Каспийден қанат қағатын қазбауыр бұлттар...
Бөлісу:
Тәубе
Шет елде күрдтің жігіті, бір алып өрен,
«Қазақтың елі қандай?» - деп сұрады менен.
Мақтандым біраз: «Біздің жер – ғажайып өлке,
Ақындай шалқып оқитын бұлағы да өлең.
Рухымдай асқақ, аспанмен таласқан таулар,
Көңілімдей жарқын далама жарасқан бау бар.
Қазақстан, ол ер қазақ мекені, - дедім, -
Қалдырған сонда бастарын адасқан жаулар.
Сол жердің қоңыр кештерін, құба таңдарын
Жаныммен сүйем, - деп едім – ұнатам бәрін»,
Күрдтің жігіті: «Бақсызбын, отансызбын», - деп,
Егіліп қатты жылады. Жұбата алмадым.
Білмеймін, жігіт жан дертін жаза ма жылай?
Қасіреті оның қоймады мазалап ұдай.
Отанның терең қасиетін ұға алмай жүрсем,
Аяма, менің басымды жазала, құдай!
Өз ел-жұртына қарайтын өкілдей бөтен,
Көзқаман, тексіз, мәңгүртті кешірмейді екем.
Кейде, рас, күйгем адам боп жаралғаныма,
Ал қазақ болып туғанға өкінбей кетем.
Балауса қыз
Белгілі, бәсе, шуақты ғұмыр кешкені,
Сайқал кештер мен сайтан би түбін тескені.
Ханның қызының дәл өзі бір аңыздағы
Аршын төс ару, ақ тамақ, сұлу бөкселі.
Ақша бетінен төгілген нұр-арай түрлі,
Балауса қыздың, әрине, ұнары айқын-ды.
Жайдары мінез. Жаз көңіл. Жатсынар емес.
Қолымнан жем жеп үйренген құралай сынды.
Туыстығы бар бұл жанның нұр менен гүлге,
Тағдырдың ащы татымын білмеген мүлде.
Қайғысыз, қамсыз қаланың әдемі қызы,
Басынан-аяқ оранған үлде мен бүлде.
Қадала қап ем, қара көз үркіп қарады,
Күнәсізбін мен дегендей кірпік қағады.
Қара түн мақпал қап-қара шашымен бірге
Секемшіл жанды сергіте сілкіп қалады.
Мөлдірлігіндей тұнатын ерте шықтардың
Мұнтаздай таза жаныңды, еркем, ұққанмын.
Әнтек жымиып, жанымды шайқап кеттің-ау,
Әсем әсерден тербеліп, теңселіп қалдым.
Каспийге сыр
Жағада жүрмін, Каспийдің түстік жағында,
От ойларымнан орандым ыстық жалынға.
Мендегі сезім бір болса, болатын шығар
Ұясын аңсап, сағынған құстың жанында.
Жабырқау шалқар күрсініп, ышқынса мұнда,
Бір өксік келіп кептелген жұтқыншағымда.
Толқыны тулап тербелген телегей теңіз,
Мен де дәл сондай, шамасы, түстім сарынға.
Қарт Каспий, толқып, шертесің Азия шерін,
Көнені көрген өлкенің қариясы едің.
Мойындағайсың, өзіңнен алып екенін
Отанға деген бойымда дария-сезім.
Иранның қызы иманды, ибалы ма еді?
Құйқылжып тұрған үнін айт, қинады мені.
Бәрін де қойшы, бабамыз қан жуған теңіз –
Ыстық екен ғой Каспийдің дидары, лебі.
Хазарды көріп жайнаған аймақта мына,
Бойыма қуат кіргендей, қайрат қаныма.
Жармасып толқын жалына тартып кетуге
Дайынмын Ақтау, Атырау айлақтарына.
Сезім толқыны кеудемде тебінеді көп,
Теңізге туыс боп кетті егіле жүрек.
Сан ғасыр бойы сыр тұнған бойын жазбақ боп,
Көк тауға қарай көк теңіз керіледі кеп.
Керемет, көрсең көркем тау төскей сауығын,
Мәңгілік көктем жайлаған беткей бауырын.
Каспийден қанат қағатын қазбауыр бұлттар
Бұл маңнан әсте өтпейді төкпей жауынын.
Ынтық аспанын теңіздің жылатқан демі,
Ән тыңдап жатар мың-мың сан бұлақтан жері.
Ғажап маң, бірақ жетпейді туған жеріме,
Жақсы көрмекпін мен оны жұмақтан гөрі.
Тынымсыз теңіз. Жоқ және маза құстарда,
Ғашық деп қалам толқынға жанап ұшқанға.
Тербеліп тұрып Каспийдің толқындарымен
Ып-ыстық сәлем жолдадым Қазақстанға.
Дәуірбек Дүйсебай
Бөлісу: