Шәмші
Бөлісу:
Не нәрсені болсын, басқа қырынан бағамдағанға жетер дүние жоқ қой. Абайдың «...Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та жолға сал» ескертпесі көптің көне көзқарас пен ескі танымнан бір танбайтын кертартпа ғадетіне қатысты айтылса керек. Сол көп айтатын көне көзқарастың бірі Шәмші Қалдаяқовқа тиесілі. Жұрт әйгілі композиторды бір ауыздан «вальс королі» дейді. Біз бұл пікірмен басыбайлы келіспес едік. Неге келіспейміз, енді соның себебіне келейік.
I
Байырғы қазақ музыкасының негізгі қоры мен ішкі мазмұны көңілді (мажорлы) әуезден гөрі минорлы музыка табиғатына тән. Мұның басты себебі халқымыздың көзінен жас, көкірегінен қайғы сейілмеген кешегі кермек тағдырымен де ұштасып жатқандығы болса керек. Бір дүние анық. Қазақтың милитаристік (жауынгер, асқақ рухты) музыкасы әуеннен гөрі оның сөзіне көбірек қатысты. Қайталап айтайық, қазақ әнінің минорлы табиғатына қарап, қайғылы екен деп бірден бәтуә шығармас бұрын, оның ең әуелі сөзіне үңіліп көру керек. Себебі рух пен намыстың бәрі сол поэтикалық мәтінде ғана жасырынып жатады. Қазақ өлеңі астар мен тұспал тәсіліне бай. Қазақтың қандай әзіл-қалжыңды болсын астарлап айтатыны, әм сөзге тоқтайтын ең басты қасиеті де осы болса керек.
Бір өкініштісі, әлгі ән мәтіндеріне ұялаған осы бір емеурін мен тұспал, ілкідегі аспанға шапшыған асау рух кешегі кер заманда кеңестік цензураның өткір қайшысына түсті. Ал арғы тағдыры адам танымастай өзгеріске ұшырады. Аяулы Ақаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) «Елде жоқ рух ақын сөзіне қайдан келсін» деп отырғаны да осы емес пе?
Осылайша төрт тарабы түгел күзеліп, рухы жойылған әлгі ән мәтіндерімен бірге біздің кеудемізге үрей, денемізге діріл енді. Себебі сөз – ұлттың өзі, әмсе рухы мен намысы-тұғын. Ұлттың үрей буған сүреңсіз халі осы бір оталған мүгедек сөздер жүлгесімен біртіндеп жүзеге асырыла берді. Нәтижесінде бөстекі сөздің негізінде мүгедек таным пайда болды.
Әрине, қисапсыз қидаланып, адам танымастай ахуалға ұшыраған мұндай әндеріміздің ащы тағдырын айтып тауысуға ешқандай да сөз жетпейді. Сол өзгеріске түсіп, сөзі оталған әннің бірі «Сәулем-ай» әні-тұғын.
Аяғыма кигенім
Былғары етік, сәулем-ай,
Аяғымнан барады
Ызғар өтіп, сәулем-ай.
Жақсы болсаң келерсің,
Судан өтіп өтіп, сәулем-ай,
Жаман болсаң кетерсің,
Суға батып, сәулем-ай.
Бұл – біздер айтып жүрген бүгінгі нұсқа. Ал байырғы нұсқасы қалай болды екен?
Беліңдегі ақ семсер
Қиғыр болсын, сәулем-ай,
Көңілдегі әуезің
Шиғыр болсын, сәулем-ай.
Сақи болсаң келерсің
Қаннан өтіп, сәулем-ай,
Бақи болсаң қаларсың
Қанға батып, сәулем-ай.
Ән сөзінің бастапқы төл нұсқасына қарап, бұл әннің тым байырғы екендігін бағамдап отырмыз. Бұл баяғы жаугершілік заманда жауға аттанып бара жатқан жігіттеріне ару қыздарының қимай-қимай қоштасқанда айтатын арзу әні екенін өнертанушы, Таласбек Әсемқұлов кезінде сан мәрте баспасөз беттерінде жазған еді.
Ал енді екі мәтінді өзара салыстырып көрейікші. Бірінші мәтін қос аяғынан ызғар өткен жаяу жанның мүшкіл халіндей тым жұпыны болса, екіншісі ат үстінде шіренген адамның алапатындай тым асқақ. Әрине, екі мәтінді еш салыстыруға келмейді. Салыстырмақ тұрмақ, советтік соңғы нұсқасын өлең деп айтуға аузың бармайды. Қашанда азат ой асқақ рухтан ғана таған тартады емес пе? Ой ойдан суат алады дейтініміз де сол. Өлеңнің соңғы жолындағы «САҚИ БОЛСАҢ, КЕЛЕРСІҢ ҚАННАН ӨТІП, БАҚИ БОЛСАҢ, ҚАЛАРСЫҢ ҚАНҒА БАТЫП» деген ұлы тәуекел ұғымы, кешегі алаш әскерінің де ұрыс алдындағы рухын тіктеген «Әскері әні» ретінде араға ғасырлар салып қайта оралған қастерлі ұраны еді. Бұл ұран алаштың ардақтап төбесіне көтерген ақ туы мен шаһиттің ең соңғы шәһәдәтіне пар қағидасы еді. Алаштың «...Біздерге сөз бе екен, Жауыңның көп, азы. ӨЛСЕК, ХАҚ ШАҺИТПІЗ, ӨЛМЕСЕК, БІЗ ҒАЗЫ» тәуекелі байырғы екі жол ғазалдың жиырмасыншы ғасырда қайта маздаған алауы екендігі даусыз. Бұл жердегі «шаһит» ұғымына кеңінен тоқталып, түсіндірме беріп жатудың қажеті шамалы дейміз. Себебі бәрімізге бес саусағымыздай белгілі жайт. Ал «өлмесек, біз ғазы» ұғымын бүгінгі өлшем тезіне салып бағамдар болсақ, «майдан даласынан аман-есен оралсақ, ең болмағанда соғыс ардагері (ғазы) ретінде ел алдында қадіріміз болады» дегені емес пе еді?
II
Сонымен әлгі күзелген сөздердің сүреңсіз үрейі құлдық пен қорқақтық қамытын мойнымызға күн салып кигізе берді.
Бұдан кейінгі жауынгерлік рухтың жігері мен намысы тек кеңес әскерінің негізінде ғана тәпсірленіп, ол ең басты күн тәртібіне шықты. Таңнан қара кешке дейін керзі етікпен жер тепкілеген совет сарбазының марштық екпінге толы жасанды әуендері «Отандық рух», «патриоттық әуен» ретінде санамызға сәт салып сіңіріле берді. Сөйтіп, советтік сана ұлттық (қазақы) санадан әлдеқайда артық, әлдеқайда пәрменді насихатқа түсті. Қызық...
Адам аярлық пен алданудың нендей үлгісін болсын толассыз үйреніп, кейін ол көнбістік пен самарқаулық әдетіне ұласып, не нәрсені болсын шикі етіміз бір шімірікпестен қабылдай береді екен. Сол алданған дүниеміздің бірі есту мен қорыту түйсігіміз еді. Әлгі жалаң ұранға жапсырылған жадағай сөздермен бірге дәстүрлі дыбыстың да интонациялық ережелері бұзылып, төл музыкамыздың ладтық құрылымы адам танымастай ахуалға ұшырады. Өстіп өрескел деградацияға ұшыраған есту мен қорыту қабілетіміз не нәрсенің болсын шын нарқын ажыратудан қалды. Міне, біздердің Шәмші Қалдаяқовты «вальс короліне» балап, қиғаш кетіп отырғанымыздың да себебі осы-тұғын. Осы орайда советтік жасанды динамика мен желбуаз екпінге толы отандық әм патриоттық әуендер жайында сөз шығындадық қой. Бұл жайында да бірер сөз бедерлей кетейін. Кешегі кеңестік «Родина- мать» түсінігінен тамыр тартқан (қазақы) «Отан-ана» ұғымы да осы төңіректегі әңгіменің бірі-тұғын. Отанды советтік билік жиынтық ана бейнесінде насихаттағанымен, бәрібір сол талпыныстары Шәмші Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр» әнімен бір шендесе алмай-ақ қойды. Жарайды, аталған әннің Отанға, оның ішінде ұлттық патриотизмге еш қатысы жоқ дегеніңізбен, оның АНАҒА арналғаны айдан анық қой. Бұл ешқандай да кекету мен мұқату емес. «Отан –Ана» мемориал монументіндегі қос қолымен кесе ұсынған кейуананың сол бір ескерткіші бүгін болмаса да күн ертең көнеріп құлары айдан анық қой, бірақ құдайшылығыңызды айтыңызшы, анаға қойылған Қалдаяқов туындысының адам көкірегінен құлауы еш мүмкін бе?
«...Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» девизі – ананы аспанға көтеру мен ардақтаудың баға жетпес өлшемі. Бұл әуенде анасын Меккеге жеті рет арқалап апарған перзент парызынан да артық өре мен өлшем биігі бар. Әрине, негізгі түйін – ананың ақ сүтінің нарқына жету. Мұны енді жаныңа жарық түсірген рухты өлең, парасатты әуен деп мойындамай көріңізші...
Ал Қалдаяқовтың бұратана халықты басынудың әпербақан әрекеті әлі де сейілмеген 1956 жылдардың өтінде жазылған «Менің Қазақстаным» әні жайлы әңгіме тіптен бөлек. Мана қазақ өлеңі небір шетін жайларды астарлап қана айтады дедік қой. Ғажайып сазгердің ет жүрегін шабақтап «Менің Қазақстаным» дегені, «МЕНІҢ ЕРКІНДІГІМ», «МЕНІҢ АЗАТТЫҒЫМ» дегені емес пе еді?
Біз жоғарыдағы «Сәулем-ай» әнін жайдан-жай дерекке тартып отырған жоқпыз. Ән де адам ғұмыры іспетті. Ол да бақи мен сақи өткелінің бірінен өтеді. Бақсақ, байырғы «Сәулем-ай» әнінің өн бойында тепсінген алапат рух пен ұлы тәуекел біржола жойылып кетпеген екен.
Ол «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған, Азаттық жолында ар үшін қиған жан» бұлқынысымен бірде Қайым Мұхамедханов қаламынан өлең өрнегімен бой көтерсе, бірде Қалдаяқов жүрегінен әуен сазымен қайыра менмұндалап бой көтерген екен. Құдайым-ау, сонда Қалдаяқов қалайша «вальс королі» болмақ. Ол, ең әуелі, еркіндік пен азаттық жыршысы. Бұл сөзіме бұлтартпас бір ғана дәлел келтірейін.
1986 жылы империялық темір құрсауды шайқап, алаңда теңіздей толқыған мыңдаған қазақ жастарының аузында тек осы ән ғана шырқалды емес пе? Тәуелсіздіктен кейін, өкінішке қарай, еліміздің отыз жылдық жылнамасында ордалы жыландай болған плутократия саясатына ішкі қарсылықтан туған, кешегі қаңтар оқиғасында да исі қазақты атқа қондырған осы ән емес пе еді? Неге ел мен жерді ерекше жырлап, оның келешегіне қызмет еткені үшін шен мен шекпенге малынған өзге сазгерлерінің әуендері өзегімізге рух пен жігер боп құйылып, қысылтаяң сәтте есімізге еш түспей қалды? Мұның жауабы дайын. Сол шіркіндердің көбі өнерді, қала берді әдебиетті тек «сауын сиыр» деп түсінетіндігі болса керек.
«Менің Қазақстаным», сөз жоқ, құдіретті әуен. Қалай десек те Қалдаяқов –қазақтың азаттық марсельезасының авторы. Ол «вальс королі» емес, керісінше еркіндік патшасы. Осы қалақтай ғана қара шал азаттық әнінің авторы ретінде ұлт тарихының парағында мәңгілікке бәдізделіп қалды десек, еш артық айтқандығымыз емес.
Жел тынық, мамыражай күні көбіміз батыр, көбіміз зиялымыз ғой. Кешегі қанды қаңтарда жастардың жел жағына шығып, ықтасын болған ел ағалары көп болмағанымен, есесіне алаңда Шәмшінің әні жүрді. Жастар осы әннен қуат алып, осы ән арқылы рухын жаныды. Бұл да, бір жағынан, әділет пен шындықты жақтап, Шәмшінің алаңға шығып, ақырып теңдік сұрағаны емес пе еді?
«Менің Қазақстаным» – тірінің от пен оққа да еш қорықпай кіретін ұраны болса, шәйіттің ең соңғы кәлимәсі сынды. Сол қатыгез оқтан мерт болған кез келген боздақтың ақтық сөзі мен ақырғы демінің «Менің Қазақстаным» болып үзілгеніне зәредей де шүбәміз жоқ...
Ақыры алаң дедік...
Авторитаризм меңдеген қоғам үшін алаң мен көше адамның бақи мен сақи таңдауының біріне айналады. Мұны бейне бір от ойнаған майдан шебіне де баласа болады. Томас Жефферсон «Әділетсіздік заңға айналған кезде билікке қарсы көтерілу, сөзсіз, парыз болады» дейді.
Алаң – бұл да адам ұяты мен ұжданына түскен ұлы сынақтың бірі. Әркім сол ұлы сынақтан қалай өтуді тек өзі ғана шешеді. Ең өкініштісі, бұл жерде (алаңда) кімнің бақи болып қанға бататынын, кімнің сахи болып есен ораларын ешкім де білмейді.
Бір білеріміз, өнер әбілхаят суына пар. Өнер – өлместің мәңгілік суы. Шәмші – сол суды сарқып ішіп, ардагер рухына өшпес бостандық сыйлаған айрықша тұлға. Енді ол бостандықты Шәмші Қалдаяқовтан қай құдайдың, қандай пайғамбардың болсын тартып алуына ешбір құзыреті жүрмейді.
Автор: Ықылас Ожайұлы
Бөлісу: