Хорхе Луис Борхес. Тәңірдің сыйы

Бөлісу:

29.10.2023 1193

Хорхе Луис Борхес (1899-1986) 1955 жылы Аргентина Ұлттық Кітапханасының директоры болып тағайындалған екен. Алайда, дәл сол жылдан бастап тұқымында көз ауруы бар Борхес соқыр болып қалады. Оның кейінгі әйгілі әңгімелері мен сұхбаттары анасы және тілектес достарының көмегімен хатқа түсіпті. 

 

Тәңірдің сыйы 

Мария Эстер Васкеске

 

Егілмеймін, зәредей кінә артпаймын, 

әйгіледі Тәңірі ғажабын шын: 

Кітаптармен бір сыйлап сынаққа алды 

мәңгіліктің түнегін – мазақ үшін!..

 

Мынау зағип жанардың еншісіне 

берді бөліп кенішін кітаптардың. 

Енді оларды парақтап мен түсімде, 

қиялымның көгінде құшақтармын.

 

Нұрға оранған осынау кітаптар мың 

жұмбақ күйі қалады (жазған Алла-ай!)

Александрияны құлатқан күн

күлге айналып желге ұшқан жазбалардай.

 

Бауда отырып бұлағы бұрқыраған

шөлдеп өлген патша – бір, мен де – бірмін*. 

Құр сүлдерім төзімін құртып алған 

сөрелерден сөреге сенделулі.

 

Батыс, шығыс, ғасырлар, ұлыстар мен 

энциклопедия, атластар,

классика, космос, космология 

сықиып тұр тәкаппар сұрық, сәнмен, 

енді маған керектей!..

Ақымақтар!

 

Мәнін мынау түбі жоқ шыңыраудың 

таяғымның тұмсығы ұғар деймін. 

Бар болса егер құдайдың Ұжымағы, 

кітапхана секілді шығар деймін.

 

Үнсіз, тілсіз жылжыған бұл жалғанды 

баққан БІРЕУ бар, сірә, 

көз көрместе, 

өзгеге де Ол жанардан нұрды алған күн 

кітап пенен түнекті берген текке.

 

Ілбіп жүрген қағаздар кенішінде, 

мен – сол жанмын, сол әлгі өлген аға. 

Екі бейбақ, бір қарғыс бөлісінде, - 

мен жазам ба, білмеймін, ол жаза ма.

 

Грусак па, Борхес пе, түсінбеймін, 

мынау жарық жалғанға телмірген кім? 

Жарығы оның барады кішірейіп 

көрген түстің табындай көңлімдегі…

* Борхес мұнда грек аңызындағы бұлақ басында отырып шөл азабын кешкен патша туралы айтып отыр.

Аударған: Тізімбек Анашұлы

Бөлісу:

Көп оқылғандар