Қосағаш қазақтары әдебиетіне шолу (басы)

Бөлісу:

30.03.2021 4655

Қазақ әдебиеті – қазақ тілді ортада өмір сүретін әдебиет. Тілдік орта болмаса, ұлт өкілдері бұл тілді қолданбаса, ол жерде қазақ әдебиеті де жоқ деуге болады. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің отыз жылы барысында қазақ тілді орта қаншалықты өрісін кеңейтті, қазақ әдебиетінің даму деңгейі қандай деңгейге көтерілді деген сұрақтарға бірден жауап бере қою қиын. Мемлекеттік тіл мәртебесіне ие қазақ тілінің Қазақстандағы жағдайы жақсы болса, әдебиетінің де тұғыры биік болуы тиіс. «Бүгінгі ертең жақын» дегендей, ертеңнен үміт зор. Біз біртұтас қазақ әдебиетінің құрамдас бөлгі – шетелдегі қазақтар жасаған әдеби туындылар жайлы қарастыруды мақсат тұттық.

РЕСЕЙДЕГІ ҚАЗАҚТАР ТУРАЛЫ

Демографиялық статистикаға жүгінсек, қазақ халқының үштен бірі атажұрт Қазақстаннан тысқары өмір сүреді. Әлемнің қырықтан астам елінде қазақ ирреденталары (байырғы мекенде тұратындар) мен диаспоралары (көшіп барғандар) тұрып жатыр. Бір ескерерлігі, шетелдегі қандастардың тоқсан тоғыз пайызы Қазақстанмен көршілес Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Түркмения және Монғолия қатарлы алты мемлекетте тұрып жатыр. Жоғарыда атап өткеніміздей, шетелдегі қазақтардың басым бөлігі өздерін сол өмір сүріп жатқан мемлекет аумағындағы автохтонды (байырғы) тұрғыны ретінде санайды. Себебі, олар өмір сүріп отырған өлкенің көп бөлігі – байырғы қазақ жерінің бір пұшпағы. Өткен ғасырларда еріксіз жат қолында қалған өлкелер. Бұл, әрине – тату көрші мемлекеттердің біртұтас аумағына көз алартып, жер даулау емес. Бірақта қазақтардың өздері отырған өңірдің ежелгі тұрғындары екендігін көрші елдердің ресми билігі де ретіне қарай нақты мойындап отырғаны әмбеге аян. Осы тұрғыдан алғанда «Қандас (репатриант) – жаппай саяси қуғын-сүргін актілері, заңсыз реквизициялау, күштеп ұжымдастыру, ізгілікке жат өзге де әрекеттер салдарынан тарихи отанынан тысқары жерге қуылған және азаматтығынан айырылған, Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатымен ерікті түрде қоныс аударған байырғы ұлт адамы, сондай-ақ оның ұрпақтары» деген анықтама шетелдегі қазақтардың тарихи тағдырлық сипаттамасын толық деңгейде ашып тұрмағанынын, нақты айтқанда аша алмайтынын ескерген дұрыс болар. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың бірінші жартысындағы Патшалық Ресей мен одан бергі Кеңес Одағы билігі тұсында қазақ даласындағы көптеген шұрайлы жерлерді қазынаның меншігі деп жариялап, күштеп тартып алу, алуан түрлі қатыгездікке толы саяси қуғын-сүргіндер ұйымдастыру, мал-мүлікті тәркілеп ұжымдастыру, осының себебінен туындаған алапат аштық т.б. салдарынан қазақтар мыңдап-миллиондап шетелдерге бас сауғалап кеткеніне тарих куә. Туған жерінен бас сауғалап қашқан бұл қазақтардың біршама бөлігі әр кезеңде Ресей аумағынан пана тапқан екен. Көбі өткен ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін қайта оралғанымен, біразі сол үйреніп қалған жерінде мекендеп қалған. Ресей Федерациясында қазіргі күні мекендеп отырған қандастарымыздың тарихи қалыптасуы да әрқилы деген сөз. Яғни байырғы қазақ жерінде отырғандар мен түрлі жағдайда соңғы бір ғасыр ішінде барып орын тепкендер болып бөлінеді.

Ресейдегі қазақтардың саны оншақты жыл бұрын жүрілген ресми санақ бойынша 700 мыңның төңірегінде болса, бейресми болжам деректер бұл санды миллионнан асырады. Қазақстан тәуелсіздігін алар-алмастан шетелдегі қазақтар Атажұртқа ағыла бастады. Тәуелсіздік жылдары Атажұртқа оралған барлық қазақтың шамамен бес пайызын Ресейден келген қандастар иеленеді екен. Бұл – ресми есеп бойынша келген 1 миллион қазақтың 50 мыңы ғана. Отыз жылдық өсімімен алғанда Ресейден оралған қандастар 80 мыңның айналасында болуы мүмкін. Осы сан-дерекке қарағанда-ақ Ресейдегі қалың қазақтың көбі-ақ Атажұртқа көшемін деп жылы орнын суытуға соншалықты құлықты емес деген қорытынды жасауға болады. Оның да өзіндік себептері болар және осының себептерін зерттеу – әр түрлі қоғамдық ғылымдардың нысаны. Екі елдің арасындағы тарихи тығыз байланыстың арқасында барыс-келіске ешбір кедергі жоқтығы, тілдік коммуникация тұрғысындағы қолайлылық аясында 30 жыл ішінде Ресейде туып-өскен сан жүздеген маман кадрлар, ұстаздар мен ғалымдар елге оралып тәуелсіз Қазақстан дамуына лайықты үлес қосып, қызмет істеп жатқаны анық және олардың арасында көптеген танымал есімдер бар. Бұл тұрғыда бір анығы – Ресейде тұрып жатқан немесе елге оралған танымал шығармашылық иелері жайлы мәліметтің тым аздығы. Мұны немен түсіндіруге болады? Ресей Федерациясындағы қандастар мол шоғырланған өңірлердің өзінде қазақ мектептері болмауымен, болса да тек факультативтік деңгейде ғана оқытылатындығымен, сондықтан да қазақ тілді орта қалыптасу мүмкіндігі тарлығымен түсіндіруге болатын шығар. Ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың мектепке қатысты айтылған: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі», - деген сөзі жоғарыдағы болжамды растайды. Жас ұрпағы өзге тілдік негізде құрылған мектепте білім алуға мәжбүр ортада ұлттық рух та өзге арнаға түсіп, ақыры біртіндеп әлсіреп келе, бірнеше ұрпақ ауысқанда жатбауыр ділді жұртқа айналмақ. Дәл осы кезеңдегі ахуал түзелмесе, Қазақстанның дәл іргесіндегі екі алып елдегі қазақ үшін бұл қауіптің бұлты күн өткен қоюлап бара жатқаны жасырын емес.

ҚОСАҒАШ НЕМЕСЕ ШҮЙ ҚАЗАҚТАРЫ

Ресейдің Қазақстанмен тікелей шекараласып жатқан 12 субъектісінің әрқайсысында ең аз дегенінің өзінде он мыңнан, ең көбінде екі жүз мың қазақ өмір сүріп жатыр. Жоғарыда айтып өтілгеніндей, олардың әрқайсысының тек өзіне ғана тән ерекшелігі, қалыптасу тарихы бар. Осындай бай тарихы бар қазақ шоғырының бірі – Шүй қазақтары немесе Алтай Республикасында тұратын қандастар. Алтай Республикасы – Ресей Федерациясының Қытай, Монғолия, Қазақстанмен тоғысып жатқан өлкесі. Алтай Республикасындағы 10 ауданның ішіндегі жер көлемі жағынан ең үлкені – Қосағаш. 20 мыңға жуық шаршы шақырым аумақтағы халықтың саны да 20 мыңға жуық. Мұның шамамен 55 пайызы қазақ, 42 пайызы алтайлықтар, үш пайыздайы орыс және басқа да ұлттар.

Қосағаш ауданындағы қандастардың осы өлкеге келіп орнығу тарихына көз жүгірткенде, олардың Атамекеннен ерікті және еріксіз кетіп, Алтай тауының климаты қатал осы бөлігіне біртіндеп мекендеген қазақтар деген қорытынды жасауға жетелейді. Оның себебі, біріншіден, ауданның батысындағы Жазатыр алқабы – Қазақстанның Катонқарағайымен көршілес өңір. Бұл жерге қазақтар мал-басының өсуіне байланысты өріс-қоныс жаймен қанат жайған. Тоқтамыс, Шәкен бастаған бір бөлім жұрт Шыңғыстайдан әр жолмен келіп мекендеген екен. Бір ескерерлігі, Жазатыр өңірі 1930-жылдарға дейін әкімшілік тұрғысында Қазақстанға қарап келген. Ал екінші бөлігі бұл өлкеге оңтүстігі арқылы кірген.

Қазіргі Қосағаш қазақтарының үлкен бөлігінің ата-бабалары ХІХ ғасырдың ортасында Катонқарағай жеріндегі табиғаты көрікті Шыңғыстай өңірінің біраз бөлігі Патша кабинетінің иелігі деп танылуына байланысты туған жерінен еріксіз үдере көшіп Қытайға өтеді.

Тағдырдың тауқыметін тартқан елім,

Аз жүгін ала өгізге артқан елім.

Шалқыған Шабанбайын артқа тастап,

Кеттік қой бөтен жерге телім-телім, -

деп туған жерін артқа тастап босқан жұрт мұнда да тұрақтай алмайды. Қытайға қараған Алтайда ақсүйек жұрт болып, арып-ашып Қобда бетке, яғни қазіргі Монғолияның Баян-Өлгий аймағының Делуін өлкесіне асып келіп мекендейді. Негізінен найман қаратайдың бір бұтағы сарғалдақтардан құралған бұл елдің басшысы Қалдеке би Отыншыұлы болған. Бірақ бұл өңір де оларға жайлы мекен болмайды: «Қалдеке Отыншыұлы осы елді мекендеуге келген кезінде жергілікті урианхайлармен қақтығысып, Оорцог, Мянгад батыс бейсі хошууны Жал арваны шар дархад елкиндігінің (руының) бір азаматы Жүндилдавааның қолынан 1860 жылы 49 жасында қаза тапқан», - деп жазады белгілі ақын, тарих ғылымдарының кандидаты Сұраған Рахметұлы. Осыдан кейін Қалдеке бидің 18 жасар ұлы Абдолла елін бастап Шүйге қоныс аударады. Бұл жөнінде 1959 жылы Шүй өңіріне диалектологиялық экспедиция бойынша барған ғалым Жамалбек Болатов мынадай дерек қалдырған екен: «Қалдеке осы жерде қаза болады да, оның орнында қалған Абдолла (Қалдекенің ұлы) 20-21 жасқа келген кезде өз қарауындағы қазақтарды Шүй өзені бойына, қазіргі Қосағаш аймағына бастап келеді. Сонда бұл 1876-77 жылдар шамасы. Шүй деген малға жайлы, шөбі шүйгін, ағашты, орманды жақсы жер бар дегенді Абдолла қарауындағы қазақтар Қыранбай атты жортуылшыдан естиді де, алғаш мұнда барлаушылар жібереді. Оған іле-шала өздері де көшіп келеді».

Міне, осылайша тағдырдың жазуымен Жазатыр мен Шүйге қоныс тепкен қазақтардың осы өңірдегі түркі текті тілеуіт жұртымен ауыл аралас, қойы қоралас өмір сүріп жатқанына да бір жарым ғасырға жуықтаған екен. Шүй жазығы мен Жазатыр өлкесі қосылғандағы әкімшілік бірлігі Қосағаш ауданының құрылғанына да келесі жылы бір ғасыр толмақ. Былайынан картадан қарағанда Қазақстанмен іргелес жатыр дегеніңіз болмаса, осы Укөк үстірті, Қалуты өңірі – жаздың үш айында болмаса жол қатынасы күдір де күрделі. Екі мемлекетке қараған жақта да адам аяғы сирек, қар-мұз жамылған биік-биік асу қыраттар болғандықтан, күре жол арқылы үздіксіз аралас-құраластық жасау мүмкіндігі тым шектеулі. Қосағаш жұртының жан-жақтағы елмен, күллі әлеммен көлік қатынасының күретамыры – Ресей мен Монғолияның арасын жалғап жатқан Шүй тасжолы. (Төмендегі суретте: Шүй тасжолының Чике-Таман асуының орта бөлігі):

Заманауи қуатты техникалардың арқасында орып, қырып оңайлатып, тақтайдай етіп қойғаны болмаса, Чике-Таман, Семин асуларынан өту - бір замандарда қиямет-қайымның өзі болыпты. Бір ескерерлігі: Алтай Республикасының Қосағаштан өзге аудандары мен орталық қаласы Горно-Алтайск қаласында да азды-көпті қазақтар тұратындығы. Мұндағы тілдік ахуал, қазақ өмір жайлы айту қиындау болар.

ШҮЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ӘДЕБИЕТІ ЖӘНЕ ДӘЛЕЛБЕК БАТЫР ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ

Шүй қазақтарындағы ана тілінің ахуалы қазіргі күні қанағаттанарлық деңгейде деп айтуға болады. Қазақ тілінің мектепте факультативтік деңгейде оқытылуы, ауыл адамдарының дәстүрлі мал шаруашылығымен шұғылдануы, Қазақстандық телеарналарды көру мүмкіндігі мен көрші Баян-Өлгий аймағымен барыс-келіс арқасында мұндағы жұрт қазақ тілінен қол үзіп кете қойған жоқ. Тарихи дәуірлер жүзінде қалыптасқан өзіндік диалектілік ерекшелігі бар Шүй немесе Қосағаш қазақтарында күні кешеге дейін фольклорлық туындылар біршама сақталып келген. Алтайдың төрт тарабында өткен ұлылы-кішілі оқиғаларға қатысты қисса-дастандарды, аңыз оқиғаларды, көлемді-шағын айтыстарды, жоқтау жырларды, тапқыр сөздерді даңғыл көкірек қариялар жадында жаңғыртып ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған. Күні кешеге дейін айтыскерлер думанды отырыстардың көрігін қыздырып келген. Шүй өңірінің әдеби үні – «Шүй нұры-Чуйские зори» газеті. Арқалық Солтанов қатарлы жергілікті қаламгерлері бар Қосағаш өңірінің әдеби өмірі, жайында, осы өңірден кешелі-бүгінді туып шыққан ақындар мен жазушылар туралы сөз болғанда Дәлелбек Батыр, Пионер Мұхтасыров, Әпуза Әміренова, Жолтай Дүйсенірқызы, Алтай Қараұлы т.б. есімдерді атауға болады. Шүйден туып шыққан барлық қалам иелерін қамти алмасақ та, біз аталған есімдер арасынан үш туындыгердің өмірі мен шығармашылығына біршама тоқталуды жөн көрдік.

Шүй қазақтары жасаған әдебиет дегенде, ең әуелі есімі аталатын тұлға – қазақтың танымал жазушысы Дәлелбек Батыр . Дәлелбек Батыр – кәсіби әдебиетші ретінде барша қазақ әлеміне кеңінен танылған талантты шығармашылық иесі. (Төмендегі суретте: жазушы Дәлелбек Батыр - А.Б.)

Прозаик жазушы Дәлелбек Батыр 1955 жылы 6 маусымда қазіргі Алтай Республикасының Қосағаш ауданы Төбелер ауылында дүниеге келеді. Туған өлкесінде балалық шағын өткізіп, интернат нанының дәмін татып өскен ол жастайынан шығармашылыққа әуестенеді. 1978 жылы Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінің сырттай оқу бөліміне қабылданады. 1980 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-ға ауысып, 1986 жылы бітіріп шығады. Жазушы саналы өмірінің көп бөлігін Атажұртта өткізді. Жезқазған облыстық «Жезқазған туы», республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеттерінде, «Мектеп», «Қазақ энциклопедиясы» баспаларында, «Әдебиет айдыны» әдеби апталығында қызмет істеген. Жазушының қаламынан әр жылдары «Жұмақ құсы», «Ақ барыс», «Аңсау», «Махаббат оты», «Тастандының тағдыры», «Жарсыз өткен ғұмыр», «Тілеп алған қасірет» атты прозалық кітаптары мен «Ұлт тағдырын ойласақ» публицистикалық сараптамалық жинағы жарық көрген. Жазушы Дәлелбек Батыр шығармашылық талантының нағыз толысқан шағында, 2020 жылы 5 қарашада Алматы қаласында өмірден өтті.

Дәлелбек Батыр қаламынан шыққан туындылардың тақырыбы сан алуан әрі мазмұнды, жинақы құрылымы еліктіріп, құмарта оқуға жетелеп отыратын ерекшелікке ие. Жазушылардың көбі туып-өскен ел-жерін, өз өмірін арқау ете отырып туынды жазатынын білеміз. Дәлелбек Батыр шығармашылығында да бұл үрдіс бар. Жазушының өзге туындылары арасында «Тілеп алған қасірет» атты кітабы туған өлкесі Таулы Алтайдың кеңестік дәуірдегі өмірінен сыр шертетін туынды. Автор колхоз қойшысы Асубай мен баласы Алшағырдың арасындағы, екі кезең ұрпағының өмірлік ұстанымдарындағы қарама-қайшылықтарды тартысты түрде сәтті көрсете алған. Асубай – таулы өңірдің қатал табиғатымен етене өскен, артық-ауыс көңіл күйге беріліп, ашылып сөйлесе бермейтін адам. Хикаятта Асубай бойындағы жағымсыз мінез-құлықтармен адал өмір сүру қағидасы астасып жатады. Оқыған кітаптарындағы гуманистік ойларды ұстаным еткен Алшағыр әкесінің ұрлық жасау, хайуанға қаталдық танытып, зәбір көрсету, аяушылықтан адалық сияқты қылықтарына наразы. «Тілеп алған қасірет» деген атаудың өзі хикаят мазмұны мен идеясын аша түседі. Алшағырдың нағашы жұртынан әкелген ұрғашы күшікті әкесінің жақтырмауы, ол күшік өсіп бірнеше күшік тапқанда итті атып өлтіріп, күшіктерді аулаққа апарып тастап желдіртіп келе жатқанда аты інге аяғын тығып алып, Асубайдың жығылып қолы сынуы, әлгі апарып тастаған күшіктерді қасқыр асырап алып, олар өскен соң қорадағы малға шабуы, баласының хат қалдырып орманға кетуі, әйелінің қысауымен баласын іздеп шығуы, жолда көрген аюды атқанда өзін жарақаттауы, осыдан болып өлім құшуы: айналыр келгенде – дауасы жоқ тілеп алған қасірет болып шығады. Мұнда айтылатын идея да «Көксерек», «Жан пида» қатарлы белгілі туындылардағыдай, табиғат үйлесімін бұзбау, бұзған жағдайда соңы кесепатқа ұрындыратыны деуге болады. Идея бір болғанымен, жеткізу тәсілі әрқилы және сәтті. Жалпы «Тілеп алған қасірет» – Дәлелбек Батырдың туған өлкесі – аңызды Алтайдың көркем де қатал табиғатын, онда тірлік кешіп жатқан азғана қазақтың тұрмыс-тіршілігін арқау еткен дүниелер жинақталған кітап. Әлі де болса, туған халқына берері мол жазушы алпыстың бел ортасынан аса келместің кемесіне мініп кете барғаны өкінішті.

ШҮЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ АБЫЗ АҚСАҚАЛЫ ПИОНЕР МҰХТАСАРОВ

Шүй қазақтары әдебиеті дегенде ойға оралатын тағы бір есім – Пионер Солтанұлы Мұхтасыров. Бүгіндері 83 жасқа шығып отырған абыз қарияны Шүй өлкесінің арғы-бергі тарихынан сыр шертер тірі шежіресі деуге болады. Мамандығы қаржыгер болса да, ақсақал жастайынан нағашысы Рүстемұлы Әбіт пен өзге де кәріқұлақ қариялардың әңгіме-шежірелерін құлағына құйып өседі және жай тыңдап қоймай, түйінді тұстарын қойын дәптеріне жазып сақтауды өмірлік ғадетіне айналдырады. (Төмендегі суретте: қаламгер Пионер Мұхтасаров - А.Б.)

