ЗАМАНАУИ ОКСЮМОРОН
Бөлісу:
Қандай да бір лингвистикалық құбылысты қарастырғанда біз оның қызметін, басқа құбылыстар ортасындағы орнын анықтау барысында ең алдымен дамудың ортақ жолдары мен мүмкіндіктерін қарастырамыз және жеке тілдік фактілерге емес толығымен тілге жүгінеміз. Тіл - әлемді тану құралы. Адам әлемді қалай тура бейнелесе, солай жанама да бейнелей алады. Жанама бейнелеу тілдік құралдардың экпрессивті-эмоционалды түрлерін пайдалану арқылы жүзеге асады. Осы тілдік құралдардың ішінен кереғарлығымен және жасалу жолының көптүрлігімен ерекшеленетін оксюморонды айтуға болады.
Жалпы алғанда оксюморон қазақ тілінде енді-енді зерттеле бастаған құбылыстардың қатарына жатады. Қазақ тіл біліміндегі оксюморон қолданыстары тым кең де, аса тар да емес.
Оксюморонның қазіргі заманмен байланысын анықтамас бұрын оның атауы қалай жазылады және қалай айтылады, оксюморон ба немесе оксиморон ба деген сұрақтардың басын ашып алсақ. Шындығына келгенде екі түріне де рұқсат берілген. Соған қарамастан бір ғалымдар бірінші түрін таңдаса, өзгелері екінші түріне тоқталады. Ғалымдар арасында осындай даулардың туындау себебі грек әрпінің «ύ» (ипсилон) қалай оқылуына байланысты. Қазіргі терминологияда грек тілінен шыққан жазылудың екі түрі де қолданылады:
- «жаңа жүйе» - грек сөздерінің латын тіліне ауысуына сай және ежелгі гректік айтылымды бейнелейді;
- «ескі жүйе» - грек сөздерінің славяндық шіркеу тіліне ауысуына сай және жаңа гректік айтылымды бейнелейді.
Жаңа жүйеде ипсилон и/ю/в түрінде оқылса, ескі жүйеде тек и/в түрінде ғана оқылады. Сол себепті ресми түрде «оксюморон» тек жаңа жүйеге сай келетін болса, «оксиморон» - екі жүйеге де сай. Екі түрдің ғаламтор жүйесіндегі қолданылу жиілігіне үңілсек оксюморонға – 93 700 сілтеме (80%), ал оксиморонға – 22 700 сілтеме (20%) [1, 1]. Осы мәліметтерге талдау жасай келе біз де өз жұмысымызда оксюморон тіркесін пайдаланғанымыз дұрыс деген қорытындыға келдік.
Окюморон қазіргі заманның өзекті мәселелерімен тығыз байланысты. Біріншіден, сән әлемінде оксюморон қазіргі заманның ең әдемі әрі ең сәнді киіну тәсілі ретінде мойындалып отыр. Өзара сәйкес келмейтін киімдерді сәйкестіру арқылы ғана қалаған мақсатыңа жете аласың, яғни өз табиғатыңның алуан түрлілігін қарапайым киімдер арқылы көрсете аласың. Мысалы атақты Louis Vuitton фирмасының жақын арада шыққан киім үлгілері де оксюморон үлгісінде жасалған. Кеңес дәуіріндегі сән үлгілерін зерттеушілер «қатып қалған сән үлгісі» деп атаған, ендігі «Fast fashion» үлгісі кеңес адамдары үшін оксюморон болатын үғым. Себебі заманауи жылдам сән үлгісінің мақсаты: тез тігу, тез сату, тез тастау және қайтадан жаңасын сатып алу. Ал кеңес дәуірі адамдары бір киімді бес-алты жыл бойы киген. Ал қазіргі заман адамдары сәннің соңынан ілесе алмай жүр.
Оксюморон қолданысы көбінесе көркем шығармалардың сонымен қатар фильмдердің жаңаша бірақ түсінікті атауы ретінде пайдаланылады. Мысалы жастардың сүйіп тамашалайтын шетелдік «Страшно красив» фильмін алатын болсақ, бұл тек қана фильмнің атауы емес сонымен қатар жастардың сөйлеу тілінде де жиі қолданылатын тіркес. Мысалы, қыз балалар бір адамның келбетіне таңданған кезде «он страшно красивый, он ужасно хороший» деген сияқты тіркестерді пайдаланып жатады. Бірақ бұл жерде көбі оксюморонды катахерза құбылысымен шатастыруы мүмкін, себебі катахерза да оксюморон сияқты бір-біріне лексикалық мағыналары қарама-қайшы сөздердің тіркесуінен құралатын стилистикалық фигура болып табылады. Сонымен қатар әлемге әйгілі актер А.Шварцнегердің қатысуымен түсірілген «Правдивая ложь» фильмінің атауы да оксюморондық атауға жатады. Фильмнің мазмұнына келер болсақ, қарапайым компьютер сататын, күні бойы жұмысынан шықпайтын адамның он бес жылдан кейін ғана мемлекеттік қызметтегі арнайы агент екені анықталады. Яғни ол он бес жыл бойы екі жақты өмір сүрген. Бұл фильмнің аты затына сай десек те болады. Осы тіркестердің өзі де заман мен оксюморонның өзара байланысын айқын көрсетеді.
Қазіргі заман жастары әлеуметтік желілерде жиі отыратындықтан, оларда «виртуальды әлем» ұғымы қалыптасқан. Егер олар бір жігітпен немесе қызбен танысса «виртуальды түрде жүре» бастайды. Бір-бірінен хабарлама күтеді, тіпті жақсы көру, сүю, қызғану сияқты желі арқылы берілмейтін сезімдерді де бастан кешіп жатады. Бірақ олар үшін мұның бәрі ақиқат, шындық - «виртуальды шындық».
Екі мыңыншы жылдың басында жастардың бас алмай отыратын «агент» атты әлеуметтік желісі болды, әлі де бар. Ал «агентке шық» оксюморонын қалай түсінуге болады? Егер агенттен шық дейтін болсақ ол шынымен де шығу мағынасын беретін еді. Ал агентке шық дегеніміз агентке кір деген мағынаны береді. Яғни бұл жердегі негізгі рольді атқарушы кімге? неге? қайда? сұрағына жауап беретін барыс септігінің жалғауында болып тұр. Яғни бұл жерде біз агент және шық сөздеріне барыс немесе шығыс септігін жалғау арқылы сөз тіркесіне қарама-қарсы мағына бере аламыз.
«Қара орысты көргенде, сары орыс әкеңдей көрінер» деген мақал қазіргі заманға сай айтылған сияқты. Бұл жерде «қара орыс» деп отырғанымыз - қарапайым қазақтың баласы, қазақ бола тұра өз тілін білмегендіктен оны қара орыс деп атап отыр.
Қазіргі заман ақындарының өлеңдерінде де оксюморондық атаулар жоқ емес. Оған мысал ретінде А.Елгезектің «Кәрі бала» өлеңін алуымызға болады.
Қайыр сұрап шығады ол, кәрі шалдық түр-өңмен.
Жап-жас бала бірақ та. Жеті жасар. Білем мен.
Белгісіз бір ауруға душарланған өгей ұл.
Өкініштен-өксіктен жыбырлайды көмейі.
Қоғам деген мен үшін – сол жетім мен өңгелер.
Тақияға ескірген соқыр теңге дөңгелеп
Түсе қалса,
Сырқаттан айығам деп ойлайды.
Қолындағы шыбықты аспап қылып ойнайды [2].
Осы өлеңнің өн-бойынан оксюморон құбылысын байқауға болады. Ең алдымен, «Кәрі бала» деген өлең атауы - дәстүрлі оксюморон. Екіншіден өлең құрылысында кездесетін баланың сипаты логикалық оксюморон көмегімен жасалған. Бұл өлеңнің қазіргі заманмен байланысы баланың қайыр сұрап отырғанынан-ақ көрініп тұр. Ертедегі қазақтар жетім-жесірін жылатпаған, ал қазіргі заманда әркімнің өз жұмысы өзінде, өзгеге қарауға мұршасы жоқ қатыгездік сезімін ақын осы өлең арқылы толық жеткізген.
Қазіргі заман ағымында қандай да бір затқа немесе мақалаға адамның назарын аудару оңай емес. Сол себепті жарнама жасау барысында, мақала жазғанда адамдар оған ерекше атау беріп, ерекше жарнамалағысы келеді. Мысалы, белгілі «Фольксваген» автокөлігінің көрмесінде оны «Миллионерлерге арналған халықаралық автокөлік» деп атаған болатын. Логикалық түрде ойға қонымсыз жарнама, егер ол халықаралық болса неге ол тек қана миллионерлерге арналған деген сұрақ туындайды.
Анталия қаласында орналасқан «Обезьянник» қонақ үйінің аты затына сай. Қазіргі заманда адам заңсыз нәрсе жасаса оны екі немесе үш күнге түрмеге отырғызады және ол түрмені «обезьянник» деп атайды. Үлкен бес жұлдызды қонақ үйдің осылай аталуы қарама-қайшылық тудырады. Сонымен қатар бұл қонақ үйге келген адам үш күнге өзінің жеке құжатынан айырылады. Бұл жердегі оксюморон формальді-логикалық қарама-қайшылыққа негізделген [3,29].
Берілген мысалдардан оксюморонның қазіргі заманмен және оның сән, машина, поэзия, қонақ үй, әлеуметтік желі, кино тәрізді өзекті мәселелерімен тығыз байланысты екенін көреміз. Осының барлығын әдемі әрі әсерлі етіп жеткізуде, оның мазмұнын ашуда, адамның қызығушылығын оятуда оксюморонның алатын орны ерекше.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- И.Б.Бурдонов «И уже я забыл слова», http://www.litkonkurs.com
- akberen.com
- Г.В.Бобровская «Аллогизмы в газетных публицистических текстах»http://cyberleninka.ru/article/n/alogizmy-v-gazetnyh-publitsisticheskih-tekstah
Бөлісу: