі» (М. Мағауин) мен «Ит ашуында»(С. Шаймерденов) тоқырау кезеңіндегі ауыл адамдарының моральдық-адамгершілік болмысы бірде текті тазының образы арқылы, бірде «король догы» нәсілді ит образы арқылы көрініс тапса, Алатау етегін жайлаған бас қаладағы кей адамдардың азғындаған қалпын «Қаладағы құтпандар» хикаятындағы кезбе иттердің тіршілігі арқылы жазбай танимыз.
Туындының басты кейіпкерлерінің қаңғыбас иттер болуы – оның бірінші ерекшелігі болса, екінші ерекшелігі – астананың қым-қуыт өмірі, адамдардың рухани болмысы иттердің көзімен «байыпталуында». Қоғам тамыршысы – қаламгер «егер адам азғындаса, өзі төмен санайтын иттен, тіпті кезбе иттен де жаман болатынын» оқырманның көз алдына көлденең әкеледі. Қоғамды жайлаған рухани дерттің бірнешеуі негізгі кейіпкерлердің тіршілік үшін күресі кезінде айқындала түседі. Хикаятта толықтай қаланың күйбең тіршілігі баяндалған.
Шығарма 1990 жылы жазылған. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі кезең суреттелген. Ішінара Желтоқсан оқиғасының бедерсіз суреті де байқалып қалатындай. Өз заманының өте өзекті мәселелерін арқау еткен шығарма, неге екені белгісіз, сыншылар мен зерттеушілердің назарынан қағыс қалған сияқты. Ізденіс жұмысын жүргізу барысында бізді қайран қалдырған бір нәрсе осы. Қаншама үздік прозалық туындылардың авторы – А. Алтайдың дәл осы шығармасы туралы жазылған сын мақала, пікірді кездестірмедік. Бұған, бәлкім, тәуелсіздік қарсаңындағы елең-алаң шақтың ықпалы, жазушы мен оқырман, шығарма мен әдеби сын арасын үзіп қоя жаздаған самарқаулықтың салқыны тиген болар?..
Хикаяттың оқиғасы тартымды, өте әсерлі, жинақы. Кейбір қала тұрғындарының адамшылықтан ада әрекеттерін көргенде оқырманның аза бойы қаза болады. Шығарманың композициялық құрылымы өте шебер қиюласқан. «Ала төбет пен Ақ қанден», «Тік құлақ», «Торшолақ», «Сәби мен Сары тазы» дейтін бөлімдерде кейіпкерлердің өткен өмірі шегіністер арқылы беріледі.
«Қаладағы құтпандар» хикаятының негізгі кейіпкерлері бесеу – Ала төбет, Тік құлақ, Сары тазы, Торшолақ және Ақ қанден – үлкен қаланың қаңғыбас иттері. Шығармадағы оқиға өзегі – олардың кезбе тірлігі. Күшік күндерінде ол иттердің өз иелері, мекендері болған. Уақыт өткенде түрлі себеппен далада қалып, кезбелік өмірге көндіккен. Жеті қазынаның бірінен саналатын иттердің осындай қиын жағдайға кез болуына да олардың иелері, екі аяқтылар кінәлі. Кезбе тірлігі арқылы иттер екі аяқтылардың небір жауыздықтары мен арамза әрекеттеріне куә болады. Автор олардың қазіргі күйі мен осы кезге дейінгі өмір сүрген ортасын қатар бейнелеу арқылы, иттердің көзімен адамдар әлемін сипаттайды. Ал ол әлем көп тұста мүлде кеспірсіз, жиіркенішті.
Қаңғыбас иттерді жазғыра да алмайсың. Бірнешеуі кезінде арнайы күтім көріп, екі аяқты иесінің аялы алақанын сезінген. Тіпті өз туғандары тастап кеткенде иелеріне адал болып, соңғы деміне дейін қасында болған. Кейбіреулері күшік кезінен жылы үй, жанашыр иесі дегеннің не екенін де білмейді. Бірақ олар әр оқиғадан үлгі алып, адамдар туралы түсінік қалыптастырған. Сонымен қоса бұл құтпандардың да адамдар сияқты бірлесіп күн көретінін байқаймыз. Араларында мықтысы да, ақылдысы да бар. Топ басшысының соңынан еріп, ырқына көніп отырады. Кей тұста тіпті не жасы үлкеннің, не қызметі үлкеннің, не беделі үлкеннің айтқанына жүргісі келмейтін адамдардан да артық сияқты. Топ басшылары да жауапкершілікті өте жақсы сезінетін сыңайлы. Барынша азық табуға тырысып, жол бастауға келгенде өз тәжірибелеріне сүйенеді. Біз бұл көркем туындыны да тек иттер туралы жазылған натуралистік шығарма деп алғанымыз жөн болмас. Себебі мұнда адамдардың характерін ашу, қаладағы жастардың тәрбиесі сынды біраз ауқымды мәселе бар. Сондықтан автордың негізгі ойы қаладағы қарбалас тіршілікті, қоғамының жағымсыз тұстарын жануарлардың көзімен сипаттау болған деп топшылаймыз.
Хикаятта тазыдан басқа да иттердің бірнеше тұқымы көрінеді. Сары тазының алымды серігі – Ала төбет. «...Әсіресе, Ала төбет. Ол Сары тазыға ашулы. Бұған қарамастан құтыруын. Әттең, сирағы ұзын! Жүйрік. Қашса –құтылар , қуса – жетердің тап өзі...»
Ала төбет кішкентайынан көлік ішінде өскен. Оны иесі енесіне тамақтандыру үшін ғана әкеледі. Мұнан әрі далаға шықпайды. Ал иесі санап жүрген жігіт оған мүлде мейірімділік танытқан емес. Тіпті басқаларға да жол бермейді. Тым болмаса итті кешкі серуенге де алып шықпайды. Мұндай тар қапаста өмір сүру мүмкін емес шығар. Сондықтан Ала төбеттің бар арманы еркіндікте болу, даланың таза ауасымен серуендеу болатын. Бұл арманына жетуге көмектескен кішкентай баланың жазықсыз жазалануы қорқынышты түстей болатын. Не дегенмен де ол аңсаған еркіндігіне жетті ғой! Бірақ оның келесі бір қиындыққа толы өмірі енді ғана басталғандай. Тамақ табу, жылы жер іздеу айтарлықтай оңай емес-ті. Біз оның иесінің образын бірнеше деталь арқылы ғана байқай аламыз. Жазушы осы бір сәтті пайдалана отырып тәрбиесіздіктің бір мысалын келтіру арқылы, негізгі мәселенің бастауына жол ашқандай. «Көзін ашқалы әлдебіреулердің қарулы қолы желкесінен мытып алып, енесі мен өзі секілді ұяластарының жылы қойнынан суырып, үнемі сыз тартып тұратын резеңке еден мен тымырсық темір қораптың ішіне тастай салады. Алғашқы кезде жылы бауырды сағына іздеп, күні-түнімен сілесі қатқанша қыңсылап жүрді де, біртіндеп жалғыздыққа да, жанды қармаған суыққа да үйренді. Қарулы қатты қол мұны енесінің бауырына үш уақ, кейде екі-ақ, тіпті бір-ақ рет салатын. Оның өз себебі бар... Темір қорап деп жүргені жеңіл машина болып шықты. Сол машина кейде қозғалып кетіп, ырғала шайқап, бұғап маза бермей қаңғитыны бар. Сонда ғой таңдайының кебетіні: қарны шұрылдап, жүрегі сазып, көз алдына тырсиған емшек елестеп, тамағына қант аралас ақ дәмі келеді. Ондайда машинаның иесі де көңіл аудармайды. Өз бетімен. Бұл да бұралған қалпы өзімен-өзі».
Көліктегі ала күшікті кішкентай бала әуестікпен шығарып алғаннан кейін, көп ұзамай оның алмағайып өмірі басталады. «Базардың тап-тар қос есігіне жақын қойылған машинаның арт жағын ағыл-тегіл халық саулап жатыр. Бәрі де әлденеге асығыс. Бұрылуға мұршалары жоқ».
Жазушы шығармада Ақ қанденнің жағдайын айта отырып, қараусыз қалған қарттардың аянышты күйін, олардың жағдайын да оқырманына өте нанымды баяндайды. Бұл дәл қазіргі таңда да әлеуметтік маңызға ие мәселе. Өзін жарық дүниеге әкелген ата-анасынан бас тартып, оны қартайған шағында қараусыз, күтімсіз қалдыру сол тұстарда белең ала бастағаны байқалады.
«Ұрғашы Ақ қанден жалғыз басты кемпірдің қолында бірге ғұмыр кешкен. Кемпір жалғыз емес еді... Үйіне ұлдары келіп, келіндері соғып тұратын. Қызын көрген емес қанден. Оның бар-жоғынан да бейхабар болатын. Бұл кемпірдің қолында он жылдан астам тұрды. Алғаш жұдырықтай келгенде-ақ иесі қарт еді. Бірақ адуынды. Арада біраз жылдар өткенде кемпір қанденнің көз алдында кеміп, суда тікесінен жүзген шөркедей шөгіп, шүйкедей болып қалды. Неге екенін кім білсін, бұған келіп тұратын ұл мен келіндері де аяқтарын жылдан-жылға сиретті. Аяғы біржолата жалғыз қалды күңіреніп».
Үзіндіде айтылғандай, балалары жылдан-жылға келуді сиретеді. Перзенттік борышын орындаудың үдесінен шықпай, мейірімсіздікке бой алдырады. Ал Ақ қанден, керісінше, кәрі кемпірге сенімді серік бола білді. Десек те, ит жақсы дос болғанмен, адамға дәл баласы, отбасы сияқты жан жылуын бере алмас. Жақынын жанына жақын тарту – адамзаттың ұлы қасиеті. Ендеше, шығармада тек сол кезеңде ғана емес, қазір де өзекті мәселелердің бірі ретінде күн тәртібінен түспеген әлеуметтік проблема Ақ қанден образы арқылы қозғалған деген тұжырым жасаймыз.
Атам қазақта абақты, балалар үйі, қарттар үйі деген атымен болмағаны рас. Қоғамдағы құндылықтардың құны кеміп, адам рухани тұрғыдан азған сайын, бұл қасірет ұрпақтың ауысуымен бірге өрши түскендей. Әлде алдыңғы буын аталардың қанымен, ардақты аналардың ақ сүтімен дарыған тәрбие басқаша болды ма? Мүмкін, жыл өткен сайын күш алған жаһандану үдерісінің ықпалы болар? Кейінгі ұрпақтың қайырымсыз бола түсуіне кім кінәлі? Әлде барлығын үйіп-төгіп заманның иініне арта саламыз ба? Кез келген ата-ана баласы дүниеге келгенде, менің болашақ қамқоршым, ізбасарым келді деп қуанады. «Ұл болсын, қыз болсын, әйтеуір аман болсын!» деп оны өсіріп, тәрбиелеп, қатарға қосады. Бірақ үміт артқан перзентің қартайған шағыңда сенімен бір шаңырақ астында тұруға жиіркенсе, не болмақ? Автор оқырманын осындай ауыр сұрақтармен бетпе-бет қалдырады. Бір қарағанда, ит екеш итте де мейірім бар сияқты. Сонда адам баласының ит екеш иттен де кейін болғаны ма? Өйткені қарт кісі дүние салғанда, қасында Ақ қанден ғана болды. Мәйіті иістеніп кеткенде мазасыздана үріп, хабар берді. Ал бірнеше күннен кейін амалсыз есікті бұзып кірген перзенттерінің анасы тірі кезінде бір келуге жарамай, өлгенде бұзылған денесін дәрігерлерге беріп жібере салысымен, дереу пәтеріне ие бола қалғанына не дерсің? Дереу пәтерші кіргізіп, Ақ қанденді тепкілеп қуғанына ше? Осылайша шығармадан қоғамда дендеп тұрған мәселелердің бір шетін ғана байқаймыз. Автор мән-жайды баяндаумен ғана шектеледі, мәселенің мәнісіне ой жүгіртіп, шешімін табуды оқырманға қалдырған сыңайлы.
Келесі кейіпкер – Тік құлақ. Осы топтағы иттердің басын біріктірген овчарка тұқымды ізшіл, иісшіл ит. Кей кездерде қала ішінде, әсіресе, өзіне етене таныс жерлерге келгенде үнемі жол бастайды. Осы жолы да өзінің иесімен бірге өмір сүрген үйіне келді. Ол үй есінен шықпаған, иесінің де істері, мінезі – барлығы есінде. Иесі маскүнем, ашушаң кісі еді. Тік құлақты бірде жақсы көріп ас берсе, ащы судан ауыз тигеннен кейін аямай ұрып-соғатын. Овчарка оны сонда да жақсы көретін. Ақыр аяғында безіп кетуге мәжбүр болған. Дәл осы Тік құлақтың иесіне байланысты эпизодтардан адамды ардан бездіретін маскүнемдік, араққұмарлық тәрізді жаман әдетті аңғарамыз. Осындай эпизодтар «Тазының өлімі» шығармасында да кездесетін. Лашын мен Тік құлақтың образында осы тұста біршама ұқсастықтар бар. Лашынның иесі Қазы да араққа сылқия тойып алушы еді ғой. Бірақ, Лашын иесі арақ ішсе де, ішпесе де қасынан ажырамайтын. Қазы да ешқашан Лашынға қол көтерген емес-ті. Ал мұнда Тік құлақ иесін қанша жақсы көргенімен, ол ащы судан ұрттаған кезде итке күн көрсетпейтін. Оны автор былай баяндайды: «Бұған дейін талай рет тепкі көрсе де, талай таяқ жесе де кектеніп көрмеп еді иесіне ит. Ол жолдары иесі де көп төбелесіп, ұзаққа бармайтын. Көбінесе ішкі үйде отырып, қасына шақырып алып, өзі жеп отырған тамағынан беріп отырып, кенет құтырып кеткен адамша Тік құлақты қағып-қағып жіберуші еді. Теуіп-теуіп те алатын. Көзі аларып, аузы көпіре айқайлап, ойына бір нәрсе түскендей тоқтап қалып, жынын алған бақсыдай биязы бола қалатын. Ішімдіктен бір ауруға шалдыққаны шындық... Оның қандай ауру екенін ит қайдан ұқсын? Ит қой». Маскүнемдік те қазаққа желімдей жабысқан жаман әдеттің бірі. Автор кейіпкері арқылы араққа жеңілген жігерсіз жанның елірме халін сенімді суреттейді. Тік құлақ елірме иесінің ессіздіктеріне артық шыдамай, үйден амалсыз кеткен. Қаладағы қаңғыбас құтпандарға қосылған.
Арадан бес жыл өткен. Желтоқсанның аязы ашыққан иттерді әбден титықтатты. Түн жамылып қу құлқынның қамымен жортып келе жатқан бес ит үлкен қала сыртындағы жатаған тамды үйлерге бет түзейді. Сонда Тік құлақ терезелері үңірейген, өртенген үйді көргенде сілейіп тұрып қалды. Күшік кезінен көзіне ыстық мекені. Бірақ қожайыны жоқ, өртеніп кеткен. Бүлінген үй ішінен дәнеңе де таппаған иттер кері қайтты. Тік құлақ қалып қойды. Иесінің өзін мәпелеген сәттері елестеп үнсіз жылады... Итте де адам сияқты қимастық сезім бардай. Төрт аяқты санасыз хайуан адам сияқты босап, көз жасына ерік берді. «Тағы да Тік құлақ алда. Таныс-бейтаныс көшелермен, тығырыққа тіреліп қалатын тұйықтармен жол тауып келеді. Көздері кейде қозданған жалындай лап ете қалады. Сол сәтте лап еткен жалыннан әлдебір от ұшқыны тамып кеткендей болады. Ол тамған ұшқын – барлап қарағанға көз жасы... Ол үнсіз жылап келеді. Көз жасы қараңғыда кейде танылып, кейде көрінбей тырс-тырс тамады. Тамшылаған ыстық жас бірақ сирек. Мезгіл-мезгіл егіліп кеп қалады. Оны тоқтатар өзінде де күш жоқ».
Кезбе иттер қарын тойдыру қамымен қала ішін кезіп жүргенде қоғамда етек жайған тағы бір кеселдің – нашақорлықтың куәсі болды. Көзге түртсе көргісіз қараңғы жертөледе екі жігіт пен қыз қолдарына шприцпен есірткі егіп жатқанда аңдаусызда үстінен түсті. Алайда ашыққан иттер оның не екенін түсінбейді. Ұрымтал тұста үстел үстіндегі қалған-құтқан тамақты жеп жатқанда, Тік құлақ елтіген жастардың қолынан қапияда өлім тапты. Жаны есірткіге шырмалған жігіт өзіне бой үйреткісі келіп жанасқан Тік құлақты кенеттен пышақтап тастады. Оны көрген құтпандар ол жерден лезде ізін суытты.
Келесі эпизодтар одан да қорқынышты. Тік құлақтан айырылған төрт ит барынша сақ болуға көшкен. Жоғары оқу орнының маңындағы студенттер жатақханасын торуылдап, азық іздеп жүргенде қыз бен жігіттің мәйітін тауып алады. Дәл осы тұста оқырманның көкейін «Ол екі мәйіт айдың-күннің аманында мұнда қайдан келген?», «Өрімдей жастарды қолы қалтырамай өлтірген қанішер кім?», «Қоғамның беталысы қандай болған?» деген тәрізді сұрақтар төпелей жөнеледі. Сөйтіп, адам деген ардақты аттың құнын кеміткен азғындыққа лағынет айтқызады. Арсыздық пен жыртқыштық жайлаған қоғамның бет-бейнесінен еріксіз түңілдіреді. Бұл эпизод оқырманның көз алдына Желтоқсан оқиғаларын әкелетін сияқты.
Хикаяттағы Сары тазының өмірі басқаша өрілген. Ол ашық аспан астында ұяластарымен бірге бейбіт өмір сүруші еді. Бірақ тазының бұған көңілі тоймай, ұрлыққа басты. Соның кесірінен тек өзі ғана емес, ұяластары да зардап шекті. Ол тойымсыздықтан фермадағы торайларға бас салды. Ашыққан кезінде серіктерімен ет арқалаған кішкентай баланы талады. Бұл ферма иелеріне зор шығын әкелді. Негізі тазы деген аты, түрі ғана болмаса, тегі қазақ тазысына мүлде келмейді. «Тазының өлімі» хикаятында текті ит ретінде сипатталған қазақ тазысы таза қанды болмағандықтан, мұнда ұры, сұғанақ, мейірімсіз.
Шығарманың финалында құндақтаулы сәбиін көтерген қызды көріп тағы да тіксініп қаламыз. Саналы тіршілік иесі саналатын адам баласы тағы да шектен асқан жауыздық танытты. Өз ішінен шыққан сәбиін ажал қолына тапсырып кетті. Жаны шырқырамақ түгіл, селт етпейді. Тасжүректігі соншалық – жөргекке ораулы нәрестені аялдамаға әкеліп тастағанда, артына бұрылып көз де салмады. Оны үздіксіз бақылап тұрған төрт ит, қыз кете салысымен жетіп келеді. «Айналасы ашық, төбесі ғана жабық аялдама орындығы үстіндегі ораулыны келе иіскеп, бірден-ақ екі аяқты пенденің жас сәби екенін айырған. Ала төбет аңырып қалды... Тазы да басын көтеріп алды. Сәби болса көзге көрінбестен жеңіл ғана тыныстап жатыр. Ұйқыда. Тіршілік саңылауы жоқ санасын ұйқы ұйытқан».
Қорғансыз сәби аязға әбден тоңып, аштықтан бұралған иттердің ортасында. Құтпандардың көздері қарауытқан, әлі қырқынан да шықпаған періште-сәби үшін бірімен-бірі таласты. Желтоқсанның соңғы түніндегі иттердің адам үшін таласы жақын маңда ойнап жүрген қыз-бозбалалардың құлағына тиіп, олар сәбиді аман алып қалды.
Біздіңше, автор мұнда да күрмеуі қиын мәселені көлденең тартады. Шаранасын айдалаға тастап кеткен қыздың күнәсі – ауыр күнә екенін еске түсіріп қана қоймай, қоғамда азғындықтың бұл түрінің де белең алғанын меңзейтін тәрізді.
Кәрі анасынан безген қайырсыз перзент, арын араққа айырбастаған еркек, нашақор қыз-жігіттер, қандықол қарақшы, көкек ананың жиіркенішті кейіптерін адамның емес, иттердің көзімен көргенде, бойың мұздап кетеді... Осының барлығын жазушы А. Алтай шебер әрі нанымды бейнелейді. Әрбір көріністі көз алдыңа көлденең әкеліп, сөзбен сурет салған.
Әселхан Абдукаюмова,
Сарыағаш ауданының
№4 мамандандырылған
мектеп-интернатының оқушысы
Бөлісу: