Асқар Алтай. Жазушы болу – тағдырдан шығар...

Бөлісу:

27.02.2023 2409

- Жас қосылып, жауапкершілік артқан болар, аға? 

Иә, бауырым, Аллаға шүкір!

Жасқа жас қосылып, уақыт сырғып жатыр. Әр жас қосылған сайын өзіңе бір іштей есеп бересің. Өткен-кеткен тағдыр-талайдың қу соқпақтары ойға оралады. Әсіресе, ата-баба тағдыры туралы қайыра есеп бере бастағандай боласың. Олардың советтің сұрапыл ғасырымен бетпе-бет келген күрделі өмір жолдары маған «аманат» жүктеп кеткендей көрінеді. 

Әкем Құмар, атам Алпысбай жете алмаған жастан асып кетіппіз. Атам отыз бес-отыз алты жастарында өмірден озыпты. Ал әкем 1920-1922 жылдар аралығында өмірге келіпті, 57-58 жасында көз жұмды. Ал бабам Жылқышының сүйегі Марқакөл өңіріндегі әйгілі Бөкенбай тауының етегінде жатыр. Сол арада  Атымтай-Мысқал қыстауында ұлы бабаларымыздың қорымы бар. Жылқышы бабам  сексеннен асып отырғанда «кәмпескеге» ұшырапты. Тәргіге түсіп бара жатқан қалың жылқының  құсасынан тұра алмай қалыпты... Құсадан кетіпті. Ұзақ жасаған сол бабам ғана екен. Арғы жағындағы «шынжыр балақ, шұбар төс» атанған  Шонжырбай – ұлы бабам кемі тоқсан жасапты дейтін. Одан әріде бәрі де сағым-сәуле ғой.

Ойлап отырсам, біздің баба әулет өткен ғасыр сұрапылынан зардапты кешудейін кешіпті. Атам да, әкем де совет өкіметі тұсында кісі қолынан мерт кетіпті... «Марқа мырза» атанған Алпысбай атам тәргіден соң қуғын көріп, ақыры шекара асыпты. Шекараны бұзып ары-бері өтіп жүріп, ақыры ағайындар оққа қимаса да, басына қорғасын өрілген қамшы-бишікке қиыпты. Бәрі де ағайынның пендеуи қызғанышынан бұрын, большевиктік өкіметке қызмет қылған жандайшаптық әрекетінен туындапты. Қорғасын бишік басы айналып кеп тиіп, бүйректі езіп, шекара бойында – ат үстінде өлім аузында қалыпты. Сол зардаптан үш күн жатып, жер жастаныпты, жарықтық! Бүгінде мүрдесі – Алтайдың арғы бетіндегі Алтай қаласында... 1993 жылы басына барып, қабіріне дұға оқыттым. «Сират» романымда жаздым да...

Ал әкем Құмарды 1936 жылы Сауыр тауындағы көк жайлауда  Алпысбайдың інісі Омардың үйінен НКГБ тыңшылары ұрлап әкетіп, Майқапшағай-Жеменей шекарасы арқылы Зайсанға жеткізіпті.  Ары қарай Өскеменге, одан Москва асырып, арнайы барлау мектебінде оқытыпты. Мәскеу маңында «Диверсиялық барлау мектебінің» «Шығыс тобында» алты жыл барлаушылық даярлықтан өтіпті... 1942 жылы керейдің шеруші табынан шыққан генерал Дәлелхан Сүгірбаевқа «советник» ретінде Зайсан арқылы Майқапшағай шекарасынан Алтайға өткізіліпті. Сонда «Шығыс Түркістан Республикасы» құрылуы үшін жан аямай арпалыспен жастық ғұмырын сарп еткен.

1961 жылы қара күзде оралып, Зайсанда тұрыпты. Мен сонда туыппын. Әкемнің тағдыры қалай тұйықталғаны туралы «Сиратта» деректілікті сақтай отырып жазғам... Ол туралы айту маған аса ауыр!

Зайсан десе көп нәрсе еске оралады. Нағашы әжем – Ажар апам да осы Зайсан қаласынан. Ол – қазақтан шыққан тұңғыш архитектор Баязит Сәтбайұлының жалғыз қызы. Ақындығы болған, арғы беттегі Алтай қаласында айтыс ұйымдастырып,  сол айтыста өзі де қатысқан екен. Анам Меңке – Меңсұлу – Ажар апамның жалғызы... Шешемнің екі әкесі болыпты. «Сират» романында шет жағасын суреттедім. Тумай жатып жатырда жетім қалған анамның әкесі – Аягөз өңіріне белгілі Қырықбай қажының кенже ұлы Шаймерден екен. Қатынсудың бойында қызыл шекарашылардың оғынан шейіт кеткен. Ал екінші әкесі – әйгілі Әбілпейіз төре тұқымы Баймолда атам. Өсіріп жеткізген, әкеме қолдан ұзатқан осы адам. Ол кісі тоқсанға таяп қайтыс болды. Сондықтан анам өзін «төренің қызымын» деп өтті. Баймолда атамның Зираты Зайсан қаласы қорымында. Нағашы апам Ажар мен анам Меңсұлу Алматы іргесіндегі Райымбек зиратында дамылдаулы. Ал әжем Рахима Қалғұтыда топырақ жамылды.

Осы ғазиз жандарымның бар асылын жинап, бүгінге жетіппін. Бәлкім, мені жазушылық ғұмырға бұрып әкеп салған да осы жанкүюлі, қантуыс адамдардың тағдыр-талайы шығар!.. Білмеймін.  

- Жазушы болуыңыз тағдыр ма, таңдау ма? Жазу азабы жайлы не айтасыз?

- Таңдау деп ойламаймын. Тағдыр шығар. Әулетіміз тағдыры мен қазақ ұлтының тағдыр-талайы менен алыс емес қой... Олардың өмір елесі ойға оралып, санаңа сарысудай сіңіп алғандықтан да жаның жылайды, жүрегің тебіренеді... Мұны тағдыр демеске шараң жоқ.

Жазу азабы да осы тағдыр тәлкегі шығар... Жазбасқа ширыққан жаның қоймайды. Қазіргі қазақ қоғамындағы сан алуан құбылыстар да санаңды сілкілейді; тіпті түн ұйқыңды төрт бөлгізіп, сілікпеңді шығарады. Ал ол улы дүние жаныңның жұлма-жұлмасын шығарып, ақыры жазбасқа амал қалдырмай, хатқа түсіп біткенде құр сүлдерің қалады. Жан азабы мен жазу азабы – тең азап... Әйтеуір бір жеңілдеп қаласың. Ең бастысы өзегіңді өртеген, санаңды шырмауықтай торлаған усойқы ойдан арыласың. Демаласың.

- Қазір кез келген өнер жаңа форма іздеу үстінде. Қазақ прозасына бұл үрдіс қажет деп ойлайсыз ба?

- Өте қажет! Формасыз мазмұн ойдағыдай шықпайды. Оған дәлел күрделі «Сират» романым дер едім. Тіпті, алақандай әңгіме жазсаң да компазиция керек. Және форма мен компазиция құруда шектеу жоқ. Ол үнемі жаңарып, жаңғырып отыратын процесс.

Қазіргі жастар осы формалық ізденіске мән бермейді. Менімше, әдеби білім мен таным, тәжірибе кемшін. Шығармалары шикі болып көрінетіннің бір себебі осында жатыр. Тілге шорқақ. Тіл шорқақ жерде – ой қортық... Әдеби тіл емес, ауызекі сөйлеу тілімен жаза салады. Бір қара мақала секілді мыжың, мылжың сөйлемдер іш пыстырады. Тартпайды. Сөйлем құрылыстары үйлеспей жатады. 

Сөйлемді дұрыс құра алмау ойға байланысты. Жалпы, ой толық жүйеге түспей, ой қорытылмай жазуға отыруға болмайды... Бірді айтып, бірге кету деген осыдан шығады. Шашыраңқы ой бытыраңқы сөз саууға әкеліп соғады. Сюжетті орашалақ бере салады. Саусақпен сорып сюжет құрауға болмайды. Жазғалы отырған ой-идея өмірдің өзіндегі ақиқаттан да асып жатуы тиіс. Сонда ғана көркемдік сюжет сиқырлы сөзбен санаңда ойнап сала береді. Бұл енді ұзақ мәселе... Құпиясы қатпарлы. Шығармашылық процесс терең де аса шетін құбылыс!

- Қазіргі қазақ қаламгерлерінің көбі ғұмырнамалық шығармадан аспай жүрген сынды. Роман неге жазылмай жатыр? Жазылса да жарыққа шықпай жатыр ма?

- Қате айтып отырсың! Бізде әлі күнге кері кеткен бір түсінік бар. Совет заманындағыдай романдар қаптап жазылмай жатыр деген..? Ол кезде романдарға «барлау» жасасаң, көбісі гонарар үшін көлем қуа қампиған, халтурасы мол жазбалар. Бұл бөлек әңгіме... Сондықтан сол уақта роман жазғыштар көп болды. 

Ал қазір уақыт басқа, сұраныс бөлек. Қаламақы жоқ. Осының бәрі қаламгер қауым жүйкесіне салмақ. Роман жанрының да сипаты, мазмұны мен мәні өзгерді. Жалпы, роман аса ауқымды эпиктік жанр. Оған кез келген прозайк батылы жетіп бара алмайды. Барған жағдайдың өзінде ортақол шығарма болып шығуы кәдік. Сондықтан романға санаң, ойлау жүйең сай болуы керек. Мен оны «романдық ойлау» жүйесі болу керек деймін. Мәселен, роман жазған классик жазушылардың кесіп-пішіп жазатындай кең ойлау танымы мен ойға сену тәжірибелері болғаны ақиқат. Сонда ғана роман самғаған самұрық құс сияқты еш қиналыссыз «туады». Ал ондай ойлау мүмкіншілігі шамалы қаламгер қанша «күшенсе» де, роман деп айдар тағып қойса да, жанр жүгіне сай көркем туынды тумасы анық. 

Қазір романдар жазылмай жатқан жоқ. Жасы бар, жасамысы бар, тіпті ақсақалдары да бар – жанр жүгін арқалап, азабын «кешіп» келеді. Ауызды қу шөппен сүртуге болмайды!.. Әлбетте, ішінде роман деуге лайық емесі де, халтурасы да баршылық. Тіпті, соңғы жылдары Мемлекеттік марапатқа ие болып жүрген шығармалар да романдар. Демек, бұл жанр жазылуда, жазыла да береді.

- «Міне, Сіз 60 деген асуға шықтыңыз, төменге қараңызшы, Аға, мен көрінем бе екен?», – деген Оралханның ойлы сұрағын білесіз. Сіз төменге қарағанда кімді көресіз?

- Жалпы, аға буын үнемі өзінен кейінгі буындарға сын көзбен қарайтыны белгілі. Бұл бір «тырнақ астынан кір іздеу» емес, анығында сөз өнеріне деген алаң көңілден туындайтын көзқарас. Дулат Исабеков ағам мен туралы айтқанда дөп айтқан болатын... Сондай-ақ, Мұхтар Мағауин ағам да бір жолығып қалғанымызда «Не жазып жатырсың?» дегені бар. «Ноқталы арман» романын бітіріп қалдым, - дедім. «Онда оны маған әкеп бер. «Жұлдызда» шығуы тиіс!» деді де, қасындағы бұрышта тұрған темір сейфтен «Мен» романын алып шығып, «Мені ұмытсаң да, «Жұлдызды» ұмытпайсың» деп жазып, қолтаңба берді. Мен үндемедім. Мұхаң «Қазақ тарихының әліппесі» кітабы үшін «Ер-Дәулет» баспасының басшысын емес, мені жазғырып, іштей «өкпелесіп», ол Бас редактор болып отырған редакцияға мүлде жоламай кеткен жылдар еді...  Әңгімеміз жараса қоймады, тағы не жазып жүрсің дегендей болды. «Оны-мұны» дедім. Сөз арасында «сіз бірнеше сәтті шығармалар жаздыңыз» дедім. «Гөтөнің махаббаты» мен «Кесік бас» журналда жарияланған тұс еді. Сонда Мұхаң: «Мен қаптың түбін қағып жатырмын ғой...» дегені.

Сол Мұхаңның «қап» туралы тәмсілі тегін емес... Өйткені кез келген суреткер кейінгі буынға үмітпен қарап, елең еткізерлік тың дүние, мүлде соны шығарма күтетіні ақиқат. Сәкен Иманасов та 30 жасымда жазған  тұңғыш романымды «Жалын» журналынан оқығанда қатты қуанып, тоқымдай мақала жазған еді... Өз басым Нұржан Қуантайұлы «Желтоқсан көтерілісі» туралы жаңа, шағын роман жазғанда газетке қуана мақала жазғаным да содан. Сондықтан артымызға елеңдеп, қарайлап, жылт етер жаңалық күтіп жүретініміз рас. Әзірге ондай келісті де кестелі шығарма қолыма түспей жүр.

Жалпы, кейінгі буын арасында үмітті қаламгерлер бар... Олардың бірін айтсам, бірін айтпасам «өкпелер» деймін. Тек жігерлерін жанып, таланттарын ұштап, сапалы, сын көтеретін, мойымайтын болып қалыптассын. Бірін бірі жер-көкке сыйғызбай өтірік мақтаудан аулақ болсын. Нығыз көркем дүние тудырсаң, ол ерте ме, кеш пе ауызға ілікпей, айтылмай қоймайды.    

- Алтайдан «Қызыл бөлтіріктің» ауғаны сынды сөз құдіреті де ауып кеткен жоқ па? Шығыстан шыққан жас жазушыны жолықтыра алмай жүрміз?

- Өкінішке қарай «қызыл бөлтіріксіз» Алтай аңырап тұр!.. Алтайдан ел көшті... Елмен бірге сөз де көшкендей дейсің ғой. Әлбетте, сөз де сүйекке бітетін қасиет. Жалпақ жұрт кетсе де жұрнақ жұрт қалады ғой. Ауылдар аңырап қалғаны рас, әсіресе, Марқа бойы молалар күзеткен ауылдарға толы. Күршім ауылдары да селдіреп кетті. Биіктегі, алыстағы ақиық мекенді ауыл-аймақ ат үркердей бос қалған. 

Ал сөздің киесі мен ұясы сол ауылдар иінінде түлейтін еді ғой... Өкінішті! Дегенмен ел-жұрт әлі де баршылық. Ойда олжасыз үміт, жүректе сарсаң сезім. Жұрт бар жерде Сөз құдіреті де оралып, соғып отырар. Жаңа ойлы, жады жаңғырған жаңа ұрпақ та келер!.. Алтайдан ақтарылар ақ өлеңдей Сөз сонары да саулар!.. Ұрпақ та туар! Уақыт пен Сенім селбесер. Соны сөз тудырар алтайлық буын ат салысар күн де туар деген ойдамын.

- Соңғы шығармаларыңыздың бірі «Вирус-мутант» қалай жазылды? Оқырман түпкі мәнін түсіне алды деп ойлайсыз ба?

- Кейі түсінді, кейі түсінбеді... Әдебиетшілер мен ғалымдар аңғарғандай. Менің түпкі ойым – түбі мұндай зауалдар мың жыл ішінде өңін айналдырып, екі-үш жүз жыл өткен сайын қайталанатын, адамзатты сынаққа салатын құбылыс дегенді беру болатын. Ендігі жолы «тарақан» жәндікпен тарайтын шығар деген тұспал сауалмен берілген жорамал ой еді... Вирус атаулы жер бетінде үнемі мутацияға ұшырап отыратынын адам баласына жазушылық интуициямен аңғарту еді. 

- Әңгімелеріңіздің бірі – «Бөкентұмсықта» аңшылардың оттық пен астық қалдыру дәстүрін сәтті суреттейсіз. Алтайдағы осы сияқты ұмыт қалған дәстүр мен аңыз жайын азырақ тілге тиек етсеңіз?

- Алтай – адамзат дамуының алтын бесіктерінің бірі де бірегейі... Ғылымда бұл әлдеқашан дәлелденген. Мұнда ашылмаған құпиялар мен жұмбақтар жетерлік. Ол өзі бірден ашыла салмайды. Қоғам дамыған сайын гауһар жүзіктей жарқ ете қалып отырады. Тек сол кезге дөп келсең болғаны.

Қазынасы мол Алтайдың жұмбағы да мол. Ал мен аңшы шалдармен бала кезімде бірге жүрдім, аң аулауға қаршадайымнан солар алып жүрді. Олармен, әкеммен иен түзде қонған күндерім болды. Міне, осының бәрі шығармашылық өмірімде өз ізін қалдырып келеді. «Бөкентұмсық» әңгімесінде де сол күндерден елес сәт пен дәстүр көрінісі айнымай берілді.

Ал енді аңызға оралсақ, онбес-ақ жасымда жазылған «тырнақалды» шығарма «Қызбейіт» әңгімесінен бастап, күні бүгінгі жазылған «Былғары табыт» романына дейін Алтай аңыздарын «қорек» етіп келемін... Алтай –  менің мәңгілік аңызға толы жырым, тағдырымның толғағы. Мәселен, «былғары табыт» пен «аманат» туралы аңызды мен 1969 жылдың қысында – ақпан айы болу керек, қарт Бөкенбай тауының күңгейінде, тау ішінде орналасқан Жантай деген ауылда тұратын ағайынымыз Әбдүс деген қариядан естіген едім. Тура алты жасар кезім екен. Әкем тізесінде отырып таңқала тыңдағаным әлі күнге есімнен бір кетпейді.

«Былғары табыт» аңызының иесі – сол жерде әңгіме қылған Әбдүс шал. Оның Қамбар, Нұрбек деген ұрпақтары Өскемен мен Алматыда тұрады қазір. Сол жолы Әбдүс қарт жауын бабаларымыз «былғары табытпен қинап өлтіру» туралы әңгімелеп отырғанда сұмдық оқиғалар көз алдыма елестеп, балалық санаммен қиялдап, қатты қорқып отырғаным күні бүгінгідей жадымда қалды... Ал «аманатқа» берген хан ұлының опасыз болып шыққаны туралы хикаясы кейін де есіме жиі оралатын болды. Сөйтсем, әкем мен шалдар Бөкенбай бойындағы «Былғары табыты» жері, Зайсан көлі жағасындағы «Аманат» атты жерлер атауына байланысты сыр шертіскен екен... Мектепте жүргенімде бұл аңыздар туралы жазам деп ойлайтынмын.

«Жұлдыз» журналына жаңа орналасып, жұмыс істеп жүргенімде бір күні Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектепов келіп танысты. Ахаң (Байтұрсынов) туралы мақала жазып әкелген екен. Менің қай жақтан екенімді білгеннен соң, олар осы жақында ғана  Зайсан, Марқакөл өңірін аралап келгендерін, онда «Былғары табыт» деген елді мекенде «Булгарский табут» деп жазылып тұрғанын көріп таңырқағандарын айтты. 

Жиырма алтыға жаңа шығып, жалындап тұрған шағым ғой, лапылдап отырып «Былғары табыт» туралы аңызды қысқа қайырып, айтып бердім. Ол сақ-ғұн бабаларымыз тері киіп, былғарыдан берен жамылып жүрген кезде дұшпанын былғары табытқа салып қинап өлтіру – жазалау әдісі болған, содан сол жер атауы қалған; оның осындай аңызы бар дедім ағымнан ақтарыла.

Бұл аңызды өзімізде істеп жүрген ақын Қорғанбек Аманжоловқа да бірде айтып бергенмін. Содан біраз уақыт өткенде Қорағам аңыз туралы тап мен суреттеп айтқанымдай «Былғары табыт» атты өлең жазғанын айтты. Менің ойымда түк жоқ, қуана күлдім (Мынандай үзіндісін бере кетейік). 

...Жаңа сойылған жас теріге тіккен пақырды Аптапқа өртеп,
Астына күннің тастаған.
Қылқиып басы.
Жалаңаш тәнде жас тері,
Жабыса сорып жатқандай, тегі, аш пері.
Жұп-жұмсақ тері қақталып күнге құрысып,
Қатыгездіктің болады екен қас көрі.
Тартылып көні қалыбына барып қысқанда,
Көрініп көзге, шырқырап жаны ұшқанда,
Зарлатқан мына зәндемі күйдің азабын
Досың түгілі, тілемессің, тіпті, дұшпанға.
Ғұндардың сондай қатты да болған назары,
Ғұндарда сондай – былғары табыт азары.
Қатал заманда қылмысы ауыр болған соң
Қолданған, бәлкім, осындай ауыр жазаны...

90-шы жылдары шығарған сол өлең кейін «Зеренді қарағайлары» (2002) кітабында шығып, ақын ағам маған қолтаңбасымен сыйлады. Кездескен жерде «Арқада аю болмаған» деген екеуара дауымыз бен былғары табыт жайында жазылған өлең туралы еске алыса кетісеміз.

Ал белгілі ғалым, журналист Аманқос Мектепов те бұл аңызды «Қазақ әдебиеті» газетінде эссе етіп жазбақ болыпты, бірақ менен естігені туралы жақ та ашпапты!.. Қорғанбек аға менен естігенін айтып жүрсе де, Аманқос мырза өзі баяғыдан білетіндей соға салыпты. Бір жақсысы, Әбдүс ақсақал айтқан аңызды бүге-шігесіне дейін оған жеткізбеппін, тек дұшпандарын осылай қинапты деп қана қойыппын. Аманқос осы төңіректен аса алмапты... Әйтпесе, сақтардың  былғары табыт кигізіп, дұшпанын солай азаптап өлтіретіні туралы аңызды бұған дейін ешқандай жерде айтпағаным ақиқат еді. Сақ-ғұн заманынан сақталып қалған Зайсан көлі жағасындағы Аманат атты жер – бүгінде ауыл болып тұрған, ол жер туралы айтылатын «аманат» жайындағы аңыз-хикая жалғасын аманқостарға айтпағам.  

Бұл аңыздар осы Марқа өңірі жер рельефіне қатысты мыңдаған жылдар бойы бабадан атаға мирас болып, жадта көмескіленсе де біржолата ұмытылып қалмай келе жатқан мұра десем қателесе қоймаспын. Ал осы «аманат» туралы әпсана мен «былғары табыт» жайындағы ұлы аңыз сілемі бір-бірімен байланысты болатын. Абырой болғанда, Аманқосқа «аманат» туралы айта қоймасам керек, Аманат ауылынан да хабарсыз екені тағы мәлім.   

Осындайда жазушы Мұхтар Мағауинның бірде айтқан мына бір әңгімесі еске түседі. «Аласапыран» романы жазылып біткенше қорқынышта жүрдім. Менің Ораз-Мұхаммедімді әлдебір ортақол жазғыш әңгіме немесе повесть етіп жаза салып, ол туралы жас кезімнен дайындалып жүрген шығармамның жолын жабар ма екен деп...» деген «қорқынышы» осындайда ойыма оралады.

Алтай аңызына байланысты осындай жайлар болған... 

Аллаға шүкір, «Былғары табыт» романында бұл аңыздар мен әйгілі күйші Буратай Мусин 1976 жылы Шұбарағаш жайлауында шежіредей шертіп айтқан Тойын ханның (Тарихта Таян хан) жалғыз қызы «Марқа сұлу» туралы аңыз аралас хикаясы да ішіне кірігіп, тасқа басылып үлгерді. Сол Мұхаң ескертуінен кейін Аманқос сияқты жазармандар құлағына салудан сақтанып, қаперіме ұстағаннан болар. 

- Қаңтар оқиғасынан кейін сіздің «Сібір офицері» әңгімеңізді қайталап оқып шықтық. Осы әңгімеде «доғал тұзақ» шешілмей қалады. Әңгімені «Аспақ әлдебір пендені күтетін сыңайлы.» деп аяқтайсыз. Неге?

- Адам баласында ар соты болады... Бұл Желтоқсан қасапшыларына байланысты ар соты күткен дар аспақ бар деген мағынада жазылған еді. 

- Қазіргі шығармашылығызды жайына тоқтала кетсеңіз?

- Бүгінгі адамдарға қатысты әңгімелер сұлбасы жанымды қинап  жүр...

- Асқаралы 60 жасыңызды туған жер, өскен өңірде тойлап қайту туралы жоспарыңыз бар ма? 

- Ондай ой бар. Алтайдағы ақиық оқырманмен кездессем жөн болар еді.

Сұхбаттасқан:Қызырбек Дүргінбайұлы.

“Дидар” газеті

Бөлісу:

Көп оқылғандар