Жеті ағайынды жұт

Бөлісу:

12.06.2023 2301

«Жұт – жеті ағайынды», - дейді, қазақ даналығы. Яғни ел шетіне жұттың бірі ілінсе, өзгесі ілесе жүрмек. Тілімізде «жұтқа ұрыну», «жұт жүру», «жұттан шыққандай», «жұтаған – жұртын мақтайды», «жеті жұт келгендей», т.б. тіркестер мен мақал-мәтелдер баршылық. Төрт мезгілді құбылмалы ауа райы билік жүргізетін қазақ даласында табиғаттың қолайсыз құбылыстары (аптап ыстық салдарынан болатын қуаңшылық, сақылдаған сары аяз, көк мұз, қарлы, шаңды боран, мөл мөлшердегі жауын-шашыннан болып туындайтын сел-тасқын, зілзала сілкініс, алапат өрт т.б.) әредік болып тұрады. 

Әрі қазақ даласындағы ауа райының қолайсыз жағдайы біраз жылдар сайын қайталанып отырады. Ежелден бері табиғатпен етене өскен қазақ есепшілері аспан денелері мен жер бетіндегі өсімдіктер, жануарлар әлемінің әрекетін бақылап, осы арқылы алда болатын жағдайларды болжап, елді ескертіп отыратын болған. Қазіргі күні «қазақтың қара есепшілігі» кең қолданыстан шығып, олардың қызмет күн райын бақылау қызметі атқаруда. 

Жақсылық пен жамандықты «жеті» санымен мөлшерлеген қазақтың ұғымындағы «жеті жұтқа» не жатады деген сұраққа жауап іздегенімізде, саралап келгендегі ортақ жауап мынау болды: 1) Қуаңшылық – яғни аптап ыстықтан жер көктемеуі, 2) Малдың жұтауы – яғни жаз қуаңшылық болып, жайылым тапшылығын көріп қоңданбаған малдың қыс пен көктемде арықтауы; 3) Алапат өрт – күн ыстық, құрғақшылық болған себепті аса көлемді аумақтың өртенуі; 4) Ауру-індет – адам мен малға жұғатын, зияны орасан зор дерттің жаппай таралуы; 5) Топан су – жауын-шашын мол жауғандықтан сел мен тасқын жүруі, 6) Зілзала – жер сілкінуі салдарынан туындайтын апатты жағдай, 7) Соғыс – елдің ішіндегі немесе халықаралық ауқымдағы ірі қақтығыс-жаңжал. 

Қазақ тарихындағы алапат жұттар көбінесе қоян жылы болып өткен екен. Жұт пен аштық егіз ұғым. Қазақстанды 1921-1922 жылы жайлаған ашаршылықтың себебі – жердің көктемеуінен болса, оның салдары да ауыр болды. 

Ал 1931-1933 жылдары жүрілген ашаршылықтың салдарын айтып жеткізу мүмкін емес. Ақпарат деректерінде «Ұлы жұрт» деп аталып жүр. Бұл – орыс тіліндегі «великий джут» сөзінің орашолақ аудармасы. Өзге тілде «великий» немесе «great» шығар, қазақ тілінде ешқандай «ұлы» деуге болмайды! Бұл қолдан жасалған алапат трагедия алдағы күндерде нақты бағасын алатыны сөзсіз. Бұл жұт – миллондаған қазақтың сүйегі ақсөңке болып саудырап шашылып қалған қасіретті жұт, алапат жұт. 

Халқымыздың өткен ғасырлардағы тұрмыс-тіршілігі негізінен мал шаруашылығы болған себепті ұлтымыздың аман-есендігі, шықпа жаным шықпалығы мен бай-қуаттылығы климатқа яғни, ауа райының қолайлы-қолайсыздығына аса тәуелді болғанын көреміз. Жоғарыда аталған «жеті жұт» тізбегінің өзі де осыдан туындаған. 

Қазақ ұғымында осы қуаңшылық, дерт-дербез, өзге де жұттардың ен жайлап кетуіне елдің құт-берекесі шайқалуы, байдан мейір, кедейден пейіл кетіп, әркім бас-басына би болуы себеп болады деп білген. Осыдан болып елдің, ердің басына мұңлық хал орнайды дейді:

Бағы тайса басынан, 

Беделі кеткен ер мұңлық.

Тұрлаусыз хан қолында,

Тұралған ел мұңлық.

Бетеге жоқ белінде,

Күнұзын құйын ойнаған,

Шөліркеп жатқан жер мұңлық.

Қаңқылдап ұшқан қазы жоқ,

Жанға сая жазы жоқ,

Тұнжырап жатқан көл мұңлық.

Қоңыр аңы қуылған,

Апшысын күн қуырған,

Жаңқа тасты тау мұңлық.

Түйір жаңбыр түспеген,

Азынап соққан жел мұңлық.

Жанашыр жоқ, жақын жоқ,

Жаралған жалғыз жан мұңлық. 

Жеті жұттың салдары – жеті мұңлық. Жеті жұттың ішіндегі ең көп көрініс беретіні – жылдың төрт мезгілінде бірдей лап ете түсіп, жанды мен жансыздың жанғыш біткенін жалмауға әзір қызыл өрт. «Апат айтып келмейді», - дегендей, өрт те аяқ астынан туындап, салдары тым ауыр болып, мал-жан, дүние-мүлік, тау мен даланы орны толмас орасан шығынға батырып, қайғы-қасіретке әкеліп соғатын тілсіз жау. «Сақтықта – қорлық жоқ». Заманауи білім мен ғылымға, озық техника мен технологияға сүйенген тәртіпті де берекешіл, демократиялық қоғам жеті емес, жетпіс жеті ағайынды болса да жұтты оңай еңсерері сөзсіз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар