Көркем әдебиеттегі әдеби ағымдар мен әдеби бағыттар біртұтас құбылыс па?

Бөлісу:

04.05.2022 10368

Әдеби теориялық зерттеу еңбектерде, оқулықтарда әдеби ағым, әдеби бағыт ұғымдарының аражігі көбіне айқындалмайды. Көбіне әдеби ағым мен бағытты ажыратпайды, оларды біртұтас ұғым ретінде таниды. Синонимдік мәнде қарастырады.

Мысалға академик З.Қабдолов өзінің «Сөз өнері» зерттеуінде бұл мәселеге мынадай анықтама береді: «Байқап қарасақ, стиль – бір жазушыға тән творчестволық ерекшелік болса; ағым – бірнеше жазушыға тән творчестволық бірлік; стиль – әр жазушының дара қасиеті болса, ағым – әр алуан жазушының ортақ сипаты, стиль – жалқыға тән ұғым болса, ағым – жалпыға тән таным; стиль – бір жазушының әдеби беті болса, ағым – бір топ жазушының әдеби бағыты».

Анықтамадан байқап отырғанымыздай, автор ағым мен бағытты бір нәрсе деп қарастырады. Мұндай тұжырымды орыс теоретиктері Л.И.Тимофеев пен Л.В.Щепиловадан да байқаймыз. Әдеби бағытты әдеби ағыммен тұтастыра отырып, Л.И.Тимофеев төмендегідей анықтама береді: «Әдеби ағым – белгілі бір тарихи кезеңдегі бір-біріне идеологиясы және өмірлік тәжірибесі, көркемдік әдісі жағынан жуық бір топ жазушылардың идеялық-көркемдік ерекшеліктері тұрғысынан бірлесуі».

Л.Ф.Щепилованың көзқарасы да осыған саяды: «Белгілі бір тарихи кезеңде әдістері ортақ, өнердің мақсаты мен міндеттерін бірдей түсінетін бірқатар жазушыларда әр түрлі әдеби мектептер, топтар қалыптасады. Бірақ бұл қауымдастық өзін әдеби бағытта (ағым) толық танытады. Зерттеуші бұл жерде бағыт пен ағымды бөлмей, тұтастықта қарап отыр.

Г.Н.Поспелов, В.Е.Хализов, И.Ф.Волков сияқты әдебиет теоретиктерінің еңбектерінде әдеби ағым мен бағыттың ара-жігі айқындалып, оларға арнайы анықтама беріледі.

Әдебиеттегі салыстырмалы-тарихи зерттеуде терминология мәселелерін айқындау қиын да күрделі болып келеді.

Дәстүрлі халықаралық әдеби қауымдастық ретінде танылған барокко, классицизм т.б. бірде әдеби ағым, бірде әдеби бағыт, бірде көркемдік жүйе ретінде қарастырылады. Бұл ретте «әдеби ағым», «әдеби бағыт» терминдері ең тар, нақты мәнге ие болады. Г.Н.Поспеловтың зерттеулерінде әдеби ағым – жазушылар мен ақындардың нақты қоғамдық көзқарастарын (дүниетаным, идеология) білдірсе, ал бағыт – эстетикалық көзқарастар бірлігінің негізінде және белгілі бір көркемдік қызметтің бағдарламасы аясында (трактат, манифест, ұран арқылы білдірілген) пайда болған жазушылар топтарын білдіреді.

Ағым мен бағыт халықаралық қоғамдастықтың емес жекелеген ұлттық әдебиеттің құбылысы болып табылады.

Әдеби ағым ұғымы әжептәуір айқын түрде Г.Н.Поспеловтың теориялық еңбектерінде көрініс табады. Оның көзқарасы бойынша ағым – суреткерлердің көркем шығармашылығында көрініс беретін әлеуметтік-идеологиялық тұрғы негізінде ортақтастығын білдіретін қоғамдастық болып табылады. Мысалға Г.Н.Поспелов орыстың реалистік әдебиетіндегі дворяндық төңкерісшіл (Некрасов, Салтыков-Щедрин, Чернышевский), либерал дворяндар (Тургенев, Гончаров), патриархальдық шаруа (Л.Толстой) сияқты ағымдарды айқындайды. Батыс еуропа реалистік әдебиетінде де қуатты буржуазиялық-демократтық ағым (Стендаль, Золя, Р.Роллан, Теккерей, Диккенс, М.Твен, Г.Манн, Т.Манн т.б.), революциялық-демократтық ағым (Беранже, Бюхнер, Гейне), пролетарлық-социалистік ағым (Веерт, Фроймират, Потье т.б.) сияқты ағымдарды айқындап, атауға болады.

Әдебиеттану ғылымы жазушылардың әлеуметтік-идеологиялық тұрғысын, олардың осы негізде, әр түрлі дәуірдегі әр түрлі ұлттық әдебиеттегі бірігуі мен аражігін анықтауда қыруар жұмыс атқарды. Бұл зерттеулер көркемдік дамудың тарихын жан-жақты үйренуде өзінің мәнін жоғалтпайды. Алайда суреткерлердің әлеуметтік идеологиялық тұрғыларының аражігі жалпы алғанда белгілі бір қоғамдық функция атқаратын көркемдік жүйенің өз ішінде өтетінін үнемі басты назарда ұстау керек.

ХХ ғасыр басында дамып, өрлей бастаған, Абай негізін қалаған қазақтың реалистік жазба әдебиетінде де ұлттық сипат, ерекшеліктері бар ағым, бағыттар болды. Қазақ әдебиетіндегі ағым, бағыттарды айқындаған профессор Б.Кенжебаев болды, «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті – ұлы дәуірдің: ілгерілеулер, күрес, көтерілістер, сұрапыл соғыстар, қиян-кескі төңкерістер дәуірінің әдебиеті. Күрделі көп қырлы әдебиет», - деп тұжырымды баға берген профессор Бейсенбай Кенжебаев ол тұстағы қазақ ақын-жазушыларын саяси, әдеби бағыттарына қарай: 1)ағартушылық; 2)ағартушы-демократтық; 3)демократтық-төңкерісшіл топтарға жіктейді

«Реалистік, романтикалық сарын жарыса өрілген ұлттық тарихи сананың оянуына бастаған, жаңашылдық рухындағы әдебиет бірте-бірте көш түзеп, қазақ қоғамының рухани тіршілігінде басымдыққа жетті. Әдебиет белгілі деңгейде ұлтты дамытудың әмбебап құралына айналғандай еді. ХХ ғасырдың алғашқы кезеңіндегі Алаш ұранды әдебиеттің рухы үстем шығып, әріден жалғасқан әдеби үдерістің сан соқпақты даму жолдарын түйістіре бастауы да ілгерішіл ұлттық бағыт ретінде маңызды еді. Қоғамдағы, сол тұстағы Ресейдей дүркін-дүркін төңкерістердің саяси дүмпуі қазақ қауымы мен әдеби ортада жаңғырықты. Ұлттық автономияны көздеген, түрікшілдікті ұстанған, түрікшіл-исламшылдықты қолдаған сарындар күшейе келе белгілі бір қоғамдық көзқарасқа, ағымға айналды. Осының бәрі де ірі қаламгерлердің шығармаларында, публицистикаларында жедел көрініс берді. Оқыған, зиялы ақын-жазушылар, газетшілер сол ағымдардың ағынында белгілі бір әдеби бағыттарға ойысты.

«Айқап» (1911) – «Қазақ» (1913) сынды ұлттық басылымдардың арасындағы тірестің негізінде осындай қоғамдық-саяси көзқарастар жарысы да байқалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан жалғасқан ұлт-азаттық, ағартушылық-демократтық сиапттағы ағымдар аясында жаңадан туындаған саяси – әлеуметтік ахуалға байланысты елдік, мемлекетшілдік бағытты басым ұстанған (А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев), ағартушы-демократтық бағытқа көбірек ден қойған (М.Сералин, С.Дөнентаев, С.Торайғыров), діни-ағартушылыққа жақын тұрған (М.Ж.Көпеев, М.Қалтаев, Ш.Жәңгіров) әдебиетшілер әрқайсысы өз көзқарасы тұрғысынан шығармаларын жариялатты»

Қазақ әдебиетіндегі әдеби бағыттарды қарап отырсақ, оларды әрі бағыт деп те, әрі ағым деп те санауға болады. Оларды саяси, идеологиялық, дүниетанымдық тұрғысынан ағым деп санасақ, көркемдік, эстетикалық тұғырнамасы, бағдарламасы тұрғысынан бағыт деп қараған жөн.

ХІХ ғасырдағы орыстың реалистік әдебиеті өз ішінде әр түрлі әлеуметтік-идеологиялық тұрғы ұстанғанымен, ХІХ ғ. орыс халқының рухани дамуында олардың негізгі көркемдік қабаты, жүйесі, ықпалы белгілі бір кезеңде тиімді, жағымды рөл атқарды. Олардың тарихи еңбегі де осында. Жалпы көркемдік жүйеге, оның ішінде реалистік әдебиетке қосқан үлесі арқылы жазушының өз кезеңі мен басқа кезеңдердегі орны мен маңызы анықталады. Қазақ әдебиеті туралы да осыны айтуға болады.

Әдеби бағыт – бұл жазушылардың шығармашылығының көркемдік мазмұнның жалпы типі тұрғысындағы ортақ сипатын айтады. Бұл жерде суреткерлердің адам өмірінің негізгі, биік мәнін өмірдің қай тұрғысынан көруіне немесе керісінше адамның бақытсыздығы мен азабының себеп-салдарының тамырын қай тұстан іздеуіне байланысты болып келеді.

Мысалға XVIII ғасырдағы ағартушылық дәуірдің көркемдік жүйесінде шындық өмірді нақты реалистік, көркемдік-шығармашылық тұрғыда игерудің жалпы көркемдік ұстанымдарында (принципінде) жеткілікті, нақты айқындалған екі бағыт көзге ұрады. Олардың біреуі адамның шынайы болмысы ақылда десе (Фендинг, Смолетт, Дидро, Лессинг, Латур, Гудон); екіншілері – сезімде дейді (Гольдсмит, Руссо, Грез, неміс штюрмерлері).

Бірінші бағытты өнер тарихшылары ағартушылық десе, екіншісін – сентиментализм деп атады.

ХІХ ғасырдың реалистік әдебиетінде көркемдік мазмұнның белгілі бір типі басым болып келетін екі түрлі, екі бағыт айқын көрініс берді.

Бұл мәселе туралы А.М.Горький атындағы әлемдік әдебиет институтында 1967 жылы өткен конференцияда арнайы сөз болды. Баяндамашылар бұл бағыттарды әр түрлі атай отырып, дәуір шындығын суреттеуде, бір реалистердің өз кезіндегі өмірдің әлеуметтік жағдайына жалпы қарсы шыға отырып, өздерінің назарларының басым бөлігін адам өмірінің сыртқы тұстарына аудара отырып, адамдардың әлеуметтік жағдайын, мүлік теңсіздігін, өздерінің не басқа қоғамдық ортаның сұрқын, мінезін, болмысын, көбіне сатиралық сын тұрғысында, тура ашып көрсетеді (мысалға, Гоголь, Салтыков-Щедрин, Бальзак, Золя). Екіншілері назарға рухани бай тұлғалар тағдырын ала отырып, олардың жақсы өмірге деген ұмтылысын, осы жолдағы жеке мүмкіндіктерін ашып көрсете отырып (мысалға Тургенев, Чернышевский, Толстой, Стендаль, Диккенс), көркемдік мазмұнның романдық типі басым бағытты құрайды.

Бұл жерде бір әлеуметтік-идеологиялық көзқарастағы суреткерлердің, немесе бір ағымдағы жазушылардың әр түрлі көркемдік бағыттарға қосылатындығын ескеру қажет. (Мысалға революцияшыл-демократ Салтыков-Щедрин өзінің ашық сыншыл пафосымен Гоголь, Бальзак, Теккерей сияқты революцияшыл-демократтық көзқарастан алыс жазушылармен бір қатарда тұрса, ал аса тегеурінді революцияшыл-демократ Чернышевский өзінің адамдардың жағымды болмыстарына деген ерекше қызығушылығынан либерал-дворян Тургенев, патриархальды-шаруа жазушысы Л.Толстоймен бір бағытты құрайды.). Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсек, бір ағымдағы А.Байтұрсынов, М.Дулатов сияқты қаламгерлердің, екінші бір ағымдағы С.Сейфуллин, С.Мұқанов сияқты қаламгерлермен көркемдік бағыттағы ішкі үндестігін байқасақ, өзге ағымдағы Б.Майлин, М.Әуезов, Ғ.Мүсіреповтерді екінші бір ағымдағы көркем прозаның асқан шебері Ж.Аймауытовпен көркемдік тұрғыда бағыттас болып, оның талантты ізбасарлары ретінде көрсетті. Түрлі ағым ұстанған поэзия тарландары М.Жұмабаев пен І.Жансүгіровты көркемдік көзқарастары сай, бағыттас ақындар деуімізге болады. Ең бастысы әр түрлі ағымдар мен бағыттарды ұстанатын жазушылардың бір көркемдік жүйені, біздің жағдайымызда реалистік жүйені құрайтынын ескеруіміз қажет.

Бөлісу:

Көп оқылғандар