Отырардың өз ұлы немесе Шаханов жырлары хақында

Бөлісу:

11.07.2022 5098

Мұхтар Шаханов жайлы жазу бүгінде оңай әрі қиын. Оңай болатыны – әркім жаза алады, қиын болатыны – қалай және қай қырынан жазу... Әдебиет үшін ақындық қыры туралы жазған жөн шығар. Ол жайында бұдан алдында-ақ баға беріліп қойғаны анық. Белгілі жазушы Сафуан Шәймерденов «Табиғат берген ақындық талантыңа қоса елім деп еңірегенде етегі жасқа толатын ұлы азаматы бола алсаң, халқың үшін құдайдың бергені емес пе?


Мұхтар Шаханов – ақындық толымы талант пен күрескер азаматтық қасиеттердің қорытпасынан жаралған өрелі тұлға.

Мұхтардың XX ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқы дүниеге әкелген айрықша құбылыс екені содан» депті. Ал тұлғалық болмысы жайында Қасым Қайсенов былай дейді: «Қалай десеңдер де олай деңдер, Мұхтар Шаханов – ұлт мүддесін қорғаушылардың ең алдыңғы сапында келе жатқан қайсар тұлғалы ұлы ақын. Кешегі Желтоқсан көтерілісі кезеңінде, ел ерге, ер жерге қараған сын сағаттарда сонау Мәскеудегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйенің алпауыттарына басын бәйгеге тіге отырып қарсы шыққан, сөйтіп ұлтымызды үлкен әділетсіздіктен қорғап қалған осы жігіт еді ғой. Арал қасіретіне күллі әлемнің назарын бұрған да – Шаханов. Ұлтымыздың ірілі-ұсақты проблемаларының маңында ылғида осы ақын келе жатқан жоқ па? Тіпті қазіргі өздерің тойлап жүрген «Наурыз» мерекесін де Колбинмен жағаласып жүріп осы бала тірілтпеп пе еді? Елдік мазмұндағы ерен істері үшін бұл дара азаматқа дұрыстап алғыс та айтпаппыз-ау. Алғыс түгілі, оның әлем ЮНЕСКО мойындаған шығармалары төңірегінде өз ішіміздегі кейбіреулар жалдамалы жазғыштар арқылы дау-дамай ұйымдастырылып, кедергі жасаумен келеді. Енді тіл мәселесі ауқымында «ертең ұлт боп қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген зарлы күдік алдымызды ораған сәтте тағы да Шаханов орнынан көтерілді. Бұл істе де біз оны қолдамасақ ұтылатынымыз айқын. Өйткені оның түйсігі – таза ақындық пайым-парасат пен ұлттық санаға терең тамыр жіберген, жалғандыққа жаны қас шыншыл түйсік».

Алматыдағы Еуразия ғылыми-зерттеу институтында Қазақстанның халық ақыны Мұхтар Шахановтың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми конференция өтті. Онда еліміздегі Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан секілді түркітілдес елдердің Бас консулдары мен белгілі ақын-жазушылар, ғылым қайраткерлері бас қосып, жылы лебіздерін білдірді. Бас консулдар Мұхтар Шахановтың шығармашылық және тұлғалық болмысынан сыр шертіп, өлеңдерін жатқа айтып жатты. Мінберге шыққан әлдекім «Осы отырғандардың бәрі де Сіздің жырыңызбен отансүйгіштікке тәрбиеленді» деді. Үлкен конференц-залдың бір шетінде бақылап отырғанмын. Кенет балалық шақтағы естеліктер көз алдыма орала бастады. Мұхтар Шахановтың менің адам боп қалыптасуымдағы рөлі қандай? Осы сұрақ көкейіме келе берген.

Өмірлік ұстанымдар әуелі ата-ана ықпалымен, одан соң алғашқы ұстаз, өскен орта және ең негізгілердің бірі – кітап арқылы бойға сіңетін көрінеді. Кімнің кітабын көп оқысаң, соны жазған жанның да дүниетанымыңды қалыптастырудағы әсері орасан. Ол адамның таныс та бейтаныс болмысын білуге тырысасың. Алып шаһарға алғаш келген кезде құрбылармен бірге Мұхтар Шахановты іздеп барғанымыз есте. Бірді-екілі шимай-шатпағымызға үңіліп отырып, өлең мен шындық туралы айтып еді. «Өлеңді қазір бәрі жаза алады. Техникасын білсе болды, ақын боп шыға келеді. Ал шын талант басқаша. Өмірде негізгі тақырыптар бар. Махаббат, ізгілік, сұлулық... әуелден өзгермейтін осы құндылықтарды ғана жазады бәрі. Міне, осыларды әр ақын өзінше жеткізудің жолын табу керек» деп еді сонда. Бұл кезде асқақ санамыздың түкпіріндегі Мұхтар мен өмірдегі Мұхтар екеуі екі бөлек көрінген. Біз көзбен көрген Шаханов тым қарапайым, тіпті «ерсілеу» сөйлейтіндей. Барлығын оңай түсіндіріп бере салғандай еді. Өмірде бәрі олай оңай болмайды ғой. Оның бұл болмысын басында қабылдай алмағанымыз рас. Біз білетін Мұхтар ұлы ақын. Ал көз алдымыздағы жай адам сияқты. Қазір байқасам, ол кезде дүние жайындағы түсінік басқа болыпты. Жалпы ұлылық деген не? Ол адамның маңдайына үлкен әріптермен жазылып қойған белгі ме әлде көңіл көзімен ғана көрінетін ерекшелік пе? Бала кезде телеарнадан көз шалып қалған кез келген жан бізге ұлы адам сияқтанатын. Алғаш Мұхтар ақынға да сол өлшеммен қараппыз. Ал бүгінде «Осы отырғандардың бәрі де Сіздің жырыңызбен отансүйгіштікке тәрбиеленді» деген сөзді естіп, төрге жайғасқан қадірлі жанның болмысы қаншалық қарапайым болса, әрбіріміздің тұлға боп қалыптасуымызға септігі тиген жырларының мән-мағынасына қайта бір үңілген едік.

Балалықта барлығы секілді біздің де арманымыз аспаннан биік болатын. Қайда барам, кім болам, өмірден нені ұғынам деген сыңайдағы ойлар енді-енді сананы билей бастаған кез. Бүгінде адам болып қалыптасып, орныққан болсақ, оған әсер еткен жанның ішінде бір адамның тұлғасы дараланып көрінеді. Өмір белестерінде оның жырлары құлап кетпеуге, құлап түскен күннің өзінде қарманып қалатын бір тұтқа болуға жараған. Ол ақынның өлеңдері көптеген адамның рухына тұғыр болғаны анық. Себебі оның есімі мен тегін бәрі біледі. Мұхтар Шаханов. Бәрі білгендіктен де оның есімі аталған кезде елең етпейтін деңгейге жетіппіз. Мүмкін, есейген шығармыз. Балалықтағы кіршіксіз арманға сызат түсе бастаған болар. Ал сонау күндерге ойша оралып, Шаханов жырларын кітаптан дәптерге көшіріп жазып, ұмытып қалмау үшін ылғи да күбірлеп жаттайтын кезді еске түсіргенде ауылдағы жусанның иісі сезіле бастайды. Жақында ұялы телефоннан қысқа бір видео көзге шалынды. Мұхтар Шахановқа президент медаль тағып жатыр. Видеоны ақынның өз әуенімен сүйемелдеп қойыпты. Президентті қаусыра құшақтаған ақын. Көзінде жас бар сияқты. Ұлт мұңын айта-айта әбден қажып, қартайған ақын «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. Ресми тұрғыда еліміздегі Ұлы мәртебеге ие болды. Бірақ оның деңгейі кеудесіне ілген төсбелгімен емес, әу баста халық мойнына артқан сеніммен өлшенетіндей.

Мұхтар Шаханов. Қазақ әдебиетінде ошақтың үш бұтындай тіреуіш болып тұрған үш Мұхтар болса, бұл соның біреуі. Әдебиет оқымаймын дейтіндердің өзі Мұхтар жырларымен сусындап өскен. Кез келген қазақты көшеде тоқтатып алып, сұрасаңыз ақын жырларының тым болмаса бір шумағын айтып береді. Мұхтар жырларының өлмес өміршеңдігі неде? Бұл сұраққа неше түрлі жауап айтуға болады. Десе де, олардың ешбіріне бұрылмастан, балалық шақтағы әсерді еске түсіріп, жауап табуға тырысып көрейік.

Қаншама уақыттан бері поэзия жайында түрлі пікірталас туындап, тіпті прозамен де салыстыратындар бар. Біздіңше, бұл екеуін салыстырғаннан гөрі поэзия мен поэзияны, проза мен прозаны салыстырған дұрыс әрі ақылға қонымды болатын шығар. Айырмашылығына келгенде, прозаны оқып, қорыту үшін уақыт керек. Ал поэзия жылдам әсер етеді. Сондықтан да шығар, прозаны емес, өлеңді, тіпті көлемді поэманың өзін тез жаттап алатынымыз. Күшті поэзия бірден жатталады. Ол оқи бастағаннан-ақ оқырманның жүрегіне сіңіп қалатын сияқты. Жақсы поэзияның әсері гүлдің хош иісіндей, адамға жағымды тиеді. Жұпары жан әлеміңе жайылып, біртүрлі жайлылық сыйлайды. Мұхтар Шаханов өлеңдерін алғаш оқығанда да осындай сезім болған. Өмір жайындағы түсінігіміз әлі толық қалыптаспаса да, ақын жырларын оқыған соң ізгілік пен зұлымдық, адалдық пен аярлық, жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырата бастағандай болдық. Дүниені нәзік жаратылыс ретінде таныдық. Сатқындық пен сұмдық барын да білдік. Соған қарамай мейірім-шапағат, ізгі амалдар соңында жеңіп шығатынын түсіндік. Махаббат, достық, адалдық деген ұғымдардың мәніне бойладық. Әлем туралы көзқарас, кейде осы ақын жырлары арқылы қалыптасқандай көрінеді. Моральдық принциптер осылайша бірте-бірте санаға сіңе берген.

Отырар жайындағы шығармасын оқыған сәт есте. Қайталай бергеннен, жатталып қалып еді. Қазір ойлап қарағанда, ол шығарма неге сонша әсер еткені қызық. Жеңілген жеңімпаз туралы тарихи дастан адамзатқа ортақ биік сезімдерді жырлайды. Адам жеңіле тұрып та, жеңімпаз болуы мүмкін екен. Отанды қорғаудың жолдары көп. Соның ең қайырлысы – Отанды сатпау. Отырар қаһармандығының құндылығы осыны үйретеді. Бұл дастанның ең негізгі айтар ойы – Отанға деген парыз. Тарихи оқиғаны арқау еткенімен, бұнда бүгінгі мәселелер де көрініс тапқан. Тіл мен жер тақырыбы ойлантады. Біз өз Отанымызда бейбіт өмір сүріп те оны сатып жүруіміз мүмкін. Сатқындық деген міндетті түрде белгілі бір адамға сату емес қой. Ар-намысыңды жинап қойып, өзге тілде сөйлеу арқылы өз тамырыңа балта шабу. Бүгін бұл тақырып тым «ескіріп» кеткен сияқты. Айта айта жауыр болды деуге де болатындай. Отырар дастанын қайталап оқығанда тарихи тамырдан ажыраудың сұмдығын тағы да бастан кешкендей әсер сыйлайды. Шаханов жырының ерекшелігі де сол, оқиғаға тікелей қатысып жүргендей боласыз. Театр балконынан сахнада болып жатқан көріністі тамашалап тұрғандай күйге бөлейді. Көне Отырардың қақпасынан сығалап тұрып, «не болар екен» деген ой келе береді. Қайыр ханға болысып, сатқын Қарашоқыдан жерінесіз. Шыңғыс ханның аярлығы мен парасатына таңданасыз.

«...– Eciң кетсе, естiге кipiптapcың,
Ең бастысын ұмытқансың, –
Деп Шыңғыс хан ызбарлана тiл қатты,
Әр сөзiнде атан түйе қайысардай зiл жатты, –
Жә, ендеше, түcipeйiн eciңe.
Жомарт, аңқау сайын дала төсiнде,
Сан мың әскер жеңбеген өр алыпты
Бip-ақ адам табанына салыпты.
Әлгi алыптың кеудесiнде бармақтай
Оқ өтетiн осал жepi болыпты.
Даңқ кiмнiң күлiп тұрса басында,
Сатқындық та бұғып жүрмек қасында,
Айлакер жан соны жазбай таныпты...»

Алты ай бойы Отырардың қақпасынан кіру жолын таппаған ұлына Шыңғыс ханның айтқан өсиетін ақын осылай жеткізеді. Әлемді жаулаған ханның айласы да сұмдық. Бір ғана сатқын бүкіл елдің күйреуіне алып келгенін көресіз. Қарашоқының кесірінен Ортырар өртке оранады. Ол неге сатқындыққа барды? Ақын бұл сұрақтың да жауабын берген. Туған топырақтың қасиетіне терең бойлап, нағашы жұртында өскен Қарашоқының рухани құндылығының өзгермелі екенін меңзейді. Ондай адамға ел мен жерді сату түкке тұрмайды екен. Оны ақын қарт әкенің өкінішімен шебер жеткізеді:

«...Ең негiзгi кiнә, әрине, өзiмде.
Бұл баланы жаңа туған кезiнде
Перзент үнi тұсаған жан мұратын
Афрасиабтың ар жағында тұратын
Нағашысы бауырына басқан-ды.

Қателігім осы арадан басталды...»

Әрине, бұл жерде ақын туған топырақта өспеген жанның бәрі де Отанын сатып кетеді деп нақты айтып тұрған жоқ. Бірақ әркім өз елінде, өз жерінің суын ішпесе қиын болатынын меңзегендей. Өзі айтқандай, негізгі тақырыпты жеткізу формасын ақын осылайша береді.

Қайырханның тұлғасын асқақ етіп көрсетеді. Отанын сатпай, соңғы деміне дейін күрескен жанның абыройын биіктетеді. Шыңғыс ханмен текетіресіп, күрескен ержүрек болмысын жақсы ашады. «Еліктеуге болатын жан болса, ол Қайырхан» деген ой келеді соңынан. Ақын өмірлік ұстанымын Қайырханның болмысымен көрсеткен. Қиындық пен қорлыққа берілмейтін рух еркіндігін сол кейіпкердің өрлігімен жеткізеді.

«...– Иә, Қайырхан, – дедi сосын жай ғана, –
Рух ердiң өзегi ғой қайда да.
Ең әрiсi
Жеңiлiстiң өзiн де
Шешкiң келiп тұр өзiңнiң пайдаңа.
Жiгiттepiм рухыңа қармақты
Салмақ болып,
Тәнiңдi әбден қорлапты.
Батырлықтан бағың бiрақ жанған, ә,
Маған қарап күлiп тұрсың сонда да.
Олар сенiң жеңгенiмен тәнiңдi,
Амал нешiк,
Жеңе алмапты жаныңды.
Мысқыл күлкiң салды маған қаншама ой,
Шipкiн, сендей бес қолбасшым болса ғой,
Қалың қолым ұқсап дүлей тасқынға
Бөлеп дарқан күйге менi
Бүкiл әлем билер едi
Аяғымның астында...»

Хан Шыңғыстың тұтқынына түскенімен, өз арының алдында азат рухты Қайырханның бекзат болмысын ақын асқақтатқан. Бәлкім, дәл осындай диалог тарихта болмаған да шығар. Бірақ ақын қаламынан туған әрбір жолға сеніп отырасыз. Бір кезде Отырарды қорғаған ерлердің күресін осыдан көргендей күй кешесіз. Олар Отырарды дәл солай ерлікпен қорғағанына кәміл сенесіз. Бірақ ержүрек жандар қанша көп болғанымен, бір ғана сатқын арасынан шығып, бәрін күйрете салғанына өкінесіз. Демек, бір сатқынның өзі бүкіл елді дұшпанның табанына салып бере алады екен. Қайырхан намысшыл болғанымен, адам тани алмапты. Шыңғыс хан соны айтып, оны жеңуінің сырын ашады.

«...Рас, мeнiң нөкерлерiм безбүйрек,
Зұлымдықты ерлiк деп те таниды.
Олар тiптi өкшесiмен eзгiлeп,
Кете алады жазығы жоқ сәбидi.
Одан да ipi хайуандыққа жете алады төзiмi,
Бәpiн өзiм үйреткенмiн о баста.
Қаталдық пен аяушылық ceзiмi
Жауынгердiң жүрегiнде түспеу керек таласқа.
Түспеу ләзiм қос сезiмнiң дауына,
Мен осыған қатты көңiл бөлемiн.
Қаншама иттiк етсе де олар жауына,
Туған жерiн сатпасына сенемiн...»

Сатқындық – Отанға деген ең үлкен опасыздық. Қайырханды соңында жеңген де сатқындық. Бірақ оның тәні жеңілгенімен, рухы жеңіліс таппапты. Мұхтар Шаханов қаламымен қайта тіріліп, жас ұрпаққа өсиетін айтып жатқандай. Көне тарихтың тереңіне сүңгіп, Отырарды шаң астынан аршып алған ақын қаншама жырымен қазақ халқын тебіренткені рас. Туған топырағына адал перзент бір ғана Отырар дастанын жазған күннің өзінде тарихқа таңбаланып қалары кәміл еді деген ой келеді. Ал оның осындай қаншама жыры бар. Сиясы ақ қағазға тамған алғашқы сәттен бастап ақындық адал миссиясын қалтқысыз атқарып келеді. Азаматтығы өз алдына бір бөлек ақын қазақтың маңдайына дарыған жарық жұлдыз іспетті. Ал сіз жұлдыздардың әу баста не себепті жаратылғанын білетін шығарсыз?..

Бөлісу:

Көп оқылғандар