Бақытжол Кәкеш. Алтын қазық

Бөлісу:

22.12.2022 3165

Атажұртқа көшкен ауыл туралы әңгіме

Саржайлаудың салқын қоңыр самалы мен саумал ауасы адам жанын рахатқа бөлейді. Алтай тауының жасыл шұға жамылған құйқалы қойнауларын, бетегелі белдерін, бұлақтары бұлқынып аққан сай-саласын мекен ететін қазақ ауылдары биылғы жылы да ақбоз үйлерін қаз-қатар қондырып, жайлаудың сәнін келтіріп отыр. Сол қатарда Күмісбай ақсақалдың ауылы да Шіңгіл өзенінің жүйрік басындағы сонысы басылмаған төр жайлаудың қақ төріне келіп алшайып қонған. 

Бүгін Көкең ерте қозғалып торы төбелін белдеуге байлатқан. Енді міне күміс ерін күн көзіне сұқтандырып сыртқа шығарып,  аттанбаққа қам жасап жүр.  Жетпісті желкелеген қарттың қимыл-қозғалысы оның әлі де ширақ, тың екенін аңғартып тұр. Көкең ат арқасына қарақұйрық терісінен жасалған терлікті апара беріп, бөгеліп қалды. Осыдан үш күн бұрын немересі Медет торы төбелді алаөкпе қылып зорықтырып, терлетіп әкеліп, суытпай отқа жіберіп арқасын ісіндіріп тастаған еді. Сол есіне түсіп ат арқасын анықтап сипалап көрді. Ісігі қайтып жазылып қалған секілді. Дегенмен, сол қағынған жерге ер тисе жалақ жауырға айналып кетуі де кәдік. Бірақ, дәл қазір ауыстырып міне қоятын аты болмаған соң, оқталып қойған жүрістен бас тартпады. Тәуекел деп тор төбелге ер салды. Көкең бұл сапарында Ортакөлдің бойында отырған Кітапбайдың келін түсіру тойына бара жатқан. Сол тойдың көп думанының бірі құнан бәйгеге Көкең де үміт артқан бір құнанын баптап, кеше Медеттен жетектетіп жіберген. Ондағысы құнаны алыс жолдан шаршамай, бір күн бұрын барып, тынығып, тыныс алсын дегені. 

Көкең торының жол жорғасын тайпалтып үй жанындағы белегірге көтерілді. Шағын тау өзенінің арғы бетінде, Жәндашайдың бәйбішесі Ағзай ақ шылаушын күнге жарқыратып, өреге құрт жайып жүр. Үй іргесінен өтіп жатқан сайдың таспаланған ат жолымен Жәкеңнің өзі жаяулатып төмен құлдап барады. Бұл кісінің атқа аяқ артпай, жақын-төңіректегі шаруаға жаяу жүріп кететін қанға сіңді әдеті бар. Сонысына қарай алпысты алқымдаса да жүрісі ширақ, аяғын елпек басады. Өзі құралайды көзге атқан мерген, аңкөс адам. Аңға шыққанда аяғының астындағы шағыл тастардан шашау шығармай, секемшіл аңның өзін қапы қалдырып, үстінен түсетін. Сол Жәкең қазір жаяу желдіртіп бара жатып арасында тезек терген адамдай қайта-қайта еңкейіп, бүгежектеп келеді. Ауылының осы тіршілігін көзбен шолып келе жатқан Көкең, кісіге қылдай қиянаты жоқ, момақан, біртоға мінезді көршісінің мына әрекетін көріп риза көңілмен: «Ой, жарықтығым-ай! Жақсылығыңнан айналайын! Жолаушының аяғын тас қақпасын деп, жолдың тасын аршып, сауап жинап жүр екенсің ғой!» - деп өз-өзіне күбірлеп сөйледі. Ал Қабдылдың үйінің тұсына келгенде өзеншенің мойны қылтиған малта тастарын санап басып, арғы бетке өтіп бара жатқан,  осы үйдің жігіті Бөкенді көрді. Беліне көлденең қыстырған қос сабауы бар. Оны, «Шерияздың үйі бүгін күзем алып, жүн сабап жатыр деген, соған асарлатып бара жатырсың-ау» - деп ойлады Көкең. 

Ақсақал енді ауылдан алыстап, тау етегіне ілініп, Дүргінге асатын қабырға  жолға түсіп, тор төбелдің басын өрге салды. Алдындағы биік асуға жету үшін таудың өрге қарай, аттама қорымды қиын жолымен бір сағат шамасында жүрмек. Осылай тор төбел тұяқ қадап өрге өрмелегенде Көкеңнің көңіліне көлеңке түсті. Жолдың өр-ылдиындағы ырғақта ісінген ат арқасы жауыр болама деп алаңдай қалды. Осыған себеп болған немересінің алаңғасар, ұқыпсыз ісіне кейіс білдірді.  «Осы неме бала кезінде-ақ мазасыз, ағаш басына шыққан  тентек  еді-ау!» деп ойлады. Содан Медеттің бала күндегі бір қылығы есіне түсіп езуіне күлкі үйірілді...

Ол тұста Медет 6 жастағы ойын баласы болатын. Жайлауда балалар доптың орнына сойылған сиырдың қуығын үрлеп  теуіп ойнайтын. Сондай ойынның бірінде Медет добымен шелектегі сүтті қағып төгіп кетеді. Сонда әжесі: «Өй, тұқымың көбейгір жынды! Сөз тыңдамасаң өлейін мен...» деп ұрса жөнеледі. Ешкім бетін қақпай ерке-шолжаң өскен Медет одан сайын өршеленіп: «Өлсең өле бер, қуығыңды үрлеп, доп қылып тебемін», - деп қасқайып тұра берген. Мұны естіген далада ошақ басында құрт қайнатып отырған шешесі: «Ойбай, мына жетесіз қутүйнек не айтып тұр, аузыңды отқа қарып тастайын» -деп қолына темір көсеуді алып тұра қуған. Өзінің бұл сөзінің шешесін қатты ашуландырғанын көріп, мұндайда паналап, бел көретін әжесінің кең-мол құшағына еніп, бауырына тығылады. Сонда жаратылысынан сабырлы, мінезі жұмсақ әжесі араға түсіп: «Әй, келін, ашуыңды бас! мен өлгенде ешкімге керегім болмас деп жүрсем, мынаған доп болуға жарайды екемін»- деп кесек денесін селкілдетіп кеңік-кеңік күлген. Медеттің бұл сөзі тіптен ел арасына тарап, қазір де құрдастары бетіне басатын көрінеді...

Бұдан соң Көкеңнің ой ұшығы одан сайын алыстап өзінің бозбала шағына қарай ойысты. Иә, ол заманда әке байлығы мынау таудың сай-саласына сыймай жататын. Қара жердің белін майыстырған сол мол байлықтың бір жұрнағы бүгінге жетсе де көкең шалқып өмір сүрер еді. Қазіргідей ат арқасын уайым етіп, жалғыз атты жаз жайламас еді ғой. Бірақ, Көкең сол атадәулетті ұмытқалы қашан, қазіргі күні жасы ұлғайған сайын оның аңсайтын, сағынатын дүниесі мүлде басқа болып бара жатыр. Ол осы күні өзінің өткен өмірін, жастық дәуренінің естеліктерін көп есіне алады. Ал оны есіне түсіретін куәгері туып өскен мекені. Сол туған даласының тауы мен тасы, ой мен қыры оның көксеген, аңсаған сағынышын басып, көңілін марқайтатын. Мынау таулар туысқаны, жақын жұрағаты секілді көзге ыстық сезілетін. Мың жыл тұрсада өзгермейтін сол таулар жеті атасынан санасына құйылып жатталып, бар болмысын бойына дарытқан. Бала күнінен құтты қойнауында өскен осы таудың әрбір тасын танып, санап,  жатқан орнын жатқа айтатындай қанық. Бұл өмірінде енді бір таудың тасын дәл бұлай көңіліне түйе алмасы анық... 

Көкең осылай өткен күннің сағынышына шомып, туған өлкесінің құшағында баладай әлдиленіп, мейірі қанбай айналасына көзін суарып, мерейі тасып, тор төбелін өрге алқындырып, Құдабай кезеңіне де тұяқ іліктірді. Кезеңге шыққанда Көндей жайлауы табан астында қалғандай сезілді. Қарсы беттегі қалың қарағай арасынан ақ қаптал болып көрініп жатқан ашық алаңқай да көзіне оттай басылды. Бала күнінде осы тік беттен Көкең талай тас домалатып ойнаған. Бұл баланың ойыны етекте жүрген адамға да, малға да қатер. Бірақ, оны ойын баласы қаперіне ала бермейді. Ал анау сай тағанында жатқан дөңкелек былқылдақ сазда топ бала секіріп, жүгіріп ойнайтын. Оның үстінен жүгіргенде аяқ асты ойлып түсердей былқылдап, үй орнындай аумақ тұтас қозғалып, теңіз толқынындай шеңбектеліп ширшық ататын. Ал қозы-лақ қайырған күндері тіптен бөлек. Бір белегірдің астында немесе әлдебір ұры жылғаларда қайырмақталған қозы-лақтарды, «айда, жібер» деген айғайдан соң, енесіне қарай жамыратқан кездегі жас төлдердің шұбырып жүгірген «бәйгесі» қандай қызық десеңші... 

Қария кезеңде тұрып Көндейдің төрт төңірегін де түгел шолды. Батысында Мұқырсала, Өгізөлген жайлауларының қырат -жондары мұнартып көзге шалынады. Көндейдің басы Бітеудің қара шоқысын жастана жантайған. Ал аяқ жағындағы шатқал аузында Аралшоқы көлденеңдеп көсіліп жатыр. Шығысында Дүргін дарасы, Шыбаркөл, Ортакөл жайлаулары бар. Одан әрі Моңғолдың мұз басқан Үшсеңгір тауының ақбас жотасы менмұндалайды. 

Көкең туған даласына осылай мейірлене көз тастап, кезеңнің ескек желіне сергіп, желпініп алып ылдиға қарай ойысты. Осы кезде соңынан тасырлатып жеткен бір топ атты кісілердің дүбірі естілді. Алдыңғы жақтан да сай-жылғаның әр тұсынан қара жолға түсіп, қосылып жатқан атты адамдардың қарасы молая түскен. Барлығының да Ортакөлге бара жатқан тойшылар екені анық...

***

Тас балқытар шілденің шіліңгір ыстығы жер апшысын қуырып тұр. Ақөзен ауылын мекен еткен ойдағы ел күннің ыстық алауына әбден пісіп, бой үйретіп алған. Сондықтан мұндағы жұрт күн көзіне қақтала жүріп, күнделікті көп шаруасын тындырып, күйбең тіршілігін тоқтатпайды. 

Төрт төңіргін тау қоршаған Ақөзеннің жалпақ жазығының дәл ортасында, қазақ ауылдарынан оқшау Тақыртам аталатын қытай ауылы қоныстанған. Ал қазақ ауылдары ылғида тау бөктерлеп, етектей жайғасатын.  Бүгін сол Тақыртамда тұратын Жаң Мау шалдың талтүстегі мызғап алатын ұйқысы қашып, еріксіз көшеге шыққан. Осы кезде көшенің енді бір басынан көк шолағын тепеңдеп сиыршы Бәкір қалбаң етіп төбе көрсетті. Оны көргенде Жаң әкесін көргендей қуанып қалды. Бәкеңнің бұл жүрісі ауыл шетіндегі жалпақ қарасаздың бел ортасына сиырларын жусатып салып, түскі асын ішуге келе жатқан беті болатын. Құлағы есектің құлағындай салпиып кеткен сиыршының көк шолақ аты да әбден қажыған, шаршаған. Мынау ыстық  шыбынды жазда әр сиырдың соңынан бір түсіп қуалап жүру оңай дейсіз бе?!  Көк шолақтың екі бүйірін ақ жүн етіп тепеңдеп жүретін Бәкеңнің де күйі мәз емес. Десе де тумысынан шаруаға көмпіс, көнтері Бәкең соншада иінін түсіріп, жүнжіп жүрмейтін.  Оның Көпшілік ортада есе бермей, есіп сөйлеп, ескеуілдеп кететін мінезі бар.  Бәкеңнің бұл мінездерін Жаң шал жақсы біледі. Енді сол сырына қанық ауылдасы қасынан жанап өте бергенде, өзгеше ілтипат танытып:

- Амансыңба тамыр! Аз аял жасап, атыңның басын бұра кет. Айтар шаруам бар, - деп өтініш етіп, жол шетіндегі ағаш  көлеңкесіне қарай жүрді. Ұзақ жыл қазақтың ортасында өскен Жаңның қазақшасы Бәкеңнің қытайшасынан көш ілгері болатын. Сондықтан Бәкең де қазақша амандық сұрасып, Жаңның сөзін жерге тастамай, аттан түсті.

- Ал тамыр айта бер. Қандай бұйымтайың бар, - деп бірден сауал тастап, езуіне қыстырған махоркасын жерге атып: – Әлгі жұмсақ сарыкөт темекіңнен берші, - деп қолын созды. Жаң қалтасынан қымбат маркалы сигаратын шығарып бәкеңе ұсынып жатып:

- Асықпай сөйлесейік тамыр. Көп шаруа жоқ. Тек бір іске байланысты өзің секілді көзқарақты адамнан кеңес сұрайын деп едім, - деп Бәкеңді көтермелей сөйлеп, сығырайған қиық көзімен сынай қарады. Бұл сөзге Бәкең қапелімде аңтарыла аңқиып қалды. Елу деген ердің жасына жетіп кемеліне келген осы күніне дейін бала-шағасынан басқа алдына ақыл сұрап келген кісі баласын көрмепті.  Сондықтан сенер-сенбесін  білмей, сәл аңтарылып барып, қазақтай қылжақбас балдыз-жезделігі жоқ Жаңның өзіне шын ісі түсіп тұрғанына көзі жетіп: - Өй, тамыр-ай! Жұмбақтамай айтсаңшы турасын. Бәкеңнің ақылы жететін шаруа болса, аянып қалмас, - деп ішек-қарнын ақтара салды.   

 Ескеуілдеп кететін алақұйын мінезінің бабын тапсаң, баладай аңқылдап қалатын Бәкеңді ширықтырып, өзіне ықыласын аударып алған соң Жаң шал әңгімесін бастап кетті. 

- Жә, тамыр құлағыңды түріп, сөзімді жақсылап тыңда. Өзің білесің менің туған ауылым ішкі Қытайдың теңіз жағалауында қалды. Содан ауып  Алтайға бозбала шағымда келдім. Қырық жылдан бері қазақтардың арасында өсіп-өндім. Сондықтан да қазақтың тілі мен мәдениетін, дәстүрін бір кісідей білем деп жүруші едім. Енді міне мен білмейтін бір іс алдымнан сопаң етіп шығып, сенің кеңесіңе жүгінейін деп отырмын, - деп ол тарыққан адамның кейпін танытты. Шашы селдір жалтыр төбесін алқанымен сипалап, ендігі сөзді қай тұстан бастарын білмей, сәл бөгеліп қалды. Бәкең болса Жаңның алыстан орағытып  айтқан, ойқастаған ойының байбына бара алмай сандалып отыр. Деседе өзіне керекті сөздің қазір айтылатынын сезіп қағілез шәкірт баладай алға қарай итіне түсті.

- Мен бір түс көріп жүрмін. Содан ұйқым қашып, мазам болмай жүр..., - деп әңгімесін бастай бергені сол еді, Бәкеңнің қарқылдаған күлкісі оның сөзін бөліп жіберді.

- Ойпырмай ә! Сен бір маңызды  шаруа айтама десем, қысыр сөзді сапырып келесің ғой. Қазақ ондай түсті күнде көреді. Содан «түс түлкінің боғы» деп жүре береді, - деп Бәкең қызбаланып сөзге килікті. Жаң шал оның бұл қылығын  ұнатпай, қызарақтап:

- Сіз алдымен мені толық тыңдап алыңыз. Менікі күнде көріп жүрген  жай түс емес. Қазақтың түсті жақсылыққа жоритын ырымын білмейсіз бе? - деп Бәкеңді кінәлап сөйледі. 

- Иә, қазақтар түс жориды. Түстің түрі көп ғой. Әулиелер, бақ қонған қасиетті адамдар көретін, елдің болашағын болжайтын аян түстерде болады, -деп Жаңның алдында өзінің жеңіл сөйлеп алғанына қынжылып, алдыңғы сөзін жуып-шайып, түстің маңызын көтеріп,  бұл жайында білетіні молдығын аңғартты. Жаң қайта жайдарлана сөйлеп:

- Бәсе, солай болу керек. Мен сізді түсімді жорып, кеңес айтуға біліп таңдағамын. Ал енді көрген түсімді баян етейін. Түсімде өзіміздің мынау ауылдан оқшау жатқан Ботамойын аталатын қара шоқының түбіндегі Күмісбайдың ескі қыстауы жақта жүр екемін. Содан іргесіндегі қара таудың бір жылғасынан көк ат мінген қазақтың шалы жер-көкті сілкіндіріп шауып шығып, маған қамшы үйіріп, зәремді ұшырды. Кейде тіптен ат бауырына салып айдап үйіме дейін қуып тастайды. Содан бері түнде мазам болмай ұйқым қашатын болды. Осы түсті жақсылыққа жорып бер. Сол қорқыныштан  арылатын жолды көрсет, - деп өтінген кейіппен, Бәкеңді әулиедей көріп, аузына қарады. Бәкеңнің мұны естігенде шоқша сақалы шошаң етіп шошып кетті. 

- Ойбай-ау, ол зәуде болса Күмісбай ақсақалдың әкесі Қозанбай шығар. Жарықтық арғы атасынан дүмді, бақ қонған, текті адам болған. Сен шал қазақтың аруағын күңірентіп, шамырқандыратындай не бүлдіріп жүрсің осы?! - деп Бәкең өгіз көзін одан сайын алартып, шақшиа қалды. Жаң Бәкеңнің онсызда қанталап жүретін қызыл көзінің шатынай қалған сұғынан қорқып, абдырап, өзін ақтай сөйледі:

- Мен ештеңе бүлдірмедім. Ол өмірімде көрмеген адамым. Ал өлген аруаққа қайдан қиянат жасай аламын. Ақылыңа салып ойласаңшы тамыр-ау! Мен де осы істің байыбына бар алмаған соң алдыңа келіп, ақыл сұрап отырғамын жоқ па. Ал сен болсаң маған адам өлтірген жауыздай көріп шаптығасың, - деп өзінің еш кінәсіз, шарасыз күйін көрсетті. Иіні жұмсақ Бәкең бұл сөзге «құдайшылығын айтты» деп буыны босап, жуасып қалды.

- Ә, солай демейсің бе. Қазаққа аруақты айтсаң арқасы қозады. Ал, аруақты қорлап, құрметтемеудің жазасы тірі қазақты өлтіргеннен ауыр. Сенің түсіңе кіріп жүрген адамның кім екенін білесің бе өзі?

- Жоқ, білмеймін. Күмісбай ақсақалдың өзін жақсы танимын ғой, - деді күмілжіп. 

- Ендеше сол Күмісбайдың әкесі Қозанбай бақ қонып, ырыс дарыған атақты бай адам болған. Мынау қазіргі Өр Алтай ауданындағы төрт түлік малдың тең жартысы сол Қозекеңнің малының тұқымы. Ол бай ғана емес ел ағасы болып билік ұстаған. Сонымен бірге атымтай жомарт, қолы ашық Қозекеңді халқы қадір тұтып, құрметтеген. Өкіншке орай ана бір зобалаң жылдары мал-мүлкі тәркіленіп, өзі түрмеге қамалды. Кейін  сол жақта ауырып қайтыс болды. Ал сондай қасиетті адам сенің түсіңе кіруі тегін емес. Мен білсем сен оның  жатқан топырағын басып кеттің немесе тірісінде қолданған бір затын дәретсіз ұстап киесіне жолықтың. Қасиетті адам емес пе, содан аруағы шамырқанады, - деп Бәкең өз жорамалын айтты. Бұлай болғанда Жаң шалдың көргені  жай түс болмады. Өзі ойлағаннан салмағы ауырлап барады. 

- Аруақ жатқан жердің топырағын басатындай менде қандай батылдық болсын. Қытайлар далада жүріп жолда кезіккен зиратқа түней салатын қазақ емес ғой. Біздер күндіздің өзінде зираттың маңайынан жүргеннен қорқамыз. Ал енді қолына ұстаған бір затын байқамай ұстап немесе аяғыммен басып кетсем кеткен шығармын. Өзің білесің жас күнімде ескі-құсқы заттар мен темір-терсек жинап күнімді көргем. Ол жұмысты жас ұлғайған соң тастасам да, анда-мұнда ауыл арасын кезіп кететін әдетімді қоя алмадым. Биыл жаз басында сол ескі қыстауға барғаным шын еді. аяғы осылай болды. Енді мынау аруақтың наласынан құтылу үшін не істейін? Соны айтшы. Сұрайтын кеңесім осы, - деді Жаң Мау. Бәкең бұған көп ойланып жатпады: 

- Ендеше аруақтарға бағыштап молдаға құран оқытамыз.  Бірақ сен айтты екен деп біздің молдалар құран оқи қоймайды, - деп Жаңның жанын қинап өзінше тығырыққа тіреді.

- Ойбай-ау, Бәке! Сөзімді өткізетіндей мен қай молдамен дос болып жүр дейсің. Сол молдаларың бізді көрсе тыжырына қалатынын талай көріп жүрмін. Сондықтан үмітті өзіңе артып отырмын, - деп бар салмақты Бәкеңе қарай аударып қойды. 

Бәкең де дәл осындай жалынышпен өтінген шын қолқаны күткен.  Өзін төбедей көріп көмек сұрап келген қытайдың алдында биіктей бергісі келген. Әкесі өлгенде жаттаған 1-2 сүренің жүлгесін әлі ұмытпаған. Сондықтан осы шаруға бола молданың үйін жағалағысы да келіп отырған жоқ. Тіптен, молдалар қытайдың өтінішімен жүргенін білсе есігінен де сығалатпасы анық. «Осы қытай қолқаламай-ақ, өзімнің де аруақты кісіге құран оқитын жөнім бар емес пе!» деп те ойлады. Сонымен Бәкең аруақтар дәмететін қасиетті жұма күнді белгілеп, Қозекеңнің басына барып құран бағыштап қайтуға келісті. Жаң шал да өзін азаптан құтқаратын қасиетті жоралғыны көзімен көргісі келіп, ере баратын болды...

Әсілінде, Жаңды құрдай жорғалатып Бәкеңнің алдына әкелген оқиғаның бас-аяғы бұл ғана емес еді. Жаң болған оқиғаның бетін қалқып қана айтқан. Сол үшін сөзіне күмән келтіріп, қазбалап сұрамайтын сенгіш, тілалғыш Бәкеңді де көп қазақтың арасынан текедей таңдап алған. 

Осыдан бір ай бұрын Жаң шал қашанғы дағдысымен ауыл аралап темір-терсек жинауға шыққан. Сол жолы осы Күмісбай ақсақалдың жазды күні иен қалатын қыстаулығына жолы түскен. Ондағысы  Ақсақалдың ойда отыратын баласы Еркінбектің өтінішімен, ескі қыстаудың маңайындағы керексіз етіп тастаған металл сынықтарын алып қайтпақ болған. Жаң барғанда шашылған темір-терсектер жинақталып дайын тұрған. Шал үйілген ескі металлдың топанын көріп көңілі толмай «жігітім мынауың аз ғой» деп олқысынады. «Әй, шал! бары осы екен. Азырқансаң төңіректі тағы бір шолып шық. Бұл қыстауда шашылған темір-терсек көп» -деп Еркінбек өзінің асығып жүргенін айтып,  сатқан металлының аздаған тиын-тебенін қалтаға басып тайып тұрған. Жаң шал Еркінбек кеткен соң аумағы дардай қыстаудың ескілі-жаңалы үйлері мен қора-қопсысын армансыз-ақ аралаған. Біраз «олжада» тауып көңілі тоғайған. Десе де дүниеге пенденің көзі тойған ба?!  Бұлың-пұшпағы мол қыстаудың әр бұрышына тұмсық тығып тіміскілей берген. 

Үстіп жүріп қабырғасы опырылып, іргесі мүжілген ескі қораның алдындағы тот басқан темір қазыққа көзі түседі. Көп уақыттан бері ешкім пайдаланбағаны көрініп тұр. Тіптен атамзаманнан қағылып, қайтып суырылмаған секілді. Бар күшін салып, ырғап қанша тартсада қазықты орнынан қозғай алмады. Әйтсе де Жаңның бұған меселі қайта қойған жоқ. Осы уақытқа дейін жер басып өмір сүру үшін, тағдырымен тайталасып күресіп үйренген шал көз құрты түскен қазықтан бас тартпады. Ерінбей көлігінен күрегі мен қайласын алып, қазықтың түбін аршып, қаза бастайды. Осылайша қатты жердің сірескен тоңын аударып, арпалысып жүріп қазықты суырып алғанда таңғажайып дүниеге куә болады. Қысқасы бұл жай қазық емес, «Алтын қазық» болып шығады. Соның түбінде жасырылған мол қазынаның төбесінен түседі. Шалдың аспаннан жауғандай мұнша байлыққа кенеле қалғанына өзі де сенбей, «өңім бе әлде, түсім бе?» деп есі шығып қуанады. Өзін асатынан жарылқай салған құдайына құлдық ұрады. Содан ес жиып, тауып алған қазынасын ел көзіне түсірмей үйіне жеткізеді. Ары қарай  ұлымен ақыл қосып, аз уақыттың ішінде ішкі қытайдан аларман тауып, қолындағы  қазынасын бір жолда сатып, ақшаға қарық болып қалады. 

Бірақ осыдан кейін Жаң шалдың тыныш өмірінің шырқы бұзылады. Сол қазына көз алдына жарық етіп алғаш ұшыраған сәттен бастап көңіліне қуанышпен бірге, әлде бір үрей де орнап қалған болатын. Сол үрей күн өткен сайын асқынып, мазалауын күшейте берді. Осы уақытқа дейін өз риздығын тек еңбек істеп, тер төгіп тауып, сонда да иіні жарып тон кимеген қарапайым шаруа адамы  шылқыған байлықты бойына сіңіре алмай шошынады. Қорыққаны ол ғана емес, біреудің мүлкін ұрлап, тонап алғандай күй кешті. Өзі риасыз сенетін құдай жолына да сыйдыра алмай ары мазалады. Осындай ойлар санасын сансыратып жүріп соңы қорқынышты түске ұласты. Әйтсе де көңіл түкпірінде, «құдайдың маған берген сыйы, көлденеңнен тауып алған өз несібем» деген жұбанышы басым. Тек сол түсіне кіре беретін «қазақтың қара шалының» ашуын  өз дәстүрімен тарқатып жіберіп, сытылып кетсем деген аңқау дәмесі бар. Міне осылай алқымдаған ауыр ой  Жаң шалды Бәкеңнің құзырына еріксіз жүгіндірген болатын...

Бәкең бәтуаласқан күні Жаңмен ауыл сыртындағы  қазақ зиратына апаратын соқпақ жолда түйісті.  Екеу ара аман-сәлемнен өзге сөз болмады. Жаңның көзіне Бәкеңнің жүзі сынық, көңілі пәс көрінді. Айбындап, одыраңдап жүретін оның бұлайша жасып, жүні жығылып қалғанына басында таңданып қалды. Артынша, «Дұрыс-ау! Үлкен аруақтарға жоралғы жасап бара жатқанда осылай сабырлы қалыпқа түскені жөн шығар»- деп топшылады. 

Жаң танып-аңғарғандай Бәкеңнің қазіргі күйі расында да мәз емес еді. Бүгін тіптен үйінен «барма ба? бармаймын ба?» деп екіұдай күйге түскен. «Осы мені жын ұрғаннан сау ма! Діні басқа қытайды арқалы аруақтардың басына апарып, сол үшін тілек тілегенім қай сасқаным. Жосынға сыймайтын томпақ ісім үшін аруақтардың наласына қалып жүрмейін», - деп жүрегі шайлыққан. Бірақ мақтанышпен, лепіріп отырып берген уәдеден жалтарып кете алмады. Тағы да сол тәуекеліне салып, ерлгіне басып неде болса ойға алған істі орындауға бел буған. 

Бәкең қырдағы төрт құлақ бейттердің төбесі көрініп, межелі тұсқа жақындаған кезде артына бұрылып, Жаң шалға тіл қатты:

- Сіз осы жерде қалыңыз. Арқарай өзім барам, - деді. 

Жаң бейттің қасына жақын барып, жоралғыны көзімен көргісі келгенімен дәті бармады. Бейттің өзінен де, сонда жатқан көп аруақтың  рухынан да қорықты. Бәкеңді көзімен ұзатып шоқиып отырып қалды.

Бәкеңнің бұл ескі бейтке соқпағанына да біраз жылдың жүзі болған. Енді байқаса бейіттердің қарасы молайып кеткен екен. Содан Қозекеңнің қай тұсқа жамбасы тигенін де есіне түсіре алмады. Онсыз да аруақты кісінің бейтінің ішіне бас сұғуға жүрексініп тұрған. «Аятты осы арадан-ақ бағыштай берейін»- деп бекіді. Содан бұрылып артына алақ-жұлақ етіп көз тастады. Қытай шал әудем жерде бұны бағып, қарақшыдай қалбиып тұр екен. «Мына шал мойнын созып неге өңмеңдейді ей! Менің қирағатымды түзейін деп тұр ма?!» - деп, өзінің көзден тасалап, аруақтардан жасырып кеткен дүниесі ашылып қалғандай қымсынып, жақатпай қалды.   Осыдан соң Бәкең көп аялдамай, тізе бүгіп құран оқуға кірісті. Молдалардың махаммен, үнін мұрынға салып, «фатиха» мен «ықылас» сүрелерін тілі келгенше, үні жеткенше үш қайырып оқыды. Соңында Қозекеңмен бірге өзінің осы зираттарда жатқан екі атасының да аттарын атап, рухына бағыштап бет сипады. Әрине, ерсілеу болсада сол дұға-тілектердің арасына: «Жаң жақсы, жуас адам. Оқияттан бір қасиетті затыңызға қолы тиіп кеткен екен. Сізден сол үшін кешірім сұрап, құран бағыштайды» -деген қытай шалдың да, аруақтардан кешірім сұраған өтініш-тілегін, мінезіндегі өрлікке басып қосып жіберді...

****

Қара тауды қапталдап, түйеқорым тастардың арасынан қиалай түскен қабырға жолмен екі атты адам ілбіп келеді. Екеудің бірі жас, бірі жасамыс. Оларды жұрттан бөгенайын бөлектеп, көзге сөлекет көрсетіп тұрған, сол жасамыстың атқа отырысы. Ол жол өрге тартса ат құйрығынан сыпырылып түсердей аттың жалын құшып жабыса қалады. Ал ылдиға түссе шалқайып, ердің артқы қасына жармасады. Осылайша ат үстінде өбектеп, ауыру адамдай сандалып келеді. Бұл сырлы жолаушылар  жайлаудағы Күмісбай ақсақалдың ауылына бара жатқан Жаң шалдың өзі болатын. Өткендегі  Бәкеңнің оқыған құраны аруақтарға дұрыс жетпеген бе, жоқ әлде аруақтар Жаңның тілегін қабыл көрмеген бе, әйтеу көңіл түкпіріндегі белгісіз мазасыздық басылмай, қорқыныш сезім иектей берген. Содан не болсада сары уайымнан бір жола арылып, тауып алған қазынаның ақы иесінің ықыласын алуға бекінген. 

Енді міне сол сапардың жол азабын тартып, қиналып келеді. Ол аттылы қазақтардың жайлаудан ойдағы елге күнде шұбырып, келіп-кетіп жататынын көретін. Өзін де солардың қатарына қойып, «Барып келе салайын. Иек астындағы жер ғой» деп долбарлаған. Анығында ойдан төр жайлауға дейін асықпаған жүргінші ара қонып, асыққаны күнбе-күн жетіп алатын.  Ал Жаң сол жолдың жартысынан көбін машинамен басып, Сынтаста отыратын жақын танысы Садақтың үйіне келіп түскен. Содан кейінгі жолда пейілі кең Сәкең тамыры қолқасын орындап, астына ат мінгізіп, қасына баласын қосып берген.  Жаң мүлде атқа отырып көрмеген қытай да емес еді. Ойдағы елдің көнтақым болып қажыған қой торыларының талайын жайдақ жерде тақымына басқан. Соны өзі осы сапарында медеу көретін. Бірақ мынау құз-қияны шиырлаған таудың жолы оның ойлағанындай болмады. Жүрегін шайлықтырып тастады. 

Солай десек те, тісқақты Жаң шал ат үстінде қанша шайқалып есі шықса да, жанының сірілігіне басып, жолдың жайдақ, жазық тұсына келгенде ат үстінде жайланып отырып, айналасын шолып келеді. Өзі бұрын-соңды көрмеген жайлаудың тұмса табиғатының сұлулығына тәнті болып, көзін суарып, тамсанып, таң қалады. Содан кейін ол осы сұлу да, сырлы байтақ даланы, сол далада желден жүйрік жылқы мініп, сай-саласын мекен етіп, қойнау-қатпарын кезіп жүретін қазақ деген халық туралы ой жүгіртіп, қиял кешті... 

Осыдан  біраз жыл бұрын бұл да өзінің туған ауылына сапарлап қайтқан. Әсілінде, түпкі ойы қалған ғұмырын, қарттық шағын ата қонысында, туған топырағында аунап өткізбек ниетте болған. Бірақ, сол туған өлкесінде аз күн тұрғанда-ақ бұл ойынан айныған. Сондағы құжынаған көп халыққа ауа да жетіспейтін көрінеді. Жаңның көкірегі қысылып, тұншығып, қалың шудан миы ашыған. Құмырсқаша сапырылысқан сол жұрттың не ішіп, не жейтініне, қандай тірлікпен күнін көріп жатқанына ақылы жетпей есеңгіреген. Ал өзінің сондағы ішкен суы, жеген асы бойына қонбай жүдеп қалған. Сол аз күнде қырық жыл өмір сүрген Алтайдың қадір-қасиетін анық түсінген. Тұнық суын, таза ауасын, дәмін татып, құнығып алған қазы-қарта, құрт-майын аңсаған. Осылайша өз туған даласынан жерініп қайтқан. Сонда ол «Мен Алтайдың төл баласы болдым! Бар болмысым осы даламен үндесіп өзгерген екен» деп түйген. Енді ойласа онысы жаңсақ пікір болып шықты. Алтайдың бұл білмейтін сыры, аяқ баспаған даласы көп екен. Тіптен сол  даланың нағыз төл тумалары қазақ деген халықты да танып, түсініп жетпепті. Мына даланы қазақтай сүйіп,  бауыр басып тіршілік етпепті. Осы ат үсті сапарына бұған көзі анық жетті. Жол бойы ары-бері өткен жүргіншінің талайына ұшырасты. Сонда байқағаны жайлаудағы өмір сүріп жатқан қазақтардың көп істері бұған таңсық сезілді. Көргені өңкей бір мәрт көңілді, рухты, ат үстінде ауыздықпен алысып арындаған қазақтар. Ойдағы елде жүргенде оны қалай аңғармағанына қайран қалды. Жаңа ғана Аршатының басындағы тік жалама беттен қашаған қуған жігіттің жұлдыздай ағып түскенін көріп, «өлетін болды» деп зәресі ұшқан. Оның қасында өзінің ер үстінде тақым қысып отырмын деп күпінуі күлкілі-ақ. Ал тағы бір көргені жолдағы кезіккен қазақтың барлығы сәлемдесіп, жөн сұраспай кетпейді. Тіптен бұлардан қиыс өтіп бара жатқанының өзі айналып соғып, бұрылып келіп ұшырасып кетеді. Олар келген бойда мінген атыңа, өзіңе үңіліп,   өткір көздерімен шаншыла қарағанда мысың басылып, жасқаншақтап қаласың. Сөйлесе қалсаң сөзіңді бағып, сені сынап, барлап, сұңғыла саналарымен таразылап, тамырыңды ұстауға тырысады. Жаң шал осыларды көріп, ой талқысына салып жауабын таба алмағаннан соң қасындағы бала сергіне сауал тастады:

- Ау, Төлен, осы жолдағы жүргіншінің барлығы неге бізге айналып соға береді? Қылмыс ашатын сақшылардай  жөн сұрасуы да бір түрлі оғаш көрінді, - деді.

- Олардың көбі мал іздеген жоқшылар. Сондықтан кездескен адамынан жоғына сұрау салып, хабар шашады. Ал біз секілді жай жүргінші, жолаушының өзі де жол бойы ұшырасқан бейсауат малды көрсе түстей жүреді. Сұраушысы кезігіп жатса көрген-баққанын айтып жөн сілтеп жібереді, -деді  Садақтың еті тірі, сөзге жүйрік баласы Төлен.

- Сонда қалай?..  Жол бойы талай малды көрдік, соның барлығын еске сақтап, белгісін санаға түйіп алу қиын ғой. Түйе, жылқы, сиыр секілді бір-бірінен аумайтын малды қалай түстеп ажыратуға болады, - деді Жаң шын таңданып, сене алмай.

Жас жігіт қытай шалдың бұлай таңдануын ерсі көрді. «Мына шал өмірін босқа өткізіпті- ау» деп түңілді. Содан марсиған бала көңілмен қытай шалға қазақтың өмір салтындағы, күнделікті тіршілігінің жай сауатын жіпке тізгендей етіп, жіңішкелікпен түсіндіруге көшті.

- Қазақтар малдың түр-түсін, ен-таңбасын және дене бітіміндегі ерекше бір нышанын бөгенайлап белгі етеді. Әр малдың арнайы салынған ен-таңбасынан бөлек, оның түр-түсі де сіз айтқандай бір-біріне ұқсай бермейді. Ал осы белгілерінен басқа да бейнелеп айтатын атау түрлері малдың бойынан өзі-ақ көзге «менмұндалап» шалынады. Мысалы, айғыр жал, сымпыс құйрық, шолақ құйрық, шағыр көз, пұшық танау, шұнақ құлақ, сынық мүйіз деген секілді кейіп-кеспір, кемістігімен қоса күйлі-күйсіздігін де белгі етеді. Әуел десеңіз сол тұрған малдың жайылысына қарап барар бағытын айырып, бағдарын болжайды. Кейде адамдар шөп басын жұлмай, әлде бір жаққа аялсыз, үдіре тартып бара жатқан мал көрсе, «мынау жер көксеген мал екен» деп, осы жүрсін мөлшерлеп сұраушысы кезіксе, қазір қай межеге жеткенін айтып береді,- деді.

Жас ұстаздың даланың өмір салты туралы айтқан бұл сабағы қарт шәкірттің кепкен, жат санасына қона қоймады. Бірақ шындық екеніне иланды. 

- Сен бала, мұның бәрін қайдан білесің? - деді Жаң басқа сөз таппағандай. 

Бала шамырқанды. «Мені мынау ақымақ көреме» деп ойлады. Десе де үлкен адамға құрметін жоғалтпай, әдептілік танытты. 

- Мен әлі жаспын, көп істің қыр-сырын біле бермеймін. Менің сізге баян еткенім күнделікті тіршілік ісі. Біздің ауылдың үлкендері табиғаттың әралуан құбылыстарына қарап, келер жылдың аурайын болжап қояды. Білетіні көп деп сол адамдарды айтса болады, - деді бала жігіт одан ары әңгімеге көңілі шаппаған сыңай танытып.

Баланың өзіне көңілі толмай, сөзінен жалыға бастағанын Жаң да сезді. 

- Жігітім, менің жасым үлкен болса да мына далада өзіңмен қатар қойма. Екеуіміз екі халықтың баласымыз, тіршілігіміз де бөлек. Біздің халықтың жер тырмалаған дихан ауылының көп шалы, сол өмірінде көрші ауылға да жолы түспей, егістік пен үйінің арасында жүріп бір ғұмырын өткізеді. Солар 2-3 шақырым аумақта, не көріп, не аңғарады дейсің. Ал екеуіміз бүгіннің өзін де қаншама жол басып, жер танып, қаншама адаммен кездестік, - деп өзін ақтап, баланы жақтап сөйлеген кейіп танытты. Десе де Жаңның қазақ деген халықты танығаннан бері ойына түйгені де осы болатын. Тек, өз халқының да бұлар біле бермейтін мойны озық мәдениеті бар екенін балаға түсіндіріп дауласқысы келмеді...

***

Мал өрістен қайтқан кешкі қарбалас шақ. Көндейдің басқы дарасында отырған 20 шақты түтіннің еңкейген кәрісінен, ойын баласына дейін сыртта жүр. Ауыл маңы малға толып, айнала азан-қазан, айқай-ұйқайға ұласып тіршілік қайнаған кез. Солардан оқшау бір топ, ауыл ақсақалдары іргедегі қырат-төбелерге көтеріліп, бірден-екіден жиналып, бас біріктірген. Олар абыр-сабыр ауыл тіршілігіне сүйіне қарап, сырттай бағып, бақылап отыр. Үлкендер өзара ел жаңалығын, мал-жанның амандығын, жердің шөбін, малдың күйін сөз етеді.

Көндейдің осы кәрі-жасы кешкі уақытта қанша қарбалас жүрсе де батыс қапталдағы Сарыбелдің қасқа жолына көз қырын салып, қарауылдап, бағып жүретін әдеті бар. Үйткені осы намаздыгер мезгіл кез-келген қоналқыға жетіп жығыламын деген жүргіншінің ауылға құлайтын шағы. Жалпы Көндейге келетін екі жол асу бар. Бірі, іргелес жайлаудағы ауыл арасының жоқшы, жүргіншілері келетін шығыстағы Құдабай кезеңі де, екіншісі осы Сарыбел. Ал Сарыбелдің қасқа жолының мұндағы елге қадірі бөлек болатыны, бұл жолмен көбінесе сыйлы қонақтар,  қалашылар, базаршылар келетін, ел көңілін еріксіз елеңдететін үмітті  жол болғандығы. Бұл жолмен келген сағынсқан туыстардың қауышуы бір ғанибет болса, қоржыны тоқ қалашылар өрік-мейіз,  тәтті кәмпит, жаңа киімдер әкеліп қатын-қалаш, бала-шағаны қарық қылып, қуантып тастайтын. Елеңдеудің сыры бұл ғана да емес. Мұндағы жұрт тау түкпірінен алшақ сыртқы әлемнің жаңалығын да осы қасқа жолмен келетін жүргіншінің аузынан естіп отыруға дағдыланған.

Айта берсек, сол сары белден асып келетін Көндейдегі елдің қонағының түрі көп. Түр-түсін танымайтын, «құдай қонақпын» деп төріңе шығып, бір малыңа бата жасап кететін көлденең көк аттыны айтпағанда, сыйлы қонақтардың алды  Еуропадан, Түркиядан келетін.  Олар осы өңірлерден баяғы бір зобалаң жылдарда босып кеткен туысқандар. Заман оңалғанда араға 30-40 жыл салып қайта айналып, туған жерін көксеп, ажырап қалған біртуғандарына қауышып, мауқын басуға асыққандар. Солардың арасында салмағымен сары белдің жотасын майыстырған, алты алашқа мәшһүр Халифа Алтай секілді мәртебелі қонақтарда кездесетін. Ал тағы бір Көндейді бетке алып, соқпақ жолда соқтыртып келе жатқан кісіге жолығып, жөн сұраса қалсаңыз, құмалақшы Қабдылдың, темірді қамырша илейтін ұста Өрдебайдың, сынықшы Нұрғалымның, ағашшы  Нұғайдың, қисашы Жүкеннің, күйші Көлібайдың, аңшы Жәндашайдың үйлерін «нұсқап жіберші» деп өтініш айтар еді. 

Қазірде осындай қонақтардың қайсысы екені белгісіз, Көндейге асатын Сарыбелге салбырап тұрған кешкі күннің алауына малынып, көлеңкесі сорайған екі атты жолаушы бел үстіне қалбаң етіп шыға келді. Сол сәтте ақ көптің көзі мен назары солай ауа берді. «Бұлар кім болды екен?», «Қайсы ауылға ат басын бұрар екен?» деген елеңдеген жұрттың сұрақтары да қойылып үлгірді. Егер қарап тұрған адам бел асқан жолаушылар Көндейдің басына қарай, өрге қырқалай тартса Нұғай мен Жүкен ауылының қонақтары болар деп, ал ылдиға қарай қапталдай жөнелсе Қабдыл мен Жәндашай үйінің біріне түседі деп бал ашар еді. Мына қонақтар ол екі тарапқа бет бұрмай, белді таспадай тіліп, құлдилап келеді. 

Жолаушылардың нобайы белдің бел ортасына келген тұстан бастап айқындала түсті. Жұрт жолаушының астындағы атын түстеп, үстіндегі адамның сырт тұлғасын барлай бастады. Содан «Әй, анау торы атты адамның атқа отырысы жайсыздау. Ауырған адам секілді», «Жоқ, қаланың тақымы бос қазағының бір шығар», «Еуропалық қазақтар болмасын» деген секілді долбар соқты.  Үйткені анабір жылы Көндейге Германиядан Көлібай ақсақалдың 40 жыл кездеспеген туған інісі Қатпа келген. Сонда ұрт тілді Көкең інісінің атқа отырысын жаратпай: «Әй, сен неміс болып кеткен немесің бе? Қытайлар секілді қопаңдамай, ерге тақымыңды жабыстырып отыр» деп ұрсып тастаған. Аталарының сырына қанық келіндері: «Еуропалық қонақтан ұят болды ау!» деп беттерін шымшыған. Ал немістен келген қонаққа бұл сөз майдай жағып: «Көкем-ау! Ағатайым-ай! Бала күнгі мінезіңді есіме түсірдің ғой» - деп көңілі толқыған. Жұрт соны еске алып күлісті...

Осылай елдің сабырын тауысқан жолаушылар көп өтпей етекке түсті. Жолындағы Шерияз бен Қамбелдің үйін соқпай, жылғадағы шағын өзеннен  өтіп, Күмісбай ақсақалдың ақбоз үйіне ат тұмсығын тіреді. Бұл тұста үй іргесіндегі беткейде жалғыз отырған Көкең белгісіз қонақтардың өз үйіне түскенін көріп, үйге беттеген. Келе жатып қонақтың бірінің аттан түскен соң жерге аяқ тіреп, аттап баса алмай омалып отыра кеткенін көріп тіксініп қалған.  Енді таяп келіп танып, бұның Тақыртамдық Жаң Мау екенін көргенде, өз көзіне өзі сенбей, таң-тамаша болды да қалды. Бұл Көкеңнің осы жасқа келгенше Көндейге аяғы жеткен қытайды алғаш көруі еді. Тіптен оны өз үйінің алдынан кезіктіріп отыр. 

Жаң қасына тақап келіп қалған Күмісбай ақсақалды көріп, орнынан сиыршылап көтеріліп, қалбалақтап қол ұсынды. Жаңның Сәлемін алып жатып Көкең:

- Ойпырм-ай, Жаң Мау сен бе едің?! Бүкіл қытайдан озып, мынау Көндейге аяғың қалай жетті? Өзің ауырып қалған жоқсың ба? Күйің қалай?! – деді таңғалдырған қонағына әзіл-шыны аралас сұрау тастап. Осы кезде Жаңның жас сергі сөзге араласып:

- Иә, ақсақал бұл кісіні жол соғып шаршап қалыпты, - деді.

- Жын соққандай сандалып, аттан ауып, сұлауына қарап ауырып қалдыма десем. Жол соқса оңалар, - деді Көкең мысқылдай күліп. 

Осылай аман-сәлем жасасып тұрғанда ерекше қонақтың сырын білуге асыққан маңайдағы көрші-қолаңның біраз еркектері де жиналып қалған еді. Енді солардың барлығы бірге, Көкеңнің алты қанат боз үйіне бас сұқты. Қонақты төрге оздырып, қаумалай жайғасқан үйдегі отырыстың әңгіме тиегі бірден ағытылып кетпеді. Жұрт бірін-бірі бағып, сөздің қай тұстан өріліп шығатынын күтіп, томсырайысып бөгеле берді. Ондағысы  қонақ қытайдың құлақ күйін таппай дағдарған түрлері еді. Бұл тығырықтан сөзін баптап отырмайтын, аңғалсоқ Қабдыл шалдың қазақтың дағдыланған жөн сұрасуына көшуі құтқарды. Сөздің көші түзеліп көпшілік қайта қауқылдаса бастады. Алдымен ойдағы елдің тіршілік жайы, бидай мен шаппалық шөптің шығымы, ойдағы жауын-шашын сөз болды. Содан әңгіменің тағы бір шынтақ айналымына келгенде, көптің көңілін күпті еткен Жаңның сапарының жайы сұралды. Бұған қазақы мінезге сыралғы Жаң сырғытпа жауап беріп құтылды. 

- Мынау төменгі Сынтастағы отырған елге қосқан 4-5 бас сиырым бар еді, соның күйін біле кетейін деп келгем. Содан таудың бел ортасына келген соң, төржайлауды да көрейін дедім. Оның үстіне Күмісбай ақсақалда аздаған бұйымтайым да бар еді.., - деп сөз бұйдасын ұстатпай, шиырға салып тоқтады. Қытайдың бұл жортақ жүрісінің мәнін бұдан ары ешкім қазбалап сұрай алмады. Жаң дала жосыны бойынша қонақ бұйымтайын үй иесіне аттанып кеткенше, орайы келген сәтте айтатынын білетін...

Көндейдің тағы бір шуақты таңы атты. Күмісбай ақсақалдың белдеуіне кешегі қонақ аттары қайта байланып жатыр. Бұл қонақтардың бүгін ауылдарына қайтатынының белгісі. Таңсәріден бері кешегі ауыл үстін басқан қалың мал өріске беттеп, қатпарлы таудың қойны-қоншын аралап, сай-саласын сағалап жым-жылас болып сіңіп кеткен. Осыдан кейін ауыл маңы серпіліп, дабырсыз, жайма-шуақ тыныштыққа көшкен. 

Көкең мен Жаң оңашаланып, үй маңындағы  бетегелі беткейге шығып жайғасты. Кеше түнде Жаң шал: «Ақсақал, рұқсат болса ертерек демалайын. Жол соғып, діңкем құрып келдім. Бұйымтайымды ертең өзіңізге баян ете жатармын» деп өтінген. Көкең болса қытай шалдың сырын ішке бүге бергенін ұнатпаса да, «әй, осы не айтар дейсің? Сиырымды малыңа қосайын, бағып бер демекші ғой. Ол қолқасын кезінде көрерміз» деп ойлағанда  қойған. Енді міне Көндейдің тәмам жұртын дүрліктіріп, дүдәмәл күйге түсірген Жаңның сапарының жайы белгілі болмақ. 

- Ал, Жаң Мау, кешеден бері бұқпантайлап, бой жасырып жұрттың санасын сарсаң еткенің жетер. Енді қояңды бір ақтарып, көсілші,- деп Көкең лекіте күлгенде, бәкене бойлы, ашаң жүзді Жаңның көзі жапақтап, именшектеп, бүрісе түсті. Оның бұл ұсқынына таңдана қараған Көкең:

- Ой, саған не болған? Кібіртіктемей, бұйымтайың болса айтсаңшы, - деді даусын қатайтып. Бұған Жаңның жүзі қызарақтап, ыржалақтап күлген болып:

- Ақсақал ау, айтар сөзімді қалай бастарымды білмей отырғам жоқ па. Бұйымтайымның сізге түсер салмағы бар. Қалай қабылдап, қандай байлам жасарыңызды білмедім. Тек алакөңіл, бөтен ойым жоқ. сізге арылып айтар сырым бар, соны тыңдаңыз, - деп әңгімесін бастап кетті. Содан «қиуадан шауып» олжалап алған қазынасының бар құпясын ақтарып, баян етті.  Сол құнды жәдігерлерді үйге ұзақ сақтауға қорыққандарын,  ақырында балаларының кеңесімен тым асығыс сатылып кеткенін де айтты. Жаң осылай абдырап жүріп опық жеген де көрінеді. Кейін естісе, алыпсатар қулар жәдігерлерді бұлардан арзанға алып, Гонконгтің  базарында аукционға шығарып, құнын еселеп сатып, ауыл аңқауларын оңдырмай сан соқтырған екен... Шал осылай айлар бойы дайындаған сөзінің жігін бұзбай, барынша майдалап, жұмсақтап сөйлеп жеткізді. Сөзінің соңында әділдік жасағанын айтып, өз-өзін ақтады:

- Мен қарақшылық та, ұрлық та жасамадым. Құдай өзі несібеме бұйыртып тауып алдым. Оны жасырып, сіңіріп кетсем де ешкім білмейтін еді. Қазірге дейін заңның да маған тағар айып-дәлелі жоқ. Бірақ өзім адамгершілік танытып,  құдайдың да, адамның да алдында арым таза болсын деп, ағымнан жарылып отырмын. Шындап келгенде атадан қалған қазынаның түпкі иесі өзіңіз. Сондықтан ақшаны сізбен бөлісейін деп шештім, - деді Жаң иығынан ауыр жүк түскендей терең тыныстап.

Бағанадан Жаң шал осы әңгімелерді айтып отырып, қайта-қайта жіпсік көзін жыпылықтатып Күмісбай ақсақалдың кескін-келбетін күзетіп, баға берген. Оқиғаның түп төркіні белгілі болып, әкеден қалған аманат жәдігердің қолды болғаны айтылғанда,  Күмісбай ақсақалдың ақсары өңі қуқыл тартып, қабағы кіржиіп,  шаралы көздері шытынап, ұшқын атқан. Ішкі жан-дүниесінде алай-дүлей дауыл соққан. Өзегіне түскен өкініш пе,  нала-мұң ба, белгісіз бір күш булықтырып, кейіген, алабұртқан күй кешкен. Ал Жаң болса Күмісбай ақсақалдың бұлай ширыққан түрінен тіксініп, шошыған. Содан осы алпамсадай алып шал төбесінен төніп келіп, ақырып айбат шегетіндей, кеудесіне міне түсетіндей мінез күткен. Бірақ ақсақал жуан салалы саусақтарымен өз тізесін өзі қарбыта мытып, басы салбырап отыра берді... 

Күмісбай ақсақал Жаң шалдың айтар дәті түгеп, сөзі сарқылған сәтте:

- Асқар тауым, абзалым, айбарым-ай! Жақыннан бері неге түсіме жиі кіре береді деп ойлаушы едім!.. Жарықтығым-ай! - деп толқыған көңілмен, «Уһ» деп көкірегін кере ауа жұтты.  Осыдан кейін де қапсағай денесі теңселіп, ауыр ойдан серпіліп, сейіле алмай тағы біраз үнсіз қалды. Жаң бұл сөзді естіп  қасиетті, текті аруақтың әулиелігін тағы мойындай түсті. Ол ақсақалға өзінің де түс көріп, содан қорыққанын, мазасы кеткенін айтпай, іркіп қалған болатын. 

Көп өтпей ақсақал еңсесін тіктеп, сансыраған санасын сергітіп, ақылға келіп, Жаң шалға салмақты тіл қатты:

- Әй, Жаң Мау! өзің би, өзің қожа болып, бәрін тындырып, жайғап келіп отыр екенсің ғой. Енді несін менің алдымнан өткен болып, мандырап, маймүңкелейсің. Мен саған байлығымды тонап, ырысымды шайқап, жалмап кетті деп кінә тағып отырғам да жоқ. Ол атадәулеттің ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткеніне 50 жыл болған жоқ па. Оған өкінбейтін, қызғанбайтын болып үйрендік. Сенің «олжаңа» түскен дүние оның қасында неге тұрады. Менің өкситінім әкеден қалған сол сарқытты көріп қалсам, байлық етпей, қадірлеп, жәдігер етіп сақтасам деген арман еді. Сенің Алтайға аяғың жетпеген уақытта, көзіңді қызартқан осы алтындар ат тұяғымен аршылып, сай-саласында шашылып жататын. Ол тұста әр қазақтың қоржыны тоқ еді. Содан бір кезде бай мен кедей тең болсын деген үкімет шығып, кедейді байға теңей алмай, байды кедейге теңеп, жеңіл жол тапқан. Менің әкем сол сойқанның құрбаны болған. Бүгін әкенің қапыда айта алмай кеткен аманатын, ақтық сөзін, соңғы қазынасын, қасиетті сарқытын, сен «көзден бұлбұл ұшырып», қолыма да сипатпай, құр сөзбен жеткізіп отырсың. Бұлай өзектегі өкініштің отын үрлегенің әділдікке жата ма, білмедім. Сол аманат осылай жат қолда талапайға түспей-ақ, туған жердің кіндігінде көміліп қала бергені дұрыс болар еді...», - деп ұзақ сөйлеп шер толғады. Осылай екеуінің арасындағы әңгіме тағы біразға созылып барып тынды... 

Сиыр түске тақаған уақытта кешегі Көндей жұртын елеңдеткен екі қонақ сарыбелден кері асып, жым-жылас қарасын батырды. Кеше қатты титықтап, болдырған Жаң шал жайлаудағы бір түнгі ұйқымен-ақ қунап, тыңайып, ширап алғанына өзі де таңырқады. Қазір ат үстінде мерейі өсіп,  көңілденіп, қытайдың ескі бір әуенін  ыңылдап айтып келеді.  Астындағы торы ат елеңдеп құлағын қайшылайды!.. 

Қонақтарын аттандырған соң Күмісбай ақсақал да атына мініп Көндейді құлдай жөнелген. Кетерінде кемпіріне үзеңгілес серігі, сырлас қарты Қасеннің үйіне баратынын айтқан. Күндіз осы мезгіл ауылдағы еркектер ат үстінде жүрген де, қолы бос әйелдер бір-біріне жағалай қыдырысып шай ішетін. Кешегі қауқылдасқан көп еркек сырын аша алмаған қонақтың жайы, бүгінгі осы әйелдер шүйіркелескен шайда да айтылып, сұрау салынды. Бірақ дабырайған дақпырт сөз тарамаған. Әдетте Көндейге келген-кеткеннің бар жаңалығы  тез жария болып, жылдам тарайтын. Бұл жолы Көкең көпке дейін өз шаңырағынан шашау сөз шығармады. Тек арада біраз уақыт өткенен соң барып, сыр тартқан ауылдың ересек балаларына, ақсақалдың 6 жастағы немересі: «Атамның жасырған алтынын қытай шал тауып алыпты» - деп айтып салды. Осы бала сөзі біраз құпияның сырын ашқандай болды. Содан ел елең етіп: «Иә, Қозанбайдың   жасырып кеткен алтыны бар деп жүруші еді, рас болды», «Ұрпақтары сол көмбені көп іздеп, таба алмаған еді...», - деп  сан-саққа жорып, әңгімені желдей естірді.

Түнеу күні Қонақтар кеткен соң Күмісбай ақсақалдың келіні Күлзия Жаң шал шай ішкен кесе мен қасықты қайта-қайта жуып, күлмен аластап, ысқылап әлекке түскен. Бірақ сонда да «Жаңның ыдысы» аталып, үйдегі ыдыс-аяққа қосылмай, көз түрткі бола берген соң, оны  далаға лақтырған. Тіптен, содан кейін де балалар көпке дейін, «Жаңның кесесіне ұқсайды екен» деп қиғылық салатын әдет тапқан...

****

Күмісбай ақсақал ауыл іргесіндегі Ботамойын аталатын мойнақтың қыр желкесіне шығып, жалпақ сандық тастың үстінде төңірегін көзбен шолып, ой кешіп отыр. Көптен күткен бір қонағы бүгін ауылына келмек. Соған дейін өзімен-өзі болып оңашада ой толғамақ. 

Ақсақал биыл жаз өмірінде тұңғыш рет жайлауға шықпай қалды. Тіптен алдағы күндерінде де дәм айдап, сол жайлауды көрер-көрмесі неғайбыл болып тұр. Биылғы жазда бұйырса атажұртқа, Қазақстан еліне қоныс аудармақ ниетте еді. Туған жерден шалғай кету, дағдыланған өмір жолын басқа арнаға салу, қартты көп ойландырып, толғандырған, көңілін алаң еткен іс болды.

Осыдан біраз жыл бұрын ақсақалдың немересі Бекмұрат Қазақстанға оқуға кеткен. Сол Бекмұрат соңғы жылдары әкесіне хат жазып, «елге көшіп келіңдер» дейтін көрінеді. Онсыз да Қазақстан десе елеңдеп, бүйрегін бұрып тұратын Әділбекті баласының қолқасы тіптен ынталандырып тастаған еді. Содан ол Күмісбай ақсақалға келіп: «Маған Қазақстанға барғанда арқа сүйеп, ес болатын сіздей асқар тау әкені кім береді. Жалғыз үй болмай, бірнеше ауыл болып бірге көшейік. Сіз қозғалсаңыз басқа балаларыңыз да артыңыздан ереді», - деп өтініш айтқан. Осы сөзден соң Күмісбай ақсақалдың санасында ырғасқан тартыс туған. Сонда ең алдымен көңілін айнытып, толқытқан ой, туған жерге, өскен елге деген сағыныш, қимастық, аңсау жан дүниесін құрсаулап, күйзелткен.

«Адамның қадірлеп, жақсы көретін мекені - бақытты болған жері. Ал балалық шақ адамның ең бақытты кезі емес пе?! Менің сол балалық дәуренім өткен жер ғой бұл. Мынау туған дала төсінде сойқақтап, бадырайып жатқан, жетпіс жыл шиырлаған іздерімді қалай өшіріп кетем?! Енді бұл мекеннен ажырасам өмірімнің барлық естелік, елестері көз алдымнан жоғалып, өмір сүрмегендей ауада қалқып, саудырап қалғандай күй кешетін шығармын. Алтайдың кеуде керіп құшырлана жұтатын керім ауасын, талай шөлімді қандырған тас бұлақтарын, арқаланып, айбар көретін қара тауларын қайтып қиып тастап кетемін. Ал мынау бауыр басып, туып-өскен елімнен, қадірлеп, қошеметтеп, алқап жүретін ағайын-туыс, құда-жекжатымнан ажырап кеткенде, күйім, жағдайым не болмақ. Қазір осы жерден бір адамға жолыға қалсаң, санаңда оның өзінің адамдық болмыс ғана емес, әкесін, ата-бабасын, тұқым-тұяғына дейін танып-біліп отырасың. Оны жатырқап, жатсынбайсың, жүрегіңе жылылық,  көңіліңе тынштық сыйлайды. Айта берсең сондай еселене беретін қасірет көп-ақ! Жеті атамның кіндік қаны тамған туған жердің топырағы, сол аталарымның асыл сүйектері жатқан мынау төрт құлақ бейіттер де ертең көзден тасаланса ауыр-ауыр сағыншқа айналары сөзсіз. Тіптен, мен кетсем сол ата-баба рухына арнап, қабірінің басына барып кім құран оқиды. Ол да болса құлазған көңілге медеу болатын, қасиетті парыз ісім еді ғой. Әуелдесең өзім де дәм-тұзым таусылып қисая қалсам, әке қасынан жай тауып, жамбасым тисе алаңсыз, армансыз болмас па едім! Бұл кісі баласы көтере алмайтын зілмауыр ойды серпіп тастайтын күш бар ма өзі...»,- деп қария талай-талай сарсаң ойды сапырып, өзін мүжіп,  налыған, күйінген күй кешкен. 

Бірақ саналы, парасатты қария ой арманның, қиялдың тағы бір биік шыңына қол созғанда, осының бәрін  қайта бір саралап, ақылмен таразылап, ойын мүлде өзгерткен. Онда ол Қазақ еліне көшкен елдің көрер игілігін, мән-маңызын, ана отанға байланған үмітті болашақты ой елегінен өткізген. Содан алғаш хат танытқан ұстазы Ақыт қажының: «Уайым талабыңды шабандатар» деген сөзін де есіне алған.

«Осы мен қарақан басымның қамын көп ойлап кеткен жоқпын ба!? Өмірде бодау беруге болатын ұлы істер болушы еді ғой. Иә, онда  отанын, елін, жерін қорғағанда боздақтар кеудесін оққа төсейтін. Сол секілді келешек ұрпақтың игілігі үшін де құрбандықтар керек емес пе?! Менің жолым соған бастайтын секілді. Ендеше құс ұясындай қуыс кеудемдегі шер-шемен, өксік-өкініштің бықсыған отын неге үрлей берем. Асарын асап, жасарын жасаған адам, көбірек өз ұрпағының болашақ-келешегін ойлауы оңды іс болмас па. Ертең ажалым жетсе, сол өксіктің бәрі онсызда сөніп, тынар. Сонда соңымда қалар жақсы белгім қайсы?! 

Бұлай қорқақтап, жан күйттегенім есерлік, ездік, надандық емей немене? Ақыл парасатың, жүрек қалауың шектеулі болса, жақсы көретін дүниең де, талғамың да, арманың да шектеулі болмақ. Ұрпағым жат санамен уланбай, бөтен шаңыраққа қарап жапақтамай, күрсінбей, жасымай, өз отанын да, өз ұлтының болмысын сақтап, ата салтын ардақтап өссе, одан артық мерей, қуаныш бар ма? Тереңдеп ойлап, талғасаң бұдан да басқа игіліктің, жақсылықтың нышаны көп көрінеді. Сондықтан бұйырса бақи дүниеге жүздеген, мыңдаған  ұрпағымның үмітті болашағын бағдарлап, асыл арманын орындап, ата жолын қуғанына сеніп кетейін. Тіптен өткен шақты өшіріп, жаңа өмір жолын бастауға тағдырым сілтеп тұрса, өмір қайта тууға мәжбүрлеп тұрса, ол жол игілікке, жақсылыққа бастаса көнейін.  Ендеше осының бәрін қуанышқа жорып, тәуекел деп, кәрі бүркіттей қайта түрленіп, түлейін. Мәңгілік қазақ топырағында ұрпағымның кіндік кесіп, өсіп-өнетін, көркейетін, көктейтін мекенін көріп қалайын. Қара шаңырағымды сол болашақ атақонысқа өз қолыммен тігіп, босағамды бекітіп, ошағымды құрып, отымды жағайын. Сүйтіп түтінімді өшірмейтін ұрпағыма сары жұртымды аманаттап тастайын!..», - деп қазақтың ұлы қонысына, байтақ даласына аңсары ауып, серпіліп, қылаң ұрған...

Қазір де Көкең осыларды салмақтап, тарзылап ойлай отырып, жетпіс жылдық ғұмырының қадау-қадау тұстарын ойша шолып есіне алды.  Ол осы қайта жолы түспейтін өмір керуенінде байлықты да, жоқшылықты да, қуанышты да, мұңды да арқалап көріпті. Соның ішіндегі есіне түсіргісі келмейтін қиын жылдардың өзінен үмітті күндерін, мұқалмас қажыр-қайратын, жігерлі күресін сағынбай тұрмайды екен. Ал бұл жетпіс жылдық өмірдің көп сағынатын, қызықты күндері де аз болмаған. Енді соның  соңғыларының бірін есіне алды...

Ортакөл бойының көк шалғыны түрленіп, шұрайланып, құлпырып тұрған баянды шағы болатын. Ондай кезде жайлаудың қызық-думаны асып, жұрт көңілі тасып, той-дүрмек қуған ел ат үстінен түспейтін. Міне сондай тойлардың бірінен келе жатқан Күмісбай ақсақал мен құрдасы Қайса балуан Ортакөлдің мойнағына шыға бергенде, алдырынан бір топ көкбар тартқан жігіттер қарсы жолықты. Мұндай дүрмекті көргенде екі ақсақалдың арқасы қоза қалды. Бұл Көкеңнің алпыс деген асуға шыққан жылы еді. Жұрт осы жасты «Шал» болдың деп кәрілікке жорып айтса да, күш-қайраты мұқалмаған адамның жігері тасып, жігіттік желігі ұстай қалатын кезі болады екен. Енді міне көкбаршы жігіттер өздеріне қарай «қиқулап» шауып келе жатқан екі шалды көріп аңтарылып қалды. Көп өтпей алдымен жеткен жирен қасқа атты бүйірден келіп килігіп, көкпарға жармасты. «Бер маған!» деп бұйрық етіп, қуатты, қарымды қолмен жұлқа тартқанда, тосырқап, аңқиып қалған жігіттің қолындағы көкпар сусып барып, жиренқасқа атты шомбал кісінің тақымына түсті. Басында жігіттер бірден қуғын салмай, «Шалдар қайда алып қашар дейсің. Қазір бір айналып әкеп тастар»- деп бөгеле берген. Енді қараса алымды, ұшқыр жирен құлағын жымырып алып, белдің жазық жотасымен оқтай зулап тартып барады екен. Сонда барып, жансебіл шалдың бір қиастыққа басқанын түсініп, «Ойбай! әкетті, әкетті!»- деп көкбаршы жігіттер аттарына қамшы басқан. Ал  бұл кезде Көкең жирен қасқаның басын сайға бұрып, құлдилай шауып, Дүргін өзенінің түйетайлы қиын бір өткеліне келіп түскен. Аттың таңбалығынан келетін, екпінімен еңіске құлап аққан тау өзенінен   бір-екі сүрініп жүріп, әупірімдеп өткен Көкеңнің жирен қасқасы, жазық қыратты қапталдай, жебелей шауып, одан ары тар өзекті өрлеп, Көндейге асатын Құдабай кезеңіне тартып отырған.

Бағана тойдан қайтқанда Медет жолдастарымен бірге атасынан озып кеткен болатын. Жаңа атасы бұлардың жанынан тасырлатып шауып өте шыққан. Енді сол атасының соңына түскен қуғыншы жігіттердің бұлардың қасынан өтіп бара жатып, «Әй, мына шалдың қорлығын-ай! Бізді қапы қалдырып, жер сипатып кеткенін қарашы» деген кіжінген, долданған сөздерін естіп шошып қалған. Сонда  қасындағы ересектеу бала: «Қорқпа. Атаңның жирен қасқасы қуғыншыларға шалдырмас» - деп көңілін жұбатқан еді. Расында да көп өтпей Құдабай кезеңіне дейін қуып барған көкбаршы жігіттер, қара үзіп кеткен атасына жете алмай қайтып келді.

Көкең кешкі күннің алауына шомылған қызыл жиренді алқындырып, қансорпасын шығарып үйіне жеткенде, сыртта жүрген Бәтима бәйбіше: «Ойбай, көтек!» - деп шошып қалған. Содан шалының тақымындағы көкпарды көріп: - Бетім-ау, мына кісі көкпар алып қашқан ба? – деп таң-тамаша болды. Мұны естіп Көкең:

- Ой, тәйірі, көкпар алып қашпағанда, алпысқа келгенде қыз алып қашады дейсің бе, - деп мұрты көкке шаншылып, мерейленіп бәйбішесіне әзіл тастады. 

- О, несі? балалар естісе ұят болар, - деп Бәтима бәйбіше ұшқары айтылған сөзден қысылып қалды, - Үп-үлкен адам көкпар тарта ма? Қия жолда мертігіп, қирап қалсаң азап шегесің ғой. Қасыңа ерткен баланы да жолға қалдырыпсың, - деді әдетте сабырлы, салмақты жүретін қосағын кінәлап сөйлеп.

- Қой, бәйбіше! Етектен тартпай. Айызым қанып, серпіліп келдім. Шабыттанып, жастық дәуренімді еске бір түсірдім, - деп Көкең өз ерлігіне көңілі толып, мырс-мырс күлген...

Осындай тәтті қиялға шомып, көңілі қош болып отырған қарияны немересі Медеттің: «Ата үйге қонақтар келді»,- деп шақырған даусы еріксіз орнынан тұрғызды. 

Көкең үйге кіргенде қонақтың алдына дастархан жайылып, шай құйылып жатыр екен. Орта бойлы, төртбақ денелі, қызыл шырайлы жігіт ағасы Алмас пен баласы Әділбек орындарынан тұрып жамырай сәлем берісіп, төрге оздырды.  Алмас - Көкеңнің құрдасы Бегжанның баласы. Бұл «Әкесі құрдастың баласы құрдас» деп Көкеңмен еркін, ашық әңгімелесіп, жарасымды қалжың да айта беретін. Бегжан құрдасы осыдан біраз жыл бұрын қайтыс болған. «Әкең өлсе де, әкеңді көрген өлмесін» дегендей, Алмас әкесінің көнекөз, үзеңгілес сергі Көмсбай ақсақалды қадірлеп, сыйлап шаңырағына жиі бас сұғып, сәлемдесіп тұратын. Осы келісінде де ол Түркия, Қазақстан секілді елдерді аралап, алыстағы ағайынның ықылас-сәлемін алып келген болатын. Жалпы өзі де осы ауылдағы көрген-білгені, ойға түйгені мол, білімді, талапты жігіттердің бірі еді. Көкең ауыл арасының амандығын, Алмастың анасының саулығын сұрап болған соң:

- Жә, Алмасжан! ауылда қалған қартыңа барған еліңдегі, жортқан жеріңдегі көрген-баққан жаңалығыңды айта отыр? Әлгі біздің жаманды көре алдың ба? Қалқиып қайда жүр екен? – деп көңіліндегі дәметкен көп сұрағын көлденең тастады.

- Иә, ақсақал! Қазақстандағы ел-жұртыңызы аман-сау жатыр екен. Осы сапарымда Түркиядағы, Еуропадағы қазақтардың да біразымен жолықтым. Солардың арасынан баяғы бала күндеріңізде бірге асық ойнаған құрдастарыңызды да тауып келдім. Сізге сәлем айтты: «Бұйырса қазақ еліне қарай келсе, қайта табысып, қауышып қалармыз» дейді. Тағыбір байқағаным, керейге ұран болған Ер Жәнібек батыр мен өзіміздің ұсақ рулардың ұраны болған; Қожаберген, Шақабай, Байтайлақ, Ботақара секілді батырлардың сүйегі Қазақстан жерінде жатыр екен. Басына барып  құран оқып қайттым. Осы уақытқа дейін біз жеті атамыздың басы Алтайда жатыр деп айнолсақтай беріптік.  Одан арғы аталарымыздың ізі қазақтың байтақ даласының әр бұршында жосылып жатқанын қаперге алмаппыз ғой.  Айтайын дегенім Алтайдан басқа қазақтың кең даласының қай пұшпағын бассақ та туған жеріміздей көріп, сол ата-баба жерін жатсынбай жүргеніміз жөн екен.., - деп Алмас осы сапарындағы мол әсерін, көрген-білген біраз жаңалығын шұбыртып  айтып шықты. Ол қашанғы әдетімен иығын қомдай түсіп, кесек мұрнын қолымен уыстай ұстап, сипап қойып, томағасын алған бүркіттей шабыттанып, жарқышақ жуан даусымен саңқылдап сөйлеп отыр:

- Ал, немереңіз Бекмұрат қазақ еліндегі оқуын аяқтап, Америкаға барып докторлық оқығалы жүр екен. Талапты, дарынды жастарға Қазақ елінде  мүмкіндік көп секілді. Үкімет өзі шетелдегі ең мықты оқу орындарына жастарды жіберіп оқытатын көрінеді.

Ақсақал немересінің жаңалығын айтқан кезде марқайып:

- Ой айналайын құлыным-ау! Онда ол елінің бір керегіне жарайын деп жүр екен. Алды ашық, беті жарық болысын!- деп аталық мейірін төгіп, толқып кетті.

- Әумин, ақсақал! Біздің Өр Алтай батырлардың мекені ғой! Енді бұйырса сол батыр бабаларымыздың ұрпақтары біліммен, ғылыммен озып аталарының арманын орындайды, - деді Алмас.

- Жаңағы бір сөзіңде әлемдегі тарыдай шашылған қазақтар қазақ еліне жиналып жатыр дедің ғой. Өзің де көшуге қам жасап отыр екенсің. Мына құрдасың Әділбек әкесін өмір бойы қанжығасына байлап жүретіндей, «көшсем әкемді алып кетем» деп маған қолқасын мықтап салып отыр. Жалпы, ондағы елің мен секілді кәрі-құртаңды қош көріп, қабылдай ма екен өзі, - деп ақсақал сөз аяғын әзілге бұрып, мұртынан жымиды.

- Ойбай-ау, ол не дегеніңіз. Сіздің көшетініңізді жаңа Әділбектен естіп қуанып отырмын. Бізге де сіз секілді бел көретін көнекөз ақсақал керек ғой. Әуел десеңіз, сіз ермесеңіз ондағы ел ауылдарыңның ақыл айтып, бата беретін қарты жоқ па деп мін тағар, - деп Алмас дөңкелек қой көздерін ойнақшытып, күле сөйлеп жауап берді.

- Е, солай дейсің ғой. Көшу туралы толғанып көп ойландым. Мен секілді қарт адамға туған жерді тастап шығу оңай емес екен!? Қанша дегенмен бұл жер де батыр бабаларымыздың қанымен боялған, аманаттап кеткен ата жұрты ғой. Сондықтан іште қайнаған қыжыл мен өксік көп болып тұр. Бірақ сондай болса да көшуді жөн деп тауып, белімді шарт буып отырмын. Ал енді ата қаздай жеті отауымды соңымнан ертіп, шұбыра жөнелсем арман болмас еді. Әйтсе де,  соның бәрі бірдей қатарға қосылмай, бөлініп-жарылып қалып қоятыны қынжылтып отыр. Қаладағы үкіметтің қызметіне байланған екі балам қазір жылжитын емес, - деді Көкең тұнжырап. Алмас қарттың өзінен көңіл жұбатар, дем берер ақыл-кеңес дәметіп отырғанын аңғарып: 

- Иә, ақсақал бастысы беліңізді шарт буғызған арман-мақсатыңызды танып отырмын. Бұл жалғанда дәмете берсек арман таусылма. Сол арманның мағыналы-мәндісін, ең биігін, үкілі үміттісін таңдап алғанымыз дұрыс ғой. Сіз қозғалсаңыз түбінде сол жеті отауыңыздың басы да бір жерге қосылар. Бұйырса осы киелі көш үшін болашақ ұрпақтарымыз бізге алғысын жаудырып, құранын бағыштап отырар. Қазіргі Аужайды бағамдасаңыз бұрын бір шоғыр болып өмір сүрген қазақ сиырдың бүйрегіндей бөлініп кеткенімізге де біраз жылдар болыпты. Енді бас біріктірмесек жат болып кететін түріміз бар. Осылай қазақтың іргелі елінен, ұлы қонысынан қиыр жайлап, шет қонып жүре берсек ата дәстүрімізден де ажырап қалатын түріміз бар. Десе де мұндағы елдің қазір түп қотарылып көше алмасы анық. Біздің көш осы екі бөлінген қазақтың арасына алтын көпір, үзілмейтін дәнекер болатын түрі бар.  Әлі-ақ, ағайын-туыс іздеген жұрт екі елдің арасында сапырылысып, тоғысып, табысып жатар. Мен сізге өткен тарихтың бізге үлгі-өнеге болатын бір оқиғасын баяндап берейін. 1914 жылы,  Алтай еліне танымалы, меркіт руының атақты Жәке биі 80 жастан асып, дүниеден өтер шағында ұлы Ақбайға: «Маған ас бермеңдер, менің асыма, жаназама ұсталатын шығынды Түркияның Қара-Теңіз флотына көмекке атаңдар», -деп өсиет қалдырыпты. Кейін Жәке бидің сол өсиетін ұрпақтары айтқанындай етіп орындаған дейді.  Енді ойласақ сол тұста түгел Түркі халықтарының үміт артқан, жалғыз тәуелсіз мемлекеті Түркия болыпты. Сондықтан олар Бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысып жатқан Түркияның амандығын тілеп, жеңісіне тілеулес болған екен ғой. Айтқандай-ақ, арада көп өтпей Алтайдан ауған босқын қазақтарды сол Түркия өз еліне көшіріп алып, қамқорлық жасаған жоқ па. Міне біздің сұңғыла ойлы, елжанды аталарымыз қандай алысты болжап, қасиетті іс тындырған! Ендеше біз неге іргеміздегі тәуелсіз қазақ еліне көшуден тосырқап, сонда барып бір уық болып шаншылып, елге еңбек етіп, үлес қосудан тартынамыз.., - деп  өркештене сөйлеген Алмас қазақтың арғы-бергі тарихын сапырып, осы көштің мақсатын айғақтап, Көкеңнің көңіл түкпіріндегі көп ойларын дәл тауып, қайталап, қостап, ойын бекіте түсті. 

***

Тамыздың тамылжыған түні. Сүттей жарық толған ай жерге төгіліп кетердей шайқалып тұр. Жұрт қалың ұйқыға бас қойған. Ақөзеннің төрт төңірегін аңғал-саңғал қара таулар қоршап, қалбиып-қалбиып күзетіп қалған. Айнала құлаққа ұрған танадай, тып-тыныш. Тек бақаның шұрылы, өзеннің баяу сарыны ғана алыстан талып естіледі. 

 Гүлзия далада  ай мен жұлдыздарға қарап ойға шомып тұр. Кенет артынан сыбдырын сездірмей келіп біреу, «әйт» деп қалғанда бейғам тұрған келіншек шошынып, селік ете түсті. Гүлзия артына жалт бұрылғанда өзіне ақсия қарап, күліп тұрған Медетті көрді.

- Зәремді ұшырдың ғой! Жеті түнде қайдан жүрсің? – деп ол бұртиып қалды. 

- Оу, жеңге аспанға телміріп, жұлдыз санап өзің не істеп тұрсың? Саннан жаңылған жоқсың ба? - деп жеңгесін сөзбен қыжырта, қорқытқанына мәз болып сақылдап күлді.

- Сенің-ақ ойының тасып жүреді екен. Мен туған жердің түнін тамашалап, айы мен жұлдызына қоштасып тұрмын. Ертең Қазақстанға көшеміз ғой,- деді Гүлзия жанары жәудіреп.

- Ойбой, жеңге! Қазақстанда түнде ай мен жұлдыз көрінбейді дейсіз бе? осы ай, осы жұлдыз ол жақта да бар болу керек, - деп Медет тағы күлді.

- Жоқ, Медетжан маған Ақөзеннің аспаны мүлде бөлек  секілді көрінеді де тұрады. Қарашы анау айға, дәл солай басқа жерде қара жалдың ойығынан сығалап, қара таудың иығына асылып ай туа ма?! Сүттей аппақ, тұнық айды тау жотасына шықсаң ұстап алатындай сезінесің. Ал ашық аспандағы кірсіз, шаң-тозаңсыз жұлдызымыз қандай жарық. Біреу сүртіп-сүртіп жарқыратып іліп қойған лағыл тұмардай көрінеді. Емініп тұрған оны да бір биікке шығып саумалап, маржандай теріп алуға болатындай тұрады. Неге бұлардың бәрі бізге жақын? Неге жақын болған сайын оған телініп, үйір бола бересің?.. - деп Гүлзия жүрегін сыздатқан мол әсерін толғай сөйлеп, Медетке өз ойын дәлелдеуге талпынды. Медет жеңгесінің ақындарша шабыттанып айтқан сөздеріне таңырқап:

- Өзің ақын болмай қалай жүрсің?! Мынау көңіл балқытар сұлу сөзіңді естіп, туған жердің аспанын қазірден-ақ сағынып қалдым. Онсыз да сағынышым бір басыма жететін еді!.. - деп ол да тұнжырап, мұңая қалды.

- Медетжан ол сырыңды білемін ғой. Өзің Балжанмен кездестің бе, не айтты? - деді Гүлзия.

- Кездестім. Жылап қалды. «Қазақстанда туыстарым жоқ. Үйдегілер қазір ол жаққа жібере қоймас. Университетті бітірген соң баратын шығармын»- деді. Осы Қазақстанға көшу дегенді кім шығарды екен. Ертең дауыл соға ма, зелзала бола ма, әйтеу бір кедергі болып көшпей қалсақ ғой!- деп Медет қияс мінезіне басты. Дәл қазір оның жас жүрегін ынтық қылған, сөз байласқан ғашық қызынан басқа көлденең әлем мүлде қараңғы сезілетін. Гүлзия бұл сөзді естіп тіксініп қалды.

- Қой, Медетжан! Қайдағы кесірлі сөзді айтып, жаман ырым бастама. Құдай сақтасын! ертең ақжолтай күн болып,  сапарымыз оңынан болсын деп тілек айт! Бұйырса Балжан да сенің артыңнан келеді. Сен де ол жақта Бекмұрат ағаң секілді жақсы униврситет оқисың. Менің Марғұланым да келер жылы бірінші сыныпқа барып, әліппесін ана тілінде оқитын болады. Осының бәрі бізді күтіп тұрған үмітті қуаныш емес пе! Атам айтты ғой ұрпағымыздың болашағы үшін көшіп бара жатырмыз деп. Менің де әке-шешем, аға-бауырларым қалып барады. Бірақ бәріне де шыдаймын..., - деп Гүлзия өзін тоқтата алмай көз жасын бір сығымдап алды...

Гүлзияның әкесін жұрт қара сақал Қайдар дейтін. Олай атайтыны алпыстан ассада қайраты мұқалмаған Қайдардың кеудесін жапқан сақалына қылау жүгірмеген екен. Сол қара сақал Қайдар Гүлзия Қазақстанға көшетін болып әке ықыласын алуға үйіне келгенде: «Қызым «Тас түскен жеріне ауыр» деген, қара шаңырағыңнан бөлініп қалма. Қартайған ата-енеңнің қас-қабағын бағып, күтімін жасап, батасын ал.  Дәм бұйырса бізде барармыз, біз жете алмасақ ағаларың, бауырларың іздеп барар. Ықылас батамды бердім саған! Жолыңды алла оңғарсын! Ғайып ерен, қырық шілтен демеп жүрсін!» - деп көк бөрідей қайсар әкесі батасын берген. Бірақ қария солай десе де бетін қақпай, еркелетіп өсірген, жанындай жақсы көретін қызының тағы бір қиырға шырқап, алыс кететінін ойлап жасып қалған. Қызы кеткен соң бұлқынып шыққан көз жасы ырық бермей қара сақалынан тарам-тарам болып аққан...

Осы күндерде көшетін уақыт тақаған сайын  Көкеңнің де қоштасатын, қимайтын, сағынатын дүниесі көбейе түскен. Соңғы кезде ағайын-туыс қайта-қайта қонаққа шақырып, «көш байсалды болсын» айтып, қоштасып жатыр. Сол   ағайын-туыс, ел-жұртты, туған жерді айтпаған да, көңіл қимайтын басқа дүниелер де молайып, көлденеңдей берген.  Соның бірі ұзақ жыл ыстық-суғына көніп, бағып өсірген төрт түлік малының жайы болды. Ондағысы оларды дүние, байлық көріп қызығу емес, солардың ішіндегі малының құты саналатын түлік бастарын қимастық сезімі еді. Бәтима бәйбіше сүтті ала сиырын, шаңырақ артар ақбас атанын, Әділбек бәйге күреңін, қоралы қойдың алдын бастайтын көсем ақ серкесін, ал Көкеңнің өзі болса ұзақ жыл мінген қара жорғасын сатуға көз құрғыры қимаған. Ат үстін әулие деп білетін Көкең, сол қара жорғаны тайпалта жорғалатқанда хан тағында отырғандай мәртебеленіп, мерейі таситын еді. Енді тақтан да, аттан да айырылып қалайын деп тұр ғой. Сол шер көңіліне жалғыз тапқан дауасы, баласына айтқан: «Қара жорғаны сатып алатын адамға емес, баптап, күтіп мінетін ағайынға тастап кет!» - деген уәжі болды. 

Ал тағы бір осындай ұйқы-тұйқы қарбалас күндердің бірінде баяғы Жаң Мау Көкеңмен қоштасуға келіпті. Сонда ол: «Ауылымыздың көне көз қарты едің, орның үңірейіп, мынау тіршілігі қайнап жататын қыстауың қаңырап қалатын болды-ау!» - деп көзіне жас алған. Көкең оған мынау шын жұбанып тұрма дегендей таңдана қарап тұрып:

- Әй, Жаң Мау маған бола көңіліңді босатпа. Мен босып көшіп, жат елге бара жатқамын жоқ. Қазақтың кең даласына, көне қонысыма, жұрт жаңалап бара жатырмын. Жаңа жұртқа қазақ қуанышпен, игі тілекпен, жақсы ырыммен көшеді. Мен де сондай мәрт көңілмен, сондай ықыласты пейілмен отырмын. Ал ауылдасым деп қадірлеп, қоштаса келгеніңе рахмет! – деді.  бұл сөздерден Жаңның түсінгені, «мұндай болғанда көшіп-қонған қазақтың кең даласының бәрі бірдей ата жұрт екен ғой. Бұлар жеті атасы жеті жұртта туылып, қонысын жаңалап көше беретін секілді. Аз халық болса да жерінің ұлан байтақ болатыны содан екен-ау!»- деп ой түйді. 

Көкең осыдан кейін тағы бір күдікті ойын жасырып-жаппай төтесінен қойды:

- Осы Ақөзеннің қырық жыл суын ішіп, ауасын ортақтасып жұттық ғой. Ендеше сол ауылдасыңның саған айтар аманаты, мынау менің жұртыма шошқаңды қорсылдатып, иіріп бақпай, қорламай, күзете жүр, - деді секемшіл қарт әлде бір көңіл түкпіріндегі күдік пен көне жұртына деген қимастық, қызғаныш сезімдері шарпысып.

- Ол, не дегеніңіз ақсақал! Өздеріңіз секілді қыста соғым сойып, қой мен жылқы етін жеп үйрендік ғой. Аруақты әкең бұл қонысқа шошқа бақсам менің жазамды берер. Егер осы қыстауды маған сатып кететін болсаңыз, әкеңіздің бақ-ырысы жұғысты болсын деп жылқы өсірер едім, - деді Жаң шал көзі күлімдеп. Көкең бұл сөзге ширығып, шытынап қалды. «Мынаның  араны ашылып барады ғой.  Бұған салсаң менің жерімді ғана емес, бағымды да алып қалайын деп тұр. Дәмесінің зорын ай өзінің!» деп ойлады.

- Жоқ, қыстауымды сатпаймын. Осындағы ағайын-туыстарға қалдырып кететін болдым, - деді Көкең...

***

XVIII ғасырдың ортасынан бастап Түркілердің кіндік жұрты саналатын Алтайға қарай қазақ ауылдары түйелі көшпен, алалы жылқы, ақтылы қой айдап, батырларының найза-қылышы жарқылдап, ереуілдеп көшкен болатын. Енді міне арада 250 жыл өткенде, сол аталарының ізімен кері қарай, Алтайдан Арқаға тағы бір көш шұбырып келеді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Қазақ еліне қарай шұбыратын мұндай дүркін-дүркін ел көші саябыр тауып көрген жоқ. Бүгін де сондай көштердің бірі, Өр Алтай ауданынан шыққан Күмісбай ақсақалдың ауылдары шекара төбіне келіп ошарылып тоқтады. Бұлар Күмісбай, Алмас, Мақай, Жобас, Әбділ, Әуен, Бұғысел, Құсатай, Әлтен, Түсіпқан, Ақан секілді кісілердің ауылдары болатын. Осы 20 шақты түтіннің ақсақалдарының біразы кезінде Алтайдан ауған  елмен бірге Тибет, Пакстан жерлеріне дейін барып қайтқан, от пен оқтың сұсын, соғыстың қаһарын көрген көнекөздер еді. Енді міне сол замандағыдай жат ел, жат жерге емес, тағдыр-талайына өз еліне, бейбіт көштің, киелі көштің бұйдасын ұстап өту бақыты бұйырып тұр.

Еңку-еңку жер шалған бабалардың байтақ даласының әр пұшпағы телім-телім болып шекарамен бөлініп, сонымен бірге қазақ халқы да ары жақ-бері жақ болып ажырап кеткен қияпат заманда, бірге туған бауырлардың өзі бір-біріне жат болған алағайда-бұлағай күн туған. Міне содан бастап зәрезап болған ел, «шекара» деген сөздің өзінен үрейленіп, үрке қарайтын. Бүгінгі көшкен елдің де күйі дәл сондай еді. Кедендегі басшы-қосшылармен сөйлесіп келген Алмас: «Алдымен шекарадан көшкен елдің адамдары өтеді. Ал камазға тиелген жүктер бір аптадан кейін кезегі келгенде өтетін болды»- дегенде үдірейіп, секем алып тұрған жұрт абдырап қалды. Әсіресе әйелдер жағы көз жастарын сығымдап, күңкіл-шүңкілдерін көбейтті. Өз қазан-ошағынан бір күн ажырап қалып, ас ішпесе далада қалғандай сезілетін әйелдер: «Не дейді көтек! Ұят-ай! Сонда Қазақстанға қазан-ошақсыз, көрпе-жастықсыз босқын елдей шұбырып, қаңғыған қайыршыдай сымпиып-сымпиып қалай барамыз. Кімнің босағасын сығалап, асын ішеміз» деп шулап кетті. Дүрліккен жұртқа Алмас бастаған ауыл үлкендері басу айтты. «Бұл сапарымыз ауыл арасының көші-қоны емес. Бір елден, бір елге көшіп барамыз. Әр елдің өз заңы, кеденнен өту тәртіп-ережесі бар. Соған біз де бағынамыз.  Аз күнгі қиындыққа бола қара аспанды түндірмеңдер. Қазақтың еліне бара жатырмыз ғой, құшағын ашып, алдымыздан шығатын қандас ағайын да табылар», -деді олар.

Сонымен көшкен ел осы сөзді көңілге медеу көріп, туған жерлеріне, өскен елдеріне қош-қош айтып, соңдарына жалтақтай-жалтақтай қарап шекараға қарай жүріп кетті. Олар түске дейін Қытайдың  кеденінен өтіп, одан ары Қазақстанның кеденіндегі ұзын-сонар кезектің құйырығын басып қаздай болып тізіле қалды. Осы қалың нөпір топтың арасында Күмісбай ақсақал мен Медет те ілгері жылжып келе жатқан. Сол уақытта Күмісбай ақсақалды көріп, алдынан елпектеп шыққан жас сарбазы көлденеңдей берді:

- Қазақ еліне қош келдіңіз ата! Жүгіңіз ауыр ма? көмектесейін! – деді ол аса бір ықыласты ілтипат танытып.

- Қош көрдік балам! Пейіліңе рахмет! Ғұмыр жасың ұзақ болсын! Жүгімді көтеретін өз сарбазым қасымда жүр, - деп Күмісбай ақсақал Медетті көрсетіп күлді. - Иә, айтпақшы, өзіңнен бір істің жайын сұрайыншы. Осы шекарада бізден алатын алым-салықтарың болушы ма еді балам? 

- Жоқ. Бұл жерге ақша төлемейсіздер. Құжаттарыңызды тексертіп өте беріңіздер, - деді сарбазы жігіт. Осы сәтте Көкеңнің көзі бұрышта тұрған  көк туға түсті. Ақсақал бұл тудың өзін тұңғыш көзімен көріп тұрғаны осы еді. Көкең  тебірене толқып, мәз көңілмен: 

- Балам саған тағы бір өтініш айтайын. Мынау қазақтың қасиетті көк туын тұңғыш көріп, әсерленіп, толқып тұрмын. Осы туға маңдайымды тигізіп, ұстап көруге рұқсат бер. 

Ақсақалдың ақ ниетіне, отаншыл ұлы аңсарына әсерленген сарбазы жігіт әлде бір бөлмеге жүгіріп кіріп кетіп, шағын көк жалауша алып шықты:

- Ұлы отан құшағында барлық арманыңыз орындала берсін ақсақал!  Мына туды сізге сыйладым! – деді жас сарбазы. Көкең көк туды көкірегіне қойып, көзін сүртіп, сүйіп, маңдайына басып, айбындап көңілі толқып көп тұрды. Содан Медеттің қолына көк туды беріп жатып: «Еліңнің, ұлтыңның көк туын қолыңа мықтап ұстаттым, айырылма да, құлатпа, әркез абыройын асқақтатып, мәртебесін көтеріп жүр! Қайырлы болсын!» - деп ақсақал ықылас-тілек батасын ағытты…

Бөлісу:

Көп оқылғандар