Мұхтар Мағауин. ТЕМІРҒАЛИ НҰРТАЗИН
Бөлісу:
Бізге университеттің үшінші курсы – 1960 жылдың күзінен бастап, қазақ совет əдебиетінен дəріс оқыды. Білімдар кісі екен. Байыпты, шешен тіл. Өз тұсымызда ұлы Мұхаңнан кейінгі ең тартымды сабақ болды. Коммунистік құрылымды мадақтаған, Сəкен Сейфуллинді дəріптеген артық сөзі жоқ. Əрине, рəсімнен ауа жайылмайды. Тек Сəбит Мұқановқа ықыласы айрықша. Сəбеңнің ешқандай күй талғамайтын жазу машығын, қазақы, қызық мінездерін айтып, күлдіріп алатын. Студенттермен де əзілдесуге бейім. Бірде, дəріс үстінде қатарлас отырған Бақыт Сейітжановпен əлденендей қызу əңгімеге кірісіп, ақыры мəз болып отырған қызымыз Лина Алтынбекованың райын бағып, іркіліп тұрды. Содан соң: «Жігіттер, байқайсыңдар ма, – деп еді. – Осы біздің Лина университеттегі ең сұлу қыздардың бірі. Сендер ай далаға қарамай, алдымен осы Линаның көңілін табыңдар. Абалақтап жүріп, айрылып қалмаңдар...» – деп еді. Ерке Лина: «Қойыңызшы, ағай...» – деп қызара толқынып, сүзіле қарап еді. Темкең: «Əзіл емес, шыны сол», – деп, дəрісін одан əрі жалғастырып кетті. Екінші толқындағы қазақ оқығандарының бірі, 30-жылдар ортасында Ленинград Журналистика институтын бітірген, орысша, қазақша сөйлеу мен жазуға бірдей, танымы толық Нұртазин дəріс кезінде əр лепесін өлшеп айтатындай. Тек бірер рет қана сызулы шеңберден шығып кетіп еді. Ол кезде əлі ақталмаған, мен сырттай атын ғана естіген Үкілі Ыбырай туралы айтып қалды. Шеті шыққан соң, тоқтай алмаған сияқты. Еркін, бұлаң сері. Жындыбастығы да жетерлік. Бүгін мына ауылда «Айналайын сəбетім» – деп, совет өкіметін мадақтаған кейіпте жыр толғап отырса, ертең ана ауылға барғанда: «Атаңа нəлет Мекалай...» – деп, өткен заманды дəріптей бастайды. Ақыры, басын жойып тынды. Парықсыз емес еді, тек арлы-берлі шалқыған көңіл. Қандай да бейсауат сөзден тежелмейді. Бірақ тым тереңге бойламаса да, аумалы-төкпелі замана сырын байыптап, тауып айтатыны бар: «Томар су тасып, көл болды, – Нелер дария сарқылды, – Мыс орнына ұстап жүр, – Тот баспаған алтынды...» – деп...» Осыдан соң, төбеден ұрғандай, қалт тоқтап: «Иə, ол кезде əркімде əрқилы пікір болды ғой, өтпелі заманға тəн табиғи құбылыс...» – деп, əңгімесін басқа тарапқа бұрып əкетті.
Кейін, атақты «Гəккудің» иесі Үкілі Ыбырай қайтадан қатарға қосылды, қаншама жылдан соң, мен манағы антисовет өлеңнің толық нұсқасын іздестіріп едім. Ілкіде, шеті көрінген шумақты түгендегем: «Айналайын, өкімет, – Бергеніңе шүкір ет, – Сотсиализм қамы деп, – Ақ бетіңе түкіред...» Осыған керісінше: «Атаңа нəлет Мекалай, – Жегізген наның бірталай, – Жүйрік пен жорға мінгіздің, – Жібек пен торқа кигіздің...» Ақын Кəкімбек Салықов та əлдебір үзіктерін біледі екен. Манағы, қапелімде Темкеңнен естіп, жадыма тұтқан шумақ, кейінгі жетім тармақтармен қосқанда, əжептəуір толығып шықты. Сол қалпында «Жұлдызда» басылған. Кезінде Жəнібек Кəрменов бауырым менде толық нұсқасы бар деп айтқан сияқты еді. Қайыра пысықтауға болмай қалды. Ал Темкеңнің толық білуі күмəнсіз. Əрине, қағаз бетіне түсірмейді. Ақыры өзімен кетті. Жəне тағы қаншама жұрттың көңілінде.
Ұзақ ғұмырында үнемі қыл үстінде жүрген, бір заманда қатты қудаланған, сəтімен түпкілікті айдаудан тыс қалған профессор Темірғали Нұртазин айрықша абайшаң кісі екен. Өкімет пен партия, құдіретті КГБ ғана емес, күнделікті өмірдегі, адамдар арасындағы аз-маз қайшылық, əдепкі пікір таластың өзінен. Табиғи сақтықтың орынсыз үрейге ұласқан жағдайы. Жарлауыт құзардан алысырақ жүру ғана емес, өз басының тыныштығын ғана ойлаған аяншақтық. Студенттік жылдарда, атаулы дəрістері кезінде əсіре сақтығын аңдағанмен, бұл жағына бойламаппын. Маған қашанда оң көзқараста. Университет бітірерде «Ер Тарғын» жəне қазақ эпосы» тақырыбындағы дипломдық жұмысыма шағын ғана, бірақ салмақты пікір берген. Енді «ХV-ХVІІІ ғасырларда жасаған қазақ ақын, жыраулары» деп аталатын диссертациялық монографиямды алдына тарттым. Ғылыми жетекшім Бейсенбай Кенжебаев – ұлы ұстазым Бейсекемнен соң. Қалған жұрт қатарлы. Исмайылов, Қабдолов, Сүйіншəлиев, Шалабаев... дегендей. Бұл қатарда Текеңнің орны бөлек сияқты. Ықыласы түзу, білімі зор, танымы кең. Оның үстіне, жыл басында осы диссертацияның аса мəнді «Шалкиіз жырау» деп аталатын бір тарауын арнайы ұсынып, жағымды пікірінен соң аспиранттар мен ізденушілердің дəстүрлі жинағына ұсынғам. Мейлінше риза болған. Енді арнайы телефон шалып едім, оқып біттім, келіп алып кет деді. Профессордың үйі солай ма, əлде Темкеңнің өзінің əдеті ме, жұмыс кабинеті ыбырсып жатыр екен, ретсіз жиналған, сөрелерден тыс қаланған қаншама кітап. Жазу столының үсті ашылған, шашылған тағы қаншама əдебиет, жазылған, сызылған қағаздар. “Жұмысың жақсы екен, – деді түптелген, энциклопедияның томындай үлкен, жуан диссертациямды қолыма салмақпен ұстатып.– Шал ақын... сөздері ірі... əлгі, аспаннан жұлдыз ағады деген өлеңі...” Мен есіне салдым: “Өлімнен құтылмассың қашсаңдағы,– Атадан арыстан туып, ассаңдағы,– Алладан шыныменен жарлық келсе,– Жұлдыз да жерге түсер аспандағы...” Темкең басын шайқады. “Иə,– деді болмашы күрсініп; көзін аз-маз сығырайтып, маған барлай қарады, молақ саусағымен қарымнан алды – есікке қарай жетелегені. Өзім де кеткелі тұрмын. Бірақ бірден жібермеді. “Ақсақалдың денсаулығы қалай? Болған адам-ау, кезінде...” Ақсақал деп тұрғаны – менің үлкен əкем Мағауия. Жыл басында, мен кафедра мүшелерін, факультет мұғалімдерінің біразын, жүзі таныс алыс-жақын əдебиетші қауымды түгел шақырып, салтанатты үйлену тойын өткізгенде Темкеңмен қатар отырған. Өткеннен өткен заманда аталары ханның хақ жарғысын əйгілеп, ту ұстаған, батыр болып жауға шауып, би болып жұрт баққан, өзі қазақтың талай қасқа, жайсаңымен бастас болған, Абайдың алтын жүзін көрген, Əлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулаттың кеңесін тыңдаған, Алаштың тағы қаншама азаматына өз дастарқанынан дəм берген біздің шалға бүгінгі профессор мен министр деген не, тік отырып сыйласып, тең отырып сөйлескен. Қалжыңдап, сыр тартқан профессорды сыпайылықтан аспай, сөзден ұтқан тəрізді еді. Бұдан бұрын да бір рет сұраған, басын шайқап күлген. “Шүкір, аман, ата-жұртында отыр”,– дедім. “Жасы нешеде?” “Жетпіс алты”. “Жүзге келеді,– деді Темкең.– Ал, жарайды, хайыр...” Беделді, сенімді, əрі шешуші бір дауыс бар деген сеніммен қайттым.
Арада бір күн өтіп, екінші күні, қазақ əдебиеті кафедрасының толық отырысындағы талқылау рəсіміне Темкең келмеді. «Аяқ астынан сырқаттанып қалыпты», – деген Бейсекем атаулы мəжілісті ашарында. Күтпеген жағдай. Алдыңғы күні ғана сап-сау отырған кісі... Əйткенмен, қалған жұрт толық. Тіпті, көлденеңнен қосылған тағы бір профессор бар. Ғылым докторы, академик Мəлік Ғабдуллин.
Сонымен, менің кандидаттық монографиямды талқылау. Бейсекемнің жаңа жұмыс туралы ресми, қысқаша ақпарынан соң, мен де тым ұзаққа созбай, кіріспе толғамымды алға тарттым. Содан соң... опыртопыр басталып кеткен. Яғни, менің мына жұмысымның негізгі тұрғылары тайғақ, ал идеялық бағыт-бағдары жаңсақ екені туралы. Бұрнада, «Мен» роман-дилогиясының екінші тарамы «Қия жолдарда» бажайлап жазғам, осы естеліктер кітабында, əрқилы тұрғыда екі-үш рет қайталанды. Ұзын сөздің қысқасы – Зейнолла Қабдолов пен Ханғали Сүйіншəлиев бастап, менің жұмысымды біржола құлату жоспарын жасаған. Есмағамбет Исмайылов пен Белгібай Шалабаевтың келісімін алған, Сұлтанғали Садырбаев та мақұл, ал Кəрбанова дейтін аға оқытушы бұғып қалуға тиіс. Мен сияқты аспирант Рымғали Нұрғалиев те мəселенің жай-жапсарынан хабардар жəне теріс емес, іштей мақұлдап, үнсіз отыруға бейіл. Ал профессор Темірғали Нұртазин... Қабдолов пен Сүйіншəлиев тобынан жас аспирантты жабыла талау туралы ұсыныс түскенде... екі оттың ортасында қалыпты: ұжымды əріптестеріне қосылайын десе, ұсынылып отырған жұмыс ерекше, бары мен бағасын нақты пайымдап отыр, қарсы шығып, əділет жөнін айтса, анау кісілерге жақпай қалуы анық. Сондықтан «ауырып», ақырын үйде тосыпты. (Ал жан досым Рымғали Нұрғалиевке қарап тұрған ештеңе жоқ, ара түсе алмайды, əйткенмен, қатер үстіндегі досын сақтандырса керек еді, бірақ «аш пəледен қаш пəле» деп, жиынға мүлде қатыспауға бекінеді, əйткенмен, шыдай алмай, менің біржола жер болған қызығымды көрмек үшін, талқының соңына қарай келіп жетті.)
Алайда, бəрі басқаша шыққан. Мен мойығам жоқ, тайсалғам жоқ, бар қуатым бойымда, білігім артық, рухым жоғары, бір қадам шегінбек емеспін. Жасаған жұмысым – қазақ əдебиетінің тарихындағы өзгеше құбылыс, бастан-аяқ жаңалық. Оның үстіне, маған қорытынды, шын мəнісінде қарымта сөз жеткенше, мəселе күрт оңға бұрылған. Ойламаған көмек – көлденеңнен келіп қосылған Мəлік аға Ғабдуллиннің арқасында. Бейсекем екеуінің табанды, дəйекті қайратының нəтижесінде бұл талқы толығымен менің пайдама шешілді. Сырттай қарағанда. Ауызға айтарға. Шындығында, ортағасырлық жыраулардың жолы ашылар шешуші талқы белгісіз уақытқа кері шегерілген... Арада бір жарым жыл өтсін. Ақыры қайыр болды. Ғылыми кеңестегі жасырын дауыс кезінде, ешкім қолынан ұстап тұрған жоқ, Темірғали Нұртазин де оңды дауысын берген.
Ғылыми дəрежеден соң көп ұзамай мен «Жазушы» баспасы, Алаштың қаһарман ұлы Ілияс Есенберлиннің ғұзырына көштім. Орынбасар бас редактор. Көп ұзамай-ақ Темкең менің алдыма келіп еді. Көлемді сын жинағын ұсынған. Бір ғажабы, баяғы шешуші кезеңде мені жау бетінде қалдырған ақсақалға ешқандай ренішім жоқ екен. Енді қайтесің. Өмірден қаншама соққы жеген. Қалтырақ, зəрезеп. Міне, ақыр түбінде тыныш қойнауда бейбіт, байсал тіршілік кешіп жатыр. Ай даладағы бір бала үшін отқа түсе алмайды ғой. Аналарға қосылып кетпегеніне тəуба. Қайткенде мен бұл кісінің көмегінсіз-ақ жеңіске жеттім. Енді алдымнан кең өріс ашылған... Əлде кешірдік, əлде мүсіркедік, анығы – жас та болса еңселі жағдайымызда кеңшілік жасадық, бұл да емес, байырғы əдебиет сыншысы, парасатты зерттеуші Темірғали Нұртазин өзінің үлкен, жаңа бір кітабын жарыққа шығаруға хақылы еді. Қолма-қол кезектегі тақырыптық жоспарға енді, бастан-аяқ өзім қадағаладым, Темкең жұмыс барысында екі-үш рет кіріп шыққан, ақыры жиырма баспа табақтан астам, «Шеберлік туралы ойлар» деген атпен, үлкен жинақ уақтылы жарыққа жетті.
Профессор Темірғали Нұртазин осы, тіршіліктегі ең соңғы жəне ең үлкен кітабынан кейін біршама жасапты. Ұлғайған шақтағы тынымсыз еңбек, тереңдей ізденіс үстінде өткен жылдар екен. Бұрнада көркем прозаға қол созған жағдайы бар. 1958 жылы «Мұрат» дейтін повесті жарияланып, тəп-тəуір бағаланған. Енді совет қайраткері, коммунистбалшабек Тұрар Рысқұлов туралы ғұмырбаяндық, деректі роман жазуға ниет етіпті. Өмірінің соңғы он жылдығында осы тақырыпты түбегейлі зерттейді. Ол кезде Т.Рысқұлов толық ақталып болмаған, əрі оның өмірі мен қоғамдық қызметі туралы жария деректер тым тапшы. Темірғали Нұртазин Алматы, Ташкент, Москва архивтерін мұқият тексеріп, Тұрар туралы қаншама жаңа мағлұмат, тың деректер табады.
Ақыры, мəшіңкеде жеті жүз бетке тақау, отыз баспа табақ көлеміндегі деректі роман жазып бітіреді де, 1975 жылы «Жазушы» баспасына ұсынады. Бұл кезде Мұхтар Əуезовтің «Қараш-Қараш» романы қайыра басылып, жалпы жұртқа мағлұм болған. Бас кейіпкер – Тұрардың əкесі, кісі өлтіріп итжеккенге айдалған Рысқұл Жылқайдарұлы екені көпке белгілі. Ал Тұрар Рысқұловтың өз басына қатысты бар мағлұмат – қашан, қандай қызмет атқарғаны ғана. Алайда, бұл кісінің Алаш-Орда арыстары жəне басқа да қазақ зиялыларының үстінен Сталиннің атына екі мəрте донос түсіргені, кейініректе 1932–1933 жылғы ғаламат ашаршылыққа жол ашқан солшыл белсенділігі туралы құжаттар жабық жатыр. Есебі, бұл Рысқұлов – үлкен қайраткер, жəне қазақтан шыққан ірі тұлғалардың бірі. Темірғали Нұртазиннің деректі романы осы тұрғыдан жазылған еді. Жекелеген үзінділері ағымдағы баспасөзде бой көрсетті. Не керек, арада екі жыл өтпей, 1977 жылдың көкек айында Нұртазиннің өзі дүние салады. Енді «Жазушы» баспасында қозғалыссыз жатқан үлкен қолжазба көп ұзамай-ақ, құпия жағдайда жоғалып кетіпті. Екі данасы бірдей. Мен 1984 жылы күзде баспаға келгенде, орны жоқ екен. Тапсырылғанын білем. Алайда, зым-зия. Темкеңнің артында қалған бəйбішесімен хабарластым. Бұрыннан білетін едім, кіресілі-шығасылы есі бар, не аңқау емес, не ақымақ емес, пəруайсыз бір жан. Қолжазбаның екі данасы баспаға тапсырылған, өткенде сұрастырып едім, жоғалып кетіпті, жөн-жобасын ешкім білмейді, деді. Əдетте, кез келген еңбек мəшіңкеге үш дана болып басылады. Баспаға – алғашқы екі данасы. Үшінші данасы үйде шығар, дедім. Ол да жоқ екен. Темкең дүниеден өткен соң бірер жыл мұғдарында бейтаныс студент, немесе аспирант, ізденуші қыз келген екен. Нұртазиннің Тұрар Рысқұловқа арналған романы жөнінде зерттеу жасамақ. Соған ұстатып қоя беріпті. Əуелгі, қаралай қолжазба нұсқалары қайда? Оны да алып кеткен, қаламгердің шығармашылық зертханасын пайымдап, нақты жазу үшін. Аты-жөні кім, қайдан келген? Білмейді. Міне, осындай керемет. Мен бұл кемпірден де, роман сұлбасынан да үмітімді үздім, əйткенмен, ең ақырғы талап. Баспаға түскен қолжазбалардың тіркеу кəртішкесі болады. Соны іздеттім. Оп-оңай табыла кеткені. Екінші данасын – Партия тарихы институтына ресми сараптамаға жіберген. Пəлен жыл, пəлен ай, пəлен күні. Бірінші данасын... қарап шығам деп, осы баспаның бас редакторының орынбасары алып кеткен. Алған күні, қойылған қолы бар. Ежелден-ақ менімен жақсы қатынастағы, жайсаң жігіт еді. Белгілі ақын. Қолма-қол телефон соқтым. Шошып кетті. «Жоқ, алмадым, көрмедім» дейді. Міне, роман кəртішкесі менде тұр, сенің қолың қойылған, ұмытатын нəрсе емес, деймін. Дауысы шығып кетті. «Білмеймін, мені бұл іске шатыстырма, алғам жоқ, көргем жоқ», – деген, азар да безер болып. Айттым, дос-жар қатынастағы, жайдары, ақкөңіл жігіт еді. Ары қарай қинамадым. Сөз мəнісі, себеп, салдары мағлұм болды. Алған, біреуге апарып берген. Өз қалауымен емес, жоғарыдан, кем дегенде баспа директорынан түскен жарлық бойынша. Қанша қузасаң да елесін тапппайсың. Ендігі үміт – Партия тарихы институтында. Директорымен «вертушка» арқылы сөйлестім. Осындай да осындай, сегіз жыл бұрын сіздерге тапсырылған, пəлен ай, пəлен күн, деймін. Өте бір кіді, күмəнді жағдаят. Мүлде бейхабар екен. Бұл – əуелгі ақпар, сізге ресми түрде қатынас жазылады, осы бүгін қолыңызға апарып береді, дедім. Атаулы сұрау дайын тұрған. Тойболды деген юрисіміз бар еді, менің машинама отырып, жарым сағат өтпей-ақ Партия тарихы институтының директорына табыстап қайтты. Арада үш күнге жетпеді. Бұл да ғажайып іс – қолжазба табылыпты. Осы зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, нақты есімін ұмыттым, сондай кісіге сол бағзы заманда арнайы рецензияға берілген екен. Ол кісі созбалап жүргенде, автор қайтыс болып кеткен, енді ешкім қайыра сұрамайды, ақыры, шкаф түбіне түседі. Қайткенде саналы азамат екен, отқа жақпаған, қоқысқа тастамаған. Жəне ең бір оңдысы – баспаға да қайтармаған. Мен институт директорымен екінші мəрте сөйлескенімде күтпеген хабарға алғыс айтып, тағы да сол Тойболды арқылы жуан теңді қолжазбаны аман-есен қолға түсірдік. 1984 жылдың соңғы декадасы болса керек.
Бұдан кейінгі бар шаруа менің ырқыма көшкен. Осы екінші дана мəшіңкеге қайыра басылды. Содан соң рəсім бойынша сыртқы рецензияға берілді. Бұл заманда менің Жазушылар одағындағы Проза кеңесінің төрағасы дейтін бейресми міндетім бар еді. Баспаға келерден бұрын атқарып жатқан. Шыққан шығармалардың талқысы, жаңа бір дүниелерді баспаға ұсыну. Тілге тиек, беріктік үшін осы Проза кеңесіне салып, толық мақұл таптық. Сонымен бірер жыл өтті. Ақыры, 1986 жылы жазғытұрым келесі 1987 жылдың тақырыптық жоспарына бекіген еді.
Осыдан бұрын, 85-жылдың бел ортасы, əлде аяғында, Нұртазин романының бір данасын «Жұлдыз» журналы, Бекежан Тілегеновтың қолына тапсырдым. Тұтасымен жарыққа шығар, дегем. Мұншама көлемді көтере алмайды екен. Онда Бірінші бөлімін. Мақұл көргендей болды. Тым көп ұзамай хабарлассам, басынан емес, төменгі бөлігінен үлкен бір үзікті таңдап алыпты. Реніш айтқан едім. Бұл – Тұрар өмірінің жазылмаған кезеңі. Ал қолжазбаның бастапқы жарымы – Шерханның айна-қатесіз дублі болып шығады. Əп-бəлем, енді кейінгісін жазып көрсін! – деген. Мен таң қалып күлдім. Оп-оңай айналып өте салады, Беке, үлкен қате жасадың, дедім. Сөз мəнісі – 1980 жылдан бастап, Тұрар Рысқұловтың ғұмыр жолына арналған «Қызыл жебе» дейтін романның алғашқы кітаптары жарыққа шыға бастаған. Əуелде орта көлемді екі кітап – бір томдық шамасында. Содан соң жақында ғана үшінші кітап – келесі жарым том. Бұл кезде Мұртазаев «Қазақ əдебиетінде». Бекежан екеуі кермар. Жəне қашанда соқтығып, кекетіп, іліп-шалып отыратын – Шерхан. (Кейін, 1988 жылдың июль айында мен «Жұлдызға» келгенде, осы мінезін маған да көрсете бастап еді, қолма-қол орнына қойып бердім.) Міне, Бекежанның қарсыласын мұқатқан сиқы. Алдын тоспақ. Оп-оңай аттап өтті де кетті. Соңынан түре түссе, бəрі басқаша шығар еді. Хош. Сонымен, Темірғали Нұртазиннің Тұрар Рысқұлов туралы романы «Жазушы» баспасында өз кезегін күтіп тұр...
Өмірде, бақытсыз демейін, жолсыз адамдар болады. Оң ісінің өзі теріске саяды, аяңдап өтетін, тегіс жерде көлденең бөгесін табылып, орға жығылады, қисынды шаруасының өзінің қиюы қашады. Темірғали Нұртазин марқұмның өмірлік үлкен еңбегінің кейінгі тағдыры дəп осындай болды. 1986 жылдың желтоқсанында мен баспадан кеттім. Бұдан соң атаулы қолжазба келесі жылға ысырылыпты. Одан соң арғы – 1989 жылға. Əлдебір себеппен, бəлкім, дау-дамай туып кетер деген қауіппен, біржола мансұқ етілмеген. Анығы – бұл кезде баспа басшылығы өзгерді. Ақыры, өндіріс графигіне түсіп, əлдебір іждағатты редактордың міндетіне тапсырылды. Қарай бастаған. Мына жері – Шерхан Мұртазаевты қайталайды екен. Ана жерде нақпа-нақ үйлестік бар. Енді бір тұсында сюжеттік даму, кейіпкер тұлғалау мүлде ұқсап кетіпті. Не керек, осындай ортақ тармақ, қатарлас беттер түгелдей алынып қалады. Басқадай қысқартулар өз алдына. Ақыры, «Тұрардың анты» деген атпен, осы 1989 жылы жарыққа жетті.
Алайда, бұл да ақыры емес. Мен баспадан кетуге қам жасаған соңғы бір айда Нұртазин романының қолжазбасын бастан-аяқ көшіртіп алған едім. Төрт-бес мəшіңкеге бөліп беріп, айналасы үш-төрт күнде. Алып кеттім. Осы əуелгі, неше бөлек қалпында, беттері қайтадан нөмірленбеген күйі жаңа бір қоймаға түсті. Өзім «Жұлдызда» берік отырған жылдарда қайыра, толығымен бастырып шығаруға мүмкіндік мол еді, алайда... қасақана дұшпандық танылмақ. Онсыз да бар тарапта дау-дамайымыз көп, тартынып қалып едім. Қазір Алматыда, менің ескілікті қолжазбалар қоймамда жатыр. Ерте ме, кеш пе, əлде архивке, əлде баспаға тапсыруым мүмкін. Немесе, басқаша бір жария. Əйткенмен, ендігі заманда əлдекімге көлеңке түсіреді демесек, ешқандай қызығы жоқ. Зая кеткен еңбек. Бас кейіпкер, ұнамды кейіпкер, тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов шын мəнісінде ондай тəуір кісі болмағаны əшкереге шығып қойды. Əр нəрсенің өз уақыты бар екен.
Əйтсе де обал. Соншама тозақы еңбек. Орта жолдан «дайын асқа тік қасық», өкіметке жақын, желдің оңын ғана бағатын, рулық санадан аспаған, ұлттық санаға жетпеген, есесіне атақ шығарудың арзан тəсілдерін шебер игерген заманауи шолақ белсендінің нəпақасы болды. Егер біз ешқандай саяси астар бермей, Тұрар Рысқұловты тек қана советтік, партиялық қайраткер деп қарасақ, – тіпті, Гитлер мен Сталин туралы да кітаптар жазылып жатыр ғой, – Темірғали Нұртазин романы осындай тұлғаның тек күнгей жағын ғана алып сыпаттаған, кезеңдік мəні бар елеулі еңбек деп бағалануға тиіс. Бұл Тұрар Рысқұловтың қазақ жерін қайта құрау дəуіріндегі кертартпа, зиянкес əрекеті, Алаш арыстарының үстінен бір емес, екі қайыра, Сталиннің өз қолына тапсырылған жойымпаз, жалақор арыздары, кейінгі, колхоздастыру науқанындағы асыра белсенділік, яғни ақыр түбі қазақ голодоморына кеңінен жол ашқан ғаламат қылмысы – өз алдына жеке тауарих. Темірғали Нұртазин атаулы романында қамти алмаған, бірақ қазақ тарихы үшін айрықша қаралы беттер болып табылатын ерекше құбылыстар есебінде арнайы қарастырар едік. Қайткенде, алмағайып замандағы қазақ қайраткерінің қиялдағы ұнасымды бейнесін жасауға ниет еткен Темірғали Нұртазиннің зəредей кінəсі жоқ. Керісінше, бұл Тұрарды тарихи Рысқұлов емес, мүлде басқа, дерексіз, əдеби кейіпкер ретінде қарастырсақ, біздің айтпағымыз түсінікті болуға тиіс.
Силвер Сприң, Мэриленд, АҚШ,
26.ХІ.2018.
Бөлісу: