Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады

Бөлісу:

05.09.2023 1699

Бүгін еліміз бойынша Қазақстан халқы тілдер күні мерекесі. 2017 жылы «Қазақстан Республикасында мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» үкіметтің қаулысынан кейін, 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдер күні болып біржола бекітілген болатын. Бұған дейін, бұл мереке 22 қыркүйек күні тойланып келе жатқан еді. Оның өзіндік тарихи себептері болатын. Айталық, 1989 жылы 22 қыркүйек күні Қазақстанда алғаш рет «Тілдер туралы» заң қабылданған еді. Осы тарихи уақиғаға байланысты, тұңғыш президенттің 1998 жылғы жарлығымен 22 қыркүйек Қазақстан халқы тілдер күні болып қабылданған. Әйтседе, тілдер күнінің жаңа датаға өзгеруінің де өзіндік себебі бар. Ең бастысы 5 қыркүйек – қазақ тіл ғылымының атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Бүкіл халықтық тілдер мерекесін Ұлт Ұстазының туған күні құрметіне қою оң шешім деп бағалаймыз.

Ахмет Байтұрсынұлынан қалған «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген аталы сөз бар, бұл сөз уақыт өткен сайын өз өміршеңдігін танытып келе жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, жер бетінде әр екі жұма сайын бір тіл жойылады екен. Бұл статистиканың сәл ескіргенін ескерсек, әлемдегі кішкентай тілдердің жойылу жиілігі бұдан да тез қарқын алуы әбден мүмкін. Тіл де – тірі ағза. Оның дүниеге келу, жетілу, даму тарихымен қатар құлдырау кезеңдері болады. Тірі ағзаға тән тіршілік ету қабілетінен айрыла бастаған да, әр он бес күн сайын жойылып отыратын өлі тілдердің қатарынан табылады. Өлі тіл дегенміз – бір ауыз сөзбен айтқанда қолданыстан шыққан, ешқандай тұтынушысы жоқ тіл деген сөз. Ғалымдардың пікірінше егер сол тілде толыққанды сөйлейтін жалғыз адам қалғанға дейін, ол тіл өлі тілдердің қатарына қосылмайтын көрінеді. Өкініштісі, бүгінгі таңда өміршеңдігін жоғалтқан тілдер «Қызыл кітапқа» кіретін жан-жануарлар мен өсімдік түрлерінен әлдеқайда көп болып отыр. Демек, жәндіктердің жоғалуынан гөрі, тілдің жоғалу жылдамдығы басым.

Дүниежүзі халықтарының тілі ретінде, жалпылама біз жер шарында өмір сүру қабілеті бар тілдердің жиынтығын атаймыз. Халықаралық лингвистика ғылымымен айналысатын ұйымдардың әр жылғы мәліметтерін қорытындыласақ, өткен ғасырдың аяғына дейін, жер бетінде алты мыңдай тіл болған. Соңғы жылдары осы дерек жыл сайын емес, күн сайын жаңарып жатқанға ұқсайды. Оның ең басты себебі, тілдің өміршеңдік қуатының төмендеуі болып саналады. Орта есеппен алынған алты мың тілдің соңғы деректерге сәйкес, тең жартысынан астамы он мыңнан аса тұтынушысынан (сөйлеушісінен) айрылған. Олардың тағдыры алдымыздағы жарты ғасырда соңғы тиянағын табуы мүмкін деген болжам бар. Осы алты мың тілдің ішіндегі бес жүзге жуық тілді өз ана тілі ретінде санайтын адамдардың саны жүз адамнан аспайды екен. Ал үш жүзден аса тіл «өлі тілдердің» қатарына енген. Қорқынышты мәліметтердің тізімі біз осы мақаламыздың жазып отырған сәттің өзінде өзгеріп жатуы әбден мүмкін.

Венгрияның тілдерді зерттеуші ғалымы Янош Пустаидың болжамдарына сүйенсек, ХХІ ғасырдың соңғы ширегінде әлемдік тілдердің 80 пайыздан астамының жоқ болып кету қаупі жоғары. Оған ең басты себеп ретінде тілдердің жаһандану процесіне ілесе алмауымен әртүрлі жағдаяттарға байланысты адамдардың жиі қоныс аударуы жатады. Тілінен айрылған халықтың мәдениеті, салт-дәстүрі, ғұрыптық санасы, дүниетанымы сол тілмен бірге енді қайыра ашылмайтын есіктің арғы жағында қалып қояды. Қанша жерден тіл маманы, тіл ғалымен бар зердесімен зерттегенімен, сол тілдің төл перезенті болмағасын, оның тамырын дөп басып, жанәлемін аша алмайды. Сәбина Зәкіржанқызының пайымдауынша, 2001 жылы жарық көрген «Жоғалудың алдында тұрған және жоғалған тілдердің атласы» мен осы құжаттың, араға сегіз жыл салып жаңаланған нұсқасының арасында елеулі өзгерістер болған. 2001 жылы шыққан атласта 6900 тілдің 900-і жоғалудың алдында тұр деп берілсе, 2009 жылы шыққан еңбекте бұл көрсеткіш үш есеге артқан екен. Демек, небәрі сегіз жылдың ішінде 2700 тілдің тағдыры шешіліп қойған. Одан бері де он жылдан артық уақыт өтті. Осы уақыт ішінде тағы қаншама тіл құрдымға бет алғанын болжаудың өзі қиын.

Жоғарыда осы ғасырдың соңына дейін жер бетіндегі тілдердің жартысынан көбі жойылып кету қаупі бар екенін атап өттік. Сол жоғалу қаупі төнген тілдердің басым көпшілігі бұрынғы КСРО құрамында болған елдердің тілі екен. Бұл жерде империялық саяси жүйенің нақты әсері болғаны түсінікті. Яғни, отарлаушы ел, өз қарамағындағы аз санды ұлттардың алдымен тілін, дінін, ділін ассимиляциялау саясаты арқылы, тұтас елді бір тілді, бір ұлтты, бір ізді мемлекетке айналдыру жобасының нәтижесі дер едік. Қазірдің өзінде бұл ел аумағында 136 тіл жоғалудың аз-ақ алдында тұрғаны туралы ресми деректер бар. Соның ішінде мына 5 тіл жоғалудың ең қауыпты деңгейінде тұр. Оның бірі – түркі тілдердің оғыз тобына жататын гағауыз тілі. Ғагауыз халқы он сегізінші, он тоғызыншы ғасырлар аралығында Ресей саясатының қысымына қатты ұшыраған. Соның салдарынан тұс-тұсқа шашырап, басым көпшілігі Қырым түбегін паналаған. Алғашында румын әрпін пайдаланған, кейін бір жола кирилл әрпіне көшкен. Қазір бұл тілде сөйлейтін адам саны жүзге де жетпейтін көрінеді. Осындай тағдырдың тәлкегіне ұшыраған тағы бір тіл – ливия тілі. Ливия тілін еркін меңгерген жалғыз адам 2009 жылы қайтыс болған. Алайда бір топ еріктілер осы тілді өз еркімен үйреніп, қазір ливия тілінде сөйлейтін адам саны екі жүзге жуықтап қалған көрінеді. Осындай жоғалуға бет алған тілдің бірі саам тілі. Халқының жағырапиялық орналасуына қарай саам тілінің он шақты нұсқасы қалыптасқан. Өкініштісі, осы түрлерінің дені уақыт өткен сайын өз тұтынушыларынан айрылып жатыр. Ресейдің шет аймақтарында ғана он бес-жиырмадай сөйлеушісі қалған вод тілінің де соңғы күндері таяу екені айтпаса да түсінікті сияқты. Осындай мүшкіл халге ұшыраған тағы бір тіл – бізбен туыстас қарайым халқының ана тілі - қарайым тілі. Бұл тілдің тағдырын мен өз көзіммен көрген уақиғамен байланысты айтып көрейін. Әр жылы Астана күні қарсаңында, түркі тектес халықтардың «Астана арқауы» атты мәдени-сазды кеші өтетін. 2019 жылы болған сондай бір концертте қарайым халқының бір перезенті келіп, туған тілін де, туған халқының халық әнін орындады. Бұл әнші қарайым тілінде ән айта алатын соңғы адамдардың санатынан екен. Әрине, туыстас бауырыңның осы күйін көріп, көзіңе жас келеді.

Тілдің өміршеңдік қуаты қандай принциптермен өлшенеді деген сауалға аз ғана тоқталып өтелік. Ең әуелі ол сол тілді тұтынушы елдің саяси-әлеуметтік көрсеткішіне, экономикалық қуатына тікелей байланысты. Тілді дамыту, қолдану аясын кеңейту жолындағы кешенді мемлекеттік саясаттың берік, орнықты және тұрақтылығы қажет. Содан соң, сол тілде сөйлеуші халықтың демографиялық өсімі аса маңызды сипат алады. Әсіресе, сол тілде сөйлеуші халықтың басым бөлігі жастар болса, ол тілдің болашағы нұрлы бола түсері анық. Сонымен қатар, тілдің лингвистикалық көрсеткіштері сол тілдің ғылыми дәрежесін анықтайды. Әдеби тілдің барлық нормалары жасақталған, әлемдік тілдердің ықпалына төтеп бере алатын күші, дұрыс терминологиясы болуы ләзім. Сонымен қатар, сол тілде жасалған рухани өнім, әдеби шығарма өміршең, қуатты болып, басқа жұрттың мәдениетіне ықпалын тигізе алса нұр-үстіне нұр болмақ. Осындай құрлымдардың дұрыс жұмыс істеуі негізінде, сол тіл ғылымның, мәдениеттің, өркениет пен техниканың, күнделікті әлеуметтік өміріміздің шынайы бет-бейнесіне айнала алады.

Тілдің жоғалып кетпей, уақыт, заман ырғағымен үндесе дамып отыруының түп негізі – тілдің ғылыми-танымдық биікке көтерілуі. Осы ретте біздің ана тіліміздің ауыз-екі сөйлесу құралынан, ғылыми сипатқа өтуінің тірегі болған Ахмет Байтұрсынұлының ұшан-теңіз еңбегінің алдында, бүгінгі ұрпақ қарыздар екені хақ. Егер Байтұрсынұлының «Тіл-құрал», «Әдебиет танытқыш» сынды кітаптары болмағанда, қазақ тілі әркімнің етегіне бір жармасып, жығылып-сүрініп өз арнасын таппай кетері анық еді. Ахаң тұтас өмірін қазақ баласының көсегесі көгеруіне, көкжиегін кеңейтуге арнаған ұлт руханиятының көсемі. «Ана тілі» деген терминді, асыл ұғымды алғаш жас ұрпаққа сіңірген кемеңгер. Нағыз ғылыми еңбек ұлтына, ұлттық ғылымына мәңгілік еңбек ете алатынын көрсетіп берген, қазақ тілтану ғылымының сөнбес шырағы. Ахмет Байтұрсынұлы «Тіл-құрал» еңбегі арқылы тарихта тұңғыш рет қазақтың төл әліпбиін жасақтады. Қазақ тіл ғылымының терминдерін түзді. Тіл өмір сүруінің үш тірегі, дыбыс жүйесі, сөз жүйесі, сөйлем жүйесін зерттеп, ғылыми негізін салып берді. Бүгінгі қазақ лингвистикасының берік тағанын қалады. Бала тәрбиесі, балаға білім берудің ғылыми педагогикалық әдістемесіннің үлгісін жаратып кетті. Айта берсең Ұлт Ұстазының көл-көсір еңбегі осылай жалғаса береді.

Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ тіл ғылымының ғана емес қазақ әдебиеттану ғылымының да берік тағанын қалаған теоретик. Сонау ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеті теориясының терминдері мен ұғым-түсініктерін, әдебиеттің ғылыми жіктелуін, тұтас концепциясын анықтап кетті. Ахаң «Әдебиет танытқыш» арқылы әдебиеттің өз даму заңдылықтары бар екенін нақтылап, оның қалыптасу үрдісіне қарай өз категориялары арқылы түсіндіре білді. Мағжан Жұмабаевтың поэзиясынан мысалдар келтіру арқылы, қаламгердің шығармашылық күш-қуаты мен ерік-жігері, сөз иесінің жан бостандығына тікелей байланысты екенін айғақтап көрсетіп, ұлттың әдебиеті тек өз топырағынан нәр алғанда ғана өнер биігіне көтеріле алатынын дәйектеп берді. Маржандай тізе берсек қазақ әдебиеттану ғылымының бастауында тұрған «Әдебиет танытқыш» монографиясының інжуі жетерлік. Әңгіме, повесть, роман жанрлары және көркем шығарманы талдаудың әдіс-тәсілдері туралы пайымдауларының өзі бір төбе. Ең бастысы - осы уақытқа дейін құны артпаса кемімегенінде. Ахмет Байтұрсынұлы міне осындай жанкешті еңбегінің арқасында, қазақтың ауызекі тілде ғана қолданып жүрген сөздерін, үлкен ғылыми болмысқа көтеріп, ғылым тіліне, мәдениет, өнер тіліне дейін асқақтатты.

Ахмет Байтұрсынұлы бір жазбасында: «Ғұмыр бәйгесінде біздің қазақ тілі өз бәйгесін алар», - деп атап өткеніндей, қара жердің бетіндегі дүбірлі өнер додасы, аламанға ат сабылтқан ғылым жарысы бір сәтке толастар емес. Ұлт Ұстазының әулиелі әуезімен, ғұмыр бәйгесінде ана тіліміздің де маңдайы жарқырап мәреден көрінер күні туар деген ақ ниетпен шағын жазбамызды тәмамдаймыз.

Бөлісу:

Көп оқылғандар