Әкім Тарази әлемі
Бөлісу:
Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада, Ұлт әдебиетінің Ақсақалы, Қазақстанның Еңбек ері, классик жазушы Әкім Таразидың торқалы 90 жасқа толуына орай «Әкім Тарази әлемі» атты әдеби кеш өтті. Кеш аясында классиктің он екі томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Сонымен қатар Әкім Таразидың «Ауыл шетіндегі үй», «Мұстафа Шоқай» сынды кітаптары оқырманға таныстырылды. Әкім Таразидың 90 жылдығына арналған әдеби-танымдық кешті Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жүргізді.
Жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Таразидың 90 жылдық мерейлі жасын, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы лед экран арқылы арнайы құттықтады. Мемлекет басшысы жазушының шығармашылық ерекшелігі мен қайраткерлігіне арнайы тоқталып, ақ тілегін арнады.
Тұсукесерге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Төлен Әбдік, Қуаныш Сұлтан, Әлібек Асқар, Айман Мұсаходжаева, Егеухан Мұхамедитегі, Шәрбану Бейсенова, Оңайгүл Тұржан, Несіп Жүнісбай, Қуаныш Жиенбай, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары қатысты.
Алла бұйыртса, асыл ағамыздың 90 жас мерейлі тойы күрең күзде республикалық деңгейде кеңінен аталып өтпекші.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өз сөзінде: "Бүгін баршамыз әдебиетіміздің алыбы, ұлтымыздың абыз ақсақалы Әкім Тарази ағамыздың 90 жасқа толуына орай өтіп жатқан игілікті іс-шарада бас қосып отырмыз.
Әдебиет әлемінің әкімі – классик жазушы, драматург, киногер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әкім Тарази ағамыздың шығармашылығымен бұрыннан етене таныспыз.
Ағамыздың жазу мәнері мен сөз өрнегіне, прозасындағы шымыр сюжет пен дестелі ойларына бала кезден қанық болып өстік.
Әкім ағамыздың бүгін тұсауын кескелі отырған 12 томдық шығармалар жинағы – жазушының «түн отырмай, күн ұйықтамай» қолынан қаламы түспеген, талай жылғы қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.
Түркістан үшін от кешкен ұлы күрескер Мұстафа Шоқайдың өмір жолын, болмысы мен бейнесін жаңа қырынан танытып, шұрайлы тіл, шебер суреткерлікпен көркемдеген тағылымды туынды – әдебиетіміздің асыл қазынасына қосылған құнды дүние екені анық.
Ал «Ауыл шетіндегі үй», «Ақбердінің ауласы» сынды шығармалары енген жаңа кітапта қазақ халқының соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілігі, жетімдер мен жесірлердің жанкешті өмірі, қиын тағдыры, сол тұстағы қайшылыққа толы қоғам шындығы айшықты суреттелген.
Әкім аға – философ, психолог жазушы. Ойшыл қаламгер күрделі шығармаларында дәуір шындығын, қоғам өмірін, адам болмысын һәм әлеуметтік-рухани мәселелерді тереңнен толғап жазады.
Біртуар қаламгердің құнды туындылары уақыт безбеніне төтеп беріп, келер ұрпақтың да асыл мұрасына айналарына кәміл сенеміз.
«Ақырын жүріп, анық басатын» абыз ағамыз Абай айтқандай «айнымайтын асыл адам». Бекзат болмысы, парасат-пайымы атасы Әшім дамолладан дарығандай. Басқа адамдар туралы басы артық сөз айтпайтын байыпты ағамыз жайма-шуақ мінезімен, жайсаң қалпынан танған емес. Кемел жазушы көркем мінездің ғажап үлгісіндей.
Әкім аға бір сөзінде «Сабыр мен ұстамдылық сияқты ұлы қасиетті – Ғабит аға мен Кемел ағадан үйрендім» деген екен. Ал бүгінгі жастар, біздер адами биік қасиеттерді, көркем мінезді Әкім ағамыздан үйреніп келеміз.
«Әкім» – кеудесі хикметке толы хәкім мағынасына да келеді. Сондықтан Әкім аға расында оқырманын ойландыратын, парасат биігіннен аласармаған пайымы терең, ойы берен хәкім аға деп санаймыз.
Ағамызға мықты денсаулық, ұзақ та баянды ғұмыр тілейміз! Роза жеңгемізбен бірге жадырап, қуанышқа кенеліп, жасай беріңіз, жақсы аға!" - деп кеңінен толғап пікір білдірді.
Мерейлі кештің келесі құттықтау сөзін жазушың шығармашылығын зерттеп, зерделеп, құндылығын айшықтай түсуге ат салысып жүрген жас ғалымдарға ұсынылды. Белгілі кинотанушы, кино тарихшысы, «Қазақ ұлттық өнер университетінің» профессоры Назира Мұқышева мен ақын, жазушы, сценарист Ұларбек Нұрғалымұлына сөз кезегі берілді. «Өнерге келген кез келген адамда мінез болуы керек. Осы «Тұлпардың ізі» деген фильмнің сценарийімен Әкім аға дәл бүгінгі қазақ киносында жүрген жастар үшін, кинорежиссер болсын, драматургтер болсын, хрестоматиялық сценарий берген, ұсынған секілді. Және Әкім ағаның бұдан кейін де «Арман-атаман» деген фильмі бар. Былай қарасаңыз, бұл – балаларға арналған фильм. Бірақ фильмнің түбінде, негізінде, біздің осы кісімен байланысты балалық шағымыз, ұрпақтың тағдыры, тұтас бір буынның тағдырын беріп отыр. «Қараш-қараш оқиғасы» жалпы қазақ классикасын экрандаудың керемет үлгісі. Бұл фильмнің негізінде сценарист тұр. Мұхтар Әуезовтің повесінде мынадай сөз жоқ. «Повесті оқымаған қазақ жоқ. Торғайдың қырғиды тепкеніне мен таңғалып тұрмын» деген сөз бар. Бұл сөзді Әкім ағаның өзі беріп тұр. Ғажап! Мен үнемі дәріс оқитын курстарда, режиссерлерге, әсіресе сценаристерге, осындай керемет мысалдарды айтамын. Тамаша! Қазақтың сөзін, қазақтың дүниетанымын, қазақы образды, дүниетанымымызды бір-ақ ауыз сөзбен үлкен трагедияны, Жарасбайдың өзіне ғана емес, жалпы халқына сатқындық жасағанын бір-ақ ауыз сөзбен беріп отыр».
«Кино саласында жүрген жастар Әкім ағаның жасап кеткен дүниелері, оның ішінде «Тұлпардың ізі», «Арман-атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», одан кейін тәуелсіздік жылдары түсірілген «Мұстафа Шоқай», «Қыз жылаған» - осы бес фильмді хрестоматия ретінде қолданса да артық болмас еді. Өйткені бұл дүниелерде біз бармыз, ұлт бар», - деді Назира Мұқышева.
«Әкім ағаға алғаш рет шәкірт болып келген кезде, бірден: «Өмірбаянынды айтшы», - деді. Мен: «Бүркітшінің баласы едім, атбегінің баласымын», - деп әңгімені бастағанымда: «Осы жерден тоқтай қал. Ең алғаш шығармашылық адамға өмірбаян керек. Өмірбаянды осылай айтқан дұрыс» - деді де, мені өзіне шәкірт етіп алды» , - деді жазушының шәкірті Ұларбек Нұрғалымұлы.
Айтулы кешке белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жазушының шәкірттері қатысып, өздерінің ақ тілектерін білдірді. Кеш барысында күй орындалып, әсем ән де айтылды. Жиналған қауым кеш соңында қаламгердің архивтен жиналған материалдары жарияланған кітапхананың арнайы ұйымдастырған көрмесін тамашалады.
Толқын Қалабай, практикант,
Еуразия ұлттық университетінің
2-курс студенті
Бөлісу: