Жақсылықтың жағасындағы ақын...

Бөлісу:

10.07.2023 1852

Қазан төңкерісімен тұстас өмір есігін өзіміздің Сайқұдықта ашқан Сағынғали Сейітов ағамыздың туғанына 105 жыл толып отыр. Арқасын алашқа сүйеген, айтарын, арқаланарын халықтың алдынан жинаған, кендігі мен ендігі Жайықтың жағалауынан басталып, Қаратөбенің сусыма құмдарына дейін созылған оның өмірбаяны бір ғасырға жүк болары анық. Табанының таңбасын туған жерінде қалдырып, осында алғаш әліппе бетін ашқан жас кейін Ұлы Отан соғысының басынан аяғына дейін қатысты. Елге жеңіспен оралды.Алатаудың баурайындағы әсем Алматы ақынның барлық ғұмыр- дерегіне куә. Бүгінде о дүниелік  рухы да еліне тілектес болды. Оның өз сөзімен айтсам:

- Сен кімсің? – десе біреу.., не дер едім?

Айтар ем: Ұлы Абайға немеремін.

Сәбиттің інісімін ізін басқан,

Тайырдың тұстасымын! Сөз-Өнерім! - 

деп шегелеуі оның ғұмыр – дерегін жіпке тізіп отырмай-ақ кең Қазақстанға әйгілеп-ақ тастайды. Міне, біз білетін Сағынғали осындай адам. 

Жоғарыдағы тақырыптың өзі де ақын Сағынғалидың  бір шумақ өлеңінен алынды. Демек, ол өмірлік мақсатын да  мазмұнды жыр шумақтарына айналдыра білген. Сөйтіп, өлкеміздің өнер көгінде көзге әріден түсетін қарымды қаламгерлердің ішінде оның орыны ерек. Сазы бөлек лирикаларының айтары мол, ұқтырары кең. Көзге қарашықтай еленер өрімтал  өлеңдері ортақ қазына екені даусыз.  Мен оның өнерге,өлеңге қойылар талаптың бүгінгі өлшеміне де, келер күндердің салмақты пайымдауларына да салихалы жауап бере алатынына түпкілікті сенген жанмын. Есейген кезімнен-ақ оның туған жер туралы жазған топтамалары мен балладалары көкейге қонымды әрі нанымды оқылатынына көзім жетті. Бір шумақтың өзінен өзегіңе түсер көп жайды аңғарар едің.О шетімен бұл шетіне көз жетпейтін туған жер –айнымас қазығың, бас тартпас тұғырың. Әлемде небір көрікті, жұпар иісті, шалғыны мен  шатқалы кезектесіп келер, қаласы мен даласы көздің жауын алар өлкелер аз емес. Бірақ соның бәрінен де асып түсер туған жер бар.Оның табаныңа кірер шөңгесі де көзіңді ашып, көкірегіңе күй құяды, сезіміңді селт еткізеді.Тұнық көліңе тұмса нұр себелеп,өлең шашбауына сыңғыр шолпы тағады. Оның елге сағынышы төтен, танымалдығы табиғи болуы да сондықтан. Сөйтіп, кесек ой, кестелі дүние екенін дәлелдеп жату артық.

Сәнденіп,сәулеттеніп Сайқұдығым,

Шомылдың шұғыласына май күнінің.

Өрісті Өлеңтінің отауысың,

 Сарқылмас  көз –қазына байлығының,-

десе,

                                  Қиядан қиялдана қара төмен,

                                  Көрінер тақиядай дала төбең.

                                  Көрінер сол далада маңайдағы

                                  Меңдей боп қадірменді Қаратөбем,-

деп қатарлас жатқан екі ауданның еңсесіне терең табындыра біледі. Байыптасақ, бақыттың не екенін туған жер төрінде тұрып аңғарғандай боласың.

                                                Туған елім.Бақыттың

                                                Бесігінде  сен ғана,

                                                 Болашаққа ашылар,

                                                Есігінде сен ғана,

немесе,

                                   Ерікті елде еркінмін,

                                   Айтарымды айтамын.

                                   Ұшқан ұям әуелгі,

                                  Қаратөбе,Тайпағым,-

деп кеудесін кернеген туған жер туралы толғаныстарын көптің алдына жайып салады. Туған жердің тұнығынан мөлдір моншақ жинайды. Көгінен көгершін ұшырып, қырынан қыран қанатын қағады. Сөйтіп, небір жақсы мен жайсаңның ауызынан туған жер туралы толғаныстарды тырнақтап жинайды. 

Талай ғасырдан бері жағасын жайлаған халыққа ырыздығын аямаған Жайық өзенінің өткенін өнеге етіп,келер күнін келісті жырға қосады.Суы мен нуын жаныңа шипа етеді. Жүрегің жылиды, жүзің нұрланады.Туған жерден тыс әдемі жер бар деп ойламайды.

Сондай – ақ,

           Ақ Жайық,ардақ Жайық,арман Жайық,

            Ақ Жайық,тарих Жайық,тарлан Жайық,

                             Ақ Жайық,баба Жайық,ана Жайық,

                             Аялар құшағына алдан жайып,-

десе,

   Қаскөйді қансырата атам деп те,

   Қайрадың қайратыңды қатаң кекке.

   Жол ашты ақ толқының қақ жарылып,

   Тасқында ат жалдатқан Махамбетке,–

деп халық кегін қуған қаран ер Махамбеттің күрес жолына тілекші Жайықтың айдынын алдымызға салады.Ол бүгінгі ұрпақтың бойына туған жердің кестелі өңірінен кесек айбар, Жайығынан жалын үн табады.

Жайықтың жайын жәй ұқпа,

Бойында қуат ересен.

Ұқсамасаң Жайыққа,

Жайықта тудым деме сен!–

деп табиғаттың таңдайыңа салар тәттісін сезіне отырып,туған жердің бағасын бастан асыра жырлайды. Бойыңа қуат берген тылысым табиғаттың тілін дәл танып,ертеңгі тірлігіңе жөн сілтейді. Бойыңда қылаң берер бар жақсылықтың ұшқыны туған жермен тектес келерін ұқтырады.

Ақынның туған жері Қандық. Сайқұдықтан оңтүстікке қарай тайшаптырым жердегі кәдімгі Қандық. Айнала атшаптырым, шүйгінді шөбі мол, көлдің жиегі. Осы жерде Сағынғали ағамыз дүниеге келген. Талай ғасырларға жалғасқан көшпелі елдің мал жайылымына айналған құнарлы өлке,құтты мекен.Бірақ қазір елсіз.Әр жерде белгі бірер ескі қыстаулардың орыны бір кездерде осында адамдар тұрып мал бағып, күнкөрістің көзін тапқан епсекті қолдың еленер ізін көресің.Ойдым- ойдым терең құдықтардың орны орға айналып, өткеннің өшпеген ізіндей ой салады.

Осында ұқтым алғаш шуақ барын,

Жіңішке жылға барын, бұлақ барын.

Осында, ұқтым алғаш бозғыл үйде,

Жанатын өлеусіреп шырақ барын.

  Осында ұқтым, алғаш аспан барын,

Қар барын, жаңбыр барын- жастан мәлім,

Есіттім тұңғыш рет күн күркірін...

 Аңғардым өмір тану басталғанын,-

деп балаң жырмен жастықтың желкен шағына ой жүгірткен болар баланың, келешекте шырақ боларын бағамдайсың.Өмірдің барлық сырына қанықпай - ақ қанығар жол іздеген қарғадай баланың құлшынысын көресің, талпынысын танисың. 

Қазақ даласында жер-су атаулары халық тілегіне сай тұспалдау, жору, жақсылыққа иек арту сияқты ой мөлшерін байыптайды. Болмаса, кейбір атаулар белгілі бір данагөй ақылмандарды еске салып отырса, кейбірі болған оқиғаларды мәңгілік жадыдан шығармау үшінде ел  есіне сақтаған. «Қандық» – сөзі де «қану», «мейірі қану» дегенді танытады. Әсіресе, шөлдеген мал-жан үшін қанып су ішу  аса қажет және берекелі өңірдің белгісіндей жүрегіңде жатталады. Ақын ойы да осыған келіп тіреледі.

Қандықта талайласым,тағдырласым,

Қалайша жыр маздағын жандырмасын.

«Қандық»деп аталған ол баяғыдан,

Мейілінше ел мерейін қандырғасын!-

деп жері сулы, шүйгінді өңірді танығандықтан тұспалды ойы ел тілегімен төркіндес төгіліп тұр. Сөйтіп, көз жетпес көгілдір аспан астында «Қандық» деген жер барын, оның бойында мейірімді ана көзі мен әкенің алғаусыз ақылы бар деп түсінеміз.

Ақын деген о бастан адамзаттың бәріне бірдей бұйырмаған  жалқы есімі. Ардақты  ат. Қатардағы жаннан оның басым түсер тұсы да осы. Оның сезбесті сезіп, көрместі көрер көріпкелдігі де айқын. Ақиқаты осы. Осы орайда ақынның «Жану керек» деген егіз шумағына көз тоқтаталықшы.

      Көрінгендей  шоғың күллі өңірге,

      Қаулап, лаулап, жану керек өмірде.

      Жану керек, жану керек бықсымай,

      Баяғының көңірсіген көңіндей.

      Жана-жана жету керек мұратқа ,

      Дыбыс –даңқың кетсін тарап жыраққа.

      Жану керек, өз отыңа өртеніп,

      Күлге айналып кетпеу керек бірақ та,-

деген түйінді ойдан нені аңғарамыз? Білген кісіге, мұнда айтылар жай аз емес. Біріншіден, өлең КСРО –ның кезіндегі тәрбиенің қайнар көзі ме деп қаласың. Жастық жігермен еңбек етуге шақыру қай қоғамға да жат емес. Адал еңбек ету де баршаға ортақ жай. Қазіргі Қазақстанның да алға қойған мақсаты осы. Сөйтіп, еңбекте алда болуды лаулап жанумен ұштастырсақ қателеспейміз. Ал сулы ағаштай бықсып жану-жану емес, мұнда жалқаулық, жатыпішерлік, арамтамақтық басым жатқаны анық.Атақ абырой жинау да, осы лаулап жанумен келеді. Бірақ соны көтеріп жүруге де саналы бас, салиқалы ой керек. Атақ абыройдың буына мас болу да кездеспей жүрген жай емес. Сөйтіп, тырнақтап жинаған абыройдың күлге айналмауына кепіл бол. Мұның өзін «белгілі жәй ғой» деп кейінге ысырудың да жөні жоқ. Қай қоғамда да адал еңбектің бәсі биік келеді. Сөйтіп, өлеңнің басты мұраты: қашанда алдыңғы толқында болу, жігеріңді жанып еңбек, оқу өнегесін өзгеге үлгі ету, шынайы еңбектің адал абыройға жеткізетінін паш ету.

Ақынның өзі мойындағандай, кейде адамды қалың ойлар қамап, үрей билеп кететініде рас. Өткен-кеткен еске түседі. Қанша жақсылыққа арқау болғанын, немесе қандай істеріңе өз көңілің толмайды. Бәрі, бәрі көз алдыңа келіп, көңіл түкпірінде қалады. Жақсылығыңа  - қуанасың, жолыңдағы үрейге батыл қамшы сілтейсің.

    Шошымаймын,тұра - сала қашпаймын,

    Дегбірімнен жаңылмаймын, саспаймын,

   Қасқая бір қарап үрей бетіне,

   Қабақ түйіп, қарсы жүре бастаймын.

   Шегінеді сонда ойлар үрейлі,

   Көңілімде көркем жырлар түнейді,

   Қуаныштың өзі бастап, мені әкеп,

   Жақсылықтың жағасына тірейді,-

деп ақын ақтарылып түседі.Өмірден түйгені мол, көргені көп ардагер азамат осылай сөйлесе керек.

Ақынның ақ жүрегінен асып ештеңе айта алмаспыз. Өз ағалары атанған Мұхтар, Сәбит, Ғабит десек, тұстастары Жұбан, Тайыр, Әбділда, өзінен кішілері Мұқағали, Қадыр, Фариза, Тұманбай, Төлеген сияқты тарландардың бірде-біреуін шет көрген жоқ. Аға тұтты, жолдас санады, іні-қарындастарына арқасын сүйеді, алғаусыз ақ тілегін айтты.

                            Ұнайтын Жұмағали Сайын маған,

                            Ұмсына от пен судан тайынбаған.

                            Алымды ақын  еді албырт, адал,

                            Толғанып заман жайын пайымдаған, - 

десе,  Ақұштап жайлы:

                           Ажарын – Ақжайықтың ақтығындай,

                           Мәртебең көтерілді бақ туындай.

                           Көзіне байтақ елдің көрінесің,

                            Қазақтың өлеңінің аққуындай,-

деп шебер шендестіреді. Әдеби-теориялық терминдердің қай-қайсысының да заңына сыйымды, өлеңге қойылар талаптың өлшемін өзгертпестен  өндір ой, кестелі келбет аңғартады. Бұдан басқа қандай суреттеу болсын.

Сағынғали аға дүниеден озса да қашанда саптың ақыны болып қала береді.Оны саптан шығармайтын кейінгіге қалған мұралары –өлеңдері мен дастандары, топтамалары мен балладалары. Ол Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысқан адам. Отты жылдардағы өлеңдерінің өзі рухани дүниеміздің бағалы байлығына айналды. Мұның өзін бөлек әңгіме еткен абзал. Жастық жалынын  Отан соғысына арнаған жанның  айтары да аз емес. Ақынның өзі айтқандай :

Еңбегімді елім менің елейді,

Өлеңімді –өнерімді жебейді.

Жастар түгіл жасы үлкеннің өзі де,

Сәке дейді,Сағынғали демейді.-

деп өз бағасына өзі қол қояды. Міне, бәріміздің де ойымыздағы ортақ ода, жерлесімізге деген ақ адал алғысымыз осылай өз өлеңінде көрініс табады. 

Әдебиет саласында тұтастай 65 жыл еңбек етіп, оның қатардағы солдатынан абырой биігіндегі адмиралына дейінгі баспалдақтан өтіп, елім, Отаным деген жүрегі қашанда халқымен бірге, елімен етектес болды. Ақын –мәңгілік тұлға, таусылмас қазына. Демек, жақсылыққа сүйенетін де сол.

Тілес ЖАЗЫҚБАЙ,

Қазақстан Журналистер  одағының мүшесі 

Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы

Бөлісу:

Көп оқылғандар