Абайдың «Қара сөзі» норвег тілінде сөйледі

Бөлісу:

18.11.2022 1828

Бүгін Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Норвегиялық ғалым, Ослодағы бейбітшілікті зерттеу институтының (Prio) профессоры, Абай Құнанбайұлы «Қара сөздерінің» норвег тіліндегі аудармасының редакторы Осхильд Кюлос қатысқан дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды. 

Аталмыш кездесуге Мемлекет және Қоғам қайраткерлері мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты. Айталық, дипломат, филология ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ахметов Әділ Құрманжанұлы, белгілі ғалым, абайтанушы Асан Омаров, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстан-Ресей университеті жанындағы «Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Мұхамедқалиқызы Алмахан, ақын, Қазақстан Республикасының білім беру құрметті қызметкері Баянғали Ғалымжанұлы, жазушы, ғалым, журналист Жәди Шәкенұлы қатарлы ұлт зиялылары мен академиялық кітапхананың оқырмандары, қызыметкерлері қатысты. Қонақтарға сұрақтар қойылып, еркін пікір алмасулар өтті. 

Осхильд Кюлос, философ ретінде ғана емес, сонымен бірге этносаясатқа, конфликтология мен егемендікке, қауіпсіздік пен басқару технологиясы сынды бірнеше саланы қамтыған маман иесі. Сонымен қатар Осхильд Кюлос «Sirkel Forlag» баспасының бас редакторы болып қызымет атқарады. 

Абай Құнанбайұлының «Қара сөздері» норвег тіліне тұңғыш рет аударылып жарық көріп отыр. Норвег тілінде шыққан бұл кітапқа Хакім Абайдың өмір жолы толық қамтылып берілген. 

Ғалым Осхильд Кюлостың пайымынша Абай ұлттық деңгейден әлде қайда жоғары көтерілген, тұтас адамзатқа ортақ ойшыл. Ғалымның пайымынша Абайдың «Қара сөздері» әлеуметтік сыншылдығымен қатар экзистенциялды мәселелерді терең қаузауымен еуропалық оқырмандарды өзіне баурай алады. Дала ойшылының тағылымы, биік парасаты батыс жұрты үшін қашан да тың дүние болмақ.  

Баспагер Осхильд Кюлос өз сөзінде кітаптың норвег тіліне аударылу барысы мен жеке кітап ретінде баспадан шығару жауапкершілігі туралы жан-жақты ойларын ортаға салды. Абайдың терең философиялық ойларын аудару тым қиынға соққанын, алдағы уақытта қазақ ғалымдарымен бірлесе отырып бұл кітаптың сапасын тағы да жетілдіре түсу жоспары бар екенін айтты.

Қазақ халқының ұлы перзенті, данышпан ойшылы Абай Құнанбайұлының шығармаларын норвег тілінде сөйлеткен аудармашыға, баспагер Осхильд Кюлос ханымға шын жүректен алғыс білдіреміз. Қазақ-норвег халқының рухани, мәдени қарым-қатынасы нығая түссін деп тілейміз. 

Бөлісу:

Көп оқылғандар