Арман Әділбек. Сері жайлы әфсана
Бөлісу:
(Фэнтези)
Серінің семсеріндей сертке таққан...
– Қ.Аманжолов
Төрт маусымның қайсысы екенін айыру қиын бір шақ екен. Аспанды ауыр қара сұр бұлт сықырлата көмкеріп алған. Неде болса күн батып бара жатқандай. Дүние күреңіткеннің үстіне күреңітіп тұр. Айнала құлаққа ұрған танадай. Ауада ызғар леп бар. Жел жаңа ғана сап тиылған-тын. Құбатөбелдің ілбіп басқан жүрісі мен әредік тасқа тиіп шықырлаған тағаның дауысы жалғыз аяқ жолдың қазіргі бар берекеті іспетті.
Ол сапар шеккелі екінші күн. Межелі жерге әлі жол алыс. Барар жері мұны қарсы ала қоюы да нағайбыл. Неде болса бекімді аяңмен жылжып барады. Онда да осы сапардың маңыздылығына көзі жетпейді. Тіпті, ойланғысы да келмейді. Бәрін жүре көрмек. Ештеңенің жауабын іздегісі жоқ. Кездессе таныр, “кездеспесе жолы болсын” деген енжар пейілдің мысы басым.
Ойын жиып әлдене ойлағысы келеді. Оған жол бойының сұрғылтым реңі еңсесін езіп-ақ барады. Қиялында өмір, дөңгелек дүние дейтін әлденелердің ұшқыны бар. Бірақ, шоқпар үйіруге енді ғана жарап қалған жасы да, ауылынан аттап шығып көрмеген қадамы да, құрығының тым ұзын емес екенін аңдатқандай.. Есесіне, қанша қашса да сол қыздың бейнесі санасына шаншудай қадалады. Қадалған сайын өзін қоярға жер таппайды. Жеңіл желіспен кетіп бара жатқан құбатөбелдің үстінен еңкейіп барып, қурай болса қурайдан, бұта болса бұтадан шырпы сындырады. Сосын, ерніне қыстырып алады да, қырш-қырш шайнайды. Жеткіншек жүрегіне қорғасындай ауырлап тұнып қалған, қол басындай әлденені де солай шайнап бүріккісі келетін сияқты.
Қарсыдағы биік кезеңді асса межелі жеріне таяғаны. Кезеңнің қарсы беткейіндегі жарқабақтың етегінде үңгір бар. Іздеп келе жатқаны сол үңгір, іздеген адамы да сол арада. Аңшылардың көрсеткен жолы осылай. Шатқалдың етегінде сылдырап ағып жатқан бұлақ бар деген. Сол бұлақтан шөлін қандырып алып, үңгірге жаяу өрлеу керек. Бұл жосын.
Міне, кезеңге де шықты. Артына қайырыла қарап еді, жүрегі тіпті мұздап кетті. Бәрі табанының астында жатқандай. Жарты әлем түгел көзінің алдына үйіріле қалған. Ирелеңдеп ағып жатқан алып дария, ту алыстан тұнжырап көрінеді екен. Жайрап жатқан наһан айдаһар секілді қыбырсыз. Алқабы аңырап тұр. Еш ауыл көзіне іліккен жоқ. Алдына бажайлап қарап еді, шатқал табанында жатқан бұлақ арнасы сыздықтап анық көрінді. Қарсы беткейде, жартастар мен сай етегіне қарай құлашы жайылып, андыздап біткен тоғайдан өзге ештеңе байқалмайды. Ал, қарсы беттің қырқасынан ары қорымды, биік тау. Қасат қар тау басына қалпақ боп киілген. Жарасып тұр. Дегенмен, суық ызғар соңынан емес, сол тау жақтан келіп тұрғандай. Таулар бітісе, қабаттаса жалғасып кете беретін секілді. Жалғасқан сайын биіктеп, жалғасқан сайын жұмбақтанып, мұнарта түседі. Айыл-тартпасын ыңғайламақ үшін аттан түсіп, кезең үстіндегі түйетасқа ықтап тұрған. Аттың белін көтеріп алмақ қамы да бар. Қарсы бетке қадалып тұра беріп байқамаса керек, құбатөбел қысқа да нәрлі өлеңшөпті быртылдатып үзгенін қойып, өздері тұрған сілемнің батыс иығына елеңдей қарап, пысқыра қалған. Әлде бұлт, әлде тұман екені белгісіз әппақ бір шоқ мұнар тірі мақұлықтай бауырлап, жылжып келеді екен. Қазір ақ бұларды жұтып қоятындай. Бастабында бұл ғажайыпқа таң-тамаша болып, состиып тұрып қалып еді, есін енді тез жыйды. Үркектей бастаған құбатөбелдің мойнын құшақтай алды да, шапанын аттың басына жауып үлгерді. Ат тынышталды. Енді емін-еркін тамашаламақ. Ақ мұнар еш дауыссыз, тым баяу жетті. Тап қарсы алдына келгенде, қанша оқталса да батына алмай, бір сырлы сескенумен көзін жұмған. Іле-шала басын көтеріп, көзін ашып еді, әппақ бұлттың ішінде тұрғанын сезді. Дүние ғайыпқа айланып, өзі мүлде өзге әлемге топ ете түскендей таңғажайып хәл кешті. Жаңа есіне – ертегілерде айтылатын, шоқ қара бұлтқа оранып келетін самұрық, алып қара құстар түскен. Қазір, өзін солардай сезініп тұр. Бұл да осы бұлтты жамылып әлде қайда сіңіп бара жатқан секілді. Осы сәт едәуір ұзақ жалғасты. Қолына ұстап алған шылбырына да көзі жетпей тұр еді, енді бір қарағанда қою мұнардан ат бараны бұлдырап көріне бастаған. Ақырын ғана құшағын ашты, құшағын ашқан күйінде, шапан астында басы кекжиіп тұрған құлатөбел екеуі бұлтты ұзатты. Сондай бір мастанған, сондай бір жеңіл де рахатты күй кешті. Баяу ғана жөңкіліп бара жатқан шоқ бұлтқа елжіреп ұзақ қарап тұрып:
– Тауының биігі-ай,– деп сүйсіне күбірледі.
Қабырғалай аяңдап бара жатып жүрегі қобалжығанын сезді. Жаңағы бұлт берген тәтті сезім көзі шатқалдың түбіне барлағанда бұлттың өзі сияқты, бұны тастап шыға берген.
Оны осы өңірдің халқы жарты құдайындай сыйлайды. Ал, ол шал етекке түсіп, елмен етене болғанын, туғалы естіп-білмеген. Аңызынан өзге ештеңесі мәлім емес жұмбақ қария. Аңшылардың айтуынша, үңгірге дауыс жетер жерден аң қарауға да дәттері жетпейді екен. Тастан тасқа ұрылған дауыс мейлі қандай әлсіз болса да он неше шақырым төңіректен мүлде анық естілуге тиіс. Ол шалдың осы сайды мекен еткеніне жарты ғасырдан асқан көрінеді. Содан бері тым-тырс деседі. Өлі-тірісін анда-санда қарияға сәлемдесіп қайтуды міндет тұтатын ел жақсылары жеткізеді. Кейде солардың өзін таптырмай, үңгірінен шықпай, бос қайтаратын кезі де болады деседі. Жалпы, бұл дүниені тәрік еткен адам. Бірақ, әулие емес. Ғұлама емес. Сері болған. Жарты ғасырдың алдында сері атанып, жорықтан келген. Жауға жалаң қылышпен, жалаңаш шапқан өлермендердің ішінен тәңірі тәлей беріп, тірі шыққан. Ол әңгімені бұл өзінше жақсы біледі. Ауылда үнемі айтылады. Жаттап та алған.
Шалдың аңызы бұған өзі қызынып, қызығып жүріп жадына түйіп алған Қобыланды жырын, сол жырдағы Қобыландының жауға шапқан бөлігіндегі бейнесін көз алдына келтіреді. Арқасы қозады.
Сері ата сол сапардан қайтқан соң елге еркелеп, көңілін көтеріп біраз салдық құрған да, соңынан осында бекінген. Жалғыз өзі. Себебін көкте құдай, жерде өзі ғана біледі. Ешкімнің сөзін тыңдамаған. Тас құшақтап: «Құдай жанымды алғанша, жанымды да, тәнімді де ғарға тапсырып тұрам. Жанның да, тәннің де қызығынан азатпын» деп ант ішіп, жұрттың ендігәрі ауыз ашуына түбегейлі тиым салған. Сол ғарға, жанын, тәнін де сол ғарға тастаған аңыз қария жәйлі бұл да көп ойланған. Неге олай еткенін ойлайды. Қанша ойласа да сенімді еш дәйек таппайды. Ал, жұрттың алып-қашпа аңызының түбін қуған кісіге шикілігі шығып ақ қалатыны бар. Тіпті, ескі аңыздарды жаңа аңыздар ығыстырып, уақыт өткен сайын тілсімденіп, ғажайыптанып кеткен. Қазір оны қауым Сері деп қана атайды. Есім-сойын ұмыта бастаған. Серінің шатқалы, серінің кезеңі, серінің үңгірі...
Қабырғалап, қиялап бастаған жалғыз аяқ соқпақпен қожыр беткейден шатқал түбіне түсуге әжептәуір уақыт кеткен. Көкті бүркеген ауыр бұлт көбесі сөгілместен әлі сазарып тұр. Кешқұрым болып қалғанын аңғару қиын емес. Неде болса барар жеріне қоналқыға үлгеріп жететін болды. Осы қиялмен келе жатып, өзінше дүрленіп, шатқалдың түбінен өзіне тең күш таппай ышқына шорылдап ағып жатқан бұлақтың да дауысын анық естіді. Қаны кеуіп келе жатқан құбатөбелдің де жүрісі сергіп сала берген.
Ары қарай қиялайтын шағын сүрлеудің ізін бажайлап алған соң, атын бұлақ бойындағы сілтідей тынып тұрған қалың шалғынға шідерледі, өзі басы-көзін жуып, үсті-басының шаңын қағып кетірді. Әлде біреу, әлде қайдан өзіне көз салып тұрғандай, айналасына секеммен жалтақтап қояды. Жолға шығарда да, жол бойы да мұндай қобалжымаған. Тіпті сері туралы мандытып ойланбаған да болуы керек. Тірі жанға бір өлім, оның қасында бұл сөз болыппа дегендей немқұрайды пиғылдан аздап тайсақтай бастаған сыңайлы. Құлағына көзінің жасын кимешегінің ақ шаңқан шалғайымен сүртіп, күбірлеп, кемсеңдеп тұрған анасының бейнесі келгендей болды.
– Әттең, жаны қалды деп қуанғанда көрмегім осы ма еді…, деп тұрғандай.
Осыдан үш ай бұрын болған бір оқиға осы сапардың да, осы сапарға байлаған тағдырдың да бастау кілті болатын. Енді анасының елесі ептеп бұлдырап, жігіт есіне сол оқиға шала-шарпы орала бастады.
Үш айдың алды. Ауыл жайлауға енді қонып, ел-жұрт серги бастаған. Бірақ, бір мәселе анық көрініп еді. Ел келуден бұрын бұл араны отан еткен қос бөрі шырықты бұза берген. Енді солардан жайлауды арылту керек. Кемінде беттеместей етіп асырып жіберген оң. Бұдан бұрын әккі қасқырлар бірлі-жарым аңшыға, бақташы зіңгіт төбеттерге алдырмайтынын анық аңдатқан. Енді жоспарлы, тізе қосқан мықты топ керек болған. Осыған сәйкес шапқынға ұшыраған екі-үш ауылдың аңшылары мен епті жігіттері қауымдасып, қос шуланды қыспаққа сап торуылдауға аттанған. Арасында біздің бүгінгі жас жолаушымыз да бар. Ол әрине, көмекші, қосалқы күш. Дегенмен, жортуылдың қаупінен қызығы басым болып шыққан. Бөрілер әрине әлденеден сезіктенгендей беттемейтін, көрінсе тез із жасырып кететін. Иісшіл тазылар бір жағы жазғы бабы дұрыс болыңқырамай, бір жағы қорым тастар мен таудың мимырт тоғайларында кәнігі дұшпандарының ізіне түсуге шорқақ қылық көрсете берген.
Ақыры қасқырлардың, орманы қалыңдау бір сайды, жоталары ғана бүлкілдеп, құлдыйлап бара жатқанын бір көреген бажайлады. Жігіттер екі-үшке тез бөлініп, сайды тез қыспаққа алған. Сайланған мергендер шапшаң жеткен. Бөрілер сайдың бұралаңдаған ұзын аңғарынан шығып болғанша, олар жотадан төте төменге ыра тартып, олардың қарсы алдынан шайтандай сап ете қалыпты. Бірақ, сай аузындағы көлденеңдеп, қамырдай бүктеліп жатқан ұзыншақ төбешік, бөрінің біреуін құтқарып жіберді. Жебе біреуіне дарыған. Сонымен қашқан бөріні өкшелей қуу басталады. Жалт бұрылып, сайды қиялай қайта өрлеген бөріні, сол қапталдан түсіп келе жатқан жігіттер бастырмалата жөнелген. Бұл екінің бірі біздің жолаушымыз болған. Бұлым-пұшпағы мол сайды ойқастап, шалаң бітсе де, атты кісіге аса қолай жаратпас самырсын мен үйеңкісі екі жігітті бір бірінен бөлген. Сол бойда қасқырдан көз жазған балаң жігіт, сайдың бір бұрышындағы мөлдіреп жатқан көлшікке кеп атын суарып тұрып, айналасын барлаған сәті еді. Көзіне ең алдымен көлшіктің жоғары жағында дамылдап отырған бірнеше кісі түсіпті. Арасында бір сұлу торсықтан қымыз ба, айран-шалап па құйып отырған еді. Оқиға да осы жерден өзгеше өрбіген.
Басқа аңшылар қасқырды қуып жетіп, атып алған соң кісілердің толық емесін байқап, «аттан құлап әлде қайда мертігіп жатпасын» деп сайды түк қалтырмай үш рет сүзіп шыққан. Сайтанның сапалағы да көрінбеген. Аты да, өзі де ұшты-күйлі ғайып болыпты. Аңшылар іс мәнісіне қанша ойланып, қанша дауласса да жетпеген. Күн де ұясына кірген. Олар да әлдебір бұлақ басында от жағып, қарауыл қойып түн өткізіпті. Ертесі екі-үш аты тың, қарулы жігіт қалтырып, қалғаны жаман қабарды арқалап ауылдарға тарасыпты.
Қалған жігіттер үш күн еру боп, сол маңайды әбден тінткенімен, із де таппаған. Сөйтіп, жігіт жоғалған. Суық қабар үрейі мен жұмбағын қатар ертіп өлкеге тез тарапты.
Бір күні кеш қарая ауылға бір жігіт ағасы келіп түскен де, қаралы үйге ат тұмсығын тірепті. Қабар алып келген. Жігіттен емес. Бурыл әулие деген осыдан бір жұмалық жердегі қоңыр тауды мекендеген ақсақалдан. Ақсақал өзі тым ұзақ жасап, әбден қартайған екен. Жолға жарамаған соң қамшысын ұстатып немересін жіберіпті. Бозбаланың қайда кеткенін біледі екен. Айтуынша, қайтарып келуге де болатындай. Тек екі нәрсені орындау керек. Бірі – жосынын жасап, тұтқынға алғандармен келісімге келу. Екінші – олардың шартын орындау. Бұл істі бастан ақыр жүргізуге қарттың немересі кіріспек екен. Сосын, тыңдап тоғыз қара қойды айдап, бір қарын сары май, қырық құлаш қайыс арқан, бір қалы кілемді өгізге теңдеп, ауыл ағалары мен жоғалған жігіттің әкесін ертіп, аты шулы сайға қарай жолға шығады. Жолда қайта адам шаптырып, ауылдағы ең көне кездікті тапқызып, алғызған. Әбден тот басып, үгіліп кеткелі тұрған жарамсыз кездіктің неге керек екенін түсінбей, ергендер дал болса керек. Тек қырма сақал үндемеген. Түрінен абыржу, ауыр ой байқалмаған соң, «не де болса, тәуекел» десіп, ауыл адамдары ере берген.
Сайдың тағанына келген соң, көліктің бәрін аулаққа байлатқан. Жазықтау алаңқыға кілемді жайғызып, кілемнің сыртын айландарып, бағанағы қайыс арқанды көмдіреді. Діңгек қаққызып, кілемнен жеті қадам жерден ат байлайтын керме жасатқан. Сосын, қарынды қақ бөліп, бірін өзі отыратын тоқымдай жамбас көрпенің алдына қойғызған, жартысын со маңдағы бір бұлақтың басындағы кәрі үйеңкінің бұтағына ақ бұлмен ілгізген. Тоғыз қара қойдың қанының бір тамшысын шашіратпай сабаға құйғызып, кілем мен өзінің жамбас көрпесінің аралығына жарық қалтырмай реттеп төккізіпті. Тоғыз қойдың басын кілемнің өзіне бет тұсына астына ақ бұл жайғызып тізген де, кәрі кездікті бұлға орап саптамасына абайлап тыққан соң, күн салып көкке қараған. Күн қақ төбеге келгенде жұртқа белгі етіп шегіндірген де өзі қалып қойыпты. Әлден уақытта сәнді киінген, аттарының жүген-ноқтасы күнге шағылысып жарқ-жұрқ еткен үш кісі қайдан, қалай келгені белгісіз, пайда бола кетіпті. Сондай бейбіт, сондай салмақты, жайбарақат қалыппен кермеге аттарын байлап, кілемге малдас құрысқан. Орталарында не сөз болғанын, көлденең ешкім естімепті. Тек, сүт пысырым шақ болғанда белгі етіп біреуің кел дегендей ыңғай байқатқан. Жоғалған жігіттің әкесі ұмтылып еді, басқалар ұстап қалып, жастау біреу барып ұғысқан көрінеді. Оның әкелген сөзі мынау болыпты:
– Жігіт күйеу бала болыпты бұларға. Пері көрінеді. Аманатқа алғаны сияқты. Антты бұздыңдар. Сол үшін қалады. Антты тағы бұзсаңдар тағы шығын жасаймыз дейді. Жігітті тоқсан күндік мәулетке сұраймын. Қайтесіңдер? Тоқсан күнге береді. Тоқсан күннен соң қайтпаса өледі. Бұдан артық істі, дәл қазір қылу мүмкін емес деп рұқсат сұрап отыр.
– Анты несі?
– Пері дегені осындай боларма? – десіп барып тоқтап, бәрі жігіттің әкесіне көз тіккен.
Иегі дірілдеп барып, басындағы қалпағын жерге атып ұрған да әкесі:
– Бердім рұқсат, – деп ысылдай жауап қатқан. Сұрақты әкелуші сонадайда көзінің қиығымен ғана назар сап отырған қырма сақал, қара мұртқа қарап бас иізеп бекімді жеткізіпті. Содан кілемде отырғандардың біреуі атына мініп бір ойпаңға түсе бере сағымдай бұлдырап жоқ болған. Іле, көп уақыт оздырмай бір атқа жігітті былқ-сылқ еткізіп мінгізе жетектеп сағымданып, ауаны толқытып барып пайда бола кетіпті. Мұны көрген арттағылар қауқылдасып барып тағы да тыныш назар салған. Жігіт қолынан ердің қасына байлаулы екен. Қырма сақал қонышынан дәкіге түйілген кәрі кездікті алып шығып, жігіттің қолын шандыған қыл арқанға жүзін тигізген. Ғажабы сол, сол сәтте ақ қыл арқан көзден ғайып Болыпты. Жігітті мәңгірген күйінде аттан түсіріп, өзінің арқа тұсына әкеп отырғызған да, кілемдегілермен тағы сұқпатқа түсіпті. Бұл жолы кілемдегілер алыста тұрғандарға да ашулана бастағаны байқалды. Әлденені қолдарымен нұсқап, қарбаластана сөйлеп жатқаны көрер көзге айқын аңдалыпты.
Ақыры, біреуі кілем үстінде қалып, қалғандары оның атын жетелеп қайтыпты. Бұлар да күтіп тұрғандарға келген. Мәңгіріп, ұйқылы-ояу тұрған жігітті бағанағы бастау басындағы жарты қарын майдан жарым қасық, өзінің алдына қойған майдан жарым қасық алдырып жегізген. Жігіт сонан кейін барып есін жыйса керек. Шулап-шұрқырап жұртымен амандасып болған соң істің мән-жайын қырма сақал былай айтып беріпті.
– Осы тауға әр ширек ғасыр сайын келіп, ширек ғасыр қоныс ететін перілермен беттесіп қалыптық. Мүмкін, аталарымыз, мүмкін, осы қоныста бұрынырақ отырған бір ел, бұлармен қақтығысып қалған. Артынша, тас құшақтап анттасып, келісімге келген. Ант бойынша, мына бөктерден өту керек болса рұқсат алуымыз керек екен. Аттан түсіп, қан шығарып сүт пісірім уақыттай аялдап барып атқа қайта қону қажет көрінеді. Ал, сендер бұдан хабарсызсыңдар. Осыны ұстадым. Бірақ, көнбеді. Әр әулет, әр тайпаңмен бірден анттасып шықпаймыз. Бізге бәрің адам әулеті ғанасың дейді. Жігітті отаулатып, өз жұртының ішіне бекіте орналастырыпты. Бастан бермеске бекінген. Сол арқылы біздің екінші қайтып ант аттамауымызға ескерту етпек ниетіне қасарып тұрып алған. Тоқсан күнге жігітке мәулет берді. Мен де олардың біреуін кілемнді қоршап көмген қайыс арқанға дуалап тастадым. Тоқсан күнде келмесе өлмейді. Бірақ, жігітті өлтірмей, ешкімді жәбірлемей алып кетеді. Анау сол өлімнің алдын алмаққа жасаған жалғыз амал. Жүз күннен артыққа қайыс арқанның дуасы шыдамайды. Уәдені бұзатындарыңды білгендіктен қылдым. Енді қашу мүмкін емес. Мен болдым. Тапсырмам бітті. Тез қайтып, бабаға келісімнің мәнін жеткізем. Қайла болса қайтып келем. – Деп қырма сақал сөзін аяқтап, суыт жүріп кеткен. Бөгеп, сыйлап жібермек ниеті болғанымен, ешкім үндей алмаған. Әулиеден бір қайла табылса, тездетіп оралар. Сыйын сонда жасайтын болармыз деген үмітпен үнсіз қоштасыпты.
Айтқанындай Бурыл бабадан бір қайла табылған екен. Қырма сақал екі жеті өткен соң қайтып келген. Оған дейін өңірдегі бақсы-молданың бәрін шақыртққанымен, ешбірі амал таппаған. Перілер олармен сөйлесудің өзін артық көрген сияқты. Ал, қырма сақал жоқтан бардың айласын ғана әкеліпті.
– Жанын қылыштың жүзіне байласын. Жуықта түстікпен үлкен соғыс болады. Хан сауын айтып жатыр. Соған аттансын. Жұрт қатарлы сарбаз емес. Оны перілер мойындамайды. Серілер тобына кірсін. Тәлейі болса құдай өзі рақымын береді. Ондайдан тірі қалған кісіге жаналғыш қана батынады. Перілер сөзге келмей босатады. Ал, аман қалмаса шәйіт, – депті.
Хан жаршылары елге кеп сауын айтып кеткені рас болатын. Азаматтар сұрыпталып, жорыққа дайындалып жатқан. Бірақ, сері болуға әрине ешкімнің құлқы соға қоймасы анық. Мың қаралы сері болса, оның ішінен аман қалу өте сирек жағыдай. Жалаң қылышпен жалаңаш, жауға шабады. Серілер жау қолына сіңіп кеткенде барып, артқы лек қозғалады. Яғни, қан жоса қырғын табады. Ол өзіңе де, жұртыңа да шексіз даңық. Тірі қалсаң ханнан тартып, қараға дейін не тілек, не талап болсын қия кетпей орындайды. Бірақ, тірі қалу мүмкіндігі жоқтың қасы. Сонда да, рухын құдай өзі жаққан, жанынан гөрі даңықты, ерлік атаулының ішіндегі ең бір таңғажайып ерлікті есі кете сүйетін ерлер табылады. Ұшы-қиыры жоқ көшпенділер даласы ондай ұлдарды мыңның, түменнің бірі етіп туып, өсіріп отырады. Дейтұрғанмен, біздің жігіттің жөні бөлек. Ол мәжбүрлі. Бұл жолға бармаса, өмір бақи тұтқында өтпек. Перінің қызын құшып, перінің ортасында ғұмыр сүргенімен, ноқталы бас деген ноқталы бас. Онда азаттық жоқ. Көзге түрткі болып, нәсілі бөлек жаратылыстың ішінде қорланып өмір сүруге шыдамы жете қоярма екен?
Анасы бұл жоғалғанда бебеулеп бір жылаған. Табылып келгенде тағы бір ұзақ еңіреген. Әулиенің көрсеткен жолы тіпті бебеулетті. Буыны енді бекіп, бәйгеден көкпарға енді ауысқан, аударыспақ пен жамбы атуға қабырғасы қатып үлгермеген көке жасық өрім ұлан еді. Енді жалаңаш жауға шаппақ екен. Немесе, тұтқында өмір бойы көзі көгермек. Мәңгі қоштаспақ. Тірідей айрылу деген осы болар.
Сөз бен іс тізгінін ұстаған елдің жақсылары әулие сөзін жөн деп тауыпты. Сосын, естеріне сері аталары түскен. Жұрт басынан өткен көп соғыстың қайсысынан есен келгенін ешкім білмейді екен. Қариялардың айтуынша, ол сұранып өзі сері болған. Өмірін жортуылмен, атыс-шабыспен өткерген бір қарт батырдан батасын алып кеткен. Батыр алмас қылышын шешіп берген.
– Қанға шөлдемейді. Жендеттікке жоқ. Ақ жолдың тірі семсері. Бұның да мұраты сенімен бір. Жолдастықтарың жиһаннан жан көшкенге дейін болсын, – деп бата берген деседі. Одан кейінгі әңгіме бұлдыр. Қасап соғыстан жалаңаш етіне бірде-бір тыртық түспей сері аман қайтқан. Аруақ-құдай қалқаны болған шығар. Мұғжиза еді. Кейін, тірі қайтқан серінің етінде тыртық болмайтыны, жарақат алмайтыны жайлы көп хикая айтылған. Демек, шынымен мұғжиза болғаны да. Ондай ғажайыпты кім көрген. Серінің өзі де бұл жайында жарытып айтпаған көрінеді. Кейбіреулер күмәнін де іркіп қалмаған. Күмәннің аты күмән да, шындықтың аты шындық. Ханнан марапаттар келіп, биден сәлемдеме жетіп, батыр-бағыландар алдынан жаяу шығып қарсы алып, қадірлегенін көрген жұрттың күмәндануға да батылы жетпес еді. Бірақ, бірер жыл өтпей күтпеген уақиға туылған.
Сері бәрін тәрік етіп тауға кеткен. Содан қайтып етекке түспеген. Көргендердің айтуынша ғұламалық-сопылықты да, әулиелікті де қумаған сыңайлы. Ешкімді көргісі, ешкімге көрінгісі келмейді. Сәлемді оңайға қабылдамайды. Ұзақтан толғап айтқан еш сөзі жоқ. Қалаған тыныштығын бұзбайды, бұздырмайды.
Сол сері атаға әлде елу, әлде алпыс жылдан соң, амалсыз болса да серілік рәсім өтеуге үкім алған жас жігіт келе жатыр. Батасын алмақ. Кәрі тарлан ізін басқан тайға не мәміле жасамақ? Қалай қарамақ? Бұл жұмбақ көп өтпей шешілгелі тұр еді.
Ат үстінде ұзақ жүргеннен аяғы аздап салданып қалыпты. Жалғыз аяқ жол мандып басылмайды. Айнала жақпар жартастардан қаланып қалған алып қамал тәріздес екен. Бұл ара шынымен де тыстағы әлеммен байланыспайтын, өзінше жатқан, шағын болса да аясы мардымды жер еді. Жол бойы долана, қарақат ағаштары самсып тұрады. Тоғайдан шығып, шағын сай аузына жеткен соң үңгірді іздеуге болады. Үңгір сол маңайда болуы тиіс. Аяқ астында жатқан сүрлеу шөп тақырлана бастаған тұстан көрінбей кетті. Күн де әбден кешейген. Аспанды тұншықтыра басып тұрған сүрғылт қалың бұлттарды енді қараңғылық өзі иектей бастаған.
Үңгір дегені алып жартастың қыюласқан түбі екен. Аузын кесек тастарды лаймен қалап берік бекітіпті. Ағаштан жасалған есігі сықырлауықтан үлкен. Есіктен жиырма қадам жерде түйедей ірі торы ат байлаулы тұр. Аңғары сері бір сапардан жаңа келген сықпыты бар. Торы аттың ері алынған, бірақ тоқымы алынбапты. Тері қатып қалмасын деген секілді. Есіктің алдында демін басып, үсті-басын қағып сілкіп біраз аялдады. Сосын, тұтқаға қол созған. Үңгір іші сәл қараңғы екен. Көзі үйренбей есікте тұрып қалды. Іші де едәуір кең секілді. Түп жағынан жылтылдап жанған от көзіне әзер шалынды. Со тұсқа қарай бетін түзеп алды да дауысын кенеп қолын кеудесіне қойды.
– Ассалаумағаликум, ата!
Жауап болған жоқ. Ыңғайсыз күйде сәл тұрған соң үңгір ішіне көзі үйрене бастады. Қапсағай денелі, сүйегі арбиған арық, әппақ сақалы емін-еркін өскен бір шал ошақтың қарсы бетіндегі сәкінің шетінде бұны еш елеместен мүйіз сап кездігін сүртіп отыр. Жаңа байқады, есіктен кіре берістегі оң жақта бір тауешкі серейіп жатыр. Түйедей торының қай жұмысты тындырғаны анық болды. Терлесе терлейтіндей екен. Ал, мұны торыдан аударып алып, мына жерге сұлатқан шалдың өзі болуы керек. Қайраты қапысыз екен деп таңданып, іштей шалдан айбынып қалды. Ал, қария бұған әлі де көз салған жоқ. Мүмкін, бар назары ауланған аңда болып байқамай тұрған болар, әлде құлағында мүкіс бар шығар… Осы ойлардың жетегімен қарияға жақындап барып сәлем бермек ниетпен алдыға қозғала бергенде арт жағынан аяқ дауысы шықты. Бұрылып қарап еді, бір бозбала жігітті көрді. Таныс жүз секілденіп таңданып қалған.
– Мұнда қайдан жүрсің?
– Өзің қайдан?
Бозбала шалға қарап меңзеп қойды. Жігіт бірден мәнін сезінді. Сосын, бозбалаға еріп қайта сыртқа шықты.
– Келген екенсің, көрген екенсің түсіндірейін. Тек тісіңнен шығарма. Етектегі ел әр екі жыл сайын атаға қызметші жібереді. Тек мұнда не болғаны, не көргеніміз жәйлі айтпауға ант алады. Дегенмен, айтарлық та түк жоқ. Ата ештеңе айтпайды. Ештеңе істемейді. Аң қарауды үйретеді. Мына арт жақтағы жаламадан көтерілсең үйірімен жүрген тәуешкі, арқар. Қиын емес. Анау ешкіні көрдіңбе? Сол жақтан түсірдім.
– Сен бе?
– Е, несі бар?
– Үлкен ғой?
– Мен келгелі жыл жарым. Үйрендік. Баста тырп еткізу қиын еді.
– Менің зауалымды естідің бе?
– Не зауал?
– Атаның батасын алғалы келдім.
– Неше күннің алдында етектен бір кісілер келген. Содан бері ата тіпті ауыр боп кетті. Не зауалға жолықтың?
– Қарғысқа қалдым. Сері жолы жуады дейді. Сонан… Хәл осы.
Екеуі сөйлесе жүріп түйе торының тоқымын алып, шідерлеп отқа жіберді. Үйге үнсіз кіріп білтелі шамды тұтатты. Ошақтағы бақырдан еттің балқыған иісі де аңқи бастаған. Ол пысқанша екеулеп тәуешкіні жәркемдеп, жіліктеп қанын сорғалатып еттерін іліп тастады.
Ас алдыға келгенде де шал үндемеді. Дастархан жиылған соң да ләм деп тіл қатқан жоқ.
Жол соғып шаршап келсе де, жігіт таңды мазасыздықпен атырған.
Таңғы аста жігіт бар батылдығын жиып, түйіліп отырған жұмбақ шалға қарап сөзін бастады.
– Ата, мүмкін, естіген де боларсыз. Жүрейін деп талап еткен емен. Шындығым сол. Тек қазір басқа амалым да жоқ, – шал ақырын ғана қолын көтерді. Тоқта дегені секілді. Жігіт аңтарылып үндемей қалды. Ас тағы үнсіз ішілді. Тек дастарқан жиыла бере шал орнынан көтеріліп, тас қабырғаның әлдебір қуысынан ескі матаға оралған бірдеңе алып шықты. Сосын, жігіттің алдына қойып, қолын жайді.
– Жолың болсын, Мұратыңа жет, Етің темір, жүрегің ұлпа, болсын, амин, аллаһуәкбар.
Ескі матаның ішінен қынапты семсер шыққан. Суырып қарауға жігіт батқан жоқ. Аттанбақ болып сыртқа шықты. Шал үнсіз қалпында қоштаспастан үңгірдің шеке тұсындағы биік текшеге өрледі. Шалдың сыртынан аздап таңданыспен қарап тұрды да, қызметкер бозбаламен құшақтасып қош айтысты. Сосын бұлақ жаққа қарай құлдилай берді. Онда құбатөбел мұны күтіп жайылып жүрсе керек.
Шатқалдың қарсы бетіндегі жыландай иректелген қия жолда ілбіп кетіп бара жатқан жас жігіттің сыртынан қарап тұрып, шалдың есіне жарты ғасырдың алдындағы өз сапары, өз бейнесі мұнартып келе бастады.
* * *
Он тоғыз жасқа шыққан жылы болатын. Қапсағай денелі, қақпақ жауырынды, еңсесі бірден жұрт көзіне шалынар азамат болып өскен. Өзі де соны сезетін, иір-иір денесіндегі үйір-үйір күштің буына семіріп жүретін. Жалғыз міні өлеңге, әнге өлердей құмар болғанымен, сөзге тұйық жан болды. Домбыра тартатын. Сонысымен өзін жұбатар еді.
Сол жылы күзде бір үйір қысырақ жоғалды. Жылқышының бірі мұны шақырып, қасына алып, екеуі қысырақтың ізіне түскен. Үш күншілік жерден, иен қалған күрең бір көлдің бойынан үйірлі жылқыны оңай тауып алды. Бірер тай ғана жоқ. Аңғары қасқыр тартып кеткен сияқты. Қысырақты айдап қайтар жолда ел жайлаған өңірлермен жүрді. Алдында суыт жүріспен далада түнеп, орман сағалап, ізден адаспауға тырысып баққан. Екеуі де енді босаң тартқаны анық еді. Бірінші күні аялдаған ауыл, ия, сол ауыл ешқашан естен кетпестей болған сол ауыл… Жайлаудан көшудің дайындығында отырған ауыл жастары түнде ойын жасаған. Ойынға желікті жас болғасын бұл да кірісіп, құрбы-құрдас тауып, танысып, ойын қызығына берілген еді. Сол түні бұл есі кете сол ауылдың бір сұлуына ғашық болды. Есі кете ән салды, балбырап күй тартты. Қыз да бұған әлсін-әлі көзін төңкеріп қарай берген-ді. Ал бұл болса бақандай төрт күн жортуылда болып, арып-ашқанын, шаршағанын ұмытып кеткен. Ойын тарай бастағанда қызбен оңаша сөйлесудің орайы әзер туған. Бірақ сөйлескені үшін дертті болып қайтқан. Күйеу жігіт ұрын келіп, жуықта қайтыпты. Өзінің де атастырып қойған қалыңдығы бар болатын. Жүрегіне содан түскен шоқ ауылға жеткенше ыза мен құсаның қара құйын ораған өртіне айланған. Албырт көкірек онсызда сөзге сараң болғанымен жаны өнермен уланып өскен жасты ешбір жұбанышқа шыдатпаған. Қызға сол күйі қайта соқпаған. Жылқышының сөзінен тентекке не тигені де ауыл үлкендеріне мағлұм болса керек. Бірдеңе бүлдіріп жүрмесін деп бұны бақылатып қоюды да ұмытпаған болатын. Сүйтіп жүргенде «Ұлытауға жиылсын!» деп хан сауыншысы да бұл елге қабар жеткізеді. Ал ғашықтықтан қан жұтып, өзімен алпарысып жүрген сойлы пақыр бұл хабарға бірден құлайды. «Сері боламын» деп бірақ қарғиды. Ондағы ойы мүрдем кету, егер құдай тіршіліктің дәмін жалғасты татуды жазса талайы дей беріңіз. Жалаңаш жау бұзған ердің тілегін кімде кім бермей көрсін! Қызды атастырған жерінен бұздырып отырып алмақ. Бірақ онан гөрі өлім жақын екенін біледі. Онда тұрған не бар. Мың күн атан болғанша бір күн бура болмақ. Екінің бірі, егіздің сыңары істей алмас ерлікті қылмақшы. Түменнің біріне бұйырар, бұйырмас даңқ пен аңыз неге тұрады? Мәңірейіп мың күн өткізіп, бір күні жалп етіп өле қалғанда не қызық бар? Өлімнің де ғажабы бар. Қайталанбасы бар. Бастысы, жанын қинап, жүрегін езіп бара жатқан күйігінен екі дүниеде құлантаза арылады.
Қанын ішіне тартып, әбден бекініп алған бірбеткей тентекті ешкім көндіре алмапты. Іс жөнін естіген осы елдің бір қарт батыры арнаулы шақыртып, маңдайынан иіскеп, батасын, батасымен қоса кемінде екі ғасырдың алдында соғылған асыл семсерін алдына тосқан. Сол семсер бұған да алпыс жыл серік болыпты. Қанып пыспаған, суы жетіспеген, татқа ұрыншақ жасықтық онда атымен жоқ. Өзіндей өзге қылыштарды шабуына қарай тал кескендей турап тастайтын нағыз ескі дүние асылы еді. Сол қылышты асынып, Ұлытауда жатқан қосынға қосылған. Қосыннан бөлек жайғасып, ырғынға батып демалып жатқан серілер тобына да тез арада сәлем беріп, орталарына түскен. Онда жас та, қарт та ұшырасады екен. Бір жұма қымыз бен етке бөгіп, әбден демалып алған соң ұрыс майданына қозғалады. Қосынның оң қапталында неше жүз қаралы ғана болып келе жатады. Бүкіл қосын көк темірге оранған, құрсанып алған алып болат жұдырық секілді де, бұлар жалаң қылыш асынған, сауытсыз, дулығасыз, бастарына шыт байлаған еркін топ. Тасқа ұрылғалы қозғалып бара жатқан жұмыртқалар тәріздес еді. Аз, бірақ, ең жаужүрек, ең айбынды топ та осы. Бұл дәстүрдің қай заманнан жалғасқаны жайлы аңыз әр түрлі айтылар еді. Біреу Шыңғысханды айтса, біреу Алаш ханды айтатын, ал біреу Қорқытты айтса, біреу Асан қайғыны айтатын. Маңыздысы, бүгінге дейін жалғасқан ең қасиетті рәсімдердің бірі ретінде келе жатқан дәстүр.
Шеп жайылып, жекпе-жек басталып жатқан кезде кәрі жырау қосынның қақ тұмсығында тұрған серілер тобының артына келіп, күркіреген дауысын қобыздың құйды ерітер әуенімен сүйемелдеп жыр толғай бастаған. Бұл да жосын болса керек.
Екі арыстап жау шапса,
Оқ қылқандай шаншылса,
Қан жосадай төгілсе,
Бетегелі сары Арқаның бойында,
Соғысып өлген өкінбес…
Қобыздың ұйтқи, күңірене соққан дауылды ырғағы мен жорық жыршысының жылымдай үйірер шамырқанысты үні құлағынан еніп, буынына түсе бастаған еді. Жорыққа неге келгенін, тіпті не үшін жалаңаш жауға шабуды таңдағанын да ұмыта бастаған. Бар пейіл, бар ықыласы адуынды, сыйқыр жырға арбалып кетіп барады. Жарты шақырым жерде төбесінен түнек бұрқырап, жер түгілі көктің өзін сесімен, қазір-ақ жасар қасабымен қаймықтырып, күреңітіп, безеріп тұрған дұспан қосыны да көз алдынан сағымдай дірілдеп ғайып бола бастады.
…Жалаңаш барып жауға ти,
Тәңірім өзі біледі,
Ажалыңыз қайдан-дүр…
Ескінің ересен батырлары, серілерінің ұрыс салғаны, қалай қылыш сермеп, қалай жауды жайпағаны, бәрі-бәрі жырланғандай еді. Бар ықыласы жырға ауып, өзін де, майданды да ұмытқан. Құлағынан құйылған қуатты бір ыстық та тылсым күш тұла бойын иітіп барып жүрегіне құйылған. Ес-ақылға бойы түгіл ойында иненің жасуындай орын қалмаған. Осылайша көзінің алды мың құбылған сағым әлемге айналып ұзақ тербеткен еді. Қанша уақыт өткені белгісіз, әйтеу әбден қалжырап, еш мағдыры қалмай ес жыйды. Тау төбе өліктің арасында жатыр екен. Соғыс аяқталып кетіпті. Тірі қалыпты. Қалай жауға шапқаны, қалай ұрыс салғаны, қалай аман қалғаны мүлде есінде жоқ. Тек төбесінен табанына дейін қызыл шие қанға әбден бөккен. Басқалардың қаны. Өз тұлғасына қауырсынның ұшы да тимегендей. Басын көтерер дәрмені қалмағаны болмаса. Әбден сарқылған екен. Әбден шаршаған екен.
Негізгі қосын жауды шекарадан асырып түбегейлі еңсеруге кетсе керек. Ал, мыңға тарта серіден үшеу ғана есен қалыпты. Қалғаны қырылып кеткен екен. Жаралылардан бөлек аулақтағы шатырда жатқан үш серіге қарт тәуіп келіп тұрды.
– Еттеріңе неге сызық түспегенін, неге тірі қалғандарыңды білесіңдер ме? – деп сұраған әредікте. Үшеуі де таң-тамаша екенін айтқан.
– Жырау мен жырау толғаған жырдың есебі.
– Қалай сонда?
– Бұл бір тылсым. Анығын мен де білмеймін. Мен орданың тәуібімін. Үлкен-кіші жүздеген ұрыстың жаралысын емдеп, серісін қарадым. Кей ұрыстан неше мыңдаған серіден біреу де қалмай қаза табады. Бұл жолы үшеуің бірдей тірі қалдыңдар. Аз емес. Үлкен жеңіс бұл. Аман қалу себептерің сендер жырды тек құлақпен тыңдаған жоқсыңдар. Жүрекпен, тұлабойларыңда шымырлаған қанмен тыңдағансыңдар. Жырға тек құлақпен емес, әр тал түк, әр сүйем еттеріңе дейін ұйығансыңдар. Сондықтан соғысты көрген жоқсыңдар. Не болғандарыңды, не істегендеріңді білмейсіңдер ғой, солай ма?
Үшеуі жарыса бас изеген. Шынымен де ештеңе естерінде жоқ еді.
– Жырға ұйыған жан шалықтап кетеді, тән өзінің тән екенін естен шығарады. Өзіне тиіп, өзін кескілеп жатқан жүзді дүниені ескермейді. Содан кесілген жер, сынған сүйек өздігінен сол мезетімен қайта бітіп отырады. Тіпті қан ақпайды. Бойларыңдағы қанның өзі жырдың дуасымен өзінің қан екенін ұмыт қалдырады. Күшала қосқан қымызға өлердей мас болған кісінің кейпіне ұқсас баяғы. Парқы мұнда жырға, соғыс жырының буына мас боласың. Ес-түссіз мас боласың. Есіңді жиғанша ұрыс та аяқтайды. Ал мас бола алмасаң, жыр қуаты жұқпаса, немесе шала мас болсаң онда шейіт кете бересің. Бары сол.
– Жыр есімде, – деген сосын ол күбір етіп.
– Жә, мен білетін шешу осы. Енді сендерге жер үстінде дұспан жоқ, қарақтарым.
Елге көктемде оралған. Қасындағы екі сері әнші, қисагер жігіттер болып шыққан. Бір қыс хан күтімінде үшеуі әбден еркелеген. Ерікпеген, зерікпеген. Оның есіне жорыққа аттанардағы шері елге қайтар жолда ғана оралды. Жүрегі сыздап, сол аруды сағынды. Енді аламын. Қолымды қайсысы қағар екен деп шіренді. Тек ойы іске аспады. Қызды тағдыр бұған бұйыртпапты. Қыста қайтыс болыпты. Ешкім алып қала алмаған. Бір жұма төсек тартып жатыпты да, бақиға аттаныпты. Күні бүгінге дейін қандай науқас екені жұмбақ көрінеді. Содан кейін дерті тіпті асқынған ер екі жыл сайрандаған. Жүрегін шеңбектей қысқан шерін әлденемен жуып, ағызып жіберуге бәрібір әлі келмеген. Есесіне шеріне шер, дертіне дерт үстеліпті. Көзі көрмеген, есіне ала алмаған соғыс майданы, өзен боп аққан қан, шерменде кеткен аруақтар түсінен шығуды қойған. Өзі аралап соларды кескілеп жүреді. Қорқаудай жалақтап қан ішіп жүреді. Жауған жаңбыр да қан, атқан таң, батқан күн, ішкен асы да қып-қызыл қан. Қып-қызыл қан мен қанға тойған өзінен басқа ештеңе көрмейтін құдай атқан күйге түскен. Ұйқысы ұйқы болудан, өзі кісілік сүрепеттен кете бастағанда өзіне қатты бір күмәнмен қарайды.
– Бұлай кете берсем бар даңқ, бар абырой тапқан со соғыстан қашқандардан, қорыққандардан парқым қалмас. Мүмкін, жазықсыз жанның қан қарызын жүктеп алған болармын. Құдай тағала соны түсімде көрсетіп, есімді жыйдырмақ болар. Жәәәә, мен есенімде бұл елден кетейін. Өкінсем де, үрейленсем де, қалжырасам да, өлім тапсам да мынау жұртқа көрінбейін. Бұл жұртқа менің де қарызым жоқ, маған да бұ жұрттың қарызы жоқ. Абырой өлмесін, – деп бір таңда өзімен мәмілеге келген. Бұл мәміле бірбеткей ердің ендігі өмірін тосын, басқа, түсініксіз бағдарға бұрып жіберген.
Содан бері қаншама жыл өткен. Қаншама замана алмасқан. Енді әне бір бозөкпе бала осының қанды семсерін асынып, батасын алып сапарға кетіп барады. Ол қайтпек? Оны алдан не күтіп тұр?
* * *
Жас жігіт кезеңнен асып кеткен. Шал кезеңнен көзін алмай ұзақ тұрды. Талтүсте күн төбеден шаншылып, ащы нұрымен жотасын қайнатқанда барып өзіне оралды. Қолын қайта жайып ішінен әлдене күбірлеп бетін сыйпаған. Кімге, не үшін қайталай бата бергенін өзі де ұғына қойған жоқ еді. Бетін сыйпағанда барып жүзінің, сақал-мұртының жасқа шыланғанын байқады. Ойы лезде өзіне қайта ауған. Көзін тас жұмып аз тұрған соң аздап жымиған. Сол жымиған күйінде текшеден түсуге қамданып, жүзін өзі салған сүрлеуге бұрды.
Батасын алып, мирас семсерді асынып жігіт сол күйі аттанған. Шалдың жұмбақ бейнесі көкейінде тіпті де тылсымдана түскен еді. Бірақ оны қарт серінің жұмбағынан гөрі өзге бір түйін мазалай берді. Әдетінше, жол бойынан бұта болса бұта, қурай болса қурайдан шырпы сындырып алып шайнап тастап келе жатты. Көз алдына сол қыз келе берді. Баста екеуі де бір-бірінен қатты жатырқаған. Екеуі де жазмыштың солай болғанына өкпелеген. Бірақ, бұйрыққа қарсы айласы қайсы? Көнген, көне жүріп екеуі де бір-бірін барлаған. Барлай жүріп екі жас жүрек бір-бірін тез-ақ магниттей жақын тарта бастаған. Бір-бірін жұбаныш тұтып, сүйеніш сезініп жандары жыли түскен еді. Қыз да пері жұртының тумасы болғанымен, қарапайым қарашаның бірінің қызы секілді. Тізгін ұстарларының бір ауыз әмірінен аспай аманатқа алынған жігіттің отауына кіргізілген. Жігіт оны аздап аңсай бастағандай, қимайтындай сезінген. Өзі мұны қапысыз байқағалы көп болып қалып еді. Өкінген жоқ. Дегенмен, іс оның ойынан әлде қайда күрделі, әлде қайда астарлы болатын. Мәселен, жігіт өз жұртынан, еркіндігінен де айырылмай-ақ пері қызын жалғасты құшқысы келеді. Бұл енді таза қыспақтағы хәл болатын. Мұны жас та болса ол түйсінеді. Түйсінбеуі керек еді. Түйсінбесе көкірегі мұнша сақырлап қайнамас еді. Көкірегіне шөккен тұманды аршып алуға әлі келмей меңірейген күйі, еш тілек-мұратсыз жазмышқа көнер еді. Онсыз да көніп отыр, бірақ екі көнудің жөні екі басқа емес пе еді?!
Хан қосынына да жеткен. Серілер шатырына да түскен. Тек бұл соғыс тым тез басталды. Тағы да сол қосынның қақ тұмсығында сауыт-сайманды қойып, жейде, көйлектері де жоқ, жалаң қылыш ұстап тістенген серілер тобы тұрды. Жүзге жетпейді. Аз да, көп те емес. Жорық жыршысы қобызын ыңыранта бастағанда бұның есіне пері қызы түсті. Жолын күтіп, жүдеп отырған бейнесі. Жыршының үні жауырынын шымырлатып, жүйке-жүйкесін аралай бастағанда қызды ұмыта бастады. Көз алдына өзі жатқа айтатын Қобыланды батырдың тайбурылды ойқастатып, күңгірт мұнар жамылған қалмақ қолына бұзып-жарып кіріп бара жатқаны елестейді. Майдан ортасында өтіп жатқан жекпе жектен көзін айырмай қарап тұрғанымен, санасы баяғыда басқа әлемге, ертегі дүниесіне кетіп қалған.
...Қобыланды кетіп барады,
Сиынады бабаға.
Қара таудай күш бітті,
Қобыландыдай балаға.
Ай жағына шығады,
Айқай сүрен салады.
Күн жағына шығады,
Қиқу сүрен салады,
Он екі күн ұрысып,
Он екі мың қалмақты
Әбден қырып болады...
Енді ол жырауды естуден қалып, жұмбақ бір күйге еліте түсті. Жырды өзі айта бастаған. Әлде ішінде біреу тіріліп келіп жырды сол айтып жатыр. Қобыландының сағымдай алабұртқан алаулы тұрқы тап желкесінен қарап тұрғандай. Сосын баталы сәуледей бұның тұлғасын қаусыра құшып, оттай ыстық жалынға орап жібергендей қызынған. Қобыланды рухы бар тамырын, бар демін, бар түйсігін аялап құшқандай сезінген. Енді бірде өзі де Қобыландыға айланғандай, Қобыланды болып шауып, Қобыланды болып ақырып бара жатқандай елестетті. Қолына ұстағаны қылыш емес, найзағай оты секілді, астындағы аты ат емес, долы қара боран секілді.
Есін жыйғанда сол жақ иығы ауырсынып жатыпты. Тізгін ұстаған қол иықтан шыбылған екен. Оң қолы қылыштың сабына қарыса жабысып қалыпты. Саппен бітіп, қайнасып кеткендей. Жаралыларды теріп жүрген жасауылдар мұны тәуіпке жеткізді. Тәуіп күйзеле бас шайқаған. Сосын ептеп қан атқылай бастаған жарақат аузына киіз күйдіріп басып, мұны шыңғыртып отырып дәрілерін сеуіп, таңып тастады.
– Үлгірмей қалдық. Қол да, бұл да естен танып жатқан күйінде табылса еш дарусіз бітісе, табыса қалар еді. Кешіктік. Осы мезетте қол да суып кеткен болуы керек. Табылып па еді?
– Майдан шашылып жатқан мәйіт, қалай табылсын, – деді жасауылдардың бірі. Жігіт бұл уақытта жарақат азабынан, әбден меңдеген әлсіздіктен естен танып кеткен-тін.
Сүйтіп бір иықты бодау етіп, бұл да есен-аман сері атанған. Жарақаты жазылғанша хан ордасында күтімде болды. Елге қайтқан жасауыл жігіттер мен баһадүрлер сүйіншілі хабарды дуылдаса айтысып жолға түскен. Алдымен жетіп ел-жұртты қуанта бермек. Серіні қарсы алудың той қамына кірісе бермек.
Хан мен сұлтандардың сияпатын алып, хан тарту еткен, құрыштан құйылған беренін, болаттан соғылған дулығасын жарқыратып киіп, қырық шақты күннен соң елге есен-аман бұл да жетеді. Соғысқа барар жолында не ойласа, қайтарда да соны ойлаған. Шынымен де, бұл да өзінің соғыс үстіндегі жадысын жоғалтқан еді. Ғұдды соғыс көрмеген кісідей жеңіл сезінген. Тек жоқ қолына үйренісу біраз әуреге салған. Солайда солай, елге күншілік жер қалғанда, жолдағы бір ауылда қонақ болып жатып түс көрген. Түсіне пері қызы кірген-ді. Сонан кейін-ақ оның көңілі түскен. Еңсесі еселеп аласарып, алапасы қайтып кеткендей болған. Енді ол қыз өзіне мүлде жоқ болып көрінген. Енді пері жұрты бұны әкетпейді. Демек, бұл енді аманаттағы тұтқын болмаса да, махаббаттың тұтқыны, сарғайған сағыныш дертінің тұтқыны. Көкірегі өртеніп екінші қайтып көруге болмайтын күйдегі аруын аласұра өмір бойы аңсамақ. Жете алмай қор болмақ.
Бос келген қолдың орнын көріп, ерлер жағы бастан құлақ садақа дескен. Ал, анасы көп жылаған. Бұл сапардың қайғысын ең көп тартқан да, ұлынан еш үміт үзбей, күні-түні мойнына бұршақ салып тәңірге тынымсыз сыйнған да анасы еді. Өзгелер байқамаса да анасы ұлының жүзіндегі сынық мұңды бірден көзі шалған. Сері атасынан бата алып қайтқаннан тартып пайда болған көлеңке еді. Сол әлі тарамапты. Ана оның өлім мұңы, үрей қасіреті емес екенін осы жолы барып бағамдаған. Бірақ, анық-қанығын сұрауға батпаған. Әлде бір орайлы сәтті күтпек болған.
Амандық сұрасып, сәлем беріп келіп жатқан алыс-жуық аймақтың қонақтарынан ауылдың тынысы түрленіп кеткен. Жігіт сол беті бәрін салқын қабылдаған. Жанында жадырау, көңілінде титтей босаңсу көрінбеген. Бірақ жұмбағын ешкімге ашып айтпайды. Іштей біреуді күтеді. Күткен кісісі де бір күні жарқ етіп төбе көрсеткен. Баяғы перілермен келісім жасасқан Бурыл әулиенің мұрагері. қара мұртты, қырма сақал серке жігіт.
Жігіт бір әредікте оған шынын айтқан.
– Мен онсыз жасай алмас күйдемін. Еркімді алып қойды.
Бұл кепті жігіт айтпаса да қара мұртты білетін секілді. Жмиып күлген.
– Адам пендесінде перінің қызымен ұшырасқан кісі ғашықтықтан есен қалуы мүмкін емес. Менің бұл жолғы келісімде соны тақырып етіп, тағы да ырғасуым керек. Сен қасымда боласың. Ол да есті, парасатты жұрт. Тастап қоюы кәдік.
Жігіт іштей қатты қуанған. Таң атқанша жас баладай тәтті қиял сүріп ұйқы да көрмеген-ді. Ал, ертесі атқа мінерлерді ертіп, серіні қасына алып, қара мұртты баяғыдағы перілі сайға ат басын бұрды. Бұл жолы еш дүние алмады. Тек, ауылға алтын, күміс, торғын-торқа жия беруді тапсырды.
– Қалың мал, – деп түсіндірген.
Тоқсан күндік мәулет уақыты баяғыда-ақ өтіп кеткен еді. Шектен кіргенде рәсімді ұмытпай аттады. Сол баяғы келісім жасасқан сай аузына барып тоқтаған. Қарсы жақтан да ер-тұрмандары күнге шағылысып перілер тез көрінді. Қасына серіні ғана алып, қара мұртты қамшысын сүйретіп жаяу беттегенде, олардан да бірнеше пері жаяулап бері тартты. Құрметтесу солай басталған болатын. Бұл жақсылықтың нышаны еді. Жақындап келіп төс қағыстырып амандасқан соң, сөзді қара мұртты бірден бастады..
– Тумысымыз бөлек дегенмен, әлмисақтан аралас-құралас ағайын нәсілміз. Дегендеріңе жеттіңдер. Анттың аңызы шартарапқа қайта жайылды. Күйеу балаларың мыңның бірі істейтін ерлік жасады, тәңірі оның тірі болуын қалады. Бұның хикаясы да, аруағы да анттың айбынын асқақтатып, ханның құлағына жеткізді.
– Сөзің жөн. Күйеу азат. Ант енді жуық шақта бұзылмасына біздің көзіміз де жетіп тұр. Бұндай ықпалды біз де ойламадық. Бурыл әулиенің кемеңгерлігіне бас.
– Өздеріңе де алғыс. Әулие менен сіздерге дұғай да дұғай сәлем айтып еді. Тек құдаларына өзі келе алмағанына өкініш білдірді
– Құдалар демекші. Біз сенің қандай бұйымтайды маңыз тұтып келгеніңді білеміз. Артық ырғасу әдепке жатпас. Қызды ұзата алмаймыз.
– Айырып алмақсыңдар ма? Налаға қалу жеңіл бола қоймас. Бұл бекімдеріңді келініміз құптай ма? Арысы, таңірдің еркіне қарсылық деп білмейсіңдер ме?
– Сөз аяғын күтсеңші. Ұзатпайтынымыз рас. Бұл ескіден келе жатқан заң. Адамизат арасына ұзатқан қыздарымыздың ешбірі бақыт тапқан жоқ. Ұзамай-ақ уәдесі бұзылып қайтып отырған. Мұны сен қанық білесің.
– Бұл сері ғой. Жер үстінде серіден қастерлі кісі болмайды. Серінің бетін қаққандарың үшін…
Сөзді қарсы жақ осы арадан үзіп жіберді. Қарқылдап күлісіп те алған.
– Сері болғаны үшін күйеу екенін мойындадық. Біз де сыйлаймыз. Еркелетеміз. Есігіміз ашық. Екі нәсілдің ортасында еркін жүре береді. Күйеуімізге тиым жоқ. Ал қызымыз ешқашан шекарадан шықпайды. Онда оны бақытсыздық қана күтіп тұрғанын білеміз.
Сөз жөні осылай болған. Қара мұрт өзінің асығыстығына ыңғайсыздана күлген. Ол да бұлай құтты келісімнің тез дайын боларын ойламаған еді. Ал перілер серінің өзін де, аруағын да құрмет қылды. Және бұл құрметтерінің адам нәсілімен ортасында болатын ұзақ заманаларға жалғасатын байланыстарға дәнекер боларын қапысыз ұққан болатын.
Жігіт мұратына жетті. Екі жұрт та ұлан-асыр той жасаған. Екі жұрттың да серіге марапаты, сыйы жетімді болған. Аңыздан аңыз туып, екі жұрттың аспаны, бұлым-пұшпағы сүйінішті хикаялармен дем алысып жатты. Жігіт екі жұрттың ортасында қамсыз, мұңсыз әлдиленді. Сүйгені бұны сарыла күтіпті. Сағына күтіпті. Екі жастың жан мұраты күн шуағына балқыған шұғынықтай марқайған.
Әлқисса, содан біраз жылдар сән-салтанатпен өткізген серінің түсіне қарт сері кіреді. Кезеңнен асып бара жатып артына қанша қайырылып қарағысы келсе де, бір керенаулықпен мойын бұрмай кеткені есіне түсті. «Жүрегің ұлпа болсын!» деген батасын есіне алды. Сол ұлпадай жүрек болмағанда майданнан тірі шығуы мүмкін еместігін түсіне бастады.
– Жүрек жұмсақ болмаса, ғашық болар ма ем? Жүрек жұмсақ болмаса, жырға соншалық ұйи алар ма ем? Жүрек жұмсақ болмаса, қобыздың үні балқытар ма еді? Жүрек жұмсақ болмаса, жүрегіме Қобыландының әр сөзі, әр лепесі ұя салар ма еді? Сүйген жар Құртқа сұлу болып елестеп, мені шақырар ма еді? Жүрек жұмсақ болмаса, майданнан тірі шығар ма ем?
Түсінде сері атасы терең шатқалдың қарсы етегіндегі баяғы үңгірінен шығып келеді екен. Кезеңге жай ғана бажайлап қарап қояды. Дауысы тау-тасты жаңғырта күбірлейді. Күбір сері атадан емес, әр тас, әр ағаштан, әр шөп басынан шығып жатқандай еді. Бірақ күбір анық емес болатын. Бүкіл әлем жарыса үн қосқанда, сері атаның да, бәрінің де күбірі бір сөз болғанымен, бір-бірімен қыйқулап араласып, бұған ештеңені жөнді естіртпеген. Тағы бір қарағанында үңгір желкесіндегі текшеде дыңғырлатып домбыра тартып отырған қарт сұлбасын көрген. Сол Сері атасы.
Ол таң ағара Сері шатқалына аттанбақ. Атасына сәлем бермек. Мүмкін, бұл жолы екеуі де шешіліп сөйлесер. Сөйлеспесе де қабақтарымен-ақ ұғысып, құшақтасатыны мұнда тұруға тиіс еді. Мүмкін, Сері атасы онымен қоштасқысы, бақұлдасқысы келген де шығар.
Көрнекісуретке Жеңіс Кәкенұлының картинасы пайдаланылды
Бөлісу: