Толстой кімді ұнатып оқыды, кімді ұнатпады
Бөлісу:
Лев Толстой жазушылар туралы
Лев Николаевич Толстойдың жазушылық шығармашылығы алғашқы туындыларынан бастап реалистік бағытта қарқынды дамыды, ұлы кемеңгердің шығармашылығына қатысты әдебиеттанушылар мен толстойтанушы ғалымдар жазушы туындыларының шынайылығын, ақиқатты жазатыны, жазғандарында кемеңгердің ұстанымдары мен көзғарастары анық көрінетіні туралы баса айтады.
Лев Николаевич Толстой 1856 жылы поручик шенінде әскери қызметтен түбегейлі кетеді, оның алдында бір жыл бұрын, 1855 жылы Толстой «Севастополь әңгімелерін» аяқтайды, ал 1856 жылы «Современник» журналының бірінші номерінде «Севастополь әңгімелерін» толығымен өзінің атымен «граф Л.Н.Т» деп жариялайды, әдеби орта Л.Толстойды жаңа әдеби толқынның өкілі ретінде қабылдайды.
1856 жылы жазушылық ісін жалғастыру мақсатында Л.Толстой Петрбургке келеді. Л.Толстойды жазушы қауым жылы қарсы алады, И.С. Тургеневпен танысады, тіпті бір пәтерде тұрады. Петербургке келгенде ақын- жазушылар Н.А.Некрасов, И.С.Гончаров, И.И.Панаев, Д.В. Григорович, А.В. Дружинин, В.А. Соллогуб сияқты жазушылармен танысады, олармен тез араласып кетеді. Осы кезде Л.Толстой «Метель», «Екі гусар» әңгімелерін жазады, «Жастық шақ» триологиясын аяқтайды және «Казактар» әңімесін жазуды жалғастырады.
Лев Николаевич «Арылу» туындысында осы кезең туралы былай еске алады: «Осы кезде кеудеме нан пісіп, пайда табу үшін, адамдарға жақсы көріну үшін жаза бастадым. Мен өмірде істегендерімді сол күйінде жаздым. Абырой - атаққа бөленіп, көп ақша табу үшін оқырмандарға жақсыны жасырып, жаманды көрсету керек болды. Мен тап солай істедім. Жазғандарымда өмірімнің мәні саналатын ізгі ниеттерімді енжарлықпен, мысқылмен жасырып, қаншама қулыққа бардым десеңізші. Мен осылайша, өз мақсатыма жеттім: мені жұрт мақтай бастады.
Жиырма алты жасымда соғыстан кейін Петербургке келіп жазушылармен араластым. Олар мені өздерінің адамындай қабылдады, олар мені қолпаштап, маған жағымпазданатын. Айналама қарап үлгергенім сол еді, араласып келген, жазушылардың сол кездегі адамдарға деген көзғарасы маған да жұқты, менің бұрыннан жақсарсам деген талпынысым құмға сіңген судай болды. Бұл көзғарасым менің азғанымды ақтайтын теорияны туғызды» - дейді.
Толстой кімді ұнатып оқыды, кімді ұнатпады
Лев Николаевич жазып қана қоймады, сонымен бірге басқа да жазушыларды өте көп оқыды, оның жеке кітапханасында әлем әдебиеті мен орыс жазушыларының көптеген кітаптары тұрды, Лев Николаевич оларды оқығаннан кейін өзінің пікірлерін күнделігінде жазып отырды, достары мен баспагерлерге жазған хаттарында оқыған шығармасы туралы әсерін жазды. Лев Николаевич 1890 жылы оқуды қажет ететін ең маңызды кітаптардың тізімін жасайды. Толстой жазушылардан кімдерді ұнатып оқыды, кімдерді ұнапады деген сұраққа оның күнделіктері мен жазбаларынан оқуға болады. Толстой Виктор Гюго мен Чарльз Диккенсті оқығанды өте ұнататын, бірақ Шекспир мен Александр Пушкинді (ақын Пушкинді, драматург Пушкинді) ұната қоймады. Толстой Пушкин драматург туралы: «Борис Годунов» драмасы әлсіз Шекспирге еліктейді, оның барлық еңбегі махаббат туралы өлең жазғандығында, олардың көбі өте әдепсіз» деп жазады. Лев Николаевич Александр Пушкиннің «Белкин әңгімелері» жинағын жоғары бағалады, «Пиковая дамасын» өте ұнатты.
Сонымен бірге, Толстой Пушкиннен кейінгі орыс ақыны Лермонтовтың прозасын ғана ұнатты, Лермонтовтың «Біздің заманымыздың кейіпкерін» бірнеше рет оқыған Толстой оны маңызды кітаптар тізіміне (әсіресе романның «Таман» тарауын) кіргізеді. Ол Лермонтовты жазушы емес, кәсіби әскери адам екенін бағалады (Лермонтов Толстойдың өзі сияқты Кавказда қызмет еткен болатын). Толстой Лермонтовтың ішінде «жасырын жатқан байронизмнің ең жоғары моральдық талаптары көріністерін» байқайды. Көбіне жазушының бойындағы адамгершілік мәселелері Толстойды қатты алаңдатты.
Әдебиеттанушылар Толстой мен Лермонтовты жақындатқан тағы бір нәрсе - олардың екеуі де өздеріне көңілдері толмайтын, разы болмайтын және үнемі сары уайымға салынып жүретін жандар екенін айтады.
«Гоголь - үлкен талант иесі, нәзік жүректі адам, батыл, бірақ ақылды ұялшақ», - деп жазды Толстой «Өлі жандар» авторы туралы. Дегенмен Толстой өзіне тән әдетте Гогольдің барлық шығармаларын сынады, оған көп нәрселер ұнамады, «Ревизор» пьесасынан жақсы әсер ала отырып, соңғы үнсіз сахналық көріністі «жиіркенішті нонсенс» деп атайды. Оған «Өлі жандардың» аяқталмаған екінші томы да ұнамады, Гогольдің өзі де оны сәтсіз деп санап, өртеп жіберген еді.
Толстой Гоголь адамға деген шынайы сенімді ырымшылдықпен алмастырды, «ол өнерге қатысты емес нәрселерге ерекше мән береді» деп сынайды. Толстой Гогольдің негізгі әдеби әдісі күлдіру деп санайды, бірақ Толстой оның сатирасына қанағаттанбайды, Гоголь тек дворяндар мен шенеуніктерді ғана емес, оның пікірінше, күлкіге лайықты емес шаруаларды да мазақ еткеніне налиды.
Толстой мен Тургенев
Л.Н.Толстойдың «Балалық шақ» қолжазбасын алғаннан кейін, «Современник» журналының редакторы Н.А.Некрасов оның әдеби дарынын таниды, ол Л.Толстойға өте жігерлендіретін хат жолдайды. Ал «Современик» белсенді авторы Иван Сергеевич Тургеневке жазған хатында Н.А. Некрасов: «Ол сөзсіз талант, жаңа есім, нық дарын көрінеді», - деп атап өтеді.
Замандастары Иван Тургеневтің биязы, ақылды және әдепті қатаң сақтайтын адам екені туралы жазады, дегенмен батысшыл, европалық мінезді «Отцы и дети», «Дворянское гнездо», «Накануне» шығармаларында өзінің батысшылдығын көрсеткен Иван Сергеевич Тургеневтің Н.А.Некрасов, И.С Гончаров және Л.Н. Толстоймен арасындағы қатынастары көптеген келеңсіз және кикілжің жағдайларға толы екені орыс әдебиеті тарихында біраз әңгіме болды, тіпті 2018 жылы Тургеневтің 200 жылдығы мен Толстойдың 190 жылдығы қарсаңында олардың қатынастарына арналған әдеби көрме жиын өтті, екі жазушының арасындағы қиын қарым-қатынас туралы айтылды.
1855 жылы Лев Толстой Иван Тургеневпен танысқанға дейін оған «Рубка леса» әңгімесін арнаған болатын. Көп ұзамай жазушылар кездесіп, хат жазыса бастайды. Толстой Тургеневтің «Аңшы жазбаларын» мақтайды, Толстой оған өзінің алғашқы шығармаларында еліктейді. Алайда, танысқаннан кейін алғашқы айлардың ішінде Толстой мен Тургенев бірнеше рет жанжалдасып қалады. Осы бір оқиға байланысты Тургенев өзінен он жасар кіші Лев Толстойға былай деп жазады: «Әдеби мүдделер болмаса, менің көз жеткізгенім - бізді жақындастыратын ештеңе жоқ. <...> Маған Сізге жақындау мүмкін емес, Сіздің тарапыңыздан маған жақындауға да болмайды» деп қатынастарын осылай білдіреді.
Толстой мен Тургенев арасындағы тағы бір оқиға 1861 жылғы мамыр айында орын алады, ақын Афанасий Фет Толстой мен Тургеневті өзінің үйіне қонаққа шақырады. Таңғы ас кезінде жазушылар Тургеневтің қызы Пелагеяның қайырымдылық жобасын талқылауға кіріседі. Пелагея гувернанткасының ақылын тыңдап, «кедейлердің жыртық киімін өзінің қолымен жамап, тиесілі адамдарға қайтарады». Толстой Пелагеяның бұл идеясын мазақ, оны «сахналық көрініс» деп санайды. Екі жазушының арасында ұрыс туып, аяғы жанжалға ұласады.
Жанжалдың ушыққаны сонша Тургенев Толстойдың «мұрнын жаратынын» айтады, ал намысқа булыққан Толстой Тургеневті дуэльге, қала сыртына шығып, қарумен атысуға шақырады.
Келесі күні Тургенев Толстойға хатпен жауап береді, хатында орын алған кикілжің жанжал үшін кешірім сұрайды, Толстойға келешекте қақтығыстарды болдырмау үшін қарым-қатынастарын тоқтатуды ұсынады: «Сіз бен мен сияқты қарама-қарсы табиғаттың адамдары үшін жақындасудың барлық әрекеттері жақсылыққа әкелмейді, сондықтанда... біздің арамыздағы кез-келген қарым-қатынастың соңғы көрінісі осы болсын» деп жазады.
Алайда, 1868 жылы олар татуласады. Бірінші болып Толстой хатта Тургеневтен кешірім сұрайды, оған «қастық сезімдерді» ұмытып, «бір-бірінің қолын алуды» ұсынды. Көп ұзамай жазушылар қайтадан кездеседі. Тургенев Ясная Полянаға барып, онда Толстойдың отбасымен кездеседі. Жазушының әйелі Софья Толстая: «Тургенев... бәрімізді шешендігімен баурап алды, таңқалдырды», - деп еске алды.
Жазушылар Тургенев қайтыс болғанға дейін 1883 жылға дейін сөйлескен емес. Тургенев қайтыс боларының алдында аз уақыт бұрын ол Лев Толстойға: «Қымбатты және сүйікті Лев Николаевич..., денсаулығым қалпына келе қоймас, бұл туралы ойлағымда келмейді. Мен Сіздің замандасыңыз болғаныма қалай қуанатынымды айту үшін жазып отырмын» деп жазды.
Толстой өзінің жазушы замандастарының әлсіз жақтарын әрқашанда кешіре білді. Бірақ Тургеневтің өлімі Толстойды терең ойға салады. Толстой Тургеневтің қазасынан кейін қыркүйек бойы Тургеневті оқиды. Кейінірек академик Александр Пыпинге жазған хатында Толстой Тургеневті әрдайым жақсы көргенін айтады, бірақ қайтыс болғаннан кейін ғана оны шынымен бағалағанын жазады. Ол: «Тургенев - өте жақсы адам (бірақ тайыз еді, өте әлсіз, бірақ мейірімді, жақсы адам), ол әрқашан ойындағысын және сезінетінін жақсы айтатын еді. <... сондықтан Тургеневтің әдебиетімізге әсері жемісті болды...» деп жазады.
Әрине, Тургенев пен Толстой арасындағы қатынастар құбылмалы, жазушылар арасындағы қатынастардың оңай болмағанын көрсетеді.
Лев Николаевич сол кездегі жазушылық орта, ақын - жазушылар туралы, өзінің жазушылық туралы көзғарасын «Арылу» туындысында былай сипаттайды:
«Қаламдас достарымның адам өміріне деген көзғарастарына көз жіберсем, жалпы өмір даму үстінде екен, даму барысында ең бастысы – адамдардың өміріне олардың араласуы керек екен, адамдардың санасына олардың - көркем жазушылар мен ақындардың ықпал етуі маңызды екен. Біздің борыш – оларды үйрету екен. Өзіме осы бір табиғи сұрақты қоймас бұрын: оларды неге үйрете аламын дегенді білудің тіпті қажет емес екенін теория тұрғысында анықтадым, ал жазушы, ақын ешқашанда саналы түрде үйретпейді. Мен болсам керемет жазушы, ақын болатынмын, сондықтанда маған бұл теорияны игеру қиынға түскен жоқ. Мен жазушының, ақынның кім екенін білмей тұрып жазып үйреттім. Маған сол үшін ақша төлейтін, менің ішер асым, жататын үйім, төсек бөлісетін әйелдерім, ортам болды, оның үстіне даңқым асып тұрды. Соған қарағанда менің жазғандарымды олар өте дұрыс деп санағаны ғой.
Поэзияда және өмірде басқалар оларға сеніп, пір тұтатындар болады, мен сондай пір тұтқан абыз едім. Абыз болу - маған ұнайтын, маған тиімді еді. Мен көп жылдар осының ақиқатына сеніп, күмән келтірмей жүрдім. Тек екінші және әсіресе, үшінші жылы ғана күмәндәна бастадым, бұл өмірлік сенімімнің күмәнді екенінін байқап, ойлана бастадым. Бірінші байқаған күмәнім, көптеген жазушы абыздар өзара сыймайды екен. Біреулері: біздер ең жақсылармыз, нағыз үйретуші - ұстаздармыз, адамдарға керегін біз үйретеміз, ал басқалар дұрыс үйретпейді десе, екіншілері: біз –шын мәніндегі ұстазбыз, ал сендер дұрыс оқытпайсыңдар дейді. Олар дауласып, ұрсысатын, бірін - бірі алдайтын, бірін- бірі даттайтын. Сонымен бірге, біздің арамызда кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс демей ішімізде жүріп, біздің осы қызметіміздің арқасында өздерінің пасық мақсаттарына жеткендерде жететін. Осының бәрі мені біздің қызметтің ақиқатына сенімсіздікпен қарауға мәжбүр етті.
Сонымен мен жазушылық кәсіптің ақиқаттығына күмәндәніп, жазушы абыздарға көз сала бастадым, көзім жеткені, жазушы абыздар шетінен арсыз, нашар, мінездері оңбаған адамдар екеніне көзім жетті – олардың көбі менің бұрынғы қыдырымпаз өмірімде, әскери қызмет барысында кездескен адамдардан да төмендерін де кездестірдім, олардың кеуделеріне нан піскен, өздеріне шексіз риза, тіршілігіне мәз мәйрем, қасиеттіліктен мүлдем жұрдай адамдар екен. Бұндай адамдар маған жиркенішті еді, менде өзіме жиркенішті болдым, мен бұл сенімімнің жалған екенін түсіндім.
Бір қызығы сенімімнің жалған екенін тез түсініп, одан бас тарттым, бірақ ол адамдардың маған таққан – қаламгер, ақын, ұстаз деген атақтардан бас тартқан емеспін. Мен неге үйрету керектігін өзімде білмей тұрып, аңғалдықпен, ақын, көркем жазушы барлығына үйрете алады деп шештім. Мен осылай жаздым.
Жазушы адамдармен араласқан сайын менің бойыма жаңа кемшіліктер жұқты– ол шексіз мақтаншақтық пен өзім ештеңе білмей тұрып адамдарды үйретуге жаратылғанмын деген жарымжан сенім болатын.
Қазір сол кезді еске ала отырып, сол кездегі менің көңіл- күйім, сол кездегі адамдардың көңіл - күйін (ондайлар қазір мыңдаған адам шығар) маған аянышты, қорқынышты және күлкілі еді, өйткені мен өзімді жындылар үйінде жүргендей сезетінмін.
Біз үнемі халыққа айта беру керек деп санайтынбыз, жаза беру қажет дегенге, үнемі жазу керек, мүкіндігінше тез жазып, шұғыл бастырп, көбірек ұсыну керектігіне, оның барлығы адамзат игілігі үшін қажет дегенге сол кезде сенетінбіз. Мыңдаған, біз, сияқтылар, өзара жанжалдасып, бірімізді біріміз жоққа шығарып, үнемі біреулерді үйретіп жазатынбыз, олар жарияланатын, басылатын. Жындылар үйіндегідей өзіміздің ештеңе білмейтінімізді білдіртпей, өмірдің ең бір қарапайым сұрағы: не жақсы, не жаман деген сұраққа жауап таба алмай, өзімізді өзіміз тыңдамай, мені де артынан қоштасын не мақтасын деп, кейде өтірік қоштап, ал кейде өтірік мақтап, кейде ашуланып, жекіріп жататынбыз.
Мыңдаған жұмыскерлер күн демей, түн демей, бар күшін салып, миллиондаған сөзді баспаға теріп, оны басып шығаратын, пошта арқылы бүкіл Ресейге тарататын, таситын, ал біздер болсақ оларды оқытып, тынбай үйрететінбіз, тіпті олар бізді тыңдамайды деп ренжитінбіз ғой.
Маған қазір түсінікті болғаны сол кезде ең жаманы, біздің жұртқа айтатын әңгімелеріміздің астында барынша көп ақша табу, танымал болу, даңққа бөлену тұратын. Осы мақсатқа жету үшін біздер кітап жазудан, газет шығарудан басқа ештеңе білмейтінбіз. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Ешкімге керек жоқ істі жасау үшін өзімізді ерекше адамдармыз деп санап, ол үшін өзімізге сенімді болу үшін біздің қызметімізді ақтап алатын тұжырым керек еді. Сонымен, біз мынау дүниенің бәрі ақылға сыйымды, айнала өсу үстінде, ағартушылық арқасында дамуда. ағартушылыққа бағытталған кітаптарды, газеттерді тарату арқылы даму үстінде дегенді өзімізге тауып алдық. Сол үшін бізге көп ақша төлейді, сыйлайды, сондықтан да біз кітаптар шығарамыз, газеттерде жазамыз, сондықтанда біз керек адамдармыз дегенді ойлап таптық. Ойлағанымз дұрыс болар ма еді, егер де біз бұнымен өзіміз тегістей келіссек; жоқ, бірақ біреудің айтқан ойына, екінші біреудің қарсы пікір айтылатын, бұл бізді ойландыруға тиісті еді, бірақ біз оған қарамадық. Бізге ақша төлейтін партия адамдары бізді мақтайтын, яғни, біз, әрқайсымыз атқаратан ісімізді дұрыс атқарғанымыз ғой. Маған қазір түсінікті болғаны, сол кезде жындылар үйінен біздің ешқандай айырмашылығымыз жоқ болатын, мен бұған көмескі күдікпен қарап, есуас адам сияқты өзімнен басқалардың бәрін есуастар санайтынмын» деп еске алады.
Сол кезде Толстой шығармашылығының жаңа басталған кезі болатын, ол өзін ешқашанда кәсіби жазушы деп санамады, ол жазушылардың да, әдеби партиялардың мүдделерін жақтамады, әдебиетті пайда құралының көзі ретінде қарамады, Л.Толстой үшін көбіне жазушы замандастарымен адамның сенімі, өмірі, таным түсініктері мен көзғарастары, мораль, қоғамдық қатынастар туралы сөйлескенді жөн көретін.
Толстойдың бұлай жазуына сол кездегі қалыптасқан әдеби орта шындығы еді, олар жоғарыда жазылғандай себепсіз те емес еді, жазушылар арасындағы қиын қарым-қатынастар XIX- ғасырдың екінші жартысындағы әдеби атмосфераға тән құбылыс болатын, мұндай қалыптасқан ахуал Лев Николаевичтің жазушылар туралы жоғарыдай қорытынды жасауына негіз болады.
Толстой Достоевский туралы
Достоевкий қайтыс болғанда Лев Николаевич күнделігінде: «...Мен ол кісіні ешқашанда көрген емеспін және онымен ешқашан тікелей қарым-қатынаста болған емеспін, кенет ол қайтыс болды дегенде, ол маған ең жақын, қымбат адам екенін түсіндім. <...> Қандай да бір қолдау менен болу керек еді. Оның маған қандай қымбат екені маған енді ғана белгілі болды, мен қазір жылап отырмын» — деп жазады.
Толстой Достоевскийге және оның шығармашылығына қалай қарады деген сұрақ туындайды, олар бірімен бірі тіпті таныс болған адамдар емес, ешқашанда кездескен емес, Толстой, әрине, оның жанында келе жатқан дарынды, қуатты жазушыны сезінбеуі мүмкін емес еді, Толстой Достоевскийді өте жақсы сезді, сол кездегі барлық сыншылар мен жазушылар сияқты, Толстой Достоевскийдің асығыс жазатыны үшін, «жасанды» диалогтар, кейіпкерлері «автордың тілінде» сөйлейтіні туралы жазған болатын, бірақ Л.Н.Толстой Достоевскийді адамгершілік ізденістеріне, адамнан Исустың ұшқынын іздейтіні үшін жоғары бағалады. Толстой бірнеше жыл бойы Достоевскийді ойшыл ретінде қатты ұнатпайтын діни ойшыл Страховпен жазысқан хаттарында Достоевскийді қорғап, Страховпен дауласады. Страхов 1892 жылы «Достоевский өзінің бет-әлпеті бейнесінде және ұқсастығында образдар жасай отырып, көптеген жартылай жарым ес және ауру адамдарды жазды, шындығында Достоевский не жазатынына және адамның жаны дәл солай екеніне сенімді болды» деп жазды.
Лев Толстойдың Достоевскийге қатысты басқа да жеке пікірлері болды - оның пікірінше: «Достоевский шығармаларында саясат пен дінді былықтырып адамдарды шатастыратыны, образдары мистикалық көңіл-күйге толы, олардың ойлары бұлыңғыр және романдары «техникалық жағынан» әлсіз» екенін жазды. Сондай-ақ Толстой Достоевскийдің романдарын ақшаға мұқтаждықтан тез жазғанын жазады. Толстой «Әрине, Достоевский нағыз жазушы, діни ізденістегі жазушы, Гончаров сияқты емес», - деп бағалайды.
Орыс әдебиетінің екі алыбының шығармашылығы мен әдеби бағыттары туралы көптеген ғылыми еңбектер жазылды. Олардың өмірбаяндары, қолданатын көркемдік құралдары, сенімдері мен адамға деген көзқарастары әртүрлі болғанымен екеуі де үлкен жазушы еді. Лев Толстой Достоевскийді сөзсіз бағалады.
Толстой «Өнер деген не?» деген мақаласында «Бір жағынан, Диккенс, Гюго, Достоевский шығармалары, ... біздің заманымыздың ең жақсы өнер туындылары адамдардың бірлігі мен бауырмалдығына деген сезімдерін бізге жеткізеді, екінші жағынан,олар барлық адамдарды бір-бірімен жақындастыра алатын сезімдерді жеткізуге тырысады. Мұндай шығармалар әлі де аз, бірақ оларға деген қажеттілік бұрыннан белгілі», - деп жазады
Л.Н.Толстой оның алдында өмір сүрген әдебиет өкілдерінің шығармашылығына көзғарастары, оның жазушы замандастырымен қарым- қатынастары, олардың шығармашылығына қатысты пікірлері ерекше ғылыми зерттеуге айналды, өйткені Толстойдың шығармашылық жолындағы ар тазалығы мәселелеріне қатысты ғылыми еңбектерде, оның әдеби парасатын, басқалардан биік тұрғанын, өзінің айналасындағы замандас жазушыларды мойындата білгенін, өзі де басқаның еңбегін бағалай білген кемеңгер тұлға екенін дәлелдейді.
Салауат Кәрім
Бөлісу: