Ел ағасы, генерал жазушы Ержан Исақұлов 70 жаста
Бөлісу:
Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Кеңесарық ауылы кезінде атақты Есім ханның ордасы қонған қасиетті қоныс екенін білеміз. Қазіргі Қазақ елінің территориясы сол Есімханның тұсында қалыптасқаны белгілі.
Әлемдік өркениеттің даму үрдісіне қарайтын болсақ, белгілі бір халық әуелі өз ішінде, одан соң айналасындағы халықтармен, мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас жасау арқылы жетістіктерге жеткенін бағамдаймыз. Қарым-қатынастың әліппесі – сөз. Киелі кітаптарда айтылатынындай, ең әуелі – сөз пайда болған... Сонау заманалар қойнауына үңілсеңіз өзіндік өркениет қалыптастырған ежелгі халықтар, алып империялардан қалған жұрнақ болса, ол тасқа қашалған ақпараттар мен сәулетті құрылыс қирандылары, ұлы ерлік жырлары. Адамзат қоғамы өзінің дәуірлер көші жолындағы жүріп өткен сүрлеу-соқпағын, ондағы «ойлы-қырлы жерлердің» барлығын болашақ үшін аманаттап қалдырып келген. Өкініштісі – олардың барлығы бірдей кейінгі ұрпаққа жете бермегендігі. Бұрынғы өткен бабалардың арманы мен аңсары, болмысы мен бітімі, мұраты мен мақсаты – олардан қалған, бүгінгіге жеткен еңбектерде көрініс тапқан.
Ескіден жеткен еңбектерді зерделеп, өзіндік ізденіс жасап жүрген жандар аз емес. Солардың бірі – мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-майор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, саясаттану ғылымдарының докторы Ержан Бекбауұлы Исақұлов. Ізденімпаз тұлғаның мерейлі жетпіс жасқа толуына орай, өзінің ғылыми, тарихи еңбектері туралы сұхбаттасып, сонымен қатар жазушының замандастарының пікірлерін жазып алған болатынбыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау-19» форумында сөйлеген сөзінде қазақ халқы үшін Ұлытаудың тарихи мәні мен киелілігін, сондай-ақ бұл қасиетті мекеннің этнографиялық, зияраттық және экологиялық туризмді дамыту үшін зор әлеуеті бар екенін атап өткені есімізде. «Тарих» деген ұғымды қарапайым сөзбен өрнектесек ол – ата-бабаларымыздың өткен жолы мен өмірбаяны, сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігі болып шығады. Өткен жолымызды білу – алдағы барар бағытымызды айқындаудың кілті. «Қазақ даласы – Ұлы түркі елінің қарашаңырағы». – дейміз, әдетте. Түркі қағанаты туралы арнайы зерттеу жүргізіп, мұрахаттарды аударушы ғалым Зәріпбай Оразбаймен бірге «Шыңғыз хан» атты кітап бастырып оқырман назарына ұсынғаныдарыңызды білеміз. Бұл еңбек тарихшылар тарапынан зор қызығушылыққа ие болады, алдағы күндерде елеп-екшелген пікірлер айталады деп сенеміз. Осы тұрғыда «Әдебиет порталының» қалың оқырманына осы кітабыңыз туралы мәлімет беріп өтсеңіз.
Ержан Исақұлов, мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-майор, саясаттану ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
Жеті жүз жыл бұрын парсы тілінде жазылған, кезінде барлық оқымыстылар мойындаған және дүниежүзілік тарихта «ортағасырлық энциклопедия» ретінде танылған Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабын бүгінгі күні бүкіл әлем жұртшылығы: «Бұдан ақиқат тарихты ешкім жазбаған», - деп санайтыны белгілі. Бұл кітапта келтірілген деректердің XIII-XIV ғасырларда Иран мемлекетінде хандық құрған Шыңғыз хан әулетінің қазынасында аса құпиялықпен сақталған «Алтын дәптер» мен басқа да дереккөздерден алынғаны туралы «Жамиғ ат-тауарихтың» авторы Рашид-ад-дин өзінің осы еңбегінде бірнеше рет атап өткен.
Аталған кітап әлем жұртшылығына тек XIX ғасырда ғана танымал бола бастаған. Ең алғаш француз және ағылшын тіліне аударылды. 1858-1888 жылдары И.Н.Березин өзінің «История монголов» және «История Чингис-хана» деген екі үзіндісін орыс тілінде жариялаған. 1936-1952 жылдар аралығында КСРО Ғылым академиясы Шығыстану институтының ғалымдары «Жамиғ ат-тауарихты» толығымен орыс тіліне аударған. Осы аудармалардың нәтижесінде, сол кездерден бері әлем жұртшылығының санасында «Шыңғыз ханның шыққан тегі «моңғол» деген ұғым қалыптасқан. Ата-бабамыздың төл тарихы жазылған «Жамиғ ат-тауарих» қазақ тіліне алғаш рет 2016-2018 жылдары Халықаралық Түркі академиясында ҚР Ұлттық академиясының академигі, бүгінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің басшылығымен аударылды. Оны қазақ тіліне аударған – араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы, Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының Ғұламалар кенесі мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекетік университетінің аға ғылыми қызметкері Зәріпбай Оразбай.
«Жамиғ ат-тауарихтың» қазақшасы мен орысшасын салыстырып зерттеу барысында оның орысша аудармасында біршама өрескел қателіктер мен бұрмалаулардың орын алғаны анықталды. Соның салдарынан кітаптағы көптеген тайпалардың, адам, жер, тау, өзендер мен көлдердің атаулары мен тарихы адам айтқысыз өзгерістерге ұшыраған. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Ертіс пен Бұрқан Қалдұн тауларындағы өзендердің алқабын мекендеген түркілердің мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз хан мен оның руының атауы «моңғол» деп қате аударылып, мұғулдар мен олардың ежелгі көршілері болған керейлер мен наймандардың ата мекендерінің орындары бір сәтте аудармашылардың қолымен Ертіс пен Бұрқан Қалдұннан Моңғолия жеріне апарылған, сөйтіп олар «моңғолға» айналған.
Тарихты бұрмалаушылар осы айтқандармен ғана шектеліп қоймай, сол кездегі көне карталарға керекті «түзетулер» енгізіп, ондағы таулар мен өзендердің, түркі тайпалары мен оның мұғул тармағының мекендерінің орындары мен атауларын сан рет өзгерткен. Олардың осы әрекеттерінің іздерін немістердің, шведтер мен орыстардың көне карталары мен кітаптарынан көруге болады. Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген «Алтын дәптер» мен Шыңғыз ханның Иранда хандық құрған әулетінің қазыналарында сақталған басқа да деректердің мұғул жазуымен және мұғул тілінде жазылғаны анықталды. Ал оларды өңдеп, солардың негізінде «Жамиғ ат-тауарихқа» кірген түркілер мен оның мұғул тармағынан шыққан Шыңғыз ханның шежіресі мен тарихын алғаш мұғул тілінде жазып, дайындаған Болат чинсаң екені белгілі болды. Сонан соң, ол деректерді Рашид-ад-дин бастаған ғылыми топ өздерінде бар басқа да деректермен қосып парсы тіліндегі «Жамиғ ат-тауарих» еңбегін жазған. Рашид ад-диннің айтуынша, түркілер мен оның мұғул тармағы тарихының аса білгірі Болат чинсаң атты бұл ұлы әмір сол кездері Иран мен Тұран әскерлерінің қолбасшысы, әлем мемлекеттерінің басқарушысы болған. Оны кезінде Құбылай қаған Иранға елші етіп жіберген. Бір өкініштісі, осы айтылған деректер әлі күнге дейін әлем жұртына белгісіз болып келгендігі. Олардың барлығы «Жамиғ ат-тауарихты» қазақшаға аударған соң жүргізілген зерттеу барысында ғана анықталды. «Жамиғ ат-тауарихтың» қазақшасы бес томнан тұрады және оның таралымы өте аз. Кітап орта ғасырларда қалыптасқан ерекше жазба стилінде жазылған. Ондағы келтірілген деректер мен оқиғалар тым шашыраңқы болып берілген, оларды есте сақтап, ой елегінен өткізіп қорытынды жасауға біршама уақыт керек. Осылардың бәрін ескере отырып, біз «Жамиғ ат-тауарихтағы» түркілер мен оның мұғул тармағына қатысты ең маңызды деректерді іріктеп алып, олардың негізінде «Шыңғыз хан» деген кітап жазып, оны бүгінде оқырмандардың назарына әсіресе жастарымыз оқып тәлім алса деген ақ ниетпен жарияладық.
Егор Каппель, генерал-майор, қоғам қайраткері, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы:
Ержан Бекбауұлындай тамаша ағамды жетпіс жылдық мерейтойымен құтықтаймын. Ерекең көпұлтты еліміздегі тату тұрмыс-тіршіліктің тұрақтылығы үшін көп еңбек сіңіріп келеді. Нағыз патриот азамат. Ал патриот болу – өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету деген сөз ғой. Өзіңнің тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсың. Генерал-жазушы Ержан Исақұловты осы тұрғыда нағыз патриот деп ауыз толтырып айта аламын әрі ол кісінің жанында жүріп көп дүниені үйренгеніме мақтанамын. Жазушы ретінде оның кітаптары орыс тілінде де аударылып жатыр. Сол еңбектерді оқи отырып, осы Қазақстанда тұрып келе жатқан мен де қазақ болып кеткенімді түсіндім. Өйткені біздің басқа Отанымыз ортақ, демек, біздің жүрегіміз бен мақсатымыз да ортақ. Ержан Исақұловтың кітаптары қазіргі заман жеткіншектеріне арналған. Біздің Отанымызды құрметтеу арқылы әлемдік өркениетке қол жеткіземіз деген миссия бар бұл шығармаларда. Ұзақ ғұмыр, шығармашылық табыстар ітлеймін!
Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі:
Осы күнге дейін осындай кітапқа біздің қолымыз жетпей келген еді. Жалпы, Ержан Исақұлов пен Зәріпбай Оразбайдың тандемі бізге үлкен-үлкен кітаптарды алып келді. Қазақ тарихын жаңа көзқарас тұрғысынан қорытуға мүмкіндік беретін еңбектер жазуда. «Шыңғыз хан» кітабын «Жамиғ ат-тауарихтың» жалғасы деуге болады. Өйткені ішінде «Жамиғ ат-тауарихта» айтылатын қазақ тарихына тікелей қатысы бар ру-тайпалардың тарихы жүр. Біздің тарихымыз үшін бұл үлкен жетістік. Мұны халқымыздың тарихи танымының кемелдікке қадам басқанының көрінісі деп бағалар едім.
Жақсыбек Құлекеев, мемлекет қайраткері, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:
Өмір жолының белесі көп. Оның шығар шыңы мен алынар асуы тағы да бар. Ержан Бекбауұлы – биік асуларды бағындырған, сегіз қырлы, бір сырлы азамат. Ол ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты болған жылдары ұлтымыздың тарихын кеңінен зерттеуді қолға алды. Иран астанасы Тегеранға барып, 700 жыл бұрын жазылған көне жазбаларды елге әкеліп, Оразбай Зәріпбаймен бірге қазақ тіліне тәжірмалады. Бұл қазақ тарихын зертеуге қосқан ерекше үлес деп білем. Бұл еңбектер тарихшыларымызды елең еткізген, ақтаңдақтарымызды толықтыруға қажетті келелі де толымды еңбек болды. Рухани жаңғыру белесі осындай сүбелі шығармалармен толыса түспек.
Болат Жылқышиев, қоғам және мемлекет қайраткері:
Ержан Исақұлов – мемлекет және қоғам қайраткері. Өзінің адал еңбегімен елге танылған тұлға. Өмір бойы ағартушылық саласында ерекше еңбек етіп келеді. Қазақтың ежелгі тарихын тереңнен зерттеп әрі зерделеп, жастарға қажетті бірнеше кітаптар жазды. Бұл құнды тарихи шығармаларда халқымыздың кешегі өткен сан тарау мың өліп, мың тірілген құлау мен өсіп-өркендеу кезеңдері оқырманына жатық тілде жақсы баяндалған. Дүние жүзінің тарихын оқыған қазақ, тәуелсіздігімізді алғанша өз тарихын жарытымды оқи алған жоқ. Тарихи дүниелер енді-енді ғана ашылып жатыр. Өзіміздің тұма бастауларымызбен, асыл мұраларымызбен енді-енді қауышып жатырмыз. Ержан Бекбауұлына халқымыздың ежелден бергі тарихи мұрасын жаңғырту жолындағы қажырлы еңбегіне мол табыстар мен жемісті жетістіктер тілеймін!
Бексұлтан Сәрсеков, заң ғылымдарының кандидаты, генерал-лейтенант, «Қазақстан шипажайы»АҚ президенті:
Адам дүниеге келгеннен-ақ төңірегінде туған-туысынан басқа адамдар пайда бола бастайды. Уақыт өткен сайын әр өмір кезеңі мен деңгейінде өмір баспалдақтары өзгереді. Балалық шақта, студенттік кезде, қызметтік жылдары, тіптен зейнеткерлікте де тамаша сырлас дос табасыз. Осы әр кезеңде табысқан жандардың бәрімен де дос болып қалатындар бар. Бірақ нағыз достардың саны бес саусақтан артық болмайды. Ерекеңмен ертеден таныс болдық. Қырық жыл бойы арамыз ажырамады. Ержанның қатардағы лейтенанттан генерал-майор шеніне дейінгі жету жолы, Отанға адал қызметі көз алдымда өтті. Отанымызға өмір бойы қалыпты әрі берік берілгендік ғұрпында өзгелерге өнеге көрсететіндей абыроймен ақсақал жасына жеткен замандасым ата-ана абыройын асқақтатып көтеріп, ұрпақтарына өнегелі өмір жолын көрсетіп келеді. Ерекеңе ұзақ ғұмыр, отбасына амандық, шығармашылық жұмысында зор табыстар тілеймін!
Анарбек Орман, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының кандидаиы, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бас директоры:
Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабы халқымыздың құнды рухани мұрасы деп қабылданады. Өйткені, ол қазақ руханиятына, ғылым-біліміне зор үлес қосты. Осы ретте Бекасыл Биболатұлының ұрпағы, саясаттану ғылымдарының докторы, генерал Ержан Бекбауұлы халықтың рухани байлығын дамытуға еңбек сіңіріп, «рухани ұстаз» ретінде танымал болған тұлға. Ол ұлы бабасы туралы ертеңге керек ерекше кітаптарды жастар таразысына ұсынды. Халықаралық Түркі академиясында Бекасыл Биболатұлының «Зикзал» атты кітабының жарыққа шықты. Бүкіл саналы ғұмырын халық руханиятына арнаған, мешіт салдырып, бала оқытқан Бекасыл баба Биболатұлы ғылым мен білімге де үлес қосты.
Бекасыл Биболатұлы 1822 жылы қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы Сайрамсу, Қасқасу, Қарасора дейтін үш өзеннің тоғысқан жеріндегі Есім ханның ордасының жанында өмірге келіп, 1915 жылы 93 жасында туған жерінде қайтыс болған. Оның төртінші атасы Құдайберді би – Есім ханның орда биі болыпты, үшінші атасы Түгелбай батыр (Төле бидің әкесі Әлібектің туған ағасы) 1689 жылы «Қалмаққырылған» шайқасында шейіт болған. Түгелбайдың ұлы Мырзакелді – Тәуке ханның мыңбасы болған, ханның қызына үйленген. Ал Бекасылдың әкесі Биболат та ел таныған адам екен, оған Қоқан хандығы «пансат» деген дәреже беріп, құзырындағы елге басшы етіп тағайындапты. Абылай ханның жұрағаттары Қасым төре мен балалары Есенгелді, Саржандарға көмек қылдың, мініске жылқы бердің деп Биболатты қудаласа керек, ақыры ажалына солар жетіпті. Биболаттың үш ұлы болған – Байшымыр, Бишымыр, Бекасыл. Олардан тараған ұрпақтар бүгінгі Түркістан облысының Төлеби ауданындағы ауылдарда – Кенесарық, Қасқасу, Тасарық, Оңтүстік және Астана, Алматы, Шымкент және Леңгір қалаларында өмір сүріп жатыр. 2003 жылдан бастап Кеңесарық орта мектебі Бекасыл Биболатұлының атымен аталады.
Махат Садық, журналист, Халықаралық телевидение және радио академиясының академигі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері
Бекасыл Биболатұлы өз заманында Сайрам, Қарнақ, Тәшкен, Самарқан медреселерінде білім алып, сосын Бұхарадағы «Мір-Араб» медресесін тауысқан, Шам (Сирия) еліне барып, сол дәуірдің ғұламаларынан тәлім алған ерен ілім иесі болған. Бекасыл Биболатұлы туған жерінде медресе ашып, сол аймақтың балаларын оқытқан, шығармашылықпен айналысып, көптеген кітаптар жазған. Бірақ ол зұлмат заман (1917-1991 жылдар аралығындағы совет дәуірі) келе жатқанын анық сезіп, алты қанат ақ үй толған кітаптарын түйелерге теңдеп, тауға апарып жасырған екен. Бүгінгі ұрпаққа ол кісіден әзірге жеткені тек «Зикзал» атты еңбегі ғана.
Қазақ руханиятындағы алып тұлғалардың бірі Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының оңтүстікке сапарын баяндайтын «Қазақ баласы оқыдым, тоқыдым десе де, Бекасыл хазірет бола ма» деген еңбегінде Бекасыл әулиенің қадір-қасиетін былай деп жазады: «Пірәдармен болған он күнімді айтып, бүгінгі жұртқа жеткізе алам ба? «Жүсіп бауырым, мына мен пақырдың көзінің майын тауысқан «Жұлдызнаманы» ермек қыл», - деп қолыма кітабын ұстатты. Жеті жұрттың қамын жеп, жеті ұлттың тілімен өрілген дүниеде не жоқ дейсің. Арабтың да, түріктің де, парсының да тілін ұғып, сөз маржаны түзілген дүние... Хазіреттің қара сөзі бір төбе де, ақындығы бір төбе, құлағының тесігі, көкірегінің есігі бар пендеге жетерлік. Бекасыл хазіретті көргенде, жол азабын ұмытып, бірге туғанымды көргендей күйде болдым. Бұл кісінің аузынан шыққан дүрлері, елге берген бата-тілегінің қабылдығына таң қаласың...». Мәшекең сосын тағы да: «Миуа ағашының көлеңкесіндей бір қауым елдің дұға дарыған асылымен қош айтыстық», - деп толғанады, аталарымыздың бүгінгі ұрпақтарына үйренерлік үздік үлгі танытқанын айтады.
Сол даңқты бабаның ұрпағы, елге танымал азамат, бірнеше кітаптың авторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ержан Бекбауұлы Исақұлов осы күндері абыройлы ақсалдық 70 жасқа келген мерейтойын өткізіп жатыр. 1953 жылы 15 маусымда қазіргі Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Кеңесарық ауылында Ұлы Отан соғысының қаң майданынан аман-есен оралған Бекбау Исақұлов пен Баршакүл Қалдыкөзқызының көпбалалы отбасында дүниеге келген. Аталған ауыл – атақты Ақсу-Жабағылы қорығының іргесіндегі Сайрамсу, Қасқасу және Қарасора деп аталатын үш өзеннің қосылған жеріндегі Еңсегей бойлы Есім ханның ордасының маңайында орналасқан.
Ержан Бекбауұлы сахара ғұламасы атанған Бекасыл әулиенің тікелей шөбересі. Оның арғы атасы Боданжар, Шыңғыз ханның үшінші атасы Қабыл ханның туған бауыры, яғни бір әке-шешеден тарайды. Есім ханның уәзірі болған, Төле бидің бабасы, Әлібек бидің әкесі Құдайберді би Ерекеңнің жетінші атасы болады.
Ержан Бекбауұлы туған жеріндегі орта мектепті үздік бітіріп, 1969 жылы Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне студент болып қабылданады. Жоғары білімді диплом алған соң, 1974-1976 жылдар аралығында Целиноград облысындағы «Каззолото» комбинаты мен Шымкент қорғасын зауытында мастер және техникалық бақылау бөлімінің бастығы болып қызмет атқарады.
1977-2007 жылдар аралығында Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінде әскери қызметтер атқарды. Қатардағы жедел уәкілден Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының кадр және финанс жөніндегі орынбасары лауазымына дейін көтерілді. 1995 жылы жаңадан құрылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы қызметіне тағайындалды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Жоғарғы билігі мен мемлекеттік органдарын жаңа астанаға көшуін ұйымдастырудағы жетістіктері үшін генерал-майор деген жоғарғы әскери атақ алды.
2007 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Мәжілістің халықаралық мәселелер мен қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитетінің мүшесі болды. Аталған шақырылым таралған 2011 жылы ол Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы командирінің орынбасары болып тағайындалды. 2013 жылы отставкаға шығып, 2022 жылға дейін «Казахстанинжиниринг» Ұлттық компаниясы мен Халықаралық Түркі академиясы төрағаларының кеңесшісі болды.
Ержан Бекбауұлы Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері, «Даңқ» орденімен, отызға жуық медальдармен және әскери барлаудағы ерекше еңбегі үшін берілетін «Алтын Үкі» төсбелгісімен наградталған. Түркістан қаласы мен Төлеби ауданының құрметті азаматы. Бабаларының елге жасаған еңбегін қалтқысыз қадірлей білген Ержан Бекбауұлы белгілі ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, саясаттану ғылымдарының докторы, «Мемлекеттік қызмет пен кадр саясатының негіздері» атты бірнеше оқулықтар мен монографиялардың және 40 астам ғылыми еңбектердің авторы.
Ол түркілер мен Шыңғыз ханның шынайы тарихы жазылған әйгілі тарихшы Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» атты кітабының түпнұсқасын Ираннан іздеп тауып, оны 2008 жылы елге алып келіп, парсы тілінен қазақ тіліне аудартты. Содан соң, «Жамиғ ат-тауарихта» келтірілген түркілер мен Шыңғыз ханның тарихына қатысты мәліметтерді терең зерттеп, соның негізінде 2020-2022 жылдары қазақ және орыс тілінде «Шыңғыз хан» атты ғылыми кітаптар жазып, оларды оқырмандарға таныстырып, халқымыздың рухын көтерді. Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі.
Ержан Бекбауұлы мен оның Құдай қосқан қосағы Ботагөз Мырзақызы Шынар деген қыз бен Бауыржан және Рахымжан деген екі ұлды өмірге әкеліп, оларды мәпелеп өсірді, оншақты немере көрді. Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын!
Бөлісу: