Қытайдағы этникалық орыстардың өмірі

Бөлісу:

20.08.2023 1159

Жазушы Мағаз Разданұлының «Көкирім шүңеті тіл қатады» хикаяты бойынша

Осыдан біраз жыл бұрын әлеуметтік желіде Қытайда тұратын этникалық орыстардың тіршілігін бейнелейтін шағын ғана видео материал тарады. Жұрт ондағы орыстардың қазақша мүлтіксіз сөйлегеніне тамсанып, «бәрекелді!» деп қол соғып жатты. Ол бейнежазба Шынжаң ұлттық телеарнасы түсірген хабардың үзіндісі еді. Сонда сөйлеп, бір-бірін таныстырып тұрған орыс әйелдерінің аты орыс демесең заты баяғыда қазақ болып кеткенін байқайсың. Олар орыстың ұлттық тағамы блина (блины) пісіріп жатады. Олардың сөйлеу мәнері, тұрмыс-тіршілігі, тұтас болмысы таза Қытайдағы қазақтардың бітіміне тартып кеткені көрініп-ақ тұр. Оларды қарапайым өмірде қазақтың қой көзді, бидай өңді қыздарынан ажыратып алу тым қиын. Бала кезімізде үлкендерден «пәленпайдың шешесі орыс қызы емес пе, түгенпайдың атасы орыс еді ғой» - деп отыратын әңгімелерін құлағымыз шалып қалатын. Тіпті немерелерін үйіріп, айран-сүтін әзірлеп, құрт жайып жүретін бес биенің сабасындай әжелерімізді де көрдік. Олардың жөн-жосығын, ата-тегін білетін үлкендер жағы болмаса, былайғы жұрт орыс деп ешуақытта ойламайтын. Бұрынғы Сәрсүмбе, қазіргі Алтай қаласында әлі күнге дейін орыс көшесі деп аталатын ескі тарихи көшелер бар. Тіпті Қытай қазақтары арасында дыбысталу жағынан әбден қазақы мәнерге сіңіп кеткен орысша сөздер де молынан кезігеді. Өзіміз тұратын Ибән деген шағын ауылдың аты қытайша ма екен деп ойлап жүретінмін. Бірақ айналасында бірде бір қытайша аталатын елдімекен жоқ. Бұл жалғыз өзі неғып «Ибән» болып қалды екен деп таң-тамаша болатынмын. Сөйтсем, бұл ертеде Иван деген мұжықтың қонысы болған екен. Суы мол, шөбі шүйгін, топырағы құнарлы алқапты, жер емген орыстар жайлай қалатын әдеті ғой. Осындай ел іші, тұрмыс-тіршілігімен байланысатын орыстарға қатысты мәліметтер көп кезігетін. Кейінірек әртүрлі көркем әдебиеттер мен тарихи шығармаларды оқи бастағанда, кейбір дүниелердің мән-жайын түсінгендей болдық. Қытайдағы қазақтар мекен еткен атырап Алтай, Іле, Тарбағатай сынды құтты қоныстарға орыс жұртының ағылыуының тарихи һәм саяси астары тереңде жатыр екен. Сондай сүбелі туындылардың бірі – жазушы Мағаз Разданұлының «Көкирім шүңеті тіл қатады» атты тарихи хикаяты болатын. Енді осы хикаят негізінде Қытайдағы орыстардың тағдырын тілге тиек етіп көрелік. 

Мағаз Разданұлы 1924 жылы Алтай аймағы Буырыш ауданында дүниеге келген. Шынжаң қазақ әдебиетінің негізін салып, өркендетуші қаламгерлердің бірі. Ақын, жазушы, драматург. «Асулар толғауы», «Уақытқа жауап» жыр жинақтары мен «Сарыбел» өлең-романы, «Ата заман сөйлейді» атты әңгіме-повестер жинағы, «Алтайдың ақиықтары» сынды тарихи романы жарық көрген. Өкініштісі жирма жылдық ғұмыры Қытайдың «Мәдениет революциясы» кезінде Тарымның құмды даласында айдаумен өтті. Ең сүбелі, сүйекті туындылар жазатын жалынды, қажырлы, қуатты шағы Қытайдың солақай саясатының кесірінен қуғын-сүргінде өтті. Біз сөз еткелі отырған «Көкирім шүңеті тіл қатады» повесті, өткен ғасырдың сексенінші жылдардың орта тұсында жазылса керек. Осы шығарманың басталар тұсында Алтай бетіне орыстардың алғаш келе бастағаны суреттеледі. Осы бір шығарманың кіріспесінен-ақ, сол кездің тарихи аурасын толық сезінуге болады. Әрине, шығарманың тұтас сүйегі терең тарихи танымдарға көмілгенімен, сюжеті, уақиғасы өмірдің өзіндей нәрлі һәм шынайы. Сол шынай суреттеулердің негізінде біз сол кезеңнің келбетін анық көре аламыз. Әуелі хикаяттың кіріспесінен үзінді келтірейік. 

«Ол кезде орыс атаулы бұл өңірге айдан түскен адамдай таңсық еді. Ауылдың қаужаңдаған кәрісі де, еріккен боз баласы да, былайша айтқанда, жаңа затқа жаны құмар ер-әйелдері қоңырқай көзді, иірілген ұзын бойлы, бетінде қорасан дағы бар осы біз бұрын көрмеген пендені тамашалап, мәре-сәре болды да қалды.

- Ау, сен қайдан жүрген жансың?

- Мен Руссиялық, Шар патшаның адамы.

- Сен Ақпатшаның сүйген құлы болсаң Қытай жерінде тентіреп нең бар?

- Байеке, сондай болды, - орман қорғаушы бір адам жоғалсын, жандармдар менен көрсін, сонсоң мен қашу керек болды. Міне сенің үйіңе келдім. Осы ғана.

- Ей, бар шының осы ғана ма?

- Құдай біледі, сәпсим шын.

- Сағыздай созылған бірдеме көрінеді, сұмдығын қойнына тығып жүрген қудың өзі болмасын, - деді қағылезсінген біреуі.

- Сағың-ай осы сенің, сұмдығын қойнына тықпақ тұр ғой, теңдеп келсе де мынаның қолынан не өнеді.

- Мұртын неге баспайды екен өзі?!.

- Мұртын баспағанымен, құдайын аузына алып отыр ғой. 

- Е, құдай дейтіндей мұның құдайы қай құдай ғой дейсің, баяғы сол... оның сөзін:

- Мұрты демекші насыбай ата ма екен, соны сұраңдаршы өзінен,- деді танауы қаңси қалған біреу бұзып жіберді.

- Үш шилеп басқан бір кесек киіз сыңар аяғына үпі-тапы байпақ шығатын шығар мынаның? – деп күле сөйледі өз күйеуінің аяғының үлкендігіне иығын көтере жүретін бір әйел. Григорийдің ұп-ұзын, жіп-жіңішке сирағының басына біткен аяқ шынында жылқының басы сияқты үлкен әрі ұсқынсыз болатын. 

- Қарсы алдынан қарағанда, бозамық көзінен басқасының бәрі былшық қой өзінің.

- Ондай болса, адыра қалғырды қарсы қаратпай-ақ ту сыртынан көре бер, – деді тіл мен жағына сүйенген тағы бір мосқалдау бәйбіше. 

- Ау, мұндай неменің етік тігетін өнері бар шығар?

- Иә-ау деген, кәпірің таға-шегеде соғып жіберіп жүрмесін әлі.

- Орыс болса балтаның жөнін де жақсы білетін шығар.

- Ондай іскерлігі болса, құдайдың бергені ғой.

- Мә! Мекалайдың кәрлен шынысы мен шойын қазанын осы құяды деген».

Міне шығарма басталардағы осы диалогтар Алтай бетіне орыстардың алғаш қалай келе бастағанын, қытайдағы қазақтар оларды қалай таңсық көргенінен дерек береді. ХІХ ғасырдың басында Алтай бетіне алғаш аяқ басқан бұл кезбе орыстың ныспысы – Григорий Апанасов. Оның Григорий есімі көп өтпей ел ішінде «Күркірей» болып шыға келді. Қыр жайлаған қазақ баласы, оны қашанғы Григорий деп әлпештеп отырсын. Ауылдағы Сайболат деген ұстаның көмекшісі болып көрігінің қасынан табылып жүреді. Жүре-жүре жалғыз басты, жалаң аяқ Күркірей тілгеде жетіліп, жұрттың жай-жапсарын түсініп, ел ішіне сіңе бастайды. Күзге салым өзі түскен ауылдың иесі Бұршақбайға жалынып жүріп ауыл шетіндегі жартастың түбіндегі бастаудан қоңсы теуіп, жеке үй тігеді. Яғни, кәдімгі жеркепе. Азын-аулақ шаруашылығын қамдап, өз қамын өзі көруге кіріседі. Сонымен бұл бастау жылға жетпей «Күркірейдің көк тұмасы» атанып та кетеді. Бұршақбайдың тон баласы болып алған Григорий көп өтпей огоротық жер де алады. Сөйтіп әжептәуір аумақты қоршап, картоп, сәбіз, қияр сынды бұл ауылға таңсық неше түрлі дақылдарды еге бастайды. Сөйтіп ел-жұртты аң-таң қылып Күркірейдің жотасы күдірейіп шыға келеді. Көп өтпей оның кішкентай жеркепесі кеңіп, бір күндері бір Күркірей емес, бірнеше адам кіріп-шығып жүрді. Енді олар әжептәуір отбасы болып қалды. Сөйтсе, шұрайлы жер, мейірлі ел бар деп Григорийдың артынан жақын туыстары да келе бастаған. Сөйтіп қорандалы семия болып қалған екен. Бұл кезде арада он жыл шамасында уақыт өткен. Бір күні Күркірей қасында өз ағайыны бар Бұршақбайдан тағы да астық салатын жер сұрай келеді. Сондағы ауыл иесі, ел ағасы Бұршақбай мен кірме орыс Күркірей, яғни Григорий Апанасов арасындағы диалог шығармада былай өрбиді. Осы екеу ара әңгімеден сол кездегі тарихи шындықтың сәл де болса бетін ашып көруге болады. 

«Осыдан бірнеше жыл бұрын жанында қылаң іліне бастаған тықпа сақал қып-қызыл біреу бар Күркірей тағы да Бұршақбайға келіп:

- Байеке, біз сенің қол астыңа қарайтын бірнеше семия болдық. Сонымен тату көрші болып жасап келеміз. Сен көріп отырсың, бізде жер жоқ, сенде жер көп. Бізге мына Қызылқайыңнан бірнеше гектар жер майлап бер. Анау Көкбайдан да Шөлге астық салайық, оған да май ал. Біздің жерде де сондай жері көп қожайындар мұжықтарға жерін майға береді. Сонда мұжықтарға да пайда, қожайынға да пайда. Байеке, сен де сондай істе. Біз бай болсақ, сен де бай боласың. Сәпсим кедей жоқ, адамдардың бәрі бай болса, қандай жақсы! – деген. 

- Ау, Күркірей, жер бар ғой, бәрі құдайдың жері. Көңілі дұрыс болса, жер табылады. Сен оны қоя тұрып, алдымен мынаны айтшы бізге. Сенің соқа басың бізге келіп сіңгеніне он жыл болды. Содан бері сенің маңайыңа келгендерде бірнеше түтінге жетті. Сен ғой «патшаның заңынан қорқып келдім» дедің. Ал, мыналарға не көрінді? Өз жерлерінде отыра бермей мекендерінен ауып, бұл жаққа неге келді? Жамбастарының астынан су шықты ма? Мынауыңның атын кім деп едің?

- Ефим Сорокович

- Ау, Ефим, сендер осы шындарыңды бір айтыңдаршы?– деген. Сонда:

- Байеке, - деп жауап берген Ефим, - құдай өтірік айтатын тағы бір ауыз жаратқан жоқ. Сол бір ауызбен бар шынды айтса болады. Сен бастық кісі. Бар адамға айта бермейтін сөзді саған айтсақ сен сенесің, сонсоң өзіңнің көңіліңде сақтай білесің. Қазір біздің жерде құдайды боқтайтын, Інжілді тебетін, патшаны өлтіруді ойлайтын адамдар көбейді. Сендер білмейтін алыс жерде – анау патша тұрған жердің ар жағында Россияға, Россиямен тату елдерге қарсы соғыс болып жатыр. Немене, соған әскер алатын керек, ат керек, азық керек, ақша керек, заман жаман болды. Адамдар аштан өліп жатыр. Байеке, сен ойлап көрсеңші, кім өзінің туған жерін тастап сергелдең болғысы келеді. Құдайдың басқа салғанын мына мойынмен көтеру керек. Бізді ешкім Қытай жеріне саяхатқа жіберген жоқ. Жанды алып қашып, қатын-баланы бағуды ойлаған жұмыс. 

Өзінше тәрбие көрген, өз кезінде «менмен» өскен Россияның осы мәдениетті сергелдеңінің жанарына жас іркіле қалды. Ефим еріксіз іркілген жасты қарсысындағы «топас» қазақтың алдында төге салудан намыстанып қанша жасырғысы келседе екі орыстың жүзіндегі құбылыстан жүрегіндегісін білгісі келіп қалт жібермей бағып отырған Бұршақбай, заманында кісі болған Ефимді анық таныды және оған жаны ашып кетті. 

- Елдеріңнің басына жаман күн туып жатса, туысқандарың аштан өліп, аурудан қырылып жатса, сендер бұлармен бірге көрмей, туысқандарыңа көмек қылмай, бұл жаққа бас амандап қашып кеткендерің не қылғандарың?- деді. 

Малмен бірге көшіп-қонып жүрген, малдың аз-ақ алдындағы қазақ мұндай сұрақ қояды деген ой Ефимнің басына кіріп шықпаған еді. Сондықтан ол зорлана езу тартты да:

- Бәрібір біреуге көмектесу қолдан келмейтін болғандықтан, әркім өзі өлмейтінді ойлау керек. Бәрі бір-ақ өлгенше, бірнешеуі аман қалсын. Рас емес пе, байеке?

- Рас-рас... - деген Бұршақбай тағы да ұзақ ойға кетті. «Алғаш келген жалғызды шаңын шығармай-ақ пайдалана беруімізге болар» деп маңдайынан сипап едік, «туғанда алтау болған шіркін өле-өле жетеу болып», мінекей, орыстың саны онға жетті. Жүзге жетседе Қобда асып кеткен ханкелдімдей4 болар ма? Ары кет» деп атын басқа сабағаныммен жұтаған еліктей ауған орыс тоқтар ма? Мұндай лаңды тоқтату менің қолымнан келер ме? Заманы құрғыр шынында не болып барады? «Ана таз, мына таз» деп жүріп, біздің ел Еженханның5 інінің түбіне су құйып еді. Бұларда сүйтпек-ау тегі. Мекалайдың көпшігінің астынада су кірген болды ғой... мырс етіп қалды Бұршақбай.

- Ау, Ефим, сонда сенше біздің жер жақсы жер болғаны ма?

- Сенің жердің топырағы құнарлы, жаушылығы жоқ, тыныш, жақсы жер.

- Ондай болса, сендер осындай жаушылығы жоқ, тыныш жерге неге ылғи мылтық көтеріп келесіңдер, әлде біреуді өлтіруді ойлайсыңдар ма?

Бұршақбайдың мына сұрауы Ефимге күзгі жусауда жатқан қоңыр киіктің күзетте тұрған ала текесінің пыс еткен секемшіл дыбысындай сезілді. Сондықтан ол «жер сұрай келіп, үркітіп алдым ба»  – деп опығып қалды да:

- Мылтық адам өлтіру үшін ғана керек деп ойлайсыз ба, байеке? Жерден ауған адамға аңшылық қылып жан бағуға тіпті керек емес пе, – деп жайма-шуақтата берді. 

Жергілікті адамдардың қалай ойлайтынын ұғып болған шығар дегенді іштей мөлшерлеген Бұршақбай:

- Иә, солай болса, солайда болар, – дей салды.

Сонан соң насыбай шақшасын ұстай отырып орыстарға мына жауапты қайырды:

- Сендер бір патшалықтың жерінен екінші патшалықтың жеріне келіп отырсыңдар. Бұған сендердің елдерің не дейді? Біздің еліміз не дейді? Оны сендер білмейсіңдер. Мен де білмеймін. Ол үкіметтің ісі. Күркірей сен алғаш келгенде, мен айтқанмын, сондағы айтқаным айтқан: тату-тәтті, тыныш отырып адал кәсіп қылсаңдар жер табылады. Бізгеде пайдаларың тиюі мүмкін. Кездеп жер бөліп беріп, кертөбеліңді майға алар жайым жоқ. Әр біреудің иеленген шаппалығы, әр рудың қонысы бар. Өзара елдесіп, шығысып, сиысып отыра берсеңдер қойыңдар демеспіз».

Сол тарихи кезеңнің, орыс жұрты мен Алтайдағы тарпаң қазақтың алғаш ұштасуы, тұңғыш рет қоңсы отыруы, «бұратана» халықтың биі, өзін өркениетті санайтын жұрттың саяқ баласын кіріптар етуі, оның далалық мінезімен жарылқауы шығармада осылай кестелі тіл, боямасыз сурет, шынайы кейіпте суреттеледі. Бұл архивте жатқан шаң басқан құжат емес, өмірдің жарқын келбеті. Осы арқылы біз Алтай асып, Қытайдағы қазақ ауылдарын мекендеп, ел ішіне біртіндеп сіңе бастаған орыс жұртының алғашқы қадамдарын сезінеміз. Қытай қазақтарының мәрттігі, жерінің жұмаққа бергісіз келбеті келімсек орыстарға аса ұнағанын аңдаймыз. Бұл арада орыс-қазақ достығынан гөрі, исі қазақ баласының жарлыны жарылқап, жетімді жылатпайтын жомарт мінезі тағы да аңдалады. ХІХ ғасырдың соңын ала ХХ ғасырдың орта кезеңіне дейін, қазақ даласына шұбыра ағылған, патшалық Россия мен Сталинның қуғын-сүргінінен қашқан, жер аударылып, пана іздеген ұлты мен ұлысына қарамай сан мыңдаған халықты бауырына басқан да – киіз турлықты қазақтың осы мінезі еді. Мейірімділігі мен мәрттігі. Біреудің қайғысына иіле алатын, иіліп қоймай бірге көтере алатын жанкештілігі, үлкен жүректілігі еді. Соның өзі көбіне ұраны Алаштан, керегесі ағаштан болған жұртқа сойыл болып тиіп жататын. Ол енді басқа ирімнің әңгімесі десек те, бұл шығарманың соңын ала сондай бір сойқан сойылдың жұмсалатыны анық еді. Ендігі сөзді тағы да авторға берейік. 

«Баяғыдағы Қызылқайыңға орын тепкен Күркірей мен қызыл Ефим бұл кезде отыз үй орыспен бірге Келтекейге түп еселі қоныстанып болған.

Келтекей – Шұңқырдың шығысын ала, бір қабат тау ішіндегі келіскен бір тепсең жазық жұрт еді. Оның солтүстік жақ астында Буыршын өзенінің бір қорқырамасы долданып жартасқа соғып, буырқанып теріс айланып, жеті басты жалмауыздай қайта бүктеліп, шымыр-шымыр қайнап барып кілки қалушы еді. Оны «Көкиірім» деп атайтын. Ал, Келтекейдің оңтүстік жақ үстінде екі жыпқы айланып жасырына қалсаң оңай таптырмайтын шешуі қиын жұмбақтай, жуыр маңда тіл келе қоймайтын жаңылтпаштай бірінен шықсаң бірі дайын көп быдырмақты, сиырдың бүйрегіндей өзінен бөлек, қарашабыр бір шоғырмақ жататын. Оны жұрт «Көрқойтас» деп атайтын. Осының бәрі шеруші баласының атам заманнан бергі қонысы. 

Жазмыш солай ғой, сол Келтекейге қызыл Ефим бастаған отыз үйлі орыс бауыр басты. Ефим Сороковичтың ендігі Бұршақбайы шерушінің қойдан қоңыр Әпселеңі болды. 

Осы Әпселең «оң қанатымда орыс отыр» деместен атасының көң төккен қонысы Көрқойтастан қозғалмады. Осы қара қоңыр Әпселең қызыл күрең Ефиммен қолдан қолы, бұттан бұты өтпеседе он жылды бір күндей-ақ өткізді. Қайсысы аласы, қайсысы бересі екені белгісіз, араларында есеп жоқ. Екеуінің бір желінің қос күреңіндей қасынып кеткені соншалық, әлгіндей қабынған хабарға бірін-бірі қимады. Екеуі де ескі көршілік тәңір ақысын, адамдық ар-намысын арзанға сатқысы келмеді. Жаман айтпай жақсы жоқ, Ка Сылыңның ақ түйесі бір күні болмаса бір күні Мошқаның кезеңінен оқыс осырып қалатындай болса, бір төбеде, иә бір шоқанақта болайық деп әнеу күні Әпселеңнің абажадай ақ үйінде отыз үйлі орысқа Ефим Сорокович, отыз үйлі қазаққа шеруші Әпселең Мұқан баласы ие болмақ болып нан, тұз жеп, Інжілі мен Құранды маңдайларына басқаны сол болатын». 

Жазушы Мағаз Разданұлының бұл жерде оқырманға жеткізейін деп отырғаны, 1930 жылдардағы Қытай қазақтары арасындағы дүрбелең еді. Яғни, қытай шеріктері мен қазақ жігіттері арасындағы ұлт азаттығы, жер теңдігі, ел ырысы үшін болатын күрестің ұшқыны. Сол оттың ортасында орыс-қазақ, яғни Ефим-Әпселең болып бірге қарсы тұрайық, жерімізді бірге қорғайық деген серт. Өкінішке қарай, шығарманың соңын ала, шиленісер тұсында орыс-қазақ екі ауылдың арасы алатайдай бүлінеді. Екі ауыл басының бірі Құран ұстап, бірі Інжіл ұстап, нан, тұз татысып, дәм ауысып серттескен, қандай қиын сәттеде бір-бірін жатқа қиып, жауға қалдырмаймыз деген уәде әдіра қалады. Оқыс болған уақиғаға Әпселең ауылының жігіттері кінәлі емес еді. Сырттан келген, айналадағы іргелес басқа қазақ ауылдарының жігіттерінің бүлігі болатын. Есер екі тентектің лаңы, жазықсыз жатқан Әпселең аулының еркек кіндіктісіне сор болып тиеді. Сор ғана болса керегі не?.. екі ауыл достығының соңы трагедиямен аяқтайды. Ұзын әңгімені қысқа қайырсақ, сөз тиегі былай боп шығады. 

Ефимнің жиені Ностянка деген сұлу қыз жолаушылап шығып өз ауылына кетіп бара жатады. Алдында айдаған жалғыз сиыры бар. Ештеңеден уайымдамай, қамсыз, айналасына қарап, табиғатты тамашалап келе жатқан бейуаз қызды, кенеттен пайда болған екі жігіт ала қашады. Қарулы жігіттер қаршадай қызды ат үстінен қағып алып, алдыларына өңгеріе сала, ел аяғы баспайтын иен жерге алып барып, өз нәпсілерін қанағаттандырып, ойларына келгенін істейді. Не бүлдіріп қойғанын соңын ала сезген екеуі енді қыздың көзін құртпақ болады. Сөйтіп Ефимнің жиені Ностянканы есінен тандырып, су жырып кеткен, селеу басқан бір жыраның түбіне лақтырып кетеді. 

Қазақ қазақ болғалы жанын шүберекке түйген шабындыдан қолған түскен әйелді күң қылып алса алып кетті, бірақ дәл бұлай намысына тиіп қорлаған емес. Асығыс қимылдаған, артында шаласы бар екі жігіт өлді деп санаған Ностянка, періштесі қағып тірі қалады. Қас қағым сәтте сұмдыққа жолыққан қыз ап деп жаны алқымға келгенде бір рет көзі шалып қалған қаракөк аттыны «Әпселеңнің кенже ұлы Жолдыбай болар-ау» деп мөлшерлеген. Бәленің бәрі осы қыздың ажал алқымындағы үрей үстіндегі болжамынан туған еді. Әпселеңнің ұлының бұған мүлде қатысы жоқ еді. Бұл Әпселең ауылынан алыс тұратын Нұрмұхамет, Нұрғали дейтін іштеріне сайтан ой енген екі жігіттің әлегі еді. Олар жол бойында ұзақ уақыт Ностянканы бақылап, қапысын тауып ойларындағысын тындырған қылықтары болатын. 

Осы адамгершіліктен безген, азғын уақиғадан кейін Ефим ауылы тік көтерілді. Лаңы әлі Әпселең ауылына жете қойған жоқ. Тіпті Әпселең ауылы бұл сұмдықтан бейхабар. Сертті бұзбайтын Ефим ауыл азаматтарын сабырға шақырып, істің анығын білуге үндеп, басу айтады. Оған намыстары булығып, қандары басына шапқан жігіттер күш берер емес. Әсіресе Ностянканы айттырып, енді үйлену тойын күтіп жүрген жас жігіт Карпей Затаевич бұл қорлыққа төзбей, қанды кекті алып тынуға бекиді. Автор «Көкирім шүңеті тіл қатады» хикаятында бұл шиленіскен сәтті былай бейнелейді.

«Қалжыраған Ностянка күн шықпай-ақ поселкеге келіп кірді. Келтекейліктер әп-сәтте оны қоршап алды.

- Сол қазақты анық танисың ба?!

- Басында көкторғын тымағы, астында қаракөк аты бар, сақалы бар жоғын есіме ала алмаймын, мұрты бары хақ. Ал ана біреуісінің құла аты барын ұмытқам жоқ. 

- Ну! - деді дірілдеп, қалшылдаған Карпей Затаевич қызыл Ефимге қарап. – Адамның түріне, тіліне қарап оның жүрегін білу қиын. Мына бас,- деді ол және өзінің басын көрсетіп, – ауа-райға қарай дұрыс ойлау керек еді. Сен достық ойласаң ол қастық ойлады. Әпселеңнен, Әпселең ғана емес барлық ит қазақтан енді не тілейсің? Бәріміздің басымызды кесіп алуын тілейсің бе? Қай уақытта кесіп алғысы келсе, кесіп ала берсін дейсің бе?!

- Қалай?

- Не қалайы бар, мен біліп тұрмын. Анау Әпселеңнің кіші ұлы Жолдыбай. Солай ма Ностянка?

- Оның көбінше қандай ат мініп, қандай тымақ киіп жүретінін менен де сен жақсы білесің емес пе?

- Әрине, мен жақсы білемін. Мен сонымен бірге ондайларға қалай көрсетіп қоюды да әбден білемін!

- Өзі тиіскен екен, өз обалы өзіне.

- Рус мұндай қорлыққа шыдап көрген емес!

Бірнеше шал-шауқандардан басқасы гүр ете түсті. Тек кемпірлер ғана шоқына берді. 

- Тоқтаңдар, - деп бас шайқады Ефим Сорокович – Әпселеңнің баласы ма, басқа ма, анықтап алу керек емес пе. 

- Ол ма, ол емес пе, анықтап отыратын не қалды? Анықтаса қазақ өзі анықтасын!

- Менің осы өңірге келгеніме отыз жыл болды,- деді баяғы ұзын сирақ Григорий Апанасов, - мынау Қытай жері, тұрғын қазақтың мекені. Сендер жаманшылық күндерде осы топыраққа келіп туып-өстіңдер. Сол тіршілік берген, нан берген топырақты кімнің қанымен қандамақсыңдар?! Мүлде әділет емес қой. 

- Қазақтың түтін иісі қанына сіңіп кеткен нағыз сасық азбан, – деп жастар арасы күңкілдеп кетті.

- Апанасов дұрыс айтады, - деді Сорокович шынында босқын жандармыз. Нағыз колшакшыл, гулакшыл СССР-ға қарсы елементпіз. Енді біреудің жеріне келіп алып, жергілікті халық үшін және қылмыс өткізсек аспанда жасаймыз ба?

- Көп жасық дейсіңдер, қазақтың сырын әлі білмейсіңдер ме? Аттың артқы сирағын тістеймін деп таға жеген ит секілді тұмсығына келістіріп бірді жесе, қайтып мыңқ етпейді. Сонсоң тағы осы жерде жасай бересің.

- Кісісіне кезікпей жүр екенсіңдер. Қазақтың миы істейтін біреуі сенің надан кержағыңның мыңына татиды, - деп қалды тағы бір шал. 

- Мұндай намысын сатқан кәрі төбеттерді қазақтардан бұрын жайлап, қолды босатып алу керек. Сонда ғана жаумен еркін белдесе аласың, - деді әпербақан біреуі. 

- Сендерге әке керек емес болса болды. Өздерің біліңдер, сендердің әкелеріңе қазақ керек, - деп шалдардың бірнешеуі үйлеріне қарай аяңдады. 

Сөйтіп, келтекейліктердің шалдары мен жастары екі ұдай болып, екі күн керкілдесті. Ақыры жастар шалдарды үш күн, үш түн бойы үндемей үйде отыруға еріксіз көндірді». 

ХХ ғасырдың басындағы бұл кезең, Қытай қазақтары үшін алмағайып шақ еді. Ел іші-сыртындағы саяси уақиғалар барынша ширыққан, шым-шытырық, дос қайсы, дұспан қайсы айырып болмайтын аласапыранды уақыт. Қытайдың өз ішінде билікке таласқан азаматтық соғыс булығып, коммунистер мен гоминдаң үкіметі итжығыс түсіп, екі жақта алдыртпай тұрған. Қазақтар жиі шоғырланған Шығыс Түркістан өлкесі сан салалы саяси күштердің ықпалынан шығалмай, ұлт азаттық көтеріліс жолында жан аянбай ұрыс салып жатқан. Арысы Бөке батыр мен Зуқа батырдан басталған күрес, Оспан батырға жалғасып жан алысып, жан берісіп жатқан кезең еді. Сырттан КСРО қысым көрсетіп, ел іші саясатына араласса, бір жақтан Моңғолия мемлекетінің шонжарлары тізе батырып, жүдеу жұрттың мазасы әбден кетіп тұр еді. Совет үкіметінің құрылу кезеңіндегі «ақ қашты, қызыл қудының» салқынымен Алтай бетіне өтіп пана іздеп жүрген орыс солдаттары мен мұжықтары да бір бүйірден мазаны ала бастаған. Жазушы Мағаз Разданұлы тілге тиек етіп жазып отырған уақиғалар, міне осындай саяси бұлғақтардың ушыққан тұсы. Елдің берекесі мен мазасы кетіп, кімге сенерін білмей дал ұрып қалған тұс. 

Сонымен шығармаға қайта оралсақ Ефим ауылының жігіттері, басу айтқан үлкендер жағын тыныштандырғаннан кейін, кек алудың жоспарын құрады. Осы тұста Әпселең ауылына да алтын қазып напаха тауып жүрген жирмаға жуық жігіт қонаға түсіп жатыр еді. Іңір қоюланып, ел орнына отырар шақта, Затаевич бастаған Ефим ауылының қару асынған бір топ жігіті Әпселең ауылына келіп түсе қалады. Сыртта дәрет алып, шам намазын оқымаққа үйіне енді кіре берген Әпселең дүрліккен орыстардан тіксініп қалып жөн сұрайды. Әккі Карпей зәңгіге: «Мына көрші аудандағы дүңгендер қол жиып, біздің Шұңқырды басып алмақ көрінеді деген сөз бар. Соның жайын ұғыспаққа жиналыс ашамыз. Ефим андаңыз сізді арнайы шақыруға мені жұмсады, жігіттеріңізді алып, бірге жүріңіз»,- деп жорта қайырып, Әпселеңнің алды-артын орап, сөзге келтірмеді. Сөйтіп, Әпселең зәңгінің ауылы әп-сәтте, екі кештің ортасында абыр-сабыр болады да қалады. Ауылдың атқа мінер азаматтарының бәрі жиналады. Ел шетіне жау келе жатыр дегесін, қарап тұрсын ба?.. қаруды бөліп, бірге пайдаланамыз, көмектерің керек деп қоналқыда жатқан жирма жігітті де қосып алады. Сонымен орыстар абыр-сабыр, апақ-сапақта «ел қашты, жау қуды» дегізіп, алды-арттарына қаратпай өз ауылдарына алдап әкеледі. «Жиналысты осы жерде ашамыз!» деп ескі склатқа әкеп кіргізеді. «Есік ашқанда екі-екіден шығасыңдар, сендерге Ефим өзі соғыс жайын жеке-жеке түсіндіріп, қоларыңа қару береді» деп ескертеді де, есікті жауып кетіп қалады. Одан кейін болған уақиғаны жазушы Мағаз Разданұлы былай деп баяндайды. 

«Түс бола бергенде склаттың есігі ашылды. Жүніс шал мен қабалық бір қонақ жігіт далаға шықты. Есік қайта жабылысымен үш-төрт орыс екі қазақтың қолын тоқбас жілігінен матап, артына қайырып байлады да, еңіске қарай айдай жөнелді. Көкиірімнің қабағына таяды. Уағыз-насихаттан дәмелі екі адам керең ажалдың өздеріне өте жақын келіп қалғанын сонда бір-ақ ұқты. Мылтықтың істігі ту сыртынан қорс-қорс ете түскенде естерінен танды. Сонсоң қосақтаулы қазақты жалмауыз толқын бір батырып, бір шығарып ары-бері ойнады да, жоқ қылып жіберді. Кілкімедегі судың бетінде қанның дағы ғана олардың сол маңайында, су астында айналып жүргенінен дерек беріп тұрды. Склаттың есігі тағы ашылды. Бір жұп адам тағы сыртқа шықты. Тағы алдыңғы екеудің көргенін көрді... есік жиырма тоғыз рет ашылып-жабылғанша осыдан бөлек өзгеріс болған жоқ. Отызыншы рет ашылғанда іштегі екі адам сыртқа шықпады. Іштегі екеудің бірі Қабдырахманның ағасы Досжан болатын. Енді біреуі тәуекелге белін буған балуан қабалық жігіт екен. Шайнектей қара тас оның қолына қайдан түскенін кім білсін, босағаға жабысып тұра қалды. Қанға құныққан бір орыс соңғы екі қазақты айдап шықпақшы болып ішке кіре бергенде төбе сүйектен салмақпен тиген қабалықтың қара тасы орысты тіл қаттырған жоқ. Іле-шала кірген құралды орыс қабалық жігітті атып жіберіп, мылтықты Досжанға кезей қалды. «Білгеннің тілін алмаған маған осы керек, – деп кәперсіз иманын айтып, кеудесін аша беріп қалпақтай ұшты». 

Осындай жан алысып, жан берісіп жатқан сәтте, болып жатқан қырғыннан еш хабары жоқ, жолаушылап кеткен Әпселеңнің кіші ұлы Жолдыбай, ойында түк жоқ Григорийдың ауылына келіп түсе қалады да, сәлем беріп кіріп келеді. Өз ауылының жігіттерінің салып жатқан лаңын көріп, қанды қасаптарына араша бола алмай қор болып отырған Григорий «Әпселең андамнан бір ұрпақ қалсын» деп Жолдыбайды тез жасыра қояды. Сөйтіп Інжіл ұстап, дәм-тұз татысып Әпселең зәңгіге берген антына адал болып қалғанын дәлелдейді. Достық, сөзге беріктік, ұлт пен ұлысты талдамаса керек. Ол адамның адалдығын, кісінің көрегендігін ғана өз жанына қорек етеді. Сөйтіп, Григорий Ефим мен зәңгі Әпселеңнің адал достығы, ұрпақтары нақақ қан төккеніне қарамастан, арттағы елге аңыз болып жалғаса берді. Ефим сынды адал жандардан тараған ұрпақ, бұл күнде Қытай жерінде, сондағы қазақтармен қойы қоралас, малы аралас өмір сүріп, ұрпақ өрбітіп жатыр. Одан бері неше ұрпақ ауысты. Бұл күнде аты да, заты да қазақыланып кеткен орыс әжелеріміз бауырынан өрген немере, шөберелерін қазақ жолымен тарбиелеп, қазақы салттан жаңылмай, балапандай баптап, тұғырынан түлетіп отыр.  

Бөлісу:

Көп оқылғандар