Асқардың асқақ асуы

Бөлісу:

05.12.2023 3053

Бүгінде көзі қарақты оқырманды әдебиетіміздің хал-ахуалы бей-жай қалдырмасы анық. Қазіргі қазақ әдебиеті қай деңгейде? Кім не жазып жүр? Бағыт-бағдары қандай? Қазіргі қазақ прозасының оқырмандары неге аз? деген сауалдар әрбір әдебиет сүйер қауымды толғандырып жүр.   

Жаңа қоғамның бағыт-бағдарына бет бұру қазіргі заман жағдайындағы адам мен қоғам мәселесіне, әсіресе біздің күрделі қоғамның қарқынды даму динамикасының ырғағында ерекше мәнге ие болатын «интерперсоналды» түсінуге талпынды. Бұл дәстүрлі әдебиетіміздің шекараларының бұзылуына әкелді. Жаһандық әдебиеттегі жаңа ізденістер кез келген елдің ұлттық әдебиетінде белгілі бір дейгейде әсер ететіні хақ. 

Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік ізденісімен, суреткерлік шеберлігімен, шығармаларының өзектілігімен, тілінің шұрайлылығымен, тосын шешімдермен әрі шапшаң динамикалы оқиғалармен оқырманды жалықтырмай, түрлі мотивтерді бір-бірімен астастыра отырып, ерекше кейіпкерлер әлемін шынайылық пен фантастиканы шебер қиюластыру арқылы қалың оқырманды өзіне баурап жүрген жазушыларымыздың бірі һәм бірегейі – кешегі Асқар Алпысбаев, бүгінгі – Асқар Алтай!

Асқар Алтайдың шығармашылығы әдебиетші ғалымдар мен сыншылардың, тіпті, оқырмандардың назарынан бір сәт тыс қалған жоқ. Өйткені ғылыми-сыни мақалалардан бөлек, талай-талай дипломдық, диссертациялық, монографиялық еңбектердегі қазіргі қазақ прозасы сөз болғанда Асқар Алтай қаламынан туған көркем шығармалардан айналып өтпейді.  Дулат Исабеков, С.Иманасов, Ж.Дәдебаев, Б.Майтанов, Н.Айтұлы, Б.Омарұлы, Ә.Меңдеке, С.Такиров, Г.А.Мұқашева, Н.Жұмадiлова, Д.Тұрантегi, А.Таңжарықова, Әбіл-Серік Әлiәкпар, Р.Муталиева, А.Тойшанұлы, Т.Әбдірайым, Н.Түсiпхан сынды т.б. ғалымдар мен жазушылар, сыншылар А.Алтай шығармашылығы туралы пікірлерін білдіріп, жан-жақты талдады.

Жазушының кейіпкерлер әлемі өзгеше. Бірде өр мінезді, айбарлы, жомарт жандар болып көрінсе, бірде басын тауға да тасқа соғып, мына жарық дүниеден баз кешіп, сансыраған, хаосқа көндіге алмаған, қоғамның әділетсіздігіне шыдамай ақиқатты тануда абсурдтыққа кез болған, қоғамды, өзін-өзі жатсынған кейіпкерді көресіз. Ал, бірде барлығына көндіккен, іштей адамгершілік қасиетін жоғалтпаған жанмен жолығасыз. 

Асқар Алтай шығармалары тілінің көркемдігімен ғана емес, қоғамдық-әлеуметтік проблемаларды дер кезінде көтере алуымен де құнды. Ол кейіпкерлер арқылы ұлттық болмысты, өмірдің мәні мен мағынасыздығы туралы философиялық ой қозғайды. 

Мәселен, жазушының «Казино» жинағындағы бірнеше әңгімелеріне назар аударалық. 

Казино. «Құдайсыз қоғамға, имансыз адамға бәрі рұқсат... деп басталған әңгімеден астаң-кестең әлемге енесіз. Байдың баласы – Жошы. Ол не киемін, не жеймін демейтін, жалғанды жалпағынан басатын кейіпкер. Тән рахаты мен жан рахаты – «Пирамида». Ондағы бар мақсаты, сылаңдаған сұлу Есілаймен кездесу, құмарын басу үшін. Бұл бір сәттік қана өзін-өзі алдандырып, жұбатуы. Әйтпесе, суық сезім бойлап алған жан дүниесі әлде бір сілкініс жасағысы келеді...

Жазушы кейіпкерлер есімінің өзін жайдан жай ала салмағаны бірден назар аудартады. Ұлы Қағанның ұлы, үлкен ұлыстың иесі Жошының ұрпағының бүгінгі күнгі сипаты – сенделген Жошы. Сылаңдаған сұлу Есілайдың есімінің өзі түпсананы ертедегі кезеңге тартады. Екеуі де құмарханадан жандарына байыз табады. Бірі құлқын үшін, бірі тән рахаты үшін. 

Тағдыр жолында айы оңынан, күні соңынан туа қоймаған кейіпкер Жошы, асылында, ақымақ, байлыққа мастанған ұл емес. Керісінше, «сайтан билік иектеген сайқал қоғамнан», билік басындағы әкесі сынды шенеуніктер мен парақорлықпен байыған байлардан, бір-біріне пышақ ала жүгіріскен әке-шешеден, «махаббат үшін жан пида» ете алмаған сүйген қызынан, түптеп келгенде ақиқаты жоқ жалған дүниеден жатсынған, бәрінен көңілі суып, өмірінің мәні қалмаған кейіпкер. Сондықтан ол шімірікпей Ажалмен, сескенбей Сапалақпен диалогқа түсе алады. Бұл кейіпкердің ішкі әлеміндегі арпалысы.  «Шаһид кетуге» бел буған Жошы казиноға келеді. «Алдында өлім есірігі билейді...». Жазушының оқырманға қалдырған шешімі де ойсыз емес. 

Түсік. Жазушының біраз шығармалары дәстүрлі әдебиеттегі реализм түрінде жазылған болса, «Түсік» әңгімесінде «фантастикалық реалды» әлеміне өтеміз. Мұнда шығарманың негізгі оқиғасын автор мәтін ішінде түсті беру арқылы іске асырады. 

«...Кейіпкердің түс көруі семиотикалық тұрғыдан интертекст деп есептеледі» дейді ф.ғ.д., профессор А.С.Адилова. Шығармадағы кейіпкердің түс көруін мағыналық жағынан интертекст деп атағанды жөн көрдік. Себебі, әңгімедегі түс кейіпкердің өмірінде болып жатқан оқиғалардың көрінісі.

«Түсік» әңгімесі шағын-шағын үш бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімі авторлық баяндаудан, яғни әңгімеге пролог іспетті. Пенде түсінде түсік көреді. Жатырдың ішінде түсікке айналған тамшы емес адамның хал-жайы, кейіпкердің өзі суреттеледі. Шығармадағы түстің символдық мәні де үлкен. Себебі, символды жан-жақты қазбалап көрсетудің қажеті шамалы. Ал, суреткердің әңгімесіндегі жатыр ішіндегі ұрық адамдарға белгілі жайт. Мәтіндік астармен негізгі ойға, көркем шығарманың тұтастығына септігін тигізіп тұрған да осы – түс. 

Автор кейіпкердің әйелі Санабикемен, ашынасы Балкенжемен болған диалогында олардың Биболға (әңгіменің қаһарманы) деген ойларын эксплицитті, ал өзінің кейіпкеріне деген ащы мысқылын (ирония) имплицитті түрде береді. Қаламгер кейіпкердің түсікке айналмай тұрғанындағы тіршілікте істеген істерімен оқырманды таныстырған соң, түлен түрткен пенденің түсікке айналғанына қайта оралады. 

Әңгімедегі бұл жағдай фантастика болғанымен, біз автордың қиялына сүйсінбеске шарамыз жоқ. Одан әрі, ес кірген түсік пенде жатырдан «арам без» деп сылып тастамауын сұрап Тәңіріге жалбарынады. Бірақ кімнің жатырына түскені, кімнің алдыртуға бел байлағаны белгісіз. Ол шығарманың соңында да беймәлім күйде қалады. 

Өткен мен бүгінгінің немесе ескі мен жаңаның ортасындағы, ұрпақтар арасындағы, әке мен баланың тартысы ХІХ ғасырдың әдебиетінен бастап қазіргі кезеңде де көрініс беруде. Мысалы, И.В.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романындағы, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы әке мен баланың тартыстарын алуымызға болады. Қаламгер Асқар Алтайдың осы аталмыш шығармасында ұрпақтар арасындағы тартыс жаңа қырынан көрінеді. Суреткердің шеберлігі сол, ол кеңістікті «жұмақ дүниені жұмбақ әлемге» (жатырға) әкеліп сығымдауы. Автордың ұрықты (түсікті) жатыр ішінде беруі авторлық ой кеңістігі, яғни онейрикалық виртуальный  кеңістік.

Автор ұрыққа (түсікке) айналған пенде арқылы көкейкесті проблемаларды қозғайды. Қоғамдағы тастанды бала мәселесінің өршіп тұрғандығын да тілге тиек етеді. Әке тәрбиесін көрмей өскен ұрпақ Оралханның «Қауіпті буданы» болса, ал тастанды ұрпақ одан өткен қауіпті болмақ. Бұл тек ұлт үшін ғана емес жалпы адамзат үшін қатерлі. 

Бұрын осы әңгімені талдауда «Түсік» әңгімесінің бір кемшілігі барлық жерде жатыр ішіндегі ұрықтың «түсік» деп айтылуында. Шындығына келгенде түсік дегеніміз «туу мезгілінен көп бұрын түскен бала немесе шарана», «туылар мерзіміне жетпей түскен өлі төл, жансыз нәресте».  Демек «түсік» жатыр ішіндегі емес, түсіп қалған ұрық» деген пікір білдіргеніміз бар еді. Қайыра зерделеп қарағанда бұл ойдан арылғанымызды айтқым келеді. Себебі, шығарманың тақырыбының өзі қай кейіпкердің (Санабике мен Балкенженің) болмасын бірі «түсік» жасағандығын айғақтап тұрған іспетті.

Асқар Алтайдың әр кейіпкері бір-біріне ұқсамайды. «Лайбаран» әңгімесіндегі Әкөннің де әлемі басқа. Екі əлемнің арасында дүбара күйде жүрген кейіпкер. Лайбаран – лающий баран. Бағзыдағы бөрі рухты халықтың бүгінгі ұрпағы ит етін жеп, ит тірлік кешіп жүргендігін астарлағандай. «БОМЖ»-дық əлемнен айығып, санасы серги бастаған Әкөн итті бауыздамай, «Құдайың менмін» деген Иван-кочегарды өткір балтамен қақ маңдайдан қапысыз шапты. Бұл іште сіре болып қатқан ашу, ыза, кек еді.  

«Альпинистегі» Тайшынның қалаға сыймай, қаумалаған адамдардың ішінде əрдайым жалғыз сезініп, аңсарының тауға ауып тұруы; «Көзімнің қарасындағы» Рамазанның өзге ұлт өкіліне күйеуге шықпақшы туған қызын дүйім жұрттың көзінше тапаншамен атып тастауы; «Киллер сауысқандағы» Қараш шалдың ылаңынан әулетінде ұрпағының соқыр болып дүниеге келуі; «Кентаврдағы» бала үшін бастарын бәйгеге тігіп, жапан түзге қашса да отбасының қоғамның аяусыз озбырлығынан қаша алмауы; «Бүкірдегі» бүкпесіз ой; «Салбурындағы» байшыкештер мен бөрінің қайсарлығы; «Сібір офицеріндегі» бұйрықтан бұлтара алмаған Бураханның намысы; «Вирус-Мутант», «Стресс», «Кремльдің көлеңкесі» іспетті т.б. туындыларының барлығында Асқар Алтай  қазақ қоғамында орын алған қоғамдық жағдайларды шынайы әрі ашық суреттеуімен, қалыптасқан дәстүрлі канондардағыдай емес тың соқпақтығымен ерекшеленеді. 

Жазушы шығармашылығында «кентавр» бір ғана әңгімеде емес бірнеше туындыларда кездесетінін байқаймыз. Мәселен, жоғарыдағы «Казино» әңгімесіндегі Жошы мен Есілайдың диалогында: 

«- Біз – пешкалармыз. Ал мыналар – піл, ферз дегендей... кентаврлар. Иә-ә, кентаврлар, бірақ қу құлқынның кентаврлары. 

...Қазір біз кентавр қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан бізге де нағыз кентавр – Кесек Кентавр керек. Кентаврға тән алапат күш керек. Кентавр сілкініс қана біздің сансыраған санамызды тоқымдай қағады» деген жолдардан-ақ кейіпкер сөзіндегі авторлық ойды аңғарамыз. Асқар Алтайдың әрбір шығармасынан біз қаламгердің суреткерлік шеберлігін ғана емес, оның болмысын, мінезін, үнін көреміз. 

«Сират» романы. Әлі де әдебиетші ғалымдардың назарына іліге қоймаған тарихи туынды. Шығыс Түркістан тақырыбында жазылған шығармалар баршылық. Бірақ бұл романның басқа шығармалардан өзгешелігі тарихи дәлдігі мен мейлінше нақтылығында және оқиғалардың нанымдылығы мен кеңістігінің кеңдігінде. «Сират» - қыл көпір. Қазақ халқы қанша зұлымдық көрсе де осы бір кезеңнен (1916-ХХ ғ. ортасы) тарихи тұлғаларымыздың арқасында қыл көпірден өте алды. Ал тарихи кейіпкерлеріміз ұлт үшін, соңындағы халқы үшін бастарын бәйгеге тікті. Жазушы Жүсіпбек Қорғасбек: «Бұл «Сират» романын мен түпнұсқаға оралу деп есептейтін едім. Егер ол үлкен сөз десеңіз, классикаға оралу деп те айтуға болады» дейді. Иә, түпнұсқаға оралу бар да, түпнұсқаның көшірмелері бар. Бұл – симулякр. Асқар Алтай шығармаларында өр рухты бағзыға оралу сарыны баршылық. Біз айна-қатесіз түпнұсқаға ешқашан орала алмаймыз. Ал оралу үшін ешқандай түпнұсқа болмауы керек. «Сират» интерпретациясы бүгінгі күні түрлі симулякрлер туындататыны сөзсіз.  

«Туажат». Тамұққа түскен сәуле. Автор бұл шығармаға роман-модерн деген атау берді. Көлемі шағын болғанымен романның жүгін көтеріп тұрған туынды. ХХ ғ. ІІ жартысында атап айтсақ, жастардың санасына сілкініс әкелген 1986 ж. желтоқсан қозғалысынан кейін тоталитарлық жүйе  көптеген қазақ жастарын басу үшін Ауған соғысына жібергені тарихи шындық. 

Осы шығарманың бас кейіпкері Байбураның Ауған соғысына қатысуы, тұтқынға түсуі, Кавказ соғысына қатысуы, кәсіпқой жалдамалы сарбаз болуы, өздерін текті санайтын Еуропаның ақсүйек ұлттарының қызымен махаббат қарым-қатынасы қазақ әдебиетінде бұрын соңды жиі кездеспеген образ. 

Кім туажат? Өз елінде өгей күн көріп, желтоқсан қозғалысында рухы жаншылған, қанды қырғын Ауғанда үстем елге деген кегінен өн бойын қатыгездік билеп алған, Туған елі, жақын досы, туған-туысы қабылдамаған Байбура – ТУАЖАТ. 

Швед қызы Мария Агатадан туған бала – ТУАЖАТ.

Өз баласынан өзі жерінген Алқабегім – ТУАЖАТ. 

Зорлықтың құрбаны болған анадан туған бала – ТУАЖАТ.

Туған елі мен жерінен, туған тілінен жатсынған бүгінгі көп жастарымыз – ТУАЖАТ. 

Бүгінгі қазақ рухының жалаңаш қалған кейпі, күйі – ТУАЖАТ. 

Романда мифологиялық мотивтер мен архетиптік образдар қамтылған. Бөрі кейпіндегі мәңгілік және өлмейтін бейсаналық күш – «Ұлы ана», жеке сананың оянуы – Сәби сынды архетиптерді жазушы ұтымды қолдана білген. 

Жалпы жазушы туындыларынан шығарма шешімінің жұмбақ күйде қалуы; қара юмор, аллюзияларды пайдалануы; шығармадағы кейіпкердің түсі бүкіл мәтіннің мағыналық құрылымын ұстап тұруы; аңыз, мифтік желілермен қатар әлемдік әдебиеттанудағы мотивтер мен архетиптерді бір шығарманың бойында қиюластыруы; мистиканы фантастикамен ұштастырып оқырман санасында реалды әлемді қалыптастыруды көздеуі; сюжеттің белгілі бір реттілікпен емес коллажбен берілуі сынды жаңашылдықтарды көптеп кездестіреміз. 

Асқар Алтай сюжеттік амал-тəсілдерді қолдануда өзіндік стилі қалыптасқан жазушы. Жазушының тағы бір ерекшелігінің бірі кейіпкерлердің ішкі әлеміндегі психологиялық иірімдер мен табиғатты параллелді суреттеу арқылы қоғам мен ұлттық характерді астарлауда көк бөрі, кентавр, аю, қара бура сынды т.б. тотемдік, демонологиялық, хтоникалық, трансформацияланған мифтік кейіпкерлерді жиі қолдануы.

Бүгінгі әдебиетті біржақты көзқарас тұрғысынан бағалау мүмкін емес. Жаңа дәуір көп деңгейлі, көп өлшемді, жаңаша ойлау формасын әкелді. Жаңа кеңістікті игеріп, сапалы дүние ұсынып жатқан прозашыларымыз өте аз. Солардың бірі – Асқар Алтай.

Бала кезінде геолог, әскери адам не заңгер боламын деген бала Асқардың арманы бәрібір орындалды. Өйткені, ол өз шығармаларындағы кейіпкерлер арқылы геолог та, әскери адам да, заңгер де бола білді. Асқар Алтай қандай кейіпкерді суреттемесін, сол кейіпкердің әлеміне еніп, тіл қатты. Образын жан-жақты сомдап, толық ашуға жанын салды. Бұл қаламгердің жазушылық шеберлігі ғана емес, «ар ісіне» деген адалдығы деп білеміз.

Құрметті, Асқар аға! Алтайдың құба жондарындағы биік асудан астыңыз. «Шың» әңгімеңіздегі бағзыдағы «Қызыл қасқыр» шыңы бертін келе «Қызыл сораң», кейіннен «Сәбит шыңы» аталып кетті. Ал Асқар Алтайға «шыңның» қажеті жоқ, оның шығармашылығының асқақ әлемі өзіндік ерекшелігімен әрқашан менмұндалап тұрады. 

Әрбір шығармасынан ұлттық МЕН, мінез, рух сезілетін қаламгерге зәу биікте, Алтайдың асқар-асқар шыңдарында қырандай мәңгілік қалықтаңыз дегіміз келеді. 

Жакулаев Әділ Мұратұлы

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды 

университетінің аға оқытушысы, PhD.

Бөлісу:

Көп оқылғандар