Алыс та жақын Ақан Нұрманов
Бөлісу:
Өткен жұмада (5 қарашада) ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында жазушы, қысқа ғұмырында «Құланның ажалы» романын, «Солай болған екен», «Ор», «Аққу шоғыры» повестерін, «Күн ертеңге ауып барады», «Ымырт» әңгімелерін жазып кеткен Ақан Нұрмановтың туғанына 90 жылдығына арналған «Алыс та жақын Ақан Нұрманов» атты ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияға ҚР Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Төлен Әбдік, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Әбдірахманов, сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік, филология ғылымдарының докторы профессор Рахымжан Тұрысбек, филология ғылымдарының докторы, жазушысы, драматург Роза Мұқанова, Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Ақан Нұрманов атындағы мектеп директоры Қуандық Шоңғалов және басқа да зиялы қауым өкілдері, ЖОО оқытушылары мен ғалымдар, жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері мен докторанттар, магистранттар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Астана қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кәпұлы өз сөзінде: «Ұлттық кітапхананың басшысы Ғазиза Құдайбергенқызына рахмет, осы жиынды бірігіп ұымдастырайық деп ұсыныс тастаған еді. Осында Жомарт Нұрманов деген бауырымыз бар, Ақан Нұрмановтың інісі, осы жиынды өткізейік, тоқсан жылдығы атаусыз кетпесін дегесін осы кітапхана мен Жазушылар Одағы бірлесіп, үлкен дәрежеде болмаса да осындай жиындар атқаруды қолға алып жатырмыз. Жазушының қызығы, жасамаған жасы енді шығармашылығымен жалғасады деп ойлаймыз. Өмірден өткен қаламгерлердің көзін көрген адамдардың естеліктерін айтқызып қалуға мүмкіндік тудыру ойымызда бар», - дей келіп, жиынды бастады.
Конференция басында көрсетілген арнайы видеороликте жазушы Ақан Нұрмановтың өмірі мен шығармашылылы жайында баяндалды.
Төлен Әбдік, Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
- Әдетте оқырман жазушыны шығармасы арқылы таниды. Адамның жеке басының өзі де бір шығарма, адам - Құдайдың шығармасы ғой. Адамның жеке мінез-құлқы, өмірдегі жүріс-тұрысы, қоғамдағы орны жайында бәрін көзкөргендер айтады. Біздің енді Ақан Нұрмановтармен заманымыз қатарлас болды, менен сегіз жас үлкен.
Біз университетке бітіріп, әдеби қауыммен араласа бастаған кезімізде Ақан Нұрманов жас жігіт, өзі екі кітап шығарып қойған, өзі тұйық кісі болатын, көп сөйлемейтін, төңірегінде Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов жүретін. Содан кейін бір жинағы шықты, ол повесте әлеуметтік мәселелер баса айтылып, адамның жан-дүниесі ашылмай қалған секілді көрінді де, содан да менің Ақанға деген бәлендей үлкен ықыласым болған емес, сөздің шыны керек. 1968 жылы Ақан қайтыс болды, 35-тегі жас жігіт еді. Үйіне бардық, жазушылар болды, сонда есімде, Мұқағали сөйледі, сонда оның да булығып жүрген кезі болса керек, «Ақан өмірде түк көрген жоқ, не жақсы лебіз естіген жоқ» деген сыңайда біраз нәрсе айтты. Кейін «Құланның ажалы» шыққан кезде Ақанды қайта танығандай болдық. Ой өрісі әбден орныққан, биігіне жеткен үлкен жазушылардай алғашқы беттен бастап алып кетеді. Сюжет қандай шынайы! Әр сөйлемінен қарапайымдылық, шынайылық, адамдардың жан-сезімі, бәрі көрініп тұр. Характерлерді қалай керемет жасайды! Мүлдем басқа Ақанды көрдік. Сөйтіп Ақанның екінші өмірі басталды. Бір нәрсені ашып айтуымыз керек, тәуелсіздіктен кейін бәріміз батыр болдық, Кейкі батыр туралы жазып та, айтып та жатыр, бірақ осы Ақанның атын айтқан бір адамды естігенім де жоқ. Кейкіні тірілткен Ақан болатын. 1968 жыл деген білесіздер, советтік идеологияның күйіп тұрған кез еді, Кейкінің атын айтуға болмайтын, айта алмайтынбыз, сол кезде осындай ғажап шығарманы жазу деген үлкен ерлік. Ол болса үндемей жүріп жазды. Шығарманың соңғы екі-үш тарауы ма екен, орысша жазылған, оның аяғын Қалихан аяқтады. Достары ғой. Бітпей қалса да осы шығарманың қазақ әдебиетіндегі орны өте үлкен. Ол кезде мұндай көркемдік деңгейдегі шығарма өте сирек болатын. Ақанның өмірден ештеңе көрмей кеткені өкініш дейміз, бірақ, Ақанның қандай жазушы екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ, әлі де осы кісіге деген құрмет жетіңкіремей жатқан секілді көрінеді. Тоқсан жылдығы келіп жатыр екен, Ақанды кеңінен дәріптеу, қазақ әдебиетіндегі орнын анықтау - әлде де болашақтың ісі. Осы шығарманың өзін басқаша шығару керек. Мысалы, «Қаһар» романы қандай керемет жазылды, бірақ, Есенберлин бүгінгі көзқараспен келе алмады. Кенесарының халықтың ең соңғы ханы, ел үшін күрескен қаһарман батыр адам екенін көрсету әлі де қажет. Осындай тарихи тұлғаны жап-жас жігіттің анадай керемет тұлға ретінде шығаруы, саналы түрде образ жасағаны таңғалдырады. Біз сол кейіпкердің еліненбіз, ол туралы естіген аңыз, әңгіме көп болатын. Ерлігі, батырлығы, мәрттігі жайында көп естідік, Кейкінің өмірі шын мәнінде үлкен тарих, ол - ерліктің символы. Біздің ұлттық санамызға ерлік деген ұғым толық орнықпай, біз ұлттық санаға орныға алмаймыз.
Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы өз естелігінде Ақан Нұрмановтың үйінде тұрғаны жайында айта келіп: «Мұқағали жақсы көретін оны, Жетісудың қызы болғандықтан, Ақанның әйелі Жібекті қарындасым деп есептеді, Ақанға «сенің светіңе, радиоңа, бәріне арнап өлең шығарып берем» дейтін, Ақан соған мәз болатын. Ақанның шаңырағы өте қонақжай еді, талай жазушылар соның үйінен шықпайтын. Рамазан Тоқтаров, Сайын Мұратбековтер, кілең ығай-сығай жазушылар бас қосатын. Ақан үндемей, көп сыр шашпай кеткен адам. «Сен осы романды қазақша да, орысша да жазып жатсың, ал енді қалай аяқтайсың?» десе де үндемейтін» деп, көзбен көрген жайларды әңгімелеп берді.
Мемлекет және қоғам қайраткері, Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Сауытбек Әбдірахманов:
- Ақан Нұрмановтың 70 не 80 жылдығына арналған жиын есімде жоқ. Жаңағы бейнероликте «Есенберлиннің ерлігін қайталаған» деген жолдар болды. «Қаһар» 1969 жылы шықса, «Құланның ажалы» 1968 жылы шықса, ол қалай Есенберлиннің ерлігін қайталайды? Керісінше Есенберлин Кейкіні жазған Ақанның ерлігін қайталаған. 1968 жылы әлі «Қан мен тердің» 1-кітабы шыққан жыл. Ақан Нұрманов мынадай роман жазған ол кез қазақ әдебиетіндегі проза үшін ерекше резонанс болды. Өз кезеңі үшін батылдығы, стильдік ерекшілігі бөлекше шығарма. Толстой Лермонтов туралы: «егер ол тірі қалғанда менің де, Достоевскийдің де керегіміз болмай қалатын еді» дегені бар, егер Ақан тірі болып 60-қа жетіп, «Құланның ажалы» сияқты үш роман бергенде әдебиетке ғажайып олжа келер еді, оның кез-келген дүниесін кез-келген өлшеммен қарағанда әлемдік прозаның белгілерін көреміз.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы, драматург Роза Мұқанова:
- Ақан Нұрманов туралы Сайын ағаның, Әкім ағаның әңгімелерін тыңдап отырған кезде екі адамды - Тельман Жанұзақов туралы және Ақан Нұрманов туралы айтатын. Әкім ағаларыңыздың «Күнделігінде» мынадай жолдар бар: «Бір кезде, Ақан қайтыс болғанда, біз достан айырылдық деп күйіндік, енді қарасам, ол тек дос қана емес, бүкіл қазақ үлкен талантынан айырылған екен, үлкен бір үмітінен айырылған екен. Орны толмас опық қой бұл! Оның шығармаларында қандай қоңыр мұң жатыр, сол мұңмен қалай өмір сүрді екен? Ақан қоспасыз талант. Ақан мен Ананта Муртидің («Самскара») ұқсастығы бар. Нендей ұқсастық? «Аққу шоғыры» - ғажап дүние. Бүгінгі негізгі ой: Жамандық - жақсылықтың анасы» дейді» деген жолдар бар, кеше оны әлеуметтік желіге салдым. Меніңше, ол кісі тірі болса үлкен буынның ішінде қазыналы классик болар еді деп ойлаймын.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Рахымжан Тұрысбек Ақан Нұрмановтың қазақ әдебиеті тарихындағы орны жайында айтып, жазушының стильдік ерекшелігіне байыппен тоқталды.
Сыншы, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілік Ақан Нұрмановтың бір шығармасымен-ақ әдебиеттегі орнын белгілеп кеткенін айта келіп, батыс жазушыларын мысалға келтірді:
- Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалынан» басқа екі шығармасы да сол қоғам үшін жаңалық болған шығармалар. «Құланның ажалы» үшін Ақан Нұрмановты классиктер қатарына жатқызуға болады. Социалистік реализм бағытында жазылған қаншама шығарма болды, ал бірақ бір шығармасымен әдебиеттегі орнын белгілеп алған шетелдік жазушылар сияқты Нұрманов та әдебиеттің жаңаша жазу жолын салып берді. Поэтика бар. Бір артық сөзі жоқ. Романның мәтіні, жазу формасы, баяндауы да өз заманындағы жазушыларға ұқсамайды. Әлем әдебиетін, батыс әдебиетінің жаңалықтарын жан-жақты зерттеп барып жазғаны көрінеді. Бірінші орысша жазған, сосын қазақша жазған, артық-сөзсіз болатыны содан. Тек соңғы үш бетте Ақанның стилін ұстай алмағаны байқалады Роман бірден кульминациясынан басталып, бірден оқиғаға енгізіп жібереді, одан кейін барып өткен шаққа оралады. Кульминациясынан басталатын шығарманы әуелі Жүсіпбек Аймауытов бастаған. Кейде жазушылар өздері туралы аңыз қалыптастырады ғой, бірде маған бір адам «бастауышсыз сөйлемді мен бастағам» деп мақтанған еді, кейін қарасам, әдебиетке бастауышсыз сөйлем әкелген Ақан Нұрманов екен. Ол өзі Торғайда туғаннан кейін Кейкіні жақсы білген, дегенмен Нұрманов тірі болғанда «Құланның ажалының» басқа нұсқасын оқып отырар ма едік деп ойлаймын. Өйткені онда әлі ашылмаған, жазушы айтқысы келген көптеген тұспалдар бар. Бірақ, бұл тарихи шығарма емес, ол көркем шындық арқылы үлкен қоғамдық мәселені көтереді. Көркем шындық пен тарихи шындық екеуі екі бөлек. Автор жеткізген шындық социалистік шындықпен сегіз қайнаса да сорпасы қосылмайды. Өмірдегі Кейкі де, кітаптағы Құлан да батыр, бірақ батырдың бәрі аңыз тұлға емес, екеуі де адам, қайшылығы көп тұлға. Неге роман әлі күнге дейін керемет оқылады? Өйткені одан адамды көресің, оның жан дүниесінде қайшылық туғанын көресің. Жалпы роман туралы әңгіме көп болғанмен, әдеби талқы аз болды. Өйткені сол кезеңде ағаларымыз көп шындықты білгенімен үндемеді, себебі уақыт басқа, авторға зияны тиіп кетуі мүмкін еді. «Құланның ажалы» туралы диссертация жазылуы керек, докторлық диссертация жазуға лайық тұлға деп ойлаймын.
Сондай ақ, конференция барысында Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Ақан Нұрманов атындағы мектептің директоры Қуандық Шоңғалов «Ақан Нұрманов шығармаларының оқушыларға беретін тәрбиелік маңызы» атты баяндама жасады.
Бөлісу: