Ұлытаудан ұшқан ұлар жыр
Бөлісу:
Ұлытау – ұлттың ұясы дейміз. Олай болса ұлтқа ұя, елдікке ұйтқы болған өлке – әдебиет пен мәдениеттің, өнер мен өркениеттің бесігі болары сөзсіз. Иісі өнер атаулы топырағына тартып туары анық. Ендеше, Ұытаудан ұшқан ұлар жырдың екпіні бәсең болуы мүмкін емес. Астана мен Алматыдан алыста жатқанына қарамастан, бұл күнде Ұлытау, Жезқазған өңірінен жарқырап жас әдебиетшілер мен ақындар қаулап өсіп келеді. Жақында редакциямызға осы өңірден бір топ жас ақынның өлеңдері келіп түскен еді. Сол ақындардың өлеңінің көркемдік өресін «Әдебиет порталы» оқырмандарының талқысына сала отырып, өздеріңізге арнайы ұсынып отырмыз.
“Әдебиет порталы”
Абай Ораз. Құдаша
Мамыр ма, маусым ба еді,
Көңілді көркем еткен.
Нәзіктік – даусыңда еді,
Елітіп, еркелеткен.
Жадырап, құшып сағым,
Жанымды жібіттің кеп.
Көңілді қытықтадың,
Кеудемде үміт бүрлеп.
Толқыны жартас соққан,
Тұтасқан төңірегі.
Біз жаққа Балқаш жақтан
Құдаша келіп еді.
Өмір тұр – жанарында,
Өлең тұр – қылығында.
Қылығы – қаламымда,
Құдаша – құрығымда.
Бидай өң, балғын реңің
Алысқа алып қашып...
Білегі қалды керім,
Биледік қол ұстасып.
Өмірді ұршықша естім
Сәт келмес тағы мұндай.
Құдаша, ыршып кеттің
Балқаштың балығындай.
Жұтқандай қыздың демін
Балбырап балқып әр күн.
Ұйқымды бұздың менің –
Ұйықтай тартып алдың!
Ботагөз Мұхиден
Өртененеді нәзік кеудем, жанып іш,
Өмір деген жаңылыс пен жарылыс.
Сол өмірде әр демімді сездіріп,
Жүрегімде өмір сүрер сағыныш.
Қайтарылмас қол бұлғайды бақыттар,
Қайта оралмас өтіп кеткен уақыттар.
Құралмайды көңіліңнің сынығы,
Жинай алмас жанарымда жақұт бар.
Өз-өзіме жасап жүрген қастығым,
Бір арнаға сыймас тулап тасқыным.
Жүректегі махаббатын күзеткен,
Сағынышқа толы қайран жастығым.
Үзілмейтін дем біткенше ой легі,
Ішімде бір ақын болып сөйледі.
Тозып қалған он сегіздің көйлегі,
Естелікке толы көңіл әйнегі.
Төрт мезгілі қатар жүрер атырап,
Өміріңді тұрар сенің бақылап.
Күз келгенде сағынышы тамшылап,
Қалтырайды мендік жүрек-жапырақ.
Естелікке айналады бұл күн де,
Әрбір сәтің, шаттығың да, күлкің де.
Әр жүректе өмір сүрер сағыныш ,
Ол болмаса өмір сүру мүмкін бе?!
Махаббаттан алар, сірә, ғалам нәр.
Сол арқылы жылы шуақ таралған.
Ғұмырыңның әр мезгілін қош көріп,
Бір-біріңді сағыныңдар, адамдар!
Сәттібай Жүніс. Жаңаарқаның қымызы
(Анам Алма Сұлтанқызына арнадым)
Жаңаарқа туған өлкем – аңыз-ғажап!
Халқының пейілі кең, жаны – ізгі, азат.
Сімірші Жаңаарқаның қымызынан,
Бауырым, болғың келсе нағыз қазақ!
Сақтаған Сақтан бергі салтыңды аман,
Қыдырдың бұлағына сарқылмаған,
Алыстан аңқаң кеуіп жеткеніңде
Ағайын қарсы алады аңқылдаған.
Бал қымыз сапырылып ақ ордамда,
Жұпары кеңістікке таралғанда,
Өң мен түс ортасында отырасың,
Түскендей сонау бағзы замандарға.
Жүректің үні естіліп дүрсілдеген,
Тамсанып, табысасың тылсымменен.
Ұлтыңның барлық игі қасиеті
Бойыңа сіңеді осы сусынменен.
Алдыңа ырыс толы тостаған кеп,
Бір көрген кісілерің дос-жаран боп,
Дәм татсаң Жаңаарқаның қымызынан
Шығасың бір-ақ сәтте басқа адам боп.
Үрпінен құт саулаған мама бие,
Тәңірдің рахман нұры. Дара жүйе.
Күбінің іші ғарыш әлеміндей,
Қымызды әлпештеген Ана - Кие.
Қалдырмай жауда ұлтымның мәрт өренін,
Алдына тосып елдің бар керегін,
Бізді бұл дәуірге де жеткіздің-ау,
Жарықтық, жылқы деген мәртебелім!
Бүгінде ел дәстүрден қонса жырақ,
Қаласың әрнені ойлап, томсарып-ақ...
Бас ием сондықтан да баршаңызға,
Жылқы ұстап, бие сауған әр шаңырақ!
Әсет Аманжол. Өмір
Біреуге қолымды бердім,
Ұттым деп ойлады...
Біреуге жолымды бердім,
Жұттым деп ойлады...
Біреуге ақылды бердім,
Айла деп ойлады....
Біреге ақымды бердім,
Пайда деп ойлады...
Біреуге сырымды бердім,
Сынды деп ойлады...
Біреуге жырымды бердім,
Жынды деп ойлады...
Біреуге мейірді бердім,
Жұмсақ деп ойлады...
Біреуге пейілді бердім,
Ынсап деп ойлады...
Біреуге жанымды бердім,
Жансыз деп ойлады...
Біреуге барымды бердім,
Мәнсіз деп ойлады...
Біреуге көңілді бердім,
Ойнадың деді...
Мен сондай өмірді көрдім,
Ойладым нені?!..
Мұқағали Сейтқазы. Маған сені жақсы көрген ұнайды
Жырмен ғана жеткіземін лебізді,
Өмір мені әлі талай сынайды.
Өлеңіме арқау қылып негізгі,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Қараша кеп, қаңырады солғын бақ,
Қайыңдар да — адамдарша жылайды.
Армандардың арасынан қол бұлғап,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Кім түсінер күзге айналған күйімді,
Бір ой келіп қозғайды ғой мың ойды.
Тағдырымнан тартып алып сыйымды,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Махаббатты жүрмесем де ұран ғып,
Жүрек дәйім сені ғана сұрайды.
Соңғы үмітті тағып алып - тұмар ғып,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Жұлдыздар да жазғанымды жаттапты,
(Өздерінше олар да өлең құрайды.)
Қиялыма ерік беріп тәп-тәтті,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Күдігіңді жауған қарға жеңдіріп,
Көңілдегі сейілтіп көк тұманды.
Бір бақыттың күтеріне сендіріп,
Маған сені жақсы көрген ұнайды.
Ғашықтардың шырқалады әні бір,
Күтуменен өткізермін жыл-айды.
«Сүймеймін», - деп айтсаң-дағы бәрібір,
Маған сені жақсы көрген ұнайды!
Жанат Әбдіғожин. Қопа тоғай
Тітіркентер қасиетті білгенді,
Қопа тоғай, өрт орады іргеңді.
Қарап тұрдым қасіретке малынып,
Қасиеттім, мені қарғап жүрме енді.
Тағдырыңа енді қайтіп бал ашам,
Шаттығыңнан шерменің санасам.
Көкірегіме күйік қармай, қамықтым,
Болмаған соң зәредей де арашам.
Көрпе қылып жамылғанда күз дертін,
Күйігіңе енді шипа іздер кім?..
Менің де іргем талай отқа оранған,
Тағдырымыз ұқсас екен біздердің.
Айырма бар екеумізде бірақ бір,
Өмір дейтін ақ-қаралы тұрақ – бұл.
Сені жоқтап, қара жаулық жамылып,
Ақшоқы мен Айыршоқы жылап тұр.
Көз жүгіртіп қарар болсам өткенге,
Айтылатын сұмдық сырлар көп менде.
Сай-суйекті сырқыратар егіліп,
Құба Көктал көздің жасын төккенде.
Әділдік пе ақипатпен санаспау,
Күңіреніп,күрсінеді ағаш,тау.
Кемсең қағып, көңіл айтып тұр әне,
Мұндар басы мұңға оранған Ақ-Астау.
Зыңдандағы зар үніндей боп даусым,
Маған да енді қарап тұрып, тоқтау сын.
Менен гөрі сен бақытты екенсің,
Табылатын тап іргеңнен жоқтаушын.
Күйік көміп кездерімде сорлаған,
Сол бір шақта мені де өрт торлаған.
Бірақ сонда өксігімді жұбатып,
Басу айтар бірде-бір жан болмаған
Өзегімді өрттей шарпып, жалаңдар,
Қопа тоғай, менің де дерт, жарам бар.
Қолын сілтеп кеткен талай қайрылмай
Жүрегінде жаңбыры жоқ адамдар.
Тапқандайын жүрегімнен мекен мұң,
ітпей қойды-ау берекесіз секең күн.
Ақын болып жүргенімше баз кешіп,
Тоғай болып жаралмаған екенмін.
Медет Қарахмет. Күзгі күрсініс
Жарасып бір дем,
Санасып мүлдем жүрмейсің.
Күзге де арбалған,
Ызғарда қалған гүлдейсің.
Сұлу бір үміт,
Жылуды күтіп жүрмін мен
Суық тым дене,
Сүйіктім, неге білмейсің..?
Нендей шын хəлде,
Көрмейсің бе əлде күйімді.
Сен де мұңданып,
Бермедің анық сый-үнді.
Жүрсің күттіріп,
Құрсын күпті ғып қайтесің,
Жүрсем шыланып,
Берсеңші тағып түйінді.
От кеуде тірек,
Жоқ деуге жүрек бара алмай,
Жүрсің бе, қалқам,
Теңізде қалған аралдай,
Сенем күн-айсың,
Сезем қыймай шын жүрсің сен,
Қайту да қиын,
Айтуға түйін таба алмай.
Қалып па тегі,
Болып та кетті Күз де өгей,
Күрсінсем сұрап,
Жүрсің сен бірақ БІЗ демей.
Мұнартып бақшаң,
Кінə артып жатсаң кетейін
Көзіңнен жырақ,
Шөліңнен бұлақ іздемей.
Сезімге толқын,
Сөзіңе салқын,
Төзім ық.
Кел деп күндерде,
Сен деп түндерде көз іліп.
Ойлаумен сені,
Қайрап еңсені жүрмін мен,
Күйер қанша үміт,
Сүйем қаншалық, Өзің ұқ..!
Қанат Мусин. Туған жерім түсіме жиі еніп жүр
Хақтан бізге бұйырған сый еді бір,
Жүрегімде маздайды киелі жыр.
Келмедің деп шығар-ау кейігені,
туған жерім түсіме жиі еніп жүр...
Қым-қуыт тіршілік бар жатағанда,
Даңғазаның жоқ, білем, шатағы онда.
Жаратқанға сыйынып, жалбарынып,
Жолға қарап жүр екен ата-анам да.
Өзгермейтін көнетоз қалыбынан
жадау тірлік, үйренген бәрі бұған.
Балалықтың сәулесі менмұндалар,
Маздап жанған майшамның жарығынан.
Түн баласы болмашы жанып ішкі от,
Өң мен түстің арасы – сабылыс көп.
Ауық-ауық оянсам, дөмбекшиді,
Сары белдер санамда сағыныш боп.
Жайдақ ауыл – ырысын өрден емген,
Дүниедей мен үшін бір дөңгеленген.
Құлақ тігіп көк бесті оқыранды,
Абалайды кәрі төбет... көлденеңнен.
Түнгі самал әдет қып жарысуды,
Әрі тымық боз дала, әрі шулы...
Қуаныштан кеудемді жарып шыққан,
Тау қайталап тұр, әне, дауысымды.
Кез болып түрлі-түрлі тосын жайға,
Керемет күй жайылар сосын бойға.
Туған жерім түсіме жиі еніп жүр,
Ұйықтай бергім келеді осындайда...
Жоламан Мағзұм. Алғашқы махаббатқа
Құламай бірден құзға,
Көп секем алмайыншы.
Екі жыл жүрген қызға,
Бір өлең арнайыншы.
Махаббат, сый боп тіріл,
Жүр едім арай алмай.
Бетіңнен сүймек түгіл,
Бетіңе қарай алмай.
Серт беріп қыстық қолды,
Айтпаймыз ақталып ән.
Сезімдер ыстық болды,
Шілденің аптабынан.
Біз жүрдік далада мың,
Қызғандым ұққандығым.
Ешкімнің қаламадым,
Көшеге шықандығын.
Көп еді жігіттер де,
Ауылым толы қызға.
От лаулап үміттерде,
Гитара қолымызда.
Солай таң атырамыз,
Аламыз сыйлығын қай?
Екеуміз отырамыз,
Махаббат символындай.
Біз солай көп жүргенбіз,
Өзіңе жақын ұста.
Мен сендік деп жүргенбіз,
Көз тиді қапылыста.
Айтайын жанды күз деп,
Сен сондай көрікті едің.
Біз мәңгі біргеміз деп,
Шатастың, көріпкелім.
Сен неге елемедің,
Жанмын ба бала санар?
Сертіңді неге бердің?
Қайтарып ала салар.
Жалғамай бірді-бірге,
Атады жебе-тағдыр.
Ғашықты бір-біріне,
Қоспайды неге тағдыр?
Қымбатын нұрлы күннің,
Қоспайды-ау ұғу үшін.
Шын ғашық бір-бірінің,
Қадірін білу үшін!
Мақпал Сабыр. Арғымақ
Желдей есіп барасың ба,
Құсқа жете аласың ба?
Арғымағым, тұлпарым.
Қас пен көздің арасында,
Ұзап кетіп қаласың ба?
Заулап өтіп, сұңқарым.
От бар менің көкейімде,
Жалын шашып өтейін бе,
Жүре алмаймын шаң басып.
Тақымдап ап кетейін бе?
Туған жерге жетейін бе?
Жалыңа бір жармасып.
Құмарымды қандырамын,
Жалын-жырды жандырамын.
Асау ерттеп ақ таңда.
Арқырағын арғымағым,
Қандай жақсы қарғығаның.
Атой салып, шапқанда!
Аружан Оралбай. Қалаға келші!
Айна су құшқан ай тәнін,
Дария бойы бақ бар-ды,
Сұп-сұр боп кешіп қайтамын,
Сап-сары жапырақтарды.
Қалаға келші!
Үзіліп кетсем, разымын,
Үздігіп бәлкім жыр күттің.
Қарадай жүріп қажыдым,
Қамытын шешіп тірліктің,
Қалаға келші!
Тамшы боп біткен бәріне,
Таңғы шық - жасым тұп-тұнық.
Кеудемде мынау әлі де
Жүрегім барын ұқтырып,
Қалаға келші!
Сарғайтып күздің самайын,
Жапырақ құлар - бос үміт.
Өлеңімді алып қалайын,
Ойлы көзіңнен көшіріп,
Қалаға келші!
Білсең ғой, жаным - баладай,
баса алмай жатқан солығын.
Қалада аз күн қала ғой,
Өмірім менің, өмірім!
Абзал Мақаш
Қолында қалқа қыздың өткір қайшы,
Қалады сен дегенде дегбір қайсы.
Қайшыңның шағылысқан сәулесінен,
Көліне көңілімнің көк нұр жайшы.
Ілінген саусағыңа қайшы күміс,
Қолыңнан құт пен қалай тайсын ырыс.
Барқыттан емес бүгін, баяғыдай
Бақыттан тіксең көйлек, қайсы дұрыс?
Жаңғыртып жаратқанның ауаз, үнін,
Сыпырып алып таста нала жүгін.
Пердесі пенделіктің тұтылғанда,
Сөгіп бер жүрегімнің қара жібін.
Бас иіп мәрмарына мәртебеңнің,
Өртіңе пәруанадай өртенермін.
Сөгілген пенделіктің пердесінен,
Сәулесі сығаласын сәукелеңнің!
Мәди Олжабай. Түсімдегі қыз
Көріктім едің, келбеттім едің,
Соғатын әркез сен деп жүрегім.
Түсімдегі ару жас жүрегімді
Тербетті менің...
Көзіме тәтті көрінген отсың,
Түсімде барсың өңімде жоқсың.
Өзгеден қатты жақсы көретін,
Өзіңе деген сезім бөлек шын.
Бақытқа мені бөледің кенет,
Жақсы көремін дегенің бөлек.
Ұйқыға батқым келіп тұрады,
Түсімде сені көремін бе деп.
Күлкің де әсем келбетіңдегі,
Айналдың ғажап әнге түндегі.
Орныңды баса алмайды-ау сірә,
Бірде-бір ару жер бетіндегі.
Сен дедім күнім, сен дедім гүлім,
Жүректің әркез емдедің мұңын.
Сағынып сені отырмын, қалқам,
Түсіме неге енбедің бүгін.
Өзіңсіз, ботам, жаным да мұңды,
Білсең ғой қатты сағынғанымды.
Ұйықтап жатып, оқып берейін,
Саған арналып жазылған жырды.
Жанымның сенсің дәруі бөлек,
Қимаймын, қайтем, аруымды ерек.
Оянам, қош бол, келемін ертең,
Жұмысыма енді баруым керек.
Жеткізер ме екем, әнімді алысқа,
Бола аламын тек жаныңда қысқа.
Бүгінгі таңды бірге атырайық,
Қолымнан ұста...
Ақниет Тағыберген. Алаң
Жатқанымен бір күнді күн ысырып,
Келер күннің тым сұрлы түрі суық,
Көп армандап жүргенмен алдан бірақ,
Жылтыңдатар жанарын қуыс үміт.
Дегенмеген әрдайым сақтайды Егем,
Бір тыныштық әлемнен таппай келем.
Бүгін жылы болғанмен ауа райы,
Бүрсеңдейді неліктен жаппай денем.
Сүйдік, күйдік, куә жел оған ана,
Бізді күндер ел де көп сол арада.
Мен де, сен де, олар да болашақта
Төмпешік боп қалатын мола ғана.
Сел тасиды, көңілден жел еседі,
Бітпейді ғой сонда да ел өсегі.
Біздің бір жөн болар-ау, қандай екен,
Бізден қалған ұрпақтың келешегі?..
Бөлісу: