Асқар Игенұлы. Жеңіс жырлары елінің жүрегінде

Бөлісу:

18.01.2021 5017

Ақын Жеңіс Шәкенұлының туғанына биыл 60 жыл толып отыр. Жылдар алыстаған сайын жарқын тұлғасы жақындай түскендей. Шығармашылығын зерттеп, мұрасын насихаттап жүрген белгілі журналист, фольклоршы, зерттеуші - Асқар Игенұлымен сұхбаттасқан едік.

- Жасындай жарқ етіп, небәрі, 23 жасында өмірден озып, соңында 37 өлеңі қалған талантты ақын Жеңіс Шәкенұлы артына өшпестей өрнегін қалдырды. Сонау Шығыс Түркістанда туған ақынның есімі бүгінде қалың елге мәлім. Әңгімемізді ақын туып өскен сол топырақтан бастасақ...

- Өткен күндердің соқпағына үңіліп отырсаң көз алдыңа осынау жер бесікте сағымдай сабылысқан күйкі тірліктің күйбеңімен жүрген пендесінің оң-солын танып, бақ пен сорын парықтап, баянды бақыт тапқанынша “Қамшының сабындай қысқа ғұмыр” қас-қағым сәтте-ақ соңғы нүктесін қойып үлгіреді. Дегеніміздің бір мысалы, айтылмыш қаһарлы қармаққа көкқұрақ күнінде ілінген қыршын ақын Жеңіс Шәкенұлы көз жұмғалы да қаншама жыл жебедей зулап өте шықты.

Сырбаз сырлар мен шүңет ойлардың түбіндегі меруертке қармағын ілмек болған арманшыл ақын көңіліміздің көгаршынын түлетіп, құлағымызға не бір әдемі әуендер қалдырмады десеңізші!

Рас, ол азғантай ғұмырында дарынды ақындық өнерімен поэзия айдынында өршелене өрге жүзіп, өзінше өрнек сап, сыршылдық танытты. Өмірде өзінің меншікті ен-таңбасын қалтыра алды.

Міне осылай, жарқын өмірге ынтызар құштарлық, қоздаған өрт көкірекпен келген ақын соқпақсыз соны ойдың орбитасына егей жырдың ақ туын енді ғана тіккен албырт та, алғыр күндерінде, өзінің Тарбағатай сеңгірінен тосын аққан жұлдыздай көз жаздырып, тым ерте ғайып болды.

Ақынын ақ құсына балаған әз халқы ол дүниеден өткен жылдарда газет-журналдарда 13 мақала, қыруар арнау өлең жазып, ардақты ақынын еске алды. Бұны жүрек қылыңды шертіп, түйсігіңді тұшындырып, кеужіріңді жара аңқыған Жеңіс поэзиясының құдіретінен ерікті туындаған марапат, әсер дейді екенбіз, онда Жеңіс рухы туған елімен мәңгі бірге жүрмек.

Құнарлы топырақтан құт қонады. Ақыл-парасаттың ұрығы көктейді. Ол сан тарихтың куәсі, берекенің ұйтқысы, асылдар туған мекен, ежелгі атажұрт Барқытбелдің баурайы Майқайың өзенінің батысындағы «Шошқаатқан» күзеулігінде 1961 жылы 19 қараша қыстың ақбұрқақ алғашқы қары жауған сенбі күні ақшамда Ауыл әкімшілігі басқармасының кәтібі Шәкен отбасында дүниеге келді.

Тарбағатай баурайында тіршілік еткен ақпейіл осынау жұрт бір терінің ішінде қанша толып қанша солмады, қаншалықты зобалаң қозғалыстарға төстік болып қақталмады дейсің! Сонау жылдардағы “Үшке”, “Беске”, “Жерлік ұлтшылдыққа”, “Оңшылдыққа” қарсы делінетін аласапырандағы қысырақтың үйіріндей дүркіретіп өткен тұяқ дүбірінің дүмпуі әлі басылмай жатып Тарбағатай, Іле аймақтары шекараларынан 1962 жылы арғы бет ауған ошарылған көштен соң қалған елге “Шеттің шегесі” дейтін пәле жабысты. Сол жылдағы “Шекара оқиғасына” байланысты Шәкен ауылдары да (Жеңіснүр гұңшы) тұтасымен Шәуешектің бос қалған елді мекендеріне көшіріліп келді. Ендігі күн көрісін Қараүңгір өзені бойында бастаған Шәкен ағамызда талшық қып жүрген жұмысынан шеттетіліп, жәй егінші болып күнелтті. Осыдан былайғы жерде балалықтың бал дәуренін Қараүңгір жағасында бастаған Жеңістің Ашылы ауылдық орталау мектепті тамамдап, Аймақтық 2 орта, одан Аймақтық педагогика мектебіне қабылданған 1980 жылға дейінгі бозбала күндері осы жұпыны қыстақ “Ынтымақ” та өтті. Оның өзімен туысқан Кәдірхан, Нұрлан, Мәден, Гүлдән және Гүлжәннат есімді 3 ұл 3 қыз, шешесі Гүлшән мен әкесі Шәкен бір жанұяда 8 жан болған.

Шарт-жағдайы нашар орта, күндік еңбекақы құны сары құлақ тиынмен есептелінетін жатақ ауылда күн көрістері үпі-тапі қиыншылық қыспағында жүрсе де, аңғарлы әке ұл-қыздарының жүйелі білім алуына айырықша мән берді. “Кісі болар баланың кісесінен белгілі” деп бекер айтпаған. Ұлының санасы ерте марқайып келе жатқанын қалт жібермеген әке оның алдын тоспай, көзі ашық, білімді, жетелі азамат болуын армандады. Нәтижеде, Жеңіс оқу деңгейі орта техником (Тарбағатай аймақтық педагогика) мектебін бітіріп сол жылы Шәуешек қалалық(ол кезде аудан) радио стансиясына тілші-редактор болып жұмысқа тұрған. Сол жылдарда жазған тырнақ алды ішінара өлеңдеріне өзінің кіндік қаны тамған жақтың жер аттарын лақам қып “Ақбөктер Талдыбаев” деп қалам ат қолданды.

- «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» - дейді Абай атамыз. Ақынның ата-анасы, өскен ортасы жайлы да кеңінен айта отырсаңыз?

- Жеңіске жүкті кезінде анасы құс етіне жерік болыпты. Алланың бұйырығы шығар, бір күні жұбайымен көршісі Қабдыхан өздерін орап ұшып, алыстамай жүріп алған кекіліктің үлкендігіндей ақ шыбар, жағал, екі құлақшасы бар “Тарғақ” дейтін құсты манаполкаларымен атып әкеп, соның етін Шөңкеге пысырып жеп тұмса ананың жерігі қаныпты.

Естяр болған ойын баласы кезінде де Жеңіс жаяуға жүргіш болыпты. Ол шоқақтап бір орынға тоқтамағанда шешесі оған “Сен тарғақсың” деп, қабақ шытып, Жеңістің тынымсыздығын өзінің құс етіне жерік болуымен байланыстыра кінәлайтын-ды. Орта мектепті қаладан оқыған Жеңіс сенбі сайын жиырма қанша шақырым жолды жаяу басып аулына келіп, ертесі қонаға қайтып, өстіп жүріп оқуын тамамдаған.

Жеңістің ақ қан науқасы екені анықталып, оған қарсы дауаланғанымен ем шипа болмай, науқас ілінгеннен айға жетер-жетпесте бақиға аттанып, мәйті ауылына әкелініп жерленеді. Қабырғаны сөккен қаралы күннің ескерткіші боп ақынның басына орнатқан құлпытасқа “1985 жылы 13 қаңтар жексенбі түскі сағат бір де” мәңгі ұйқыға кеткені жазылған белгі ғана қалды.

Тете інісі Кәдрхан орталық Сіләм университетіне оқуға аттанғанда “Жылаудың өзі махабат” деп, өлең арнаған ақын Үрімжіде өмір мен өлімнің бір жағына шыға алмай арпалыста тұрған қыл үстінде иқуатымен дәрмені қалмай тұрсада қолына қалам алып, інісіне хат жазып бірдемелерді айтпақшы болғанымен “Сәлем хаттан” соң қаламы қолынан түсіп халы төмендей берген. Неткен өкініш бұл!

“Көзден кетсе, көңілден болар ұмыт” дегенімен Жеңісі қайдан ұмыт болсын. Күні кеше көрген түстей әке мен шешенің көз алдына буалдыр сағым сурет боп тартыла берді. Жетпісті еңсерген әке де, Жеңіс дүниеден өтерден жарым жыл бұрын сексен бестегі Ажыхан ақсақалдың: “Бір боз торғай ұйықтап жатқан Шәкеннің қойнынан ұшіп шығып керегенің басына одан шаңырақтың күлдіреуішіне қонып, аз-кем аялдаған соң аспанға ұшып кетті” деп көрген жәйсіз түсін кеш айтқанын есіне келтіріп: “Ертерек құлағымызға шалынса ‹Түсті түлкінің боғына жорып› тиісті ырымын істесек әлде қалай болар еді” деп күңіренді. Адам баласының арманы таусылған ба?!

Жеңіс пәни дүниеден көшкенімен оның артында арманшыл ақынын тарих бетінен өшірмейтін құтты ұясы - туған елі қалды. Соның аясында “Босаға” бастатқан 16 шығармасы 1990 жылы Шыңжаң халық баспасынан шыққан “Астынан алты қырдың” атты қоспа жинақта жарық көріп, жасамаған ғұмырының жалғасы екінші рухани өмірі басталды. Басталып қана қалмай марқаланып келеді. Оның өлеңдері уақыт озған сайын адамдар санасына әміршінің пәрменді жарлығындай қабылданып, Жеңіс боп елестеп, Жеңіс боп үн қатып, әйдік тұлғаға айналып кетті.

- Жеңіс ақынның мұрасын біршама зерттеп-зерделедіңіз. Өлең жазудағы ерекшеліктері қандай екен? Ақын жырларының құдіреті неде?

- Намыс туын жықпаған жаужүрек батырларымыздың аты ғасырлар бойы тарихтан өшпегені сяқты, халқының мұқалған жігерін сол аруақты бабалар заманына бастап, ұлағатты ұлтының рухани жан дүниесін, сезімін намыстың алмасына суарған Жеңіс жырларының құдіреті - болашақтағы Жеңіс жырлары емес тіпті, жер астына түсіп кеткен Мәді сияқты ақыр заман болғанда ақ қылышын жарқылдатып шыға келетін айбатты Жеңістің өзін, Жеңіс бейнесін үлкейтіп көз алдыңа әкеледі.

Жеңіс Шәкенұлының басылым көрген, көрмеген өлеңдерін жинап, тергенімізде бары 38 өлең. Бұның ішінде қазірге дейінгі басылым көргені 22. Жеңіс осының ішіндегі 4-5 өлеңімен ғана ай мүйізді ақ серкедей, ай маңдай ақын боп өз ортасы ғана емес, өзге ортаға да танылып кетті. Демек, Жеңіс өлеңдерінің өміршеңдігі қазақ әдебиеті үлгілерінің біріне айналып, ғасырдан ғасырға шеру тартып кететініне күмән жоқ.

Автордың қойын дәптеріндегі өлеңдерінің жазылған кездегі жыл, ай, күні анық жазылған. 1983 жылғы өлеңдерінен маусымның 3 жұлдызы жазған “Күн сұлу” мен желтоқсанның 21 жұлдызы жазған “Босаға” қатарлы 12 өлеңі; 1984 жылғы өлеңдерінен қаңтардың 10 жұлдызында жазған “Жол” мен жоғарыда атаған “Намыс және қан” қатарлы 13 өлеңді; Ал, жыл, ай, күні жазылмаған өлеңдерінен “Туған жер” қатарлы 13 өлеңді көшіріп реттедік. Дегенмен бұл 13 өлең де осы екі жылдың туындысы. 70 пайызы 1984 жылдың жемісі. Сонда 1983 жылдың соңғы жартысынан 1984 жылдың қараша айына дейінгі бір жарым жылға жетер-жетпес уақыт қана оның поэзиялық шығармалар жазу толғанысына бұйырған. Бізше ақын жинағын баспаға реттеуде өлеңдерінің ілгерінді-кейін жазылған уақытын негіз еткен жөн деп ойлаймыз. Себебі, бұдан ақынның күн санап, ай санап өсу жолын айна етуге болғандай.

- Ұлт болған соң оның тарихы, әдебиет-көркемөнері, адамзат өркениетіне қосатын өзіндік үлесі болады. Қилы заманның әр бір кезеңдерінде әр халықтың арасынан қоғамдық орта сыйлаған кемеңгер ұйтқылар, ел билеген көсемдер, ғылым саласында тапқырлықтың талғарына жеткендер, көркемөнер саласының жұлдыздары, тіл құдіретін меңгерген ақын-жырау, шешендері болсын бұндай жетістік көмбесіне қолы жеткендері санаулы саңлақтар ғана. Оның бойындағы артықшылықты “Тума талант” дейді. Ендеше, сол таланыттың бірі – Жеңіс еді ғой.

- Жеңіс поэзиясы ыңғылынан түйгеніміз: Ол өмірдегі болмыс пен тұрмыстың заңдылығын қазақи қисынмен бейнелеп, Қайыңның тошынынан мін алған шебердей қюды қабыстырып жіберді. Жеңіс шығармаларының сол кездегі басқа ақындарымыздан ерекшелігі: Қатысты басылымдар да жарық көріп жататын 1980 жылдың бастапқы кезіндегі поэзия ауанына мүлде ұқсамады. Оны парықтандырып, “Қарқарадай” көрсете қойған құдірет: Жеңіс поэзиясындағы ұлттық рух иісінің қалжаға сойған ақсарбастай буы бұрқырап, ерменді сорпаның кеңсірік жарып, таңдайда қалатын дәміндей, толық қанды ұлыттық бояуы. Одан фолклорлық сарын, хисалық ағыстардың ұшырауы. Әсіресе, шығармадағы ойдың, ұғымның, сезімнің, тілдің тұтасып кетуінде. Оны қабырғасына қашау салып сөге алмайсың. Ілуде бір дүниеге келетін осындай шығарма қазірде, келешекте де ұрпақтарға үлгі, ұлтымыздың әдебиет тарихы үшін де бағалы байлық, қап түбіндегі асыл кездік. Жеңіс өлеңдерінің оқырмандар көкірегінде жатталып қалуындағы бірден-бір өлшем - оның өз нәрі. Сондықтан, Жеңіс шығармаларының рухани санамыздағы құндылығы әр уақыт әлеуметтік тұрғыда ескеріліп, өркениет тарихынан иелейтін орнын дұрыс тұрақтандыру тиіс.

- Бізше, Жеңіс ең әуелі дәстүрлік әдебиетке мән берген ақын. Өз ұлтының өмір-кешулеріне, мәдениетіне, ғұрып-әдетіне, дәстүріне үркектеп секеммен қарамаған. “Босаға”, “Саптама”, “Қаратаудың елдері” осы айтқан өзекті жарып шыққан жанды шығарма.

- Тақырыппен мазмұн қабысқан шағын өлеңдерінің шанағына аса мол дүниелерді сыйдырып жіберген. Жеңістің ғұрып-әдет, салыт-дәстүрін сүю, өмірдің шытырман соқпақтарына зер сап үңілу және оларға бақылау жүргізуі басқалардан бөлегірек.

Автордың “Ат”(өзі қойған тақырып) деген өлеңін оқысаңыз сонау көшпенділер заманымен тілдескендей боласыз, елін, жерін қорғаған жаужүрек хас батырлармен бірге жүргендей сезімде қаласыз.

“Ұлт болған соң дала көркін сақтаған,

Есек емес, қажеттісі ат маған.

Айтшы қане, қайсы қандай соғыста,

Өгіз мініп аттан салып шапты ағаң?!”- дейді. Рас, сонау Сақ, Үйсін мемлекеті кезінде-ақ мыңғырған жылқысымен алыс-жуыққа аты машһұр осынау ел, оның кейінгі ұрпағы құрлықтың қожасы еді ғой. Айбынын асырған аттылар дәуіріндегі жылқы мәдениеті, жершарының төбе құйқасын шымырлатқан тұлпардың тұяқ дүбірі, ондағы салауаттлық пен сұстылық, жаужүрек ерлерімен сал-серілерінің мақпал қара, қан жирен, тобылғы торымен жер апшысын қуырған бір тұстары даланың көркі болған. Міне үстіп, меңіреу дала табиғатына жан бітіріп, оған көрік беріп, дала көркін сақтаған ұлт екенін, тақырыптың өзекті ойын осылай жанды мысалдармен суреттеп бере алды. Ат пен өлеңді қазақтың қос қанаты тұрғысынан танып, ондағы рухани өмір заттық марапатты сезінген ақын:

“Байқап та қой ат үстінде өнерім,

Аттың жалы дүрілдеген өлеңім” деп, бірін-біріне теліп, тете қояды. Біте қайнастыра біледі. Аттың ұлтымыз тірлігіндегі орны аса бөлек. Бесіктегі күнінен, ашамайдағы кезінен ат құлағы көрінбейтін ақ мылтық дүлей борандарда суылдаған ат жалын қармап сонан ықтасын, жол тауып жігер-намысын долы табиғат қайрағына жанып өскен көшпенділер көкжалы үшін, дұлдұлының дүрілдеген жалы да, жауыңа намыс бермеуде өзыңмен бірге көрсеткен күші мен қан-тері де, тіпті, сезіне білгенге біртал түгі де өлең. Өйткені, осынау ұланқайыр далаға атпен ие болғанбыз. Қусаң жетіп, қашсаң құтылдырған ат ғана ер үмітін ақтаған. Атпен Жеңіс алып, бостандыққа жеткен. Ақын қаламынан туған мынау жыр−жәй суреткерлік емес, ғажайып суреткерлік! өлеңде “Ер қанаты−ат” деп білетін халқымыздың ұлт рухын сезімдік жақтан дәп басып бейнелеп бергені, Қазақ баласының атқа деген махаббаты көзге ұрып тұрады.

Ат туралы бұндай ой толғау ана тілі ата_ападан соң-ақ “Ат” деп шығатын, ат жалында өскен Қазақ баласының, соның ішінде осы бір тіршілікке бауыр басқан, бұған ынтызар, сергек сезімді ақынның ғана қаламынан туған. Демек, Жеңіске “Әр заманның тұсында бір сұрқылтай” салдарынан тозып кеткен ұлттық өміріміздегі ақтаңдақтарды толтырсам деген ой мықтап түрткі болса керек, ол, бір түрлі дара, ұлттық ойлау үлгісін пайдаланды, өмірдегі өзіне әсер еткен түйсінген құбылстардың жарқын дидарын жарқырата көрсетуге ұмтылды. Сондықтан, оның ұлттық таным, толғаныс жағындағы топшылаулары басқалардан көш ілгері алға зымырап кетті. Ақындық сылобы төл табиғатымызға сайғандықтан кімнің болса да жетесіне дәл тиіп жатушы еді. Енді бір жағынан көшпенді тұрмыс-тіршілік жолынан әлі де алыстап кетпеген халқы Жеңіс өлеңдерін аса жылы қабылдап, бой тұмарына балауы ақынды аспандатып, өлеңін өрге домалатты.

- “Босаға” тақырыбында жазылған өлеңдер де аз емес. Ұзатылған қыздардың жасы тамған, сәби туған аналар белін буған дегендерді бір талай ақындарымыз айтып үлгірген. Алайда, жуыр маңда қаламға ілігіп, ойға түсе бермейтін қаға беріс түйіндерді Жеңіс басқалардан бұрын жарық еткізді. Мынау шумақты оқылық:

“... Апам суға кеткенде,

Ұршық қалған босаға.

Атам соққан көкжалдан,

Қылшық қалған босаға...”.

- Иә, күнделікті күйбеңмен мұрнына су жетпей жүрген апамыздың иіріп отырған көк шыбар құстас ұршығын босағаға қыстыра сап тағы бір жұмысқа жөнелгендегі, соғып алған көкжалды бітеудей сойып “Үйірімен үш тоғыз” деп, ырымдап босағаға қағып жатқандағы атамыздың бейнесі. Біз бұдан ұмытыла бастаған бір кездегі қызықты тірліктің шағын бөлшектерін сезінеміз. Бұндай Қазақ ер-әйелдерінің жұмыс бөлісіне орай болатын қарбалас тіршілігі қалай меңзеліп тұрғаны көрніс береді.

Тапқырлыққа таңдай қағып “Сөз тапқанға қолқа жоқ” деп, сөз құдіретін жоғары бағалаған бабалар сарқыты - сарабдал азаматтарымыздың Жеңіс өлеңдерін арына балап төбесіне көтергені шындық. Соның бірі - 1989 жылы қазақстаннан туыстарына келген танымал ақын, белгілі сыншы Несіпбек Айт Жеңіс өлеңдеріне ықыласы ауып, жазып әкетіп сол жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің бір санында таныстырып әрі жарялап кісілік көрсеткен еді. Сондағы “Босаға” мемлекет астанасы Алматыдан Есіл жағасындағы Астана(Ақмола) қаласына көшіп барған “Босаға берік, шаңырақ биік болсын” айту тұсау кесу ұлықтау мұрасымында қанша мыңдаған халықтың алдында “Босаға” мен консерттің шымылдығын ашқан. Сөйтіп, Жеңіс атын ол жақта тағы бір аспандатып тастаған.

Жеңіс өлеңдерінің қазіргі бастауыш мектеп әдебиет оқулықтарына енгізілуі−Жеңіс шығармаларына жалпы халықтық тұрғыдан мән берілгендігін көрсетеді. Той-томалақ, түрлі мәдени бас қосуларда Жеңіс есімі үзбей ауызға алынады. Бұның өзі туған халқының Жеңісіне деген құрметі, сағынышы. Жеңіс образына дақ келтірмей қайта сәуле түсіргені әрі Жеңістің жеңісі. Таңдайымыздағы мюасы.

- Әдебиет сыншысы ретінде Жеңіс өлеңдерінен нені байқайсыз? Ақынның өлең өлкесіндегі өзгелермен ұқсастығы, даралығы қандай?

- Жеңіс әдебиетке кіршіксіз әппақ ар-ұжданмен келді. Оны 1983 жылы маусымның 21 жұлдызында жол үстінде жазған “Дала” деген шағын өлеңінен аңғарамыз. Онда ақын:

“... Қолды салдым

жұлып алдым,

Көтердім міне, әуіп бәлем!

Топырақтан ауыр

Даладай сауыр−

Поезямді Айға ап барам!

Бұдан поезя мен айналысудың машақатын ақын түйсігі ә дегенде-ақ сезіп, топырақтан ауыр болса да оған төзім көрсетіп, тіпті сонау Айшарына алып шығамын_дейды. Осы “Даладан” 13 күн бұрын жазған мына бір өлеңі еркін ұйқаспен(тоникалық ұйқас) жазатын Омарғазы ағамыздың үлгісіне де ұқсап кетеді. 1981 жылы орталық ұлттар баспасынан жарық көрген Омарғазы Айтанұлының “Құс жолы” жинағына енгізілген жырларында:

“... Жұлдыз мүлгіп, жалғыз тамшы

Кірпігінен түскен бе,

Аспан шөлдеп сол бұлақтан

Еңкейіп су ішкенбе?!”(“Тамшы” атты өлеңінен).

“... Дүркіре атымның жалы!

Күн күркіреп, жаңбыр сіркірейді,

Азя таулары,

Мен сенің мұзды жоталарыңды дірілдетемін”(“Қызыл атпен келемін” атты өлеңінен) делінсе, ал, Жеңіс жырларында:

“... Бұлт үйірін қайырып

дүркіретем,

Бұлт жартасын лақтырып гүркіретем.

Аспан менің жорық майданым−

Бұлтты сығып

Жаңбырді сіркіретем...”(“Бұлттар патшасымын” өлеңінен) болып келеді. Автордың Омарғазы сылобына жуық келетін бұл өлеңінде кейіптеу мен әсірелеу сынды көркемдеу тәсілдері қатар қолданылып, оқырманын ғажайып асқақ қялға жетелеп, теңдессіз рухани күш бағыштайды.

Бұдан басқа Жеңіс Шәкенұлының реалистік әдебиет назарясы жүлгесінде жазылған “Тіршілік заңы” тақырыбындағы өлеңін орта мектеп сабақ жүйесіндегі дүниеге дялектикалық, мәтерялистік көзқараспен қарау идеясінда ой өрбітіп, айтарын былайша түйіндейді:

“... Осы тірлік қақтығыстан тынбапты,

Түйсінгенге сонысымен сымбатты.

Білу керек өмір сүру қымбатын−

Бірақ кейде өлу одан қымбатты”.−Осыны оқып отырғанда есімізге Венгеря ақыны федопидің өмір туралы айтқан: “Өмір қымбат, махаббат одан қымбат. Осының бәрінен де бостандық қымбат” дегені еріксіз оралады. Ұлттық ұждан жағынан екеуінің өмір сүруге деген көзқарасы, арман-тілегі қауышып кеткендей.

Көп нәрселерге көңілі көншімей, ала бұртқан ақын енді бірде өзін қял дүниесінің зұлымат құшағына сүңгітеді. Тіпті. О дүниелік болып бара жатқан өлі жандармен тілдесіп:

“... Абайға айт өлгендерді бастасын,

Топырақтың сызы өткенше жатпасын...”.

“... Ғайсаға да хат бергізіп жібердім,

“Түс” енді деп перісінен аспанның” дейді, сәлем жолдап. Ұлы Абай аруағын пір тұтқан ақын, Абайды және о дүниедегілердің ойшылы, көсемі ретінде бағалайды. Абайтану мәселелері Қытай басылымдарында әліге көтеріле қоймаған кезде, рухани дүниемізді тазартатын бір құдыретті рухи күштің керек екенін тілге алудың өзі, бізге аз жүк түсіріп отырған жоқ. Ақынның солпылықтарымызды жөнге салуды қялдаған “Солпылық” атты бұл өлеңі қаламы төселе, қарпымы қатая бастаған 1984 жылы маусымның 20 жұлдызында жазылған. Осы өлеңінде ақын беймаза, тәркі, пәни дүниеге мүлде көңілі толмайды. Оған жирене қарайды. Керісінше, мынау сәбидей пәк дүниеге алаяқ қулар, бит ішіне қан құятын залымдар толып алған. Түбінде бір өркениетті заман туады. “Ісі ілгері басқанынң иті оттайды”, бөлтірігін ерткен бөрілердің қораға шапқаны жоғалып үндері де өшеді. “Қой үстіне боз торғай жұмыртқалайтын” реал өмірден әлде қайда жоғары−аңыздардағы перілер әлемін қялдайды. Оны Қазақ мифтік ұғымындағы: −Заманақыр боларда көктен Қайса түсіп, жерден Мәді шығып, екеуі бірлікте зіл-зала заманақырдан елді аман алып қалады,_дейтін арманға жүкті ойын, отты өлеңіне арқау еткен.

Осы өлеңі тектес “Өкініш” те, ақын аспан денелері−күн мен түннің бір сызық бойына келіп бірін-бірі көре алмаған зәрулігін тілге тиек ете отырып, табиғат дүниесінде тіршілік ететін жануарлардың да бірінің ерекшелігіне енді бірінің қолы жетпеген беймазалық халдегі өкінішін салыстыра баяндай келіп:

“... Көп өкініш барлығын сезгенің де,

Білсең болды өмірін өзгенің де.

Құрып кетсін өкініш жер бетінен,

Арман қанат жәйса екен өз көгіңде!”.

Міне осылай қалам сілтеген ақын өкініш атаулыны жер бетінен көргісі келмегені сяқты, адамдар ындынын арандай ашқан жемтік дүниені де, нысапсыз пенделерді де көргісі келмейді. Оның көксегені тек адамдардың “Кісі” деген атқа лайық иманжүзділігі.

«... Сол ындынды көргенімде мен дағы,

Өшіргім бар “Адам” деген таңбамды»(“Бұл тірлікте көзің қызыл бәріңнің” тақырыптағы өлеңінен)_деп, ақынның түңілуі өркениетті жарасымды қоғамды күн ілгері аңсауының айғағы емес пе?

- Ақынның махаббат лиркасының өзі жеке бір тарау болатындай. Нәзік сезіммен өрілген жырларынан ерекше бір екпінді байқадық. Сол жайында не дейсіз?

- Біріншіден, тақырыптың сонылығы болса; Екіншіден, көтерген тақырыбының иін қандырып жаза алғандығында. Үшіншіден, айтпақшы ойын бүкілдей қазақы суреткерлікпен бейнелеп, бас-аяғын сомдап, оған қазақы көз, қазақы мінез, қазақы сезім қосып, бір ұлттың ерекшелігін ашатын алуан түрлі бояуды өз әйнінде орынды бере алғандығы. Төртіншіден, сол бетке алған тақырыптарын образды оймен әрлендіре жеткізіп, әдебиеттегі көркемдегіш тәсілдерді орынды қолданып, дара тұлға қалыптастырған әрі оған тарихи ұғымдарды сіңіре алғандығы.

Жоғарыда деміздей Жеңістің өлең жазған уақыт шегі тым қысқа. Сол себепті, ақынның дара стил қалыптастырып, төселуге дерлік үлгіре алмағаны да, өлеңдерінде ішнара буын санының артық яки кем қалғаны мен ритім жақта дәп баспауы көрілді. Дегенмен осы екі жылдағы табыстың ішіндегі кесегі деп махаббат тақырыбында жазған лирикаларынан “Үкілім”, “Ақшолпаным”, “Махаббат оңай ма”(немесе “Ұмтылмас күнім”) және “Балалық”, “Тілек”, “Ақтамшы” сынды өлеңдерін атауға борыштымыз. Бұл күнде бұның бәрі әнге айналып болған. “Лирйка−мылқау түйсікке тіл бітіріп, образ береді әрі оларды ыстық таркеуденің қуысынан алып шығып, өзгеше өмір береді” дейді, сыншы Белнски. Жеңіс осы “Үкілім” лирикасында ғашық жарға деген ынтызарлығын былайша бейнелейді:

“... Неге менің жаным сонша,

Етегіндей түңіліктің,

Шаршауындай шымылдықтың,

Желпілдейді сен дегенде

Айтшы үкілім!”.

“... Неге менің жаным сонша,

Таң шығындай шаппалықтың,

Талшығындай ақ мамықтың,

Үзіледі сен дегенде

Айытшы үкілім!”.− Осындағы Жеңіс талдап алған деталдар, осы деталдар арқылы оздырылған көзқарас ерте заманғы жыраулар әдебиетінен қазірге дейінгі әдебиет жасампаздығында ілуде бір жолыққан асыл десек артық айтқандық емес. Тек Жеңіске ғана тәуелді жолдар, тапқырлық деуге болады. Әдебиеттің әдебиеттігі дәл үстіп жүрек қылыңды шертіп, сезіміңді тербеп, шеріңнен шығаратын нәзік түйінінде жатыр. Күйкі тірлікке масайрап, күлді-көмеш соны ғана жырлайтын әдебиеттің адамдар жүрегіне құятын жылуы, санасына қонатын жылты қаншалық болмақ? “Ақшолпанымдағы”:

“... Күннің де нұры бар сенде,

Бейістің гүлі бар сенде.

Бидайдің нілі бар сенде,

Ақшолпаным!” дейтін мынау шумақ та, тағы ғашық жарға деген інкарлығын, оған деген пәктігін, мұқтаждығын, онсыз өзінің жер басып жүре алмайтынын “Бидайдың нілі бар сенде” деген тың баламамен жеткізеді. Алайда, бидайдің азық болатынын бәр адам біледі. Бірақ, аш өзегіне түскен адамды оны жегізіп құтқаруға болмайды. Онда ол үстінде жан үзеді. Аштық меңдеп осындай хал үстінде жатқан адамға басынан кешкені көп, түйгені мол, бас білгі кісілеріміз тек бидайдың нілін ғана тақыл-тақыл таңдайына тамызып бір жұма да қатарға қосқан екен. 1930 жылдардағы ашаршылықта бас сауғалап Қазақстан жерінен ауып келген талай боздақтарды аштық апаттан міне осылай жоғарыдағы әдіспен аман алып қалған жағыдайларды естігенбіз. Ел есінен көтерілмей келе жатқан сол зұлыматты құлағында бар ақын жақсы сезінгендіктен ғашық жүрек қармағындағы күйін, аш өзегіне түскен адамның мүшкіл халіне теңеп “Осы дерттен мені тірі алып қалатын тек қана өзіңсің Ақшолпаным” деп, құлай сүйген ғашық жарға үзіле тіл қатады.

Оның сезімінің мына бір нәзіктігіне таңғалмасқа амалыңыз жоқ. Не бары екі жарым шумақ “Ақ тамшы”(1983 жылы 7 шілде) атты лирикасында ақын:

“... Жапырақтың сүйіп тамағын,

Дегендейсің тамамын.

Үзілер сенің жеріңнен,

Қыздың жолын табамын”. Қандай тамаша кейіптеу! қандай нәзік сезім! ат баптауынан, сөз саптауынан деген осы. Халқымызда “Қыздың жолы жіңішке” деген ұғым бар. Бұл әрине оның аяқ басқанына қаратылып отырған жоқ. Жат жұртқа жазған болашақ ананың адал махаббатына, тұрмыс тірлігіне, от басы ұйтқысына байланысты жететін асыл арманға жүкті, сындарға толы сындарлы сырлы жол. Кішкентай жәңбыр тамшысының жапырақтан төмен домалаған бейнесін, сол тамшының тамған жерінен талай бүршік өніп өркен жаятын заңдылығын осы бір нәзік ұғыммен шендестіргені ғажап-ақ! осыларды қарақтатып келіп жүрек қылыңды тербеп, сезіміңді қаптырып, қарматады. Нағыз поезя дегеніміз осы-ақ болар.

Келте ғұмырында керемет жырлар толғап, арамыздан қыршын кеткен қырпулы ақыннан бір тұяқ қалмады-ау,_деп, сұм көңіл мәресіне жетпей, ішкірнеміз шеңбектегенмен көк шыбықтай солқылдаған боз балалық, лапылдап жанған ақынның басында болмады деп кім айтады?! “Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған” деген ғой. Өз ортасынан жұлдыз боп қара үзіп шыққан жыры жанар таудай балқытқан саңылақ ақынды, ат басындай ақын жүректі қазақ арулары сүймепті,_деп кім айтады? сал-сері, сетер ақын аруларға ғашық болмапты, оларды құлай сүймепті деп кім айтады?!

“... Мен демімді арнадым ақтық саған,

Жан болған соң бұл жол да жаттықпаған.

Өзің үшін соқпақ та, жаттық маған,

Өзің үшін өлуде шаттық маған”- деп, махаббат арясын жазған ақын:

“Қадалған көз куә

Айтылған сөз куә,

Сүйіскен еріндер

Өзіңе мен куә,

Өзіме сен куә!”(“Махаббат оңай ма”) деп, болашаққа қол ұстасқан, уәделесіп сүйген аруға деген ынтызар, нәзік махаббатын тәтті тілмен өрнектеп, сегіз қырлап мәнерлейді. Бейне, «Мың бір түн» әңгімелерінде сөйленетін ғашық отына өртенген жігіт, санасы сарғайып, махаббат дертіне шалыққан жүрек, ғашықтық жырлардағы кейіпкерлер Жеңіс жырында салтанат құрғандай болады. Бұған еріксіз бас изейсіз. Бас изеп қана қоймай тәнті боласыз.

Жеңістің сол жылдың өзінде күшті аңыс қозғаған өлеңінің бірі - тағы сол “Қара таудың елдері” болатын. 1984 жылы маусымда Шәуешек қаласының Ойжәйлау мал фермасы Теректі жатақты мектебінің жұмыс бастау салтында қалалық радиодан тілшілік салауатымен барған Жеңіс осы өлеңін оқыған. Топ десе арқасы қозып, жақсы лебізді жан азығым деп білетін әсерленген, табиғатқа бауыр басқан ақсақалды аталарымыз бен ақ самайлы аналарымыз ағыл-тегіл көздеріне жас алып құлағында қалған осы өлеңді әлде қанша күндер азық қып тамсану мен болған. Сайып келгенде “Қара таудың елдеріндей” ершімді жыр жазуды Тәңір өзінің “Айырықша дарынын” силаған адал құлына ғана нәсіп етсе керек.

1984 жылы жазылған “Үкілім”, “Балалыққа” сол жылдың өзінде-ақ әуен жазылып тойларда және әлеуметтік орталарда орындала бастаған. Сазгерлерде Жеңістің қадірын деркезінде ақындығы тұрғысынан танып жете алды. Жақсы текістке жақсы әуен жаратуға жанын сала бар ынталарымен құлықты кірісті. “Ақшолпаныма” ақынның өз талабы бойынша әуен жазылғанымен ақын оны естуге жете алмады. 1986 жылы “Тілек” жырына әуен жазылғаннан бері де Мұқағали Мақатаев поезясынің жүзге жуығы әнге айналып кеткені сяқты, Жеңістің де талай өлеңі әуенмен әрленіп, құт Құлыстай көгіне қалықтап кетті. Сонарымызға қайта ат басын бұрсақ Жеңісті шырқау шыңнан көрсеткен оның жәй көзге түспейтін тума таланты. Ақындық төл еңбегі. Ұлттық рухты жырларына арқау еткен ұлт иісін сіңірген сыршылдығы.

Халық қалт айтқан емес. Оқырманның айызын қандырып, халқының қалауынан шыққан, жүректердің түкпірінен терең орын алған шығарма ғана ғұмырлы болмақ! Жеңіс поэзиясы ақ желкенді қайықтай шалқар мұхиттың төсінде, арманның ақ құсындай көк сеңгір аспанның күн бетінде қалықтай бермек.

- Осындай танымдық сұхбатыңызға үлкен рахмет!

- Жеңістей ақынның шығармашылық әлеміне дендеп, оқырманға кеңінен танытып жатқан «Әдебиет порталына» да алғысым шексіз!

Бөлісу:

Көп оқылғандар