 

 

Пионер Мұхтасыров 1938 жылы 27 ақпанда қазіргі Алтай Республикасы Қосағаш ауданының Ақтал ауылында дүниеге келеді. Атасы Мұхтасыр 1937 жылы халық жауы ретінде ұсталып атылса, әкесі Солтан 10 жылға жазықсыз сотталады. Жасынан жетімдік пен жоқшылықты көріп өссе де мойымаған Пионер Солтанұлы қандай жағдайда да білім алуды өмірлік алдына мақсат етіп қояды. 1955 жылы Ақтал аулында қазақ жетіжылдық мектепті бітірген соң 1969 жылы Таулы Алтай кооперативтік техникумын, 1980 жылы Барнаулдағы Алтай ауылшаруашылық институтын бітіреді. Ұзақ жыл халық шаруашылығында абыройлы қызмет істеген Пионер Мұхтасырұлы Кеңес Одағы ыдырап, жоспарлы экономика күйреген тұста елді осы тығырықтан алып шығуға белсенген азаматтар қатарында болады. Қосағаш қазақтарының экономикалық әл-ауқатын арттыруға, руханиятын нығайту, Шүй қазақтарының тілі мен ділі, дінінің қайта жаңаруына үлкен үлес қосады. Ынталы топпен бірге қазақша газет шығару, Қазақстан мен көрші Баян-Өлгий аймағымен рухани-мәдени байланысты жолға қоюға атсалысады. Дүниежүзі қазақтарының I және II құрылтайларына қатысады. 1991-жылдан Шүй қазақтары Атажұртқа қоныс аудара бастағанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қосағаштағы өкілі болып, көші-қон барысындағы түйткілді мәселелерді шешуге атсалысады. РФ «Мемориал» қоғамдық қорының Қосағаш бөлімшесінің төрағасы ретінде қызмет атқарып, «халық жауы» ретінде жазықсыз жапа шеккен әлденеше жүз шүйліктер туралы мәліметтерді ретке келтіреді. Сонымен бірге Алтай Республикасы қазақтары Құрылтайының төралқа және «Бірлік» қазақ қоғамының мүшесі болып көптеген игі істер атқарады. Қосағаштағы қазақтардың, найман руының жалпы шежіресін жинақтауға зор үлес қосады. Ел ағасы Бошай Кітапбаевпен бірге осы мақсатта айлап-жылдап еңбек етеді. Көп жылғы көкірекке түйген, көзден кешірген тарихи деректер негізінде 2013 жылы «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты еңбегі жарық көрді. Бұл кітап Алматыдан 2014 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы тарапынан «Шетелдегі қазақтар» серия бойынша қайта басылып шықты. Жиған-терген фольклорлық, әдеби мұралары көп даңғылкөкірек қария «Ұрпағың үзілмесін» атты кітапты баспаға әзірлеу үстінде. Біз Пионер Солтанұлының «Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» атты кітабына тоқталуды жөн көрдік.

«Бәйтеректің оқшау шыққан бұтағы» деген кітап атауының өзі де көп нәрсені аңғартқандай, түбі бір туыс, қандас елден ажырап қалған тағдырының оқшаулығын, оңашалығын сөз еткендей. Өткен өмір, кешкен ғұмыр жүзінде өз көрген-білгенін, өмірден түйгенін ақ қағазға төге салумен қатар оны мұрағат дерек терімен, әртүрлі фактілермен дәлелдеудің жөні бөлек», - деп алғысөзінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы жазғанындай, Шүй қазақтарына есімі кеңінен таныс ел ағалары Абдолла, Шәкірт қажы, Сағила болыс, Шамұлы Мінәт т.б. әйгілі тұлғалардың өмір жолына қатысты сан алуан оқиғалар мен деректерді кестелі тілмен көркемдеген бұл кітап – Шүй өңірінің бір ғасырдан астам тарихының айнасы. Кітапта қазақ би-шешендерінің сөз қағысулары, ырғасулары мен мінесулері, екі ауыз сөзбен екі елдің арасындағы дауға бітім жасайтын тапқырлығы мен сөзге тоқтар кісілігі, соңынан ерген халқының тағдырына деген үлкен жауапкершілікті сезіне отырып, азулымен қарпысып, аяқтымен тарпыса жүріп намысын жоқтаған ерлердің өнегелі істері тартымды тілмен, нанымды түрде беріледі.

(жалғасы бар)

Бөлісу:

Көп оқылғандар