Иия Кива. Балақай, бұл табыт сенікі

Бөлісу:

24.05.2022 2262

Балақай, бұл табыт сенікі, үрейленбе,

Оқ қадады мына өмір түнергенде.

Өлім жалған, жолақтар бұлыңғыртқан,

Мұнаралар сөйлемес тілін жұтқан.

Ешкім мұңын тыңдамас жел мұңайса,

Қоңыраулар соғылмас енді қайта.

Үмітіміз жерленді ақпан-қарға,

Жейдеңнің тігісінен аққан қанға.

Дұғалар көмектессін тынығуға,

Қарғыс атқан мына қыс суығында.

Кәрі мезгіл сия құсты, күш бермедік,

Балауыз шам құлады үстелге еріп.

***

Ерніңде үнсіздік инесі,

Ол қанша боздақтың мүрдесі?

Сөздерің ақ жіпке маталған,

Енді не сыйлайды атар таң?

Көмейің қорғасын қақырық,

Аққан қан аузыңнан атылып.

Ұлтыңның мүддесі тіліңе жабысып,

Тот басқан шелектей қалыпты қабысып.

Ертеңім, о, менің крест-жүрегім,

Мен сені аялы алақан төсіне тігемін.

Жаралы науқасқа ең қажет таңғыштай,

Жасағын, арымай, майданда қан құшпай.

Ал мен бе, өмірді жалықпай іздеймін,

Қайда ол,есімін білмеймін?

***

Олар әкемді мерт қылғанда,

Түс көріппін,басымды жарға ұрсам ба?

Қапылыста қалыппын тар құрсауда.

Ажырап қалған екен ағаш діңнен,

Лай сулар арасында адастым мен.

Жақын келді,балконның ең шетіне,

Өмірдің құшағында серт етуге.

Қарасаң,көрер көзге бәрі әдемі,

Тарковский фильміндегідей көркем тілде.

Оң жағымда

Жер таудан келе жатыр көтеріліп,

Кетсең үйден,ілесіп кетер үміт.

Иесін суға ағызбас сал шығарсың,

Ағаштан түйін түйген жан шығарсың,

Сен неге тастап кеттің әке мені,

Мүмкін сен кеңістікте бар шығарсың?

Иия Янивна Кива 1984 жылы 4 мамырда туған. Украиналық ақын, аудармашы, журналист, сыншы. Ол «Аспаннан әрі қарай», «Қыстың бірінші беті» сияқты жыр кітаптарының авторы. Кива украин және орыс тілдерінде жазады.

Ағылшын тілінен аударған: Дүйсенәлі Әлімақын

Бөлісу:

Көп оқылғандар