Постколониализмнің соңы: субалтерннің қайта тірілуі

Бөлісу:

16.10.2023 1596

Мақаланың алғашқы нұсқасы постмодерн түрік әдебиетіндегі «Екінші жаңашылдар» ағымының көрнекті өкілі, ақын Сезаи Каракочтың 90 жылдығына арнайы дайындалған онтология үшін жазылды. Түркия түрікшесіндегі мәтін атауы: «Postkolonyalizmin Sonu: Madunun Dirilişi». Қазақ тілінде жариялау үшін қайта өңделді және кей тұстары түзетілді.

                        Автордан 

Постколониализм – отаршылдықтың мәдени мұрасына талдау және оның жаңа қоғамға жасайтын ықпалын зерттеуден тұратын бірегей постмодерндік интеллектуалдық дискурс. Отарлық мемлекеттер мен отарланған халықтар арасындағы шиеленістің өркениетке әсері мен  «Бірінші әлем (үстем) мен Үшінші әлем (бағынышты) арасындағы жалпы жаһандық қарсылықты назарда ұстайды. Жалпылай айтқанда, постколониализм – батыстық центризмге, отаршылдық идеологияға, саяси және экономикалық детерминизмге сын. Сәйкесінше шек пен шекарасы классикалық «қабырғалармен қоршалмаған» аталған ғылым саласының таным аясы да сонау колониализмнің алғашқы кезеңдерінен бастау  алады. Өзіндік терминологиясы мен теориясы тарихилық тұрғысынан маңызды рөл ойнайды. Зерттеуші Роберт Янгтің тілімен айтатын болсақ, постколониалистік теорияның терминологиясымен, оның концепцияларымен, құпиялы тілімен алғаш жолыққан кез-келген адам таңқалуы, әрісі қорқуы мүмкін. Себебі диаспора ұғымынан бастап, субалтерн ұғымына дейін ұшан-теңіз концепциялардың барлығы постколониализм саласына басқа салалардан «қоныс аударған». Осы тұрғыдан алып қарағанда, постколониализм Батыстық немесе Батыстық емес деген категорияға жатпайтынын аңғара түсеміз. Ол – Батыстық және Батыстық емес сынды екі ұғымның синтезінен пайда болған диалектикалық нәтиже. Міне, осы және өзге де танымдамаларға жалпылай тоқтала келіп, бүгінгі жазбамызды постколониализм және оның субалтерн термині аясында жүргізбекке ниеттіміз. 

Постколониялық зерттеулерде субальтерн барлық азшылық топтарымен, әсіресе жынысы мен этникалық ерекшеліктеріне байланысты маргиналды топтармен синоним ретінде қолданылады. Өйткені отаршылдық өзіне ұқсамайтындарды, яғни қол астындағыларды шетке ысырып, маргиналдарды езгіде өмір сүруге мәжбүр етеді. Ал бұл «мәжбүрлік» отарлық кезеңде де, отарлық кезеңнен кейін де түрлі саяси сылтаулармен орын алып отырады.  Мұның айқын көрінісі ретінде постколониалист теоритик Роберт Янгтің «Постколониализм: Тарихи Кіріспе» кітабында  жылдар бойы қаналған және бұл қасіреті бүгінге дейін жалғасқан субалтернді жалпылама бір объектіге, яғни өндіріс құралына айналдыру мақсатында жүзеге асырылған өткен ғасырдағы тарихи оқиғаны былайша сипаттайды: 

«1922. Бағдат. Таңертеңгілік базарлардың жұмысынан көтерілген шаң жерге қонады. Топ-топ болып жүрген балалар мектептен үйлеріне қайтып келеді. Қаланың түкпір-түкпірінде «Бисмилләһиррахманиррахим» деп ұрандаған адамдар бірге отырып ас ішеді. Тыныштықты аспанда ызылдаған моторлардың дыбысы бұзады. Британдық корольдік әуе күштерінің (RAF) эскадрильясы жоғарыдан өтіп барады. Арада бірнеше минут өткенде алыстан әлдебір гуілдер естіледі. Ұшақтар төбешіктерге салынған ауылдарға кенеттен бомба тастады. RAF эскадрильясы көтерілісші колонияға қарсы бірінші рет қолданылған болатын. (...) Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде түріктерден тәуелсіздік аламыз деп уәде етілген, бірақ 1919 жылғы Версаль конференциясымен Ұлыбритания билігіне өткен Ирак тайпалары бастырылуда. (...) Осылайша, отаршылдық зорлық-зомбылық «бейбітшілік орнату» атауымен орын алса, постколониялық зорлық-зомбылық постколониялық субьектіні субалтерн статусына қайтару мақсатында жүзеге асырылды» (Роберт Янг: 2016: 391). 

Оқып отырғаныңыздай, колониалды «бейбітшілік орнату» мақсатында немесе постколониалды субалтернді өзіндік субъектілігінен айырып, оны қайтадан менталды қапасқа қамау ниетінде отаршыл елдердің постколониялық қоғамды Басқа ретінде көріп, Басқаны оларға физикалық және метафизикалық тұрғыдан бағынуға мәжбүрлеу үшін жүргізілген саясат деп білеміз. «Бейбітшілік», «тыныштық» сынды абстрактілі сөздерді ұрандатып, қаншама мемлекеттердің физикалық және метафизикалық «бомба» астында қалғанын көзі ашық кез-келген оқырман сезіп/біліп отыр деген ойдамыз. Қанша жерден империализмнің күлі көкке ұшып, классикалық отарлау саясатының қабырғасы сөгілгенімен, су секілді сусылдап тарих сахнасына барлық колониялизммен жатыры бір неоколониализм де «ескі отаршылдық саясаттың қолданған дін, білім және мәдениет арқылы» (Кваме Нкрума: 1966: 16) постколониалды субъектіні «өз қамасында» ұстауға тырысады. Бұл үшін белгілі бір мекенді жаулап алудың немесе ашық түрде соғыс ашудың қажеті жоқ. Бүгінге дейін қожайын өзінің қожайындылығын дәлелдеу үшін құлға, ал құл өз құлдығын дәлелдеу үшін қожайынға тәуелді болса, ендігі уақытта мұндай дихотомияның орнына қожайын мен құл статусы бірігіп үлкен бір эллюзияны құрайтын мүмкіндік алады. Нәтижесінде мұндай эллюзияның ішінде символдар мен белгілер (бейбітшілік/тыныштық) ғана бар болып, ал эллюзияға толы субъектілікке қол жеткізген адамдардың барлығы бұл процессті қозғаушы элементтері кейпіне енеді. Міне, осы үшін де субалтерндер бұрынғы отаршыл елдерге еңбегін басқалар қанаған адамдар ретінде ғана емес, сонымен бірге мәдени бостандықтары өлтірілген, рухтары кемшілікке ұшыраған адамдар ретінде бағынышты болып қала береді. Себебі оның басқа эллюзияға баратын/сенетін қауқары да, ақылы да жетпейді. 

Қазақ тіліне бағынышты/тәуелді деп аударылған субальтерн ұғымы негізінен «суб» және «алтерн» сөздерінің бірігуі ретінде пайда болған. «Суб» сөзі бағыныңқы, бағынышты мағынасын білдірсе, «алтерн» сөзі басқа, өзге мағынасына сәйкес келеді (Мериам Вебстер; 2010: 16-17). Бірақ біз аталған терминді қазақ тіліне аудармай, өзгеріссіз субалтерн деп қолдануды жөн көрдік. Ал енді осы субалтерн термині жайлы сөз қозғалғанда тіліміздің ұшына, жүрегіміздің төріне бірден жайғаса кететін бір адам бар болатын болса, ол – Гаятри Чакраворти Спивак. Спивактың пікірінше, субалтерн ұғымы «бұйрық беретіндер емес, бұйрық алатындар» дегенді білдіреді (Спивак, 2022: 19). Бірақ осы «бұйрық алуға бейімділердің» атынан сөйлеп, олардың хал-ахуалын жер-жаһанға жеткізем деген интелектуалдар да оларды менталды және сентименталды түрде басып-жаншығатыннан басқа ештеңе жасамайды дейді Спивак. Себебі мұндай процесс кезінде субалтерн өзіндік субъектілікке қол жеткізе алмай , тек қана пассивті объект болудан аулаққа бармайды. Нәтижесінде өздеріне қатысты барлық парадигмалық соғыстардан өздері қатыспаса да жеңіліп, әлеуметтік және психологиялық тұрғыда тікелей немесе жанама түрде отаршыл мемлекеттердің үстемдігінен құтылу мүмкіндігінен алыстай береді. Ал мұнда Роберт Янг атап өткендей, адамдарды субалтерн статусына түсіру мақсатында жүзеге асырылған постколониялық зорлық-зомбылық та қанаушы халықтың атынан сөйлеу әрекетінен басқа ештеңе емес. Постколониалист Франц Фанонның сөзімен айтсақ, субалтерндерді «темір перденің» артында қамап ұстауға тырысатын «отаршылдық ойлау қабілетіне ие машина да емес, пайымдау қабілетіне ие дене де емес. Отаршылдық – жап-жаңалаш зорлық-зомбылық» (Фанон, 1965:48). 

Мұнымен қоса, сөз болып отырған отаршылдық та қаналған халықтардың субалтерндік қапасқа физикалық және метафизикалық тұрғыда қамалғандарынан және оңайшылықпен шықпайтындарынан хабардар. Өздері үшін сөйлей алмайтынын да, қалай сөйлеу керектігін ұмытып қалғанын да біледі. Сәйкесінше жылдар бойы отарланған халықтар «бұрынғы қожайындарына» мәдени жағынан да, ой-сана жағынан да бағынудан басқа шара таба алмағаны ащы болса да шындыққа айналады. Әрине, «ескі қожалардың» басты мақсаты – субалтерндерге қандай жағдайда да өздерінің үстем екенін ұмыттырмау. Бұл тұрғыда субалтерн терминнін түсіндіру үшін Делез бен Гуаттаридің терминологиясымен сөйлейтін болсақ, субальтерн «ағзалы дене» (Делез, Гуаттари, 2020:23). Өйткені ағзасыз дене ғана үстіне тату секілді ойылған бөтендік сезімін білдіретін барлық қағидаларды жоққа шығарады. 

Бірақ субалтерн ағзалы дене ретінде әрқашан отаршылдық шеарасының ішіне құрықталған: бұл сөйлемді сәл көрнекілендіріп – субалтерн отаршылық лабиринтінен ешқашан шыға алмайтын Минотавр – десек ұғымның тарихилығы мен мәдени аспектісі тереңдей түседі деген ойдамыз. Бірақ субалтерн Минотавр секілді жалғыз емес. Франц Фанонның «қара нәсілді тәжірибесі екі жақты, өйткені қара нәсілді жоқ, қара нәсілділер бар» (Франц Фанон, 2022:110) дегені сынды субальтерннің даралығы жайлы сөз айта алмаймыз. Себебі субалтерндерде индивидуалдылық деген жоқ, олар жалпы, яғни көпшілік мәнге ие. Әлеуметтік және негізгі құқықтардан айырылған, таптық кемсітушіліктің астында қалған және гендерлік теңсіздікке ұшыраған қоғам – субалтерн.  Енді осы жерде дәл осындай ментал мен сентименталдың ішінде субалтерн қалайша индивидуалдылыққа қол жетізе алады, маргиналданған субалтерндер қалай субъект болады, постколониялық зорлық-зомбылыққа қалай қарсы тұра алады,  өз болмысына бет бұруы, қайта тірілуі қалай жүзеге асуы мүмкін –деген сұрақтар туындайды. Бұдан кейінгі жазылған мәтіндерде осы және өзге де сұрақтарды постмодерн түрік ақыны Сезаи Каракочтың насыр түрінде жазылған шығармаларын басшылыққа ала отырып жауап беруге тырысамыз. 

Әлқисса, Сезаи  Каракоч – 1933 жылы Түркия, Диарбақыр қаласында дүниеге келген ақын, жазушы, саясаткер. Түрік поэзиясын жаңа тілмен ерекше өрнектей білген ақынды кей әдебиеттанушылар постмодерн Түркия өлеңінің метафизикалық негізін салған қаламгер деп бағалайды. Түркия постмодерн поэзиясының ең басында тұратын қаламгер, Сезаидің досы Жемал Сүрейя ақынды «Сезо» деп атап, оны «Мехмет Акиф пен Неджип Фазылдың синтезінен құралған ақын» деп сипаттайды. Шығармашылық өмірінде әдебиеттің бірқатар жанрында қалам тербеген жазушының барлық ой-пікірлерінің эпицентрінде «Қайта тірілу» концептісі жатыр: «Рухтың қайта тірілуі», «Адамдықтың қайта тірілуі», «Қайта тірілген ұрпақтың тәубесі», «Исламның қайта тірілуі», «Қайта тірілуді сүйіншілеу» сынды бірнеше макро және микро деңгейде классификациялап, «Қайту тірілу» концептісін жан-жақты және терең зерттеуге, түсінуге, түсіндіруге тырысады. Біз де аталған концепт аясында Сезаи Каракочтың қаламында постколониализм мен оның салдары туралы нендей тұжырымдар мен талдау жасалғанына қал-қадіріміз жеткенше көз жүгіртіп, жоғарыдағы сұрақтарға жауап іздейтін боламыз.

Өзге де отар мемлекеттер секілді толықтай отарланбаса да, тәуелсіздік үшін күресуге мәжбүр болған мемлекет ретінде өзіндік орны бар (Роберт Янг, 2016: xiv) Түркияның ұлт зиялылары арасында, әсіресе Сезаи Каракочтың шығармаларында субалтерн термині арнайы қолданылмаса да, отарланған халықтардың/индивидтердің жағдайы, қайта тірілуі, азаттығы, құқықтары, болашағы туралы көптеп жазылған.  Яғни, Батыс зиялылары сияқты еуроцентристік көзқарасты ұстанбай, керісінше, бүкіл тарихи үдерісте қарым-қатынас орнатқан үшінші әлем елдеріндегі субалтерндердің сөз сөйлеуіне, қайта жандануына елеулі үлес қосқан десек артық айтқанымыз емес.  Сезаи Каракочтың пікірінше, «қайта тірілу тек қана саяси жүйе емес; тек экономикалық емес, жай ғана әлеуметтік шешім емес. Оның ауқымы өте кең. Метафизикалық болсын, әлеуметтік болсын, саяси немесе тарихи болсын, қай қырынан алып қарасақ та, қайта тірілу барлық сұрақтарымызға толыққанды жауап береді. Күрмеуі шешілмес барлық мәселелерге бір шешім ұсынады». Мұны енді постколониалды тұрғыда интерпретациялайтын болсақ, Қайта тірілу ұғымы – субалтерннің атынан сөйлеуге емес, субалтернді өзіне сөйлетуге, оны қайта тірілтуге ықпал етеді. Бірақ «қайта тірілу өткеннің қайталануы емес, жаңаның жаратылысы» дейді Сезаи Каракоч. Десе де, қайта тірілудің ешқандай негізі жоқ, терең тамыры жоқ, ешқандай өткенмен байланыссыз деп ұқпағанымыз жөн. Себебі қайта тірілу  өзінің болмысында ескірмейтін жаңалықты қамтитын жаңа формация.

Сезай Каракочта «Қайта тірілу ұғымы» бидай дәніндей шашылған ұлттардың негізін қалыптастыру аясында көп өлшемді ұғым ретінде ойластырылып, әрекет ретінде өмірге келген. Қайта тірілу, Батыстың идеяларына, Батыс ойшылдарының Батыс шекарасының сыртындағы әлемді субъектісіз бағалауларына, бағамдауларына, тіпті Батыстың өзіне қарсы бас көтеру деп ұққанымыз жөн. Әрісі, ешқандай филтірсіз Батыс идеяларын қабылдап, Батыс стандарттарына негіздеген болмыс жаратуға талпынған және олардың ғасырлар бойы жүргізген мәдени империалдық әрекетіне, отарлық саясатына көз жұма қарап, бұларды өз пайдасына айналдыруға тырысқан жандарға қарсы көтеріліс деп есептеуге де болады. Осы үшін де Сезаи Каракоч бізді отаршыл Батысқа емес, өзімізге ұқсауға/болуға шақырады. Оның пікірінше, Қайта тірілу - алыптар немесе ергежейлілер дихотомиясын құрған батыстық утопияларға қарсы тұратын пікір/иммунитет. Өйткені «Отаршылдық жүйесімен Батыс өз шекарасынан тыс елдердің табиғатына үстемдік жасап, бақылап қана қоймай («өзінің тіршілігін қорғап»), сонымен бірге сол елдердің қоғамына қысым көрсету («өзін-өзі жою») механизмін орнатқан-тын» (Билгин Гунгор, 2018:16). Мұндағы «өз-өзін жою» механизмі деп отырғанымыз, отаршылдық саясаттың негізінде Батыстық ой-пікірлер алдыңғы орынға шығып, осы пікірлер мен ойлардың жолында өзінің тарихи және мәдени болмысын құрбан етуді айтқымыз келеді. Сезаи Каракоч осы тұрғыда, «Батыстық стандарттардың негізінде Исламға деген иманымыз бен сенімімізді жойдық. Сенім мен имандылықтың төбесіне көлеңке түскен сайын жалғыз құтылудың жолын, тірі қалудың амалын өзімізді батыстандыру деп білдік. Осылайша, күннен күнге күшейіп, тереңдеп бара жатқан мәдени империализм мен автоколонизацияның құрбаны болдық» дейді (Сезаи Каракоч, 2014: 20). Нәтижесінде постколониалды дискурста отарланған халықтар арасында мәдени өзгерістер көптеген проблемалардың дүниеге келуіне себепші болды. Мысалы, осындай проблемалардың бірі – отарланған халықтардың өзіндік идентификациясы. Тек осы проблеманы шешу үшін маргинализацияланып идентификациясын жоғалтқан яки гибритизацияланған субалтерндердің қайта тірілуі қажет. Онсыз ешқандай «ояну» мен « аяққа тұру» жайлы айта алмаймыз. Демек, Сезаи Каракочтың ұғымында қайту тірілу түрік-ислам мәдениеті қалыптастырған тұлғаның ішінде антропоцентристік жол іздейді» (Ферхат Ағырман, 2022:14). Метафизикалық/тарихи/әлеуметтік тұрғыда аталған концептіге қайта қарайтын болсақ, оның имманетті екенін аңғаруымызға болады. Бірақ Қайта тірілу толықтай қазіргі шақтан, постмодерндік қоғамнан іргені аулақ салу дегенді білдірмейді. Бұл – тарихтың тұманды көшелерінде көз жазып қалған ұлттық идентификацияны табу үшін жаңаруды насихаттайды. Бұл – өткенмен есептесу, болашақпен санасу, тарих көшінде қалыптастырған құндылықтарымызды қайта қарау, қайта қолға алу үшін қайта дүниеге келу. 

Сезай Каракоч мұсылмандардың ғасырлар бойы жалғасқан дағдарыстарының түбінде идентификациясынан/ болмысынан айырылу жатқанын айтады. «Мұсылмандар крест жорықтары мен моңғолдардың, сосын қазіргі заманда батыстықтардың үздіксіз шабуылдарының кесірінен өздерінің болмысын жоғалтып, тіпті өз болмысына күмәндану дәрежесіне жеткен. Осы үшін біздің дәуірімізде ислам ойшылдары мұсылмандардың болмысын қайта анықтауға міндетті. Бұл анықтама қайта туудың бірінші шарты» дейді Сезаи Каракоч (Каракоч, 2013:123). Мәселенің эпицентіріне болмыстың дағдарысын қойып «...Алланың бар болуы алдында өз менін жойған мүмін ғана ең тұрақты болмыс пен ең тұлғалық көзқарасқа қол жеткізеді» (Каракоч, 2013: 123) деген пікірін басшылыққа алатынын, яғни «осы дағдарыстан шығудың жолы ретінде метафизиканы қайтадан өмірде үстем ету керектігін алға тартатынын» (Ферхат Ағырман, 2022:14) аңғарамыз. 

Сезаи Каракочтың пікірінше, қайта тірілу ең әуелі ойдан, сосын сенімнен, кейін әдебиет пен өнерден, ең соңында  өмірлік салттан басталуы керек. «Ойларымыз, сенімдеріміз қайта тірілген сәтте-ақ, мінез-құлқылымыз тіріле бастайды дейі Сезаи Каракоч (Каракоч, 2014:51). Осылайша қайта тірілген субалтерн өзінің идентификасын тауып, шынайы болмысынмен жүздесіп, өзінің маңызды миссиясына бет бұрады. Ал бұл миссия –Исламның тірілуі. Яғни, «Ислам өзінің барлық салтанатымен «аяққа тұрған» кезде, капитализм, христиандық, коммунизм және нәсілшілдік идеялары  арыстанды көрген жануарлардай індеріне тығыла кетеді (Каракоч: 2014: 51). Себебі бүгінге дейін капитализмнің мақсаты – субалтерді езу; коммунизмнің мақсаты – оны шынжырлау, гетеродоксидтің мақсаты – субалтерннің жарығын сөндіріп, оны қараңғылық сиқырында жансыздандыру болатын. Субалтернді осы бір қанау мен шынжырдан босатып, оның әлеміне жарық сыйлайтын үрдіс –Исламның тірілуі дейді ақын. 

Оның айтуынша, жылдар бойы отарланған үшінші әлемнің батыстықтар сияқты Батысқа бейімделуі мүмкін емес. Өйткені отарлаушы мен отарланушы немесе құл мен қожайын дихотомиясына құрылған Батыс метафизикасы мұндай бейімделуді қаламайды: «Арийлік нәсіл идеясы Батыс өркениетінің дүниетанымында Рим мен Грециядан бері жалғасып келеді. Олардың арасынан кейбір философтар шығып, адамдар тең деп айтса да, еуропалықтардың санасында біз ақ нәсіл, жоғары нәсіл, басқа адамдар біздің тұтқын, біздің қызметшіміз болуы керек деген түсінік бар. Ең өкініштісі, бұл идея ешқашан өзгермейді. Яғни, арий нәсілінің шекарасы Еуропаның географиялық шекарасы. Оның сыртындағылар әрқашан субъектілер немесе колониялар болып саналады» (Каракоч, 2012, 48). Әлі күнге дейін үшінші әлемнің жаратушысы (Фанон) болып есептелінетін Еуропа өзінің саяси және экономикалық үстемдігін субалтерндерге психологиялық және әлеуметтік тұрғыда көрсетіп келеді. Сәйкесінше, нәсілдік үстімділікке негізделген өнеркәсіптік дамулардың өзі де Батыс стандарттарының сыртындағы субалтерндерді өздерінен алшақтады және үнемі өздерінің биік екендерін еске салып отырады. Бірақ Сезаи Каракоч «бұл кезеңдегі еуропалық идеологиялар Азия мен Африкада ғасырлар бойы өздері күткен реакция тудыра алмады. Себебі  ұзақ уақыт бойы Азия мен Африкадағы еуропалықтар жаңа өркениет пен жаңа дауыстың иелері емес, қуатты варварлар ретінде көрінді. Дәлірек айтсақ, Африка оны сиқыршы, Азия варвар ретінде есептеді» дейді (Каракоч, 2014:8). Бүгінге дейін Еуропадан айқұлақтанып шыққан барлық идеологияның түп төркіні жоғарыда айтқанымыздай Шығыстың отарлаудан әрі асып кеткені некен-саяқ. Мысалы, Каракочтың пікірінше, марксизм де отаршылдықтың негізін салған капитализм сияқты қауіпті. Өйткені марксизм – сенім әлсіреген жерде өсетін ой саңырауқұлағы. Сенім жоқ жерде марксизм пайда бола бастайды деген Каракоч үшін нағыз апиын дін емес, марксизмнің өзі. Өзінің «Күнделік жазбалары» атты еңбегінде «Батысқа қарсы шыққан коммунизм шын мәнінде исламның таралуын тоқтату үшін енгізілген және батыстықтарды жасырын түрде қолдайтын сепаратистік қозғалыс» деп бағалайды (Каракоч, 1999: 534) . Басқаша айтқанда, «коммунизм шығыс жылтыры бар батыстық жүректен басқа ештеңе емес» (Каракоч, 1999: 467).

Барлық кезеңдер мен жағдайларда отаршылдық менталитетін жоғалтпаған Батыс өзінің негізгі рухани эликсирін әлі күнге дейін әлемдік үстемдік принципі деп бағаланатын рим империя идеясынан  алады. Яғни, кешегі римдіктердің әлемге үстемдік пен әлемдік тәртіп орнату идеалсы бүгінге дейін барлық Еуропа әлемінің арманы. Рим империясының күйреуі батыстықтардың жан-дүниесі мен сана-сезімінде  орны толмас қасірет кейпінде. Басқаша айтқанда, барлық Батыс қоғамдары әрқашан Рим империясының қайта орнағанын қалайды және осы идеологияда аянбай қызмет етеді. Сәйкесінше патшалық, фашизм, нацизм және тіпті коммунизм Римді басқа жолмен қайта тірілтудің идеясы ретінде тарихта өз іздерін қалдырып отырғанын көруге болады. Бүгінгі таңда Американың өзі де жаңа Римнің қабырғаларын қалауды қалайды. Еуропаның күндіз-түні бір тынбай ойлайтын Рим империясы –әлемдік гегемония, өзгеге қолданғысы келетін үстемдік, «әлемнің жаңа тәртібін» қадағалауға ие болудан басқа ештеңе емес. Ал бұл «жаңа тәртіп» Рим империясын қайтадан жүзеге асыру арқылы ғана орын алады» (Каракоч, 2012: 86). Мақаламыздың алғашқы жолдарында Роберт Янгтан келтірген сөйлемдерді еске алсақ, Батыстың бүгінгі Таяу Шығыста жүзеге асырған жоспарының Рим идеясына сүйенген тарихи жоспардан еш айырмашылығы жоқ екенін аңғара аламыз. Осы себепті, яғни Рим идеясына қарсы «Исламның қайта тірілуі», дүние жүзінен линчке түсуден қорыққан субалтерндердің Еуропаның үстемдігінен азат етілуі және әлем тыныштығын жүзеге асыруы үшін аса қажет. Сондықтан Сезай Каракочтың пікірінше, «жеке тұлғаның (субалтерннің) өз болмысын түсіну шарты оның тұлға ретінде болмысына жету арқылы орын алады. Ал ол тек қана Алланы тану арқылы ғана шындыққа айналады» (Ферхат Ағырман, 2022:15). Өйткені субалтерн Құдайға сеніп, Оның дәрейінде өмір сүрмейінше, өзінің қайта тірілуін толық түсіне алмайды.

Қиялында Рим империясын қайта құру жайлы оймен өмір сүретін Еуропа үшін Батыс сыртындағы елдердің субалтерн қамытынан шықпағаны маңызды. Себебі Батыс Азия мен Африка секілді елдердің қайта тірілуі, онда ислам идеясының дамуы ғасырлар бойы қалынған қабырғалардың сөгілуіне алып келеді. Мұндай «қасіреттің» алдын ала үшін ислам дінін ұстанушылардың арасына үздіксіз іріткі салып,  барынша шатастырып, өз пайдаларына жаратуға күш салады. Осы себепті исламның қайта тірілуі Еуропа мемлекеттерінің арасында ең көп назар аударылған және ең көп ойландырған мәселелердің біріне айналып отыр дейді Сезаи Каракоч . Демек, отарланған һәм отарланбаған Шығыс елдері бірігіп, Ислам Одағы жүзеге асатын болса, субалтерндердің де қайта тірілуі жүзеге асады. Ал субалтерндердің қайта тірілу идеясының эпицентрінде өркениет феномені жатыр. Исламда ол ең алдымен өркениет пен тарих перспективасын тұтастай қарастыру әдісімен әрекет етеді. Исламды өркениет ретінде қарастыру – оны метафизикалық тұрғыдан, яғни сенім тұрғысынан, сонымен қатар тарих, ғылым, өнер мен әдебиет, мәдениет тұрғысынан қарастыру деген сөз. Яғни, қайта тірілу қазіргі исламдық қозғалысымыздың өзегін құрайтын болады. Бірақ қайта тірілу құтқаруға шақыру емес, бірге құтқарылуға шақыру деген ұққанымыз жөн. Бұл мәңгілікке шақыру. Қайта тірілу идеясы ешкімді құтқарамын демейді, бірақ құтқаруды бірге іздеуге және табуға және оның қуанышын бөлісуге шақырады (Мунире Бас, 2005: 178-182). Нәәтижесінде қайта тірілу субалтерндерге еркіндік алып келеді. Еркіндік өз кезегінде жауапкершілікті «бар» етеді. Бірақ бұл өз бойында басталып, өз бойында аяқталатын, туып, бойында орнайтын еркіндік емес, Құдайдан келетін еркіндік екенін де білу керек. Өйткені қайта тірілу белгілі бір күрес арқылы субалтерн мен оның мазмұнын ашу деген сөз. Адамның бұл жерде ашатыны - өзінің болмысы, шынайы болмысы.

Қорытындылай келе, Сезай Каракочтың «Қайта тірілу» концепциясы постколониализм тұрғысынан қоғам құрылысының өз қызметін атқаруы, өзіндік мәнін табуы және өзіндік субъективтілігіне ие болуы үшін қалай болуы керектігін білдіреді. Сондықтан «Қайта тірілу» ұғымы мен идеясын жұмыртқа метафорасы арқылы түсіндіре аламыз. Осы уақытқа дейін отаршыл мемлекеттер, дәлірек айтсақ, Батыс қайта тірілу атын жамылған жұмыртқаны сыртынан сындырса, енді субалтердер оны іштен сындыруы керек. Солайша субалтерн қайта өмірге келіп, сөйлейтін болады. Сөзімізді әрмен қарай жалғастыру үшін жазба ішінде Франц Фанонның «Отаршылдық – жап-жалаңаш зорлық-зомбылық» деген сөзін қолданғанымызды есіңізге түсіргініміз келеді. Аталған сөйлемді Франц Фанон «Отаршылдық – жап-жалаңаш зорлық-зомбылық, ол тек өзінен зор зорлық-зомбылыққа тап болған кезде ғана басын иеді» (Франц Фанон, 1965:48) деп тамамдайды. Фанонның дүниетанымындағы отаршылдыққа қарсы зорлық-зомбылық ұғымын шын мәнінде күш/қуат деп емес, Сезаи Каракоч тілдік бірлігінде қолданылған «Қайта тірілу» деп түсінетін болсақ жолымыздың дұрыс бағытта болғаны. Басқаша айтқанда, Шығыс елдерінің тағдырына мөрленген отаршылдық зорлық-зомбылыққа қарсы – өзінен зор «зорлық-зомбылық» субалтерндердің үні және олардың «қайта тірілуі» дер едік. 

 

Әдебиеттер тізімі:

Ағырман Ф. (2022). Экзистенциализм және Сезай Каракоч туралы, Sağla Literature журналы, Сезай Каракоч арнайы саны, 2022 жылғы мамыр, саны: 8, 12-17 б.

Baс, M. K., (2005), Сезай Каракочтың ойы мен өнеріндегі негізгі ұғымдар, (диссертация жетекшісі: проф. доктор Али Йылмаз), Анкара университеті, Әлеуметтік ғылымдар институты, Ислам тарихы және өнері бөлімі (түрік-ислам әдебиеті), Анкара, (докторлық диссертация).

Билгин Г. (2018), Постколония және әдебиет. Түрік әдебиетіндегі отаршылдыққа көзқарас, Хеже басылымдары, Анкара.

Делез Г, Гуаттари Ф., (2020), Эдипке қарсы. Капитализм және шизофрения.

Фанон Ф. (1965), Жердің бейшаралары, (транс. Констанс Фаррингтон), Лондон, МакГиббон және Ки.

Фанон Ф. (2022). Қара тән, Ақ бетперде (транс. Орчин Туркай), Метис, Стамбул.

Каракоч С. (1999), Күнделікті мақалалар. Баған, Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Каракоч С. (2012), Шығар жол I, Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Каракоч С. (2013), Шығар жол III, Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Каракоч С. (2013), Метафизика тұрғысынан көкжиектер және арғы мекен III, Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Каракоч С. (2014), Исламның қайта тірілуі, Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Каракоч С. (2015), Адамзаттың қайта тірілуі. Дирилиш басылымдары, Стамбул.

Нкрума К. (1966). Империализмнің соңғы кезеңі, жаңа отаршылдық (транс. А. Сарыджа), Білги баспасы, Стамбул.

Спивак Г., С., (2016). Субалтерн сөйлей алады ма?, (транс. Эмре Коюнчу), Дипнот, Анкара.

Йылмаз З, Ш., (2017), Уве Тиммнің Моренга романы мысалында неміс әдебиетіндегі постколониализм, Ақшақ басылымдары, Анкара.

Янг, Дж. Роберт (2016). Постколониализм: Тарихи кіріспе.

 

Бөлісу:

Көп оқылғандар