«Жетісу көктемі» прозашылар байқауы. №4 шығарма

Бөлісу:

31.03.2023 4609

Соңғы ханзада

тарихи повесть

Қадірлі оқырмандар, Janr Жетісу әдеби клубы республикалық «Жетісу көктемі» прозашылар байқауын жариялаған болатын. Байқауға келіп түскен шығармалар, автордың аты-жөні көрсетілмей реттік нөмері бойынша жарияланып, жүлдегерлер қазылардың шешіміміен анықталатын болып белгіленген. «Жетісу көктеміне» келіп түскен №4  шығарманы назарларыңызға ұсынып отырмыз. 

– Шәріпхан Жеңісханұлы, Сізді хан тұқымы бекзада дейді. Сыртыңыздан әбден қанық болсам да өз аузыңыздан естиін деп едім.

– Иә, хан тұқымы екенім рас. Әбілпейіз ханның шөпшегімін.

– Демек, сіздің аталарыңыз Шыңғыс ханнан тарай ма? 

–  Иә, Шыңғыстың үлкен ұлы Жошыдан тараймыз. Шыңғыс хан жиырма екінші атам болады. Жошы атамыз Дешті-Қыпшақ елін биледі. Шыңғыс ханның немересі Құбылай бүкіл қытай териториясын біріктіріп, алып ел құрып бергені үшін, тарихшылар оның есімін әліге дейін ұлықтайды. Ал қазір заман басқа. Мұның бәрі өткен дәуірдің әңгімесі. Өз басымды айтар болсам, хан да емес, ханзада емес, қара халықтың бірімін. Бар болғаны сіздің қарашаңызбын.

«Бабаларым сен түігілі сенің ата-бабаңды жүз жылдан артық билеп, әлемге әмір жүргізген» деген бір сөз көмейінде бүлкілдеді. «Бүгінгі Қазақстанның негізін қалаған да арыда Жошы, бері де Әз Жәнібек аталарым» дегісі келсе де, әдейі «Дешті-Қыпшақты билеген» дегенді қосты. Жиырма екі атасының бәрін баяндап жатпады. Шыңғыстан – Жошы, Жошыдан – Ордаежен – Сартақ – Қойыншы – Ерезен – Шымтай – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан – Әз Жәнібек – Жәдік сұлтан – Шығай хан – Есімхан – Жәңгір хан – Тәуке хан – Болат хан – Әбілмәмбет – Әбілпейіз – Көгедай – Ажы – Қасымхан – Жеңісхан болып жалғасатын ата-бабаларын түгел атағанымен де Шың Шысайдың миына қонбайды. Шыңғыс десе үрім-заузатымен үрейлене қарау қанына сіңген оның көздегені «тікелей Шыңғыстан тарайсың ба?» дегенді өз аузынан есту. 

Шәріпхан Шың Шысайдың кеңсе қабырғасына қатарлай ілінген Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин, Сұнятсынның суреттерін көрді. «Жаң Кайшидің суреті неге жоқ?» дегенді ойлағаны сол, езуіне қышқыл мысқыл тығылды. ««Мыналар сіздің атаңыз ба?» деп сұрасам қайтеді» деген ой түртпектей беріп еді, назарын Шыңның сөзі бөлді. 

– Солай болса да, Алтай халқы сізді күні бүгінге дейін хан көтереді екен. 1932-1933 жылдар Алтай аймағында төңкеріс қозғап, аймақтың әкімшілік билігін аударып тастағаныңызды жақсы білеміз.

– Шын мәнінде кім халықтың досы, қормалы – сол менің досым, жақыным. Кім халыққа қарсы болса, олардың мүддесімен санаспай өктемдік танытса, сол менің қасым болды. Шынжаң өлкесінің әмірі Жин Шурын билігінің сондай опасыздығы болғаны үшін сіз оны тақтан құлаттыңыз. Оның Алтай аймағын басқарушы өкілі Уи Жиңгоның түбіне мен жеттім. Сіз Жин Шурынның орнына отырдыңыз, мен Уи Жиңгоның орнына отырдым. Әлде сізге жақтас болып, жауыңызды жайратқаным қате болды ма? Ұқсастық па, мүдделестік пе, сәйкестік пе, сіз айтыңызшы?!

Шың Шысай бұл жолы көзін мекерлене сығырайтып, қарқылдай күлді.

– Дегенменде, тұзақ баспайтын қу екенсіз. Сіздер қазақтар аспандағы құсты қолға үйретіп, онымен жердегі тағыны ұстайсыздар. Алайда біреуі аспан серісі, біреуі жер тағысы. Аспан серісі қолға қалай көнеді. Ал, жер тағысы аң оның уысына қалай ілігеді. Сол секілді адамдар да өзін аса сақ, қырағы, батыр сезініп тұзақ басқысы келмейді. Тұзақ баспаймын деп ойлайды. Алайда оның бәрін уақыт көрсетеді. 

Шәріпхан Шың Шысайдың жылым ниетін бірден аңғарды. Өздерін осы реткі «Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайына» шақырып, неге жібергісі келмей отырғанын да анық білді. Өз болжамының алдамағанын сезді.

– Құс жаңылып торға түседі. Аң да солай. Деседе, бізде «иттің иесі болғанда, бөрінің тәңірісі бар» деген сөз бар. Бәрі де тәңірдің, жазмыштың жазған жазу, сызған сызығынан қашып құтыла алмайды. Адам мықтылығымнан бүркітті алдым деп ойлайды, бүркіт қырандығымен аңды ұстадым деп ойлайды. Алайда сол адам да, бүркітте, аңда ажалы жеткен күні ештеңеден қашып құтыла алмайды. Адам өлеме, қыран өлеме, аң өлеме, ол да тәңірдің қолында.

Шәріпханның бұл сөзі Шың Шысайды да түйреп өтті. «Мынау көкжал десе көкжал екен-ау, мұны уыстан шығармай ұстамаса, сәл алыстап кетсе қайрыла соғып, қанды ауызын салудан тайынбас». Осыны ойлаған Шың Шәріпханның парасатты жүзіне қызғанышпен күле қарап:

– Шынында да айбатты өр тұлғаңыз, кең маңдайыңыз, кісіге тік қарайтын отты жанарыңыз, кемелді ақыл-ойыңыз нағыз бекзатттық бейне – ханзадаға тән болмыс екен. Шынжаң туралы айтқанда қазағыңыз ғана емес, моңғол, қырғыз ұлттары да есіміңізді біледі, сізге ерекше құрметпен қарайды. Мынау ашылып жатқан «Моңғол, қазақ, қырғыз құрылтайының» бас жетекшісі өзіңіз боласыз. Сізбен әзілдесіп, базынаңызды байқап отырғаным өзімсінгенім ғой. Сіздей адал, адуынды он қызметкерім болса дүние ашса алақанымда, жұмсам жұдырығымда болар еді, – деді алдыңғы сөздерін жуып-шайған бейнеде майырыла сөйлеп. 

Жаймашуақтанған кейіппен осыларды айтып жатқанда Шәріпханның бет-әлпетіндегі өзгерісті бақылап, аярлана жымиды. Оның ойынша өзін асау сезінген сахаралықтардың көбі мақтауға келгенде майдай еріп, қой көзі күлміңдеп, майрыла қалуы керек еді. Ал Шәріпханның салқын, сабырлы келбетінен еш өзгеріс байқай алмады. Қайта: «мені қомсынып тұрсың-ау» деген сындарлы қарасы өз өңменін түйреп барады. Тесіле қараған жанарына шыдас бермей, көзін тайдырып әкетті.

Арадағы аз үнсіздікті бұзып қабырғадағы аспалы сағаттың шықылы ап-анық естіліп тұрды. Шәріпханның айтары түгесілген шығар деп ойлап еді, олай болмады. Қоңыр әуенінен жазбаған қоңыраулы дауыс тағы да күмбір етті:

– Арғы атам Әбілпейіз Еженхан атанған Чиан Лұң патшамен терезесі тең сөйлесіп дос-жар өткен екен. Сан мәрте хаттар алысып, шүршіт-қазақ арасындағы талай мәселеге нүкте қойыпты. Кейіннен керейлер төрелікке қалап әкелген бабам Көгедай 1790 жылы сол патша құзырына кіріп, Алтайды билеуші ұлық ретінде «гүң» атағын алды. Атам Ажы оның орнына отырғанда «гүң» шенін қайта бекіткен. Көгедай Пекинге барып Чиянлұң патшадан «гүң» мәнсабын алып келген 1790 жылдан бастап 1919 жылға дейінгі 129 жыл Алтай өңірі ерекеше аймақ саналып, орталыққа сырттай бағынып, алман-салық тапсырып келді. Әрі осы жылдар ішінде бабаларымның билікте болғаны да шын. Сол аталарымыз бізге: «Алланікі парыз, патшаныкі уәжіп» деп, ел мен жерді аманаттап отырды. Әз Жәнібек атты бабамыздан қалған: «Жер – елдің бесігі, бесігін сатқан – несібін сатқан. Құдіреті құдайдай болса да еліңнің жерінен ұлтарақтайын сұраса да беруші болмаңдар! Жер байлығын сатқандар, ел байлығын сатқандар – нағыз опасыздар, оларды кімде-кім кешірімсіз жазалауы керек» деген аманат сөз бар. Бізде бала жастан көл қорыған қызғыш құстай сол даламызды қорғаудың әліппесін жаттап өстік. Жерімізге кім баса көктеп кірсе соны дұшпан санадық. Сіз де бүгінгі мемлекет патшасының әміршісіз. Сіз бен біз де сол ескі жолды ұстанып, ел мен жерге қорған болсақ болғаны.

Жәй айтыла салғандай көрінгенмен, бұл сөздің де зілі ауыр сілесі қатты еді. Бірі: «аталарым хандарыңмен қатар сөйлесе білген, мен сол хандардан қалған бекзадаманын, оның қасында мына қараша сен кімсің» деген ащы мысқыл, удай кекесін жатыр. Екіншісі: «Алтай ежелгі қазақ жері, Пекиннің өзіне сырттай бағынып, алман-салық қана тапсырып келген. Сол байтақ даланы аталарым маған аманаттаған. Оған тұмсығыңды тығып, құлдықта ұстаймын десең сені де оңдырмаспын!» деген сес пен айбат бар-ды.

Шың Шысай: «хандарды айтып қаһар көрсетем деп ойлайсың, сенің бопсаңа қорқа қалатын баламын ба. Сол хандардың орында отырған Жаң Кайши мен Сталиннің өзі менімен абайлап сөйлеседі. Оның қасында алақандай Алтайды уысыма ұстаймын деп марсиып отырған мына сен кімсің. Хан ұрпағымын дейсің, анау Сталиинің қанды қылышының астында басы домалап жатқан хан ұрпағы – төрелеріңді жоқтап алсаң қайда жүрсің, мықты болса солар бас көтеріп, бірдеңе жасамас па еді. Түптеріңе жететіні де осындай бас асау, тағылықтарың ғой. Сендерге ақыл-кеңеспен «айналайын» деудің жараспайтынын жақсы білемін. Темір торға қамап, қойша бауыздаса ғана үндерің өшеді. Мені мұқатам дегенің далбаса. Жарамды тырнап, жанымды жаралай берсең ділмәрсыған тіліңді желкеңнен суырып алармын!» дегендерді ойлады. 

Іштегі ызғарын бүркемелеп, езуіне күлкі шақырып, тісін ақсита күлді:

– Кешегі бабаларың біздің патшалықтармен, жоғары шенді ұлықтармен дос-жар өтіп, олардың әмір-пәрменін адалдықпен орындап келген екен. Сіз де менің үмітімді адалдықпен ақтайды деп сенемін. Сол сенгенім үшін ішек-қарынымды ақтарып, өзіңізбен оңаша шүйіркелесіп отырмын. Мұның бәрін достық көңіл деп біліңіз, – деп өп-өтірік мүләйімсіді.

Бұл отырыста Шың Шәріпханды сынап, мінеймін деп ойлап еді, олай болмады. Керісінше Шыңның кім екенін, нағыз кеспірі қандай екенін білген Шәріпханның көңілін тұман басты. «Бұлардың ниеті халықты қалай жарылқаймын емес, өз билігін, өктемдігін қалай сақтап қалу болса, ертеңінен қандай қайыр күтеміз?!» дейтін бір ой санасын мүжіді. Шыңда оның алдында өзінің ырықсыз күйде қалғанына іштей налып, тісін қайрай түсті. 

Осы Шың Шысай билік басына келгенде, Кеңес одағының өкілі Шахов Шәріпханмен Зайсанның Майқапшағай шекарасында арнайы жүздесіп, жол-жорық көрсетіп:

– Оқыған, тоқығаны көп, көз аясы кең, білімді азамат. Кеңес Одағымен де достас. Ел мен жер үшін, ұлттардың мәдениеті мен дамуына да оң ықпал ете алады. Оның жаңа құрған халықтық түс алған демократиялық үкіметі Жин Шунынның милистаристік үкіметіне ұқсамайды. Біз Шың құрған жаңа үкіметке сенім артып, оны қолдап-қуаттап, іс-тәжірибе жағынан бағыт беріп отырмыз. Егер сендер Кеңес одағына сенетін болсаңдар, Шыңға да сенім артуларыңа болады. Үрімжіге өкіл жіберіп, олармен бір ауыздылықты сақтаңдар. Жақында өлке орталығынан Алтайға сол жаңа үкіметтің пәрменін жеткізіп, Бұрхан мен Баймолда келуі мүмкін. Оларды жылы қабақпен қарсы алып, бірлікте жұмыс жасағандарың жөн, – деп жаңа билікке үміт арттырған. 

Ізінше өлке орталығынан Бұрһан Шахиди мен Баймолда Қарекеұлы бастаған жиырма неше адамдық өкілдер үйірмесі Алтайға келген. Олар Шәріпханмен ұзақ кеңес құрып еді. Баяғыда «Моңғол-қазақ мектебінде» болған кезінде Баймолла арқылы Бұрханмен танысып, оның әр нені жан-жақты ойлайтын кең өрістілігі мен кемел ақылына тәнті болған. Сөз әредігіндегі қысыр кеңестің бірінде Шәріпхан Бұрһанға:

– Мұсылман бауырыңыз ретінде сұрайын, «қайда барсаң қазанның құлағы төртеу» демекші, қытайларды жақсы деген ешкімді естімеппін. Билікке жаңадан келіп жатқан мына Шың қандай адам, шыныңызды айтыңыз шы? – деген.

Сонда мұның бетіне ошарыла қарап, шын сұрап тұрғанын білген Бұрһан:

– Білім жағынан қарағанда көп оқығаны көрініп тұр, ақыл жағынан қарағанда пысық, ширақы. Ең бастысы халықты мәдениетке, білімге үгіттеп жатқаны ұнады. Бұл келмесе де орнына бір қара шұнақ отырар. Патшаны – Алланың жердегі көлеңкесі санайтын мұсылмандық ұғым бар. Сондықтан да қолдан келген көмегімізді көрсетейік, кім екенін өзі дәлелейдейді. Әліптің артын бағып, уақытқа жүгінейік, – деп еді. Саясаттың сорпасына қанша қайнаса да тұзақ баспай, әрнеге секеммен, сақтықпен қарап үйренген ол бірден ашық кетпей, осылай ғана бүлк еткізген.

Өлке билігін тартып алған Шың бастабында гоминдаңдық Нанжиң билігінің қарамағында көрінгенімен, іс жүзінде Шынжаңды дербес билеуге ұмтылды. Бұл идеясын іске асыру үшін Сталиннің сеніміне ие болуды көздеп, 1933 жылы 5 мамырда Кеңес Одағының Үрімжідегі консулымен тікелей байланыс орнатты. Комунистерді жақтаған сыңай көрсетті. Әсіресе, «комунистік партиямен бірігу, Кеңес одағымен жақындасу» саясаты кеңестік кексе комунистердің ет жүрегін елжіретсе керек. Бір кесек майлы еттен құр қалғысы келмеген Кеңестер одағы Шынжаң мәселесін арнайы күн тәртібіне кіргізді. Шың Шысайға әскери күш жәрдемін беріп, оның әуелі Іле генаралы, гоминдаң сегізінші дивизиясының командирі Жаң Пиюан армиясын талқандауына, кейіннен дүңген және ұйғырлар тудырған оңтүстік Шынжаң оқиғаларын бастықтыруына қарулы көмек берді. 

Шыңның ел басқарған алғашқы 3-4 жылындағы тебіні қатты, жемісі тәтті болды. Кеңес одағының озық ойлы мамандарын шақырып қана қоймай, көптеген білім қуған жастарды Мәскеу, Ташкент, Бішкек сынды ірі қалаларға жіберді. Оның ішінде шағын ұлттар өкілі де аз болған жоқ. Шәріпхан Алтайда тұрғанда Кеңес одағының Зайсан қаласынан баспа машинасын әкеліп, Алтайда газет-журнал шығарды. Кино, театр, әдебиет-көркемөнер қатар дамыды. Азғана жыл ішінде қазақ ауылдарынан жүзге тарта мектеп ашылды. Тіпті, «Шың дубан – күн көсеміміз» деген жырлар да туды. 

Тісін ақситып келетін сайқал саясат Шыңғада құлдығын жүргізді. 1937 жылы тамызда Кеңес Одағында құпия сапарда болып, Сталиннің өз қолынан Кеңес Одағы коммунистік партиясына мүше билетін алып, мейманасы тасыды. 1937-1938 жылға келгенде бет-пердесінің бәрін жыртып, өзінің жыртқышқа тән қорқау кеспірін көрсетті. Кеңес одағындағы бай-кулақтарды, алашшылдарды қалай тұтқындап жазалағаны туралы әр күні ақпарат алып отырған Шың Шысай айла-тәсілден кенде емес-ті. Тіпті олардың тыңшылық органдары берген құпия мәліметтері мен тізімін де бей-жай қалдырмады. Осылайша, Кеңестік зұлматты Шынжаң мұсылмандарына оп-оңай көшіріп, «шаш ал десе бас алатын» қанқұйлыға айналды.

Соның алғашқы құрбандығының бірі оқығанынан тоқығаны көп, көзі ашық, көкірегі ояу Баймолда Қарекеұлы болды. Жалшылық өмірінің арқасында моңғол, қытай тілдерін меңгерген зейінді жас 1913 жылы Алтайдан Закария Бейжіңдегі президент сайлауына өкіл болып барғанда, қасындағы сенімді серігі, тәржімәні болған. 1920 жылы төрт бидің бірінің мұрагері Мәми бейсі қайтыс болып, орнына отырған ұлы Қанапия Баймоланы оны тілмәш етіп, өлке басшысы Яң Зыңшиннің құзырына кірген. Яң ұлық қолы іске, аузы сөзге епті Баймоллаға қызығып: «менің құзырымда қызмет қыл» деп алып қалады. Қазақ, моңғол істерінде қолғанаттыққа пайдаланады. Әрі Шәріпхан екеуінің идеясымен шағын ұлттардың зиялыларын жетілдіру мақсатындағы «Моңғол-Қазақ мектебін» ашады. Мектептің алғашқы шәкірттері қатарында Алтайдан Шәріпхан Көгедаев, Мұқаш Жәкеұлы, Махымет Өміртайұлы сынды атан жілік азаматтар қабылданды. Әрі шәкірт әрі ұстаз болып, қос тізгінді қатар ұстанған Шәріпханмен ағалы-інідей сырласып, ел жүгін иықтаса көтеруге бекінгені де осы кез. 1928 жылға келгенде Шынжаң билігіндегі саяси төңкерісте Яң Зыңшин атып өлтіріліп, билікке Жин Шурын келді. 1933 жылға келгенде Жин Шурынді тақтан тайдырған Шың Шысай Шынжаң әміршісіне айналды. Мұның бәрі де ел ішінде беделді, бірнеше тілге жетік, білімді Баймолданы өздеріне қызмет еттіруді мақсат етті. Алайда қазақ десе қан жылап, өз ұлтына бүйрегі бұрылып тұратын Баймолда олардың бәріне де ұнамады. Шың Шысай Шынжаң зиялыларының басы ретінде қараған Баймолда мен Бұрханды 1937 жылы тарпа бас салды. Жай ғана бас салмай оларды үкіметке қарсы ұйымдасқан қылмыстық топтың атаманы ретінде қамауға алды. Басын осылардан бастаған бұғалықтың қыл тұзағы Кеңес одағынан жан сауғалап келген қазақ зиялыларын да құтқармады. 

Бұрхан Шаһидидің Шың хақында: «кімнің кім екенін өзі дәледейді, әліптің артын бағып уақытқа жүгінейік» деген тұспалының мәні шынымен де оның кім екенін айқын көрсете бастады.   

Шыңның әмірімен Шыңжаң өлкелік сақшы басқармасы Алтай аймақтық сақшы мекемесіне: «Үрімжідегі Қожанияз, Бұрхан, Баймолда сияқтылар ұйымдастырған жаңа үкіметке қарсы ұйымның Алтайдағы қазақ пен ұйғырлар арасындағы тіректі тұлғаларын ұстаңдар!» – деген құпия жарлық түсірді.

Алтайдан алғашқы боранға Әсен бай, Ғопыр шаңия, Мұхаметхан Дамолла бастатқан жиырмаға жуық адам ілігіп, Үрімжіге жөнелтілді. Бұл ғана емес, «Қытай-Мұсылман мемлекетін» құру ұйымының мүшесі деп Алтайдан Сәлім Жаназаровты, Алтайға қашып барған Әбдікәрім болыстың ұлдары Шабдан мен Қамбарды, жеке кәсіпкер Темірғалиды, Алтай банк бастығы Ақмолланы, Алтай әкімдігінің бас хатшысы Мәңкей Мәмиұлы мен Халел сияқтыларды ілгерінді-кейінді қолға алды. Кезінде Қазақстан жерінен қашып келген Кәрім Дүйсебаев, Мінәт болыс, Сқақ болыс секілді адамдар жасырын ұсталып, Кеңес одағына жөнелтілді. Алтайдан Іле, Үрімжі тарапына жұмыс бабымен барған Шәкерім қажының ұлы Зият сынды азаматтар да аман қалмады. Бейбіт өмірдің бесігі шайқалып, ел ішін үрей жайлады. Бұл аз болғандай, «үш тал сіріңке оқиғасына» қатысты деп қырық шақты адам нақақ қамауға алынды. 

Іле-шала Алтай халқына енді «Мәуленов делосы» деген пәле таңылды. Кеңес одағының Үрімжідегі концулы арқылы: «Қазақстан жеріне жасырынған Жапонияның ерекше тыңшысы Мәуленов қашыпты, бағыты Алтай болуы мүмкін. Тез арада ұстаңдар!» деген қатал, құпия әмір жетсе керек. Ерекше «қырағылық» танытқан Жеменей тыңшыларының мәліметімен аталмыш тыңшы Алтынбек байдың үйіне жасырыныпты-мысҚытай жендеттері Алтынбекті құлында құлынын шығарып қинағанда: «Мәуленов Жеменей шекарасынан өтіп, Әлен уаңның үйіне барған екен, ол кісі біздің үйге жіберіп, біраз уақыт жасырғаным рас еді. Одан кейін Нұртаза дегеннің үйіне жасырғанбыз» деп сұрақшының сілтемесімен шылғи өтірікті маңырата беріпті. Сөйтіп, сақшы мекемесі Алтынбекке қосып Нұртаза, Әбдібек, Әбілқасым, Шерияздан, Нығмет секілді жиырма шақты адамды ұстайды. Неше күн, неше түнгі жан төзгісіз қинауға шыдамаған аналар да: «Негізі ол алдымен Сарсүмбеге келіп, оны Шәріпхан Әленнің үйіне әкеліп жасырған болатын. Оның жасырын әкелген арба-арба алтынын Айтбай қызылының артқы етегіне жасырып, барлығымыз бөлісіп алғанбыз» деп көкіпті. Жәй ғана көкімей, тергеушілердің бопса нұсқауымен «осының ішінде болғандар» деп Алтайдағы ұлт жанашыры болып жүрген Шәріпхан бастаған жұрт беделділерін түгелдей тізіп беріпті. 

Әсілінде, «Жапон тыңшысы» аталған осы бір ойдырма жаланың да шығу себебі бар. «Алашорда» үкіметі Жапонияның ұлттық бағытын, озық өнегесін, тәуелсіз ғылым, берік заңын үлгі етіп, қазақ жұртына мығым ел құрудың әліппесін жасағысы келген. Осы мақсатта сол елмен байланыс жасау талпыныстары да болған. Алашшылдардың құжат жүзіндегі бағдарламасын қолға түсірген Кеңестік  қызыл үкімет өз көлеңкесінен өзі қорқып, бас көтерер ұлт зиялысының бәріне «Жапон тыңшысы» деген күдікпен қарап, айыптау, тұтқындау жаппай жалғасты. Түрменің азабы мен қинауына шыдамаған қаншама боздақ: «иә, мен Жапон тыңшысымын» деп жалған кінәні мойнына алып, қызыл үкіметтің қитығына тиді. Бір-біріне жалғаннан куәгер болды. Осылайша, жазасы мен жаласын тіпті де ауырлатты. Қағыстырылған шаланың шашыраған шоғы талайдың етегін күйдірді.

«Жерден алтын тапқандай» қуанған тыңшылар қосыны болған жайды Шыңға жеткізіп, 1939 жылы қыркүйекте шұғыл түрде «Моңғол, қазақ, кырғыз құрылтайын» ашамыз деген желеумен Шыңжаңның жер-жерінен үш ұлттың ең беделді 280 адамын Үрімжіге шақыртты. 

Алтай аймақтық сақшы мекемесінің бастығы Шүй Учиң құрылтай шақыруын Шәріпханға өз қолымен әкеліп бергенде, ол таң-тамаша болып:

– Әдетте мұндай әкімшілік хаттар әкім кеңсесі арқылы келетін еді ғой. Қалайша сендер жеткізіп отырсыңдар!? – деп тіксіне қарады. 

Көзілдіріктің астында қысқа кірпіктері дірілдей жыбырлаған сақшы бастығы Шүй:

– Дубан жанабы сізді ақылдасатын басты адам санап ерекше шақырғаны себепті бізге тікелей нұсқау берілген еді. Бұдан кейін мұндай саяси мәні бар маңызды хаттар әкімшілік мекемесі арқылы емес, сақшы мекемесі арқылы іске асатын болды, – деді үніне жарқышақ араласып. «Дубан жанабы» деп отырғаны – Шынжаң әміршісі Шыңды лауазымымен атағаны. 

Шәріпхан оның сыныңқы ажарына сынай қарап, жанарынан сенімсіз күмәннің көлеңкесін көрді. Жүрегі бір жамандықты сезгендей лоблыды.

Аттанар алдында әйелі Зейнептің жұқалтым жүзіне елжірей үңіліп:

– Мақатанды жақсы қара, балалар оқуынан қалып қойып жүрмесін. Алаңдайтын ештеңе жоқ, үкіметтің көп пәрменінің бірі болар, – деді.

Зейнеп Алтайдың асқаралы биіктеріне мұңдана көз салған ерінің кесек кескініне жәудірей қарады. Әлде неге елегізіп, алабұртқан өңінен қарлы таудың қыраулы қырқасындай салқындық байқады.

– Төрем, сізге не болған? Бұрын мұндайға желп етпейтін едіңіз, жүзіңіз сынық көрінеді. Алла тағала ақ жол берсін, алаңдамаңыз! – деді қыр мұрыны қусырыла, бетіне қызғылтым қан ойнап. 

Әйел туралы сөз болғанда қазақта: «қабырғаңмен ақылдас» дейтін бір сөз бар. Дәтке қуат – Зейнептің сөзі алабұлтты көңіліне шуақ септі. «Рас, маған не болған» деп өзін іштей қайрады. Баяғыда осы Зейнепті айттырған кездегі бір оқиға да көз алдынан жылт етті.

Сауыр-Сайқанға әйгілі Жәке бидің Шәріпханға айттырған қызы Нұрзағи он алты жасында тұйықсыз ауырып көз жұмған. 

Өлімді жөнелтіп, жұрт ес-ақылын жинағанда Жәке бидің бәйбішесі Атапаң:

– Өлгеннің артынан өлмек жоқ, тірі адам тірлігін көреді. «Су сүзілмейді, ұрпақ үзілмейді» деген бар. Қара көк гүң ордасына бір қызымды беремін деген уағдалы сөзім бар еді. Нұрзағиым кетсе де үкідей желпілдеп, жетіліп келе жатқан сіңлілері бар. Ұнатқанын таңдап, біреуін алсын, – деді. 

Адуын бәйбішенің орынды үкімін бұзуға ешкімнің дәрмені жетпеді. 

Қара көк гүң ордасына «бір қызымды беремін деген уағдалы сөзім бар» деуінің де астары бар.

Лақ бидің елі болған Жәнтекейдің Қазыбек ауылдары Сауырға ерте бауыр басса, отырықты елдің үстіне Жәке би Зайсанның Маңырағынан қалың меркітімен қотарыла көшіп келген. Жәке би Лақ аманға келер деп күтсе де, келмегесін атқосшыларын ертіп Лаққа жолығуға аттанады. Осы күні Жәке биге сәлемдесуге Лақ шешен де жора-жолдастарын шұбыртып жолға шығыпты. Екі шешен уағдаласқандай Тастының қасқа кезеңінде жолғасады. Атүсті аман-сәлемнен бұрын Лақ Жәкеге: 

– Бір топ қойды бастаған саршұнақ, саржалақ, саспақ серкеге ұқсап жалаң қағып қайдан келесің? – дегенде, Жәке би:

– Алтайдың құзар биігінде отырып, Сауырдың жонынан жемтік көріп ұшқан алып қарақұстай лапиып өзің қайдан келесің? – деген екен. 

Аманы әзілмен басталған екеуі сағыныса құшақтасып, дос-жар өтсе де, қызыл сөзге келгенде бір-бірін қыр асырғысы келмеген. Екі көкжал қатарласа шаппаса көңілі көншімейтін. 

Тасты, Тосты, Ласты аталатын Сауырдың теріскей бетінде Қазыбек, Төре, Меркіт ауылдары көршілес еді. Алғашқы жары қайтыс болған Жеңісхан гүңнің көзі сыры мен сымбаты қатар ұнаған Метікеге түсіп, өзіне жар етеді. Одағайласып, базыналасып өткен екі ауыл арасындағы желдей ескен жеңге сөздің бір қызбасында Атапаң: «Қазыбектің бір қызы төре ордасына келін болып кірсе, меркіт те бір құсын сол ордаға қондыра алады» деп қалады. Басында жәй айта салғандай көрінгенімен уақыт өте келе бұл сөз уағдалы сертке себеп болып, жақындық тамырын жалғауға асықтырды. 

Осы ойын іске асырмаққа ниеттенген бәйбіше Шәріпханның келген орайымен ауыл сыртында ойнап жүрген бір топ немере қыздарын шақырады. «Атапаң шақырып жатыр» дегенді естіген қыздардың ойында ештеңе жоқ, жалаңаяқ қалпы құстай ұшып үйге жетеді. Босағаны аттаған қыздар төрде отырған қалың бозбаланы көргенде не істерін білмей аңырып қалады. Тек ортадағы аласа бойлы қара қыз ғана екі беті өрттей қызарып, аяғын көйлегінің етегімен қымтай шегіне беріпті. 

Қыздар шығып кеткесін, жеңгелері Шәріпханды тепершікке алып:

 – Қайсысын ұнаттың? – дейді ғой.

Сонда Шәріпхан:

 – Ұят – иманның жаулығы, ұяла білу, қызара білу – жанның тазалық айнасы. Ұят болған жерде иман бар. Ортада тұрған қара қыздан сол ұяттың, иманның белгісін көрдім. Түбі жаман адам болмас, – дейді. 

Жәкенің ұлы Ақбайдың қызы Зейнеп осылайша оған жар болған. Сөйтіп, «төре төреден ғана қыз алады, қарадан қыз алмайды» дейтін ескі жосынды Лақ пен Жәке шаңырағы бұзды. Лақтың ауылының қызы болған Метіке Аманбайқызынан – Шәріпхан, Шәймардан, Шәйсұлтан үш ұл, Мәпітхан, Мәпіш екі қыз туды. Енді, міне, Жәкенің немересі Зейнеп Шәріпханның аяулы жары болды. Күлшира, Рашида, Мақатан, Рабиға, Халиса, Сталхан сынды үйелмелі-сүйелмелі алты баласының анасы.   

Сол Зейнеп жанары жасаурап, Күлшира мен Мақатанды екі жағына алып бұны ұзатып тұр.

Шәріпхан өзін алаңсыз көрсетуге тырысқан жылы пейілмен жайдарлана жымиды. Күректей алақанымен Күлшираның басынан мейірлене сипады. Мақатанды көтеріп, бетінен иіскеді. Інісі Шәйсұлғанның алақанын қатты-қатты қысып:

– Сен өзіңді жас санама, үлкен азаматсың. Бір шаңыраққа ғана емес, тұтас елге тұтқа боларлық ақылың бар, білімің бар. Қандай жағдай болса да ақылды бол, сабырлы, төзімді бол! – деп бауырына баса қоштасты. 

Машина алыстай берді. Арт жақта қалғандардың бейнесі қарауытқанша қарағыштап отырды.

Алтай аймағынан Шәріпхан уәли, Әлен уаң, Әбілмәжін гүң, Бұқат бейсі, Сағидолла бейсі, Қабыл тәйжі, Мұқаш Жәкеұлы сынды қырық шақты адам Үрімжіге шақырылды. Аталмыш құрылтай 18 қыркүйекте басталды. Моңғолдан Шалуын кеген, қырғыздан Әбдісалық, қазақтан Шәріпхан сахна төрінен орын алды. Шың дубан: «Көшпенді тұрмыстағы үш ұлттың мәдениетін дамытып, шаруашылығын қалай гүлдендіру керек» деген тақырыпта ұзақ баяндама жасады. 

Жиналыстан соң, Шың дубан Шәріпханды өз кеңсесіне шақыртқан. Екеуара тәжікелесу бірталайға созылса да, көзге көрінерлік ала бөтендік байқалмаған.

Десе де, Шәріпхан осы күні мазасызданып шықты. Ол бұрындары: «билікке кім келсе ол келсін, бәрі де халықтан биік емес. Кемінде ел-жұртқа жағатсыну, жақсы атану үшін болса да қайырымды істермен айналысуды қалайды. Сол үшін де патшаның шуақты саясатын пайдаланып, халыққа игі, ізгілікті істер көбірек істеуім керек. Ойда қуат, бойда қайрат барында ел-жұрт үшін еселі еңбек етсем, екі дүниеде де бетім жарық болады» дегенді көбірек ойлайтын еді. Ал өздерін қойша иіріп, Үрімжіге әкеліп, сосын мылжың құрылтаймен алдаусыратуы, бүгінгі болған әңгімелері оған өзгеше ой салды. «Арыстан, жолбарыс, қасқыр сынды жыртқыш аңдардың қол астында қызмет еткен жан иесі қанша адал болса да қойларға қайрымдылық көрсете алуы мүмкін бе?» деген бір сауал көмейіне кептеле берді.

Әдетте күлімсіреп жылы жүзін сыйлауға тырысып жүретін Шыңның: «сен сонда Шыңғысханның тұқымы болып отырсың ғой» деп суық қарағаны: «қан ішер Шыңғыс ханның ұрпағы екенсің» дегенмен бірдей естілген-ді. Таңға жақын көз ілерінде өзі сезбеген қалыпта: «бәрі бірде аталарымның ақ аманатын кірлетпей, ел мен жерімді ешкімге сатпаймын!» деп күбірлеп жатты.

Осыдан кейінгі көп күн дубан мақаласын талқылау, талдауға ойысты. Жұрт баяндамадан да, оның рухы аталған бос мылжың талдаудан да жалыға бастаған күндердің бірінде: «дубан тағы да жиын ашады» деген хабар дүңк етті. Сөйткенше болған жоқ, жұрт есіктен дубанның емес, өлкелік сақшы бастығы Ли Иыңчидің шекесін көрді.

– Дубанның денсаулығы сыр беріп, қатты тұмауратып қалғандықтан жиынды ашуды маған бұйырды. Баркөл және Бәйтік-Қаптық жақта бір топ қарулы қарақшы бүлік тудырып, тау-тастың қойыны-қонышында қашып жүр екен. Олар жақын арада қолға түседі. Деседе, осы оқиғаға байланысты дубан жанабы ел ішіндегі қару-жарақты шұғыл түрде жинау хақында бұйрық берді. Ең әуелі осы бастамашы топтан комисися құрылады. Оның басшылығына Шәріпхан Көгедаев тағайындалады. Орынбасарларына  моңғолдан Шалуын кеген, қырғыздан Жүнісбай тағайындалады. Бұл дубанның бұйрығы. Жұмыс тобы жоспарын жасап, әр кім өз ауыл-аймағында кімдерде қару-жарақ бары хақында жазбаша тізімдік жасасын! – деп бұйырды сақшы бастығы. Келгелі бір айға жақындаған топ өздерінің елге қайту арманының кешіккеніне амалсыз көндікті.

Он үш топқа бөлінген жиыншылар өз ауыл-аймақтарына хат жазып, халық қолындағы қару-жарақты үкіметке тапсыру хақында жол-жорық, үгіт-насихат көрсетті. Шың дубан жандаралымдары: «бұл міндетке үш ай ғана уақыт беріледі, қарсыласқандар қатаң жазаланады!» деп жоғары-төменге байбалам салды. Құрал жинау науқанына Өр Алтайдан келе алмаған Баянбай, Байқадам, Сақсайбай үкірдайлармен бірге Дөнен, Бөкейхан залыңдарды, Жақсыбай биді құралды күшпен ұстап әкелді.   

Үрімжіде қара суық басталып, ізінше қыс кірді. Қыр сахарада еркін жүрген ерлер қаланың там қоршаулы ауласына қамалып, торға түскен аңдай аласұрды. Өздеріне де бір қысас, қиындықтың төніп тұрғанын іштей аңдағанымен, шарасыз күйде еді. Ресми қамақ болмаса да: «қазір қоғамда әр түрлі оқиғалар орын алуда. Сіздердің қауіпсіздіктеріңіз бен ішкі құпиялық маңызды» деп ала қағазға көгендеді. Әр сыныпқа бөлінген оқушы сынды жеке-жеке бөліп алып, саяси үйренулер, тапсырмалар сынды түгемес күйбіңмен тұсады.

1940 жылдың ақпан айының ортасы. Тұман мен қырауға оранған Үрімжі көшерінде шырақтар әлсіз жылтырайды. Түсі суық тағы бір жиналыс шақырылды. Қасында қорғаушылары бар өлкелік сақшы бастығы Ли Иыңчи, бас хатшы Заң Гуфың, дубан мекемесінің штап бастығы Уаң Хұңзаң секілді топ пен құқық қорғау органдарының басшылары кірді. Ли Иыңчидің өңі қуқылдап, сөзі қатқыл шықты:

– Біздің айтып жатқанымыздың бәрі де рас, ел ішіндегі қару-жарақты толық жинамағандығымыздың зардабын тағы көрдік. Өр Алтайдың Көктоғай ауданында бір топ қарақшы аудан әкімі Шүй Ырлиң бастаған он үш адамымызды өлтіріп ауыр күнә жасады. Оларды ұстауға қарулы қосын аттанды. Біз тез арада қарақшылардың бәрін ұстап қатаң жазалаймыз. Сендерге тағы да ескертейін, араларыңда жасырынған қару-жарақты білсе де білместікке салып жақ кірісін ашпай отырғандар бар. Кім адалдықпен өзінің және туыстарының қаруын тапсыруға себепкер болса, соны бостандыққа шығарамыз, үйіне қайтарамыз. Кім қасарысса, соны қатаң жаза күтеді! – деп милықтай киген шәпкісінің күн қағарын шалқайта көтеріп, айқұлақтана айқайлады. 

Бір-біріне қабақ астымен қарасқан жұрт аң-таң. Кейбірінің түсі жылып, қазақтар күресіне іштей жақтас болып отырғаны байқалады.

Тосын хабарды бастабында таңырқай қабылдаған Шәріпхан: «өздеріңе де сол керек, құрсау қысып, жазықсыздарды зар илетсеңдер халық қан жылайды. Жүрегі кекке толса, әділетсіздікке қарсы бас көтереді. Қазақты кім деп жүрсіңдер, осындай бір күн туарын біліп едім. Өрт тұтанған екен, онсызда қанды шеңгелдеріңді аяп отырған жоқсыңдар, көріңдер!» дегендерді ойлады.

Оқиға былай болған еді: 

1939 жылы 24 желтоқсанда Шың Шысай жендеттері Көктоғайда Өр Алтай елінің атақты имамы, ақын Ақыт қажы Үлімжіұлын ұстайды. Жұма намазына жиналған жұрт шеріктер жағынан мешітке қамалса да, Ақыт қажының замандасы Иманбай орайын тауып,  сұмдық хабарды ұлы Есімханға жеткізеді. Ақынды құтқаруға үлгере алмаған Есімхан бармағын шайнап іш құста болып жүргенде, үкімет өзіне сұғын қадайды. Осындай қысылтаяң сәтте Есімхан ел ішінде қару-қайратымен көзге түсіп жүрген Оспан Сіләмұлын тауып, болған жайды баяндай келіп:

– Сенде құрал бар ма? Құрал болса, қамданбасақ болмас. Мылтықты үкіметке тапсырмайық, маған сен, – деп бірден қолқа салады. 

Өз ойының үстінен түскен азаматқа Оспанның да іші жылып: 

– Менде оқ пен қылыш бар, мылтық табу да қиынға соқпас. Алайда ат-көлік жағдайын қамдамасақ болмас. Сенімді серік, сенер ат, сермелер семсер сай болса, қусақ жетіп, қашсақ құтылар едік, – дейді еш бүкпесіз. 

Есімхан Оспанға әкесі Иманбайдың ақсұр аты мен Тоқажанның қарала аты деген елге әйгілі екі сәйгүлікті түнделетіп жеткізеді. Оспан бір тәулікте қару-жарақты дайындап үлгереді. Осы кезде Көктоғай ауданының әкімі Шүй Ырлиң Керім дегенге Есімханды іздеттіріп жатқан хабары жетеді. Есімхан Керімнің келер жолын торуылдап, тар қысаңда тарпа бас салады. Ізінше әкім бастаған жеті адамды өлтіріп, қолын қандайды. Іле-шала Оспан, Есімхан бастаған жүзге таяу адам Көктоғай қалашығына шабуылдайды. Өкінішке қарай Мәулия, Сәтіш, Қапас Қобдабайұлы сынды үш адам оққа ұшып, қалашықты ала алмайды. Ал қазір қарақшы атанған қанды топтың қайда жасырынғанын ешкім білмейді.

*** 

Бұқат екінті кезінде Шәріпханның бөлмесіне бас сұқты. Шәріпхан жұптаған алақанын басына жастанып, мұнарлы жанарын төбеге қадаған күйі ұзақ ойға шомып, шалқасынан жатыр екен. Жүзі лезімге жылып, басын жылдам көтерді.

Аманнан кейін Бұқат:

– Мына заман не болып бара жатыр, біздің келгеніміз құрылтай ма, қамақ па? – деп күңірене сөз бастады. 

Шәріпханның жадау жүзіне аялай қарады. Бірнеше күннен бері сақал-мұртын қырынбағаны байқалады. Иегі мен самайлығына жамырай қылтиған тікенектердің арасынан бірер ақ тал шалығады. «Япырым-ау, адам баласы осығұрша тез қартая ма. Сақал-шашы көмірдей қап-қара, қайратты ер еді. Ішін үңгіген дерт жүрегін де мүжіп барады екен-ау» деп жаны жабырқады. 

– Бұл әліпбидің басы ғана, алдымен ысқырған желдің үні шығады да, соңынан аждақа аузын арандай ашады. Аталарымыз Өр Алтайды: «суы тентек, тасы алтын екен. Қан қызба халқы соғыс құмар болып қан мен жас көп төгілер ме екен?!» депті деуші еді. Әр патшаның тұсында бір сұрқылтай, мүшел сайын бір төңкеріс тудырмаса бұл кәпірдің ұйқысы келмейді.

– Тыш-ш, абайла!

Саусағын екі елілеп аузын басқан Бұқат сыртқа сақсына құлақ түрді.

Екеуінің өзімсіне сөйлесуінің де тамыры терең. Шәріпханның атасы Ажының тұсында Алтайда төрт би сайланып, соның біріне Бұқаттың төртінші атасы Көкен Мамытұлы тағайындалған. «Төрт би, төре» атанған тіркес содан қалған. Көкеннен Жұртбай, Жұртбайдан Мәми, Мәмиден мұның әкесі Қанапия және Зия, Мәңкей, Шәмер, Шәмси туады. Төрт бидің ішінде  осы әулеттің тасы өрге домалап, патша ұлықтарының көзіне де жиі ілігіп, билік сырмағының бір шетінде жүрді. Қазан, Уфа, Ташкент, Семей қалаларынан қудаланған не бір зиялылар атасы Мәмидің қолтығына кіріп, шәкірттер тәрбиеледі. «Бітеуіргедегі білімнің шам-шырағы» атанған өнегелі ауылдан. Былайша айтқанда бірі қара көктің тұқымы болса, бірі қарадан шығып хан болған деуге тұрарлық ордалы, текті шаңырақтан. Әкесінің інісі Мәңкейдің ұсталуы да осындай үлкен ордадан шыққандығы мен ел алдындағы абыройының биік болуынан. Шәріпхан Алтай аймағының уәлиі болып тұрғанда Мәңкей Алтай аймағының бас хатшысы болса, Бұқат Сарсүмбе ауданының әкімдігін атқарған. Бұқат жас жағынан Шәріпханнан алты жас үлкен болғанымен екеуі де меркіт Жәке ауылынан қыз алған, бажалығы бар.

– Менің байқағаным, – деді Шәріпхан сөзін үзбей, – бұларға сенсек те ұтыламыз, сенбесек те ұтыламыз. Тыныш жатқан жыланның құйрығын өздері басса Өр Алтайдағы қанды оқиғаға да таңдануға болмайды. Алтай елі бір сілкінсе оны тоқтату қиын! Арғы беттен қашып келген Алаш арысы Райымжан Мәрсеков, Санкт-Петербургтен университет тауысқан Қамбар Әбдікерімұлы,  Мәскеуден инситут бітірген Шабдан Әбдікерімұлы, Санкт-Петербург университетінен оқып, прокрор, сот болған Ғазез Қалбанов, Абай, Шәкерім ауылының асыл тұяғы Зият Шәкерімұлы сынды оқыған, тоқыған қаншама кісілермен сөйлестік. Кешегі Алаш зиялылары да дәл осылай қудаланды. Ол жақта да ел бастайды-ау деген қазақтың сорпа бетіне шығарлардың бәрі тұтқындалды. Әлихан Бөкейханов сынды Шыңғыс тұқымы болған қазақ хандарының ұрпақтарының да көзін құртты. Мына Шың жендет тек қана сол Сталиннің зұлымдығын, орыстың аз санды ұлттарға жүргізген қанпезерлігін көшіріп қолданып отыр. Арғы беттен жан сауғалап келген алаш зиялыларының да тұқым-тұяғының алдын өлтіріп, артын түрмеледі. Қойша көгенделгенше, көкжалша арпалысып өлсе арман не?!

Бұқат Шәріпханның кесек кескінінен кек пен ашуға толы түйдектелген бұлттың ызғарлы лебін байқады. Өз шер-шеменін де жасырмады.

– «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» дегендей қазақ байқұс біресе орысқа, біресе қытайға жалтақтап, екі нардың ортасындағы шыбындай күй кешіп келеміз ғой. Арғы атаң Шыңғыстың, бергі аталарың Абылайдың заманындай күн туса, ешкімге есе бергенді қойып, құл-құтандар біздің алдымызда жорғалар еді-ау... 

Шәріпхан көкірек қоймасына жиналған тұманды боранды сыртқа шығарғандай ауыр дем алды.

– Е, қайран заман-ай, қайран бабалар-ай, оларды ойласақ өзегің өртенеді. Қолына қан уыстап туған баһадүр бабам Шыңғыстың алдында бүкіл әлем тізерлесе, немересі Құбылайдың алдында қолына топырақ уыстап туған қара шұнақ қытайлар құлша жүгіріп еді. Әз Жәнібек сынды бабам қазақтың басын қосып, жеке хандық құрып, ешкімге есесін жібермеді. Заман азды, заң тозды, күн шығыстан емес батыстан шықты. Баяғыда Абылай бабамыз түс көріп, өзін қуған арыстанның қасқырға, қасқырдың түлкіге, түлкінің құрт-құмырысқа, бақа-шаянға айналғанын көріп «кейінгі ұрпағым құрт-құмырысқа, бақа-шаян сияқты ұсақтап кетер ме екен» деп алаңдапты деуші еді. Сол ұсақтап кеткен ұрпағы біз шығармыз. Төбе сүйегінде сауысқанның миындай миы жоқ, қанден қытайларға шамамыз келмей, шарбақ торында отырған түріміз мынау.

 Бұқат қамаудағы көкжалдай ширыққан Шәріпханды одан ары тыңдай түскісі келіп:

– Сонда Абылай жарықтықтың «қасқырға айналған» ұрпағының кім болғаны? – деп әңгіме ошағын одан ары көсей түсті.

Бұл жолы Шәріпханның жанары жайнап, оның бетіне тесіле қарады. Ақтарыла айтқысы келгендей тамағын кенеп:

– Ол Кенесары, – деді бірден, – хан Кенені білесіз ғой, – Бұқаттың бас изей ынталанғанын көріп әңгімесін жалғай берді, – неше уақыттан бері осы хан Кене есімнен шықпайтын болды. Неге дейсіз ғой. Біріншіден, ол өзінің даласын, халқын қорғау жолында басын берді. Ормандай көп орысты көре тұра, оның от қаруын біле тұра алған бетінен қайтпай өлермендене күресті. Нағыз көкжал ғой. Сондықтан да Кенесарыны көкжалға балаймын. Орыстар сол Кененің басын алумен тынған жоқ, оның бала-шаға түп-тұқиянын құртуға кірісті. Аллаға шүкір, «орнында бар оңалар» тұлпардан тұяқ қалады, сұңқардан қияқ қалады...

Шәріпханның әлде нені айтпақ болып жанарының тұңғиығына мұң ұялата қалғанын көрген Бұқат:

– Біріншіден, Кенесары көкжал дедің, екіншісін айтпадың ғой, – деді тақауырлап.

– Айтайын, – бұл жолы Шәріпхан мұлдемге сыбырлай сөйледі, – жұрт атам Ажыны әртүрлі айтады. Тіпты Арқалық жырына бола кінәлаушылар да бар. Шындық олай емес, мен білетін атам Ажының бірнеше ерлігі болды. Соның бірін айтсам, қазақтың бір батыры Кенесарының немерелерінің бірін жасырын алып қашып келіп бой тасалағанда, оны осы керейдің ішіне сіңіріп әкетті. Мұны сол әулеттің үлкендері ғана біледі, төре әулетінен мен ғана білемін. Басқа білетіндердің барлығы бақилық болған. Енді сізге айтып отырмын. Атам Ажыдан маған дейінгі біздің әулет оларды сырттай қорғап, мүлдем жасырын жолмен көмек көрсетіп келдік. Олар болса біздің қорғап, көмектесіп келгенімізді де білмейді. Қазірше олардың кімдер екенін білудің сізге де еш қажеті жоқ. Уақыты келгенде өздері шығар.

Бұқаттың атасы Мәми бейсі – Өр Алтай мен төменгі Алтайды жалғап жатқан алтын көпір сияқты. Ойда орыс, қырда шүршіт пен қалмақтан қалса,  сапардың сарпалдаңымен ат арытып, тон тоздырған қазақтан бұл ордаға бас сұқпайтыны жоқ. Әңгіменің көлі де, көкесі де осында шалқып, толқитын. Кенасары түгілі Шыңғыс, Жошы, Абылайды ақтарып, соңы Әлихан Бөкейханға тірелетін алаш әңгімесінің талайы құлағында. Бұқат сол кәусардан қанша қанып ішсе де дәл мынадай әңгімені естімепті, аузы аңқиып қалды.

– Оу, Шақа, қамалып жата-жата сары жамбастаған соң аңыз бен әпсана құрайтын болғансың ба, іш пысырмағанға жақсы әңгіме екен. Кенесарының басын орыс әміріне құлдық ұрған қырғыз манаптарының кесіп алып, патшалық ресейге тапсырып бергенін білеміз. Оқиға болған Алатаудың күнгейі мен теріскейі қайда, Алтай қайда? Мына айтып отырғаның шын ба, әлде ертегі ме? 

Бұқат бажалығына тіреп, дағдылы қалжыңбастығымен әзілдей тіл қатты. Ойлы жанарымен оған тесілген Шәріпхан сабырлы келбетін бұзбай байыппен бас изеді.

– Әрине, сену қиын. Алайда шындық солай. Кенесарыдан аман қалған бір тұяқ Өр Алтай жеріне келіп, Ажы атам мен Бейсенбі бидің мүлдем құпия ымырасымен Буыршындағы Жәдік атаңның ауылында өсіп-өркендеп отыр. Оған басыңызды ауыртпай-ақ қойыңыз. Неше ұрпақ жаңалап, қарттары өмірден қайтып, осында келгесін туған балаларының өзі сексен-тоқсанға келді. Жә, мұны қоялық, уақытта бір жерге барып қалған сияқты. Бас аман, бауыр бүтін болып, кең дүниеге бір шықсақ, бұл әңгімлердің иін қандыратын күн де қашпас.

Шәріпхан осыларды айтып, терезеге қарады. Үрімжі кеші ала кеуімденіп, дала барқындай бастапты. Бөлме шырағының сарғыш сәулесі буалдырланған терезе әйнегінде болмашы шағылысады. Әлгінде ғана шоқтана жайнап тұрған жанары солғындай мұнартқан Шәріпхан далаға қапалы күймен қадала үңіліп тұр.   

Ой теңізіне малтығып үнсіз отырып қалған Бұқат есін жиғандай селт етіп, Шәріпханның қасына жанасалай жақындады. Аузын алақанмен көлегейлеп:

– Айтпақшы, өткенде дубан неге шақырған екен? – деп сыбырлады.

– Дубан мені тойға, қонаққа шақырды дейсіз бе? 

Миығынан күлген Шәріпхан Шың Шысай екеуінің арасында болған әңгімені баяндап берді.

Бұқаттың өңі бұзылып:

– Ойпырым-ай, ә, түп ниеті таза емес екен ғой, біз бұларға қалай сеніп отырмыз. Әй, әй, түбі тыныш болса екен. Сонда ана «алты ұлы саясат» дегендерінің бәрі де жалған болғаны ма? – деп назаланды. Мұрттары жыбыр-жыбыр етіп, қарашығынан белгісіз ұшқын алаулады. Жабыққан жүзі жадауланып, ауыр дем алды. «Алты ұлы саясат» дегені – Шың Шысайдың: «империялизимге қарсы  тұру, Кеңес одағымен бірлесу, ұлттар теңдігі, пәк болу, бейбітшілікті қорғау, құрылыс жүргізу» сынды бағыттағы алты ірі саясатын меңзегені.

– Қазір саптаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қарайтын заман. Сенім жоқ. Алладан басқа сенер жоқ. Кәпірдің саясаты жылым сияқты. Бетіне қаймақшыған мұзға қарап сенуге болмайды. Алла тағала жүректеріне тәупиық бермеген соң кез-келген уақытта шүңетіне тартады, – осыларды айтқан Шәріпхан енді жалпақ алақанымен аузын бүркей сыбырлап: «Аталарымыздан қалған: «Ұлысыңды құтқарамын десең – ұлтыңды құтқар, ұлтыңды құтқарамын десең – рухыңды құтқар» деген көне нақыл бар еді. Өр Алтайдың рухы оянған екен, демек, ұлтты құтқарудың оты тұтанды деген сөз. Алтайда болсам, сол төңкерісті өзім-ақ бастар едім. Әттең, не онда жоқ, не мұнда жоқ, шырғаға тұсалып отырған түрім мынау, – деп күрсінді. 

Шықшыт еттері бүлк-бүлк етіп, қайың тошынындай сіңірлі жуан жұдырығын бір-біріне ұрғылады. Кең маңдайы құрысып, қастары көзіне төне түйіліп, қамыққан жүдеу жүзбен Бұқатқа тесілді. 

*** 

Өр Алтай көтерілісі туралы беймаза хабарлар Шыңның ұйқысын қашырды. Оңтүстік Шынжаң өңірінде болған ұйғырлар көтерілісінің талайын оп-оңай тұншықтырып еді. Ал мына қазақтардың күресі мүлдем басқаша, олардың соғыс өнеріне жіп таға алмаған әскери генаралдардың өзі әңкі-тәңкі күймен әбден есеңгіреді. 

1940 жылы наурызда Көктоғай елі Шіңгілге қосылып, халық қару тапсырғанды қойып, қытай әскерін қуып шығу хақында ұран көтеріп жатқаны жетті. Көктоғай қалашығына жасалған шабуылдарда бірқыдыру қару-жарақ олжалаған Оспан қолы ендігі жерде өліспей беріспеуге кіріскен түрі бар. Олардың қосынына Сүлеймен, Мұса секілді батыр да мерген азаматтар қосылып, Сартоғай, Бұлғындағы үкімет армиясына да қауіп төндіріпті.

Өзінің әскери генаралдары мен құқық қорғау орындарын алдына жинаған Шың:

– Көктоғай, Шіңгілдегі сұмпайы қарақшыларды қайтсеңдерде жөргегінде тұншықтырыңдар. Одан қалса осында түк білмегенсіп отырған Шәріпхан сындылардың жасырын түрде отты көсеп отырғандықтарын да анықтаңдар! Бұлардың қалайда ішкі ымыраға келіп, бүлік ұйымдастырып отырғандарында күмән жоқ. Осының бәрін тез арада реттемесеңдер өз бастарыңның қайда қалғанын білмейсіңдер! – деп жер тепкілей айқайлады.

Бәрінің де салбыраңқы қабақтарының астынан жіпсиген күңгірт көздері шаршаңқы жылтырайды. Қожасының алдында бастары салбырап тұр. Кейбірінің көзілдірігі болмашы сәулеге шағылып, жанары айқын байқалмайды. 

– Ләпбай тақсыр, қарақшыларды қайтсекте жазалаймыз, бізге мұрсат беріңіз! – деп міңгірлей бас шұлғысып, тұс-тұсқа тарасты жандайшаптары. 

1940 жылдың 11 сәуірі. 

Үрімжі қаласы әдеттегіден де тұнжырап, тұманнан еңсесін көтере алмай тұр. Дағдыға айналған жиналыстың соңы сапырылысқан сұсты жүрістерге ұласты да, олардың арасынан Шәріпхан бастаған алпыс өкілді шұғыл түрде хатшылар басқармасына жеткізді. Далада көктемнің шыңылтыр аязы. Қабыршақ мұздардың кеужірленген жұқа қабаты тұтқындар аяғымен шытырлай сынып жатты. Қарулы күзетшілер мен әскерилердің де түсі суық. 

Заң Гуфың жұрт алдына шығып:

– Қазір жағдай аса мәз емес. Біз сендер арқылы халықты тыныштандырамыз ба десек, әліге дейін еш нәтиже көрмей отырмыз. Керісінше қару-жарақ тапсырғанды қойып, қарақшлық істейтіндер көбейіп, ел ішін алатайдай бүлдіріп жатыр. Сендерді мұнда тегін тамақпен бағайық деп қонаққа шақырғанымыз жоқ. Тез арада қару-жарақты жинап, жоғарыға тапсыру үшін сендерді төменге халық бұқарасымен идеялық қызмет істеуге, оларды көндіруге жібереміз. Нұсқауды Шың дубан өз аузымен жеткізеді. Ұлықтың алдында тіл мен жақтарыңа сүйенбей жуасырақ болып, әмір-пәрменді адалдықпен атқаратын болыңдар. Қандай үкім, пәрмен болса да қарсыласқандар қатаң жазаға тартылады! – деп қоқилады. Темекіден сүрленген орсақ тістерінің арса-арсасы шыққаны да анық көрініп қалады. Дүрдиген ерініне шашыраған түкірігін қайта-қайта жалап, сұстана қылғынады.

Шәріпхан әлде нені айтпақ болып, орнынан көтеріле беріп еді, сырт жағын қоршап тұрған әскерлердің бірнешеуі оны иығынан басты. Мұның бәрін қалт жібермей қарап тұрған Заң Гуфың тарамыстанған мойынын алға созып:

– Ешкімнің сұрақ қоюына, қарсыласуына болмайды. Ерекше өтініш-талаптар болса, қажетті уақытта қолдарыңа қалам-қағаз береміз. Айтарларыңды сол кезде тек жазбаша ғана жеткізе аласыңдар! – деп зіркілдеді.

Енді оларды қоршаған әскерилердің саны арта түсті де, топ-топқа бөліп Шың дубан кеңсесінге қарай шұбырта айдады. Алайда кеңседе Шың дубан көрінбеді де, оларды тағы да сақшы бастығы Ли Иыңчи қарсы алды.

– Шың дубан денсаулығына байланысты келе алмады. Сендермен әңгіме басқа жерде жеке-жеке жүреді, – деп хабарлады. 

Соны айтты да айналасындағыларға ым қағып еді, аналар ең алдымен Шәріпхан бастаған үш адамды ала жөнелді. Ұзын каридордан ұзақ айналдырып, алдын ала дайындаған бөлмелерге кіргізгені сол, онда сақадай-сай тұрған бір топ жендет, айдалғандардың басына қара қап бүркей салып, қол-аяғын байлап, сүйрей жөнелді. Қарулы күзеттің темірдей құрсауында, «4-түрме» аталған қылмыстылар абақтысына жеткізді. 

Шәріпхан, Әлен, Бұқат секілді алпыс адамды ресми түрде тұтқындады. Қалған екі жүз шамалы адамды арнайы күзетпен қоршалған мырзақамаққа алды.

Шәріпханның қолын көзірлеп тергеу залына алып келді.

Аты-жөні, туған жері мен жыл, ай күні сынды жаттанды сұрақтардың бәрін жазып болып:

– Сіз өзіңіздің не үшін қолға алынғаныңызды білесіз бе? – деді.

– Соны сіздерден сұрайын деп отырмын.

– Бізге қарсы сұрақ қоюға болмайды. Сұралған сұраққа жуасырақ жауап беріңіз. Қолға алынудан бұрын кім болдыңыз?

– Адам болдым.

Шәріпхан мырс етті. «Адам едім, сендер айуанша масқаралап ұстап отырған жоқсыңдар ма?!» демекші еді, шамына тие бермей-ақ сабырлы жауап берейін деп ойлады. Шың Шысай ғана емес, осыдан он жыл бұрын Шынжаң билеушісі Жин Шурын да мұны бір мезет қамаққа ұстаған. Ондағы бұйымтайы, ел бастайтын базбұзарлығы бар деп: «кезінде өлкелік үкіметте ақылша болып істегенсің. Сол мансабыңды қалпына келтірейін. Моңғол-қазақ ұлттарына қатысты мәселелерді бір жақтылы етуде маған ақыл-көмегің қажет. Үйіңді Үрімжіге көшіріп әкеліп, кең ордалы сарай берейін» деп өз қасында, көз алдында ұстауды көздеген. Оған көнбегесін бір мезет бақылау астында, қасына жандайшаптарын қосып түрлі жұмыстарға жұмсаған. Жын Шурыннің Баркөлге Чин Пиңшю бастаған жендеттерді жіберіп тасбике Әліп ауылын қырғындағанын көргесін, Шәріпхан оның қанды шеңгелінен қашып шығып, 1933 жылдың қаңтарында Сауырға барған. Енді міне, тағы да күдік-күмән, жалаға ілігіп, Шың жендеттерінің тергеуінде отыр. Мүмкін, бұдан да құтылатын күн туар.

– Қазірде адамсыз. Қандай жұмыс атқарғаныңызды сұрап отырмыз.

– 1925 жылдан 1928 жылға дейін Бурылтоғай ауданында әкім болдым. 1933 жылдан бастап Шынжаң өлкелік үкіметтің жорасы, Алтай аймағы әкімшілік мекемесінің басшысы әрі қорғаныс қолбасшысы міндетін атқардым.

– Біліміңіз қандай?

– Әуелі Қазаннан келген Ақшорын атты татар ұстаздан, сосын Семейлік оқымысты Біләл Хазіреттен, Хайриддин деген тағы бір татар ұстаздан араб, орыс, түрік тілдерін үйрендім. Біләл Хазірет ескі оқумен бірге жаңа оқудыда үйретті. «Моңғол-қазақ мектебінде» моңғол, қытай тілдерін меңгердім. Өзбек, қырғыз, ұйғырлармен еркін сөйлесе аламын. Аздап парысша, шағатайша білемін. Білімімді аса жоғары дей алмаймын, орташа деңгейде.

– Кеңес одағымен қарым-қатынас жасап, қандай жасырын әрекеттерге бардыңыз?

– Кеңес одағымен жеке байланысым болған жоқ. Жин Шурын үкіметі тұсындағы «Шынжаң-Кеңес одағы сауда қарым-қатынасы» негізінде Шың дубан оқу-ағарту, мәдениетті тереңдетуді тапсырды. Сол тапсырмамен 1933 жылдан бастап Кеңес одағымен тығыз байланыста болғанымыз рас, әуелі Кеңес одағының Алтайдағы концулі арқылы келісім-шарттар жасап, Қазақстаннан астық, тұқым, ауылшаруашылық жабдықтары, баспа машинасы сынды көптеген қажеттіліктерді үнемі алдырып, ел кәдесіне жараттық. Газет-журналдар шығарып, кино-театрды жолға қойдық. 100-ден астам жаңа мектеп аштық, шетелдерге оқушылар жібердік. Мұның бәрі менің жеке жұмысым емес, Шың дубанның бастамасында өлке бойынша қолға алынған игі істер. Кеңес одағымен неге байланыс жасайсың десеңдер, оны менен емес, Шың дубаннан сұраңдар.

– Дубанның атын атап, өз арамдығыңды бүркемелеуші болма. Жасырын қару-жарақ кіргізгенің туралы неге айтпайсың?

Басында «сізбен» басталған сұрақ, енді бірден «сенге» көшті.

– Біз не алып, не берсек те үкіметтік келісім-шарт арқылы ғана іске асырдық. Жасырын жолмен қару-жарақ енгізу деген болған жоқ.

– Алтайдағы Кеңес концулімен әмпей-жәмпей болып, олармен қандай құпия жоспар құрдың! Тек қана егін-малшаруашылық заттары мен оқу-ағарту, мәдениет істеріне қажетті нәрселерді сұрадың ба; әлде қару-жарақ туралы да келісім жасадың ба? Бір емес, бірнеше дүркін оларды қонақта болып, жасырын әңгіме-дүкен құрғаныңды көргендер бар. Онда да сені қонаққа Шың дубан жіберген жоқ шығар.

Шәріпхан ойланып қалды. Кеңес одағымен болған қарым-қатынас негізінде Алтайдағы концулдықтың өзін көп рет қоннаққа шақырып, әңгімеге тартқаны да рас. Бастабында мұны орысша білмейді деп қарап, кейбір әңгімелерін ашық маңыратқаны да бар. Соның ішінде: «бұлар бізді емес, біз бұларды пайдалануымыз керек. Алтайдың ураны, Қарамайлының мұнайы біз үшін іздесек таппайтын май шелпек емес пе» деп есіргені де бар. Тіпті бір жолы шырғаға тартып: «күндердің күнінде саяси дүрбелеңдер мен өзгерістер туып, Шынжаң немесе Алтай дербестік алу мүмкіндігіне ие болса, сіз секілді ел серкелері топты бастауға дайын болар еді» деп сыр суыртпақтаған. Орыстық саясаттың қазақ жерінде қаншама боздақты қанға бөктіргенін қашып келгендер арқылы алақанындағыдай білетін Шәріпхан тұзақ баспай сөзді басқаға бұрған. Алайда олар тағы да: «естуімізше сіз қазақ жерінен қашып келген Әбдікерім болыстың ұлдары Қамбар мен Шабданды, Шәкерімнің ұлы Зиятты қызметке қойыпсыз. Шын мәнінде олар халық жаулары, отанына опасыздық жасап қашып келгендер, сенуге болмайын жаман адамдар» дегеніне келгенде шорт сынған. «Сендердің биліктерің өз елдеріңде, бұл жер біздікі. Қамбар, Шабдан, Зият бастаған зиялы топ сендерде солай қараланғанымен мұнда халық үшін жанын салып жұмыс істейді. Қазір осы елдің азаматы. Еш арамдығы жоқ адал жандар» деп тойтарған. Аналарға да жақпағаны белгілі. Тыңшылары арқылы Алтайдағы ыбыр-жыбырды бағып отырған бұлар енді сондағы кездесулерді меңзеп, тырнақ астынан кір іздеп отыр.

 – Жаңа айттым ғой, – деді Шәріпхан қатуланған раймен, – Кеңес одағымен қарым-қатынас жасаудың барлығы Шың дубанның әмірі арқылы іске асты деп. Сондықтан да қызмет бабында концулда көп рет болғаным шын. Алайда сендер ойлағандай ел мен жерге қатер төндіретін артық қадам, құпия кеңес, арамдық атаулы болған жоқ.   

– Бұдан басқада ұйымдармен байланыс орнатқан қару-жарақ, әскери дайындық сияқты жоспарларың болды ма?

– Иә, болды.

Шәріпханның «Иә» деген сөзін естігенде тергеушінің жанары жарқ етті. Көзілдірігін маңдайына сырып жіберді де, кірпік қақпастан, көзін сығырайтып, қадала қарады.

– Айт, жасырмай айта бер. Жасырмай бәрін айтсаң кеңшілік болады, дубанның рахым-шапағатына ие боласың! – деп көзілдірігін қайта киіп, қаламын қағаз бетіне төндіріп, жылмаң қақты.

– Айтайын ба? – Шәріпхан сұрақшыны келекелей, қулана езу тартты, – айтсам былай – ел бойынша «Империялизимге қарсы тұру қоғамы» құрылғанда, біз үндеуге белсене қатысып «Империялизимге қарсы тұру қоғамының Алтай аймақтық 5-бөлімшесін» құрдық. Алтай халқы отанды қорғау үшін қан кешіп жатқан алдыңғы шепке бес ұшақ, екі жүз ат, екі мың тон, бірнеше мың сәрі алтынға барабар өлке ақшасын ұсындық.

Сұрақшының қадалған жанары қайта сығырайды. Жазғанның орнына қаламымен үстелді наумездене тықылдатып, мүлгіп отыр. Орындығының арқалығына шалқая сазырайып:

– Біз сенен бұларды сұрамадық. Сұраққа дұрыс жауап бер! – деп бұйыра сөйледі.

– Ештеңені жасырмай айт дейсіңдер. Бәрін айтсам маған күйе жағатын жеріне шұқшыиып, еңбегім туралы ештеңе айтқыларың келмейді.

– Жап, аузыңды. Қарсыласушы болма. Жапония тыңшылармен жасырын астасып қарулы бүлік ұйымдастырмақшы болғаныңды қалай түсіндіресің?

Сұрақшы ашудан қанталаған жіпсік көздерін Шәріпханға түйіле қадап шаңқ етті.

– Оның бәрі сандырақ, ойдан құрасытырлған жалған жала! Жаңағы мен айтқан көмек сол Жапон басқыншыларына қарсы соғысқа жиналған нәрселер. Бастарыңда ми болса ойлап көрсеңдерші, Жапондар қытай елін жаулап алмасын деп, мемлекет армиясына қомақты көмек жинап беріп отырып, жер түбіндегі, теңіздің ар жағындағы Жапондармен қалайша оп-оңай байланыс жасай қоярмын?! Байланыс жасағанды қойып, сол Жапоныңның атын естігенім болмаса, бет-әлпетінің қандай екенін, қандай ұлт екенін де білмеймін.

– Қасарыспай дүрыс жауап бер, басқалар мойындап отырған айғағы анық нәрсені жасырас алмайсың.

– Айғақ, куәгерлерің болса алдыма алып келіңдер.

– Сен қарама-қарсы сұрақ та қоя алмайсың, бізге талап қоятын құқың да жоқ. Моңғолия арқылы келген Жапон тыңшылармен жасырын байланыс орнатуға кімдерді жібердің?

– Жаңа айтттым, оның бәрі ойдан құрастырылған ертегі ғана.

– Алтайды дербес реупублика ретінде құрмақшы болғаның рас па?

– Ондай ойым болған жоқ, ондай ойым болғанда сендермен ақылдаспай-ақ істер едім. Енді солай істемегеніме өкініп отырмын.

– Басы артық сөз сөйлемей, тек қана сауалға жауап бер! Басқалар сенің қарулы бүлік арқылы Алтайды өз шеңгеліңе алып, жеке мемлекет құрып, оның президенті болмақ қаскүнемдігіңді әшкерелеп отыр. Өзің құрған мелекеттің басшылық билігіне қол жеткізген соң, өзіңнің орынбасарларыңды, үкімет басшысы, қарулы қосын жетекшісі сынды орындарға басшылыққа кімдерді тағайындамақ болдың?

– Тағы да айтайын, өзімде де, өзгелдерде де ондай арамдық атаулы, бөтен ой болған жоқ.

– Сен құрмақшы болған мемлекетің хақында: «мұны біріңғай мұсылман мемлекеті етіп құрғанмен қатері көп болады. Сондықтан да «Мұсылман-қытай мемлекеті» деп құрып алғасын, біртіндеп ұлттық  мемлекетке айналдыруымыз керек» депсің. Осы айтқандарың шын ба? Өз жақтастарың ретінде қытайлардан кімдерді тарттың?

Бұл сұрақты естігенде Шәріпхан тағы да ойланып қалды. Осығұрлы үйіп-төгілген пәленің қазақтарға ғана қара бұлт үйіріп қалмастан, көзі ашық, көкірегі ояу қытай зиялыларын да қамтып отырғанын аңғарды.

Мұнда айтылып отырғаны Алтай газеті мекемесінің бастығы, қосымша аймақтық оқу-ағарту мекемесінің бастығы Иүй Жушияң мен Сарсүмбе әкімі әрі Шәріпханның хатшысы болған Лю Уын еді. Шәріпхан ұсталғанннан кейін оларды да ұстап, Үрімжіге жеткізіп тергепті. Иүй Жушияңға: «Шәріпхан бәрін мойындап жатыр, ол жапондықтармен астасып, қарулы бүлік арқылы Алтайда дербес мемлекет құрып, өзі мемлекет басшысы, сені үкімет басшысы қызметіне тағайындамақшы болыпты ғой» деп бопсалайды. Иүй Жушияң: «Шәріпхан адал, халықшыл адам. Ол ешқашан ондайға барған жоқ» деп жауап беріпті. Лю Уынды да солай шырғалап: «Шәріпханның мойындауынша, сен Алтайда құрылмақшы болған дербес мемлекеттің бас хатшысына тағайындалмақ болсыпсың. Моңғолия арқылы кірген қару-жарақты жасырып-сақтауды саған тапсырған екен ғой» депті. Ол да қасқая қарсы шығып: «біздің арамызда ешқашан ондай арамдық болған жоқ» депті.

Шәріпханның ойланып қалғанын байқаған аналар:

– Сен айтпасаң да Иүй Жушияң мен Лю Уын бәрін мойындап отыр, – дегенді қосты.

– Ойдан жасаған ертегілдеріңе өздерің сенбесеңдер мен сенбеймін. Иүй мен Лю жақсы адамдар. Олар өзін де, өзгені де сатпайды. Халық үшін жаралған қайраткерлер. Сондықтан бірімізді-бірімізге салып, ойдан құрастырылған өтіріктеріңді шындыққа айналдырамын десеңдер қателесесіңдер. Мені де ешкім желіктірмеді, еліктірмеді. Мен де ешкімнен ешқандай құпия ымыраға келгенім жоқ.

Осыдан кейінгі сұрақтардың көбі Өр Алтай күресіне аунады.

– Сен осында «құрылтайда» отырған орайыңда Алтайға жасырын хат жазып, оларды бүлік тудыруға желіктіргенің рас па? Оған кімдерді пайдаландың, кімдермен ымыраласып, жасырын қаскүнемдік сайладыңдар?

– Сен басқаларға Есімхан, Ақтекені қолдау жөнінде жасырын жарлық берді дейді? Өр Алтай дүрбелеңшілеріне қанша құрал-жарақ бердіңдер?

Шәріпхан кез-келген сұрақтың бәріне ауыз ауырта беруінің қажетсіз екенін аңғарды да соңғы сауалдарға: «жоқ», «жалған», «өтірік», «ондай іс болған жоқ» деген қысқа жауаптар ғана қайырды.

Алғашқы тергеу осылай аяқтады. Сұрақшы сөз соңында түсін суыққа салып:

– Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев, алғашқы тергеуде сіз ешқандай жартымды жауап бермедіңіз. Келесі тергеуге дейін толық ойланыңыз. Қасарысқанды қатаң жаза күтетінін ұмытып қалмаңыз, – деп айбарлана зекіді. Жауап алынған қағаздардың бәріне қол қойдырды.

Сұрақ барысында төбесінен төне қарап, оның әр қимылын бағып тұрған екі жендет ұзын коридормен өз камерасына қарай айдай жөнелді. Кенет ту сыртынан әлде кімнің күңіренген зор дауысы естілді:

– Ассалаумағалейкум, мен Таңжарық,

Таныдым Шақаң ғой деп сізді аңғарып.

Алтайдың алып қыран ақиығы,

Түстің бе, құрған торға сіз де алданып?! 

– Уағалейкумассалам, – Шәріпхан өр тұлғасын ширақы қозғап, артына жалт қарады. Жайдары, толық жүз, нұр дидарлы, есіміне сырттай қанық болғанмен дидарласпаған Таңжарық ақынды бірден таныды. Кесек тұлғасын шалқақ ұстап, аяғындағы кісенін сәнмен шалдырлатып, айдауда келе жатыр. 

«Қап, иттер-ай, ақын екеш ақынды да тас түрмеге тыққаның ба?!». Шәріпхан тоқтамаққа іркіліп еді, жендеттер мылтықтың дүмімен ұрып, алға итерді. Мұның өзін естіп сәлемін алып, басын изегенінен ақын да күш-қайрат тапса керек, сөзін үзбей төгіліп келеді:

Жақтамай жатпас елі адал ұлын,

Атағы айбар болған жырлап халық.

Айтармыз ерлігіңді, серлігіңді,

Кетпесе көз жұмылып тіл байланып.

Бәйтерек көлеңкелі шынар едің,

Өсіп ең тақыр дала тасты жарып,

Жауыздың тамырына балта шапқан,

Түсерміз сары ізіне жарық алып.

Бұлақтай мөлдір едің қайнап шыққан,

Қалайша бітіспекпіз іштей қанып.

Бұл жалған, жалған дейді сол рас па? – 

Бермесең өзің шешіп біле алмадық.

...

Ағады  қашан тұнып Ертіс, Іле,

Бұл күнде әбден болды лайланып... 

Ақынды айдағандар оның әуендете айтқанын әнге балап, құлағы үйренсе керек. Артынан түртпектей итергені болмаса, ауызда не айтып жатқанында шаруасы жоқ сияқты. «Қайран, есіл ер, арда емген ақыныным-ай, сыртыңнан қанық едім, көрсем деп армандаушы едім. Енді, міне, қарашы, тағдырдың тас босағада да жолықтырғанын». Жендеттердің түйгіштегенін елемей артына жалтақтаған Шәріпхан оған көз ишарасымен қош айтты. Сұрақтан қалжырап келе жатқан ой-қиялы түлежи шалқып, бойы серги қалды. 

Есіне Әсет ақын түсті. Бала күнінде, әкесі Жеңісханның тірі кезінде ауылда күнде той-думан болып жататын-ды. Әсет ақын айлап жатып, әсем әнімен күллі Сауыр-Сайқан қойнауын сазға бөлейтін.

Арғынмын атым Әсет арындаған,

Арындап ән саларма дарымаған.

Аспанның аясында ән шалқытып,

Бұлбұлмын даусым көкте дамылдаған..., – деп басталған құдіретті әуен таңды-таңға жалғайтын. Енді бірде артта қалған еліне, туып, өскен мекеніне деген сағынышын бебеулететін.

Хан Шыңғыс, Қарқаралы, қалдың ба, атам,

Көкшетау көтеріңкі шөбің жасаң.

Кір жуып, кіндік кескен жерім едің,

Сары Арқа, ойхой, сені, көрем қашан?!

...

Алаңсыз Арқада өскен қайран қазақ,

Жазықсыз жау мен жұттың зәрін татқан.

Шөлмегі зұлымдықтың сынғалы тұр,

Арқаға бар сойқанның ері батқан...

Тіміскіп ажал, азап елдің ішін,

Ана менен сәбиді зар жылатқан.

Айрылып ақ патша ар-намыстан,

Қырсығы тиді жұртқа тәңір атқан…

«Еһ, заман-ай, арғы бетте орыстың, бергі бетте қытайдың қанды тырнағында қан жылаған қайран қазағым-ай!» – Шәріпханның аузынан аппақ жалын бұрқ етті. «Қайран, Әсет мұңлық-ай, сені көзбен көріп, көңіліңнің жарасын сезіп, жанарымызға жас үйріліп еді. Аңыз боп елестеуші еді өмірің. Енді көзім нені көріп тұр. Таңжарықтай дүлдүл ақынды тас түрмеге тыққан қандай қатал тағдыр. Айналайын, ақыным, қас пен көздің арасында қаншама жырларды бұрқыраттың. Жай ғана айтпадың, ішіңдегі зарыңды, мұңыңды, жұбатуыңды да ақтарып жатырсың. «Жақтамай жатпас елі адал ұлын» дегенің «артыңда жоқтайтын қара орман халқың бар» дегенің ғой, «Бұлақтай мөлдір едің қайнап шыққан, қалайша бітіспекпіз іштей қанып» дегенің «өлсекте жауыздарға бас имей, ақиқаттан ауытқымайық» дегенің ғой». 

Жайшылықта айтылған мың кеңестен, мынадай тас босағадағы жалғыз ауыз сөздің құны әлде қайда артық – үлкен медет, көңілге жұбаныш, санаға қанат. Шәріпхан өзін тойға келе жатқандай одан ары еркін ұстап, бойын да тіктей түсті. «Ері үшін атқа қонар елі болса, елі үшін қайтпайтын ері болса, екеуінде еңіреп жоқтайтын ақыны болса – одан асқан бақыт бола ма?!» деп күбірледі. 

***

Шәріпханды соттың қитұрқы сұрақтары мен түрменің ащы азабы қатты қысып жатқанда Алтайдағы ұлт азаттық қозғалысы одан ары өрши түсті.

Шың Шысай Көктоғай мен Шіңгілдегі әскери бөлімдерінен тыс Үрімжі, Шонжы, Сарсүмбеден екі мыңға тарта құралды жасақ топтап, танк, соғыс ұшағы, зеңбірек сияқты барлық озық қаруларын іске қосты. Шағаніргеден басталған сұрапыл шайқас Бұлғын, Қаптық, Қарағайты, Ақтас, Қарашора, Қарасу, Күрті секілді жерлерде қиян-кескі ұрысқа айналды. Қытай армиясы бірде зеңбірекпен атқыласа, бірде ұшақпен бомбалап, жерден де, көктен де қаһарын төгіп, өлермендене шабуылдады. Өр Алтайдың тиімді табиғатын бекініс еткен қазақтар жағы тау-тасты паналап, жан аямай соғысты. Қазақтар жағынан талай ер шаһит болды. Ноғайбай Аушыұлы, Ақтеке, Муса мерген Тұрғынбайұлы секілді боздақтар қанды соғыстың бел ортасында оққа ұшты. Жау жағының  шығыны тіпті көп.

Толарсақтан қан кешіп, ұрыс бастаған ерлердің біразы мерт болып, ел есеңгірей бастаған бір тұста, орманнан шыққан көкжалдай Оспан тағы пайда болды.

1940 жылдың шілдесінде ол қырық жасағымен жон Алтайдан Жапсар жайлауы арқылы Қуертіс бойына келіп түсті. Өзеннен сал байлап өтіп, Көктоғай ауданына қарасты Күрті деген жерде тұратын Шың Шысай үкіметінің пошта бөлімшесін қорғап отырған әскерлерін қолға түсірді. Олар арқылы қырық шеріктің корғауымен екі жүз түйеге артқан оқ-дәрі, азық-түлік, киім-кешек сияқты әскери қор келе жатқанын біліп, оны түгелдей  олжалады. Қаруланған қазақ қосынына жаңа серпін бітті. Оспан жетекшілігіндегі Таршаты, Аршалы, Ащылы, Ышқынты шайқастары жаудың тұмсығына қан қатырды, шиебөріше қаптаған қытай шерігін жусатып салды. Қытай жағы ұйықтап жатса да: «Оспан, Оспан сарбазы келе жатыр!» деп түсінен шошып оянатын болды. Оспанға қосылған қазақ сарбаздары күн санап артты.

***

Шың ұясын аю түткен арадай жанталасып, шұғыл жиналыс шақырды. Атқа мінерлері мен ақылшы, кеңесшінің бәрі жиналды.

– Өңшең тоғышарлар, түк бітірмейсіңдер. Тау-тасты сағалаған жабайлыларға шамалдарың келмей мемлекет армиясын ауыр шығынға ұшыраттыңдар. Дәл қазір солардың қан-қарызы үшін осы отырғандарыңның бәрін атып тастасам да сендерді менен ешкім арашалай алмайды! – деп алдындағы үстелді төпештеді.

Өзі жауап күткен офицерлердің бәрі де:

– Тақсыр, дубан, кінә бізден. Мына жабайы қазақтар шынында да әбден титықтатты. Біресе мына төбеден, біресе, ана сайдан жылт етеді де жоқ болып кетеді. Біздің армия өкшелей қуып барса, әр бір жақпар тас адамға айналып, тұс-тұстан оқ жаудырады, – деп лажсыз қалған міскін күйлерін мойындады.

Осы кезде ақылшыларының бірі орнынан тұрып:

– Мен білетін қазақтар, ұрған сайын долырып, атқан сайын көзіне қан толатын нағыз тау жыртқышы сияқты. Олардың ең осал тұсы өзін-өзіне салу ғана. Сол үшін де қазіргі құрылтай қамағында отырғандарды сол соғысты тоқтатуға жіберген оң сияқты. Біздің сақшы бөліміне жаңадан жұмысқа тұрған бірлі-жарым қазақ жігіттері де бар. Солардыда пайдаланған жөн шығар, – деді. 

Басында айқайлап, ақырып, алдындағыларды жүрелеткен Шыңның ішкі ойының да бірі осы еді. Соны мынау дәп басты. Шыңнан бұрын тағы бір ақылшы сөзге араласты:

– Біз мұндағы қазақтарды оларға басу айтамыз деп жібергенде, барғасын бір-бірімен ауыз жаласып, өзара бірігіп одан ары құтырып кетпей ме?

Қартаңдау келген әуелгі ақылшы оның да жауабын дайындап қойыпты.

– Әрине, – деп қылғына сөз бастады ол, – олардан ондайды күтуге болады. Бірақ біз бір адамын жіберсек, соның кепілі ретінде он адамын осында ұстап қаламыз. Барған адамға: «қайтсеңде соғысты тоқтатасың және де мына отырған адамдардың бас амандығы да сенің сол қызметті адал атқаруыңа байланысты» дейміз. Қазақтар бізге сонша үрейлі болғанымен, ел мен жер мүддесіне келгенде, ел бастаған серкелеріне келгенде жұрттың көзіншге опасыздыққа бармайды. Сондықтан да барған адам бар ниетімен бізге қызмет ететін болады.

Бұл да Шыңның күткен жауабы болды. Сталинді өзіне өнеге тұтып, халықты қатігез қанпезерлікпен ғана тұқыртамын дейтін ішкі есебінің қате болғанын да көзімен көрді. Енді бұл ұсынысқа иланбасқа амалы жоқ.

– Мен де сіздерге осындай ұсыныс жасамақ едім. Сондықтан да арнайы сенімді адамдардан: «халықтан хал-сұрау» ерекше қызмет тобы жасақталсын. Осында қамақта отырғандардың тілге келетінін Алтайға жіберуге иландырып көріңдер, – деді. 

«Шәріпханды жіберуді де ойластырыңдар» демекші еді, оны ауызға алғысы келмеді. Ана жолы Шәріпханмен бетпе-бет отырып сөйлескеннен бері оған деген жүрегі жылымай-ақ қойды. Өңменіне қадаған жанары жолбарыстікіндей тарғылдап: «Иә, мен Шыңғысханмын» деп от шашып тұрғандай болған. Жекпе-жек жеме-жемде қарсыласын жарып кете беруден тайынбайтын тағылығын ойлап, осы ретте де оны бірінші болып түрмеге қаматқан. Енді Шәріпханды Алтайға жұмсаса ол көнсе де, көнбесе де ұтылады. Көнсе, Алтай халқы мұның сөзіне тоқтайды. Барудан бас тартса алдымен осының көзін құрту керек. Дегенмен де ішкі ойын топ ортаға салу басы артық жұмыс. Қауіпсіздік қызметкерлері мен тыңшыларына басын айтсаң, аяғын ыммен түсінеді. Осының бәрін ой елегінен өткізген Шың шұғыл түрде жаңа қызмет тобын құру жөнінде бұйрық беріп, жиналысты тараттты. 

Оның көз-құлақ, қол-аяқтары сол минуттан бастап іске кірісті. Шыңның жол-жорығымен берілген ішкі тапсырма бойынша түрме бастығы Шәріпхан мен Бұқатты кеңсесіне алдырды. Қолдарындағы көзірді босатқанымен, аяқтарындағы кісенді алмады. Сот, прократура, ішкі істер сынды органдардан құралған төрт-бес адам бұларды әдеттегіден жылы қабылдады.

– Қарашасын ойламаған хан қара басы үшін қазан аспайды. Бәрі де ел-жұртпен, халықпен. Біз халықтың тыныш-бейбіт өмірін ойлаған сайын олардың бізді түсінуі тіпті де қиындап барады.  Қарақшыларға ілескен Көктоғайдағы бір бөлім ел әлі де қару тапсырғысы келмей қарсыласып отыр. Олар мемлекет армиясына оқ атудың ауыр қылмыс екенін білмей ме. Біз олардың қатын-баласын ойлап әлі де болса ымыраға келулерінің кеш емес екенін ұқтыра алмай келеміз. Егер бар қару-қайратымызды жинап оларға сұрапыл шабуылға өтер болсақ, онда жағдайлары тіпті де мүшкіл болады. Байтал түгілі бас қайғы болып торғайдай тозады. Алда суық күз бен қатал қыс келе жатыр. Ат, азық, бала-шағасын, ертеңін ойламай ма?! Олар райынан неғұрлым ерте қайтса, солғүрлым кеңшілікке ие болады. Біз сендерді өлке өкілі ретінде, Шың дубанның сенімді қолғанаты етіп Көктоғайға жіберсек дегенді ұйғарып отырмыз. Тау-тасқа босқан халықты отырықты мекеніне шақырып, тыныш-бейбіт өмір сүруі үшін сендердің оларға ақыл-көмектерің керек. 

Шәріпхан әдетінше батыл сөйледі:

– Мен 1939 жылы қыркүйектен бері сендердің қолдарыңдамын. Өр Алтайда туылған істер хақында өздеріңнен естігенім болмаса, ештеңе білмеймін. Егер мен Алтайда тұрғанда мұндай іс туылған болса, онда оған басыммен жауап берер едім. Қазір мен барып ақыл айтсам да олардың илана қоюы екіталай. Үкіметтің сойылын соғып халықта алдап отыр деп қарайды. Оларды иландыра алмайтыным анық. Басқалар барса өзі біледі, мен бара алмаймын. 

Бұқат сәл күмілжіп:

– Егер Шәріпхан барса, қасында жүріп қолғанаты болуға дайын едім. Соқа басым сопиып жетіп барғаныммен мені ешкім елеп-ескермейді. Сөзім өтеді деп құрғақ уәде бергеніммен, қызмет етіп бере алатыныма сенімді емеспін, – деп сөзінің соңын дүдәмәл аяқтады.

– Шын мәнінде біздің айтқанымыз халықтың қарызы. Солардың бас амандығы үшін сіздерді қызмет етуге шақырып отырмыз. Алтай халқы сіз екеуіңізден асып қайда барады. Сол үшін әлі де болса ақылдасып көріңіздер. Сіздерді бір сағатқа оңаша қалдырып, сосын, қайта кеңесейік.

Осыны айтқан олар шығып кетті.

Бұқаттың жүзіне жылылық кіріп, жітірмелете сөйледі:

  – Алла Тағала бізге орайлы сәт тудырып отыр. Алтайға бірге барып, ел-жұртқа бетімізді сатсақ та, тыныштандырудың қамын жасамаймыз ба. Мүбада, оларды тоқтатуға дәрменіміз жетпей жатса, бұл жерге қайта оралғанша, солардың сапына....

Оның сөзі осы араға келгенде, Шәріпхан аузын баса қойды да, иегімен төбені нұсқады.

– Ашық боламын деп шашық болмаңыз, бізге бүйректері бұрылып оңаша қалдырған жоқ. Мұнда жасырын тыңдағыш қойып,  әңгімемізді сырттай бақылап отыр. Тыңдаса тыңдай берсін. Сіз ауыз ауыртып жаман атты болмаңыз, айтарымды мен айтайын, – деп әлде неге бекінген раймен кескін сөйледі, – мен Алтайға барып күресті тоқтатам десем, халықтың әділетті талабына қалқан болған боламын. Тіпті солай-ақ болып соғыс тоқтаған күннің өзінде мен білетін Шың залым сөзінде тұра ма!? Халықтың қолындағы қару-жарағын алдамалап алып алған соң, ертең-ақ қайта тарпа бас салуы да мүмкін ғой. Біз қайта оралсақ та, оралмай қалсақ та, халыққа қанды қақпан құрулы тұр. Халқыма арам шырға болып қара бет болар жайым жоқ. Екі сөйлемеймін, айтқаным айтқан. Ал сіздің өмір жолыңыз, таңдауыңыз басқаша. Барамын десеңіз қарсы емеспін. Бара беріңіз.

Шәріпхан көп сырды көзімен ұқтырғысы келіп, әр сөзін айтқан сайын басын изеп немесе басын шайқап, өң әлпетін соған сай өзгертіп, ойлы жанарын Бұқаттан алмаған күйде сөйледі. Арасында сұқ саусағын жоғары шошайтып, Шыңды меңзеп: «әсте сенуші болмаңдар!» дегенді де тұспалдап көрсетті.

Оның айтпағы көп еді, бәрі-бәрін ақтару өзіне де, өзгеге де тиімсіз. Тіпті, дәл қазір өз ойын бұдан артық бұтарлап, егжей-тегжейлі баяндағанмен пәле өз басымен кетпей Бұқатқа да кесірі тиеді. Қытайлар   Бөкенің, Жантайлақтың, Әліптің, Зуқаның басын алғанда халқына қандай жарылқау көрсетті. Олардың бәрі қапияда шаһит болды. Мүбада, жауымен жан аямай күрескенде жастығын ала жататын ерлер еді, амал қанша! Алтай халқының атқа қонғаны шын болса, олардың алған бетінен қайтпағаны жөн. Егер мыналар бізбен бірге ұстап отырған екі жүзден астам адамды кепілдікке алмаған болса, онда еш екіленбей сонда барып, Алтайдың төңкерісін өзім-ақ бастар едім. Амал қанша, тар қапас, кепілдікке алынып отырған ел серкелері менің де мысымды құртып отыр. Қақпан бастырды, торға қамады, қанатымды қырықты. Шың Шысай тірі тұрғанда маған сенбейді. Мен тірі тұрсам ол Шыңғыс тіріліп келетіндей үрейленеді. Сондықтанда ақ арымды бұлғамай, халқымның алдында қара бет боларлық көлеңкеге бармай, Алланың ақ өлімін күткенім жөн емес пе!? «Ал сіздің өмір жолыңыз, таңдауыңыз басқаша. Барамын десеңіз қарсы емеспін. Бара беріңіз» дегенім, мен өлсем өлейін. Сіздер тірі қалудың қамын жасаңыздар, халыққа керексіздер. Мүбәда Алтайға бара қалсаңыз, менің сәлемімді егжей-тегжейлі жеткізіңіз. Халық әділет, теңдік, шындық, азаттық жолындағы өз тағдырын өзі шешкені дұрыс. «Бармаңыз дейін десем де барғыңыз келіп тұрғаны анық. Дәл қазір «бармаңыз!» деп қалсам тың тыңдап тұрғандар менімен ауыз жаласып астасты деп сізді де құрдымға жібереді. Егер бәріңіз дәттеріңіз шыдап, Үрімжіден бірден-бір өкіл бармай қойсаңыздар, Шың Шысай амалсыздан халықтың талабына да, біздің дегенімізге де көнер ме еді, қайтер еді. Амал жоқ, баруы барасыздар, халықтың обалына бір қаласыздар. Өз бастарыңыздың да аман қала қоюы екіталай» дегендерді ойлап өзегі өртенді. Көп сырды көзімен ұқтырғысы келді.

 Оның ауыр демі мен жанарының тереңіндегі тұңғиық тұманнан: «Мүмкін, бұл біздің ақырғы кездесуіміз шығар, бақұл болыңыз, аға!» деген ауыр мұңның лебін сезіп, Бұқаттың көзіне жас келді:

– Бәрі де үміт дүниесі, тұман айығар, күн ашылар. Жақсы күндерді күтейік, – деп тұнжырай күрсінді. 

Бұлардың әңгімесінің аяқтағанын білген құқық қорғаушы орган қызметкерлері де сапырыла кірді. Шәріпхан оларға қасқая қарап: 

– Мен ешқайда бара алмайтынымды айттым, тағы сұрасаңдар да айтарым сол. Ол үшін мені кінәлі санап, жауапқа тартамын десеңдер оғанда дайынмын! – дегенді кесіп айтты. 

Онсызда Бұқатқа айтқандарын жасырын тыңдап, тістерін қайрап, түнере төніп тұрған жендет топ екеуін екі жаққа сүйрей жөнелді. «Қайран, сабазым-ай! Енді сенің асыл дидарыңды көре аламын ба, жоқ па. Мен де сенімен бірге бармаймын десем болар еді, оған елге барсам, кеңессем мүмкін ертеңіне жол сілтер бір жол табылар ма» деп үмітімді үзгім келмеді. Қайтейін, өзіңмен бірге бола алмағынымды кешірерсің. Көріспесек, ақиретте пайғамбардың ақ туының астында жолығармыз» деп іштей қоштасқан Бұқаттың кеудесінде ақ боран жұлқынып, көз шарасындағы тұп-тұнық көл тағы да шайқалды. Шынында да бұл олардың соңғы көрісуі еді.

***

Қазақ қолынан ойсырай жеңілген Шың әскерінің әл-дәрмені күн сайын азайды. Ұшақ арқылы аспаннан үгіт қағаздарын жаудырып, сарбаздарды бітімге шақырды. Қытай жағы халықпен келіссөз өткізу үшін Үрімжіден Бұқат, Жәнімхан, Халел, Шың Шысайдың қайын атасы Чю Зұңжүн генарал бастаған арнайы адамдарды ұшақпен Алтайға жеткізді. 

Бұқаттың қасына Жәнімхан Тілеубайұлын қосудың да көп түрлі себебі бар. Өр Алтай көтерілісін бастаушылардың негізгі дені Жәнімханға рулас Жәнтекейдің Шақабай атасынан. Алтай халқына қадірі бар, құдай, құраны аузынан түспейтін сыйлы қажы Жәнімханның сөзін бері болса Жәнтекей баласы, ары асса Абақ Керей тыңдайды. Шыңның адамдары Үрімжі қамағында Бұқатпен бірге Алтайға баруын өтінгенде ол іштен: «Пайғамбарымыз бір хадисінде үш түрлі жағдайда айтылған өтірік адамға телінбейді делінген. Оның біріншісі – соғыс кезінде дұшпанды алдау арқылы отан мүддесіне саятын өз жеңісіңнің ұпайын түгендеу. Екіншісі – ер мен әйел қатты ұрсысып-төбелессе немесе әйел ауш-ызасынан қайтпай шаңырақтың шайқалу қаупі төнгенде береке үшін айтылатын өтірік. Үшіншісі – жауласқан екі жақтан қан төгіліп адам өліп жатқанда оларды бітістіру үшін айтылатын өтірік кешіріледі делінген. Сол үшін де кәпірелердің айтқанын мақұлдап, қанды соғысты тоқтатып, халқыма қайрымдылық жасай алсам, Алла тағала оны сауаптан жазбай ма?!» дегенді ойлап бірден келісім берген. Ал Жәнімханның қасындағы Халел тәйжі Нұртазаұлы да қарақасқа ғана емес, өр керейінде өз орны, бет-беделі бар көрнекті тұлға.

Сөйтіп, 1940 жылы қазанның 18 жұлдызында Ырысхан, Есімхан бастаған ұлт азаттық күрескерлері мен Шың үкіметі алты түрлі бітім-шартқа келісті. Оның бір тармағында: «Құрылтай сылтауымен Үрімжіге әкетілген Шәріпхан және жазықсыз қолға алынған Ақыт қажы, Мәңкей бастаған ел серкелері тез арада қамаудан ботатылып, Алтайға жеткізілетін болсын!» делінген.

Қытай жағы талаптың бәрін мақұлдаған бейнемен бас шұлғыды. Бұқат өзін аңдыған күзеттен оңашалана қалған бір сәтте дәрет алуды сылтауратып, Ырысханға Шәріпханның сәлемін күбірлей жеткізді.

 Астындағы ақ боз атын ойқастай ойнақшытып, топтан оқшауланған Оспан ғана:

– Бір емес, екі емес талай рет өтірік айтып, елді алдаған қытай үкіметі енді шын айтады дегенге кім нанады? Ел үшін еңіреген ерлеріміз бен ата-бабадан қалған ұлан-байтақ жерімізді қорғай алмасақ несіне еркек атанып ат үстінде жүрміз. Үрімжідегі Шәріпхан бастаған ел адамдары тұрманы түгел ортаға оралса, өз басым келісу-келіспеуді сонда ғана айтар едім. Бұлар шын айтып тұрса, құрғақ сөзбен елді алдағанша қамақта жатқан сол боздақтарды осында әкеліп, сосын сөйлеспей ме? Бағынғысы келгендер, қытайға сатылғандар қала берсін. Мен бұл кәпірлерге ешқашан сенбеймін, кеттім! – деп Құбының құмын бетке алып шаба жөнелді. 

Топтың көбі ошарылып қалды да, тек он неше адам ғана оның соңынан ілесе шауып, Жоңғар құмдығына сіңіп кетті.

Шың Шысай халықтың талап-тілегін қабылдаған сыңаймен алғашқы адымда Халел сынды он бес адамды босатты. «Мәңкей ауру себепті қайтыс болып кетті» деп сүйегін берді. «Шәріпхан ауырып арасанда емделіп жатыр, денсаулығы қалпына келген соң Ақыт қажы бәрі Алтайға қайтады» дегенді айтты. Әрі Бұқатты Алтай аймағының уәлилігіне, Жәнімханды оның орынбасарына, Нәзір тәйжіні аймақтық бажы мекемесінің басшысына, Халелдің ұлы Рахатты Көктоғай ауданы әкімінің орынбасарына тағайындады.

Ел үкіметке сеніп, бойын кеңге сала бастағанда, қытай билігі жеңіне жасырған қанжарын алып шығып, кәнігі жауыздығын қайта бастады. Бұқат, Халел, Рахатты бір-ақ түнде қолға алып, Үрімжі түрмесіне жөнелтті. Көтеріліс басшылары Ырысхан Ноғайбайұлын у беріп қастандықпен өлтірсе, Есімхан Иманбайұлын қапияда қолға түсіріп, Үрімжі түрмесінде көзін құртты. 

Шың Шысай қауіпсіздік басқармасына арнайы тапсырма беріп: «Алтайдан шыққан әрбір бүліктің артында Шәріпхан тұр. Сондықтан да қандай жағдай болмасын, оған кеңшілік жасауға, босатуға, басқалармен тілдестіруге мүлдем болмайды. Оны аса қауіпті қылмыскер ретінде қарап, ең ауыр жазаға тартуға дайын болыңдар!» дегенді ерекше ұқтырды.

«Күн жылынып, жаз шыға Оспанның етек-жеңі кеңіп, Алтай тауына шығып кетсе, еркін қимылдап, бой бермей кетеді. Ең жақсысы, құмдағы қиын-қыстау кезінде тарпа бас салып жөргегінде құрту керек» деп, Үшбұлақ деген жерде Оспанды қалың әскермен қоршап жоймақшы болды. Қаша соғысқан Оспан қолы құмнан сытылып, Алтайдың ұлы қойнауын бетке алды. Бала-шағасының дерлік жау қолында қалғанына қарамастан ұлы Шердиман және Сүлеймен батыр сынды қанды көйлек серіктерімен күресті жалғастырды. 

Өндірқара, Қарамайлы, Жиек, Құланқұдық, Балертіс, Күрті, Құжырты шайқастарында Оспан қолы жеңісті шерулерімен күшейе түсті де, оларға қосылған қазақ сарбазы күн санап артты.

         ***

Өң бе, түс пе, Шәріпхан не болғанын аңғара алмай сұлық жатыр. Астында сабан төсек, арасында бит пен бүрге жылтыңдай өріп жүр.

Тергеуге, жазалауға ыңғайлы болу үшін барлық органдар бөлмесі, жаза апараттары түрме ішіне орналастырылған. Шың дубан кімнің есімінің астын қызыл сиямен сызса, соны қатаң тергейді. Кімнің есімін қызыл сызықпен шеңберлеп сызса соны өлімге үкім етеді.

 «Шыныңды айтпадың» деп әр күні қинаудың неше түрін көрсетеді. Алғашында тышқанмен ойнаған мысық секілді бірде дүрелеп, бірде тырнақтың көбесінен ине сұғып қинап еді, бара-бара сұмдықтың неше түрі шықты. Кендір арқанды санға салып, оған ұзын сойыл өткізіп бұрайды. Жылқыға салатын «қыл бұрау» құлында құлыныңды шығарады. Естен танып құлағанда мұз араласқан суық сумен ес жидырады. Қайта сұраққа алады, қайта тергейді. Ұшын өрге қаратып қаққан ұсақ шегеге толы ағаш орындыққа отырғызады. Қан саулай берсе шоғы қып-қызыл көмір шелекке отырғызып, әлгі жараңды күйдіреді. 

Кейде бақайынан кендірмен байлап, аяғынан аспақтап, басын төмен қаратып салақтатып қояды. Осы жаза түрін Шәріпханға бір-ақ рет қолданғаны да қызық. Қалың жендет шамасы жетпей оның атан түйедей денесін зорға ілген, мұны қинаймыз деп, өздері қара терге малшынған. Соған жарай еңбектерінің де ақталмаған түрі бар. Тұтқынның екі метр жиырма бес сантиметрлік бойын үш метр көтерсе де салалы қолдары жерге тіреліп қала берді. Мұндайда қолыңның ұшымен жер тіреп тұру да үлкен тыныс. Сөйтіп, мұндай әуресі көп, өздеріне аса ауыр болған жаза түрін Шәріпханға қайталай қолданған жоқ. Бұл жаза түрі Шәріпханның есіне қай-қайдағыны түсіргені бар. Бала күнінде «қамбадан ет ұрладың» деп мысықты ұстап алып, кергіштей іліп қойып «жазалап» жатқанда, үстілеріне түскен анасы шыр етіп: «қарғаларым-ай, мысықтың қарғысы жаман болады, сендерді біреу осылай аспақтап қойса, жақсы бола ма?!» деп зекігенді. Өзін аспаққа асып жатқанда сол бір өткінші өмір суреті мен ана сөзі жадында жаңғырды. 

Аспақтау жазасы сәтсіз болғанымен, есесіне жендеттер ең ауыр жазаның бәрін тағайындады. Айналасына инедей біздер қадалған жалғыз адам әзер ғана сиятын тік сандықшаға қамайды. Қалғыса, құласа денеге біз қадалады. Тәуліктеп тұрғанда ердің ері ғана шыдайды. Шыдамағандар не айтса соған көніп, сәттік ұйқы үшін қолын қоя береді. Сөйтіп, талайы Шәріпханның «қылмыстарына куә» болып қолын қойды. Әсіресе, оның «Жапон тыңшысы» деген қылмысына көп «куә» шықты. Тіпті өзінің жақын адамдарының өзі: «сонда біз сеніп жүрген Шәріпхан шынымен де Жапонның тыңшысы болғаны ма?» деп күдікпен күбірлейтін болды. Бұл болса, бәріне шыдады. Тісін тісіне басып соңына дейін қасарысты. Қандай қиын азаппен есінен жаңылса да әжесінің ыңылдай тақпақтап айтатын: «нағыз ер – әділдікті жақтайды, шындық сөзге тоқтайды, жұрт бірлігін сақтайды, ел үмітін ақтайды, топырағын сатпайды» деген сөзі әр кез құлағына жаңғырып тұрады. Атаның ақ бата аманаты мен ананың ақ сүті ешқашан еңкейтпейді. Мейлінше жұлмалап, еріндері қимылдауға келмей, діңкесі әбден құрығанда ғана камераға сүйреп әкеледі. 

Есін жиғанда өзін тірі көргеніне қуанады. Көгілдірленген бозғыл таулар мен айнадай  жарқыраған әсем көлдердің елесін іздеп, алақандай терезеге телміреді. Кейде күннің сарғыш сәулесі жылт етеді. Сол бір сарғыш сәуленің өзі жарық әлемнің жаршысы сынды бойға қуат. Сыртта жанды дүние, жадыраған табиғат барын еске салады. 

Таңдайы құрғап, қинала тамсанғанда оған ешкім су  ұсынбайды. Елестер мазасы, ескі өлке суреті бірінен соң бірі шұбырады. Ертістің өркеш-өркеш толқындары жөңкіле тулап, бетін аппақ бумен бүркеп құлдилай шабады. Тоғай түкпірінен байғыздың үні, жылқының кісінегені, сиырдың мөңірегені, қойдың маңырағаны естіледі. Оқта-текте ботасын жоқтаған боз інгеннің дауысы қобыздың мұңлы ішегіндей сыздата, бебеулете зарлы күй толғайды.

Енді бірде Қыран өзенінің тастан тасқа секіріп бұлқына ағып жатқан құлын жал толқындарын көреді. Сарсүмбенің батыс өріндегі Қайыңды арал аталған шағын аралды ерекше ұнатып, жазды күндері таң сәріден қармағын көтеріп сонда келуші еді. Таңғы арай қызыл жартасқа шағылып сағымы суда дірілдейді. Сол сағымның иірімінде әлде қандай бір күш қармағын жұлқа қашады. Қармақ баудың толқын жарған сәті қандай қызық – шебер қыздың жібек тонның қоспасына салған жүрмеуінен де көркем, жіп-жіңішке сызық су бетінде толқындана жүгіреді. Құрықты еппен ғана тартып қалады, ақ бауыры жарқ еткен Алтайы қызыл сазан жағада тулап жатады.

Балалық шағын ойласа салқын Сауырдың ақ сағымға оранған қоңырқай төбелері елестейді. Жатаған жоталар арасындағы алты қанат, сегіз қанат ақ боз үйлер, қой көңі бұрқыраған мыжырайған тас үйшіктер. Кең дала төсінде көгілдір сағымды қуған көп бала тай-құнанмен жарыса шабады. Көктемгі ауаның көңілді мас қыларлық қышқыл буы, жусанның жұпар лебі, шидің басын доғалай майыстырған дала торғайының тынымсыз сайрағаны қандай ғажап! Аса тентек өзендер болмаса да,  Сауырдың құт қойнауында майлы ішектей шұбалып, жас балаша былдырлай жүгіретін мөлдір бұлақтары бар. Жалбыздың, қымыздықтың исі танауыңды қытықтап, сол бұлаққа бас қоясың. Кейде аузыңа ілінген көгілдір балдырды езуіңнен шығара салып, қайта жұтасың, жұта бересің...

Шәріпхан түрпілене жарылған еріндерін зорлана жалап, қабырғалары қаусап қалғандай денесін қинала қозғады. Тіл екеш тілдің өзі ауызға симай, икемсіз жыбырлайды. Қаталаған өзегі мүлдемге кеуіп, кеңсірігінен қан исі аңқиды. Сырқырай сыздаған буындары басуға дәрменсіз. Көнектей болған басы да меңгерусіз, оң-солға ауытқи береді. Қасқырдың талауына түскен арғымақтай ырсиған жарақаттарынан қанды сары су тамшылайды.       

Әлде қайдан, түрме түкпірінен біреудің күңіренген үні естілді. Жәй үн емес, көбені сөгіп, көкіректі айырар, қарлығыңқы қарт дауыс, қайғылы әуен. Жер астынан шыққандай тұншығып, тұмшаланып жетеді.

Алтайдың ат суардым бұлағынан,

Ертістің шөп шаптырдым құрағынан.

Жетпістің жетеуіне келгенімде,

Мылтықтың тұтқындалдым сұрағынан.

Иә, есіне келді, «қару тапсырмадың» деп Алтай түрмесінде жан түршігерлік қинаумен өлтірілген Қарағұл залыңның әні ғой бұл. Шәріпхан кісенін шылдырлата басын көтерді. Алғашқы кезде қолына салынған көзір сом білезігіне шақ келмей, қол еттерін борша-борша тіліп түсуші еді. Енді сүйек пен сіңірге ілінген тарамыстанған қолын баяғыдай қыспайды. Арса-арсасы шыққан арық сұлбасын зорға қозғап, бар қайратымен түзеле отырды. «Алтайдан тағы бір бейбақ қамалған екен-ау». Қарағұлдың әнін қырылдаған үнімен зорлана айтқан әлде кім суық, сыз түрме ішін борандата боздайды. 

Өтірік пәле жапты не амал бар,

Зарығып жатыр мұнда талай жандар.

Білмеймін үміт, қайыр бар ма, жоқ па,

Шығып тұр бұл кәпірден түрлі заңдар.

 

Ұстады Кәріш, Мәнкей, Шәріпханды,

Айбарлы жауға қатал арыстанды.

Қалел, Бұқат, Байқадамға салды құрық,

Біледі өзіменен алысқанды.

 

Алтайдың тауы құлап дала қалды,

Керейден кәрі кетіп бала қалды.

Тап берсе табжылмайтын сабаз кетіп,

Тар заман, тас босаға араға алды.

Ыңылдап, ыңырси айтқан ән әуені осы араға келгенде Шәріпханның етті иегі дір-дір етіп, буырқана қайнаған ыстық жас көзіне іркілді. Буланған жанарында қызылды, жасылды сағымдар ойнады. Басы «Құрылтай», аяғы тергеумен өткен үш жылдан бері тұңғыш рет жанарын жас кернеді. Асқар шыңы бұйра бұлттармен иықтасқан қарт Алтайдың бауырында қоңырқай толқынын қойша өргізіп Қара Ертіс жатыр. Арнасына сыймай лықсыған айғыр жал толқындары алып жартасқа соғылып шалқасынан құлайды. Ара-тұра желекті төбелер жылт етіп, шәліленген қою тұман тау алқымына қарай сүзіле көшеді. Иен қалған ескі жұрттан жетім ботаның боздаған үні естіліп, денесі тілкімделген жаралы ханзаданың өзегін өрт қармайды. 

Қараңғы өзі суық жатқан жерім,

Қазақтың баласынан кетті сенім.

Біз бүйтіп қараңғы үйде жатырмыз ғой,

Не болар қайран жұртым, қайран елім!

 

Құдайым тілегімді берер ме екен, 

Жан шықса иманға тіл келер ме екен?!

Сүйегімді қытайдың иті жемей,

Мұсылман қолына алып көмер ме екен?!

 

Ер туар ел жағасы аман болса,

Болмайды ердің ісі жалаң болса.

Қанды – қан, кекті – кекпен қайтарыңдар,

Қазаққа күн туатын заман болса.

Өлең аяқтағанда арқасын камера қабырғасына тіреген Шәріпхан тас мүсіндей қатты да қалды. «Мынау, мынау Қарағұл емес, менің сөзім ғой. Мен айтатын сөзді жарықтық ерте айтып кетіпті-ау. Жетпістің жетеуінде, иә, қайран боздағым-ай. Мен болсам қырықтың үшеуіндемін. «Біз бүйтіп қараңғы үйде жатырмыз ғой, Не болар қайран жұртым, қайран елім!». Қайран, қазағым-ай, халқым-ай, күнің не болар екен». Ойы осыған келгенде оның көзінен жас емес қан домалады. Ішіне лақтырылған бір уыс шоқ өкпе-бауырын шыжғырып барады. Әлдебір тілсім көкірегіне кіріп алып, қолқа-жүрегін жұлқылап жатыр. 

Айнала, қап-қара тамұққа айналып, сол тұңқиық әлемнің бір шетінен ұрандай шауып келе жатқан атты жасақтарды көрді. Дүркірей шапқан тұлпарлар дүбірі барған сайын молығып, жер-әлемді тітіретті. Алтайдың ақ бас шыңдары дүр-дүр сілкінді. Тасқынды тау суындай күркіреген, епінді, өр дауыстар:

Ай-хай ел, туған жер, 

Туысқандар, бізге кел. 

Сауырдан біз бет алдық жер Қабаға,

 «Жәнібек» деп сиынып ер бабаға! 

Табан асты езгімен қырғындаған, 

Бұл қытайдан қорыққанмен жан қала ма?!

 

Жан туды ма жалғанда Шәріпхандай, 

Сәуле шашқан халқына жарық таңдай. 

Мәнкей, Ақыт, Халелді тағы өлтірді, 

Жан жағады Қытайға енді қандай?! 

 

Қытай қашан халыққа берген пайда, 

Пайда берсе, кешегі ерлер қайда?! 

Ел адамын қытайлар түгел қырды, 

Қарап жатпай, атқа мін осындайда.

 

Тұлпар мініп, ту алып, тұрдық сапқа, 

Ел құтқару міндеті азаматқа. 

Ата жауды аластап кек алайық. 

Аттан енді, айқай, ел, қарап жатпа.

Ай-хай ел, туған жер,

Туысқандар, бізге кел! ..

Ұлт азаттығы үшін атқа қонған ерлердің дауылды үні толас табар емес. Бұл үннің жай ғана партизан марышы емес, Оспан сарбаздарының ұраны екеніне анық сенді. Аспанның бұлтты кеудесін сөккен найзағай жебесі қара жартасты қақ айырды. Тастар үгіліп, таулар қалтырады.  Езуіне мейірлі жымиыс ұялаған Шәріпханның көзіне тәп-тәтті ұйқы тығылды. Өзінің ақ боз ат мініп, ақ ту алған тұлғасының сарбаздар шоғырына қосылып шауып бара жатқанын ап-анық көрді.

– Шәріпхан Көгедаев!

Ол селт етіп есін жиды. Жендеттер дөңбекке жабылған құмырысқадай қаптап, оны жұлқылай сүйреп түрменің жазалау залына апарды. Сол-ақ екен, есіктен сау етіп қалың адам кірді.

Келгендердің саны тіптен көп. Сақшы бастығы Ли Иыңчи, ерекше соттың бастығы Ли Пылин, түрме басшылары Чан Шүйжұң, Жаң Бишін, Лу Жүйкүй, Уаң Жаучияң, Ли Жұншың, Лу Диянкүй және прократура өкілдері мен қорғаушы қосын. 

Сот өкілі алдыға шығып үкімді оқылды: 

«Қылмыскер – Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев, ер, 43 жаста. Алтай аймағының адамы. 

Ол Алтай аймағында өзіне берілген құзіретті қызметтерді артығымен пайдаланып, 1932 жылы Жапоиня тыңшыларымен жасырын байланыс жасаған, 1933 жылы Кеңес одағының әскери істер маманы Малинков Алтайды көзден кешіргенде одан әскери қару-жарақ алу туралы құпия келісім жасаған.

1935 жылы Кеңес одағының Алтайдағы елшісі оны тәуелсіздік алуға желіктіріп, ол Алтайды жеке дара мемлекет ретінде құру жоспарын жасаған. Іле-шала Кеңес одағының Үрімжідегі бас елшісі Одианкімен жасырын байланыс жасап, қарулы бүлік тудырып, дербес үкімет құру мақсатында Шың дубанды қастандықпен өлтіріп, өлкелік үкіметті бір жолата құлатуға ниеттенген. Өр Алтайдағы қазақ малшыларына астыртын тыңшылар жіберіп, олардың күресін қолдау арқылы, тордан құтылып, арам пиғылын іске асырмақ болған. 

Мемлекеттік қылмысты істер заңының 101-тармағындағы 1-бабы бойынша Шәріпхан Жеңісханұлы Көгедаев өлім жазасына үкім етілсін! Мал-мүлкі тәркіленіп, үкімет тізіміне өтсін. Жаза дереу атқарылсын!» 

Олар орындықта теңселіп әзер отырған Шәріпханды үкім оқылғанда құлап қалады деп ойлап еді, олай болмады. Түк болмағандай еңсесін тіктеп, жауларының көзіне тік қарады. Өлімге әлдеқайда бекіп, бұрын естіген әңгімесін екінші рет қайталай тыңдап тұрғандай таңданыссыз сабырлы пішінде:

– Соңғы рет жуынып-шайынып, Аллаға мінәжат етуіме мұрсат бересіңдер ме? – деп жайбарақат, салқын тіл қатты.

–Жоқ, оған біздің уақытымыз жоқ! – сақшы бастығы шоқ басып алғандай шаңқ етті де, артына қарады. Сола-ақ екен, қолына көтерген стаканы бар, көмекшісі қасына келді.

– Сен көп азап тарттың. Шың дубан саған: «дәмдес болған көне досым еді, жаңылды, жаза басты, жаны қиналды ғой. Жанын аларда бір кесе шарап ұсыныңдар, өмірден алаңсыз аттансын!» деп, мына шарапты арнайы беріп жіберді. Бұл түрмедегілерге бұйыра бермейтін бақыт. Алайда үкім оқылған соң, жазаны дереу атқаруды бұйырғанын есіңе саламыз. Сондықтан да сенің де, біздің де енді ойланатын да, бұлғақтайтын да уақытымыз жоқ!

Сақшы бастығы осыны айтысымен жендеттер Шәріпханға стакан толы шарап ұсынды.

Шәріпхан көзірлі қолымен стаканды түбінен періп жіберді. Быт-шыт болып сынған әйнек сынықтары мен шарап тұрғандардың бетіне шашылды. Әлде біреуінің бетін қан жуып кетті. 

– Шешеңді! – деп боқтады түрме бастығы Уаң Жаучияң оған ентелей төніп

Қалтырай дірілдеген оң қолымен тапаншасының сабын сығымдай бергені сол еді, өн бойында өшпенділіктің, кектің алапес оты ойнаған Шәріпхан оны қолының сыртымен бір ұрып жалманынан түсірді. Түрме бастығының шәбелене айқайлаған аянышты байбаламымен жендеттер қорқауша жабылды. Алғашқы келгенін желкеден қойып қалып жер қаптырды. Екіншісін шынтақпен түйіп еді, ол да екі бүктетіліп құлады. Үшіншісін баспен сүзгенде оның да кеңсірігінің тас-талқаны шығып, шалқасынан түсті.

Жендеттер қолдарындағы тоқпақпен тигені Шәріпханды, тимегені жерді сабалады. Бәрі жабылып ұстап алды да, арқанмен шырмай сүйреп, түрменің қатаң жазалуға дайындаған шарбақ орындығына таңды. Сақшы бастығы оған жақындап сұқ саусағын білей: «аямаңдар!» деп әмір етті. Сол-ақ екен, жұлқына бұлқынған Шәріпхан аузына толған қан мен қақырықты оның бетіне бүркіп жіберді. Қанды езуінде ащы мысқыл ойнады.

– Шың жендеттеріңе айта барыңдар, мен арыстанша ақырып өлемін. Менің қаным солай. Ол сияқты бұралқы иттей, көрінген күресін мен жемтіктің арасында, құйрығын бұтына қысып қыңсылап жүріп өлу менің қолымнан келмейді. Ит мінез иттерге ғана жарасады, алтын таққа отырғызып қойғаныңмен иттің аты ит. Маған жіберген атаукересі өзіне бұйырсын. Өлтіргілерің келген екен қорламай тезірек өлтіріңдер, мен өлімнен қорықпаймын!

Осыны айтып тордан шыққан шерлі жыртқыштай құсалығы тарап, шекесі жіпсіді. Өзін талаған шиебөрілердің бишаралықтарын мазақтай күлді. Зор, мығым қоңыр үні қоңырауша күмбірлеп түрме ішін жаңғырықтырды.

Сақшы бастығының екі қорғаушысы алдыға озып, тапаншаларымен Шәріпханның басын көздеді. Бетіндегі қан мен қақырықты сүрткілеп, өңі қоламтадай бозарып, еріндері дір-дір еткен сақшы бастығы қолын көтеріп, «атпаңдар!» деген ишара жасады. Ызаға булығып, түкірігіне шашала айқайлап:

– Мұндай сұмырайға оқ ысырап қылмаңдар. Атып өлтіру оған берген оңай жаза болады. Етінен ет кесіп, кескілеп, мейлінше қинап өлтіріңдер! – деп долдана ентікті. 

Сол-ақ екен, шолақ қанжарын жалаңдатқан бір топ келіп, Шәріпханның кез-келген жерін кескілей бастады. Есеңгірей ыңыранған оның: «Лә иләһа иллә аллаһ, Мұхаммәдүр Расул Аллах!» деген иман үні ұзаққа жетпеді. Қып-қызыл қан шашылды. Лап-лап етіп от-жалынға оранған жанарын қараңғылықтың қою тұманы бүркеді. Құлағы тарс бітіп, оқтай зымырап, қап-қара үңгірге сұғына ұшты. Сонау Шыңғыстан жалғасқан Әліпейіздің шөпшегі Шәріпхан ханзаданың қып-қызыл қаны Үрімжі түрмесін бояды. 

Кенет, бу шалған әйнектей жұмбақ дүниеге кірді де, манағы атты сарбаздар елесі қайта көрінді. Бабасы Әбілмәмбеттің Абылайға ұсынған ақ туын қолына алып, тұлпарлар шоғырымен қанаттасып шауып барады. Астында Алтайдың аппақ қарлы шоқылары. Қарлы шоқы үстінде қанатты ақ бозға мінген өзінің өр тұлғасы ақ шудалы үлпілдек мұнарға сүңги берді... 

Одан ары мақтадай үлбіреген, күміс қанат, ақ шаңқан бұлттар арасынан аппақ мәрмардан құйылған хандар сарайын көрді.

– Құлыным, Ханзадам – Шах-торғайым, бері кел, келе ғой! – деген мейірлі әженің жып-жылы үні естілді, – қиналдың ғой, шаршадың ғой, қарғам. Қасыма келіп демалшы, ұйықташы! 

Балдырған бала күнінде ғана аталып, кейіннен мүлдемге ұмытылған ең алғашқы ерке есімі  «Шах-торғай» еді. Оны атайтындар бұл пәниде жоқ. Тым шалғайда қалған – Сауырдың Мұқыртайынан Қаракөлге еңкейген өзен бойында тұсауы майлы ішекпен қиылған, пәк періште – бақыр бас ұлдың аты.   

 – Шах-торғайым менің!. 

Ып-ыстық дем маңдайын өпті. Көкірегіне көктемнің лебі саулап, жүрегі майдай еріді. Ауыр азап пен жан төзгісіз қинаудан қалжыраған, қажыған қорғасын тән бәрінен ада – көбіктей жеңілдеді. Алтын теңгелер толтырылған күміс астаудағы мөп-мөлдір суға мейірлене шомылып, кірсіз балғын денесі балбырай түсті. Әлди уілі кірпіктерін майыстырып, ып-ыстық құшаққа ентелей емінген ханзада уыз иісі аңқыған ұлпа кеудеге басын сүйеп, мәңгілік ұйқыға кірді.

 Бәрі қан Үрімжінің айналасы,

Ескі там, ұңғыл-шұңғыл сай-саласы.

Ішегін ит сүйретіп өлген жанның,

Құс шоқып домаланып жатыр басы.

...

Халықтың соның бірі адал ұлы –

Мисалы Шәріпхандай жұрт ағасы.

 

Келе қалсаң Үрімжі қаласына,

Көзіңді сал қалтарыс саласына.

Өле-өлгенше кәпірден кегімді ал деп,

Тапсырып кет балаңның баласына!

Аяғындағы кісенін салдырлатып, мұңмен толғаған Таңжарық ақынның зарлы үні бүкіл түрмені күңірентті. 

Бұл 1943 жылдың 26 қазан түні еді.

***

Алтай даласында асқақ ұрандар көтерген Оспан қолы қытай армиясын қынадай қырды. Ең алдымен Өр Алтайдың Шіңгіл, Көктоғай аудандары азат болып, басқыншыларды қуып шықты. 

Азаттықтың туын алып,

Еркіндікті жасаймыз. 

Бізді езген қытайлардың 

Қанын судай шашамыз. 

Ата-баба ақ туы жауынгерлер қолында, 

Өлсек – шейіт, қалсақ – қазы, Исламның жолында,  – деген секілді марш жырларын аскақтата шырқаған қазақ сарбаздары Алтай даласын ат тұяғымен дүбірлетті.

Бұл шақ екінші дүниежүзілік соғыстың басталған мезгілі болатын. Егер Кеңес Одағы Германиядан жеңіліп қалатын болса, бұрыннан Кеңес Одағының досы болып келген Шың Шысайдың мүддесіне тиімсіз болар еді. Оның үстіне гоминдаңшыл қара қытай мен комунистік қызыл қытай арасындағы қақтығыс мейлінше шиленіскен тұста комунистер жеңіске жететін болса, мұның мүддесінің қорғалмайтыны белгілі. Қорғалуы түгілі  «байтал түгіл бас қайғы болып» қара басына қатер төнер еді. Шың Шысайдың есебінше, «есің барда елің тап» деп оның ертерек компартиядан және Кеңес Одағынан бас тартқаны өзіне тиімді көрінді. 

Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісі мен жеңілісіне саятын көптеген күрмеуі күрделі мәселелерде Шың Шысай кеңестіктерден бет бұрып жаулық пиғыл танытса, оған қарсы тұралық күштерді жетілдіру жоспары Сталиннің де күн тәртібінде тұрды.

Шың Шысай Кеңес Одағы мен халыққа жасаған сатқындығын бүркемелеу үшін Шынжаңнан кетіп, Жаң Кайшидің қолтығына кірді. Гоминдаң үкіметінің егін-орман минстіріне тағайындалып, оның орынына өлке төрағасы болып У Жұңшин келді. Шың кетерінде жәй кетпей, өзінің сөзі жүреді-ау деген құпия ұйым қызметкерлеріне: «Алтай елі Шәріпхан мен Ақыттың өлгенін естісе, ешқашан бас имей, қара тұяғынан хал кеткенше күреседі. Сондықтан да олардың өлімін мүлдем құпия ұстау өз қауіпсіздіктерің мен Шынжаң тыныштығының кепілі» дегенді ерекше ескертті. 

Кеңестіктердің тікелей жол-жорық, қолдап-қорғауымен 1944 жылы қарашада Шығыс Түркістан Республикасы дербестігін жариялады. Не бәрі бір жыл ішінде Іле, Алтай, Тарбағатай аймақтары қытайлардан азат етілді. 1945 жылдың қыркүйегінде Алтай аймағы жаудан тазарып, Оспан бастаған қазақ сарбаздары бабаларының ақ туын желбіретіп, қала орталығы Сарсүмбеге айбынмен кірді. Жай ғана кірген жоқ, баяғы жауынгерлік маршқа айналған ел ұранын асқақтата шырқап келеді:

Жан туды ма жалғанда Шәріпхандай, 

Сәуле шашқан халқына жарық таңдай. 

Мәнкей, Ақыт, Халелді тағы өлтірді, 

Жан жағады Қытайға енді қандай?! 

Ай-хай ел, туған жер,

Туысқандар, бізге кел! ..

Ұлт азаттық қозғалысының алғашқы күресі жеңіске жеткен соң, туған халқы жауыздар жағынан із-тозсыз кеткен боздақтарын іздей бастады.

Осыған дейін ел ішін кезген аңыз-әңгіме де аз емес-ті. Біреулер: «жаулар Шәріпханды мейлінше қинап, енді өлтірмек болып, түрме камерасының есігін ашса, ол ізім-ғайым жоқ болып кетіпті. Қашып кетті дейін десе, есік, терезе еш ақау алмаған. Сосын оның қайда, неге жоғалғанын күні бүгінге дейін жұмбақ күйінде ұстап келіпті,  десе, екіншісі: «жендеттер Шәріпханды қинап өлтірген соң, түрме ішін көзге түртсе көргісіз қараңғылық басыпты. Сол сәтте ғайыптан жап-жарық нұр пайда болып, оның сүйегін іліп ала жөнелген екен. Содан жаулар оның не өлі, не тірі екенін ешкімге айта алмай келіпті» десетін. Енді біреулер: «Кеңес одағы өзінен қашып кеткен қазақ зиялыларын Шың Шысай арқылы ұстатып, кері әкеткенде ханның тұқымы болғандықтан Шәріпханды да сонда әкетіп, Сібірге жер аударыпты» дегенді айтатын.  

 Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңісімен бірге өзгерген аумалы-төкпелі халықаралық жағдайларға байланысты Кеңес одағы, АҚШ, Ұлы британия арасындағы «Кремил түбегі» келісіміне сай Шығыс Түркістан республикасы өкілдері мен гоминдаңшыл қытай билігі арасындағы 1945 жылы 17 қазаннан басталған келіссөз 1946 жылдың 6 маусымына дейін созылып, сегіз айлық сергелдең ойынды бастан кешті. Алдамалау саясаты арқылы жас Республиканы құртудың барлық амалы қарастырылды. Саяси толқындар саябырсыған 1946 жылдың жазында ғана Шәріпханның жау қолынан жантүршігерлікпен өлтірілгені мәлім болды.

***

Жеменейдің Сауырға қарай тірелген қоңыр адырларының арасында жұпыны ғана малшы қыстауы тұр. Дөдегесі шыммен қаланған там үйдің шөгіндіге айналып төбе топырағын өткен жылғы алабота, ерменнен қалған сояуланған қурайлар басқан. Шұбалған көгілжім түтін күп-күрең аспанға шүйкелене сіңіп жатыр. Қораға қамалған екі бұзаудың енесін іздеп мөңірегені, арғы жағындағы жылғада бөдененің бытпылдықтағаны естіледі.

– Ау, Мақатан, әкеңнен хабар жоқ па? Сыртта дүбірлеген не? Қарашы!

– Шеше, жақында ғана Алтай азат болып, төңкеріс ұшқыны Сауыр-Сайқан, Жеменейдіде шарпыды ғой. Оспан сарбаздарынан Жылқайдар, Келес сынды батырлар Сауырға дейін келіп, елдің бір бөлімін Өр Алтайға көшірсе, енді бір бөлімін уақытша жаудан қорғау үшін Зайсанға өткізіпті. Енді Алтай азат болғаннан кейін жоғары-төменге шашылған қазақтар ұлт азаттық қозғалысы жауынгерлерінің көмегімен өз мекендеріне оралып жатыр. Жауды қуып шыққан соң ел ішін тыныштандырып жүрген сол жасақтардың бір тобы осы арадан өтіп барады.

Зейнеп: «е, қарағым, Шәріпхан – Шәріпхан болып дүркіреп тұрғанда көлденең көк аттының бәрі оған сәлем беретін еді. Бізді Сарсүмбеден қуып шыққаннан бері алыс алаш түгілі ағайынның есік тартары да азайып кетті ғой. Талайдан бері босағамызды аттаған тірі жанды көрмедік. Дүние қолыңда тұрса сол – «қолда жүзік барында Сүлеймен де Сүлеймен, қолдан жүзік кеткен соң Сүлеймен де сүмірейген» деген. Бұған да көндіктік» дегенді ойлады, айтпады. Демін тереңінен алып, Мақатанның жүзіне қарады.

– Олар қытай үкіметіне әкеңді босатып бер деп талап қылды ма екен?

– Иә, шеше, сарбаздардың аузында әкемнің аты жүр. 

– Не деп?

– «Жан туды ма жалғанда Шәріпхандай, сәуле шашқан халқына жарық таңдай» деген жолдары есімде.

Зейнептің жүзі жылып, жанарына жас іркілді. Жүдеу кескінінде болмашы нұр ойнады. Тамағын кенеп, күрсіне сөйледі:

– Иә, қарағым, әкең үйге дүние жинамаған, елім-елім деп қана өткен адам ғой. Әкеңді ұстап әкеткесін, бізді Шың Шысайдың Алтайдағы жендеттері Сарсүмбеден қуып шықпады ма. Көрінген ағайынның босағасын жағалап, ақыры Сауырға келейік десек, біздің атымызда не мал, не жер, не қыстау жоқ, далада қалдық қой. Содан әйтеуір, Алла жар болып, осы Қаржаудан біреудің қыстауын арзанға сатып алып қалт-құлт етіп күн көріп отырған түріміз мынау. Әкеңнің не өлі, не тірі екенінен хабар жоқ. Жан аман болса, дүние-мүлік табылар. Тірі болса болды ғой. Әкең бізге дүние-мүлік емес, ақыл-кеңес, ақ адал сөзін, өнегесін аманаттап отыратын.

– Көптен бері әкем туралы айтпап едіңіз, есіңізге түскен әңгімелерін айтыңызшы.

Мақатан анасына күлімдеген мейірмен еркелей қарады. Оның мұқтаждық діңкелеткен шаршаңқы жүзіндегі әжімдерінің бұрынғыдан да тереңдей түскенін аңдады. 

– Айтайын, құлыным, айтайын, – кірпіктері майысып, төмен қараған анасы ішіне жиған демін соза шығарып, сөзін жалғады,  – Әкеңнің көп ел біле бермейтін бір әңгімесінен бастайын. Мені айттырып алғаннан кейін көп ұзамай із-тозсыз жоғалып кетті. Сөйтсек, ешкімге айтпастан, оқу оқып білім алсам деген ниетпен Зайсанға қашып өтіпті. Қазан төңкеріснде қытай жеріне қашып келіп, кейіннен сол жаққа барған Шаяхымет, Сақаба секілді бірнеше таныс кісіні тауып, солардың үйіне жасырынған екен. Өзінің Қазақстан жағынан баратын газет-журнал, кітаптарды оқып тұратынын айтып, білімімді тереңдетсем деген ой-арманын білдіріпті. Ол жақтағы көз қарақты жанашыр кісілер кеңесе келе оған: «қарағым, қазір мұнда жаңа үкімет орнауда. Олар ақсүйек, бай-манапты жақсы көрмейді. Кедейлер мемлекетін құрамыз деп құл-құтанды құтыртып жатыр. Әбілпейіз сұлтанның ұрпағы сен түгілі Абылай сынды төрелер тұқымын да төпелемесе, төрге шығаратын түрі жоқ. Сенің сол текті тұқымнан екеніңді білсе, сары ізіңе шөп салғанды қойып, көзіңе көк шыбын үймелетеді, байтал түгілі бас қайғы болады. Баяғыда аға баласы Құнанбай арғы бет керейлерінің арасына барып: «түбі біздің қазақтың бір тиянағы сол ел болар ма екен?» деп айтыпты дейтін нақыл бар. Тас түскен жеріне ауыр, ағаң Әлен әлі де болса биліктің бір шетінде екен. Өз елің – өлең төсегіңде сол жақтан білім іздегенің жөн-ау» деп бері аттандырған екен. Сол жанталасқан таудай талабының арқасында көп тіл үйренді. Алдына қай ұлттың өкілі келсе де, сол ұлттың тілінде олармен еркін сөйлесіп, өз ойын толық жеткізе алатын еді.

– Шеше, айтпақшы, мана: «әкең мал жимады» дедіңіз ғой. Әлен атамның ауылының малды екенін көріп жүрміз. Уаңның інісі бола тұра әкеміз шынымен де мал жимаған ба?

– Ойбой, балам-ай. Айта берсе әңгіме көп қой. Баяғыда аталарың Еженханға жылына 81 ат салығын тапсыратын дәстүр болған. Одан қалса төре ордасына келімді-кетімді қонақ, түселдің бәрі де айналасындағы ел-жұртына салық ретінде салынатын. Сондықтан да атадан қалған малға орда мұрагері атаң ие болды да, әкең оқу, білім қуып, халықтың жоғын жоқтады, дүние жимады. Тіпті бір жолы күн көре алмай қалған кем-кетік, мұқтаждарға малыңнан мал бөліп бере қоймадың деп жеңгесімен керісіп қалғаны да бар. Иә, иә, тағы бір ісі есіме түсті-ау, – сөзі осы араға келгенде Зенйеп сәл езу тартып, жұбайының қасында отырғандай тәтті жымиды, – бір жолы сүндет той жасағалы жатыр едік, әкең аяқ астынан бір жұмысқа кете қалды. Ондайда өз үйінің, жеке басының қандай жұмысы болса да қарамай кете береді. Екінің бірінде: «ел, ел, елдің жұмысы...» деп елпілдей жөнеледі. Тойдың бүкіл қамы жасалып, ел-жұртты шақырып қойғанбыз. Апаң екеуіміз амалсыз жүгіріп, әйтеуір бар жұмысты шамамызша тындырдық. Тойлыққа деп жүзден артық қой, отыздай ірі қара жиналған екен. Той өткесін әкең келді. Біздің ауылдағы қараң-құраң малды көріп, өңі бұзылып: «мұның бәрі қайдан келген?» деп маған төнді. «Ел-жұрттың тойлыққа бергені ғой» деп күмілжи беріп едім, шарт кетті: «Сонда біреулер әр түрлі тон кигізіп, мынау тойлық еді, мынау көрімдік еді, мынау сәлемдеме еді десе, соның бәрін жинап ала береміз бе. Онда менің кім болғаным?!». Екі сөзге келген жоқ. Аудандық «Қазақ-қырғыз» ұйымының жауаптыларын шақырып, келген малды түгел тізімдетті де солардың қорына өткізді. «Жиналған малға кедей-кепшіктің оқи алмай жатқан балаларын оқытыңдар!» деп қатаң тапсырма берді. Қорамыз толып мәз болып отырған біз сымпиып қала бердік. Мұндайда әкеңнің бетіне қарау, оны алған бетінен қайтару мүмкін емес.

– Ойпырай-ә, шеше, әкемнің неге мал жимағанын енді білдім. Елім-жұртым деп қара басының қамын ойламаған екен-ау.

– Иә, балам, әкең үнемі: «қара басының қамы мен қара құрсағының толғанын ойлаған адам хан болмайды. Бұл аталарымның аманаты. Халқың аш отырса, сенің алтын аяқпен ас ішкенің неге тұрады. Барлық адам бауырмал болса, елдік деген, береке деген сол» дегенді үнемі айтып отыратын, – шешесі тағы да күлді, – Бір жолы сыртқа базар жаққа шығып кетіп үйге оралсам, үйден бір бейсауат кісі шығып келеді. Қолында әкеңнің арнайы тапсырыспен жақында ғана тіктірген етігі. Әкеңді білесің, жұртқа сыйған аяқ киім оған сыймайды. Базардан өзіне киім табу мүмкін емес. Содан бір шеберді зорға тауып атан түйедей қалап жүріп тіктіргеміз ғой. «Мына кісі ұры ма, қарақшы ма, бұл қалай болды?» деп ойлап, жабыса кеттім. Әлгі кісі: «қарағым, үйлеріңе келіп Шақаңа тұрмыстан тақаршылық көріп, аяқ киімсіз жүргенімді айтып едім, «алмаймын» дегеніме көнбей, аяғындағы етігін маған сыйлады. Рахметімді айтып шыққан бетім осы. Қарағым, қайдан білейін, ол кісінің үлкен аяқ киім киетіні есімнен көтеріліп кетіпті. Өзің ала ғой, маған бәрі бір тым үлкен екен» деді. 

Осы кезде аяғына калошын іліп алған әкеңнің шыға келмесі бар ма. Бізге қарап: «қайтер екен?» дегендей сынай қарап күліп тұр. Мен дереу жал тауып: «Бұл аяқ киім мына кісіге тым үлкен екен, оданда базардан өзіне шақ жаңа аяқ киім сатып алсын деп, бір аяқ киімнің ақшасын ұсынып тұр едім» дедім. Жалма-жан қалтама қол салып, аяқ киімге артығымен жететін бір уыс ақшаны әлгі кісінің қалтасына сүңгіттім. Ол мәз болған күйі рахметін айтып жолына түсті. Егер мен ақыл таппағанымда жаңағы аяқ кіиімді ана кісіге кизігіп жіберіп, өзі жалаң аяқ қалуға пейіл еді. Оның осындай қылығын біліп, қалтасына ақша салмаймыз. Үйдегі бала-шағасы аш отырса да жұмысы жоқ, қалтасына бес теңге түссе жоқ-жітікке бере салып қарап отырады. Тары-талқан, бидай қуырып сонымен-ақ ел қатарына қосылдыңдар ғой, қарғаларым. «Сергелдеңде серуен» дегендей, бас аман, бауыр бүтінде түлкі құрсақ өткізген күндеріміз де той сияқты еді. 

Әкесін көрмегелі де бақандай жеті жыл сырғып өте шыққан. Сарғайған сағыныш мүжіген бала жүрегінде әке бейнесі әлі сол баяғы қалпында күлімсірей қарап тұр. Әкесінің тәтті елесі мен оспадар қылығы көз алдына елестеп, ішек-сілесі қата күлді.

– Әкем расында да Қожанасырдың дәл өзі екен-ау, – деді көзінің жасын сүртіп. Анасына күлкіден шыққан жас ретінде көрсетуге тырысса да, көңіл көкжиегіне ұрылған асау толқынның көгілдір тамшылары тез құрғамады. 

Зейнеп тағы бір әңгімені бастады.

– Тіпті бір жолы далада құлап жатқан бейсауат адамды үйге алып келді. «Бала-шағасын дүңгендер өлтіріп, қаңғырып қалған бейбақ екен. Көшеде жығылып жатқан жерінен тауып әкелдім. Аштықтан бұратылып жүре алмай қалыпты. Жақсы тамақтандыр» деп тапсырды. Әлгі кісінің есімі Тобық еді. Он неше күн жатып әбден әл жинап, сауыққан соң, оны аймақтық әкімшілік мекемесіне шөрке жарушы етіп жұмысқа орналастырды. Әр күні таңертең мекемесіне жұмысқа бара жатқанда әлгі отыншыға: «өзің жара алмайтын бұтақты, ұйылды, сіңірлі-сірі ағаштарды бөлек жинап, оңайларын ғана жара бер!» деп тапсырады екен. Отыншы бастабында байыбына бара алмапты. Сөйтсе, екі күнде бір өзі соғып, жаңағы жарылмайды деген шөркелерді өз қолымен тас-талқан етіп жарып береді екен. Е, әкеңнің мұндай Қожанасырлығы да аз емес.

Зейнеп соза тыныс алып, тағы да ауыр күрсінді.

– Қазақстан жағынан келген Зият Шәкерімұлы, Мұсылманбек Төгісов, Кәрім Дүйсебаев, Сәлім Жаназаров, Шабдан, Мырзахмет, Құсайын  сынды алғабасар кісілерді құшағына тартып, Алтай еліне сахнадағы ән-күй, театр, киноның не екенін ұқтырды. Жұртты кітап, газет-журал оқуға ұйымдастыра білді. Сол тұстағы Сарсүмбе туралы айтқанда күнде думан, күнде той жұрт жүрегі оянған, беркелі, мерекелі кез болып еді. Халықтың әл-ауқаты да жақсара түскен. Бәрін айтта, бірін айт. Енді соның бәрі көрген түс сияқты ғайып болды.

Осыларды айтқан Зейнеп көзінің жасын жаулығының ұшымен сүртіп, Мақатанның басынан сипады.

Сөйткенше болған жоқ, сыртта күшік иттің үйге тығыла, шәбелене үргені естілді. Ізінше қалың адам сау етіп кіріп келді. Кішкентай терезеден түскен сарғылт жарық үй ішін жарыта алмай, қара көлеңкеге кіріп келген кісілер аман-сәлем жасап, көздерін үйірлестіре аз-кем іркілді. Жұпыны болса да мұнтаздай тап-таза төрге озған Тоқсанбай қария отырар отырмастан:

– Қарағым, Зенйеп, «ат тұяғын тай басар» деген сөз бар, Мақатан әкесінен аумай өсіп келеді екен,  деп сөз бастады. Үй ішінің жұтаңқы мүлкіне, көген көз балаларға жағалата қарап жанары жасаурады. Ауыр күрсініп, аз-кем үнсіз қалды. 

Сексеннің сеңгіріне шыққан Тоқсанбай қария осы ауылдың тірі куәгерлерінен қалған жалғыз тұяқ. Әкесі Елібай Көгедай гүңнің малшысы болған. Тоқсан жасқа таяп көрген осы ұлына «Тоқсанбай» деп ат қойған. Әкесі жүзге келгенде де ес-ақылынан еш жаңылмаған-ды. Өмірден қайтарында Тоқсанбайды қасына шақырып: «Балам, мен Көгедай ханзаданың қолынан дәм татқан адаммын. Бұлар кеудесіне Алланың мейірімі орнаған, текті тұқым. Халқым десе, қара басын ұмытып, жанын пида етуге дайын жандар. Осы ауылға малшы-қосшы болсаңда, атын ұстап айылын босатсаңда қызметіңді адалдықпен атқар» деген болатын. Содан бері төлеңгіттермен бірге атшы, қосшы болды. Апалас-төпелес алмағайып күндерде ғана қожырап қалып еді. «Хан ордасындай болмаса да салауаты одан кем болмаған сол киелі шаңырақта туған Шәріпхан қара басы ханға бергісіз нағыз сұлтанның өзі еді-ау. Жалған дүние-ай, балапан торғайдай үрпиіскен мына шиеттей балапандарын бұлайша көремін деп кім ойлаған...». Өзегіне өрт ілінгендей болған қария тамағын кенеп сөзін жалғады, үні күңіреніп шықты:

Тұнығынан лайланған дария,

Сынап құйсаңда тұнбайды.

Ортасынан үзілген бәйтерек,

Алтынмен құрсауласаңда тұрмайды. Шәріпханнан айрылыппыз, қарағым. Халық жүрегінен өшпестей орын алған қайран, ханзадам-ай, қытайдың Шың жендеті ақыры түбіне жеткен екен. Енді бізге ондай бекзат ұл қайда? Алтайдың күн беті ғана емес, алты алашқа тұтқа болардық көш бастайтын көсеміміз, топ бастайтын серкеміз еді. Қайтейін, қарағым, болмас іске болаттан берік бол деген. Сабырлы бол, марқұмның жаны жаннатта болсын!

Сөзін жыламсырай аяқтаған қарияның көзінен жас бұршақтады. Әжімді жүзін айғыздаған ащы тамшылар сақалынан сорғалады. 

Екі қолын біресе алдына, біресе жанына ұстап өңі бір бозарып, бір қуарып пеш алдында состиып тұрған Зейнеп сылқ етіп отыра кетті.

Әуеде ұшқан сұңқарым,

Топты бір жарған тұлпарым.

Ойлап па едім, құдай-ау,

Дұспанның бұлай құртарын.

 

Суалып тұр ма бұлағым,

Сарғайып тұр ма құрағым.

Арыстан ерім қайда екен,

Естіп тұр нені құлағым.

 

Кермеге атым байлаған,

Алтай мен Сауыр жайлаған.

Оңбай бір кетсін қу кәпір,

Қастығын бізге сайлаған.

 

Есіктің алды беткейлі

Беткейден атым кетпейді.

Өлді деуге қимаймын,

Көз алдымнан кетпейді.

 

Асылдан қалған қиығым,

Алтыннан қалған сынығым.

Арда емген асау жүйрігім,

Салды ма тағдыр құрығын…

Зейнептің сүйектен өтерлік зарлы сұңқылына жыламаған жан жоқ. Жоқтауының соңына жете алмай есінен танды. Балалары да ұлар-шу болып, өксіктерін баса алмай еңірей егілді. Көздерінен кесек-кесек тамшылар тізбектеле домалаған Мақатан ғана еңсесін түсірмей, анасын сүйей берді. Алтай-Сауыр күңіреніп, құба жондарда суық боран аңырады. Бұлт жамылған бұйра белдердің төбесінен үдіре ұшқан топ-топ қаздар мен тізбектелген тырналар қанатының суық сусылы естілді. 

Жарының бақилық болғаны туралы хабар жеткеннен кейін Зейнеп төсек тартып жатып қалды. «Төрем, төрем!» деп ұйқысырап, сандырақтайтын болды. Өлім хабарын естігеннің үшінші айында оның жаны да жарының артынан бейішке ұшты.

Баяғыда, жалаңаяқ қыз күнінде жүгірген бойы ақ ордаға кіргенде төр алдында төбедей болып отырған, ай маңдайлы азамат оған тағы көрінді. Бұл жолы ақ мәрмәр тастан қаланған хан ордасының алдында қос ақ боз ат ұстап, мейірлене күлімдеп, мұны күтіп тұр екен. Шырайлы жүзі нұрланып, кең-мол тігілген алтын тонының өңірін айқара ашты. Зейнеп: «Төөөөрееем!» деп жүгірген күйі оның жұпар леп аңқыған ыстық құшағына сүңгіді. Ақ боз атқа мінген екеу ақша бұлттар арасында қатарласа самғап, қалықтай ұшып бара жатты.

***

1947 жылдың 16 сәуірі. 

Жендеттер түптің түбінде Шәріпханның жоқтаушысы болатынын біліп, оның сүйегін Үрімжінің солтүстігіндегі Лиюдауан төбесіне көмдіріп, қабіріне нөмірленген қызыл кірпіш қойған екен. 

Сеңдей жөңкілген халық шоғыры Шәріпхан мен Қожанияздың сүйегін алу үшін Лиюдауанға ағылды. Түрме кілтшісі тізім дәптерін ақтарып, Шәріпханның сүйегінің қай жерде жатқанын көрсетіп берді. Тоңы енді ғана жібіген қара топырақтың  сыз исі мен көктемнің қышқылтым лебі кеңсірікті ашытады. Өлген соң әдейі кигізілген бе, тірі күнінде үнемі киіп жүретін кастиюміде үстінде екен. Оң жақ өңірі мен жейдесінің жағасы шірімепті. 

Әлен уаң сүйек пен киімдерді танып:

– Қарғам-ай, үстіндегісіде сол кезде киіп жүретін киімдері екен. Қатігез жауыздардың қолынан қор болып өлдің-ау,  деп кемсеңдеді.

 1944 жылы Шың Сысай кетіп, У Жұңшин үкіметі орнаған соң Әлен түрмеден босап, Алтай аймағы уәлиінің орынбасары және өлкелік құрылыс меңгермесі бастығының орынбасары қызметтеріне тағайындалған. Ел жүгін үзеңгілесе көтеріп жүрген ханымы Қадуаң Мамырбекқызы да содан бастап халықтан хал сұрау отриядының жетекшісі, Шыңжаң өлкелік сауда серіктестігінің жорасы және орынбасар бас жорасы, Гоминдаңның Шынжаң өлкелік партия комитетінің атқарушы жорасы болған. Он сегіз ай ғана өмір сүрген У Жұңшин үкіметінің орнына 1946 жылы шілдеде Жаң Жыжұң басшылығындағы жаңа үкімет орнап, Қадуаң сол жылы қарашада Шынжаң өкілінің бірі болып Нанжиңдегі гоминдаң негізгі заңын белгілеу құрылтайына да қатысып қайтқан. 1947 жылға келгенде Шың Шысай жағынан қастандыққа ұшыраушылардың мал-мүлкін  адақтау комиссиясының жорасы болып, Шәріпхан, Қожанияз бастаған жазықсыз құрбандар мәселесін үкіметтік деңгейде көтере бастаған еді. Ерлі-байлы екеуі Шәріпханның аға-жеңгесі болғаны үшін ғана емес, ел тілегін көтеріп, жаңа ұлықтың босағасын тоздырып, бүгінгідей шараға қол жеткізген. 

Әлен Шәріпханды соңғы рет түрмеде сырттай көрген. Жазаланғандарды анда-санда сыртқа шығаратыны бар. Баяғы өр, шалқақ, сом тұлғасы иілмесе де, киген киімдерінің мүлдемге қолқылдап бара жатқанын байқап еді. Шәріпхан болса мұны аңдамады. Ауыстыратын өзге киімі болмағандығынан шығар, үстіндегі жейдесі мен кастиюмы баяғы ұсталған кездегі киімдері екен. Сондықтан да сүйектің беті ашыла салысымен киімдерін жазбай таныды. Өзге сүйектерге қарағанда мүлдем ірі, атан түйенікіндей кесек, сом жіліктері де айтқызбай-ақ бөгенайлап тұр.

Үлкендер жағы мүрденің үстіндегі топырақты арылтып, сүйегін алуға оқталғанда, арт жақтан кимелей жеткен қыз дауысы жұрт назарын бөлді:

– Әкетайым-ай, қайран әкем-ай...,  сұңқұылдай егілген жіңішке үн соншалықты зарлы, жұрттың бәрі жарыла жол берді,  қайран әкешім-ай, елім-елім деп еңіреп, жауыздардың қолынан мезгілсіз мерт болдың-ау. Бұл дүниенің де, бала-шағаңның да қызығын көре алмай арманда көз жұмдың-ау. Қайран әкем-ай, сені өлтіруге қандай жыртқыштардың қолы барды екен... 

Шәріпханның үлкен қызы Күлшира Алтайдан кешігіп жеткен беті екен. Көз жасы көл болып, додалана жылап сүйекке жүгіріп еді, бірнеше қармаулы қол оны ұстап қалды. Қыздың еңіреген үні сай-сүйекті сырқыратады. Оған ілесіп әр жерден танауын тартып, булыға өксіген үндер жиі естіле бастады.  Екі иіні солқылдап, үнсіз егілгендерге зілсіз зекіген имам: 

Сүйекке көз жастарыңды тамызбаңдар, марқұмның жүгі ауырлай береді,  деп басу айтты. 

 Бор көңілі үгілуге шақ тұрған қаралы топ азалы музика ішінде демін ішіне тартып, Шәріпханның сүйегін таласа көтеріп, «Қазақ-қырғыз ұйымына» әкелді.

Әуелгі сөзді Бұрхан Шаһиди бастады. Ол бұл күнде Жаң Жыжұң басшылығындағы Шынжаң өлкесі төрағасының орынбасары. Шәріпханның өмірбаянына қысқаша тоқтала келіп:

– Ол ақсүйек отбасында ержетсе де қара халықтың адал ұлы болды. Алғабасар озық идеяны қару етіп, ел мен жері үшін ертеңгі ұрпағы үшін күресті. Өлке басшысы Жаң Жыжұңның үкімімен оған «Халық қаһарманы» атағы берілді. Шәріпханның өнегелі өмір жолы, елге сіңірген еселі еңбегі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді. Өткен күндер елесі өзегіне ащы запыран құйса керек, қалтасынан шытын алып, шып-шып жас толған жанарын сүрткіштей берді.   

 Өлке орталығында әртүрлі хатшылық және баспа сөз саласында жауапты қызметтер атқарып келе жатқан ақын Әбдікерім Ынтықбайұлы:

Ер, Шақам, есіл Шақам, қыраным-ай,

Болжаған алдын ала қырағым-ай.

Ішінен қараңғы тау жайнап шыққан,

Жарқырып жанған сәуле шырағым-ай.

 

Ел сасса ауызға алған ұраным-ай,

Ер сасса қолына алған қыраным-ай.

Зым-зия бүгінгі күн, кеше арыстан,

Ханзадам, тисін саған құраным-ай.

 

Құлаған таудан мөлдір бұлағым-ай,

Ойнаған ор киіктің лағындай.

Лағын ор киіктің қасқыр басып,

Киіпен мен де бірге жыладым-ай.

 

Мекенің алтын Алтай тұрағың-ай,

Мезгілсіз сол биіктен құладың-ай.

Хан басың, асыл басың, ғазиз басың,

Болды екен қай қамауда сұрағың-ай...

 

Асқар тау, алтын Алтай қалды аңырап,

Ел жылап, түйе боздап, қой маңырап.

Ер туып дәл өзіңдей орнын басып,

Өксігін қашан басар ел жадырап...,  деген ұзақ жоқтауын жылап тұрып оқыды. Ақынның жанарынан домалаған мөп-мөлдір тамшылар иегінен сырғи келіп, қолына ұстаған парағына тамып тұрды.

Жиналған ер, әйел, кәрі-жас түгел жылады. Мұнарлы аспанның қол жетпес көгілдір төрінде, қанатын еркін сермеп, бұлттарды тіліп ұшқан дала қыранының ащы шаңқылы естілді. 

Жұрт ағасы Әлен уаңға, жеңгесі Қадуан ханымға көңіл айтты. Марқұмның сүйегін Үрімжі қаласының батыс бөлегіндегі Бахулияң қорымына қайта жерледі.

Имамның дұғасына жүрелей ұйыған жамағат:

– Аса мейрімді, құдіретті жалғыз Хақ, әлемнің барлық мақтауы бір өзіңе ғана мансұқ. Он сегіз мың ғаламның жаратушысы, қиямет күнінің қожасы, саған ғана құлшылық етіп, сенен ғана медет тілейміз. Тірілерімізді тура жолдан тайдырмай, шаһиттерімізді мейрімді құшағыңа алғайсың. Бұл пәниде біліп және білмей істеген күнәларын кешіп, амал дәптерінің оң жағынан болуын нәсіп еткейсің. Өзіңнің құлың, Адам атаның ұлы Шәріпхандай боздағымызды қара жер қойнауына қайта тапсырып, өзіңе аманаттап отырмыз. Жанын жаннатта, топырағын торқа етіп, халқым деп қан жылап өткен құлыңды арғы дүниенің шапағатына бөлеп, бейіштен орын бергейсің! – деген тілекті бірге күбірлеп, «әмин!» деп бет сипасты.

 Сүйікті ұлының өр тұлғасын әспеттеген халқы қабірінің басына мұнаралы биік ескерткіш орнатты. Боғда тауынан шашылған таңғы шұғыла ханзаданың рухына тағзым қылғандай сол мұнараны аппақ нұрымен аймаласа, батар күннің соңғы шапағы да қызғылтым сәулесін төгіп қимай қоштасатын болды. 

***

Ханзаданың өлімі төре әулетін мүлдемге есеңгіретіп кетті. Бүкіл әулет қана емес, Алтай-Сауыр атанған байтақ аймақтың халқы Шәріпханның бойындағы бекзаттық болмыстан өздеріне үміт, жұбаныш табатын. Оны халқым деп қан кешкен баһадүр бабалардан қалған сарқыттай «соңғы Ханзада» атайтын.

Шәріпханның сүйегін қайта жерлеген сол 1947 жыл аласапыранға толы болды. Азат Алтайдың тағдыры талқыға тартылды. Оспан батыр бастаған халықшыл, ұлтшыл топ пен Кеңес одағын артқы тірек еткен Ахметжан, Дәлелхан тобы ортасында өрт тұтанды. Екінші дүниежүзлік соғыс жеңіске жеткеннен кейін, Шығыс Түркістан үкіметі Кеңес одағына керексіз болып қалды да, енді оны құлатуға кірісті. Осы мақсатта әуелі Құлжадағы Әлихан төрені құртқан кеңестіктер найзаның ұшын Оспанға кезеді. Оспан болса барлық пәленің артында Кеңес одағының тұрғанын біліп, Көктоғайдан уран кенін ашқан орыстарды қуып шықты. Өзін құртпақ болған Банкен, Разборов сынды орыс генаралдарын жер жастандырды. Олардың сүйегін сұратқан орыс елшілеріне: «сендер өздерің түбіне жеткен Кенасары, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов сынды боздақтардың басын беріңдер, сонда ғана біз генералдарыңның сүйегін береміз» деп жаралы барыстай айбар шекті. Ойда орыс, қырда қытай қыр соңына түскен қиын сәтте ағайынның жаулығы да көбейді. Жау жағадан алғанда, бөрі етекке жабысып, өрісі отқа оранған Оспан жанталаса күресті. Қазақтар арасындағы қан кешулер тұсында келіспес даудан ұшқындаған бір кесек шоқ төре ауылына түсті.

Оспан сарбаздары 1947 жылдың қыркүйегінде Шарқи тонын жамылған Кеңес тобындағыларды Алтайдан қуып шыққанда – «төрелер Оспанды жақтады» деген өсекке ілінді. Өлке орталығындағы Хадуаң өз ұлы Дәлелханға: «Оспан нағыз ұлтын сүйген адал адам. Ал Кеңес одағын тірек еткендер нағыз сатқындар, олардың ел ішіне ірткі салып, халықты бүлдіруінен сақ болыңдар!» деп ерекше тапсырма берсе керек. Сөйтіп, Дәлелхан Әленұлы Алтайдан қашып бара жатқан Дәлелхан Сүгірбаевты ұстап алмақшы болыпты деген сөз тараған. Төрелерге деген қысасқа: «Құлтайболат ауылынан Тұрдыхан зәңгі мен Шоқай залыңның ұлы Тұрысбек Дәлелхандардың артынан оқ атыпты» дейтін дақпырт қосылды.

Араға ай салып Дәлелхан Сүгірбаев Кеңестіктерден күш алып, оған Тарбағатай, Іле жасағы қосылып, қазанда Алтайды шапқан қанды қырғында төре ауылы да шабындыға түсті.

Кенже ұлы Шәйсұлтанды Алтайда Шың жендеттері у беріп өлтіріп, соның қазасынан еңсесі бүгілген Метіке ханымға  Шәріпханның өлімі тіпті ауыр тиді. Күн құрғатпай келіп көңіл айтқан, құран оқыған лек-лек халық жан жарасын тырнай берді.

Ұядан ұшқан қыран қонарда жоқ,

Іздесем алтын Алтай, Оралда жоқ.

Көңілді қалай ғана жұбатармын,

Болмаса құба балшық молаң да жоқ....,  деп көз жасын көлдетіп отырғанда ауылына оқ жауды.

Әсілінде, шарқилардан бой тасалаған Әлен ұлы Дәлелхан Сауырдағы ауылын Бурылтоғай арқылы Ертіс бойына көшірген. Ертісті өрлеп бірнеше көш бойы жылжыса болғаны Оспан сарбаздарының оларды құтқарып алу мүмкіндігі күшті еді. Оған үлгермеді. Дәлелхан Сүгірбаев қосыны Алтайды бетке ұстап Қобықтан өткесін, үш бағыт бойынша жорық алды да, Тарбағатайдан көмекке алып шыққан Хамит Әлиевтің «Тарбағатай үшінші атты полкі» Үліңгірдің Қылысынан өтіп, Ертіс бойындағы бейуаз елге лап қойды. Алдыңғы зыт бойынша төре ауылын оққа ұстады. Сақылдаған плимот дауысы, су бетіне бұршақша жауған оқ, оқтан қырқылған ағаш бұтақтары Ертіс тоғайының әптер-тәптерін шығарды. Күн күркіреп, аспан құлағандай болды. Күңіренген атыс, бақырған, жылаған зарлы нала ақырзаман келгендей алапат күймен сүркейленді. Ит екеш иттің өзі кірерге тесік таппай қыңсылай қашып, адамдардың етегіне оралды.

Оқтан қашып жан сауғалағандар Метіке ханымның ордасына тығылды. Әскерлер үйлерді жағалай тінтіп, мүліктерді қалағанынша тонап, төре ордасына баса көктеп жеткенде, ханым оларды бөгеп, бар дауысымен айқайлады:

– Мен Шәріпханның шешесі Метіке ханыммын. Менімен бірге отырғандар, менің қойшы-қолаң, көршілерім, бұлар – Оспан емес, жазықсыз бейшараларды атып өлтіріп қорамды қан-жоса қылдыңдар. Өзен бойында отырған Құлтайболат, Тасбикелерде менің Жәнтекей бауырларым. Осы ауылдардың бәрі бір-бірімен иық сүйескен туыс адамдар. Атқың келсе, мені ат! Сенің жауың қашып, кетіп болған. Сәбеттің қызыл орысы мен Іленің сартына құйрығын тығып, ауылда қалған қатын-бала мен малшы-қосшыны қырсын деген кім, Дәлелхан қайда?! Дәлелхан қара халықты оққа ұстағанда бейуаздардың қанын мойнына жүктеп қайда бармақ. Қайтсеңдерде қырғын жүргіземін деп, қан иісіне құнығып тұрсаңдар мына мені неге атпайсыңдар! Қырғынды тоқтатпасаңдар омырау сүтімді көкке сауамын, – деп мешпетінің омырау түймелерін ағытып, құралды жасаққа тап берді.

Дәл осы сәтте немересі Мақатан бастаған бір топ жас жігітті атқалы жатқаны хақында суық хабар жетті. Метіке ханым балапанын жылан арбаған ана құсша етек-жеңін жел кеулеп солай ұшты. Әлде бір шерік кеудесіне мылтық тосып еді, оны бір қағып жалманынан түсірді. Қырғындаушы жасақтар жағынан: «бәріне оқ шығын қылғанша, қойша көгендеп Ертістің суына тоғыта салыңдар!» деген айқай естілді. 

Метіке ханым топқа жете бере сырт жақтан бір топ қарулы қосын келе қалды. Топ басшысы полк командирінің орынбасары, Шәріпханды жақсы танитын Қырықошақтық орыс Картошов екен. Әлде кімнің айутымен Метіке ханымды таныған ол өзіне ілескен орыс әскерлері мен әлгі қоршаған қарулы қосынға қарап: «бізге қарсы тұрмаған бейуаз халыққа оқ шығармаңдар. Шәріпханның шешесі мен туыс-туғандарына тиіспеңдер, босатыңдар!» деп бар дауысымен әмір етті. 

Мұны естіген он алты жастағы Мақатан орнынан ұшып тұрып:

– Мен Шәріпханның ұлы Мақатанмын. Мына атқалы отырған топтағылардың бәрі де менің жақын туысқандарым, – деп өжеттене айқай салды. Шәріпханның аты аталғанда сырттай білетіндердің сұсы қайтып, кезенген қаруын түсіре бастады. Мақатан өз тобындағы жүзге жақын адамды ордасына қарай шұбырта жөнелді. Шешесі Зейнеп қайтыс болған соң, артында қараусыз қалған бір топ баланы әжесі өз бауырына алған. Енді, міне, әжесі екеуі шыбын жандарын шытқа түйіп, бір адам болса да аман алып қалсақ деп оқ пен оттың ортасында жүр.

Метіке ханым ентігін басып енді «уһ» дей бергені сол еді, шай қайнатымға жетпей сырттан тағы бір айқай естілді. Бұл жолы келген полк бастығы Хамит Әлиевтің өзі екен. Ертіп алған он шақты әскері бар. Қатты шабыстан еті қызып ауыздықпен алысқан атының тізгінімен жағаласа, тапаншасын жоғары көтеріп:

 – Әленнің келіні, Дәлелханның жас қатыны араларыңда жасырынып отыр дейді, шығарыңдар бері, дәл қазір атып тастаймын! – деп қаһарланды. Хамит бір қарағанда қазақ көрінгенімен шегірленген шүңірек көздері мен жақ жүні үрпиген шикіл сарылығы татардан аумайды. Тапаншасының сабын қатты қысқан оң қолының тамырларына қан теуіп, буындары шодырайып, жыртқыштай шатынайды. Тізгінін қатты тартса да тежеу бермей ауыздығын баса еліріп, жұлқына жанталасқан аты ойнақши тыпыршиды. Болат тұяқтарымен жабағыланған шымды шаңдата қопарады. 

Жеңісхан гүң ерте қайтыс болғандықтан оның алдыңғы әйелі Бақшар ханымнан туған Саду (Садуақас), Әлен (Әлмұхамбет) бастаған балалары түгелдей Метіке ханымның қамқорлығында болды. Жеңісханның орнына Әленді отырғызған да осы кісі. Әленнен туған Дәлелхан да бұл күнде ел ісіне белсене араласып, ат үстінде жүрген. Шарқилардың келе жатқанынан хабар тапқан Дәлелхан осыдан бір күн бұрын Үліңгір Қылысында қарша бораған оққа қарсы шауып, шарқи әскерінің бетін елден басқа жаққа бұру мақсатында Құбы құмының шығыс жиегіне қарай із тастап соғысқан. Алайда жергілікті жердегі жансыздары арқылы алдын ала хабар алып, бәрін күні бұрын жоспарлаған әскери топ еш жаңылыссыз Ертіс бойына құйылған-ды. Таң қараңғысында өзеннің арғы бетінен бұтақтың сынған дауысы мен қалың атты адамның дүбірін сезген жылқы қосының басшысы Дәуіт жерге жарық түспей, Шаймардан мен Дәлелханның ұлы  Әттелаханды оятып, аман-есен құтылдырған. Дәлелханның өзін, тым құрыса ұлын ұстап өлтіре алмай бармағын тістеген Әлиевтің айтып тұрғаны Дәлелханның әйелі Гүлбарам. 

Метіке ханым бұл жолы да долы ашуға мінді. Шылауышы желбіреп Әлиевтың алдына жүгіре жетіп:

– Ал ат, мықты болсаң мына мені ат! – деп қасқая айқайлады, – о заманда, бұ заман, жетім бала, жесір ана, қауқарсыз шал-кемпірге қоқилаған сендердей жау көрмеппін. Қытай екеш қытайда, дүңген екеш дүңгенде бейуаз қара халықты бұлайша қырғындап көрген жоқ. Еркек боп туғандарың рас болса, ана Оспанмен барып неге соғыспайсыңдар. Мықты болсаң, ауыр аяқ жас қатынға жүгіргенше оның байы Дәлелханды тауып, есебіңді содан неге айырмайсың. Еркекпен еркек еркектерше ат үстінде сынаспай, ауылдағы қатын-қалашты шапқанды қай атаңнан көріп едің. Сенде, саған бұйрық берген Дәлелханда анадан тумай аспаннан салақтап түстіңдер ме. Бейуаздардың қаны мен менің көз жасым сендердіде текке қоймас. Тәңір жазаңды бергірлер, Тәңір атсын сендерді. Атыңдар қане, атыңдар мені!

Осыларды айтқан Метіке ханым барысша атылып, шаужайына жабысбақ болып еді, Әлиевтің аты шатқаяқтай шегіншектеп, құлағын қайшылай осқырып, үрке секірді. «Қойға шапқан қасқырды сойылмен ұрып алған Шәріпханның шешесі Метіке ханым осы екен-ау» деп жасқана жалтақтаған ол атын еркіне қоя беріп, құйғыта жөнелді. Қасындағы жандайшаптары да  қожасына ілесіп, дүркірей шапты.

Мылтық үні сонда да толастамады. Таң қараңғысында басталған қырғын ақшамға дейін жалғасты. Әленге қарасты Төре, Қожас ауылдарынан Қойшыбай Тырнаханұлы, Қозықан, Қабылқақ, Арғынбек, Қуанбай, Қайырқан секілді 70 неше адам оққа ұшты. Құлтайболаттан Бөкен, Рақымбай, Ожай, Тұрдыхан зәңгі, Мұқамажан, Құмарбай, Қабдыкей, Ақан, Иманғазы, Әнуар қатарлы 41 адам атып өлтіріліп, 50 неше мың бас мал бұлап-таланды. Ителі ауылынан 13 адам өлді. Бұдан басқа да көршілес ауылдардан болып, жалпы саны 300-ден астам адам жазықсыз көз жұмды. Әлен уаңның ауылына қарасты 10 мың қой, 1000 жылқы, 200 түйе, 400 сиыр, 45 атан жүк талауда кетті. Үш атанға артып келген Әбілпейіз сұлтан, Тұмар ханым, Көгедай, Ажы, Қасымхан, Жеңісхандардан аман келе жатқан хандық шен-шекпен, мансап тас, күміс таңба, Еженханның мөрлі қағаздары мен бағалы заттар қолды болып, із-тұзсыз жоғалды. Бірнеше жас қыздар мен ханымдар да әскерилердің тырнағында кетті. 

Құда-жегжат, тамыр-таныстықпен Құлтайболат ауылымен бірге көшіп-қонып жүрген ішінара дүңген, моңғол, найман отбасылары да қырғынға ұшырады. Оқ тиіп ауыр жараланып жатқан бір моңғол қария, әскерлер көрінсе: «мені өлтіріп кетіңдерші!» деп жарты күн бойы жалынып, қансырап жан үзіпті. Әнуар деген Құлтайболат жігіт өзін өлтірмек болған бес-алты әскерді балтамен ұрып өлтірген екен, үйіне басып кірген әскерлер Әнуарды атып өлтіріп, бала-шағасын түгелдей қырып тастапты. Тұрысбек қасына Қойшығара бастаған бес жігітті алып әскерлермен айқасып, жау үстем болған соң қашып құтылыпты. Басы шабылған, іші жарылған өліктер көзге жиі шалығады. Туырлығы тілгіленіп, ошағы ойрандалып талай түтін өшті. Метіке ханымды паналағандар мен жыра-жықпылға жасырынған су ішері барлар ғана аман қалды.

Жауының көзінше еңсесін еш түсірмеген Метіке ханым Хамит Әлиев бастаған Тарбағатай полкінің қырғындаушы тобы ұзай бере, шөке түсіп отыра кетті.

– Қайран, ханзадам-ай, сен тірі болсаң ит пен құс бұлайша басымызға шықпас еді-ғой. Құдай-ау, құдай, не жаздым саған. Қайран, асылым-ай, арыстаным-ай, бізді өрт пен қанға тастап қайда кеттің? Сен ортамызда жүргенде алтын ордамызды ластамақ түгілі Алтайдың қуыс қурайын сындыруға ешкімнің дәті бармаушы еді ғой. Құдай-ау, құдай, құлындарымды алғанша мына мені неге алмадың. Ел-жұртқа ие болмай, қан сасыған ауылдың ортасында қалған сорлы анаң ахиретте сенің бетіңе қалай қалай қарайды. Құдай-ау, құдай, енді қайттім! – деп зар жылады. 

Жанарынан домалаған ащы жас омырауын жуып, одан ары шымды даланың қоңырқай топырағына тізбектеле тамды. Қан мен жасты шанағында шайқаған Ертістің күрең толқындары жағалауын мұңмен сүзгіледі. Азалы өзен ана зарына бірге егіліп, арнасына симай назалана аунақшыды.

Жапырағынан айрылған тал-терек суық желмен теңселе ысқырып, қайғылы күймен шулады. Өлексеге құнығып қарқылдаған қарға, құзғын дауысы мен иттердің ұлығаны қара күзді одан бетер сүркейлетті. Батыс жиектегі бұлттардың балағына өрт ілініп, доп-домалақ қызыл шар жер бетіне қарауға дәт қыла алмай ұясына бұғынды. Қарауытқан ну орман қараңғылықтың тонын қаусырына берді. Шұбар бұталы, құм жонды шығыс жиектен бозамықтанған жас айдың шекесі қылтиды. Желдің ызғарлы үрлесімен ошақ шоқтарының тұмсығы оқта-текте жылт-жылт етіп ұшқындап жатты.  

 Арғы жағы Шыңғыс, Жошыдан бастау алып, Әз Жәнібек, Әбілмәмбет, Әбілпейізді қуалап, Көгедай гүңге мұра болған қазақтың хан ордасының бір шаңырағы осылай күйреді. Бабалары бауыр басқан алтын Алтай, салқын Сауырдан Еренқабырға-Боғдаға қарай көш түзеп еді, сұры бұзылған сүркей дүние қырына алды. Комунистер заманында билікке араласқан Әлен мен Қадуанның да бақ-баяны аз болды. Халқының күйзелісі жүректеріне жүк артып, көп ұзамай бақиға аттанды.

Шәріпханның шаһит болуымен 1783 жылдан 1947 жылға дейін 164 жыл мекен болған қарт Алтайдағы ақ орданың күл төккен көне жұрты мүлдемге құлазып қалды.

Оған үзеңгі дос, ақылшы аға болған Баймолда Қаракеұлы, Райымжан Мәрсеков, Ғазез Қалбанов, Зият Шәкерімұлы, Ақыт Үлімжіұлы, Әлімғазы Бапин, Нұртаза Шалғынбаев, Шабдан Әбдікәрімұлы, Мәңкей Мәмиұлы, Халел Нұртазаұлы, Бұқат Қанапияұлы сынды сан боздақ Шың жендеттің қанды шеңгелінде бірінен соң бірі шаһит болды.

Қорлықпен қор боп өлді нелер сері,

Адамды күйдіретін осы жері.

Жем болды қарға-құзғын, ит пен құсқа,

Елімнің амал бар ма, есіл ері.

 

Қылығы міне, осы, бізге қылған,

Қосылып қалың қайғы күнде тыңнан.

Түрмеде тоғыз жылда өлген адам,

Асыпты орта есеппен алпыс мыңнан...

 

Бәрі өлді Үрімжінің қаласында,

Қырық пен қырық үштің арасында.

Қорлықпен сол боздақтар кетті арманда,

Балаңның қалды бұл кек баласына! 

Осыны айтқан Таңжарық ақын да сан түрлі қинаудан қансырап түрмеден босаса да, туған жеріне жете бере жығылды. Жүрегі шер мен құсаға  толып қасіретпен көз жұмды.

Шәріпхан мен Бұқаттың арасында сөз болған – арғы бет асқан Кенесары ұрпағы туралы ғасыр жұмбағы шешілмеген күйі қала берді.

Алтай бетіндегі соңғы ханзаданың рухы ақ қанатты құсқа айналып, кебінсіз кеткен шаһиттер рухымен бірге туған өлкесінің аспанында шыр айнала ұшып жүрді.

Эпилог

1992 жыл 29 қыркүйекте туған халқы Шәріпхан Көгедаевтың сүйегін Үрімжіден Алтайға көшіріп, Қыран өзенінің жағасына жерледі. Сүйегі жерленген бұрынғы «Қайыңды аралды» – «Шәріпхан аралы» атады. 2010 жылы Шәріпхан Жеңісханұлының туғанына 110 жыл толғандығы салтанатпен аталып, «Шәріпхан аралы» – «Шәріпхан бақшасы» болып өзгерді. Сол жылы 16 қазанда кесененің қасына марқұмның мыстан құйылған алып тұлғалы ескерткіші тұрғызылды. Мәрмар тасқа Шәріпхан Көгедаевтың қысқаша тарихы мен «Алтай халқы сіздің сіңірген еңбегіңізді мәңгі ұмытпайды!» деген арнау сөз қазақ, қытай тілдерінде алтын әріппен жазылды. Әрі бұл бақша үкіметтің ұйғарымымен Алтай қаласындағы туристік-саяхат түйінің бірі ретінде бекітіліп, жер-жерден келген саяхатшылар қадам басатын қасиетті орынға айналды.

Шәріпханның ұл-қыздары мен немере-шөберелері де өсіп-өркендеп, халқына қызмет етудің мүмкіндігіне ие болды. Шәріпханұлы Мақатан (1932-1983) 1954 жылы Шынжаң  институтын тауысып, «Шұғыла» журналында әдеби қызметкер болып жұмыс атқарды. Қытай мемлекеттік жазушылар қоғамының, Шынжаң әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің жора мүшесі, Шынжаң жазушылар қоғамының арнаулы кәсіптік жазушысы болды. Ақындықпен аты шығып қалмастан проза  және драматургия саласында еңбектеніп қыруар туындылар жаратты. «Өліра» атты роман, «Сәлиқа Сәмен»  «Ертіс жұлдыздары» сценарин жазды. 1981 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Жыр жолында» атты өлең-дастандар жинағы жарық көрді. 

Сөйтіп, елі үшін еңіреп өткен Шәріпханның өзі өлсе де, ұрпағы, халқы оны өлтірмеді. Қытайда жарық көрген «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар» желісімен жарық көрген көп томдықтың бір томы оның өмір тарихына арналды. 

Осы жолдардың авторы өзі туып-өскен өлкенің көрнекті тұлғасы Шәріпханды көзімен көрген талай қарияның әңгімесін өз ауыздарынан естіп  өсті. «Соңғы ханзада» шығармасында Шынжаң жағында жазылмаған тарихи оқиғалар да қамтылды. Ханзаданың қазақ топырағына қадам аттаған немере-шөберелері де бабалары тіктеген алтын шаңырақтың астына жиналып, тәуелсіз елінде бақытты ғұмыр кешіруде.

(соңы)

Бөлісу:

Көп оқылғандар