Адал Қалибекұлы. Нан бетіне жазылған хат

Бөлісу:

19.10.2022 2756

Құм дала, қапырық күн. Айналаңа қарасаң бұйрат-бұйрат құм мен тораңғыдан басқа ештеңе көзге көрінбейді. Қытайдағы Такла-Макан шөлінің батысындағы Тарым өзенінен алыстау осы жер сан мыңдаған, сан түрлі күнәһарлардың жазасын өтейтін тозақ мекені – Тарым ойпатындағы жаза лагерінің бірі.  Бүкіл елдегі ұры-қары, қанішер жендет, саяси қылмыскер – бәрі-бәрін осында жинаған ба дерсің. Қалай екені белгісіз бұл лагерде қытай, ұйғыр одан қалса қазақтар көп. Басқа ұлт қылмыскерлері бірлі жарым ғана.

Қабылақат күрегімен сусылдаған құмды аршып-ақ жатыр. Екі білектен әл кетсе де жарылған ерінін жалап қойып шамасынша қимылдайды. Таңның атысынан кештің батысына дейінгі тірлігі осы. Тарым өзенінен осы шөл далаға су жеткізудің әлегімен қазылып жатқан тоғанның жұмысы.

Түс әлетінде бір сағат демалысқа жеткенше жанын салады. Салайын демейді-ау, желкесінен аңдып тұрған солдаттар сәл тынығуға мұрсат бермейді ғой шіркін. 

Әрине, жалғыз емес. Маңайындағы неше жүз адамның бар тірлігі бірдей. Үстіндегі май басқан желеткісі мен басындағы баяғыда реңін жоғалтып тозған күләпарасын шешіп-ақ тастағысы келеді, амал не, тура төбеден төніп тұрған күннен қорқады, ал ол күн өтсе құрыдым дей бер, жеңілі басың айналып, екі тізең қалтырап отырған жеріңнен тұра алмай, сүйретіліп бараққа өзгенің сүйемелімен  қайтасың. Ал ауыры төсек тартып жатасың да суды шелектеп жұтсаң да шөлің қанбай от болып жанасың да жатасың. Күніне үш уақыт тойып ас ішкен адам болса, оған да шыдас берер еді, бірақ... 

Он жеті жылдан бері көріп келе жатқан күні осы. 

«Шыр» еткен ысқырық дауысын естіген жұрт қолындағы барын тастай сала әлгінде ғана жеткізілген шелектегі суға ащылаған қойдай жамырайды. Үлкен-кіші демейді, бірін-бірі жаншып-басып таласады суға. Қайтсін байғұстар, кеш қалса бір кесе су да бұйырмайтын болған соң жанын салады да. Таңертең өздерімен бірге ала шыққан торсықтағы су әлдеқашан таусылған. Қабылақат та сол елдің қатарында арпалысып жүріп бір күрешке суды қолына ілінген заматта-ақ жұта салды. Жылымшы су ішіне түсісімен маңдайынан суық тер бұрқ ете қалды. Жылыстап шетке шықты да шалқасынан жатты да «үһ» деп ұзақ демалды. 

Иә, сәлден кейін түскі ас келеді. Сол баяғы буға шала піскен жүгері наны мен суға қайнатып әкелген картоп немесе қырық қабат. Оған кезекке тұру үшін де сәл тынығу керек екенін ол жақсы біледі.

- Қалайсың, Қабыш?

Мойнын бұрған жоқ. Танын тұр. Ағасы Қабылқақ қой.

- Су іштің бе?

- Иә. 

- Мыныны жастаншы, - деді де қолтығына қысып жүрген жүн шекпенін мұның басына қоя берді.

Екеуі де үнсіз. 

Тағы «шыр» еткен ысқырық... Ағасына қарағанда ірілеу, бойшаң Қабылақат алдымен жетті де кезек алып тұра қалды. Тамақ кезегінде тәртіп сақтауы керек, ал кимелеп алдыға өлерменденер болсаң аңдап тұрған анау сұм солдаттар мылтықтың дүмімен бір ұрып шетке шығарады да аштан қатырады. Мұны бүкіл жұрт біледі, біледі де кезек бұзбауға тырысады. Алайда бұлардың арасында да небір қолын қанға былғаған анау Ошыр сияқты жөйттер бар. Олар елді қабағымен ықсырып қана алдыңғы кезекке шығып алады. Басқаларға қарағанда тамақтың қоюын құйғызып алатын да солар. Ошыр Қабылақаттың қатарына келді де оған ызбарлана қарап тұра қалды. Одан ығып тұрған Қабылақат жоқ, өз асымен қоса Қабылқақтың ыдысына тамақ құйғызып алып шетке шыға берді. Ағасының қасына жеткенше өткен күндердің бір қиғасы лып етіп көңілден көрініс беріп өте шықты.

...Лагерде бұлардың өздерінен жасы үлкендеу бір топ қазақ зиялылары да болды. Алды Кеңес одағындағы Алматы, Ташкент сияқты қалаларда, берісі Бейжин, Үрімжіде білім алып, елге танылған бұл топты ағайынды екеуі өздеріне тым жақын тартып жүрді. Олар да бұл екеуін туыстарындай көретін. Кейбір кештерде олармен ұзақ сонар әңгіме айтысып тарқасатын. Қағаз-қаламмен ғана өмір өткізген олар үшін Тарымдағы күндер тозақпен тең еді. 32-жылы Кеңес одағындағы қуғын-сүргіннен ауа қашып бері өткен, өзінің айтуынша Алматыдан білім алған Сұлтан ақсақал үшін тіпті қиын болды. 

Ауыр еңбектен қолдары ойылып ел қатарлы жүре де берер еді-ау, тек мыныу қолын арам қанмен былғап келген Ошыр бастаған бір топтың қорлығы өтіп-ақ кеткені. Ішектері шұрылдап әрең жетіп енді аузына салмақ болған ас-суларын қағып өтіп төгіп кететін, одан қалды бір тобы жиналып алып мазақ күлкіге айналдырып немесе боқтап ит әурелерін шығаратын. Ал олармен ұрысып-соғысуға ақ саусақ қауым тіпті дәрменсіз еді. 

Кешкі ас-суын қолына алып бараққа кіріп келе жатқан Сұлтанды аңдып отырған Ошыр аяғын көлденең қойып шалып қалды, қолындағы ыдысымен бірге екпетінен құлаған ақсақалды жолдастары сүйеп тұрғызды. Қарнының ашқанына емес қадірінің қашқанына ашынған Сұлтан шал не айтарын білмей ашудан дір-дір етіп тұрды да «малғұн, шошқа» деген сөзге тілі келді. Ананың күткені де осы болса керек «уә, анаңне[1]» деп бір боқтады да жуан жұдырығымен ақсақалды беттен салып өтті. Сөкең тәлтіректеп, көзінің алды қарауытып барып артына құлады. Барақ іші ұлар-шу «ұрың анаңне», «соқа қоңқабай қазақны[2]» деген айғай шыға бастады. Осы кезде Қабылақат ағасы екеуі кешкі астан кейін зиялы топты іздеп бараққа бет алған болатын. Алдыңғы жақтағы у-шудан бір пәленің болғанын біліп жан ұшыра жетті. Барақтың аласа есігінен кіре бере Сұлтан шалдың жағасынан ұстап енді жұдырығын сілтемек болып тұрған Ошырды Қабылақат артынан келіп шынтағымен орай қылқындырып сыртқа сүйреп шықты да анадай жерге лақтырып жіберді. Барақ ішіндегі ел дүрк көтеріліп сыртқа шықты. Екі көзі қанға толған Ошыр ата жауын көргендей бұған ұмтылып алдына келген еді, әр қимылын аңдып тұрған Қабылақат оны кеуде тұсынан бір теуіп шалқалата құлатты. Жатқан жерінде итше тепкілеп қыңсылатып қоюға да болар еді. Қабылақат олай істеген жоқ, ананың тұрып қайта шабуылдауын күтті. Өз күшіне еркін сенген оның ойы Ошырдың мысын басып көптің алдында әбден масқарасын шығару еді. Ел ұлар-шу. «Соқ иттің баласын», «сазайын бер, жендеттің» деген қазақтардың ғана емес Ошырға тісін басып жүрген ұйғырлармен қоса басқа ұлттардың да «соқың локчокны[3]», «да, да сы та[4]», деген ашулы дауыстары  шығып жатты. 

Қайдан алғаны белгісіз Ошырдың қолынды үшкір Хотан кездігі жүр. Жаңа көп у-шудан пайдаланып «достарының» бірі ұстатқан сыңайлы. Кездікті алып өзіне ұмтылған Ошырды Қабылақат аса шапшаңдықпен бір қырына өткізіп жіберді де оң қолымен қабырға астынан орай соққан еді анау сылқ етіп, тыныс ала алмай бозарып, жүрелеп отырды да қалды. Асықпай келіп оның қолындағы кездікті бұрай жұлып алып тамағына тақады. Айналадағы жұрт үнсіз, үлкен бір жазаны күтіп тұр.

- Иттің баласы, осы жерде қаныңды қорқырата шашайын!

- Қой бауырым, мен үшін доңыздың қанымен қолыңды бұлғап не қыласың, – деді бет-аузының қанын әлі жуып үлгірмеген Сұлтан ақсақал – Осы да жетер!

- Жоқ, Сөке, сіздей ұлы қазақ үшін мынаның қанын ішіп өлсем өкінішім жоқ!

Дәл осы сәтте лагер күзетшілері де жүгіріп жетті. Қабылақаттың қолын артына қайыра, Ошырды сүйретіп алып кетті. Ұйлығысып тұрған жұрт дүрк көтеріліп лагер штабының маңайына жиналды. Қазақ, ұйғыр, қытайы бар бірнеше адам штаб бастығымен сөйлесіп, Қабылақаттың кінасыз екенін, бар пәле Ошырдан болғанын айтып жігітті жазадан құтқарып қалды. Ал Ошыр болса үш ай бойы жалғыз адамдық камерада қамалып жатып жақында ғана оралған болатын, жүні жығылып әбден бейшара халге түскен. 

...Ағасымен оңаша барып отырды да астарын іші бастады. Басқалар тамақтарын біреу тартып алардай-ақ апыл-ғұпыл жеп жатыр.

- Асықпай іш, - деді ағасы – тамақ буыныңа түсіп кетеді!

- Білем - деді Қабылақат. 

- Мә, жартысын саған, - деп ағасы қолындағы ыдысын жақындата түсіп еді бұл теріс бұрылып кетті.

- Жетеді, өзің іш!

Асын ішіп болған Қабылақат тағы құмға шалқасынан жата кетті. Түстен кейінгі ауыр еңбек үшін аз да болса көз шырымын алып қуат жинауы керек. 

- Мыныны жастаншы, –  деп ағасы тағы да жүн шекпенін мұның басына қоя берді.

Қабылақат тез ұйықтады. Он немесе он бес минут жатқан шығар... 

«Шыр», «шыр». Тағы ысқырық дауысы. Ағасы екеуі тез тұрып өз орындарына, өз жұмыстарына кетті.

Кешке бараққа жеткен соң тағы сол екі жапырақ нан, қайнаған картоппен жүрегін жалғаған ел өз орындарына жата-жата кетісті. 

- Мыныны жастаншы, –  деп ағасы тағы да жүн шекпенін мұның басына қойды да інісінің жанына қисайды. 

Қабылақат көзін жұмып ұзақ жатты. Ұйықтайын-ақ дейді. Ұйқы келмейді. Теріс қарап бүк түсіп жатқан ағасының ағы көбейіп өсіп кеткен шашына қарап көзі бұлдырап, кеңсірігі ашып теріс аунап түсті. 

Қай-қайдағы есіне түседі...

Е-е-е-е! Бұл Қабылқақ баяғыда қандай жігіт еді. Орта бойлы, балуан тұрқына қызықпайтын қыз-келіншек жоқ еді-ау ауылда! Күйеуі бар қатындар да сыртынан ынтығып жүретін еді ғой, шіркін!

Жеңгесі Қайырниса да ағасына құдай кезіктірген жақсы жар болды. Көп сөзі жоқ, ата-енесі мен екі ұлының  күтімін жасап таңнан кешке дейін тыным таппайтын шаруаның адамы. Әйтеуір елде жоқ жоқ жұмысты тауып алатын да жүретін, тым болмаса қап арқалап, қыр асып тезек теріп кететін пенде баласы...  Қабылқақ болса қай ауылда той, көкпар десе таспа тіліп, өріп отырған қамшысын тастай сала атқа қонып, бірнеше күн үй бетін көрмей кететін серінің өзі. Қалың елдің арасында қоңыр дауысымен күні бойы ән салса да тыңдарманының шеті сөгілмейтін. Маңайынан онымен айтысуды сылтау етіп жүрген ұрғашылар да жетерлік. Ал соған бола ішінен өртеніп, тұз жалап отырған Қайырниса жоқ. Күйеуінің жоқтығын білдірмейтін үнсіз пысықтың өзі.

Айтпақшы,  өзінің жары Үміт екеуінің арасына да осы Қайырниса жеңгетай еді ғой. Өзгеге ноқта-жүгенін бермей жүрген Қабылақатты бір-ақ күнде Ұмітке тұсап берді ғой Қайырниса. 

Ғажап! Түс сияқты!

- Ана қызды көрдің бе?- деді бірде ауыл арасындағы тойда жүргенде Қайырниса.  – Аты – Үміт. Ағамның балдызы. Менің құдашам. Осыдан артық саған ұрғашы табылмайды, бар да сөйлес! – дегені. 

Қабылақат момын жеңгесінен мұндай шорт мінезді күтпеген еді. Барды, танысты, Үміт өзіне қатты ұнады. Қайырнисаға сол кезден бастап өзіне жеңге емес қатарындағы қадірлі дос ретінде құрметпен қарайтын болды. Жыл толар-толмастан бұлар да бас құрады. Қайырниса мен Үміт енді абысын ғана емес, арасы қыл өтпестей құрбы.

Бұлардың әкесі Өмірзақ үш атасынан бері мал соңында қара таяқ сүйреткен момын малшы. Одан бұрынғы бабаларының кім болғанын өзі де білмейді. 

Ал анасы Бибінұр айтады...

Алты жасымда әкем қылтамақтан кетті. «Ерден кетсең де елден кетпейсің» деп шешемді ауылдағы ақсақ моллаға тоқалдыққа бермекке ел болып көндірмекші болған екен, «жас жаным үшін емес, жалғыз қызым үшін» деп нағашы жұртына бір түнде артынып-тартынып тартып кетіпті. Артта қалған дүние-қоңыз күйеуден қалған – қора-қора малға да қарамай кеткен ғой!

«Жиеннің жақсысы нағашыдан» деуші еді ғой. Еркелеп өстім сол ауылда. Жиеннің наласы жаман деді ме, әлде, әкесіздігімді ескерді ме білмеймін, шекемнен ешкім шерткен жоқ, еркін өстім. Бірақ, ессіз болмадым. Нағашы апамнан қыз бала білуге тиіс істің бәрін үйрендім. Бірақ мынау сұқ саусақ сол еркеліктің құрбаны, ­- деп жымқырынан кесілген оң қолындағы сұқ саусағын көрсететін де – асау үйретемін деп жүргенде қыл арқан қиып кеткен – деп одан арғы әңгімесін доғаратын. Қабылақат пен Қабылқақ аналарының саусағы туралы әңгімесін де одан ары қузап көрген емес. 

Ағайынды екеуі әкесі Өмірзақтан гөрі шешесі Бибінұрдан сескенетін. Сескену емес-ау, сыйлау.  Әліпті таяқ деп білмейтін Бибінұр небір оқыдым дейтін кісіні аузына қаратар шешен, адуын әйел еді. Той-томалақта мақалдап, мәтелдеп сөйлегенде ауыл жұрты оның сөзіне еріксіз ұйитын. Момын болса да күйеуі Өмірзақты пайғамбардай сыйлайтын. «Қайтейін, екі ұлымның әкесі ғой» деп.

Ел-жұрт тыныш шақ еді. 66-жылдың күзінде шет жатқан елдің іші абыр-сабыр болды да кетті. Аяқ астынан келген зобалаңнан Қабылақат пен Қабылқақ бір-ақ күнде жалалы құлдың күнін кешкені!

Ағайынды екеуі сұмдық аңкөс еді. Қысы-жазы аң қарап апталап үй бетін көрмей кететін де бірнеше рет аюдың ізін қуалай қызды-қыздымен шекараның арғы бетіне, Қобда жеріне өтіп барып келгені бар. Сол аю қуған сапарларын өздері де жыр қылып айтпады ма ауылға. Содан бірер айдан соң сау етіп жетіп келген сақшы мекемесінің адамдары екеуін байлап-матап аудан түрмесіне апарып қамады. 

Тергеу басталды. «Не мақсатпен өттіңдер моңғұл жеріне, кіммен тіл байланыстыңдар, қандай құпия келісімдерің бар, қандай тапсырма алдыңдар,  қару-жарақты қайда тықтыңдар»... 

Сан түрлі сұрақ. Ұйқысыз күн мен түн. Қинау. Ағайындылар өздеріне тағылған кінәнің бірін де мойнына алған жоқ. Алайда...

Бір айдан соң сот шешімі шықты. 

«Моңғұлияның қытай ішінде жасырынған тыңшылары». Жаза мерзімі  – 20 жыл. Жаза мекені – құлақ естігені болмаса көз көрмеген – құба құмды Тарым лагері.

Амал не? Қанша шырылдағанмен арыздарын естір бір құлақ табылмады ғой! «Ақиқат майысады, сынбайды» деуші еді, олай емес екен. Ақиқат кейде морт сынады екен. 

Секпілтай, Шаңқан, Тұрғын-ай,

Есен бол ел-жұрт құрбым-ай!- деп Сұлубай батыр қош айтқан жерге бұлар да «енді көрісеміз бе» айтып, әке-шеше, туыс-туған, қатын-қалаш, бала-шағаны зар жылатып кетті...

Қабылақат тарам-тарам көз жасын сүртті де, тағы ағасына қарай аунап түсті.

- Қабыш-ау, ұйықтасаңшы!

Қабылқақ ояу екен. 

Қабылақаттың кеңсірігі одан сайын ашып кетті. Бәрін сезіп жатыр ғой ағасы!

Тағы сол бала кезден құлаққа таныс әуен...

Сан жердің дәмін татып, суын іштім,

Білмеймін қайда аларын құдайымның-ай...

Шіңгілдің бойы көк жасаң,

Көреміз елді біз қашан!!!

Қабылақат өз-өзіне ие бола алмай өн-бойы солқ-солқ етеді. Осындай боркемік болар ма?!

«Анам-ау, әкем-ау, Үміт-ау, құлыншағым Еламан-ау... Қайырниса, сағындым ғой сендерді!» деп іштей зарлайды.

Қабылқақ бұған қарап қырыннан аунап түсті.

- Қойсаңшы, Қабыш! Несіне мүжіле бересің!

Ағасының жігері мұқалмаған екен. Ендеше мұның да жігерсіз болуға қақысы жоқ.

Екі тізесін бауырына алған Қабылақат әрең дегенде өксігін басты.

...Он жеті жыл. Еркіндікте жүрген пенде үшін қысқа шығар. Ал Қабылақат пен пен Қабылқақ үшін ғасырға бергісіз жылдар болды. 

Ауылдан еш хабар жоқ. Қабылақат талай рет хат жазды, хабар алмаққа тырысты. Қайырнисаға да, Үмітке де. Жіберген хаттар сыртына «бұл мекенжайда мұндай адам тұрмайды» деген таңба басылып өзіне қайтып келеді. Өздерімен қоса олар да бір пәлеге ұшырады ма әлде... Мүмкін... Қанша ойланса да бұл сырдың түбіне жетпеген.

Айтпақшы, бұлар Тарымға айдалғанда әкесі 73 жаста еді. Бала жастан мал соңында жүрген әкелерінің денсаулығы сол кездің өзінде-ақ сыр бере бастаған. Түнімен «ой, белім-ай, ой, тізем-ай» деп зарлап шығатын. Ендігі тірі болса тоқсанда. Бірақ әкенің тірі жүргеніне үміт аз.  Шешелері  Бибінұр 68 жасқа келгенде бұлармен хош айтысқан. Ендігі 85 те деген сөз. Оның да оңып тұрған денсаулығы шамалы. Екі келінді қолға түсірген соң қолын жылы суға малды деген аты болмаса, нағыз мазасыздың өзі. Тыныш отырды дегеннің өзінде қолына ұршық ұстап жіп иіріп, жүн түтіп отыратын еңбекқор жан. Оның үстіне жастайынан күйеуімен бірге байдың малын бағып жүріп тартпаған азабы аз. Өзінің айтуынша Қабылқақтан бұрын да екі құрсақ көтерген де екеуі де жасқа келмей шетінеп кеткен. Сол үшін де ана жүрегіне үлкен шер байланған. Әйтеуір Құдайдың көзі түзу болды да, осы екі ұл өмірге аман-есен келіп ержетті. Бұған да мың шүкірлік айтатын. 

Шешелері шалының күтімін жасап жүріп өз денсаулығын ұмытқан. Анда-санда аяқ астынан «Алла-ай» деп жүрек тұсын ұстап бір сәт үнсіз, өңі бозарып отырып қалатыны бар. Демек бір-ақ сәтте жатқан жеріңде де үнсіз әкететін ондай аурудан кейін, мың жерден өлімге қимаса да аналарының да жер басып жүргеніне бұлардың күмәні бар.

Ошырмен болған шайқастан кейін Қабылақаттың лагер ортасындағы абыройы бірден биіктей түсті. Әншейінде томаға-тұйық жігіттен мұндай мінезді күтпеген ақ саусақ ағалары оны тіпті ежелгінің батырларындай төрден орын ұсынатын, бірақ үлкенді, ағаны құрметтейтін қазақы әдептен аттамай, оларды сыйлаумен ғана шектелетін. Ал лагердегі басқа қылмыскерлер мұның алдында құрша жорғалайтын. Тіпті лагер бастығы Уаң Имин де мұнымен жылы шыраймен сөйлесетін болды. «Сұлтан ақсақалды жеңілірек жұмысқа қойсаңыз» деген өтінішін де екі етпей орындады. 

Уаң Имин мына қазақтың намысшылдығын ерекше бағалайтын. Өзі де әскер қатарында болып талай шайқаста шыңдалып, полк командирі шеніне дейін көтерілген, біреудің ездігін кешірмейтін тік мінезді адам. Сол мінезінен ұлықтарға жақпай, осы лагерді басқаруға жіберілген. Аты бастық дегені болмаса бұның да қызметінің оңып тұрғаны шамалы, осындағы мыңдаған жазасын өтеушілер сияқты ол да бір байлаулы бұзау.

1983 жылдың күзінде ел жақтан ептеп хабар келе бастады. Алдымен кейбір жазасын өтеушілер елге қайта бастаған. Қабылақат та Уаң Иминнен өзінің Шіңгілдегі туыстарын тауып беруге қол ұшын созуды өтінген. Ол көмектесетінін айтып уәдесін берді.

Жазасын өтеушілердің бұрынғыдай емес, жүріс-тұрыстары еркін. Әсіресе саяси қылмыскерлердің жұмысы жеңілдегендей. 

Уаң Имин шақырды деген соң ағасы екеуі штаб кеңсесіне жүгірді. Жол бойы неше түрлі ойлар келді екеуіне, бір-біріне ештеме айтпай кетіп барады. Ішкі дүниесі астаң-кестең, әркім өз ойымен арпалысып келеді. Алда не хабар күтіп тұрғаны белгісіз.

Лагер бастығы бұларды үнсіз қарсы алды. Алдында үйілген газет-журналмен қатар сырты майланып, өңін жоғалтқан ақсұры дорба жатыр. Уаң Имин олар отырған соң дорбаны көрсетті. 

- Ауылдарыңнан келген сәлемдеме. Хабар-ошарды осыдан білесіңдер!

Қабылақат орнынан тез тұрып келіп дорбаның аузын ашып жатыр, қолы өз еркінен тыс дір-дір етеді. Дорба ішінен құрт, ірімшік пен тағы бір кіші дорбададан талқан білінді, ең түбінен көздерінен он жеті жыл бұрын бұлбұл ұшқан, қызара піскен дөңгелек табаға қарып пісірілген нан шықты. 

Ағасына жалт қараған Қабылақаттың екі көзі буланып барып сора-сора жасқа айналды да оның иығына басына сүйей бере қыстығып барып еңіреп жіберді.

Нанның бетінде терең батырылған, сұқ саусағы кем бір алақанның ізі тұр.

Бұл ананың хаты! Әліпті таяқ деп білмейтін Ананың аялы алақанымен жазылған хат!

Иә,  аналары тірі екен!!!

Ағайынды екеуі бір-бірін құшақтап көз жастарына ерік беріп ұзақ жылады. Қанша жылдан бергі іштегі шерді бір шығарды-ау! 

Лагер бастығы да теріс айналып қолын көзіне апарды. Қайтсін, ол да пенде емес пе?! 

Бірін-бірі қолтықтап бараққа қайтып келе жатқан ағайынды екеуінің көңіл-күйі көтеріңкі. Аяқтарын алшаң басады, бейне баяғы кездегі аң аулап тау-таста, орман арасында жүргендей еркін. Бұл кез құм даланың батысында дөңгеленген нарт қызыл күн ұясына батып бара жатқан шақ еді.

Ал ертең бір жарқын күннің болатына екеуі де нық сенімді еді.

 

1. Ұйғырша «Ой, шешеңнің» деген сөз

2. Ұйғырлардың қазақтарды кемсіту мақсатында айтылатын сөзі

3. Ұйғырша тентек, содыр сотқар

4. Қытайша «Ұр, өлтір оны»

Бөлісу:

Көп оқылғандар