Сағатбек Ернұр. Құтаяқ

Бөлісу:

23.10.2023 1701

 Құтаяқ 

Інім Нұрсұлтан қалаға келгенде жақсы ой салып кетті. Ескі естелік - жаңа идея. Артынша уатсапты аштым. 

- Дөнәй әпке, қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? Үй іші аман ба? Әпке, мен бір әңгіме жазсам деп едім Құтаяқ туралы. Сол қайдан келген күшік еді? Толық айтып беріңізші маған. 

- Ено, бәрі жақсы. Әй, одан да мен туралы әңгіме жазбадың ба? - деді. 

Мен үндемедім… 

- Өжеттегі Бекболат көшесімен келе жатсам, өз доп-домалақ күшік алдымнан шығып, артымнан қалмай ілесіп келді. Содан өзім пәтерде тұрсам да, асырап баға бердім. Сол кезде ауылға бару керек болды, ол уақта автобус жүретін еді ғой ауылға. Қорапқа салып алып кеттім. Тастап кетуге үйде қарайтын ешкім болмады…- деп хатын аяқтады Гүлнар әпке. 

Гүлнар әпке - көрші үйдің кіші қызы. Біздің әкемізбен жасы шамалас. Біз ес білмей тұрғанда баласы шетінеп, арынан күйеуі қайтыс болыпты. Содан бері тағдырдың тауқыметін талғамай көтерген табанды қыз әке-шешесі мен бауырының бала-шағасын бағуды өз міндетіне алған. Иә, әпкеміздің қаладан әкелгені осы жалғыз домаланған күшік емес. Бар тапқан таянғанын Мақсат ағаның топты бала-шағасына деп таситын. Өзі келе алмаса, автобустан сөмке-сөмке, тең-тең қылып салатын да жататын. Өзі келгенде екі үйдің бала-шағасы орталық көшеге қарай “Ооо, Дөнәй тәтем, Дәу тәтем, келе жатыр!” деп көшені басымызға көтере жүгіретінбіз. Артынып-тартынып жеткен әпкемнің әрқайсысымызға үлестіретін базарлығы болатын. Екі езуіміз құлағымызға жетіп, бізден бақытты адам жоқтай болып үйге келеміз. Дегенмен ұры көңіл алып ұшып “Қалған сөмкелерінде не бар екен? Оларды неге ашпады екен?” деп қайтатынбыз. Ертесі көрші үйдің бала-шағасы бізде болмаған жарқыраған жап-жаңа киімдерін киіп шығатын. Сонда ішімде қызғаныштың оты тұтанып, бораны ұлып “Біз қашанғы қалалықтардың қысқарғанын киеміз, а? Шіркін, бізде де осындай асыраушы әпкеміз болар ма еді?” деген арызқой арманның жетегінде кететінмін. Еее, балалық-ай, қыздың бергені құмға құйған су сияқты көзге көрінбейтінін қайдан біліптік? Әпке-қарындас деген халықтың еңбегі - жат жұртта ғана еленетінін қайдан біліппіз? Бұның бәрі Дәу әпкемнің “мен көрген таршылықтың дәмін осылар татпасын” деп, өз жастығын шиеттей бауырларының болашағы жолында құрбан еткен ерлігі екенін қайдан біліппіз. Сізді қатты жақсы көрем, Әпке! Бір күні әпкеміз қаладан күшік алып келді. Бұл енді екі үйге бөлінбейтін базарлық екені бесенеден белгілі. Жамалқан апа күшіктің атын “Құтаяқ” деп қойды. Қазақ босағадан оң аяғымен аттаған келіннің аяғынан ғана емес, босағаның түбіне біткен иттің аяғынан да құт күтетін халық. Сағыныш досым “Гамаз” деп сымға байлап салдырлатып сүйретіп жүретін темір дөңгелегін тастап, кәндек күшігін сүйретуін бастады. Гүлнар әпкем келесі келгенінде Құтаяқ сары автобустың аялдамасына бізбен бірге бара алатын, бір қар басқан ит болып күтіп алды. Әпкем басынан сипаған сайын ескі досын танып, құйрығын бұлғаңдата берді. Сол үйден өскен әрбір қарадомалақтың қолынан сүйек жеп өскен Құтаяқ текті ит болып шықты. Ауыл-үйді аралап сүмелеңдейтіндердің маңына да жуымайтын. Құтаяқ десе, дегендей-ақ, осы шаңыраққа құт болды, береке келді. 

Қоңыр ғана тіршілігі бар қарапайым шаруаның мал басы да, жан басы да өсті. Қатар өсіп келе жатқан төртеу едік, бір күні олар алтау болып шыға келді. Соған қарай Дәу тәтемнің сәлем-сауқаты да көбейе түсті, келуі де жиілей берді. Сан жағынан қалып қалғанымызға ішім удай ашыды. Сәлемдеме туралы айтпасам да белгілі ғой. Не керек, текті ит иесін жақсы көретінін олардың аяқ киімдерін ұясына тасып, бауырына басып жататынынан байқататын. Үйіне құт кіргізген Құтаяқ аулаға кірген есек пен сиырдың құтын аямай-ақ қашыратын. Сонда Құтаяқтың тілеуі осы қоршауда өсіп жатқан бір тал картошканың бүлінбей, бір тал өріктің мыжылмай бала-шағаның аузына жеткені секілді көрінетін. Сол үйдегі кенже қыз Ханымның тілі “Дұтаяқ” деп шыққан. Кейін “Құтаяқты байла” дегенді “Дұтаяқты майла, майла” деп бәрімізді күлкіге қарық қылған. Бұдан айтайын дегенім: өзі адам қаппайтын итті кейде байлап қоятынын қазір ойласам күлкім келеді. Сосын оны Нұрсұлтан мен Серікбол шынжырымен сүйретіп шығып шанаға қосады. Бойы балтырдан келетін байғұс қарға мылтығып жүре алмай ышқынады. Шаршаған жерінде аяғын көтеріп “Жібер” дегендей жалынып жата қалады. Екі шатпақ үйден ұзатып алып шығады да, шанасын шешпей қоя береді. Босай салысымен омбы қарда қомпаңдап үйге қарай шанасын сүйретіп дедектеп барады. Анау екеуі күлкіге қарық болады. Өстіп жүріп бәріміз ержеттік. Дәуілдек атамыз дүние салған соң көршілер көшуге бекінді. Азғантай малды сатып, бар-дүниесін буып-түйіп “Қайдасың, Алматы?!” деп үйірлі жан үйінен аттанып кетті. Бала-шағаны Гүлнар әпкенің кең құшағы Алматы болып қарсы алды. Жалғыз Құтаяқ қана қарашаңырақты күзетіп қалып қойды. "Итті иесімен қинасын" деуші еді. Обал болды ғой! Неге алып кетпеді екен?" деген сұрақ көшелердің бәрін мазалады. Мүмкін иелері “Ағайын-туыстың бірінің үйіне сіңіп кетер” деп ойлаған болар. Бірақ өз босағасына құт болып біткен ит оны істей қоймады. 

Ол тұрмақ азуы түсіп қартайған Құтаяқтың сүмелеңдеп барып ас ішуге арланған тектілігіне қайран қалдық. Күндіз-түні кіреберіске кіріп алып қобыздай күңіреніп ұлуды бастады. Аштықтан болар деп көршінің көзі болған көк итке кезек-кезек жуынды тасыдық. Осы үйге туысқан Әбдіқадыр ата да анда-санда тамақ әкеліп, “Еее, жарықтық-ай” деп ұзақ ойға шомып, иесіз мекенге қайта-қайта бұрылып қарап, ағасының үйінде өткен ескі күннің ескірмес естеліктерін есіне алып, көзін сүртіп қойып, қайтып бара жататын. Сонда менің ойыма Мұқағалидың “Қайтқан құстың қария қанатына Қарайды көзін сүртіп жеңіменен” деген өлең жолы орала беретін. Кей күндері иесіз итті біздің үйдің төбеттері желкеден алып жерге соғып, жанын көзіне көрсете керіп жатқан жерінен ажыратып алатынбыз. “Бөрінің тәңірі бар, иттің иесі бар” деуші еді. Ол сорлы не бөрі емес, не ит емес. Ит те иесі барда сол отбасының бір мүшесі секілді екен ғой. Ал бұның көргені нағыз "ит өмір" болды. Тағдырына налып ұлығанда жан-жүйеңді қозғап, сай-сүйегіңді сырқырататын. Кейде баладай жыласа, кейде қариядай күңіренетін. Кімге барып мұңын шағарын білмей жүрген диуана екі-үш айда-ақ аяғынан күш кетіп, алжып қалды. Көшеге тәлтіреңдеп шығып, басы ауған жаққа жүреді. Әлден уақытта тұмсығын діңгекке ұрғанда немесе азуын айға білеген төбеттер бас салғанда барып аз-маз есін жиғандай болады да, қайта қалпына келеді. Қарасаң, жүрегің қарс айырылады… …Қазақ босағасына құт болып біткен итті “жақсы ит” дейді. Сосын “Жақсы ит өлігін көрсетпейді” дейтіні тағы бар. Иә, қазақ айтса, қалт айтпайды. Біз содан кейін көршінің үйіне құт болып біткен Құтаяқтың өзі түгіл, өлігін де көрмедік. Кішкентай қарындасым “Құтаяқ аспанға ұшып кетіпті” деп жүрді. Солай да солай... Дәу тәтемнің "ең құтты" базарлығы көзден ғайып болды. …Бір күні уатсабыма Гүлнар әпкемнен хабарлама түсті: “Ернұр, көп рақмет! Еріксіз көзіме жас алып, тоқтаусыз жыладым. Менің де, Құтаяқтың да тағдыры осылай болғаны қатты өкінішті…”

Бөлісу:

Көп оқылғандар