ТАНАКӨЗ - ТОЛҚЫН

Бөлісу:

26.10.2022 4659

Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасымен өзгеше өрнегін салған ақынның бірі Танакөз Толқынқызы. Жастар да, жасамыстар да оның жырын оқығанда ойға қалады. Бастан кешкен сезімдерін қайта еске түсіріп, мұңға батуы да мүмкін. Оның өлеңдері мұң мен сырға толы. Әсерлі әуендей жанға жылы ұшырасады. Ол жайында бұған дейін де айтылды. Бұдан кейін де айталары сөзсіз. Көрнекті ақын Нұрлан Оразалин ол жайында былай депті: «Танакөздің жырларын тыңдап отырған адам еріксіз мұңаяды, еріксіз ойланады. Әлдебір таудың таза бұлағынан қанып ішкендей, қаталап шөлдеп келе жатып тастай мөлдір су таңдайына тигендей болады. Сондай жағдайда отырасыз. Әлдебір ғажайып саздың үні құлағыңызға жеткендей күй кешесіз». Ал ақын Жадыра Байбұланова: «Танакөз поэзиясын алтынкөпірлік, тіпті жаңағасырлық деп екі буынға да жатқызуға болады. Олай дейтін себебім, өлеңдері ішіне ештеңені бүгіп қалмайтын, жан дүниесін түгел ақтаратын сондай бір ашық өлеңдер. Биік өлеңдер. Мен ақындарды сезімнің және білімнің ақындары деп екіге бөлетінмін. Жүрекпен және ақылмен жазатын ақындар. Осы екі қасиеттің тоғысқанын Танакөз Толқынқызы жырларынан көремін. Себебі ол өзінің сезімін де, білімін де өлеңге сала біледі. Аудармалары жоғары деңгейде. Лирикасы қазақ қыздар поэзиясының көшбасында тұрған ақындардың бірі деп атар едім», - дейді.  

 

***

Бір сәтке жер бетінен ақындар басқа ғаламшарға көшіп кетіпті десе адамзат қандай күй кешер еді? Бәлкім, біреулер «олар онсыз да өзге ғаламшарлықтар ғой» дер немесе енді бірі мұңды бір күйге түсер ме еді. Әйтеуір не болса да әр адамның көңілінде түсініксіз сезім орнайтыны анық. Себебі әрбір жанның жүрегінде өлеңге деген сағыныш бар. Мүмкін, ол сағыныш өзіне тым таныс сезімді жырлап жеткізе алған ақынын тапқанда басылар. Әу баста сөз пайда болды деседі. Бәлкім, әу баста өлең өмірге келген шығар?.. Нәресте шыр етіп дүние есігін ашқанда іңгәлап жылағанының өзінде біртүрлі мұңлы әуен сарыны байқалады. «Туғаннан өмірге мұң арқалап келетін неткен тағдыр берілген адамға?» деген ойға қаласың. Оны бізге қарағанда ақындар жақсырақ түсінсе керек. Адам жанының сырларын өмір бойы зерттесең де тауысып біте алмайтындайсың. Өзге түгіл, өз жанын түсінбей өтетін жандар аз емес. Дүниеге не мақсатпен келіп, не үшін өмір сүріп жатқанын білмейтіндер де бар. Бұл тұрғыда, басқаларға қарағанда ақындар бақытты әрі бақытсыз. Бақытты болатын себебі, олар мына өмірдің әрбір сәтін сезіне алады. Бақытсыз болатыны да содан шығар, бәлкім. Біз оларды бақытсыз деп ойлағанымызбен олар сол бақытсыздығының ішінде бақытты болып жүруі мүмкін. Себебі олар мұңды бөтен санамайды. Мұң – олардың жанының нәзік қылын шертетін қобызы. Сол қобыздан шығатын сарын адам жанын емдеп жазады. Бір сәтке болсын қайғысын ұмыттырып, құстай жеңіл самғатады. Сол қобызды шалып жүрген ақынның бірі – Танакөз. Тегіне тартқан ол шынында да толқынның қызы. Оған ақын қаламынан туған жырлары куәлік етеді. 

«Мен ешқашан ұйқас іздеп көрмедім,

Көшірдім тек көңілдің бір өрнегін.

Ішкі ұйқастай жүрегімнің ырғағын

Болған шығар аракідік тергенім.

Ұйқас іздеп әуре болма өлеңнен.

Нағыз өлең биік тұрар өремнен.

Өміріммен ұйқаспайтын біреуді

Ұйқасыма сыйдыра алмай өлем мен», – 

дейді ол. 

Осы жыр жолдарынан Танакөз ақынның жанын түсіне бастайсыз. Оның барлық жыры осындай. Жан әлемін жарып шыққан, теңіздің ернеуінен асып-тасып төгілген толқын сияқты. Ол көңілі қалаған сөзді айтуға дәрменді. Сүйгенін жырлауға қымсынбайды. Жүрегіне бағынып өмір сүреді. Әйтсе де, ақылдан алыстамайды. Сондықтан да оның жырлары жаныңа жылы, санаңа сіңімді. 

Ақын өлеңдерінен арпалысқан сезімдерді жиі ұшыратасыз. Оған тән әлем сізге де бейтаныс еместей. 

«Сүю үшін жаратты Тәңір неге?

Бұл жүрекке жүрмейді әмір неге?

Әр мезеттің кірпігін санап тұрмын

Үнсіздікпен сен мені жәбірлеме...

Жаным күйіп тұрғанда – «Сабыр!» – деме...

Соқпай қалар секілді тамыр неге?

Буындыра берсе егер бұ сағыныш

Тыныш жата алмаспын қабірде де...

...Ұлардай боп шулап жүр тобыр неге?

Ойсыратты бұл сезім... обыр неме...

Тоқтап қалған сағатпен өзің жоқта

Тоқтап қалған секілді өмір кеме...» – 

дейді ақын.  

Ол ішкі сезімдерді батыл ашып жазады. Сондықтан да табиғи. Өлең жолдарынан өмірдің өзін көресіз. Шынайы, сыршыл, сымбатты сөз тіркестеріне еніп кетіп, сол жолдардан өзіңізге тән тағдырды іздеуіңіз мүмкін.

 

***

Тал бесіктен жер бесікке дейін қазақ өлеңмен етене. Қуанышын, қайғысын қара сөзден гөрі қара өлеңмен жеткізгенді жөн көреді. Халықтың жақсылық пен жамандыққа, зұлымдық пен ізгілікке, сұлулық пен сұрқайлыққа деген көзқарасының өзін поэзия тарихынан тауып аласыз. Бүгінге жеткен жыр-дастандарда халықтың батырлық пен елдікке, махаббат пен сүйіспеншілікке деген іңкәр армандары бейнеленіпті. Осының бәрі өміршең өлең болып бүгінге жеткен. Біздің халқымызда өлеңмен айтылған сөздің бәсі биіктеу көрінетіні содан болса керек. 

 

Дүние сырларына суық ақылдан бұрын, сезімтал жүрекпен үңілетіндер үшін өлең мен өмір – егіз. Әйтсе де, поэзияға құштар болғанмен, барлық адам өмірді сентименталды қабылдай алмайды. Бұлай жасау үшін тым батыл болмақ керек. Олай болса, ақындарды батыл адамдар деп айтуға болатын шығар. Әсіресе сезімін бүкпесіз өлеңге ақтара алатын әйел ақындар осы қатардан күмәнсіз табылады. 

***

Лермонтов бір өлеңінде қайғы-қасіретсіз ақын өмірін дауылсыз мұхитқа теңейді: дүниені мазақ етіп, тыныш өмірдің түндігін түр де шын ақындарға ұқсап өмір сүр деген мағынада. Нағыз ақындар атақты сыйға алмайды екен. Жалпы ақын үшін атақ қаншалықты маңызды? Бәлкім, онда тұрған ештеңе де жоқ шығар. Олардың атын халық өзі атаққа айналдырып жіберетін сияқты. Әр адамға ортақ сезімдерді жасырмай айтқандықтан сөйтсе керек. Себебі ақындар адам арасындағы ең шынайылары. Өлеңдері оқығаннан-ақ жатталып, санаңда ұмытылмастай сақталып қалатын шайырлар болады. Солардың алдыңғы қатарында, біздіңше, Танакөз Толқынқызы тұр. Танакөз өлеңдері табиғилығымен тартады: 

«Осылай да адам сағынады екен,

Сағынады екен, Тәңірім!

Жылауға себеп табылады екен

Жүрекке жүрмей әмірің.

 

Мүмкін екен ғой құлай сүюің

Құлай сүюің абайсыз.

Жүректің Сізді бұлай сүюін

Байқамай жүрсіз, қалай Сіз?..». 

 

Бұл жолдар тым таныс, бір кезде естіген, естіп қана қоймай көкейде жатталып қалған өлең. Ал бұны Танакөз ақынның жазғанын кейіннен біліппіз. Ақынның өзінен бұрын өлеңін таныдық. Ол іштегі арпалысты, күрделі сезімді оп-оңай жеткізеді. Өлеңді оқып болғаннан кейін өз сезіміңізді ақтап алғандай күй кешесіз. Ақындар адам жанын тазарту үшін Тәңірдің жіберген сыйы шығар, бәлкім?..

«...Жынданып адам кетеді екен ғой,

Жұтып алғандай жасынды.

Қас қағым бір сәт жетеді екен ғой,

Жоғалту үшін басыңды».     

Кейде ақынның бәрі өмірге махаббат тақырыбын жырлау үшін келгендей көрінеді. Танакөз жырларының да басым көпшілігі нәзік лирика, шынайы сезімге құрылған. Өз ішіндегі күйді батыл жырлап, жеткізе алады. Сондықтан да болар, оның өлеңдері бірден көңілге қонымды, жылы ұшырасады. Ол оқырманды әлдебір қызық тақырыппен алдарқатып ұстап тұруға тырыспайды. Өлеңге ақтарған сырын ғана жайып-салады. 

«Кеудем неге сөйлеп тұр төгіліп күй?

Үздіктірген бұл неткен еңілік күй?

Еркелеймін. Күлемін. Ынтығамын.

Сүйер болсаң, дәл мендей егіліп сүй!» – 

дейді ақын.

Жалпы біз сезім дегенді қалай түсінеміз? Егер байыптап қарасақ, балалық шақтағы таза сезімдер үлкейгенде бірте-бірте азайып, сөніп қалатын сияқты. Тұрмыстың илеуіне түскен соң, махаббат деген ұғым мүлде жат болып, жайына қалады. Бұндай мінез біздің халықтың көбіне ортақ па дейсің. Тіпті балаларының көзінше бір-біріне «сүйемін» деп айта алмайды, оны ұят санап, сезімін тұмшалауға тырысады. Керісінше біріне-бірі әбден көндіккендіктен дөрекі тіл қатады. Ең аяулы адамына осылай жасайды. «Шынайы махаббатқа сенсе бұлай жасамаушы еді ғой» деген ой келеді. Бүгінде біз үшін жауыр болған махаббат дегеннің астарында татулық, адалдық, бақыт пен шаттықтың кілті тұрғандай.

«Иығыңа сүйеп едім басымды,

Бүлік сезім бұрқ етті де басылды...

Тулатпай-ақ қояйықшы жүректі,

Шулатпай-ақ қояйықшы ғасырды!..

 

Тазалықты сенен көріп тосылдым!

Адалдыққа болар едің хас үлгі.

Бар әлемнің сатқындығын кешірдім

Иығыңа сүйеген сәт басымды», 

 дейді. 

Танакөз ақын адам бойындағы нәзік сезімді бейнелі тілмен, кестелі сөзбен шебер жеткізеді. Суретшінің салған туындысы секілді көз алдыңызда көркем көрініс пайда болады. Өлеңде өмір сүріп жатқандай күй кешесіз. Көңілдің кірін тазарту үшін өлеңмен сусындау керек шығар. 

«Некемді мекер мұңмен қидырамын,

Өлеңнен кәттай шарап құйдырамын.

Өмірді өлең түгіл шумағымның

Жалғыз-ақ бір жолына сыйдырамын.

Жанымды селт еткізбес у да мына,

Шағала сағынышым шулады ма?

Бір жолға сыйып кетті бүкіл әлем

Сен ғана сыймай қойдың шумағыма...». 

Тосын теңеулер оқырманды өзіне баурайды. «Шын ақын төрт жол өлеңге бір романды сыйдыра алады» деген сөзді естігенбіз. Романға жүк болар ойды нағыз ақындар бір шумақпен жеткізетін көрінеді. 

*** 

Ақындар өмір бойы іздеумен өтетіндей көрінеді. Нені іздейтіні өздеріне ғана аян болса керек. Сезімтал болғандықтан, басқаларға қарағанда тазалық пен адалдыққа құштар. 

«Сөйлесем сілкінер бір дәуір,

О, несі ішінен тынғаны?

Күтудің салмағы зілмауыр

Еңсемді көтертпей тұрғаны.

Әңгіме тыңдаймын құлықсыз,

Білмеймін дәл қазір нақ кіммін?

Іздеймін біреуді ырықсыз,

Егіліп жылауға шақ тұрмын...».  

Танакөз ақынның поэзиясында жалғыздық ұғымы өзінше өрнектеледі. Жалғыздық – шығармашылық адамдарына ортақ тақырып. Қанша уақыттан бері жырлап келе жатса да бұл тақырып әр заманда қайта жаңарып отырады. Жалғыздыққа әркім әртүрлі көзқараста. Біреу жалғыздықтан қорқуы мүмкін, енді бірі оны бөтен деп қарамайды. 

«Сен кетесің. Кетер бірге жел сөз де!

Жалғыз досым жел қалады ел кезбе...

Сен кетесің. Күндеуші де жоғалар...

Күн қалады тек шуағы ғана бар.

Сен кетесің. Өмір кетер ілесіп.

Өлең қалар өмір үшін күресіп...

Сен кетесің. Мән кетеді тағдырдан

Мән кетеді Желден,

Күннен,

Жаңбырдан...». 

Өлең жолдарында ақын жалғыздығының мәні ашылғандай. Әр күйші домбыраны әртүрлі шерткенде бір әуеннің өзі сан түрлі құбылып құлаққа естіледі. Сол секілді, әр ақын адамзатқа ортақ тақырыпты әртүрлі жырлайды. Танакөз ақынның жырлары мұңды. Ол мұңның өзінен шабыт алатын секілді. 

«Құйып бер, тағы бар ма мұң?

Жарқырай түссін жан нұрлы.

Шайналып өтсін бармағым

Айналып өтем тағдырды.

Ішелік бірге қайғыдан,

Өлтірмей қойса уға сын.

Жарқырап тұрсын ай күнәм

Жел болып жаным шуласын.

Жылыттым, өзім тоңсам да,

Білмеймін, өмір сүрдік пе?

Құлдығы мұңның болсам да,

Құл бола алман тірлікке...».

***

Әр ақынның өлеңдерінен оның мінезі байқалады. Танакөз өлеңдерінде де ақынға тән мінез менмұндалайды. Тағдырға мойымайтын қайсар мінез бен өлеңге оңаша ақтарылатын нәзік болмысты көресіз. Тұла бойына тұнған өлең оның өміріне айналып кеткендей. Өлең мен Танакөз – егіз. 

«Көп болса, бір бұлт жылар маған ғашық,

Көп болса, өлең туар ширатылып.

Мен саған қол созбаймын амандасып,

Жер қылып жігерімді қират ... ... үгіп...

Көп болса, бір найзағай атылады,

Көп болса, өмір менсіз жалғасады.

Азайып жер бетінің ақымағы,

Бір ақын бір ақылмен алмасады.

Жасындай жарқ-жұрқ етер текті өлеңім,

Қолтаңба сұрап бұлттар ерген кезде,

Жәбір мен озбырлықты жек көремін,

Мен саған қол созбаймын көрген кезде». 

***

Қазақ поэзиясында әйел ақын санаулы. Танакөз Толқынқызы сол санаулы қатардан табылады. Ол бүгінде ең көп оқылатын шайырдың бірі. Әсіресе жастар іздеп жүріп оқиды. Танакөз ақынның осындай мәртебеге ие болуының құпиясы неде? Бұған көп жауап ойлап табуға болатын еді. Десе де, бұл жолы бір ғана жауап ойға келіп тұр. Оның шынайылығы. Ішкі сезімін шынайы жайып салғаны үшін де оқырман оны сүйеді. Әр өлеңін оқыған соң көкейде «шынында да, солай ғой» деген ой туады. Оның жырлары жасанды сезімдер мен жалған сөздерден, жалаң тіркестерден ада екені қуантады. Өлеңге сусаған адам Танакөз деген теңізге барып сусындап қайтсын. Оның толқындары жаныңызға жақсылық сыйлайды. Ойыңызды тұнық етіп, көңіліңізге дем береді. 

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар