Сұраған Рахметұлы. Ай таңбалы арғымақ

Бөлісу:

23.06.2023 1198

Ай астындағы сапар…

Поэзияда бар ескірмейтін бір сүгірет – Ай бейнесі. Қазақтың қара өлеңінде Ай тіпті көп. «…Ай қабақ, алтын кірпік – қызыл ерін… Кел десең неге аяйын аттың терін…». Аллитерация (allittera) – тым шым-шым ғайып үндестік. Аспан – түнгі түсімен сарқылмай түгел сақталып қалған қазақы пайым, әлде – жадтағы самала… Ғалым Жайлыбай ақындағы боз даланың сербегіне ілулі Айдың іңіретті сүгіреті осылай сезілмек! Ұланғайыр мұнар басқан байтақтың баялышты уысында жайылған жылқы жануарлардың жәуһар-күміс мөрлі ізіндегі боз теңгедей өрім-өрім оймыштары да Ай – сүмбілеге былай оқшас дейік! Оғыздардың сілемінен жіміле заманның танабы – Ордабасының орнына қарайғы мұңғайып сәттерді саралай саналап, ой қуалап келеміз!? Табан астынан басталып, елсіз кеңіске сіңіп кете беретін елеңдегі есілген сүрлеу! Үстіңнен үңіле төнген көмірең Айдың көркі де бейсарынды үнсіз тұнған жыр сықылды тағы да… Бір ұшығы Көк жиегіне шейін тірелген ұзақ-ұзақ жолғайып! Тәңірім бізден кейінгі ақындарды тұнжыр үнсіздіктен сақтағай!

«…Аппақ түстерді кешіп…»

Ақын: «…ғаламаттарын естимін күнде ғаламның…» дейді. Расында ақынның мынау ғалам дүниеге қарайтын жанары да өңгерек. Өлеңді жұптап отырып, біт ұғынықтылыққа ұқыппен барғысы келеді… Ғаламды тану – дүниетанымның үш басты діңгегі… Ғалымның жырындағы үш мүшелді уақыттар қызықты! Арқаның ақ самалы да, ақбұрқақ бораны да ақ еспе өлең болып өріле беретіні осыдан шығар?! Өзінің өңі сықылды қоңыр әуезді үні, сөзінің өзегімен – «…қобызын күңіренте…» жөнелетін оның ақындығы өз алдына… Ал өскен жерінің шексіз кеңісі – өлшемі… Мағауиннің «Қобыз сарыны» (2006) – оның қос өрімінен өрген үндерге ілеседі. Сезім мен түйсіктің түбінен қиял жасайды да «…аппақ түстерді кешіп…» алыс-алыс қиянға самғайды… Өлең мен кәдімгі ғылыми өлшемнің өзара ұқсас тұстарын да өлеңінен өлшеп, өзінше төгілтетін ақынды – интеллектуалды құбылыс деп айтуға болатындай?! Тас бетіндегі бәдіздерге шұқшия қарап аңырып, кейде тереңнен аһ ұрып шымырлап қайнап алатын ақынның алтын шашақты бұрқасындары бар. Мұнысы – білеудің бітікті бедерінен өзінің бітім тағдырын тінтіп тануы ма, әлде бір сауалдың шынбайлы шырақты жауабына ұқсас ұғым ба?! Жұмбақ… Бір жұтым жырының өзегінен құйғытып уыз нәрі, сүт дәмі келеді… Ұлытаудың көне ғасырлармен ұласып, кезерген ерініндегі өмір кілегейіндей өткен, кеткен ескіден жұққан баяғы алтын көзедегі атаукередей асыл нәр… Жездінің жезқұймасындай – «…өлеңмен кестелеген…» зері, яки зиынның – «…көне дастан секілді…» егілме, сөгінді күйі! Ол, мына ұлан-ғайыр ен даланың тал бойынан ешкім баспаған ылайсыз, мүлдемге «…басқа тұнығын…» кешкісі келеді. Тағы да: «…Тарпаңдай тізесін бүгіп от жеген, тағыдай таңдап су ішкен…» (Махамбет) тағыдай тарпаң жанымен… Сүгірдің «Бозінгеніндей» бүбей бүлкіл мұңдарымен мұнтаздай сылқым, сырбаз (М.Әуезов) жырлар жазады… Мұң десек: «…Шер қосып, шемен қосып шеріме түн, сан сауал сүйегімді кеміретін, Әйтеуір ақ, қараның арасында, бір түс бар маған ғана көрінетін…». Бұл шумақтағы жұлдызды әрі кірпияз кербез кілтеңді сананың немесе «…қара түндердің қарашығындағы…» қашанды ашаң бояуын қалай тануға болады?! Ең бастысы өз ішкі жан дүниесіне үңгіп қарайтын үшінші көзі ояу сүмбіл бей сұңғыла ақынның баяуы мұңлы бояуларына сүңгіп өту керек екен мұндайда?!

Боз жусанның иісі…

Жап-жасыл мұнар жапқан Жаңаарқаның жасыл өңіріндей жасыл да жасын өлеңдердің әуезін ертеден бері сезінетінбіз. Ерекше есіл саз бен далалық сарынның саңыраң самалды түренді түрлі шумақтары сарғыш сағынышқа толы. Қара өлеңнің қаймағымен бітеқайнасқан қайырымы шымыр, ғайыби ғұмырлы, дүбірлі саздары ішкі әуенімен ең ерекше. Шіркіндерінің ілгегі бүлінбеген бүтін күйінде! Бетпақтың бедерлі құмайтынан теріп алған өлең-этюдтері һәм түзем әлемі – түгел даланың түп әуенімен өзектес. Бетпақ – сағыныштардың сыңғырлы сыры. Түйелі керуендей өлеңдері ұзақ көшеді. Мысалы: «Шаңқай түс, шағырмақ күн. Жел тұрса басың бүтін. Көшеді шағылда ақ құм, шалғынның шашын жұлып. Немесе «…жалғанған тағы көші, бабамның жолына осы. …Бетпақтың бағы да – осы, Бетпақтың соры да – осы…». Құмайттың құдыретті уысында жатып, құдайымен тілдесіп, құндақтың жылуындай ұлпа мұнарды жамылып жантая, құмнан нәр алған қара баланың іңгәлі үні де осында. Тобылғы мен ұшқаттың күлтелерінен ұшқан жырлары жылдар бойы көкірегіне көктейтінін сезген, сезбеген көкөрім көгенкөз де осы оғыз дүрі еді. Даңғыл даладан сауға, өзендерден өсиет сұрағымыз келді, бұл Ғалым қандай бала еді?! деп. «…Ұмытылмас кезең бе, еді? – Жаныңды сезем, деді. Жарқырап шықты алдымнан Даланың өзендері…». Сөртінің көгінде симай көшіп бара жатқан қаздарға қимай қарап едік: «…Аламанда аһ ұрсаң – анық қайғы, ол күйіңді күйлілер тағы ұқпайды. …ақ бұлттарға қанатын малып алып, менің аппақ құстарым қалықтайды….». Жаңарқаның жасыл көктемі бөзселеу, бозжусанымен айқайлаған көк өрісіне көз салдық: «…Дүние жарығының үр күндері, бұл көктем – керуен-керуен жырдың легі. Қызарып батқан Күнге қолын бұлғап, қыратта қыдырады қыр гүлдері…» дейді тағы да! Сарысудан сұрайық?! Сарысу – сабаулы сабасынан аспай, саспай (Ғалымның мінезіндей – Р.С) саңғал даланың бетімен құм көшкініндей бұлдыр бедермен Бетпаққа қарай бұлықсып, үнсіз ағып, лағып барады…

Бозаңнан ұшқан бозторғай…

Ордалы жұрттың орыны һәм осмийлі, орпалы – Жездіде кешелері ақынның жыр кеші өтті… Сол кеште оның оқыған бір өлеңі – «Сібір радиоқабылдағышы» деген қызықты жыры. Ақынның өз төл үнімен өлеңді тыңдаудың кереметі қандай?! Бетпақ даланың қоңыр өңді қойнауындағы қойлы ауылға дүниенің дүбірімен қоса өз тіндерін сүйреп әкелетін әңгімешіл – «Сібірдің» үні мен өркениеттің өзегіне ұмтылған ұғымтал ақын баланың ішкі тұмалы исі аңқыл интермедиялық «шегіністері»! Мұндай жырларды жазғандар көп. Алайда әр деңгейлі барлық оқырманды өзіне бағындыра алатын осындай сырлы, бояулы «ояу» озандар аз. Текті поляк Шетенайдың шедеврі Чеслав Милош (Czesław Miłosz 1911-2004) деген диссидент ақынның сағынышты, сазды жырлары бар осындай. Алайда өлеңді ешбір сыңаржақ көзқарасқа текке теңемеген поляктың текті ақыны тек өз бояуымен жімілеғалам поэзиясының ең биігінен көріне алған. Бетпақтың өңірі шексіз түз – Шетін жімнің құм шалғайы жалпақ жағайында жайқалған шедірендей шайыр Ғалым сол сауалды өзіне қояды да әрдайым жауабын өзі қайтарады… Мінеки: «…Қазаққа өлең керек пе!? Әй, білмедім… білмеуімнің өзін де қайғым дедім…». Бұдан кейінгі екі жолдағы натюрмортты (nature morte) оқырманға әдейі «жұмбақтай жасырып» кеткіміз келеді!? Ғалымның өскен жазиралы Жаңарқасы мамырдың майда жібекше мұнарын айқара жамылып қана белгісіз бір тылсымды ішіне бүктеп, тығып, үнсіз толықсып жататындай!? Шөлді өңірдің көбесіне шөгіп жатқан сайын мұнардың сақтияндай үлбір уысынан оттай орғып, дүркіреген өрт киіктер мен бөрі жымын бүркеген сағымға шомылған өңірге көзің тоймайды! Ұлық малдың ойсылқарасы боздақты түйелердің түмен сүгіретіне қарап: маңдайынан Ай боздап туған маң даланың күмбірі – маңғаз эпик ойшыл ақын Ғалымның өлеңдеріндегі лиризмді қайталап келеміз іштей.. Бұны көптен сағына ойлаған едік. Ақын деген – жан дүниенің жалғызы, кералаң кездің жоқшысы екен. Бозторғайдың шырылдаған дауысымен мұңдасып – «…бозаңнан ұшқан бозторғай, …бозарып тұрып көз алдым, дүние сенен озармын…»!

«Айдын көлдің бетінде Ай сынығы…»

«…Көмбемді күнде аршыр өлеңсің, қайыстай түннен қамшы да өрерсің. Мөлдіреп тұнған жанымның жасын – тастарға тамған тамшы ма дерсің?…». Даланың тынысын тыңдап, сананың сағымын даладан жинаған нағыз – ақбөкен дилы далабезер ақын! Қазақ поэзиясының Темір қағаны (Темірхан Медетбек) ақын айтқандай: «…Қағандары Күн астындағы Күнiкей қызды алған; Тәңiрден басқа Қайтпаған ешкiмнен; Iбiлiс, жындарға Қара тастарды түттiрiп, Дию мен перiге Құмнан арқан естiрген…) арқалы ұмай даланың Ай таңбалысы – ақын Ғалым! Оның су жаңа бояуларының түгелі көне даладан жыртып ала салған қимылды сырлармен қаныққан шымбайлы тілкімдей ғана шөкімдей сүйкім. Шырақ пен шықтың, күртік пен құмның, сексеуіл мен ұшқаттың бояуын бөрінің үніне жалғап, қобыздың ыңылын аруананың алқымынан аңырата салады. Ол, Ұлытаудағы ұйғындағы кешінде – «Күршімнің қызызын» тебірентіп, «Жетім құлынды» еңіретті! Керемет тәңіри бояу, саф салқын күрсініс! Кеспірі келіскен ақша арайлы, шым-шым сыр. Келе жатқан уақыттың, кері қайтқан ғұмырдың кернеуінен Ғалым секілді ақындар ғана таңғажайып кернейлі, сырнайлы тірі картиналар түренін сала алады. Оның көксеуіл жырларынан кейде кең дүниеге сыймай, бізкестесінің тебенегінен тереңдеп, өң мен өрім теріп, із кесіп жүргені бір өрен. Өлеңінен бөгде емес, дәл өзіміздің өңге зерлі кеспіршісі Зейдің (Зейнелхан Мұқаметжан) сүгіреттері көрінеді! Өлең мен қиялдың, поэзия мен кескіннің живописьтің (тірі жазудың) өбіскен тұсында осындай – өлшемдер сезілері заңдылық та шығар!? Ғалым Жайлыбай соңғы жылдары ұлу жылы туған батыстық ұлы сюрреалист Гийом Аполлинер (Guillaume Apollinaire – 1880-1918)-лердің жан дүниесінен өзін іздейтін секілді. Аудармалары мүлдемге шебер һәм қазақы. Ол, Guillaume Apollinaireнің жырын былайша құлпыртады: «…Жаздың жылы бір кешінде, жүрген сол сәт күнде есімде. Көлеңкелер көлбең қақты, көлдің көлбеу іргесінде. Көлде аққулар жүзген еді, жаз өтеді, күз келеді. Өлді бір күн. Көлеңкенің – кім болды екен іздегені!?…». Қош көрдік!

Жыр жауған жылы күндерім…

Ордалы жұрттың орны һәм осмийлі, орпалы – Жездіде кешелері ақынның жыр кеші өтті… Ғалым Жайлыбай қазақтың дамысына кен өнімімен өркениетке әйгілі мүмкін бүгінгі Перу, Чили, Конго елдерінің кен кәсіпорындарынан кем түспейтін, тіпті 10-20-шы саптағы «Қазақ мыс-тың» үш алаңы – «Жезқазғантүстімет», «Қарағандытүстімет», «Балқаштүстімет» атты алып кен орындары бар Ұлы даласында туған ең бай өлкенің бақуатты ақыны! Жылына жуық шамамен 30 739 000 тонна (2021) кен өндірген әрі бүкіл ғаламды тамсандырған кенді аймақтың кербезі! Өндіріс кәсіптері дамыған 21 моноқалалардың оншақтысы осында. Абай, Сораң, Шахтинск, Екібастұз, Балқаш, металлургия өнеркәсібімен дара Ақсу-Аюлы, Теміртау, Сәтбаев секілді көмір кендерінің алпауыттары ақынның жырларына балқыған «әкесінің ескі шапанындай…» – байырғы мекендері. Отарлы байлық, қисапсыз қазынадан бір түйір моторлы «шолақ тай» мінгізер деп ойлаған едім… Соңынан әрине осы әсіре ойымнан қайттым да: мүмкін Астана – Жезқазған – Қарағанды бағытындағы сегіз, он алты жолақты тас жолы «пайдаға берілгенде» әлемдегі ең қымбат автокөлік Rolls-Royce Boat Tail-дан мінгізер деп болашақ үмітке жәутаңдай қарап – «жә» деп қоямыз?! Алайда, Жезқазған, Жаңарқадағы қарапайым ағайындардың ақ ниеті алқаулы баталары аялы алақанында өткен екі тәулік бәрінен қымбат еді…. Ғалым ақынның сөзінше айтсақ; «…мен сізге не десем екен?..».

***

Бізге осы бір қоңыр даланың қоңыр ақынымен бірге Алтын Орданың тауриһатты жұртында бірге түнеудің сәті бұйрықша бешенемізге жазылыпты… Мишель де Монтень: «…Бұл дүниені танудың басы…» деген осы еді!?

Бөлісу:

Көп оқылғандар