Махаббат пен бостандық

Бөлісу:

23.06.2023 1075

2023 жылғы 22 маусым күні Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасында көрнекті мажар ақыны Шандор Петөфидің «Махаббат пен бостандық» атты өлеңдер жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. Аталған шара ақынның туғанына 200 жыл толуына арналды. 

Түркі Академиясы мен Қазақстан Республикасындағы Мажарстан Елшілігі бірлесіп ұйымдастырған басқосуға Түркі Академиясының президенті Шаһин Мұстафаев, Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона, бірқатар түркі және еуропа елдерінің елшілері мен дипломатиялық миссия өкілдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері, әдебиеттанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. 

Жиында құттықтау сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев Шандор Петөфидің тек әлем таныған көрнекті ақын ғана емес, қысқа ғұмырын елінің азаттығы жолына арнаған мажар халқының ұлттық батыры екенін атап өтті. 

Бұдан бөлек, Ш. Мустафаев Академияның мажар тарапымен бірлесіп тарих пен мәдениетті зерттеу бағытында бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асырып жатқанын, атап айтқанда, түркі әлемі үшін маңызды Армин Вамбери, Дьюла Немет, Иштван Коңыр Мандоки есімдерін кең танытуға ықпал етіп келетінін айтты. 

Сонымен қатар, өз кезегінде Мажарстанның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона ақынның 200 жылдық мерейтойы аясында қайта жарыққа шығарылып отырған өлеңдер жинағы Шандор Петөфи шығармашылығы мен қазақ оқырмандарын бұрынғыдан да жақындастыра түсетініне сенетінін атап өтті.  

Айта кету керек, Шандор Петефи туындыларының кезінде көрнекті қазақ ақыны Қадыр Мырза Әли аударып, әдеби ортада жоғары бағаланған жырлары топтастырылған бұл басылым оқырман қауымға QR код арқылы қолжетімді электрондық нұсқаларымен қатар ұсынылып отыр. Яғни қазіргі заманда гаджеттер мен электрондық кітап оқитын құралдар қолданатын оқырмандардың да көп екені ескерілді. Кітап мұқабасындағы QR код арқылы кітаптың epub және PDF нұсқаларын оңай жүктеп алуға болады.

Сонымен қатар  тұсаукесер рәсімі аясында Ш.Петөфидің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды. Мажарстанның Қазақстандағы Елшілігі әзірлеген көрме арқылы қонақтар назарына небәрі 26 жасында жасындай жарқырап әдебиет әлеміне өшпес із қалдырып өткен Шандор Петөфидің майдандағы ерліктері мен отты жырларынан барынша кеңірек мағұлматтар ұсынылды.

Бөлісу:

Көп оқылғандар