Мақпал Оразбек. Қазақ әдебиетіндегі қалалық жасөспірімдер образы

Бөлісу:

03.10.2023 1718

Т.Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаяты бойынша

Мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қаржыландырған AP19679524 «Қазіргі қазақ прозасындағы қалалық балалар типологиясы және ұлттық ментальдік (ағылшын әдебиеті мен қазақ әдебиеті шығармаларын салыстыру)» ғылыми жоба аясында орындалды.

Қазақ әдебиетінде бала табиғатын, балалық болмысты суреттейтін шығармалар баршылық. Алайда өткен ғасырда қазақ халқының негізгі өмірі мен тіршілігі ауылда өткендіктен, қазақ халқының басым бөлігі ауыл халқы болғандықтан ауыл балаларының өмірі туралы шығармалар басым болғанын айтуға тиіспіз. Осы күнге дейін қазақ әдебиеттану ғылымында қалада өсіп жатқан ұрпақтың көркем шығармадағы бейнесі жеке-дара зерттеуге алынбады. Сондықтан балалардың қалалық ортада тұлғалық қалыптасуы мен ұлттық болмысының өзгеруін психологиялық, эстетикалық, поэтикалық  тұрғыдан талдау қазақ әдебиеттануының негізгі мәселесі деп айтуға тура келеді. Себебі, ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қалалық қазақ балалар образы көркем шығарма мазмұнынан көріне бастады. Бірақ осы уақытқа дейін қазақ балалар әдебиетінде жалпы бала образы мәселесі тұрғысынан зерттеліп келетінін айтуға тиіспіз.

Қазіргі кезеңде қазақ ұлтының қалаларға көптеп қоныстанғандықтан, жас отбасылардың соңғы онжылдықта қалаларға шоғырлануына байланысты қазақ балаларының басым көпшілігі қалаларда білім алып, тәрбиеленіп жатқаны ақиқат. Ендеше көркем әдебиетте қалалық балалардың ұлттық болмысы мен дүниетанымын суреттеуде бүгінгі жазушылар қандай көркем шығармалар жазды деген сұрақ туындайды. Бұл мәселе әлі қазақ әдебиеттануында зерттелмегендіктен, көркем прозадағы қалалық балалардың психологиялық ерекшелігін, олардың болмысына ықпал ететін факторларды зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттануының өзекті мәселесі деп айтуға тура келеді. 

Қаладағы тұрмыстық-әлеуметтік жағдайлар, түрлі ұлт өкілдерімен қарым-қатынас, көптілділік, аралас мектепте білім алу, баспанасыздық, пәтер жалдау, отбасындағы тәрбие мен діни көзқарас сияқты т.б. бала психологиясына әсер ететін қайшылықты мәселе көп.

Қаланың қым-қуат тіршілігінде, жаһандық мәдениеттер тоғысында өсіп келе жатқан қазақ балаларының өмірін бейнелеген шығармалар қазақ әдебиетінде баршылық. Қазақ жазушыларының қалалық балалар өмірі туралы жазылған шығармаларын қарастырғанда бірнеше ауқымды мәселелерді байқаймыз. Жетім балалар типі, олардың қала тіршілігіндегі тағдыры, отбасындағы бала санының аздығы, қоғамдағы әлеуметтік жағдайдан баланың қорлық көруі, айналасындағы құрбыларымен тіл табыса алмағандықтан бала жанының жалғыздыққа ұшырауы немесе оқшаулану,  ата-анасы ажырасқан балалардың психологиялық күйзеліске ұшырауы, жасөспірімдер арасындағы бір-біріне әлімжеттік көрсету, өзара келіспеушіліктен телефон арқылы қысым – буллинг, ұрлық, әр түрлі қылмыс, өзге елден немесе ауылдан қалаға көшіп келген қазақ балаларының қалалық өмірге бейімделудегі моральдық-психологиялық қысым көруі сияқты оқиғалардың бүгінгі жазушылардың шығармаларына арқау болғанын аңғарамыз.

Баланың тұрмыстық-әлеуметтік өмірдегі ащы,  ауыр трагедиялы тағдыры ХХ ғасыр басындағы С. Дөнентаевтың «Көркемтай», Б.Майлиннің «Түйебай», М.Әуезовтің «Жетім», «Қорғансыздың күні», «Көксерек» әңгімелерінде көрініс тапқанын білеміз. Қазақ жазушыларын балалар өмірі әрқашан алаңдатып, олардың өмірінде кездесетін қиыншылықты шығарма мазмұнына бейнелеп, сол арқылы қазақ қоғамындағы әділетсіздік пен кемшілікті суреттегені белгілі. 

Ал бүгінде қазақ халқының басым көпшілігі қалада тұратындықтан, қазақ ұлты қалалық ұлтқа айнала басталағандықтан, қала балаларының өмірі көркем шығарма өзегіне айналуда. 

Белгілі балалар жазушысы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» және Арасанбай Естеннің «Өлара өткел» хикаяттарында қалалық жасөспірімдердің өмірі мен олардың басынан өткен қаладағы шым-шытырақ оқиғалар суреттелген.

ХХ ғасырдың соңғы ширегінде әлемдік әдебиеттану ғылымында балалар әдебиетін зерттеуде «жасөспірімдер әдебиеті» деп бөліп қарау тенденциясы орын алды. Оның негізгі ерекшелігі бар екені белгілі. Себебі сәби жастағы бала мен 11-16 жастағы балалардың ой-өрісі, қызығушылығы, психологиялық ерекшелігі жағынан үлкен айырмашылық бар екені рас. Бала жастан ересек жасқа өтетін өтпелі кезеңдегі бала мінезіндегі өзгерістер, балалрдың басым көпшілігінде болатын психологиялық кризис салдарынан бала өмірінде әр түрлі оқиғалар орын алатыны белгілі. Орыс әдебиеттануында ғалымдар «жасөспірімдер әдебиеті» ересектер әдебиетіне қарағанда толық зерттелмеген деген пікір айтады. Солардың бірі балалар әдебиетін зерттеуші Е.В.Посашкова: «Қазіргі жасөспірімдер әдебиеті сынға жиі ұшырайды (В. Воронов, Е. Зубарева, И. Лупанова, И. Мотяшов, С. Николаева және т.б. шығармалары) деп зерттеушілер бірнеше рет атап өткендей, жалпы жасөспірім туралы проза «ересектер» әдебиетімен салыстырғанда аз қарастырылған, ал 60-жылдардан бері рухани-эстетикалық сипаттағы бірқатар маңызды жаңалықтар әдеби сын мен әдебиеттану ғылымында әлі толық зерттелген жоқ» [1.14] деген пікір білдіреді. 

Демек орыс әдебиетінде жасөспірімдер прозасы жеке әдебиет түрінде емес, балалар әдебиетінің бір бөлігі ретінде зерттелгенін анық аңғарамыз. Сондай-ақ Е.В.Посашкова жасөспірімдер прозасын зерттеу үшін «жалпы тарихи-әдеби процеске сәйкес келетін заңдылықтар мен тенденцияларды, ағымдарды зерттеу» ең нәтижелі тәсіл деп санайды. Шындығында жасөспірімдер өмірі суреттелген шығармалардың жазушы суреттеп отырған кездегі тарихи-әдеби процеспен үйлесімін, сол кездегі қоғамдық тенденциямен сәйкестігін, әдеби ағымдағы  шығарманың ролін зерттеуге көңіл қоюға тура келеді. 

Жазушы Толымбек Әбдірайымның «Тұнжыр» хикаяты қазіргі қоғамдық тенденциядағы қалалық қазақтардың отбасы құндылығы мен ержете бастаған жасөспірімдер өмірінің тылсым сырын қозғайды. Ажырасқан отбасындағы өгей шешеден қорлық көрген жасөспірімнің үйінен безіп, қаланың іші-сыртын кезіп кеткен шерлі тағдыры қалалық бала өмірінің тым күрделі екенін аңғартады. Әсіресе сырт келбеті мен киімін, жүріс-тұрысын түзетуге, қатарынан қалмауға тырысатын жасөспірім шағында отбасындағы тұрмыстық қысымға ұшыраған баланың күйзеліске түскен, күтімсіз күйін бейнелеу арқылы қаладағы қазақ баласының, қазақ отбасыларының тұрмысы мен тәрбиесінен, өмір сүру жағдайынан анық хабар береді. 

Шығарманың «Тұнжыр»  деген атауы бас кейіпкердің психологиялық көңіл-күй ерекшелігін меңзейді деген ой туады. Туа сала әке-шешесі ажырасқан Рауан ес жиғанда өзін өсірген ата-әжесінен айырылды. Ата-әжесі о дүниелік болған соң мұны «балам» деп басынан сипамаған, мейірімін көрмеген әкесінің қолына баруға мәжбүр болады. Баланың тартысты тағдыры өгей шеше мен суыққанды әкенің қолына келген кезінен басталады. Шығарманың есін жиып, ержете бастаған баланың өгей шешемен диалогынан басталады:

  «Қалақтай қара бала қарындасын екі-үш сағаттай ойнатты да:

– Тәте, - деді төр алдында құс жастыққа көміліп, теледидарға тесіле қарап жатқан етжеңді қарасұр әйелге ақырын дыбыстап.

– Иә - ә... ы... ы - ы... – Келіншек тіл қатуға да ықылассыз, жақ ашқысы жоқ тіпті.

– Сабаққа дайындалсам рұқсат па?!. – Дауыстауға да жасқанады. Қатты сөйлегені үшін талай таяқ жеген. 

– Әй, жетімек! Анаңнан айырған мен емес! Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың?!. Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!

– Апайдан ұят!.. – Баланың көзі боталады. 

– Кімнен?

– Мұғалімнен

– Не қыл дейді?  

– Сабақ сұрағанда жауап бере алмай.

– Содан.

– Екі қойды.

– Қайтейін екі алсаң! Мінистр боламын дейсің бе?! Тексіз әкеден қайбір ұрпақ өрбиді?!

Рауанның ашуы келді. Не деген керісқұмар?!» [2]

Автор шығарманы бастамас бұрын бала мен өгей шешенің өзара сөйлескен сөздері арқылы екеуінің мінезі мен болмыс-бітімін, қарым-қатынасын, отбасында қалыптасқан психологиялық ахуалдан хабар береді. Күйеуін ұнатпайтын қазақ әйелдерінің бала-шағасына ұрысқан кезде оның ата-тегін сөгетін мінезін: «Тексіз әкеден қайбір ұрпақ өрбиді?!» деген сөздерінен байқатады. 

Сондай-ақ өгей шешенің «Әй, жетімек! Анаңнан айырған мен емес! Баласын тастап, байға тиіп несі бар байғұстың?! Обалы – көкек шешең мен ынжық әкеңе!» деген сөздерінен анасының баланы тастап, өзге адамға тұрмысқа шыққанын, отбасында әкесінің ролі төмен екенін анық аңғартады. Жазушы соңғы онжылдықта қазақ ішінде ажырасудың, балалары бола тұра басқа отбасын құрудың жиілеуінен, үлкендерден гөрі бала зардап шегетінін, бала жанының психологиялық жарақат (травма) алатынын меңзейді. Отбасында әйелдің мінезі мен білімі, тәрбиесі бала үшін ең басты орын алатынын өгей шешенің тасыр мінезі мен ащы тілі арқылы көрсетеді. 

Шығармада жазушы отбасылық жанжалды диалог арқылы өрбітеді. Жұмыстан қажып, шаршап келген әкесі баласын сұраған кезде өгей шешесі: «Ұшпаққа жеткізер ұлың! Бір қолымды екі ете алмай, бір жағынан Жанарға қарап, бір жағынан тамақ істеп жүргенде, қол ұшында бермейді! – Қарасұр әйелдің дауысы пәсейіп, аяқ астынан жуаси қалды» [2]. Автор күні бойы отын жарып, от жағып, сабақ қарамастан бала баққан Рауанның еңбегін жоққа шығару үшін өгей шешесінің «дауысы пәсейіп, жуаси қалған» мінезіне көңіл аудартады. Осы жерде өтірігіне сендіру үшін күйеуінің көз алдында «жуаси қалған» жат мінезін байқауға болады. Шығармада оны төмендегі диалогтан байқауға болады. 

« – Шын айтып отырсың ба?!

– Шын емей.

– Жарайды, өзім сөйлесем.

– Онымен қоймай. – Қарасұр әйел бірдеңені бықсытты. – Әмиянымнан ақша жоғалып. Рауанға айтсам азар-безер.

– Мүмкін емес. 

– Қолының сумақайлығын қоймаса, қуып жіберем үйден! Айтпады деме!

Тәтесінің өтірігіне ызасы келген бала орнынан атып тұрды» [2]

Әкесіне баласын қарсы қою үшін, тіпті баланы үйден қуып жіберу амалымен «дауысы пәсейіп, жуаси қалып», тіпті оған жала да жабады. Өгей шешенің өтірігіне шыдамай орнынан атып тұрған Рауанды «Көрсетейін кімнің суайт екенін!» деп шайпау әйел жағынан шапалақпен ұрады. Отбасылық өмірде зәбір көрген жасөспірімге араша түсер жан болмағандықтан, Рауан жабырқап, үнемі тұнжырап жүреді. Шығарманың тақырыбы Рауанның жалғыздық күй кешіп, тұнжыраған жан-дүниесінен хабар береді. 

Рауанның отбасындағы тұрмысынан ауыл халқының жұмыс іздеп қалаға көшіп келіп жатқанын, олардың қала шетіндегі саяжайда, кішкентай ғана екі-үш бөлмеден тұратын жайсыз үйдегі тіршілігі арқылы аңғартады. Сондай-ақ соңғы онжылдықта ауылдан көшкен қазақтардың қаладан үй алуға жағдайлары болмай қала шетіндегі саяжайларда тұра бастағанын байқаймыз. 

Бір күні Рауан сабақтан оралса есік құлыптаулы, күні бойы есік алдында отырған бала ақыры ешкім келмеген соң, қарны ашып, талғажу табу үшін қала кезіп кетеді. Осы кезден бастап үш ай жаз каникулда Рауанның кезбе өмірі басталады. 

Әкесі үш айға басқа қалаға жұмысқа кеткенде Рауан үйінде оғаш оқиғалардың куәсі болады. Бірнеше әйел мен еркектердің үйінде жиналып, арақ ішіп отырғанын, шешесінің басқа ер адаммен жақын отырғанын да көреді.

Шешесінің оспадар қылығынан ұялған бала үйге кірместен қаланы кезіп кетті. Әуелде вокзал маңында жүреді, одан тұрақ таппай, қарны ашып, қаладағы базарды жағалайды. Базар жанындағы мешіттің алдында отырған тіленші әйелдердің де өмірімен танысады. Қарны аш, күйзелген баланы көріп тұрса да, ол жерді меншіктеніп алған әйелдер қатарына тұрғызбайды, маңдарына жолатпайды. Автор ақшаны тіленіп табудың жолына түсіп алған, қайыршылықты оңай олжа көрген әйелдердің қатыгез қылықтарын Рауанның күрделі өмірімен қатарластырып, жарыстыра бейнелеу арқылы автор мәтін диалогын құрады. Жазушы шығарма мазмұнында Рауанның өмірін суреттейтін мәтін мен қайыршы әйелдер өмірі туралы мәтіндер диалогы  арқылы үйі болса да жаны тыныштық табатын жер таппай, кезбе күйге түскен жасөспірімнің образын тағдыр талқысына түскен, жүректері қатайған, өмірге өкпелі әйелдердің образымен қатар астастыра суреттейді. Олар жоқта базар маңында тұрып қайыр сұрауға мәжбүр болады. Садақа сұрап, бес-он тиынмен жүрек жалғап, тіршілік еткен баланы арба сүйреуге де алмайды. 

Базарда арба сүйреудің өзі тамыр-таныс арқылы екеніне көзі жеткен бала амалы таусылып, қайыр сұрудан басқа жол таппай жүргенде садақа сұрайтын тәжік балалармен қақтығысып, ақыры қаланың басқа жағына, «Рамстор» сауда орталығының алдында қайыр сұрауға мәжбүр болады. Ол жерде де әр түрлі оқиға басынан өтіп, ақыры машина жуатын салонға жұмысқа кіріп жұмыс істей бастайды. Машина жуатын салон иелерінің жасөспірімдердің еңбегін пайдаланып, ақысын бермейтін ашкөздігі де Рауан бейнесі арқылы ашылады.  

Бірге жұмыс істейтін жасы үлкен ересек балалар автосалонға қонып жүрген Рауанды алдап, түн ішінде бірнеше қымбат көліктің дөңгелектерін алып кетіп, ақыры жұмыстан қуылады. Әлемге әйгілі ағылшын жазушысы М.Твеннің Лондонның кедей ауданындағы лашықта өскен бала мен Генрих VIII патшаның мұрагері туралы 1881 жылы Канадада жарық көрген «Принц и низший» романы қалалық балалар өмірін суреттейтін алғашқы шығармалардың бірі. Осы романдағы кедей баламен орны алмасқан принцтің басынан өткен қаладағы қиын да күрделі тағдыр мен Рауанның қалада көрген тағдыры ұқсас. 

ХІХ ғасырдағы Лондондағы жасөспірімдердің адам төзгісіз ауыр өмірі суреттелген шығарма мен «Тұнжыр» хикаятының ұқсастығы тек жасөспірімнің адамдардан көрген  озбырлығы мен теперіші ғана емес, Марк Твен шығармасында қарапайым халық массасы ескі, құлағалы тұрған трущебаларда өмір сүрсе, Толымбек Әбдірайым шығармасында ХХІ ғасырда қазақтардың қала сыртында жол салынбаған, су мен газ тартылмаған саяжайдағы бейнетке толы тіршілігі. Сонымен қатар «Тұнжыр» хикаятының ағылшын жазушысының шығармасынан ерекшелгі қалада бала жоғалу жағдайының суреттелуі. Бұл мәселе қазақ балалар әдебиетінде бірінші рет көтерілді. Шығармада екі жасөспірімді қой бақтырам деп алып барған жердегі қожайынның сенімді Еламан деген өзі сияқты ересектеу баладан сұраған кезде: «-Жарайды, өзімде әне-міне айтайын деп жүрген болатынмын. Бұрын да талай балалар болған мұнда. Оларды дәл сендерше бір-екі ай шамасында жақсылап тынықтырып, ұйқыларын қандырып, құнарлы тамақ беріп, әбден семіртіп алып кетеді... Қайта оралған ешкімі жоқ...

- Мәссаған?!

 Екеудің зәре-құты қашып, қорқа бастады.

- Естуімше, - деді Еламан темекінің келесі талын тұтатып жатып. - Шын-өтірігін білмеймін, естуімше сойып, ішкі ағзадағы бүйрек, бауыр сияқты мүшелерін сататын көрінеді.

-  Сұмдық!

- Нағыз жауыздың ісі ғой, - деді екі достың жүректері одан сайын дүрсілдеп. Қара көзілдірікті, қара бұжыр өңді «шеф» өздері ғана білетін жерге алып барып, өлтіретіндей үрей биледі» [2]Жазушының авторлық позициясы қамқорсыз балалардың ішкі органдарын, дене мүшесін сатып, пайда табудың қазақ қоғамында үйреншікті жағдайға айналған қауіпті мәселесін бейнелеуімен де ерекшеленеді. Оны жасайтын басқа емес, қазақтардың өзі екенін, Рауанды қаладан алыс мекенге алып кетіп, біраз уақыт асырап, жымысқы ойларын жүзеге асырмақ болған адамдардың іс-әрекетін суреттеу арқылы, қоғамдық дерт пен қылмыстың, жаналғыш қастандықтың бетін ашады. Адамдық айуандықтың шегіне жеткен түрін көрсетеді. Автор өзінің жан-дүниесінің астарында жатқан ХХІ ғасырдағы қазақ қоғамыдағы бала өміріне қатысты қылмыстың бетін ашады. Бұл қазіргі қазақ қалаларында орын алған ең сорақы қылмыс түрі деуге болады. 

Автор позициясы «Тұнжыр» хикаятында дені сау, ақылды, көкірек көзі ояу баладан анасы ғана емес, әкесі де үзілді-кесілді бас тартқанын суреттеуден аңғарылады. Қазақ қоғамындағы ер адамдардың болмысының бұзылуын, рухының әлсіреуін, адамшылығын жоғалтуын автор Рауанның әкесінің бейнесі мен оның кезбелік өмір жолында жолыққан ер адамдардың озбыр қылықтарын суреттеуден де көрінеді. Жалпы «Тұнжыр» хикаятының авторлық позициясы көпқырлы. Шығармадағы жасөспірімдер бейнесі арқылы панасыз, үйсіз-күйсіз жүрген жасөспірімдер ішінде интеллектісі жоғары, кітап оқуды жақсы көретін, өлең шығаратын, шығармашылыққа құштар балалардың қор болған өмірін бейнелеу арқылы автордың «білімді ұрпақты жоғалтудан сақтану» позициясын байқауға болады. Сонымен қатар ХХІ ғасыр басындағы қазақ қалаларындағы базар, вокзал, автосалон, компьютерлік клубтар мен мешіт сияқты адамдар келіп-кететін, көпшілік жүретін жерлердің тұрмыс-тіршілігін,  адам мінезімен, жасөспірім көңіл-күйімен астастыра суреттеу арқылы күнделікті өмірде адамдар байқамайтын қоғамдық мәселелерге көңіл аудартады. «Кез келген көркем шығарма өмірді бейнелей отырып, оның авторының сондай немесе соған ұқсас шындық құбылысқа реакциясы қандай екенін және ол құбылысқа деген қарым-қатынасын да анықтап береді. Кең мағынасында алғанда – көркем шығарма қоршаған шындыққа деген жазушының позициясын анықтап береді» [37,33 б.] деген Б.Мейлах пікіріне  ден қойсақ, «Тұнжыр» хикаятында автордың шығармашылық тұлғасы қазіргі қалалық қазақтардың тұрмысын  жасөспірімдердің психологиясы мен болмысын, дүниетанымын бейнелеу арқылы қазақтың болашығына көз салып, бүгінгі қоғамға ой салған авторлық позициясымен құнды. 

  1. Посашкова Е.В. Повесть «нравственного урока» (на материале прозы А. Алексина и А. Лиханова) // Русская литература XX века: направления и течения, ежегодник, выпуск №2, Екатеринбург: УрГПУ, 1995. – 132 с.
  2. Әбдірайым Т. Тұнжыр. Хикаят // https://abai.kz/post/44952 (қаралды: 19.09.2023)
  3. Мейлах Б. Художественное мышление Пушкина как творческий процесс. – М., Л.: изд. Академии наук СССР, 1962. – 248 с.

Мақпал Оразбек,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия

ұлттық университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы

Бөлісу:

Көп оқылғандар