Жәнібек

Бөлісу:

05.06.2023 2895

                                     І

                                                                                     Ән қасiретпен ғана туыс... 

                                                                                                                (Таласбек Әсемқұлов)

Екі жүзді семсердің

Балдағы қолда қалғанша,

Ат басындай сом жүрек

От болып лаулап жанғанша,

Мөлдіреген екі көз,

Жұмылып қанға толғанша,

Тыным алып ас ішпей,

Ат бауырынан қан кешпей

Ел бетін көрмес күн бүгін…

Бұл - сөз жоқ, ұлы жорық өтіндегі жауынгер  өлең.  Адамзат тарихында  мұндай ғажайып ғазалмен иық теңестіретін өзге бір өлеңнің  табылуы да қиын шығар.

Ал «Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екенбіз, Күдеріден бау тағып,  Ақ кіреуке киер ме екенбіз» деп басталатын  Ақтамберді жыраудың  Жәнібек Кәрменов боздатып салатын толғауы да милитаристік музыка. 

Милитаризм  (латын тілінде mіlіtarіs – әскери) –  соғысқа қатысты саяси термин.  Аталған толғауды шығандатып салғанда  Жәнібектің дауысы көк аспанды тілген жебедей тік ұшады.  Әрине, бұл жердегі «жебе» ұғымын   жоғары  регистр мағынасында қолданып отырмыз.

Осы әнді Жәнібекке өзі  үйретіп, кейін  әнші аузынан қайыра естігенде қайран Ақаң (Ақселеу) өз таңданысын өзі жасыра алмай «Ой, Алла-ай! Мына қазақтың әнi кiсi өлтiретiн шығар. Не деген ғажап,  не деген кеңдiк!» - деп  таңданған екен. 

Ақтамберді толғауындағы ұйыған (статикалық) уақыт пен ондағы ғажайып  панораманы Жәнібектен өзге ешкім де келістіріп  бере алмайды.

Сіз байқайсыз ба, Жәнібек ән салғанда оның дауысынан  қурай ызыңындай  бір үн үнемі қосамжар  ілесіп отырады. Мұны бейне бір сыбызғы  сұңқылы дерсіз.  Осы әуез әнді қаймақтай қоюлатып, өзегіне байырғы бір сипат сыйлайды. Кез келген музыканың географиялық аумағы мен ендігі, сондай-ақ оның төл табиғатына тән ішкі мазмұны болатыны белгілі ғой. Бұл жердегі жағырапиялық аумақты тілімізге жайдан-жай тиек етіп отырған жоқпыз. Семей топырағының бедері, оның бозжусаны мен көк қамысының  уілі  Жәнібек кеудесіне ән болып құйылған. Ал ән - әмәнда, өз өңірінің желі мен суының үніне еліктейтіні екі бастан белгілі.  Тегінде, осы  әнші баласы екі түрлі болса керек-ті.  Бірі – оқитындар мен ойланатындар. Екіншісі – мүлде оқымайтындар.  Оқымайтын әнші «әу» деп ән бастаған пошымынан-ақ  белгілі. Көкжиегі тар әнші дауысы  оның  тасыр танымынан  бірден  хабар береді.  Себебі әнді дауыс айтпайды, парасат пен пайым, өнерпаздың жілік майы жетілген  рухани өресі айтады емес пе?  Ал дегенде уәзінге тізіліп, рухани  таразыға  тартылатын қасиеттер, міне, осылар болмақ.  

Дауыс танымның бір  құралы, нақтырақ  айтсақ,  мазмұндық көрсеткіші ғана.  Енді бұл жағынан келсек, Жәнібек – маңдайы жарқырап туған парасатты әнші. Оның дауысында есті құлақтың өзіне ғана арналған  емеуірін мен тұспал көп. 

Жүрегіме оң қолымды қойып  айтайын, Жәнібек мақамында Абайдың парасаты мен ішкі қайғысы бар. Асыра айтты демессіз,  Жәнібек - Абайдың әуендік болмысы,  хакімнің ән тіліне айналған әуездік  нұсқасы (версиясы)

Ал көкірігі мен көмейінде Абайы бар адамның қандай сор мен кермекті басынан кешіретіні айтпаса да түсінікті емес пе? Сол алапат қайғысы шығар, ол кез келген  көңілді (мажорлы)  әнді сай сүйегіңді сырқыратып, зарлатып айтады.  Сол қайғысы  шығар, оны пидагер етіп, пәруана көбелектей дызақ қақтырып, шыбын жанын ерте  шығарғаны.  

Жазушы Таласбек Әсемқұловтың  «Тәттімбет сері» романындағы мына  бір ойлар  бейне бір Жәнібекке арнап айтылғандай:  «...Адам тағдырды таңдамайды... таңдай ал­май­ды.  Тағдыр адамға қонады.  Сон­дық­тан тағдырың ән екен, ал ән бақытқа қуа­нышқа жат... Бақыт пенен ән бір-бі­ріне ешқашан қосылмайтын  бір-бірімен қатар тұра алмайтын  екі бөлек жара­ты­лыс.  Ән қасiретпен ғана туыс... Қасірет пен қамырық - әннің азығы.  Ал тағ­­дырың ән екен онда көрешегің – қа­сі­рет. Осы­ған мойынсұн.  Себебі сен ән­сің,  ән болып келдің... ән болып кетесің...», – дейді.

Жәнібек бар-жоғы  қырық  жасында елдің қамқоры мен жоқшысына айналып үлгерген екен (Ал Жәнібектің сол 40 жасына жеткен біздің  жүріс болса мынау... Рас, мәселе санда емес сапада ғой).

 Ілгеріде  жазушы Тұрсын Жұртпай  ағамыз Ақселеу Сейдімбек өмірден озған кезде:  «...Оның артында – жетім бала мен жесір жар ғана қалған жоқ, жетім ел, жетім күй, жетім ән...» қалды», - деген еді.  Менің жүрегімді шоқтай қарып  жанарыма жас үйіргенде  осы «жетім ел» мен «жетім ән...» сөздері-тұғын. Тұрсын ағам не жазса да төбеден ұрып жазады ғой.  Бұл бір миымды аузыма түсіріп, қарақұсымды қанталатқан  ауыр  сөз болды. Рас,  біз жетім қалдық.  Расымен де біз жетімдерміз...  

«Жетім ел» екенімізді күні кеше қаңтарда көрдім. Ел иесіз, ағалар киесіз екен. Ал «жетім ән» екенімді сәт сайын сезінемін десем, еш артық айтқандығым емес. Қолына қара домбыра ұстаған өзге өнерпаздар хақында ештеңе де айта алмаймын. Ал өз басым төрдегі «ел ағалары» әбден  етке тойып,  енді ұйқысы келіп  есіней бастағанда  босағада қалған  бейшара басымды бұлғақтатып сол шіркіндердің көңілін көтеру үшін дауысымды әнге зорлаймын. Сіз түсінесіз бе, өнерге деген бұдан артық қандай құрметсіздік болуы мүмкін. Осыншама мазаққа ұшырап, құлдырап кеткен талғам мен танымға кәдімгідей сүйегім жасиды.  Қайран Ақселеу, дүр Жәнібек... 

Бақсақ, бұл екеуі де елдің құты мен киесі секілді есімдер екен.  Осы кие мен құт қатар жылыстап қарашадан ұзап кеткен соң иесіз елді кім көрінген басынайын деді... Жоқ, жоқ, ең дұрысы, құл мен құтан басынып бітті.

Әсіресе ұлы сахнаны…

II

«Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды», – деп жазған екен жарықтық Мұхтар Әуезов.  Сөз жоқ, құт пен ырыстың бәрі байырғы топырақта. Кие мен кісіліктің бәрі сол топырақтан көтерілген ән мен күй әуезінде. Жәнібек ән салғанда адам бойында бұқпантайлап жатқан осы бір көне архетиптер тұтас тіріледі.  Тіріліп қана қоймайды, әрекетке түседі. Содан шығар,  ән салынып болғаннан кейін  әр замананың  ауада акустикалық образы қалқып шығып, қос  құлағыңда дыңылы ұзақ сақталып тұрып алады. Әннен кейін көз алдыңа көшпелі өмір салты қайыра елес беріп,  мұрыныңа қымыз бен жуаның  исі қатар келеді. 

Мен неге екенін білмеймін, Жәнібектің «Кемпірбаймен қоштасуын» тыңдаудан зәре-құтым қашып қатты қорқамын. Кездесе қалса, жедел өткізіп жіберуге тырысамын.  Бұл әндегі қамырық дауысқа ұйыған бақилық  кесімді екінші тыңдауға енді ет жүрегім дауаламайды. Ән – адам мен ажалдың өзара арпалысы сынды.

Жәнібек әуелеткен  Әсеттің осы бір  әнін  естігенде  бейне бір ән тағдыры  секілді оның да  бақилық шекте тұрып айтқанын жан-жүрегіммен түсінемін.

«...Әсетжан, осы аурудан өлем білем,

Алланың әмірі екі болмас білем...

...Келдің бе, ажал шіркін, алайын деп,

Құрықты сала құлаш салайын деп.

Азырақ аялдашы, ажал батыр

Жатырмын өзім-дағы барайын деп...».

Сіз бұл өлең жолдарының Кемпірбайдың ғана емес, Жәнібектің де жалғанмен қоштасуы екендігін,  ащы өксігінің  ішіне өзі түсіп мына фәнидің  оған еш пана болмай кеткендігін бірден сезінесің.  Бұл ән маған Жәнібектің бейне бір бой жасауы секілді болады да тұрады...  

«...Мұңайма, көңілім, мұңайма, 
Тыныштал енді, жүрегім. 
Бір күні сен де тоқтарсың, 
Оны да жақсы білемін. 
Бас имей жүрген тағдырға, 
Текті бір жанның бірі едім. 
Адам боп келдім өмірге, 
Адам боп өту – тілегім, 
Бәріңе соны тіледім...», -  

деп сұңқылдап барып  ақырласатын «Өмір туралы толғауы» да әншінің қараша халқымен соңғы бақұлдасуы екен. Біз бұл толайым толғауынан да ештеңені  бағамдап үлгермеген екенбіз. Сөйтсек әнші бәрін де  ишара етіп, бәрін де ескертіп үлгеріпті.

Әнші өмір бәйтерегінен неге ерте үзілді?

Мұны қазақтың ерін ұшымен жай ғана айтыла салатын  «Жазмыштан озымыш» жоқ сөздерімен емес, Зигмунд Фрейдтің психоанализ бен  психопатология ұғымдарымен біршама талдаулар жасауға да болады.  

Әрине, бұл енді бөгенайы бөлек басқа әңгімеге жүк... 

Бөлісу:

Көп оқылғандар