Тыныштықбек аңқымасы
Бөлісу:
***
Балконым.
Мұнда өзіме де беймәлім бір қуат бар, алқоңыр.
Сонсоң, жаттығуға қажетті қолтемір.
Құтыда өсіп тұрған қалампыр мен усойқы.
Бірін бірі жұпарласқан мәрт өмір.
Осы жерден ерен қызарып көрінеді ертеңім.
Ертеңім дегенім – қара сөзден сырт ұғым.
Түн баласының шығысқа көшіп бұлты мың,
таң атады.
Сонда, санаған сайын қып-қызыл Күннің кірпігін,
гүлге де сыйынам, нұр түгіл!
Ондайда,
жапырақтанғаныңды да сезініп,
ойланып алуға болады терекше.
Кейбір Ойларым бәйтерекке де айналар еді,
қара топыраққа пері ексе.
Қағаз жәшікте - немерелерімнің ойыншақтары, керексе...
Бәрінен бұрын,
осы жерде
адамдардың төбесінен мейірлене қарап тұрамын.
Ой-й, ол раһат тіптен ерекше!
Көкжиекте – таулар, дүр мүсін.
Бақылаймын шәрдің тұрмысын.
Қырсыққандағы Кійем – кірпі шын.
Ы…
***
Ой – Періште.
Көмейім құр ғана қайталайды оның сыбырын.
Солай өтіп барады ғұмырым.
Ғұмыр дегеннің өзі де –
– көппен бірге о Дүниеге қарай шұбыру.
Ойдың сыбыры да – аңқыр тым.
Жұпарын елге жеткізе алмай, қырық жыл қаңғырдым.
Бір ұстап көрсем ғой, шіркін:
тәнімді кеміріп,
Сөз гауһарларын жарататын Жан құртын!
Дегенмен,
бұ Дүниенің жалғандықтарынан да безінбей,
Періште екенімді сезіп қалам өзім де:
Сөз гауһарларымен бұлт жөңкілтіп, жұрт жайлатқан кезімде!..
18 желтоқсан. 2016 ж.
АВТОПОРТРЕТ
Қаңтар және сылқым орман, бұраң бел,
Қасы-көзін сүрмелейді қыраумен.
Анау – Ертіс, мұздан байрақ көтерген.
Жағасында оқшырайған мынау – Мен!..
Бұл қияңқың, бурадайын қағынған,
Тәңірі мен Күнге ғана бағынған.
Елі бұрын әрең шыққан қан жұтып
Бейқұдайлық қызылала сағымнан....
Отыр енді одырайтып тізесін.
Бір Сөзінен он жау сұлар кісі – осы.
Туғанынан бар меншігі –
Есі мен
Тек он екі мүшесі.
Ата Жолын алтынжақты, арбалы,
Ата Мекен – абыройын,
Арманын...
Бәрін – кеше тапап кетті ашкөздер...
Ауа ғана – қалғаны.
Ауа ғана…
Оның өзі сасыған.
Қайран Дала!.. бала кезгі жасыл Ән!..
Отыр енді тікен шашып жан-жаққа
Тікірейген шашынан.
Осы сорлы өзіне өзі – жау шығар?
Осылайша, бәлкім, ертең таусылар?
Алдаспандай күрсінісі
Аязға…
***
Әлі есімде...
Түн.
Жұлдыздар.
Көңіл нілін мұң шайып...
Ернеуінен нұр төгілтер, Ай кемесі қисайып.
Қарсы алдымда бір сұлу қыз.
Тұңғиық-көз, шөл-ерін..
Сезімінің жұпар иісі аңсатады пері елін.
Шара-аяқта – шамшыл қымыз.
Сапырылып сары жыны..
Түн құсындай бадырақ сөз – жарқ-жұрқ еткен қалжыңым.
Сыңқ-сыңқ күлкі... гүлді көйлек... етегі сәл түріліп...
Сайтанымды қоздырады шегірткелер шырылы!..
Сәл әріде – қамысты көл.
Ол да ұмытқан ұйқыны.
Бұрын қалай аңғармағам бақа үнінің сүйкімін!
Қыз демінің қуатынан құмар майы езіле...
Кіндігінің бүлк еткенін оқып қойғам көзінен!
Әппақ тістер... жалт-жұлт жұлдыз...
Сүйкімді иек, шөл-ерін...
Жұпар барда,
Құшақ барда,
Сүйіс барда, - жоқ өлім!
Ми ішіне от үрлеген жұлын ғана – қауіпті!
Ай кемесі... өз жолынан ол кетті ме ауытқып?..
Түйсігімнің түкпірінде күрметіліп Ар тілі...
Саусақұшы сәулелерім қыз төсіне тартылып!..
... Өлең-шөптің қытығынан ояндық біз бесінде.
Опындым ба?
Өкінді ме ол?..
Сол ғана жоқ есімде.
2018 жыл. 4 ақпан.
***
Жаз шіркінің былтырғыдай нөсерлі.
Не көңілшек, не жылауық, не шерлі...
Келе жатам малмандай боп көшеде,
әлдекімдер ақымақ па десе де.
Күн күркірі күншілікті кезуде.
Баяғыда сөнген шылым – езуде.
Қолшатырым – қара қалпақ Бастағы.
Қайық қылып, Ертіске оны тастадым.
Хаққа дейін жете алатын ғұмыр ем,
сипай білсем кемпірқосақ түгінен.
Жоғалатын сияқтымын биыл мен,
тәнді қоса шешіп тастап киіммен.
Қожайын мен малай болып қырқысқан,
қашып шыққам бейқоғамдық тұрмыстан.
Сапардамын.
Ес шарабы – мұң деген.
Күн қақпасын нажағайлар сілтеген.
Қос өкпемнен сыртқа азынап жел суық...
Қара нөсер – көңілімнің көншуі.
Бұ Дүниенің байы да – мен, кедейі...
Бара жатам малмандай боп әдейі.
Қандай раһат – еңірегенім де байқалмай!..
Көкке қарай қол созамын, айқайлай!
Жұмақтағы жолығар ем пірге өңшең,
бір жай отын ұстай алып үлгерсем!..
Бөлісу: