Сенім үшін сезіммен серттескен ақын!

Бөлісу:

22.05.2023 3384

Өлең оқудың пайдасы зор дейміз. Бірақ оның нақты пайдасын ажырата бермейміз. Мейлі қандай өлең болса-дағы, оның адам зиятына пайдасы бар. Ал, адамзат эволюциясы зияттың дамуына тәуелді. Ең алдымен ол адам миын бір ойға шоғырландырады. Уақыт тауып өлең оқып отыру, жаттап алу – адамның жады үшін пайдалы. Екіншіден, өлең іштен шыққан туынды. Ол ақынның тылсым талантымен дүниеге келеді. Ол оның өнер табысы, қоғамға қосқан шығармашылық үлесі. Егер өлең шынайы болса, «жүректен шыққан сөз жүрекке қонады». Сезімді тірілтеді. Өлең оқи отырып іштегі толқын-тербелістерді сезінесің. Ақынның айтпағын түсінесің, өз білгеніңше саралайсың. Жақсы өлең оқырманына: «Осының бәрін бір кезде мен де бастан кешіп ем», - дегізері хақ. Өлеңге жастар құмар. Әсіресе, лирикаға. Жата-жастана оқиды. Жаттап алып, бір-біріне таратады. Кей өлең арада неше жыл өтсе де санаңда сайрап тұрады. Неге? Көңілден орын алғаны үшін. Ұнағаны үшін. Мөлдір болғаны үшін. 

Поэзия сөз қаншалықты киелі де құдіретті болатынын дәлелдеп келеді: сипатталатын әр кейіпкер, сезім, құбылыс, жағдай мәңгі өшпес туындыға айналып шыға келеді. Өлең оқитын адам талғампаз бола түседі. Өлеңді жастай жаттатса, бала сөздің қадірін түсініп өседі. Көкірегі ояу, көкжиегі кең болады. Сөздің қолданыс аясын дұрыс меңгереді. «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» дейтін қазақтың мәтелі бүгінгі коммуникация заманындағы әсіресе маңызды бола түспек. Поэзия өмірге философиялық көзқарасты қалыптастырушы алғышарт. «Өмір өтті, бәрі бітті» дегенде, қара сөзден гөрі өлеңге көбірек жүгінеміз. Поэзия әр күннің екпінін, ырғағын сездіретін құдірет. Бір сәт тоқтап, айналаңызда не болып жатқанын байқаңызшы?! Әр жағдайдың әдемі нүктесін өлең ғана қоя алады. Асықпай, рақатын сезіне алсаңыз болғаны. Өлең оқитын жанның сезімталдығы жетіле береді. Бір өлең болса да оны ынтамен оқисыз. Сол өлеңдегі оқиғаны, кейіпкерді түсінуге, қабылдауға тырысасыз. Өлеңнің мән-мағынасына үңілесіз. Өлеңнен өзіңізді іздейсіз. Бұл адам мен адамның жан жылуын алмасуы. Сондықтан да өлең шектеусіз әлем, шексіз энергия. Өлең арқылы адамның бетіне айта алмайтын ниетіңізді жеткізе аласыз. Поэзия әлемі құпия, тылсым әлем. Оның жауабы жоқ. Тек пайдасы бар. Өлеңмен алған жауаптың бұрысы жоқ. Бәрі де дұрыс. Себебі, өлең Хақтан. Сондықтан балаға жастайынан сөздің қасиетін түсіндіру, сіңіру үшін өлең жаттату, оқыту, одан жауап іздету – жадының дамуына, мидың өсуіне, сананың сергектігіне аса пайдалы. Бүгінгі мақаламыздың кейіпкері ерекше ақын. Өлеңге ел ерте жастан келетін болса, Айгүл Жұмаділ поэзия есігін сәл кешігіп қағыпты. Әр нәрсе өз уақытында деген рас болса керек. Қазіргі таңда «Ай-қыз» атты жинағы оқырман қолында.   

Оның өлеңдерінің дені лирикалық сарында. Өлеңдегі басты ерекшелік жүректегі сезімді, көңілдегі толқуды сол замат сыртқа шығару. Өлең жалпы алғанда ақынның өмірге, белгілі бір жағдайға деген субъективті пікірі десек те болар. Себебі, лирика сезімге бай келеді. Көңіліне не жақын, соны жырлайды. Бір сәттік найзағайдың жарқылындай. Аяқ астынан атқылаған жанартаудай. Көптің көңілінен шыққан өлеңдерге ән де жазылып, ел ішіне кең таралатыны бар. Жаны нәзік ақынның өлеңі де нәзік. Лириктердің кейіпкері көбіне көп өздері. Өйткені, әлемді жан сүзгісінен өткізеді. Болып жатқан жағдайды жүрекпен жырлауы содан. Ақынның әр күні – тарих дейтіндер де бар. Кей өлең бізге жат көрінеді. Себебі, мұндай сезімді әлі сезінбедік. Адам сезінбегенін қабылдай алмайды екен. Лирика бұл үнемі от сезім. Лирикалық өлеңнен сюжет таппассыз. Тек сезім бар. Бәлкім, ақынның өмірлік тәжірибесі. Ең алдымен рухтың жиған тәжірибесі екені рас. 

Айгүл Жұмаділ поэзияға кеш келгенмен, атан түйеге артарлық ауыр жүгімен келіпті. Оның жырлаған махаббаты өз ішіңізде де бар. Ақынды ақын ететін өлеңі. Өлеңге деген махаббаттан ақынға құрмет оянады. Өлеңнің шынайылығы жүрек пен көңілді тазартатын мөлдір шық. Сол мөлдір шыққа жүрегін малып отырып жазылған өлеңдері шетінен керемет. 

«Еш себепсіз жыладым, іле күлдім,

Соның бәрі – сен үшін, 

Жүре білдім...

Ағып бара жатқандай соңғы жұлдыз – 

Жанып бара жатқаны-ай жүрегімнің...

Еш өкінбей өзіңмен өрт кешемін, 

Сенім үшін сезіммен серттесемін.

Сені күткен бүгінім – бақыт қандай!

Сенсіз өткен не деген дерт – кешегім...

Өмірде ең бастысы – сүю ғана. Сезінесің. Серпілесің. Осындай саф махаббатты жырлайтын аппақ жүректің болғанына қуанасың. Өзің болып айта алмайтын, жеткізе алмайтын өз шындығыңды алдыңнан шығарғандай. Ұйқасы да, ырғағы да әдемі жарасқан, шап-шақ болып қабысқан.

Бәлкім күнә – сүйгенім,

Кінә менен.

Неге дайын екенмін?

Сұра менен!

Аспаныңа Ай болып ілінем де,

Көкжиектен Күн болып шыға келем!

Тарылғанда тынысың – дем беремін, 

Өміріңнің боламын ең керегі.

"Жаным! Жаным! Жаным!" - деп жүрегіңнің

Айналдырып тұрамын дөңгелегін...», - 

деген жыр жолдары ақынның саф таза пейілін сездіртеді. Оқырманның есіне алау сезімін түсіреді. Ақын болып сүйіп, ақын болып өрт кешуге дайын тұрасың. Ақын болып серттесіп, ақын болып дем бересің. Сезіммен жазылған сөз сезімді оятады. Бұла шақтағы ерке сезімді еске түсіреді. Елітеді. Ақын үшін ең бастысы сезімін тылсымның күшімен қағазға түсіру болса, оқырманға маңыздысы соны өз жүрегіне қондыру.

«Жаңылдым -

Бүгін бе,

Кеше ме?..

Сүріндім, жығылдым нешеме?!

Қара үздім бауырдан, ауылдан,

Қарызбын әкеге, шешеге.

Ұяттымын,

лайланды тұнығым,

Тұлымым, жоқ бүгін бұрымым.

Жал-құйрық кесіліп, 

жетекте

шырылдап барады құлыным...», - 

деген өлеңде шырылдаған ананың жан азасы естіледі. Өмірге таласы бар талайлы тағдырдың даты бар. Әр адамды ерте ме, кеш пе ойлантатын парыз дейтін қасиетті ұғым бар. Жүректі дір еткізетін өлең. Ашынған ананың азабын арқалаған ауыр өлең. Жалғыздықтың мұздай демін сезесің. Морт сынған жанның арпалысы бар. Қайғының қамытын жамылған қасірет бар. Көңілді торлаған ауыр мұң еңсені басады. Өмірдің өлшемін, тағдырдың тауқыметін бір ауыз өлеңге сыйдыра салғаны неткен шеберлік!

«Жаңаөзен – Рух мекені, киесі бар,

Киенің Қазақ деген иесі бар!

Намысы жанартаудай Жаңаөзеннің

Сөзі – серт!

Жігіті – арыс!

Түйесі – нар!

Елдің мұңын мұңдап, әділет сұрағандардың жағында болу да ақынның борышы. Алмағайып сәтте үн қосу – бейжай қалмаған жанның сергектігі.

Жаңаөзен – жүрегім бе лүпілдеген?

Жүректен қуат алар бүкіл денем!

Жаңаөзен – бар қазақтың жан дауысы

Жоғымды леп белгімен бүтіндеген!» - 

деген өлеңде патриоттық лириканы көреміз. «Отанды сүю – жүректен!» Рас қой. Жаңаөзендегі оқиғаға шын жүрекпен қайғырып әрі арқаланып отырған ақынның жігерлі лебізі. Халықтың сөзін сөйлеу – ақынға парыз! Отанның қадірі, ұлттың киесі – әр қазақ үшін сакралды болып қала бермек. Соны өлеңнен сеземіз. 

«Жер дөңгелеп жатқанына қарамай,

Ай да Күн де балбырайды баладай.

Өз жаныңды Олжа қылған өзіңе,

Тәні - тулақ, 

Қаны - құрғақ... 

Заман-ай!» - 

деген өлеңде заманға деген өкпе-реніштің табы бар. Көңілде қап кеткен дықтың ізі. Дегеніне жете алмай, орта жолда шорт кесіп, морт сынған адамның жан дерті. Әр адамның бастан кешіп тұратын түңілу мен мынау фәниден баз кешу сәттерін еске салады. Қайғының бәрін құрғақ сөзбен сипаттасаң, мұнша әсер етпес еді. Сол бір сәттік жүрек дертін өлеңмен өрнектеген ақынның сарыны бөлек. Түзетуге келмейтін заманды, ыңғайыңа көне салмайтын болмысты, дегеніңнен шыға бермейтін арманды жоқтаудың бір парасы. 

«Азапты шекпегендей,

Арыңды төкпегендей.

Жараға жазылмаған

У мен тұз сеппегендей. 

Жоқшылық езбегендей,

Аштыққа төзбегендей,

Өртеніп өкініштен

Өмірден безбегендей

Тіршілік жалғасып жатыр...» - 

деген өлеңде де өмірде көрген қиянатты сезіндіреді. Адамның таңдауына көне бермейтін тағдыр сүрлеуін сипаттаған. Және мұнда бір адамның емес, тұтас түменнің басындағы, қалың бұқараның маңдайына жазылған зар мен тауқыметті жырлап тұр. Шендестіруі көркем. Өлең бір оқығаннан көңіліңде тұрып қалады. Санаңнан өшпейді. 

«Құлаймын, тұрам, сүрінем, 

Иілем, кейде бүгілем. 

Адасып барып, аялдап,

Арыма келіп жүгінем. 

Күлемін, кейде түңілем,

Түнермей, түнге үңілем.

...Өртеніп бара жатсам да 

Өлең боп қайта тірілем!» - 

бұл жолдардан бейуақта адасқан жолаушыдай мәнсіз өмірден шаршаған ақынның өлеңнен маза тапқанын айтып тұр. Ақын үшін өлең – мият, өлең – борыш, өлең – миссия. Жанына жай таптыратын ерекше күй. Өлеңнің мәнін келтіретін әр сөз – ақынның жан дертін емдейтін дәруі. Рақаттану. Риза болу. Өз болмысына адалдық сақтауы. 

«Өлең, сенің әлемің – 

Бірде – азап,

Бірде – ғажап, 

Бірде – мұң! 

Сенен табам жан емін,

Сенің арқаң – 

Менің тірі жүргенім...» - 

дегені де өлеңнен тұғыр тапқан бақытты сәттің көрінісі.

«Адам баласындағы бар болмыстан бөлек, ақынға ғана тән түпкілікті түйсікпен түсінетін бейсана бір күйдің көзі бар бұл шайыр-шырақта. Жүрегіне жүз қаралық жүк артып, жаһанның айқайын жырына сыйғыза алады айқарақ ақын!» деп бағалапты Айгүл Жұмаділдің өлеңдерін ақын Ержан Алаштуған. 

«Дүние – майдан қым-қуыт,

Кеткендей бәрін жын қуып. 

Тоқтады бір сәт уақыт

Сабырға келер күн туып...

Төккен де шашқан – ысырап,

Бүтінім кетті-ау пышырап. 

Тиіндей зырлай беріппіз,

Шеңберге ессіз түсіп ап», - 

деген өлеңде пәлсапалық лирика бар, бес күн жалғанның мәнсіздігін көрсеткен. Айгүл Жұмаділдің өлеңдеріндегі ой толғау адамзат баласына тән тар шеңбердің аясынан шықпауын баяндапты. Бейнелеп айтқан сөздің түйінінде ессіздіктің шеңберіне, өмір жарысқа бір түссең, содан шыға алмай, өз меніңді, болмысыңды, қажетіңді, шын қуанышыңды жоғалтып алатыныңды ескертеді. Өміріңді толтыруға тиіс мазмұннан өз еркіңмен айырылып қалатыныңды көрсеткен.

«Мен кішірсем, саған ғана кішірем,

Оның мәнін өзім ғана түсінем.

Әйтеуір бір себеп іздеп отырам

Саған жету үшін мен.

Мен бағынсам, саған ғана бағынам!

Тәкаппарлығымды алып тағынан,

отырғызам сенің алып тұлғаңды

сарқыты деп Сақ, Ғұннан!» - 

Айгүл Жұмаділдің сүйіспеншілігі ерек. Ешкімге ұқсамайды. Жылауық өлең емес. Парасат биігіндегі екеудің таусылмас әңгімесі. Сезім жайлы ақ кітаптың мөлдір парақтарын парақтағандайсың. Махаббат ол бағыну, кішірею, ұлықтау, қастерлеу! Сезімнің асқақтығын асыратын қасиеттерді ақынның өлеңдерінен табасыз. Сезімнің бұла күшін, қайраты мен қайсарлығын көресіз. Сол сезімнің жетегіне ересіз. Мөлдір лириканың ықтиярына бағынып, тазалығына тұшынасыз. Өлеңнің алдында кішірейесіз. Өлеңнің құдіретін сезінесіз. Бұл ақын сезіндіреді. Сол үшін риза боласыз. 

Лирика сөздің құдіретін мойындататын ерекше өнер. Сөз – уақыт пен кеңістікті қалағанынша созып жібере алады, не сығымдай салады. Өлең де әр сөз мағыналы. Сөзге сезімді сыйдырудың ғажабын тек ақындар сезінеді, рас. Қалған жұрт тек тамсанады. Өлеңдегі эпитетке, метафораға, теңеуге мастанады. Себебі, мұның бәрі лириканың өзгеше тетіктері.

Бөлісу:

Көп оқылғандар